2.1 Жастардың демонстративті тұтынуын эмпирикалық зерттеу (Алматы қаласы жастарының арасында жүргізілген сауалнама негізінде)
Зерттеу жұмысының нысаны ретінде таңдалған Алматы қаласы жастарының демонстративті тұтыну әрекеті мен соған итермелеуші себептерін білу мақсатында қаладағы ірі сауда кешендерінде 500 респодентті қамтыған планшеттік сұрау жүргізілді. Әлеуметтік зерттеуге 14 пен 29 жас аралығындағы респонденттер мақсатты іріктелініп алынды. Зерттеу планшеттік сұрау әдісі арқылы жүргізілді. Сұрау тұтынушылық мотивті ескере отырып, Алматы қаласындағы ірі сауда және ойын-сауық орталығында өткізілді. Олар: «MEGA Alma-Ata» сауда және ойын-сауық орталығы, DOSTYK PLAZA сауда ойын-сауық орталығы, Aport Mall, Maxima сауда және ойын-сауық комплексі және «Мерей» сауды орталықтары таңдап алынды. Сұрау демалыс күндері, келушілер саны жоғарлаған уақыт кезінде алынды (Сурет 1).
Сурет 1 «MEGA Alma-Ata» сауда және ойын-сауық орталығының 2GIS бағдарламасы бойынша келушілер санының көрсеткіші
Әлеуметтанулық сұраудың көрсеткіштеріне жекелей тоқталсақ.
Сұрауға қатысқан респонденттердің жасы бойынша көрсеткіштер келесі суретте көрсетілген (Сурет 2). Жастардың демонстративті тұтынуының деңгейін анықтау мақсатында жүргізілген сұрауға қатысқан жастардың 13%-ы 14-17 жас аралығындағы мектеп оқушылары, 20,4%-ы 18 бен 21 жас аралығындағы студенттер, 31,6%-ы 22-26 жас аралығында жоғары оқу орнын бітіргендер, магистрлер және 35%-ы 26 мен 29 жас аралығындағы азаматтар болды.
Сурет 2 Респонденттердің жас бойынша көрсеткіштері
Респонденттердің жыныстық қатынасы іріктеуге сәйкес болды және олардың 53,8%-ы әйелдер, 46,2%-ы ер адамдар болды (Сурет 3).
Сурет 3 Респонденттердің жынысы бойынша көрсеткіш
Алматы қаласының аудандық ерекшеліктерін ескере отырып, іріктеудің репрезентативтілігін сақтай отыра сұрақ қаланың әр бөліктерінде орналасқан сауда орталықтарында жүргізілген болатын. Ойын-сауық орталықтарында тек орталық орналасқан аудан тұрғындары ғана емес басқа да аудандардан келгендердің болатынын ескере отырып келесідей нәтижелер алынды. Алматы қаласының 2017 жылғы статистикалық мәліметі бойынша іріктелген респонденттердің сәйкесінше көбі (23,4%) Бостандық ауданынан, 15,20%-ы Әуезов ауданынан, 14,6%-ы Алмалы ауданынан, 11,8% Алатау ауданынан, 11,20%-ы Медеу, 11%-ы Түрксіб, 7,6%-ы Жетісу және 5,2%-ы Наурызбай ауданынан (Сурет 4).
Сурет 4 Респонденттердің тұрғылықты аудандары бойынша көрсеткіш
Достарыңызбен бөлісу: |