Әдеби KZ
Осыдан кейін ол осы өлеңнің бойындағы өзінің кемшілік, мін деп табатын
жайларына тоқтады. Оның айтуынша ақын бұл өлеңінде тірі адамды, оның
жай-күйін бейнелеудің орнынасурет берген. Қасы қандай, шашы қандай, көзі
қандай, мұрны қандай деген сияқты анкеталық сұрақтарға жауап іздеп, тек
қана паспорттық сипаттау жасаған. Мұның себебі ақынның әйел жынысына
қазақы көзбен қарап, қыз көре келген жігіттің немесе келіп айттыра келген
құданың көзқарасынан аса алмауында, – деп тағы да пайымдау жасады.
Бұдан кейін профессор Абайдың «Аттың сыны» дейтін өлеңін еске алды.
Анықтап қараған кісіге «Қақталған ақ күмістеймен» осы өлеңнің арасынан
айқын композициялық ұқсастық танылатынын айтты. «Ат сынында» жүйрік
аттың сырт мүсіні мүше-мүшесімен реттеле баяндалады. Әрине, атты солай
суреттеу орынды. Ал адамзатты сипаттауда мұндай әдісті қолдану қонымды
емес деген қорытынды жасады профессор.
Абайдың еш өлеңінде ешқандай мін бар деп ойламаған біз оған арналған
мынадай сындарды естігенде екі көзіміз бақырайып, профессорға
сенерімізді де, сенбесімізді де білмегендей, тесірейіп отырып қалдық.
Әрине, сенбеске болмайды. Бар дәлелімен тайға таңба басқандай етіп
көрсетіп отырған бұл кемшіліктерді еріксіз мойындауға тура келеді.
Бұл аз дегендей профессор енді сол өлеңнің композициялық шалағайлығын
ашады.
Өлеңнің бас жағы бір тақырыппен басталып, аяқ жағы екінші тақырыпқа
ауысып кететінін, әуелде іс пен мінез жоқ, тек сырт болса, кейін сырт жоқ, тек
мінез ғана айтылатынын, сөйтіп алғашқыда мақтаған нәрсесіне ақын кейін
кейіп, ұрысқа жақын сөздер қолданатынын көрсетеді. Атап айтқанда ақын
алғашында қыздың күлкісі «бұлбұлдай», «іш қайнатады» деп мақтаса,
соңынан сол күлкіні «жартақтап», «тыртақтаған» деп жаратпай шыға келеді.
105
Достарыңызбен бөлісу: |