Мақұлбек рысдәулет көҢіл қҰсы ер көңілді, тау мінезді


ЖУАЛЫ-МЫҢБҰЛАҚ ТУРАЛЫ СЫР



бет2/2
Дата20.06.2018
өлшемі6,9 Mb.
#43858
1   2

ЖУАЛЫ-МЫҢБҰЛАҚ ТУРАЛЫ СЫР

(Оқырманға Ақ Сөз)
... Жуалыға келгенде жыл құстары алысқа сапар шегуге дайындалып, қанатын қомдағанымен өскен, өнген жерін қимай, төмендеп ұшып, аймалап, Шақпақ асуы арқылы қыстағы мекеніне жол тартады. Бұл көрініс Жер бетінде тіршілік пайда болған кезден бері жалғасып келеді. Сондықтан да жұлдызы да, жері де биік Жуалыны орнитологтар Құс жолы деп те атайды.

... Жуалыда сақиналы болған ақ тамақ қарлығаш көкке тіке көтерілді! Бостандық, өмір қандай ғажап! ...Әуелеген құсты өзіне табындырған, саясына аялдатқан, алыс сапар алдында қуат берген Жуалы жерінің тартылыс күші таңғажайып...

Тарихи деректер мен жер қыртысын білетін мамандардың айтуынша Жуалы жері табиғатына қарай екіге бөлінеді. Біріншісі—өңірді қақ жарып батыстан шығысқа қарай, яғни, жердің айналысына қарсы ағып жатқан Теріс өзенінің оңтүстігі Мыңбұлақ деп аталса, теріскейі таулы, адырлы, сай-салалы өңір Жуалы делінген. Тәңіртау-Алатаудың етегінде мың-мың бұлақ атқылап жатса, қарт Қаратаудың сілемдерінің баурайында қайнарлар аз. Есесіне мұнда жауын-шашын көп болғандықтан тау мен сай жуасы мол.

Күміс бастау, Тас бұлақ, Ақ бұлақ, Әулие бұлақ, Көл бастау, Көк бастау, Шилі бастау, Қоғалы бастау, Кен бұлақ, Жылы бұлақ, Ыстық бұлақ, Май бұлақ, Қос бастау, Шолақ бұлақ, Ұры бұлақ, Қайыңды бастау, Жалбызды бастау, Қара бастау, Жар бұлақ, Үш бұлақ, Ай бұлақ, Құрақ бұлақ, Ақ бастау... деп кісі, жер аттарымен аталатын бұлақтар мен бастауларды да жалғастыра беруге болады. Менің жерлестерім кейбір сәттерде: «Біз Мыңбұлақтанбыз!» дегенді ұнатады.

Мың бұлақтың бәрі Алатаудан төмен қарай қосарлана, жарыса, ақ көбіктене ағатын асау өзендер--Ақсай мен Көксайдан нәр алады. Тәңіртаудың ұшар басындағы қар көп болып, мұзарттар мызғымай жатса мың бұлақтың суы да, нәрі де асып-тасып жатады. Судың тұнықтығы, салқындығы Жуалы өңірінде өнетін барлық өнімнің сапасын еселеп көтеретіні анық. Сол Ақсай мен Көксайдан нәр алып, егін егіп, мал өсіріп жатқан өзендер арнасындағы және ақабасындағы ауыл тұрғындары көкмайсаға оранып, тоқшылықта өмір сүреді.

Қазақстанда елді мекені көп аудан—Жуалы. Оның да мәнісі бар. Сулы жер – нулы! Су бар жерде ел бар! Ертеде орта ғасырлық қалалар мен бекіністерді Жуалы-Мыңбұлақ жерінде көптеп салынуын да осылай түсіндіруге болады.

Жарты әлемді жаулаған, қазақ жерінің оңтүстігіндегі ортағасырлық қалаларды қиратып, көңілін демдеген Шыңғысхан жаз-жайлауда Істемі қағанның ізін басып, «мойнына қоңырау таққан бұғы, елікке» бауыр басып, осы өңірге ол да қосынын тігіпті.

Оңтүстік Қазақстан облысымен шектесер тұста, Қаратаудың бір сілемі Арқарлы тауының баурайында «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары сол тарихтың жәдігері іспеттес. Кезінде екінші Ордабасы аталған жер атауы бұл күнде «Ордаған» деп аталады. Жолбарысхан жайлау еткен Үшаша, Жолбарысқамал, Батырбек датқа қоныстанған Датқа сазы да осы маңда. Итаяқ батыр салдырған Шегірқамал да осында. Күйік пен Шақпақ асуларын айтпағанда Жуалының аса бір шұрайлы жері Күреңбел туралы шертер әңгіме бір бөлек. Осыдан-ақ Жуалы жерінде талай хандар мен батырлар туын тіккенін аңғаруға болады.

Жуалы – Мыңбұлақ аты орта ғасыр тарихында, саяхатшылар мен жиһангерлердің жазбаларында жиі айтылады. Ұлы Жібек жолының алтын арқауында жатқан Жуалы жері талай тарихшылар мен саяхатшыларды да қызықтырған. Мәселен 846-847 жылдары Жуалыда болған араб саяхатшысы Убейдаллаһ ибн Хордабек күнделігінде өңір туралы былай жазыпты: «Испиджабтан (Сайрам) Будухкетке келдік, одан Тамтаджға (Түлкібас), одан Абарджаджға (Мұнарлы төбе) 4 фарсах жол жүріп Жувикет арқылы Таразға жеттік» десе, 1246 жылы Шыңғысханның шапқыншылығынан кейін Ұлы Жібек жолының сүрлеуімен жүрген римдік Плано Карпини деген саяхатшы мынандай жазба қалдырған: «Бұл жерде біз қираған, талан-таражға түскен көп қақпалы сарайлары бар сансыз қалалар мен қаңыраған бос көптеген елді мекендерді таптық». Осы деректерден-ақ осы өңірдің мәдениеті мен экономикасының шамшырағы болған бекіністер мен қала-қорғандар көп орын тепкенін, халқын Шыңғысхан аяусыз қырғанын аңғаруға болады. Тек Жуалы жерінде Жуакент, Баркубас, Абарджадж, Ақсарай, Шақпақата, Бақаата, тағы басқа қамалдар мен бекіністер, қалалар мен қорғандар болған. Табиғаты ғажап өңірде қала салмау, хандар жаз жайлау етпеу мүмкін емес.

Алатау мен Қаратаудың Құлан, Боралдай, Бөкей, Ақшоқы, Арқарлы,Қошқарата, Ақсу-Жабағылы, Берікқара сілемдері қоршаған көк майсалы аңғар мен шалқып жатқан Билікөл кімнің болса да көзінің құртына айналған. Жуалы жері шапқыншылық кезінде жаудан қорғанар берік мекен болған. Жеріне қарай оны қорғайтын даңқты ұлдары да шашақты найзаны қолға алып, қорамсаққа қол салып, туған жерін, елін қорғаған. Осы өңірді Қойкелді, Ақша, Құлан, Рысбек, Тілеуке, Қожық, Онбай, Бердіқожа, Есіркеп, Тоғанас, Бармақ, Садыбай, Шоқан, тағы да басқа батырлар мен дуалы ауыз бабалар мекен еткен, табандары тиген.Күні кеше ғана Байзақ, Батырбек датқалар, олардың ұрпақтары – Ақмолда мен Мақұлбек қазақ халқының бірлігі үшін шайқасқан, күрескен. Қолбасшы Бауыржан Момышұлының інілері, генералдар – Тәттібай Дүйсебаев, Есен Демесінов, Тілепалды Ибыраев, Бақытжан Ертаев, Сейітжан Қойбақов, Диқанбек Сатылғанов, Владимир Тегубенко, Димитрий Кавешников, Александр Тромбачев сынды азаматтар Жуалыдан ұшқан сұңқарлар. Айта берсе тағлым болар тарих, үлгі болар ел азаматы көп. Бұл туралы жуалылық Толымбек Әлімбек ақын былай жырлайды:

Жуалыда бар осындай бай үлгі,

Бай үлгісі дәстүрі ғой байырғы.

Үш Даңқ орденін қатар таққан хас батыр

Абырой ғой мақтан тұту Тайырды!

Міне осындай тарту етті бақ құдай,

Суыт жүріп, отыратын атқа ұдай.

Генералдар-қолбасшылар өлкенің

Мақтанышы Бақытжан мен Тәттібай!
Жуалыдан неге көп деп батырың,

Жауап іздеп шарқ ұрады ақылым.

Сөйтсек Құлан бауырында ертеде

Шыңғысхан да тіккен екен шатырын!
Алатаудан нұрын төксе күн құлап,

Жуалының сұлулығы сұмдық-ақ!

Айналаны сиқыр күйге бөлейді

Сушырақтай бұлқып атқан Мыңбұлақ!
Тік мінезді мөлдір, таза, кіл тұма,

Табиғаттан айнымайды жұрты да,

Теріс ағып «Теріс» жатыр тепсініп,

Бағына алмай табиғаттың ырқына!

Ресейдің отаршылдық саясаты кезінде Жуалы халқы көп тепершік көргенін де айтпасқа болмайды.Бірақ іргесін бұзбай, келімсектердің қысымына төтеп беріп, туған жерді тастап, құмды далаға көшпей, бас сауғаламай осы өңірде орнығып қалды.

Бүгінгі күні батырлар ұрпағы – қазақтың төлқұжатына айналған аталары--Тұрар Рысқұловтың, Бауыржан Момышұлының, Шерхан Мұртазаның мәңгілік өсиеттерін ұран етіп,тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы биік желбіреуі үшін еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеуде. Күйік пен Шақпақ асуларының арасында, Теріс өзенінің Шақпақ, Ақсай, Көксай, Бақатый, Боралдай саласы мен батысқа қарай ағатын Қошқарата өзендерінің жағасында, таулардың баурайында егін салып, мал өсіруде. Өзін жуалылықпын деп есептейтін Шыңғыс Айтматов 1969 жылы «Правда» газетінде туған жері туралы былай толғады: « Аңызға айналған Ақ бидай өлкесі—Жуалы өңірі менің санамда мәңгілік қалып қойды. Өмірдің шартарпқа сүйреген жолы мені Жуалыдан бірте-бірте алыстата берді. Одан алыстаған сайын , Ақ бидай өлкесіне деген сағынышым күшейді. Орақ науқанын сағынған кезде есіме сол өлке түседі. Алыс жерлер мен теңіздерді басып өтіп, бөтен елдерге сапар шеккенде де бүкіл Орта Азияға әйгілі қазақ әні «Ақ бидай» әуені ерекше елітіп, қуантады. Сол ән осы Ақ бидай өлкесі – Жуалыда туған ғой деп ойлаймын...». Қалай айтсақ та, жазсақ та Жуалы ақ бидайымен де, батырларымен де, мың бұлағымен, сұлу табиғатымен де, тарихымен де қазақ еліне ертеден-ақ белгілі болған.

Құрметті оқырман, сіздерге ұсынып отырған кітабымда мен Жуалының сұлу табиғатын, батырлары мен ғажаптарын толық жаздым деп айта алмаймын.Ақын Базар Қилыбаев айтқандай:

Асқар кеудем білмейді шылығыңды,

Шылығыңды сықсыған былығыңды,

Тау бұлағы—жүрегім тасып аққан,

Жеткізсем деп далама тұнығымды,-деген мақсатпен тек өзім білетін, көрген, естіген әңгімелер мен оқиғалар, көріністер мен атамекеннің кейбір көркі туралы әдебиет пен журналистиканың жанрларын арқау ете отырып, туған жер және өзім туралы әр жылдары жазған көңіл құсым-үзік сырларымды ұсынып отырмын.


КҮЙІК
Қаратаудың биік асуларының бірі Күйікті әркім біледі. Бірақ оның неге «Күйік» деп аталғаны туралы дөп басып айта алмайды. Дегенмен де аңыздарды сөйлетсек Алпамыс батырдың заманында анасы осы өңірді жаулап алған жаудың күңіне айналған да зарынан қара тасқа дейін күйіп кетіпті,содан бұл асу «Күйік» деп аталыпты. Атақты Күйік ханның атымен де сабақтастыратындар бар.Тағы бір аңызда Жібек жолы сауданың қайнарына айналған тұста бұл өңірдегі ұры-қарылар саудагерлердің күйігіне айналыпты. Содан асу «Күйік» аталыпты дегенді де айтатындар бар. Ақыры Жібек жолындағы саудагерлерді ұры-қарыдан қорғауға және сол үшін алым-салық алатын қаңлылар Күйік асуының екі жағына орналасып, бопсалаушыларды жойып, сауданың еркін жүруіне жол ашқан. Осыдан кейін ғана бұл асу саудагерлердің негізгі жолына айналыпты деген де аңыз бар. Аңыздың түбі шындық екенін еске алсақ, біраз тарихқа қанық боламыз. Сол аты аңызға айналған Күйік асуынан алғаш асқанда болған көріністер мен оқиғалар соңғы жылдары жиі-жиі еске түсетін болды...

Бір күні кешке апам нағашыларымның ауылына баратынымызды айтты. «Мектепке барар алдында қыдырып келгенінің дұрыс болар» дегені есімде. Тау қоршаған өңірді мекен еткенімізбен мен Қаратаудың биігіне шыққан емеспін. Сондықтан да қуанышқа толы жүрек лүпілдеді. Ертеңгі күнді тез жақындату үшін әдеттегіден ерте жастыққа бас қойдым.

Ерте тұрып, екі қой мен үш ешкіні падаға қосқаннан кейін көк есекті апам ерттей бастады. Ағаларым Рахыманбек пен Болатбекке не істеу керек екенін тәптіштеп айтты. Көп кешеуілдемей жолға шықтық. Құттыаяқ біраз жерге дейін шығарып салды да, Терістің жағасына келгенде өзеннен өтпей бір – екі рет «әуп» етті де қара жолда шоқиып отырып қалды.

Бурно-Октябрь ауылын айналып өтіп, «Тәжірбие алаңы» атты қыстақтың ішімен Күйікке беттедік. Көк есек тымпыңдап алдымызда жүріп келеді. Үстіндегі қапшыққа салынған азын-аулақ жүк біресе оң, біресе сол сауырына ауып кете берген соң апам екеуміз оны байлап тастадық. Күн көтерілген сайын жүрісіміз өнбей қойды. Оның үстіне қара жолдың бұрқ-бұрқ еткен топырағынан шаңнан да мезі болдық. Жолдың шетімен жүрейін десем тікені көп. Сояудай-сояудай тікен менің жыртық аяқ киімімді тесіп өтіп, аяғыма кіретіні анық. Шаршадым. Апам да шаршаған сияқты. Сыр бермей келе жатқан тек көк есек қана.

--Алла көрсеткеніңе құдайға шүкір,-деген апамның даусы оқыс шығып кетті. Мен апамның жүзіне қарадым. Өзімен өзі күбірлесіп сөйлесіп келеді екен. Ой тұңғиығына берілген. Мен қазір ойлаймын: неге сол кезде апам «көрсеткеніңе шүкір» деп шүкіршілік жасады екен. Ойлап қарасам сол кезде оңып тұрған тұрмысымыз да жоқ. Тіпті қарнымыз тойып тамақ ішкен сәттеріміз де аз болатын. Оны қойшы, қорамызға өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін екі–үш қой-ешкіден артық мал біткен емес. Оныңыз бір жылға талғажау етуге де жетпей, апам құсханаға барып, ертеден қара кешке дейін сойылған малдың ішек-қарнын тазалап, бір-екі күндік талғажау ететін бірнәселер әкелетін. Киіміз де көк болғаны шамалы. Соған қарамастан «Құдайға шүкір» деген сөзді аузынан тастамайды. Барды қанағат тұтқан қайран біздің аналарымыз-ай. Ұрпақтарын да сол қасиетке тәрбиеледі ғой.

Терлеп-тепшіп, шаршап –шалдығып, жотаға көтерілдік.

-- Анау жатқан ауыл--Айшабибі. Көк көздер оны Галабөшек (Головачевка дегені) деп атайды. Сол ауылда сенің нағашыларың тұрады. Соған барамыз,-деген апам «ықы» деп көк есектің сауырын тағы да қолындағы шыбықпен сипап өтті. Айшабибіні жастайымнан жаттап өскен мен ерекше биік әрі көркем кесенені көретіндей апамның «ылди» деген жағына тесіле қарадым. Ә дегеннен менің көзіме ауыл да, оның әсем кесенесі де көрінбеді. Аппақ ақ теңізді көрдім. Апам күлді «Теңіз дегенің сағым ғой. Ылди бізге қарағанда ыстық болады.Сол ыстық сағымды шалқытады». Мен сол кезде апамның сөзінің мәніне жете түсінбедім. Сонда «сағым дегеніңіз суға ұқсас болғаны ғой» дедім де қойдым.

Көк есекке де, өзімізге де жүруімізге жеңіл болсын дегені ме апам сай-сайдың етегіне қарай қайта-қайта бұрыла берді.

-- Аталарымыз айтып отыратын бұл жерде талай қырғындар болған. Ашаршылық жылдары сіңлім Ұмсынайдың күйеуі Ақсақал екеуміз түн жамылып ылдида ашығып жатқан бауырларымызға бір делше жүгерінің ұнын апарып бермек болғанымызда осы өңірде аштықтан өліп, Қаратаудан аса алмай қиналып келе жатқандарды көргеніміз бар. Олар бізге бар күшімен ұмтылғанымен жете алмады. Байқұстар-ай, талайлары ит-құсқа жем болды ғой. Олардың обалы Гәләшөкинге. Қырды ғой, қырылдық ғой... Апам көзіне жас алды.

Күн тас төбеге көтерілді. Жаздың аптап ыстығы күйдіріп барады. Суға жақындаған сайын алдымыздан жорғалаған кекіліктер қайта-қайта шығады.Терең сайдың табанына түсіп, сылдырап ағып жатқан судың жағасына келіп жайғасысымен апам мәсісін шешіп, аяқ-қолын, бетін жуды. Маған да «жуын» деді. Бір сәт апам маған кішірейіп кеткендей болды. Бұлаққа беттеп бара жатып анамның жүзіне тағы да көз тастадым. Бидай өңі күн сәулесіне күйіп, тотығып кетіпті. Мұрнының жанындағы кішігірім түймедей меңі қызарып, быртиған. Осы мең апамның барлық бауырларында, тіпті олардың ұрпақтарында да бар екенін көріп алғаш таңғалғаным бар.

Мен шомылып алғым келді. Табаны да, тобығы да тесік шоқайымды шешіп, балағымды түріп жіберіп, қолыма таяқ алып, кішкентай болса да бөгет жасауға кірісіп кеттім. Апам маған қарады да күліп жіберді.

--Мақұлтай, алдымен теріңді басып ал. Ауырып қаларсың. Содан соң байқа, «Қаратаудың тасымен қой бауыздауға болады» деген сөз бар, қолыңды тас кесіп кетпесін, -деді

Оны тыңдап жатқан мен жоқ, тез-ақ бөгет жасап алдым. Бөгетті тағы биіктету үшін судың жағасында жатқан тастарды көтеріп әкеліп, қалай бастадым. Кезекті бір тасты көтеріп қалғанымда қолыма таспен бірге бір темір ілінді. Тасты тастай салып әлгі темірді қолыма алдым. Темір дегеніңіз бір қолдың ұзындығындай әбден тот басқан семсер болып шықты.Өзі ауыр-ақ. Жүгіріп келіп апама көрсеттім.

-- Таста бәлені, бұл қылышың талайдың жанын алған болар,- деп апам шошып кетті. Сосын сәл ойланып тұрды да, -- Бұл жерде сұрапыл соғыстар болған деп айттым ғой. Жауды Жуалыға өткізбеу үшін ата-бабаларымыз жан беріп, жан алған.

Апам ойын аяқтай алмады. Пысқырынған жылқының дыбысы шықты. Бірден байқадық, бізге қарай атты кісі келе жатты. Апам; «Сәлем бер» деді. Мен дауыстай «Ассалаумағалейкум» дедім. «Уағалейкумассалам, жігіт бол, балам» деп қырма сақалды қария атынан түсе бастады. Өте денелі үлкен кісі екен. Апам орнынан тұрып, иіліп сәлем жасады. «Өркенің өссін,келін» деген ол біздің жанымызға жайғасып отырды. Алдымен апамнан жөн сұрады. Одан соң маған бұрылды да «Атың кім, айналайын» деді. «Мақұлбек» дедім мен жай ғана. Ол кісі бір сәт үнсіз қалды да; «О... айналайын, екеуміз аттас болдық. Менің де атым – Мақұлбек» деді. Апам жұлып алғандай «Сіз болыс қайнағасыз ба?» деді. «Иә, айналайын, ондай да болғанбыз. Өтті дәурен, кетті күн ғой» деп ауыр күрсінген қарияның көзі менің қолымдағы семсерге түсті.

-- Айналайын, мынаны қайдан алдың?!

Менің орныма апам жауап берді.

-- Болысеке, әзірде ғана осы жерден тауып алды.

Мақұлбек ақсақал семсерді қолына алып, зерделей әбден қарады. Одан кейін орнынан тұрып семсер табылған жерді аудастыра бастады. Біз де орнымыздан көтерілдік. Әлден соң қария үңгіп жатқан жерінен кішкентай темірлерді бірінен соң бірін алып шықты. Үнсіз. Сәл әлгі темірлерге көз тастап тұрды да өзі қазған шұңқырға мұқият қарады.

-- Бұл кісінің бейіті болып шықты. Одан әрі қазбай-ақ қояйық,- деді де жайғасып отырып алып құран оқи жөнелді. Біз де бетімізді сипадық. Тауып алған кішкентай темірлерді тағы да мұқият қарады. Олардың не зат екеніне мен назар аудармадым.

-- Бәйбіше, бұл жерде талай қырғындар өткен. Талай боздақтар өзгеге туған жерді таптатпаймыз деп елі үшін опат болды емес пе? Енді міне, қайдағы жоқ үрпек бастар билігін жүргізіп отыр,-деген қарияның көзі маған түсіп кетті. —Айналайын, сен шомыла бер. Күніңіз күйіп тұр, аспанда күйіктің исі бар. Мүмкін сондықтан да бұл асу «Күйік» деп аталған болар?...

Олар әрнәрсенің басын шалып біраз сөйлескен соң ақсақал;

-- Менің баратын жерім біраз қашықта, жүрейін,-деп етегін қағып орнынан тұра бастады. Апамның ымымен жүгіріп барып мен ақсақалдың атын әкелдім.

-- Болысеке, жол үстінде құдай жолықтырған шығар, мына аттасыңызға батаңызды беріңіз,- деді апам иіліп тұрып.

-- Әп бәрекелді! Онда балам қолыңды жай. Бәйбіше, алдымен саған айтарым – қиыншылығың балаларың арқылы қуаныш болып оралсын, балаңа бақ, ешкімнен кем қылмай ақыл берсін, жаны жайдары, жолы сара болсын! Әрқашанда туған жердің киесі, ата-баба рухы қолдап, қорғап жүрсін!-деген ол менің маңдайымнан сүйді. Одан соң қолына семсерді тағы да алды да;

-- Балам, мына қазынаңды мен қалап отырмын.

-- Алыңыз, бала оны ертең-ақ жоғалтады, алыңыз,-деді апам.

Мақұлбек маған тіктеп қарады.

-- Берсең тегін алмаймын,- деп қалтасынан ақша шығарды,-- Ырымы солай, алсаң да алсасың, алмасаң да аласың. Мектепке барады екенсің, жақсы оқы, бұл ақшаға киім ал,-деп Лениннің суреті бар жалпақ ақшаны қолыма ұстата салды. Одан соң тот басқан семсерді аппақ орамалға орап, қоржынына салды да бізбен қоштасып жүріп кетті.

Ол кезде мен болыс Мақұлбектің кім болғанын білгенім де жоқ, тіпті ол кісіні есіме де алған емеспін. Бірақ апам дүниеден өтерден екі-үш жыл бұрын «Мақұлтайыма болыс Мақұлбектің өзі бата берген» дегені бар. Сол кезде ғана мен Күйік асуында болған оқиғаны есіме түсіргенмін. Уақыт өте ол кісінің елі, жері үшін еңбек еткенін, күрескенін, Омбы кадет училищесінде оқығанын, болыс болғанын, өте білгір атбегі болғанын, кеңес өкіметі тұсында қудалауға түскенін, Шерхан Мұртаза «Қара маржан» романын жазарда Мақұлбекпен біраз күн әңгімелескенін біліп, тіпті азамат туралы очерк жаздым. Бірақ күні бүгінге дейін семсер тауып алған жерді дәл таба алмай келемін.

...Көк есекке жүгімізді артып, біз де жолға шықтық. Сол күні апам екеуіміз нағашымыздың емес алдымен Айшабибі кесенесінесінің шырақшысының үйіне барып қондық. Мен орта ғасырдың інжу-маржаны Айшабибі кесенесін тамашаладым. Апам болса түнімен намаз оқып, зікір салумен болды...

2002 жыл.


ТЕРІС
Жуалының інжу-маржаны – Теріс өзені. Сылқым өзен қарт Қаратаудың сілемдері Құлан және Бөкей тауларынан бастау алады. Ғасырлардан Теріс өзенінің осылай аталатыны туралы тарихи деректер өте көп. Мәселен Х ғасырда Жуалы жеріне келген араб жиһангері күнделігінде былай жазыпты; «...Мыңбұлақта мыңдаған бұлақтар ағып шығады да, қосылып бір өзен құрайды. Өзен шығысқа қарай ағады, сондықтан оның аты Баркуаб (теріс ағатын өзен) деп аталады». Сонымен бірге сол жиһангер Теріс өзенінің жағасы қалың тоғай екенін айта келіп, мұнда қырғауылдың аса көп екенін жазыпты.

Кішкентай кезімізде апам жарықтық: «Елдің суы күншығыстан күн батысқа қарай ақса, біздің Теріс керісінше ағады. Сарқырап, арқырап та ақпайды, жайлап, асықпай, өзінің аз ғана суын көп етіп көрсеткісі келетіндей сылдырлай, мың бұрала сырғыйды. Бұл қасиет халқымызға да сіңген, даусы көтеріңкі болса да, ісі сабырлы. Биіктіктен қайтпайтын Теріс сияқты алдындағы асуға қаймықпай ұмтылып, оның шыңына шығады. Осы өзеннің нәрі мен нәмі жуалылықтарды ешқашанда аштыққа ұрындырмаған. Тек еңбек ете білу керек. Сендер де жетімміз деп тұқшия бермей алға ұмтылғандарың жөн», - дейтін. Кейде біз бойымыздағы бар жақсылықты осы Терістен алғандай сезінетінміз. Қысына да, жазына да қарамай Терістің жағасын бір жағалап келетінбіз. Оның жөні де бар.

Теріс өзенінің жағасы біздің ауыл ғана үшін емес, Жуалыдағы көп елді мекендердің өмір сүру нәріне айналған. Көктем шығысымен алғаш көк өзеннің жағасына шығады. Сондықтан да қорадағы малымызды Теріске қарай айдаймыз. Жазда да, күзде де ауыл малы Терісті жағалайды. Мал жайылатын басқа жер жоқ. Кейбір жылдары өзеннің жағасына дейін егін немесе қызылша егетін кез де болады. Бірақ өзенді жағалай өсетін сәмбі талдардың арасына тракторыңыз да бара алмайтындықтан, мал жайылымы өзен жағасынан табылады.

Жаз басталысымен, мал үйездеген жерінен тезек тереміз. Бұл жұмыс жылдар бойы жалғаса береді. Қазір ойлаймын, неге ауыл адамдары ағаш екпеген. Биыл еккен ағашыңыздың бұтақтары келесі жылы-ақ отын болатынын білмеген бе? Жерінің нәрлігі сонша қадай салған шыбығыңыз өніп кетеді. Таңғалам. Тағы бір таңғалатыным – Терістің жағасында ит тұмсығы өтпейтін қалың сәмбі талдар мен тораңғыны отыны жоқ болса да, ешкім кеспейтін. Неге? Әлде өкіметтен қорықты ма екен? Қазір ше? Қорқатын, үркетін кісіні көрмедік. Терістің жағасы қазір жалаңаштанып қалған. Тып-типыл. Жабайы өскен ағашты айтпағанда, асфальт жолдардың бойындағы қара ағаштарды да отап тастаған.

Орман-тоғайы қалың Теріс өзенінен балық аулауды біз жасымыз оннан асқанда ғана бастадық қой деймін. Себебі, оған дейін қармақты табудың өзі қиын болатын. Бір амалымыз апамыздың бір инесін ұрлап, оны отқа қыздырып, басын иіп, жасауынан табылса китауызды, таба алмасақ ақ жіпті байлайтынбыз. Қалтқыны іздеп шаршамайтынбыз. Кез келген қоға да, қамыс та қалтқы бола беретін. Ал қармақты суға батыру үшін қажет салмақтың орнына тас байлай салатынбыз.

Балық аулаудың шеберлері ағайынды Ерғали мен Бекқали. Балық аулауға баратын жеріміз ауылымыздың жоғары және төменгі тұсындағы ақ жарлар. Оның біреуінің биіктігі 30 метр болса, екіншісі соның жартысындай. Ақ жарлардың табанындағы су терең. Сонымен бірге бұл жерлерге айтарлықтай өкпек жел тие бермейді. Сондықтан да су беті тыныш қана жыбырлап жатады. Мұндайда қалытқының бүлкілі арқылы балықтың шылаушанды жеуге ұмтылған әрбір әрекетін білуге болады. Мұндайда Ерғалиға тең келетін балықшы жоқ. Оның сыры да түсінікті . Ағасы (олар әкелерін «аға» дейтін) «Суворовтың» орыстарымен күн сайын араласқандықтан солардың бәрі жарақталған қармақ әкеп берген. «Жалт-жұлт еткен китауызымыз, ілгегіміз, әдемі қалытқымыз болса біз де ұстаймыз» деп алакөздене қарайтынбыз.

Бір күні апам екеуміз Терістің жағасынан әк әкелуге бардық. Терістің жағасында кішкене ғана жерде аппақ ақ керіш бар болатын. Сол ақ керішті ауылдағылар үйді әктеуге пайдаланады. Айт мерекесі қарсаңында міндетті түрде апам үйді әктейді. Апам марқұм діндәр. «Айт мейрамын жаңарып қарсы алған жөн. Айт тазару мерекесі», - дейтін. Айт күні біз ебін тауып мектепке де бармай қаламыз. Себебі, ол күні қызық көп. Басты қызық біздің үйде болады. Апамның соғыс жылдары еңбек армиясына кетіп, қайтып оралмаған ері Қайыпбектің құрдасы Сейдалы алыстан біздің үйге өлең айтып, Сары (апамның шын аты Тындықыз) апамызға қалжыңның қапшығын ағыта келетін. Біз соны асыға күтеміз. Ол күнді апам да асыға күтетін болуы керек. Дайындық ерекше. Біздің сабаққа бармай қалғанымызға да ренжімейтін. Ақ керішті алып, үйді әктеу – сол айт мерекесіне дайындықтың басы.

Ақ топырақ алатын жерге келе іске кірістім. Шотпен керішті үңги бастадым. Ақ керіш өте қатты. Біраз әуреленіп бір делше қаптың жартысын әрең толтырдым. Апам болса, өзенге қарап ұзақ отырды. Байқаймын, ойланып отыр. Кім білсін, осы Терістің арғы бетінде көлбей жатқан Қаратаудың Күйік асуының күнгейіндегі туған ауылы Айшабибіні сағынып отыр ма екен? Әлде ері Қайыпбек екеуі осы жерде жүрген күндері есіне түсті ме, әйтеуір үнсіз, ой құшағында. Күннің ыстығы мен қимылдағаным қосылып, қара терге малындырды. «УҺ» деп, демімді қатты ішіме алып отыра кеттім. Осы кезде ғана апам маған қарады. Ой құшағынан арылып, орнынан тұрып ақ керіш салынған қапшықты сілкіп қойып, маған қайта қарады да күліп жіберді.

-Айналайын, түрің не болып кеткен? Әкпен опаланыпсың ғой. Бар ... бар, Өзенге барып шомылып кел, - деді.

Менің де күткенім сол еді, үйден таяқсыз ала шыққан қармағымды ала салып, жүгіре жөнелдім. Келе шешініп тастап суға күмп бердім. Біраз салқындап алғаннан кейін бір сәмбіні сындырып, ақ жіпті қармағыма байладым да, жерден қазып алған шылаушанды инеге түйреп, суға тастадым. Әрі күттім, бері күттім, қалытқы қимылдамайды. Қармақтың таяғын жерге көлбей шаншып, қайта суға түстім. Құрдасым Бекқалиден үйренген жүзу тәсілдеріне салып, суды армансыз шолпылдаттым. Бір қарасам, қармағымның шаншып қойған таяғы судың бетінде жылжып, жағадан алыстап зулап барады. Міне қызық! Мұнысы несі? Алғаш қорқып кеттім. Артынша қармақтың ілгегіне балық түскенін, оның кішкентай емес үлкен екенін бірден сездім. Су айтарлықтай терең емес. Бір жерге аяғым тисе, екінші жерге тимейді. Құлашымды сермеп, жүзе жөнелдім.Таяқты ұстай алып, жағаға қарай жүздім. Байқаймын, қармақтың тартылысы ауыр. Жерге аяғым тиісімен қармақтың таяғын көтердім. Әлден соң суды қақ жарып, жарқ-жарқ еткен балықтың бауыры көрінді. Тартынып келеді. Ішімнен жіп үзіліп кетпесе болды деп тілеймін. Екі қабаттан, шиырып жасағанбыз, үзіле қоймас деп ойлаймын. Сонда да жайлап тартып, біресе балыққа ырық беріп, біресе тездетіп тартамын. Әупірімдеп жағаға жақындаттым. Бірақ бірден көтеріп алуға жіп салмақты көтере алмай үзіліп кетер деп қорықтым. Таяқты сазға тереңдеп қадап, өзім суға түстім. Көйлегімді ала салып, екі жеңін түйіп, «байланып» тұрған балықты сүзе , жағаға жақындадым. Байқаймын, менің көйлегім оған тарлық жасайтындай. Құйрығы көйлегімнен шығып кетті.

Мұндай үлкен балықты ағайынды Ерғали да, Бекқали да ұстамағаны анық. Қуаныштан жүрегім дүрс-дүрс соғады. Ұсталған балықты көйлегіме орап, апама қарай жүгірдім. Менің жүгіріп келе жатқанымды апам көріп, керіш шұңқырынан шығып, маған қарап тұрды. Дауыс жетер жерге келгенде айқай салдым.

-Апа, мен үлкен балық ұстап алдым. Мұндайды Ерғали да ұстаған жоқ.

-Адамды сонша қорқыта ма екен? Мен сені жылан шағып алды ма деп қорқып қалдым. Кәні балығың?

-Балық оралған көйлегімді жерге қойып, аша бастадым. Орамды жазбасам да балықтың үлкен екені көрініп тұр.

-Міне, менің аяғыммен есептегенде, үш табан.

Апам біраз қарап тұрды да:

-Мынауың сазан емес қой. Түрі де жаман. Басы қандай үлкен. Мұның сірә жыланбас болар, - деді жұлып алғандай. -Жыланбас болса, мұны мұсылмандар жемейді. Бұл – жыланмен тұқымдас жәндік.

Үнсіздік орнады. Қуанышқа толы кеудем басылып, мен балықты аударыстыра бердім. Апам болса, менің қуанышты мәселемді қайтарып тастағанына өкінетін сияқты.

-Айналайын, Мақұлтай, әлі аман болсаң талай үлкен балық та ұстарсың. Кім білсін, алтын балық ұстауың да мүмкін... Мұны бізге жеуге болмайды. Түсін. Алла тағаланың жаратқан жәндігі ғой, өлмей тұрғанда Теріске апарып қоя бере сал, - деді. Менің жылағым келді.

-Апа, мұны өлтіру керек. Бұлар сазандарды жеп қояды, – деп, балықты теуіп жібердім. Апам маған біраз қарап тұрды да жаныма келіп, басымнан сипады, кекілімді қайырды. Мен балықтан көз алмаймын. Енді ешкімге мақтана алмайтын болдым. Айтқаныма Бекқали да, Ерғали да сенбейді. Неге мұны мұсылмандар жемейді екен? Еш болмаса осы жерде өлтіріп кетсем, оларды ертіп әкеліп көрсетуге болады ғой. Ал апам болса: «Теріске қоя бере сал», - дейді.

-Ерғали мен Бекқалиға мен сенің үлкен балық ұстағаныңды айтамын. Өлмей

тұрғанда апарып суға босат. – Бұл жолы апамның даусы қатқылдау шықты.

Сол бір оқиғадан кейін талай жылдар өтті. Төменгі тұсындағы Ақжар да, неміс Кайзердің су диірмені де, ақ керіш алатын шұңқыр да, Терістің сол тұсында жағалай өсетін сәмбі талдар да, ақ таспа да, көк майсалы шалғын да жоқ. Оның бәрінің орнын қолдан жасалынған Теріс – Ащыбұлақ су қоймасы басып қалған. Күзде қойманың суы тартылып, азайған кезде ол жерлердің беті қабыршықтанып, ыстықтан жарылып-жарылып кетеді. Теп-тегіс тақырда бір қылтанақ көзге көрінбейді. Соған қарамастан қазір осы көріністің өзі ыстық.

Бұл туралы Дербісалының Серігі былай жырлайды:

Бір кезде бізге биік жарқабағы

Бұл кезде жазық тартып аласарды.

Сонда да Терісімнің қуаты мол

Қақ жарған қалың тоғай, Қаратауды.

Ойдан шығып қыратқа өрістейінтін

Қылығың көп-ау сенің келіспейтін.

Содан ба тоспа қойып, тоған салды

«Ащыбұлақ» деп ат қойды ел ішпейтін.

Тағдырдың тәлкек сыйы солай шығар

Тентекке бұғау салса қалай шыдар

Терісім тоған теуіп, бұлқынады

Бойында бұғып жатқан қуаты бар.

Теріс бізді шынықтырды, шыңдады, буынымызды бекітті. Бірде Пертай көкемнің ұлы Шерхан інім; «Ағаларымыз Терістің тереңіне бізді лақтыратын. Сол кезде жылағанымызбен ағаларымыз бізді өмір сүру үшін шыңдаған, шымырлағанын түсіндік. Сол үшін сіздерге рахмет» дегені бар. Шыны сол. Жүзе білмейтінімізге қарамай Терістің тереңіне ағаларымыз бізді де лақтыратын. Тұншықпау үшін қолымызды сермеп, жағаға ұмтылатынбыз, шығатынбыз, шықтық!

Терістің жағасына келген сайын балалықтың бал дәуренін өткізіп, жүгірген көк шалғындағы сол бір күндердің іздерін іздегендей ұзақ тұрамын. Апамды сағынамын...


2004 жыл.

ЖЕЛСАЗ

Алатаудан ылдиға сарқырай, асыға ағатын Ақсай мен Көксайдың мол суы мың-мың бұлаққа бөлініп, қайнарға айналар жерінде біздің ауыл орын тепкен. Жүз үйлік ауылдың желкесінде орналасқан аумағы көкпардың алаңындай, сәбидің еңбегіндей былқылдап жататын саз бар. Ол менің ғана емес біздің ауылдың бірнеше ұрпағының балалық шағын алып қалғандай болып көрінді. Желсазда қашқар доп, шілдік ойнамаған, бұғанасы бекімесе де әке-шешесімен бірге орақ тартпаған бала жоқ десе де болады. Қар қалың түспеген қыс айларында саздың суы жоғары көтеріліп, мұз айдыны жарқырайды. Қабырғаны коньки етіп сырғанаған кезіміз де аз емес. Сол саз Желсаз деп аталады. Ауылдың желке тұсынан орын алған соң желкедегі саз деген мағынаны бере ме екен? Әлде самал желдің өтінде болған соң осылай атады ма? Оны нақтылап айтып, таратып беретін ешкім жоқ. Бірақ апам жарықтық Алатау жақтан соққан самалды «Желсаздың желі ғой» деп отыратын. Кішкентай кезімізде оған мән бермеуші едік кейін есейе келе:



  • Апа, бұл самал Тәңіртау – Алатаудан соғады. Желсазда қайдан жел болсын, - деп күлгенімде:

  • Айналайын-ау, Алла тағаланың, табиғаттың күшіне шек келтірме, керек етсе иненің жасауынан Шақпақтың желінен де күшті дауыл соқтырады, - дейтін.

Кейінірек санаға сәуле түскенде апамның сол сөзін ой елегінен өткізіп көрсем, шынында да, тура Желсаздан ауық – ауық жел көтеріледі екен. Осыдан кейін табиғаттың сырын ұғып көріңіз.

Төменде ирелеңдей ағатын Теріс өзенінен биік әрі қашық жерде аумағы он гектарға жетпейтін жердің саз болуының өзі таңғажайып емес пе? Тіпті жанынан ағып жатқан өзен де жоқ. Бірақ Желсаздың екі жағындағы кішкентай сай бұлаққа толы. Ондаған бұлақтың суы толығып, толысып, ауылдың нәріне айналған. Ауыл сол бұлақтардың суын ішіп, егінін суарады. Қайнарларда су ешқашан азаймайды да, көбеймейді де.

Желсаз шағын ауылдың нәріне айналғаны анық. Колхоз кезінде әркімнің шарбағына дейін жыртып, егін еккен соң, шабындық тартылып, ауылдың аз ғана малы көрегін осы саздың айналасындағы кішкентай өзектерден табатын. Қанша жайылым тапшылығын көрсе де, ауыл Желсаздың шөбін орып алмай тұрып, онда мал жаймайтын. Маусым айының соңына қарай Желсаздың толарсақтан келетін май суы тартылып, құрғай бастайды. Осы кезде колхоз өзінің әрбір мүшесіне шабындық бөледі. Елдің бәрі сол жерден бөлік алуға ұмтылады. Көкпеңбек мол шөпке шалғы салғанда, бірінің үстіне бірі түсетін палдың қалыңдығы мен молшылығы кімді болса да қуантады. Бұрын да солай болған, қазір де солай сияқты.

Әзірге Желсаз ешкімнің жеке меншігіне айналған жоқ.

Айналмайтын да шығар. Кім білсін, мүмкін, бүкіл ауылдың жүздеген жылдан бері нәріне айналған саздың мол шөбіне иелік етуге қызыққан біреу жекешелендіру үшін аузын ашар.

Желсаздың шөбін бір рет орып алған соң, ауыл тұрғындары жайлауға малын шығарғандай биесін арқандайды. Шақпақтың желі басталып, айналаның бәрі шаңға тұншығып жатқанда, Желсаз көк майсалы. Кішкентай ғана саздың жан-жағына бір емес бірнеше отар қоныстанып, түнемелігіне айналады. Осы кезде апам екеуіміз қырға көтеріліп, Желсазды айнала қонған отарлардың үйезінде қалыңдап қалған қойдың қиын жинауға барамыз.

Қысы алты айға созылатын Жуалының аязды күндері, еденінің беті ғана сыланған топырақ болған соң, үйімізді қыста жылыту үшін көп отын керек. Елуінші жылдардың соңы болса да, тойып нан жемеген біздер үшін көмір де, отын да тапшы. Сондықтан да жыл сайын қыс бойы қи, тезек жағып шығамыз. Бір жылы апам қатты ауырып қалғанда, ағаларым – Рахыманбек, Болатбек үшеуіміз Терістің жағасында Ақжарда ғана өсетін ақтаспаны шапқанымыз есімде. Біздің бұл тапқырлығымызды апам қолдамады. Өзіне ғана тән жұмсақ даусымен:

-Қарақтарым, ақтаспа бұл өңірде аз өседі, шапқандарың бекер болған. Ендігәрі тимеңдер, - деген соң қайтадан Желсазға көтеріліп, қи дайындадық.

Апам аурушаң. Көп уақыт тікесінен жүріп жұмыс істей алмайды. Белі шыдатпайтын. Сондықтан жүрелеп отырып қолындағы жусан сыпырғымен, қиды бірнеше жерге үйеді. Одан соң оны суырып, ұнтақталмағанын, бұзылмағанын қапқа салып үйге тасуға дайындаймыз. Ал ұнтағын суға араластырып, шапалақтап, тезек етеміз. Мектептен оралған ағаларым Рахыманбек пен Болатбек апам алашадан тіккен қанар қаппен қиды үйге тасиды. Мен шамама қарап делшемен тасимын. Үйіміз үлкен, бөлмелері сол кезбен безбендегенде көп еді. Алайда жаздай дайындаған қиымыз да, тезегіміз де қыстың соңына дейін жетпей қалатын кездері болады. Себебі Жуалының қысы ұзақ. Мұндайда бүкіл бөлмелерде киіздің астына төселген сабанды жағамыз.

Балалық шаққа саяхат жасағанда менің көз алдыма Желсаздан соққан самал желмен бірге сабан төсеніп, әрі жастық еткен күндеріміз көз алдыма келеді. Біз бір үйде үш жетім өстік. Үшеуіміздің де әке-шешеміз бөлек-бөлек

Апам – Тындыққыз Еркебайқызы Рысдәулеткеліні ері Қайыпбектен соғыс басталған жылы бар болғаны 33 жасында жесір қалған. Қайыпбек атам қулық-сұмдықты білмейтін кісі екен, жасының ұлғайғанына, аурушаң екеніне қарамастан еңбек армиясына ешқандай желеу, уәж айтпай кете барыпты. Хромтауда жұмыс істеп, соғыстың соңында ауруға шалдығып, туған жерге қайтып келе жатқанда пойыздың ішінде көз жұмған. Жарықтыққа топырақ Аралдың маңынан бұйырыпты. Күйеуімен бірге майданға кеткен қайнысы Үсіпбайдың екі баласы – Молдаһалім (Қаратай), Рахыманбекті, кейінірек әке мен шешеден бір жарым жасымда жетім қалған мені өз бауырына алып, тәрбиелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді. Қаратай ат жалын тартып мінгенде қала жағалап, Жамбылды саялап кетіп қалды да, біз үшеуміз солдат жесірінің демеуімен өсіп жетілдік. Апам жарықтық өзінен туған жалғыз ұлы Болатбекті бізден бөлектеп, әлпештеген емес. Рахыманбекке қалай екенін білмеймін, маған солай көрінетін. Тіпті дүниеден озардан он шақты жыл бұрын мені көбірек ауызына алатын еді.

Желсазға бүгін де келдім. Саздан біздің ауылдың үйлері түгел көрінбейді. Көк аспанмен тірескен ақ теректердің қалың бұтақтары үйлерді көлегейлеген. Ал Тәңіртау мызғымай асқақтап тұр. Баяғыдай. Басын қар шалса да, етегі көк желекке оранған. Таудың өзгергенін көре алмасақ та, жердің өзгерген байқау қиын емес. Желсаздың аумағы жиырылып, былқылдап тұратын сәбидің еңбегі сияқты есейе келе қататындай саз жыл өткен сайын қатая бастағандай. Солай болатын жөні де бар. Желсаз біз үшін қымбат. Біздің бар ырысымыз бен дәулетіміз, нәріміз бен жылуымыз Теріс пен Желсазда сияқты көрінетін.

... Өмірі бітпейтін үй жұмысынан шаршап, жастыққа енді басымыз тиіп, ұйқыға кеткеніміз де сол еді. Апам жұлқылап оятты.

- Мақұлтай, тұр-тұр! -Дауысында үрей бар. Мен қорқып кеттім. Апамды құшақтап, жүзіне жалтақ-жалтақ қараймын. -Желсазды тракторлар жыртып жатыр, - деді. Даусындағы жаңағы үрей дірілге ұласқан. Қарлыға сөйледі. Жоқ, қарлыға емес, алқымына өксүктің толып тұрғанын сездім.

Бәріміз орнымыздан үшып тұрдық. Киінер-киінбестен далаға атып шықтық. Күздің сұрғұлт жабырқау аспаны астынан, Желсаздың тұсынан дүрілдеген, гүрілдеген тракторлардың дауысы естілді. Апам кимешегінің етегін түріп алып, қырға қарай жүгірді. Біз де жүгірдік. Түннің қараңғылығына қарамастан сүрінбей, құламай жүгіріп келеміз.

Бір емес бірнеше трактор Желсаздың бетін айғыздап жыртып жатыр. Тракторлардың жарығынан анық байқадық, сазды жыртып болып қалыпты. Желсазға жеткен жалғыз біз емес, ауыл адамдарының бәрі жиналғандай секілді. Апам жерге отыра қалды.

- Ойбүй ... и ... и, байқұстар-ай... Мыналар тас емшек екен ғой ... Бұл қай қылығы. Бұл жерде бидайың да, басқаң да өспейді. Соны білмей ме? Құрғырлар, тас бауырлар! Құдайын ұмытқандар...

Апамның жанайқайын біз ғана естідік. Жүрегіміз дүрсілдеп, көзімізге жас толды. Апамның жылағаны жандүниемізді аласапыран етіп жатты...

Желсаз болса көп жылдар бойы жыртылған бауырын бүтіндеумен болды. Көп жыл өтсе де оның бетіне салынған соқаның іздерін қазір де байқауға болады.

Желсаздан соғатын самал да сағымданған сияқты...

2004 жыл.
АЩЫ
Ащы біздің ауылдан қашықтау. Күйік асуына жота жақтан бара жатқанда оң қолыңыздың астында болатын өзекшенің бойын «Ащы» деп атайды. Жуалыда бұлақтар негізінен Алатаудан бастау алады. Сонымен бірге осы Ащының айналасында ғана солтүстіктен, яғни Қаратаудан басталатын бұлақтар атқылап жататын. Бір қызығы, жері сор болғанымен суы тұщы.

Сондықтан да он тоғызыншы ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап Жуалы жерін мекен еткен орыс мұжықтары Ащыға да қоныстанған. Олар Терісті жағалай қонып, құнарлы жерлердің бәрін алды. Суармалы жерлерді уақытша пайдаланамыз деп, 10-20 десятин жер алып, кейінірек оның аумағын кеңейте берген. Ауылдардың аттарының бәрі орысша аталды. Сондай екі ауыл Ащыда орын тепкен. Оның бірі Габаевка болса, екіншісі Гурьяновка (кейінірек ол Чапаев болып өзгертілген) деп аталатын. Кейінірек жері сор, тұзды болған соң орыстар көтеріле көшті. Есесіне сол ауылға бұрын Қаратаудың күнбатысы мен шығысында жері құнарсыз, суы мардымсыз өңірді мекендеген қазақтар қуана-қуана орыстың жұртына орнықты. Бұл ауылдар қазақтарға да жұрт болып жарымады. Топырағы ащы жерге тал-дарақтың тамыры бойламады. Әуелеген ақ терек болмаса Жуалының ауылының сәні келе ме?! Тек «тюрин» деп аталатын жеміс ағашы ғана қалың болып өсті. Алайда оның да жемісі ащы. Обалы не, алғаш алма, алмұртыңыз да бір-екі жыл жеміс берген. Бірақ одан соң, олар піспей жатып қаңтардағы арық тоқтының терісіндей бүрісіп, солып қалатын. Сонда да, біздің ауылдан қашықтау болса да есекке мінгесіп, сол бауға баратынбыз. Бұл кезде жол басшымыз Жүнісбайдың Қалданы. Оның да себебі бар. Кезінде ол осындағы Габевка деп аталатын ауылда тұрған. Жемістің ащысына, солғанына қарамастан бара сала бара салып жеуге кірісетінбіз, үйге де алып келетінбіз. Сондай күндердің сәті қашан түседі деп жүргенімізде апам: «Ертең Ащыға барамыз, комбайннан бидай төгіліп қалыпты. Соны алып келеміз» дегенде мен қатты қуандым. Мұрныма Ащының қышқылтым исі келгендей болды. Ондай иісті Жуалыны мың айналсаң да таба алмайсың. Қалдан бізді талай рет бұрынғы мекеніне жеміс-жидек теруге бастап барғанда жаяу жалпылап, табылса есекке мінгесіп барсақ, ал ертең арбамен барамыз. Көк есек тартатын арбамыз бір қараған кісіге адам сүйрететін қоларбадай кішкентай болып көрінгенімен, талай істі осы арбамен бітіреміз. Біраз дүниені осымен-ақ тасып аламыз. Бірақ азабы көп. Арбамыздың бір доңғалағы сәл дөңестеу жерге шықса болғаны аунап жатқаны.

Күн көтерілмей жатып жолға шықтық. Көшенің аяғымен Теріс өзеніне қарай бет алған арбамыз сықыр-сықыр, шиқ-шиқ етеді. Көк есекті сабалап, ауылдан тез алыстауға асықтым.

Жаймашуақ жаз айының соңы. Таңертеңгі самал жел сабасына түсіп, күннің көтерілуін айнала тағатсыздана күткендей. Тып-тыныш, мүлги қалған. Бозамық аспанның шығысы қызыл шапаққа оранған. Арбаның дөңгелегі шығысқа қарай сықырлап домалаған сайын қызыл иектеніп көтеріліп келе жатқан күннің көлемі үлкейіп, айнала жарқырай түсті. Көк есектің екпіні Ақжарға жақындағанда бәсеңсіді. Осы жерге жеткенімізде сарғыш түске оранып, күн толығымен ұясынан шықты. Апам менің арқамнан қағып арбаны тоқтат деп белгі берді.

Апам жайлап арбадан түсіп, жолдан біраз алыстап барып жүрелеп отырды. Апамның әрбір әрекетінен көз алмай қарап тұрмын. Бірін басына байлап, екіншісін мойнына бос тастай салған ақ орамалын шешіп, сілкіп-сілкіп жіберіп алдына жайды. Көтеріліп келе жатқан күннен көз алмай мойнын соза түскен. Жұқа еріндері жыбырлайтын сияқты. Біраздан кейін сарғыш тартқан шөп үстіне жайғасып отырды. Уақыт өткен сайын күн алтын түске толық боялып, көтеріле берді. Күннің көтерілуімен бірге самал жел маңдаймыздан сипай берді. Апамның ақ орамалының екі ұшы желмен көбелектей қалықтайды. Әлден соң апам орнынан көтеріле бергенде көк есек құлағын қайшылап, осқырынып, бір жағына қарай тартына жөнелді. Мен божыны ұстай алып, шірене тарттым. Неден үрікті? Жан-жағыма жалтақ-жалтақ қараймын. Көзіме бірден арт жағымызда, жолдың қақ ортасында шоқиып отырған үлкен көк қасқа ит түсті.

--Апа, ана иттің үлкенін қараңызшы.

Апам итке бір қарады да:

-- Бұл ит емес, қасқыр ғой. Күн көтерілмей жатып-ақ жүргенін қарашы.Әлде бізді жол бойы аңдып келе ме екен?! Арбаңа отыр, жайлап жүре бер, - деген апам арбаға мінбей, бесақаны қолына алып, сүйеніш етіп, соңымыздан жүріп отырды. Қасқыр да еріп келеді. Көк есектің жаны шығып бара жатқандай шыжбаңдап, жүрісін жылдамдатып, арбаны ышқына тартады. Апам бізге ілесе алмай қалып бара жатқандай болған соң мен божыны бар күшіммен тартам. Бір қарасам, қасқыр апама жақындап қалыпты.

-- Апа, қасқыр жеп қояды, - деп бар дауысыммен айқай салып, арбадан секіріп түстім де апамның қолынан ұстап арбаға қарай жетектедім. Өзім де қорқып, дірілдеп барамын. Қасқыр болса шоқиып отыра қалды. Танауын желге тосып, аспанға көтерді.

- Қорықпа қасқыр бізді емес көк есекті аңдып келеді. Одан да екеуміз есектің екі жағынан жетекке алайық, - деген апам «бисмилла, бисмилла» деп менің таңдайымды көтерді.

Есекті жетекке алып біраз жүрдік. Анда-санда артыма бұрылып қоямын. Бір кезде салдырлаған үлкен арбаның даусын естідік.

-Мынау Әмірбектің май арбасы ғой, - деді апам жәй ғана.

Мен қасқырды көзіммен іздедім. Көкжалға да жан керек екен Терістің жағасындағы ну тоғайға қарай бөкең желіске салып, зытып барады екен. Сол екі ортада арба бізбен қатарылыса берді.

- Сарымысың, амансың ба? Таң атпай ит-құстан қорықпай қайда барасың? Осы маңда қасқыр бар. Байқаңдар, - деп, божысын тартқан Әмірбек ата апам екеумізге сондай бір мейіріммен қарады.

-Жанымыз болған соң жер басып жүрміз ғой. Таң атпай жүргенім мына жетімектердің тамағы үшін ғой.

- Қамықпа, жеңеше, әлі-ақ бұлар ер жетіп, бүгілген белің жазылатын болады. Сол кезде бізге қылмыңдайсың, - деп күліп алып: - Қамықпа! – деді тағы да. Бұл жолы дауысы қаттырақ шықты. Одан соң божысын қағып-қағып қалды. Тығыршықтай қос ат ытқи алға ұмтылды.

Әмірбек ата мен білгелі май таситын арба айдайды. Оған дейін осы арбаны Бегім ата айдаған еді. Бұл арба басқаларға қарағанда өзгеше. Төрт дөңгелегінің үстінде екі адам қатарласып отыратын жәшікке ұқсас орындықтан басқа – екі жүз литрлік бес-алты бөшке ғана орнығатын орын бар. Тағы бір ерекшелігі, арбаның жақтауында екі белағаш ілініп қойылған. Бұл белағаштарды арбаға сүйеп қояды да оның үстімен бөшкелерді домалатып арбаға салады, арбадан түсіреді. Сонымен бірге бұл арбаға қосылатын аттар күйлі де күшті болатын. Кейде оларды батпаққа батып қалған машина мен арбаларды сүйретіп шығаруға пайдаланатын.

Май таситын арбаның артында қалың шаң қалды. Бұл кезде күн арқан бойы көтеріліп қалған еді. Терістің жағасындағы қалың талдардың арасынан шығып, көк есектің тұяғы қырға іліккенде діттеп келе жатқан Ащымыз да көрінді.

- Мақұлтай, анау өзекті жағалай жүр. Тасбастаудың тұсында қатарынан он сабан шөмелейі тұруы керек. Сол жерге барсақ төгілген бидайды да табармыз. Бидайды тапқаннан соң, біраз шашыратқы оруымыз керек. Білесің бе, бұл төңіректе шашыратқы осы Ащыда көп өседі. Жарықтық, дәрі ғой...

Таң атпай алыстан түстік жерге келгенде тапқанымыз бір делше бидай болды. Апам қатты қуанды. Делшені арбаның алдыңғы жағына тастап, үстін көкпенбек гүлді шашыратқымен жаптық. Күн жарықтық сол күні ерекше ыстық болды. Соған қарамастан ауылға қарай көк есек ентелей жүрді. Менің маужырап ұйқым келді. Апам божыны қолына алды. Қисайып шашыратқының үстіне аунай кеттім. Делше бидай басымда-- жастық. Апамның да, менің де көңілім тоқ. Апам жайлап ыңылдап әдемі әуез іздей бастады.Мен Терістің жағасы толған тоғайға қарап келемін. Бағанағы қасқыр тағы көріне ме деп, ұйқым келсе де, жан-жағыма көз тастаймын...

Дүние-ай, қазір сол тоғайлардың жұрнағы да жоқ. Ащының қойнауы тұнған бұлақ болушы еді, ол да жоқ. Бізді аңдыған қасқырдың ұрпағы қайда ауды екен...

2005 жыл.

ТЕСКЕНТАУ

(Эссе)


Апам қуанышты. Жүзі бал-бұл жанады. Қуанбағанда қайтсін, өзі бар ауыртпалығын көріп, жеткізген жетімнің бірі құдай қаласа келін түсірмек. Енді міне, сол қалыңдықты өзі көріп қайтпақ. Болашақ құдалар ыңғай танытса, құда түсіп келетін күнді де анықтап келсе дұрыс болар еді деген ойын маған қайта-қайта айтқанына таңғалып келемін. Тағы бір таңғалғаным-- әшейінде «белім көтертпейді, аяғым жүргізбейді» деген сөзді бүгін ұмытқандай. Аяғы аяғына тимей, маған жеткізер емес. Үйден иығына салып шыққан алашадан тігілген әдемі қоржынды маған әзер бергені тағы бар. «Өзім көтерем. Сен шаршап, жүре алмай қалсаң пойызға үлгермей қаламыз» дегенді де айтты.

Шөлдала мен Құмшағал стансаларының ортасындағы Садық қаңлылар тұратын кішкентай ауылға тұрмысқа шыққан қайынсіңлісі Айттүбіден «Рақыманбекке ыңғайлы қыз тауып қойдым, тез келсін» деген хабар жеткен күннен апам осындай, көңілді, ауру-сырқауды ұмытты. Хабар жеткен екі күнді араға салып, үй-жайды Рақыманбек пен Болатбекке табыстап, жолға шыққан бетіміз осы.

Көкбастау разъезінен пойызға отырысымен апам мойынындағы ақ орамалын қағып, сілкіп алдына жайып, құбылаға жүзін бұрып, намаз оқыды. Біз мінген вагонда кісі аз екен. Сондықтан да бір бөлегін еркін жайладық. Пойыз жайлап орнынан қозғалды. Бойымда әлсіз діріл бар. Бұл менің пойызға алғаш мінуім. Сонымен бірге мақтаныш та жоқ емес. Себебі ауылдағы көптеген құрдастарымнан бұрын пойызға міндім емес пе?! Оның үстіне Тескентауды көремін! Апамның дауысы қаттырақ шыға бастады. Намазы аяқталып қалғанын іштей сезіп, апама қарадым.

– Е, Алла Тағала, жолымызды оңғарып, шырақтарымды аман ете көр, жамандығын көрсетпей, жақсылығына қуант...

Апаммен бірге мен де бетімді сипадым. Бұл апамның намаз оқыған сайын айтатыны. Намазын оқып біткен соң қолына тәспиғын алады.

Пойыз сырғып жүріп келеді. Бейне бір алып бесік тербетіліп келе жатқандай. Анда-санда пысылдап, ақырып қояды.

– Мақұлтай, жақынырақ отыр. Қазір Тескентаудан өтеміз. Қорқып қалма. Айналаң қараңғы болады. Осы «тауды тесеміз» деген аталарың терін төгіп, осында жұмыс істепті. Орыстар ауылға күн сайын келіп, азын-аулақ азық-түлік беріп, жұмысқа айдап әкететін көрінеді. Құдды түрмеге апара жатқандай айқайлап, доқ көрсетеді екен. Онда мен бес-алтыда ғанамын ғой. Біле бермеймін, естігенім... Е, Алла, жаратқаныңа шүкір, өзің сақтай көр, көрсеткеніңді көпсіне көр ме, - деді де мені бауырына қыса түсті. Апамның құшағы қандай ыстық, қандай жұмсақ!!! Әлден соң қою қараңғылыққа кірдік те кеттік. Артынша жарқ-жұрқ еткен шамдар көбейіп, тақыл-тұқыл күшейді...

«Тескентау» деген атауды алғаш апамның аузынан естіген болармын. Жұмсаған жерінен кеш оралсақ; «Немене Тескентау асып кеттің бе?» дейтін. Сол кезде «Тескентау» деген алыста болар деп ойлайтынмын. Сөйтсек онымыз бекер болып шықты. «Тескентау» дегеніңіз өзіміздің Жуалының шығысындағы теміржол қақпасы екен. Кейінірек Рақыманбек көкем Құмшағалдың қызына үйленгеннен кейін Тескентаудан пойызбен жиі өтетін болдық. Келе-келе Тескентауды кім, қашан, салған деген сауал алдымнан жиі шыға бастады. «Тауды бұзып, тасты тілген, бұл қандай ер?!» деп тақпақтайтын заманның қолтаңбасы деп те ойлағанбыз. Сөйтсем бұл Тескентауыңыз Түркістан-Сібір теміржолын салуды қолға алған патшалық Ресейдің шығыстағы байлықты орталыққа тасымалдаудың ұмтылысы нәтижесінде өмірге келген ірі құрылысы болыпты. Жалпы біздің Жуалыға, нақтырақ айтқанда, Боранды бекетіне темір жол 1917 жылы жеткен. Ал Тескентаудың құрылысы 1914 жылы басталып, үш жылдан соң 1917 жылы бітіпті. Мұны Тескентаудың батыс және шығыс жақтан кіреберістегі маңдайшасына жазылған «1914» және «1917» деген таңбадан аңғаруға болады. Міне содан бері 100 жылға жуық уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде шығыстан батысқа, батыстан шығысқа зулаған, ышқынып, алға ұмтылған қаншама пойыз өтті десеңізші!

... Зулап тез-ақ үңгірден өте шықтық. Жарық дүниеден артық не бар. Айналамыз жарқ ете қалды. Мен терезеге жақындай түсіп, сыртқа қарадым. Біз құздың ұшар басында ирелеңдеген теміржолмен келеміз. Төменде көбіктеніп өзен ағып жатыр. Көрім көрініс. Бұл батыстан шығысқа, қаратауды қақ жарып ағып келген Теріс өзенінің бітетін, екі өзеннен күш алып, Билікөлге қарай асыға ағатын Асаның басталар, ақ басты Алатоодан арқырай ағып, осы жерде сая табатын Күркіреусудың қосылар тұсы. Бұрқ-сарқ, асапанға шапшыған ақ көбік... Тау аңғарында ирелеңдей алға ұмтылған пойыз ерекше әсер етті. Ертегілер жерінде жүргендеймін...

– Осы жол құрылысында сенің көптеген аталарың ақша еті арша, борбай еті борша болып еңбек еткен. Естуімше ешкімді де аямаған. Таңның атысы күннің батысы демей жұмыс істеткен. Жол берекенің тамыры ғой. Ашаршылық жылдары осы теміржолың талайлардың жанын сақтап қалды...

Бір қызығы бұл түнектің жобасын жасауға, оны жүзеге асыруға қазақтың біртуар азаматтарының бірі, халқымыздан шыққан алғашқы теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаев екенін екінің бірі біле бермес. Алғаш тауды теспей қырғыздың Күркіреусу өзенінен жоғарырақ жерден көпір салып, соның үстіне темір жол салу жобаланыпты. Олай болса біраз жерді айналып өтуге тура келген. Сондықтан да ол жобаның дұрыс емес екенін дәлелдеген Мұхамеджан Тынышбаев жолды өзеннің арнасына жағалай салуды қолға алыпты. Инженердің бұл шешімі дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Рас, ертеректе, Теріс пен Күркіреусу тасқыны қосылғанда тасты тіліп, қысылтаң аңғарда ағып жатқан өзеніңіз көтеріліп, пойыздың жүруін қиындатқан сәттері де болған.

Тескентау менің білуімше теміржолда Орталық Азияда бірегей құрылыс. Сондықтан да оны көруге қызыққан қазақ зиялылары көп болған. Қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұловтың басшылығымен, қазақтың асыл азаматы, инженер Мұхамеджан Тынышпаевтың қатысуымен салынған «Түркістан-Сібір» немесе «Турксиб» темір жолының құрылысы туралы талай марқасқалар жазған. 1933 жылы Ұлы Мұқтар Әуезов Жуалы жеріне екі рет келіп, онға жуық очерк жазғанда Тескентауға да бармақ болған. Алайда әскери қарауыл түнекке жақындатпапты. Бұл Тескентауыңыз қырғыздың ұлы жазушысы, осы өңірдің азаматы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларында да айтылған. Ал дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіров Тескентау туралы «Төрт жолдың торабы» атты очеркінде былай суреттеген: «Жыланша жорғалап, ысылдап, ыңқылдап келе жатқанда тұмсығың көк тауға тіреледі, тірелмейсің, жыланша сып етіп, інге кіріп кетесің. Жүріс баяулайды, терезе, есікті жаптырады. Күн жоқ, жарық жоқ. Түнек, туннельдің түнегі, жердің асты... Ешкімде үн болмайды. Тек астың қимылдап, ақырын жылжып жүріп бара жатқаныңды сезіп отырасың... Алатаудың артқы тесігінен кірдің, ішек-бауырын, қолқа-жүрегін аралап, өңешіңмен өрлеп келесің. Енді аузынан шығасың... Өзге дүние, өзге өмір...».

Тескентау қырғыз жеріне кірігіп тұр. Олардың Маймақ, Жуантөбе теміржол стансалары Қазақ теміржолының құрамында болды. Қазақ пен қырғыздың жері, біздің Теріс пен қырғыздың Күркіреусу өзендері тоғысар иінінде адам игілігі үшін қарт Қаратаудың бауырын жарып, тасты тесіп салынған Тескентау жүз жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді...

– Жарықтық-ай, тауды да тескен күшті жаратқан Алла Тағалаға тең келер күш жоқ екенін неге түсіне бермейміз... Апам осылай деді де ұзақ үнсіз қалды.

Пойыз Маймақ, Жуантөбе стансаларынан өтіп, Шөлдалаға жақындады. Апамның айтуынша біз осы жерден түсеміз. Болашақ жеңешем тұратын ауыл бұл жерден біраз жер, жаяу жүреміз.

Пойыздан түсісімен Тескентауды көргім келіп, артыма қарайлай бердім. Пойыздың тарсылынан арыла алмай құлағымды алақаныммен басып-басып қоямын.

–Тескентау бұл жерден көрінбейді. Қысылтаң аңғарда ғой. Сондай-ақ қайтарда пойыз Тескентаудан өтпейді, ондағы теміржол бір ғана қатар,- деген апам, қоржынын менен алып, иығына салып, алға озды. Қызылшырайлы жүзі алаулап, мұрнының ұшындағы қал жарылып кетерліктей, баданадай болып, быртиып кетіпті. Барар жеріне жеткенше асығып тұрғанын аңғардым. Аяғы-аяғына тимейді... ақ ұлпадай ұшып бара жатқандай...

Қазір ойлап қарасам – адамға адам қосылса бақ пен құт екен ғой. Апам сол кезде осыны ойлап балаша пәк қуанса керек. Жарықтық-ай...

2003 жыл.

ПАЕК

(ЭССЕ)

Ауыл қарбаласта. Иықтарында белорақ, қолдарында айыр, тырма. Бала да, қарт та жолда. Бәрінің ауызында бір ғана маған жастайымнан таныс сөз «паек»...

... Апам бүгін әдеттегіден ерте оятты.

– Мақұлтай, тұра ғой. Бүгін паек бөледі. Бөлістің басында болмасаң қай жерден берерін бір Алла біледі. Бұл күні жетім-жесірді жарылқай қалатындар шамалы ғой,-деп ауыр күрсінген апам менің киімдерімді жаныма жақындатып, сыртқа шығып кетті.

«Паек» деген біздің ауылда шөп дайындау науқанының тойы десе де болады. Көктемнің әр күнін тырбаңдап өткізіп, бір-бірімен жүздеспегендер кездесіп, әңгіме-дүкен құрады. Дала төсінде дастархан жайып, бірге дәм татады. Ақсақалдар шүйіркелесіп, кейбір түйінді мәселелерді шешеді. Тіпті осы күндері билік айту қанат жаяды. Ауылдың берекесін, шаңырақтың қуанышын кетіріп жүргендерді ортаға салып, сыбағасын береді. Одан соң балалар мен жігіттерді күрестіріп, палуанның күштісін анықтайды. Ауыл адамы үшін бұдан артық қуаныш бар ма?! Бір сөзбен айтқанда, паектің қызығы мен еңбегі көп. Сондықтан да бұл науқаннан ауылда шет қалатындар кемде-кем. Жан-жақтағы бала-шағалары келіп, көмек қолын созады. Құдалары мен басқа да жекжат-жұраттарын шақыратындар да бар. Тіпті ауырып, төсек тартып жатқандар да арбаға мініп, шөпшілердің жанына жетеді.

Колхоз қажетті шөбін шауып, маялап алған соң ғана оның мүшелеріне сайдың сбағынан нәрі кетіп, қатая бастаған пішенін бөледі. Бұл сайларды қорықшылар жаз бойы қорып, мал түсірмейді. Шөп ырғын болып, колхоз игере алмай жатса да тегіс жерден үлес бөлініп, паек берілмейді. Паекті орып алуға колхоз техника бөлмейді. Сондықтан да тайлы-тайлағына дейін ауылдың өкпе тұсындағы Ортабұлақ сайдан бастап, Шекара сайға дейінгі аралықтағы он сайды жағалап, паектерінің қай жерден берілетінін тағатсыздана күтіп, бөліс күні паек бөлушілердің ық жағында жүруге ұмтылады. Бүгін де солай болды. Белорақтарын иығына салғандар, қолорақтарын беліне байлағандар ауылдың атқа мінерлерінен қалмай жаяулап, бөкең желіске салған. Мен ішімнен бізге тиесілі паек Ақбастау, Тәсібек немесе Қоспасайдан түсетініне бек сеніп келемін. Өйткені апамның осыдан екі-үш күн бұрын бөлімшенің екінші атқамінері Тілеш ағаға; «Айналайын, қайным, Полан оқуына кеткен, Рақымбек болса Алатауда-- Көксекі жайлауында малда, мына Мақұлтайдың терең сайлардан шөп шабуына әлі жетпейді. Менің де жағдайымды білесің. Ыңғайы келсе иманы бар азаматтармен бірге Ақбастау, Тәсібек және Шекара сайлардың немесе Желсаздан паегімізді бергейсің» деген. Бір қызығы бұл сайлардың бірі терең, бірі жайдақ болумен бірге шөбі де әртүрлі. Сондықтан да апам атын айтқан жайдақ әрі шөбі шүйгін сайлардан беруді өтінген. Тілеш аға «жарайды» дегенін естігенмін. Сондықтан да аса қобалжыған жоқпын және Ақбай, Ошан сайларына бармадым.

Расында да Тілеш аға уәдесінде тұрып, бізге Қоспасайдан шөп телімін берді. Шөбі қалың әрі сайы жайдақ. Бұған мен де, апам да қуанды. Ендігі міндет тез шөбімізді шауып, тасып алу. Бірақ белорағымыз шөп шабуға сай болмай шықты. Апам жүгіріп жүріп, біреуге шыңдатып әкелді. Ол қаншаға жетсін. Біраз жердің шөбін шапқаннан кейін орақ тағы да өтпей қалды. Апама айтпай жүгіріп ат машинамен шөп орып жүрген Иланбай көкеге бардым.

– Кешке болмаса мына бастықтар жібермейді, алдымен солардыкін оруым керек. Ебін тауып көмектесемін. Сен алдымен ат машина жүре алмайтын сайдың табанын ора бер,-деп қайтарды.

Екі күн қиқалап біраз жердің шөбін шапқан болдым. Бірақ өніп жатқан іс жоқ. Бір қуаныштысы кеше кешке Иланбай аға уәдесінде тұрды. Тегіс жердің шөбін ат машинамен орып берді. Мұның өзі маған жаңа күш берді. Біраз уақыт тоқтамай жұмыс істедім.

Жан-жағымданың бәрі шөбін орып, жинап алды. Мен ғана тырбаңдап жатқан. Қайта-қайта бір күш беретіндей бастаудан барып су ішем. Шынында да бойымды сергітіп, қуат құйғандай сәт болатынын жоққа шығару қиын. Сәлден кейін барып бүлдірген теремін. Бастаудан су ішу рахат. Көздің жауын алатын түрлі-түсті бүлдіргенді айтпағанда, жалбыздың, бастаудың басында ғана өсетін әртүрлі шөптердің исін айтсаңызшы. Бүлдіргенді ауызға салып, шөптің саумал исін иіскеп, ақ басты Алатауға қарап жатып, елтіп ұйықтап кетіппін. Қанша ұйықтағанымды білмеймін, орақтың сырылынан ояндым. Басымды көтерсем Есіркеп ата орақты құлаштай тартып біздің паекті шауып жатыр. Мен орнымнан тұрып, атаға амандастым.

– Айналайын, әлің келмей жатқанын көріп келдім. Апаң байқұс ебіл-дебіл болып жүргенін де көрдім. Оған қамықпа, әлі-ақ ер жетіп, ертең+ақ біздерге көмектесетін боласың. Бәріне кінәлі қарғыс атқыр соғыс қой. Аталарың Қайыпбек пен Үсіпбай аман болғанда мұндай күй кешпеген болар едіңдер. Қазір төрт құбыласы тең болып тұрған ешкім жоқ. Ауылда өзің сияқты жетімдер мен апаң сияқты жесірлер көп. Аман болсақ әлі-ақ жетіліп кетеміз. Адамның күні адаммен,-деген Есіркеп ата менің қолымдағы белорақты алып, жүзіне сипады. Басын шайқады да тас қайрақпен орақты осып-осып жіберіп, шөпті шаба жөнелді. Маған тап сол кезде орақтың сырылы, шөптің жапырылуы әуезді әнге ұласқандай әсер етті. Шалғы жүзі қайқаңдап, күнге шағылысқан сайын жапрылған шөп белдеуі ұзара берді.

Атамның бір қолы кем екенін бұрыннан білетінмін. Соғыста фашистің оғы тиген. Сондықтан да күшті бір қолы мен беліне түсіреді екен. Соған қарамастан біраз жердің шөбін шауып тастады. Шөптің қалыңдығы сондай палдың үстіне пал түсті. Менің атаға, атаның маған серік болғаны жақсы болды. Тоқтамай жұмыс істедік. Күн тастөбеге көтерілгенде ата ауылға қайтатынын, ыңғайы келсе түс қайта бір-екі кісіні ертіп келетіндігін айтты да орағын иығына салып кетіп қалды. Ол кісінің қайтып келетіне күмән келтірдім. Бірақ ол бекер екен. Түс ауа атам баласы Қалиді ертіп, төс-балғасын көтере келді. Атам менің орағымды шыңдап берген соң үшеуміз қатарласа тұрып, шөпті жапыра ордық.

Шөпті шауып біткенімізде шалабы мен майын, жұмыртқасы мен қатырма нанын арқалап апам келді. Біздің шөпті шауып біткенімізді көрген апам қуанышын жасыра алмады.

– Рахмет, қайнаға, бала-шағаңыздың қызығын көріңіз, екі дүниеде тек жақсылықта жүзіңіз шалқысын. Алла Тағала Сіздей кісілерді көбейтіп, өмірін ұзақ қылғай. Көп адамнан рақым кеткен, кісілігін жоғалтқан заман ғой,- деген апам көзіне жас алды.

– Айналайын, келін, баланың көзінше мұндай жаман сөз айтпа. Өмірде кішіпейіл, жақсы адам өте көп. Кішіпейіл адамның жан-дүниесі таза болады. Ол өзін емес алдымен өзгенің қуанышын тілейді. Сондықтан да кішіпейіл адам бақытты. Сонымен бірге пендешілік те болады. Пендешілдік бір сәттілік болғанымен оның салмағы ауыр. Мен осының бәрін көрдім. Соғыста болғанда да, немісте тұтқында, пленде болғаным үшін жазамды өтеп, Сібірде айдауда жүргенімде де талай құқайлар мен бірге жақсылықты да көрдім,-деп қария ұзақ уақыт үнсіз қалды. Тамағына бір нәрсе тұрып қалғандай жұтына берді.

– Үш-ақ күн соғыстым да тұтқынға түстім, - деп сөзін қайта жалғастырған атам әр сөзін тістене айтты. - Атасына нәлет, керек десеңіз қолыма мылтық та ұстап үлгермедім. Фашистер бізді қоршап алды да, қой санағандай санап, машинаға мінгізіп, алып кетті. Бір қызығы пленге түскендердің бәрі қолында мылтықтары жоқ мұсылмандар еді. Содан мен соғыс біткенше бір неміс байының малын бақтым, үйін күттім. Сол кезде маған үйдің қожайыны жақсы қарады. Қатты ауырғанымда баласындай күтті. Оқ тиіп сынған қолымды аман сақтап қалды. Тілін үйреніп, сөйлесетіндей жағдайға жеткенде бай менімен әңгімелесетін болды. Ол мені жақсы күндердің келетініне сендірді. Адам алдынан тек жақсы күндерді күту керек екенін айтты. Ауылға аман қайтатынымды да айтып қоятын. Орыстың тұтқынында Сібірде болғанымда да жақсы адам жолықты. Алғаш жеңіл жұмыс берсе, кейін аудармашы болдым. Неміс тұтқындары көпір салып жатқан. Өмір деген қызық қой. Немісте тұтқын болғаным (ата тура осылай айтатын) өлімінен сақтап қалды. Жау деген халықтан да дос табылады екен. Сондықтан да жақсы адамды жауыңның арасынан да таба білу керек. Бәрінен де енді соғыс болмаса болғаны,-деп қайрай сөйлеген атамның өзі ауыр күрсініп, көзіне жас алды. Апамның да көңілі бұзылды...

Бүгін ондаған жылдар өткеннен кейін «паек» деген сөзді есіткенде менің ойыма алдымен Құлынтайұлы Есіркеп атамның сол бір қысқа ғана әңгімесі ойыма түсіп еді. Сол сәтте апамның көңілі бұзылғаны түсінікті болғанымен, атамның неге көзіне жас алғанын түсінбеп едім. Кейін ата өмірінің кейбір кездерін білгенде жарықтықтың өмірден еш рахат көрмей, азапты күндерін еске алған екен ғой. Ер жетіп, есейгенде ол кісі туралы очерк жазуды ойлағанмын, бірақ мен студент кезімде ата өмірден озғанын естідім. Көзден кетсе де, көңілден жақсылығы кетпейтіндер қатарына жататын ата туралы азда болса бүгін айтудың сәті түскеніне қуанамын.

2008 жыл.



КАЙЗЕРДІҢ ДИІРМЕНІ
Біздің ауылдың тыныс-тіршілігі Теріспен байланысты. Терістің жағасына малымызды бағамыз. Ауылдың біраз егіні де өзеннің жағасында. Отынды да осынан табамыз. Есекке мініп, көкпар шабатын жеріміз де осында. Сонымен бірге, ұнымызды да осы Терістің бойында салынған су диірменге тартқызамыз. Бұл диірмен біздің ғана емес осы айналаның ырысына айналған. Қашан салынғанын анық білмеймін. Бір білетінім – бұл диірмен қырғыз бен қазақтың шекарасындағы Шоңғараның диірменінен бұрын салынған. Жуалының жерін орыстар мекендей бастаған 1885 жылдарға дейін бұл диірменнің болмағаны анық. Диірмен 1900 жылы Бақаата немесе Бақатей деп аталатын ауылдың сыртында салынған.

Қазір Жуалы жерінде «Бақаата» аталатын жер де, ауыл да жоқ. Кезінде ондай жер атауы болған. Бақаата ауылына орыстар қоныстанған 1885 – 90 жылдары қазіргі Бурно-Октябрь ауылы осылай аталатын. Оған дейін бұл елді мекен Ақсарай деп аталғанын бабаларымыз айтып кеткен. Ал орта ғасырда осы жерде Баркубас деп аталған көне қала болғаны тарихтан белгілі. Алғаш орыстар тілін сындырып, «Бакаатий» деп атаса, кейінірек бораны мен дауылды желін бағалағандай «Бурное» деген. 1917 жылы Жуалы жеріне темір жол келгенде жаңадан салынған стансаның атын осы жерге ең жақын елді-мекен Бурноенің атымен қоя салған. Бастапқы Бурное «Ескі Бурное» деген атауға ие бола беріпті. Мұны мұрағат құжаттарынан аңғаруға болады. Қалай болса да ауылдың бастапқы «Бақаата» атауы ұмтыла бастады. Осылайша Ұлы Жібек жолының бойындағы Шымкент пен Тараз қалаларының ортасындағы Ысмайылата, Бабаата, Шақпақата, Қошқарата, Бақаата, Әулиеата деген атаулар жоғалған. (Қазіргі Бурно-Октябрьді «Бақаата» деп атаса ақтаңдаңдақ болған тарихымыздың тағы бір тамыры жалғанар еді).

Біздің Бақалы ауылымен бірге Жуалының ондаған елді мекені осындағы су диірменге бидайын тартқызады. Алғаш диірмен Валерийдікі болса керек, кейінірек, яғни біз диірменге барып жүргенімізде апамдар «Қайзердің диірмені» дейтін. Кейін білдік, диірмен өкіметтікі екен. Тек диірменші Кайзер деген неміс болған соң ғана соның атымен аталған.

Міне, сол Қайзердің диірменінде кезегімізді күтіп жатқанымызға бүгін екінші күн. Алғаш диірменге апам, Болатбек тәтем үшеуміз келдік. Бүгін таңертең апам үлкен ағайым «Рахыманбекті жіберемін» деп үйге қайтып кеткен. Апам кетісімен Кайзер тәтемнің иығына қолын салып тұрып: «Ал, Қайыпбек, бидайыңды шанаққа төк», - деді, таза қазақ тілінде. Кайзер еңбек армиясынан оралмай қалған біздің атамызды білетіндігін білдіріп, «Қайыпбек жақсы кісі еді, сендер де жақсы жігіт боласыңдар», - деп арқамыздан қағып қойды. Арқамыздан қағып, маңдайымыздан сипайтын әкеміз болмаған соң, қайдағы немістің жақсы сөзінен жүрегегіміз жылып, көзімізге мөлт-мөлт етіп жас келіп қалды. Мұндай сәттер жетім байқұста біреу маңдайынан сипаған сайын болатыны анық. Тәтемді білмеймін, менің жан-дүниемде солай болды, көңілім толқыды.

Екеулеп үлкен бес алаша қапқа салынған бидайды әрең дегенде диірменнің екінші қабатына көтеріп, шанаққа төктік. Екеуміз де қара терге түстік. Шанақ толды. Біз бір сәт сыртқа шығып демалдық.

- Жақсы, гут-гут, жігіттер, шаршап қалғансыңдар ма? Сендердің Байғұт деген бабаларың осы диірменнің пәресін тоқтатқан. Оған қарағанда бес қап бидайды арқалап жоғары шығару не тұрады, - деп күлген Кайзер жанымызға келді. – Отырмаңдар, енді ұндарыңды шашпай-төкпей жинап алыңдар, брот – нан қасиетті, оны төгіп-шашуға болмайды, ыдыс толып қалса, төгілуі мүмкін. Кезінде ұнның үрпегіне жете алмай біздер аштан өлгенбіз. Көп өлдік. немісті сақтап қалған сендер – қазақтар ... Ол сөздің соңын жұтып қойды. Алқымына тас тығылып қалғандай жұтына берді.

Біз орнымыздан тұрдық . Мен жүгіріп барып жолға қарадым. Рахыманбек көкем көріне ме деп қараймын. Жоқ. Көрінбейді.

Сарт-сұрт еткен шанақтар мен сарқыраған судың даусынан диірмен жанар таудың үстінде тұрғандай сезінесің. Басқан жеріңнің бәрі селкілдеп тұрғандай. Қорқа-қорқа жүремін. Тәтем «ананы әкел», «мынаны әкел», «шанақты қарап қой», «кебекті қапта», - деп неше түрлі жұмсай беретіндігі де жалықтырды. Ойымда қалай да қолым қалт етіп босай қалса, диірменшінің шарбағында өсіп тұрған алқорға қол салу. Неге екенін қайдам, көшеге (біздің ауылдың адамдары Бурно-Октябрьді «көше» деп атайды) барсаң жеміс те көп, көкөніс те мол. Ал біздің ауыл жеміс ағаштарын да, көкөніс те екпейді. Неге екпейтініне ол кезде ой жіберіп жатқан мен жоқ. Әйтеуір, көшеге келсек, аңдыйтынымыз немістің ауласында өсіп тұрған жемісі мен көкөнісі.

- Ой, қызталақтар, сендер бастап кеткенсіңдер ме? Менің кезегім еді ғой, - деген дауысқа селк ете қалдық.

- Диірменші айтқан соң... Тәтем күңк ете қалды.

-Оқасы жоқ. Атаңның көрі... өзімнен болды. Мына жерде орыс тамырларыма барып келейін деп кетіп едім, шай ішіп отырып қалдым. Бидайларың қанша еді, -деп, Айтбай атам ұн толған қапты көтерісіп, таразының жанына апарды.

- Бес қап.

- Онда қазір – ақ бітеді екенсіңдер ғой...

Айтбай атам кемпірі екеуі ғана тұрады. Күмпілдеген, айқайлап сөйлейтін, өте намысшыл кісі еді. Түсінігімше, бізге ағайын болып келеді. Қыста мен үйіне барып қарын күреп беретінмін. Оның үстіне, ауылда Айтбай атамдай әңгіме айтқыш ешкім жоқ. Бәрін білетін, бәрін айтатын.

- Ата, - дедім мен жанына жақындап, - Қайзер диірменші «сендердің Байғұт деген аталарың осы диірменді тоқтатқан», - деді. Шын ба?

-Ой, қызталақ. Сенің де сұрағың таусылмайды екен. Ол бір ұзақ әңгіме, - деген атам қақырынып, ұн жұққан бетін сүртіп, жинаулы тұрған қаптардың үстіне барып отырды.

-Неміс рас айтады. Марқұм Байғұт әлді кісі еді. Мінезі шадыр, ойға алғанын жүзеге асыруды әсте ұмытпайтын. Жарықтық орыстарға жалғыз шапқан кісі ғой. Атаңның көрі, бұл орыстар бізге не көрсетпеді дейсің.

Атам ауыр күрсінді. Үнсіздік ұзаққа созылды. Әлден соң ол түсініксіз сөздерді айта жөнелді.

– Мына көшеде тұратын, жерімізді тартып алған орыс байлары мен біздің арамызда қан бар. Оны кешіруге әлі ерте. Бізде «шашақты найзаны қолға алып», дегендей ойранды салармыз әлі... Жарайды, ол басқа әңгіме. Атаңның көрі ауызға басқа сөздің түсіп кеткенін қарашы... Сонымен, Байғұт аталарың сонау Тәңіртаудың бөктерінде отырып: «Шіркін, анау диірменді тоқтатар ма еді», - деп күнде болмаса да күнәра айтады екен. Күндердің күнінде ылдиға түскенде Байғұт осы диірменге келіпті де төменге түсіп, пәрені екі қолын айқастыра құшақтай алыпты. Биіктен сарқырай құлайтын су тоқтап қалғандай болыпты. Табан астынан айналада тыныштық орнапты. Тоқтаусыз зырылдап айналып тұратын жалпақтығы үлкен аттың сауырындай пәреде қимыл жоқ. Пәре тоқтасымен аталарың бар даусымен: «Мен орыстың диірменін тоқтаттым» деп айқай салыпты. Диірменнің иесі Валерий жүгіріп келіп: «Қоя бер. Білік темір сынып кетеді. Қоя берші, мен саған бес сөлкебай берейін», - деп жалыныпты. Бір сөлкебайға бір қой сатып алатын кезде ол көп ақша. Ал диірмен қираса онда диірменші бар байлығынан айырылатынын да жақсы біледі. Шаттанған Байғұт атамыз тірі көнген бе, пәрені айналдырмай біраз уақыт ұстап тұрып алыпты. Диірменші жалынып, жалбарынып, қалтасынан сөлкебайларын алып шығып, Байғұттың қойнына тыққылапты. Аталарың қолының қары талған соң ғана пәрені қоя беріп, жүре бергені сол екен, шапанының жеңін ораған пәре қолтығын осып, ішке қарай орай тарта жөнеліпті. Бар күшін салып пәрені қайта тоқтатуға ұмтылғанымен, шыр көбелек айналған пәре ерік бермей, пәреге оралған жең қолды жібермей, аталарыңды шыр көбелек айналып тұрған үлкен доңғалаққа қарай тарта беріпті. Қасқағым сәтте жоғарыдан сарқырап тұрған судың күшімен айналып тұрған білік темір аталарыңды жаншып өтетін сәтке жетіпті. Сол кезде бар күшін салып тартынғанда Байғұт аталарыңның қолы иығынан үзіліп кетіпті. Сонда аталарың мыңқ демеген ғой. Тек шапшып жатқан қанға қарауға дәті шыдамай, жүзін сыртқа бұрғанымен бойында диірменді тоқтатқанына масаттану болыпты. Мұны кейін маған Валерий тәпіштеп тұрып айтқанда, аталарыңның қайсарлығы мен қайраттығына таңғалыпты. Ақыры, атамыз ауыр жарақаттан көз жұмыпты. Мұндай ерлікті батыр, жүрек жұтқан адам ғана істей алады. Егер, атаңның көрі , жыртылған жең болмағанда ол аман қалатын еді. Біле білсеңдер, Қайзердің диірменінде біздің өшіміз бар ... – Айтбай атам осылай деді де, бар даусымен күлді. Одан соң үзілген сөзін қайта жалғады – Ой, қызталақтар, жұмыстарыңа кірісіңдер. – Ол орнынан тез тұрып, диірмен шанағына қарай беттеді. Кенет кілт бұрылып: - Келер ұрпақ сол аталарыңдай қайратты болса, қандай ғажап! Талайлардың көкірегін басар едік, - деді. Осы бір сөзді ол тістене айтты.

Бидайымызды тартып біте бергенімізде біз күткен Рахыманбек емес, апам көк есекті арбаға қосып қайта келді.

-Рахыманбек көшеге кетті. Ана күні үйіне жүргізуге келісім берген шешендер бір жұмысқа шақырыпты. Бармаса болмайды ғой. Құрғырлар, үйінді жүргізетін болған соң міндет қылады да. Сонан соң өзім келдім. Қайтейін енді... Қараңқалғыр...Бұл дүниенің жыртығы таусылған ба?! Тарамыстай тартылып жатқан жетіспеушілік...иығымыздан басып тұр ғой... Сендерді бекерге сандалтпайын дедім, - деді апам. Сөздерін бөліп-бөліп, үзіп-үзіп айтты да біздің жанымызға отыра кетті. Маған ақсары жүзі қарауытып кеткендей көрінді.

- А.... а, келін, келіп қалдың ба? Мына қызталақтардың қабырғасын майыстыра бермесеңші. Қайындарың көп қой. Соларға айтсаң да болады ғой. Атаңның көрілері, босқа сандалып жүр. Мейірім жоқ қой, мейірім, - деген Айтбай ата біздің қаптарымызды көтерісіп арбаға салысты. Апам үндемеді. Күрсінді де қойды. Күрсінгенде де, көкірегі қарс айырылып күрсінді. Мен апамның жүзіне тесіле қарадым. Жаңа ғана қарауытқан жүзі сұрланып кетіпті. Неге күрсінеді? Неге сұрланады? Көңіл толқуына әсер еткен атамның сөзі ме екен?

Көп ұзамай жаман арбамызды тартқан көк есекті жетекке алып, ауылға қарай беттедік. Арбаның үстінде теңкиіп-теңкиіп ұн толтырылған қаптар жатыр. Бұл біздің қыстық азығымыз. Тағы апамның жүзіне қарадым. Апам Ащыдан бір делше бидай тапқан кездегідей қуанышты емес...

2004 жыл


КӨКСЕКІ

Тәңіртаудың етегіне жақындаған сайын салқын самалдың ызғары күшейе түсті. Алатау биіктеп, асқақтай төбемізден төне түскен. Мен қайта-қайта қар жапқан таудың ұшар басына қарай берем. Көп ұзамай Ақсайға кірдік. Күркірей, жоқ, арқырай, көпіршіктеніп, аспанға шапшып аққан өзен суының дабысы айналаны жаңғыртып тұр. Құрманкүл екеуміздің алдымызда келе жатқан Рахыманбек көкем анда-санда бізге қарап, қойып; « Қалай, қорқып келе жатқан жоқсыңдар ма?» деп қояды. Менің Көксекіге көтеріліп келе жатқаным бірінші. Тіпті Тәңіртаудан төмен құлайтын қос өрімдей қосақтаса, жарыса ағатын Ақсай мен Көксай өңіріне аяқ басып тұрғаным осы. Жеріміз таулы болғанымен мына биік таулардың маған әсері өзгеше.

Ақсай өзенінің жарқабақ жағасандағы бір аяқ жол биікке көтерілген сайын жіңішкеріп, жүруді қиындатты. Төмен қарасаң құз. Құздың табанында балқыған қорғасындай ирелеңдеген жолақ жатыр. Бұл ағып жатқан Ақсай өзені. Шынын айту керек ағып жатқанын жүрекпен сезесің. Себебі биікке көтерілген сайын Ақсайдың арқыраған да, күркіреген де дабысы естілмейді. Кейде ат тұяғынан төмен құлаған тас домалаған сайын мың тасқа бөлініп, өзенге түсіп жатады.

Бір тасты соғып, жапырып,

Бір тасқа тиіп, атылып,

Маржаны көкке шашылып,

Қымызын жатыр сапырып,-деген осы болса керек.

Жарқабақтағы жалғыз аяқ жол шектеліп, қалың қарға келіп тірелдік. Көкем екеуміз аттарымыздан түстік. Жиренін менің жетегіме беріп, өзі Құрманкүл мен Мәлік мінген жорғаның тізгінінен ұстады. Құрманкүл түсе алмайды. Себебі оның алдында бір жарым жасар Мәлік бар. Ол көкемдердің тұңғышы. Апам жолдың қиын болатынын айтып, Құрманкүлді де қалдыруға көндіре алмаған соң Мәлікті тастап кетулерін айтқан. Бірақ Рахыманбек оған да көнбеген. Оның үстіне жеңгем Құрманкүл де қалуға ыңғай бермеді. Өмірі аяғы баспаған Алатаудың асуындағы Көксекіге барғысы келгенін апам аңғарып, айтарлықтай бұйрық рай танытпады.

Міне қызық! Қар құрттап кетіпті. Тұманда тұтылған айдай кәдімгі аппақ қарыңыз селкеуленіп, қабыршақтаныпты. Қара басты кішкентай – кішкентай ақ құрттар қар мен қара жердің шендесер жерінде қаптап жүр. Табиғат қызық. Төбеңде күн жарқырап тұр. Алайда аяғыңның астында қар. Онысымен қоймай шілденің қары құрттап жатыр. Кейін мұның себебін апамнан сұрағанда; « Жер-Ана астынан қызбай қардың еруіне, гүлдің бүршік атуына ұзақ уақыт қажет. Ал Тәңіртаудың бар бітімі тас екенін еске алатын болсақ оның жер астынан жылуы ұзақтау. Сондықтан да шақырайған күннің қызуына қарамастан таудың басында қарыңыз жата береді» деп түсіндірген. Оның қаншалықты табиғи заңды құбылыс екенін мен осы күнге дейін ойлап көрген емеспін. Мен үшін апамның сөзі айдай анық!

Ақ қар мен қара жер шендескен жерді жағалап жоғары көтеріліп келеміз. Көтерілген сайын тау көлеңкелері ұзарып, бойға қорқыныш ұялата бастады. «Қорықпаңдар, мына асудан ассақ болды. Біздің отар да көрінеді»,-дейді көкем. Оның колхозда қой баға бастағанына екінші жыл. Содан бері біздің де тұрмысымыз жөнделе бастаған. Сондықтан да үйде де мен атқаратын жұмыстың көптігіне қарамастан Рахыманбек ренжіп қалмасын деген ниетпен апам оның өтінішін қабылдап, тауға жіберген. Оған мен қуанбасам ренжіген жоқпын. Себебі көрмеген, аяғың баспаған жерге бару мен үшін қуаныш емес пе? Әлі таудан көргенімді айтып талайлардың аузын аңқайтатынымды да сол кезде ойлап койғанмын.

Алатаудың Көксекі жайлауына қиналмай–ақ жеттік. Оң жағымызда Көксала асуының бар екенін көкем айтты. Ол жерді «Кременевка» совхозының шопандары жайлапты. Асудан асысымен Жуалы көрінбей қалды. Енді көз алдымызда тек Алатаудың биік – биік жоталары ғана. Ал енді қайта төмендеген сайын қар азайып, көк майса шөпке шомыла бастадық. Шыны солай! Шөбіңіздің мұндағы биіктігі сондай атыңыздың жонарқасы ғана әрең көрінеді. Мұндай биік әрі қалың өскен шөпті көрген емеспін. Шөп болғанда да қандай?! Мың түрлі, көкпенбек шөпке неше түрлі гүл араласқан. Ғажап!

Кейінірек марқұм ағам Базарқұл Қилыбаев осы Көксекі мен Көксаланың сұлу көрінісі туралы былай жырлап еді:

...Тасемен, атаманта, жасыл шырша,

Бүлк етпес нөсер құйып, жасын ұрса.

Аққалтақ пен сарғалдақ, қызғалдағы,

Жер бетін көмкеріп тұр жауған нұрша.

Шайқұрай,мыңжылдық пен тау долана,

Дертке ем пайдаланса жасыл қылша,

Морина –қызыл шоқтай сабын тамыр,

Кімде-кім құлпырады шашын жуса.

Қарақат, қызылқат пен қандым, сәмбі,

Тобылғы, шырша,емен,бөке талды.

Әлдилеп құшағына ап Алатау тұр,

Тәкәппар кеуде керіп, түзеп сәнді.

Қымыздық,рауғаш пен шетен, бадам,

Тамызып таңдайыңа балдай дәмді...

... Арқырап арыстандай аунайды кеп,

Қуат ап Көксекінің жапсарынан.

Ақсудың айбатынан арқыраған,

Үрейлі үн естіледі сарқыраған...

Басын ақ қар шалған таудың ұшар басында қалықтаған бүркіттің әлде не нәрседен шошынғандай шаңқ-шаңқ еткен дауыстарын естігенде амалсыз көк аспанға көз тастайсыз.Қалықтаған алып құс бір сәт бізге төніп келгендей де әсерде болдым.

-- Бұл Алатаудың ақиығы -- бүркіт. Әлі Көксекгіге жеткенде одан да көбін көресіңдер. Адамға шаппайды,-деген көкем тағы да өрлей жөнелді.

--Әні, біздің отар. Әбіш ағаларың да далбалақтап бізге қарай шауып келеді. Рахыманбек те астындағы атын тебінді. Қалың шөпке аяғы оралған жиреннің екпіні баяу. Мен таңғалып келемін. Мұндай қалың әрі биік шөпті көрген емеспін. Қандай ғажап!

-- О...о, сен өзің батыр екенсің, мыналардың бәрін қорықпай қалай ертіп келгенсің? Әбіш ағаның амандаспай жатып алғашқы айтқан сөзі осы болды.

-- Жалғыз адамның күні құрысын. Адам елегізиді екен?!

--Оның дұрыс. Мен де мына он күнді әрең өткіздім. Аң-құсын айтпағанда таудың өзі үрей тудырады... Дұрыс еткенсің. Ертіп келгенің орынды болған. Бірақ кешегі күннен бері бір алып аю отарды жағалап жүр. Әзірге тиіскен жоқ.

Әбіш көкемнен тез арада қойды санап алуды өтінді. Қараңғы түспей асудан аспаса қиын болатындығын айтып, мылтығын оқтарымен көкеме тапсырып жатты.

--Мына жер жанның рахаты. Қой бір орнынан қозғалмайды. Жайылатын жері де, күйіс қайтаратын жері де, су ішетін жері де осы жер. Тек аң-құс келіп қала ма деп, қырға шығып, малдың үстінен қарап отырасаң болды. Құрттаған, ауырған қой жоқ.Он күнде біраз қоң жинап қалды. Болмысында момын Әбіш аға шопан Рахыманбек бүгін жібермей қоя ма дегендей айтатынын тез-тез айтып, әріптесінің айтар сөзін аңдып тұрғандай жақындай түседі. Айқайлап, қойды қайтарып, санай бастағанда ғана жаны жай тапқандай көңілдене түсті.

-Атаңның аузы... түнде аю келіп қала ма деп көз ілмедім. Шынымды айтсам қойды қырып кетеді деп қорыққан жоқпын, масқара болғанда малға шапқан аюды атып алып әлгі қорықшылардың алдында жауап берем бе деп қорықтым,-деген атамның күлгеннен көзі сығырайып, жұмылып кетті, ақсиған тістері ғана көрінеді.

Әбіш көкені аттандырған соң, қатар тігілген шағын екі шатырдың ішін тазартып, көрпелерді сыртқа шығарып, қағып, болған соң шай қайнатуға кірістік. Көксекі жайлауынан бастау алып, қырғыз жеріне қарай асыға ағатын өзеннен су әкелдім. Шай қайнағанша жүгіріп қарсы беттегі қырға шықтым. Таулардан басқа ешнәрсе көрінбейді. Көз алдымда таулар теңізі. Бірінен бірі биік. Бір қызығы маған мұнда ұшатын құс та аз сияқты болып көрінді. Биік-биік шыршаның неше түріне қонақтаған құсты көрмедім. Ағаштары қандай сұлу. Түп-түзу! Жарқабақтарға жарыса шыққан. Шыңдардың ауыр, қап-қара көлеңкелері барған сайын ұзарып, айналаны қараңғылық баса бастағанда шатырға келсем, қой қораланыпты. Шатырға шам жағылыпты. Ағам шырағданның жарығына жақындай түсіп, кітап оқып отыр. Жеңгем болса кесені айналдыра шайқап рахаттанып шай ішуде.

Мектепті орыс тілінде жақсы бітірген көкем былтыр Луговой мал дәрігерлік техникумына оқуға түскен. Осыдан ылдиға түсісімен сессиясына баратындығын да білем. Өзі математикаға өте жүйрік. Есептерін шығара алмаған мұғалімдеріңіздің өзі көкемнен көмек сұрай келгенін талай көргенмін. Мен шайымды ішіп, қарпып-қарпып нан жеп , төсекке жаттым.

Түнде Рахыманбектің оқыс айқайынан оянып кеттім. Көзімді уқалай сыртқа шықтым. Көкем қолына мылтығын ұстап, үдірейе қалған отарды айналып жүгіріп шықты.

-- Аю жүр,-деді ентіге.

-- Қәні, қәні,- деп мен тастай қараңғыға көз тіктім. Енді байқадым. Балпаң басып, үлкен аю бізге қарай келе жатыр. Тұп-тұтас, күдіс денесі қарауытады. Біз жайлап, шатырға қарай беттедік.

--Атуға болмайды. Біздің бытырамен оны өлтіре алмаймыз. Ашуландырсақ өзіміз мерт болармыз. Алса бір ғана қойды алар, - деген көкем менің қолымнан қыса ұстап, шатырдың ығына келдік. Байқаймын көкемнің де, менің де жүректеріміз дүрс-дүрс соғады. Рахыманбек «отыр» дегендей қолымнан төмен қарай тартты.
Екеумізде жерге отырып, шатырдың қалқасынан сығалап аюға қараймыз. Аю қорбаңдап отарға жақындап келіп қалды. Әлден соң ол артқы екі аяғымен тұрды. Неге екені білгісіз қойлар да бағанағыдай емес, үрікпейді. Отардың арасына кірісімен ол ерекше бір үн шығарды да қайтадан екі аяғына тұрды. Байқаймын қолтығында бір қой. Енді ол келген ізімен қайта кетті.

Ертеңіне біз шынында да бір қойдың жоқ болғанын білдік. Көкем екеуміз біраз жерді араладық. Дауыс жететін жерден қойдың өлексесін таптық. Аю оны жартылай жерге көміп тастапты.

-- Аю оны сасытып барып жейді. Енді бір-екі күнге дейін ол отарға қайта шаппайды. Ал бүрсүгіні бұл жерден көшуіміз керек.

Шынында да біз екі күннен кейін келесі аңғарға қоныс аудардық. Жаңа қонысқа қонған күннің ертеңіне қой күйіс қайырып жатқанда екі кісі келді. Бірі сары шашты орыс сияқты да, екіншісі қоңқақ мұрын шешенге ұқсас екен. Қолдарында мен бұрын көрмеген мылтық. Аттарын жетекке алыпты. Қанжығаларына байлаған үлкен қаптары тоқ әрі қан шығып тұр. Өздері көңілді. Бар дауыстарымен сөйлеп, қарқылдай күледі. Құрманкүл екеуміз тосыннан, қолдарына мылтық ұстап келгендерден қорқып, үрпиісіп қалдық.Осыны байқаған біреуі; «Қорықпаңдар, біз аңшымыз, берсеңдер бір шәйнек шай ішіп қайтамыз. Бірақ бүгін кештеу болып қалды. Қонуымыз да мүмкін» -деді таза қазақ тілінде қоңқақ мұрындысы. Одан соң олар қанжығаларындағы березен қапшықтарын алып , жерге көмді де үстіне су құйып тастады. «Мұнысы не?» дегендей мен көкеме қарадым. «Ет қой... сасымасын дегендері» деді.

Артынша дастархан жайылды. Олар сөмкелерінен мен бұрын көрмеген неше түрлі қалбырланған тамақ шығарды. Арақ та қойылды. Олар өздерінше орыс тілінде сөйлесіп отырды. Рахыманбек те олармен сөйлесіп жатты. Олар қонатын болды. Мен қой қайыруға кеттім. Күн бата келсем әлі дастархан жиналмапты. Орыс та, шешен де, көкем де қазақша сөйлесуге көшіпті. Анда-санда Құрманкүл де араласып қояды. Жеңгемнің алдында бірнеше пәшке үнді шайы, қалбырлар, бойынан қорқыныш кетіп, жайдары мінезін танытып жатыр.

-- Аюды бұрын атқан емеспін. Ойламаған жерден қойдың өлексесін жеп жатқан жерінен үстіне түстік. Екеулеп төрт атып әрең құлаттық. Бір байитын болдық. Мұның терісі де, еті де, ең бастысы өті дәрі. Алатындар бар. Бізге заказ беріп жүргендеріне көп болды,-деді сары орыс. Енді білдім олар біздің қойды алып кеткен аюды атып алыпты. Үш-төрт күннен бері түнде аю тағы келе ме деп қорқып жүр едім, көңілім орнына түскендей болды. Бірақ аюға да жаным ашыды.

Ертеңіне олар таңға жақын кетіп қалғанын азанғы шайдың үстінде көкемнің сөзінен білдім. Көкем; «Олар жаман адамдар. Аюды атуға болмайды»-деді. Мен түсінбедім. Неге атуға болмайды? Ол біздің қойды жеп қойды. Тағы да жеуі мүмкін еді... Десем де, аюды тағы іштей аядым.

--Аю қасқыр емес, жесін жемесін қойды қырып тастамайды. Сұғанақтығы жоқ. Киелі аң. Алатаудың қасиеті оның табиғатында болса керек. Яғни аңдары, шүйгін шөбі, көкте самғаған ақиық бүркіті... Егер біздер сол аңдардың бәрін қырып тастасақ, шөбін өртесек, құсын ұстасақ тау жалғыздықтан елегізіп, шайқалуы мүмкін,- деген көкемнің сөзіне сол кезде түкте түсінген жоқпын.

Қазір «Алатаудан аю көрдім» дегенді естімеймін. Аюды бітіріп, тау текесі мен арқарына мылтық кезеніп жүргендерді жиі естимін. Олар да бір күні таусылса, Алатау ашуланып шайқалса, біз не боламыз? Анда-санда Алатау сілкініп, елдің зәресін алатындығы: «Ей, адамдар, тоқтатыңдар, мына бассыздықтарыңды!» деп, ескерту жасап жатқаны болар.Бірақ оны түсініп жатқандар жоқ сияқты.

2006 жыл.




ТЕРЕК
Күйік асуынан асып Қызылтаң ауылының тұсына келгенде сол жағыңызда жол бойында егілген қара ағаштардың ортасында биік өскен жалғыз терек көзіңізге түсетіні анық. Бұл теректің тұқымы да ерекше. Оны біздің ауылдың кісілері «Бақа терек» дейді. Неге олай айтатынын жете білмеймін. Бірақ апам бұл терек түрінің біздің өңірде ғана жапырақ жаятынын үнемі еске алып отыратын. Сондықтан да бұл теректі қаңлының бір бұтағы бақа ұрпақтары өсірген болар деп ойлаймын. Енді бір сәт бұтақтарының бақаның аяқ-қолы сияқты тарбиып - тарбиып тарамданып өсетіндігінен де осылай аталған болар деген де ой келеді. Өзегі қатты, бұтақтары көп теректі құрылысшылар қуана пайдаланады.

Үлкен күре жолдың бойында аспанмен тілдесіп тұрған теректің тұсынан өткен сайын бұл бәйтеркті апам екеуміз еккеніміз есіме оралады. Алпысыншы жылдардың басы болатын біз Рахыманбектің отарынан жүні әдемілеп қырқылған оншақты меринос ісекті бөліп алып, ылдиға қарай айдадық. (Ол кезде Рахыманбек көкем колхоздың қойын бағатын). Оның себебін түсінгенім – бес қойдан артық қойың болса өкіметтің алып қоятыны. Таяу күндері қой қырқыны болады. Сол кезде міндетті түрде колхоз белсенділері қойды санайды. Жекеменшігің қанша, колхоздыкі қанша, бәрі бір-ақ сәтте анық болады. Меншігіңде тиесіліңнен малың көп болса сол жерде тізімге тіркеліп, ет, жүн салығы салынады. Одан қашып құтыла алмайсың. Сондықтан да «енді ғана аузымыз аққа тиіп, көйлегіміз бүтінделе бастағанда бір пәлеге қалармыз» деп, апам уақытша болса да мөлшерден артық қойды Айшабибі маңында механизаторлар мектебінің қосалқы шаруашылығында тұратын нағашымызға апарып тасалай тұру керектігін айта берген соң бүгін Күйіктің аузында отырған Рахыманбектің отарынан он қойды бөліп алып, жаяу айдадық. Мен бірінші сыныпқа барған елу алтыншы жылы салынған мәшинелер жүре бастаған асфальт жолмен қойды айдауға бата алмай, апамды асфальт жолға салып, өзім төтесінен тартуға бел байладым.

-- Қорықпайсың ба?- деді апам жай ғана.

-- Жоқ. Қорықпаймын. Ал сіз сумен жүрсеңіз ауырып қаларсыз. Жолмен жүріңіз. Жолай көлік кездесіп қалса міне беріңіз. Учхоздың тұсынан күтерсіз,-дедім.

-- Ой, ақылдым, айналайын, машинаға мінбеймін, сенің төбеңді көріп, қатарласа жүріп отырамын,-деді де апам жолға қарай бұрылды.

Балық саз былқ-былқ етеді. Көктем болған соң ба, суы әлі тартылмаған. Басқан сайын толарсағыңа дейін сазға аяғың кіріп кетеді..

Аяқ киімімді шешіп алып, бауларын байластырып, мойныма астым, балағымды түрдім. Жалаң аяқ сазды басып алдымдағы қойды айдай жөнелдім. Аумағы ат шаптырым саздан тез-ақ өтіп, тас жолға жақындай түстім. Анандайдан жол бойынан бір топ адамдар көзіме түсті. Олардың жанында кимешегін көлбеңдетіп апам тұр. Жақындағанда байқадым жол бойына ағаш егіп жатыр екен.

--А...Мақұлтай келіп қалдың ба? Сәлемдес ағаларыңмен ,-деді. Мен сәлемдестім. Апам маған жақындай келіп;

--Мына кісілер жақсы істі бастапты. Ағаш егіп жатыр. Біз де егейік,-деді.

-- Апа, біздің көшетіміз жоқ қой,-дедім.

-- Көшет оларда бар. Кішкене ғана көмектесеміз де жүріп кетеміз. Ағаш еккен сауап болады. Кейін алай-бұлай өтіп жүргенде бүгінгі күнді еске аласың. Сондықтан да қазақ: «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын!» деген.

-Апа, малдың да қалғаны жақсы ғой. Мал үшін емес пе сонау Күйіктен Айшабибіге қой айдап бара жатқанымыз,-деп мен апама қарап күлдім.

-Біздің мұнымыз пендешілік. Ел есінде сен артыңды еккен талыңмен, халыққа жасаған жақсы ісіңмен қаласың,-деген апам ауыр күрсінді де, үзілген әңгімені қайта жалғады. –Көп сөзді қой. Ағаларыңа көмектесіп жібер. –Апам жайлап келіп, менің қолымдағы шыбықты алып, ары-бері аударыстырып қарап; -Одан соң сен екеуміздің қолымыздағы бақа теректің шыбығын егеміз. Байқайсың ба, әлі солмаған, бойында нәрі бар. Өніп кетеді. Осылай деген апам кимешегінің етегін беліне орап жіберіп, қолына күректі алып, көшет отырғызар жерді қаза бастады. Оншақты қара ағашты тез-ақ егіп тастадық. Одан соң шелектегі суға салып қойған біз қой қайыру үшін ауылдан ала шыққан екі теректің шыбығын қолына алып, оларды шаншитын ыңғайлы жер іздестіре бастады.

-Мына жер сазға жақын екен мүмкін өніп кетер. Ек, балам!

Алдымен менің қолымдағы шыбықты жерге шаншыдық. Апамның қолындағы шыбықтың қабығы біраз жерге дейін аршылып қалған екен, оны екпедік.

-Барынша жерге терең кіргіз. Сонда жақсы өнеді,- деген апам жерге шаншылған шыбықтың айналасын аяғымен ұзақ таптады.

-Бұл бір Алланың нұры жауған күн болар. Жақсы іс істедік!

Апамның жүзі нұрланған, қуанышты. Жолшылармен қоштасып, Айшабибіге қарай жүріп кеттік.

Содан бері қырық жылдан аса уақыт өтті. Есейдік, ер жеттік. Сол жерден өткен сайын қалың қара ағаштың арасынан бойлай өскен бақа терекке қарап өтемін. Осы күнге дейін сол теректі апам екеуміз еккенімізді ешкімге айтқан емеспін. Апамның дүниеден өткеніне де біраз жыл болды. Ал артында қалған осы бір белгі қанша жыл өмір сүретінін мен білмеймін. Қазір оның жуандығына құшақ жетпейді. Байқап қарасам тура сол жерге суды ұнататын теректің өскеніне таңмын. Себебі ол жер тастақтау. Тіпті жер таңдамайтын қара ағаштың өзі бойламай тырбиып-тырбиып әзер өскен. Кім білсін, апамның аялы алақаны мен қадаған шыбыққа нәр берген болар! Адамдарға жан шуағымен мейірін төккен апама солқылдап тұрған жас шыбықты өндіру сөз болып па?!

Бүгін жол бойында өскен биік теректің жанына тоқтадым. Айнала құлпырған гүл-шешек. Көктемнің көкөзек уақыты берекелі кезеңге ауысқандай. Балаларыма; «Мына ағашты бұтап, бұтағын егіңдер» дедім. «Папа, бекерге әуре болармыз, өнбейтін шығар» деді. Мен күлдім. «Мына терек өскен жерге оның бұтағы өспеуі мүмкін емес, өседі» дедім. Балаларым мен немерелерім қолдарына пышақ алып, теректі бұтап, бұтақтарды еге бастады. Мен іштей қатты қуандым. Апам еккен теректің жанында құлпырып, жас шыбықтар ертең-ақ желкілдеп өсетініне қуандым. Ал балаларым мен немерелерім қалың қара ағаштың арасында сұңғыладай болып тұрған жалғыз теректі қызықтап, ұзақ тұрды.

2005 жыл.
... Қанша мықты болғанымен бәйтерек те уақыттың тезіне төтеп бере алмайды.Осыдан елу жыл бұрын апам екеуміз үлкен жолды салу кезінде еккен терегімізді жолшылар биыл ізгі ниетпен, даңғылды кеңейту үшін кесіп тастады. Көңілім бұзылды, көзіме жас келді, бір сәт өткен өмір жолым көз алдыма елестеді...

Көз алдыма көп жыл бұрын өткен көрініс елестеді...

...Көктемнің сыбылыңқы күні болатын, апам екеуміз енді ғана қорамызға біткен «артық» малымызды мемлекет белгілеген саясаттың әлегімен Жуалыдан Айшабибіде тұратын нағашыларымыздың үйіне жасыру үшін айдап келе жатқанбыз. Жолда Алматы-Ташкент тасжолын салушыларға жолықтық. Олар жол бойына ағаш егіп жатыр екен. Ауылдан қой айдау үшін алып шыққан солқылдап тұрған бақа теректің бұтағын апам ары-бері аударыстырып тұрды да; «Мақұлтай, мына шыбықты да шаншы, Алла сәтін салса, ниетімізге қарай өніп кетер» деді. Мен апам мен жолшылар көрсеткен жерге шыбықты жерге шаншып, түбін таптап, жан-жағын қоралап қойдым. Оным жауған жауынның ылғалы көп уақыт сақталсын дегенім. Бұл қылығыма апам жылы жымиып, ризашылығымен бауырына басты.

Терек өнді. Мектепті бітіріп, Алматыға оқуға кеттім. Жолай автобустың терезесінен терегіме қарап өтемін. Ауылға каникулға келем тағы қарап өтем, терегім жайқалып жапырақ жайды. Партияның жолдамасымен Жезқазған облысына бір басым екеу болып, еңбек жолын бастауға аттандық. Жолай теректі көрсеттім, апам екеуміз еккенімізді айттым. Апам дүниеден өткенде көлігімді тоқтатып, теректің жанында іштей егіліп ұзақ тұрдым. Теректі егуге ақыл берген апам да дүниеден өтті, кешегі шыбық бәйтерек болды! Туған жерге оралған соң Тараз бен Жуалының ортасын жол еттік. Алай өтсек те, былай өтсек те теректің жанына тоқтап, «сәлем» беріп кететін болдық. Балаларым мен немерелерім маған сол бір кезеңді әңгімелеуді өтініп, сөзге тартады.

2010 жылдан бастап Жамбыл жерін қиып өтетін «Батыс Европа – Батыс Қытай» автобаны салынуда. Бұрынғы жол Қытай мен Европаны тоқтаусыз жалғастыруға шамасы жетпеді әрі тозды. Ендігі жол даңғыл, кең. Осылай болуы үшін жолшылар жолдың жағалауындағы ағаштарды кесіп, жолды кеңейтті. Соның салдарынан мен еккен терек те кесілді. Алайда оның тамырынан өскен көп-көп бұтақ талай жерге жайылып, жапырағы сая бола бастаған. Солардың көпшілігі қалды. Биыл ерте көктемде бәйтеректен өніп шыққан жас теректердің біразын отбасымызбен барып көшеттеп, үйіміздің маңына ектік. Өнетіні анық, жапырақ жайып тұр.

Бәйтерек кесілгенімен оның тамыры тереңге, жан-жаққа кеткендіктен жаңа жас шыбықтар өніп, ертең олар да бәйтеректерге айналатыны сөзсіз. Сол сияқты біз де артымызда қалатын үрім бұтағымызбен мәңгілікпіз...

2010 жыл.
ТАЗЫ
Біздің ауылда Сейдалы атам екі әдетімен ерекшеленетін. Біріншіден, дауысы зор. Айқайы бүкіл ауылға естілетін. Ұзыннан–ұзын жүз үйлік көшенің барлық шетіне жететін атамның дауысының қандай болғанын өздеріңіз бажарлай беріңіздер. Екіншіден, ауылда Шотбай мен Сейдалы аталар ғана тазы жүгіртетін. Менің сыныптасым Мырзанның атасы Жанысбай қырғи ұстайды. Тазылары бар атамдар бір-біріне тазыларын мақтағаны туралы қызық әңгімелерін көзкөргендер әлі тамсана айтады.

Бір күні Болатбек тәтем екеуміз Теріс өзенінің жағасынан тезек теруге барғанбыз. Ойламаған жерден тоғайдың арасынан арсалаңдап бір тазының шыға келгені. Алғаш денеміз дір етіп қорқып қалдық. Алайда тазының қол-аяғымызды жалап, жүзімізге жалтақ-жалтақ қарағанына еркінсіп, басынан сипап, алқымын уқаладық. Сонымен не керек тезек толы қапты арқалап, тазыны жетектеп, үйге келдік. Тазымызды арқанмен байлап, апама көрсетпей қораға қамадық. «Құдай қаласа қар жауған күні түлкі аулауға шығамыз, көктемге қарай бір-бір тұмақ киіп қалармыз»,-деп тәтем қуанып жүр. Менің де қуанышым ерекше. Оның да өзіндік себебі бар. Өткен қыста Асан, Білән, Сайлау төртеуміз Шекара сайға түлкі аулай барғанымызда тазының қорлығы өткен. Көз алдыма сол бір оқиға келді.

...Қар қалың болатын. Түске жақын алдынала келісім бойынша иттерімізді жетектеп, қырға шыққанбыз. Қарды омбылаған сайын тобығы тесік керзі етігім қарға толды. Оған қарап жатқан мен де жоқ. Жолдастарымнан қалып қоймау үшін бар күшіммен алға ұмтыламын. Қырға қөтерілген сайын жүрісім қиындады. Бар қиындық етігімнің тобығының тесік болғанында емес, бойымның аналардан кіші болуында. Жолдастарым арқан бойы алда келеді. Діттеп келе жатқан жеріміз екі сайдың қосылған тұсы. Онда түлкілердің іні көп екенін бұрыннан білеміз. Осы маңда қозы қайырып жүргенде талай рет түлкіні көргенбіз. Сол жерде құдды біреу түлкі байлап қойғандай, соған тезірек жету үшін ауылдастарым ентелей түскендей. Жол-жөнекей түлкі жолыға қалса оны қалай ұстау керек екенін қызу талқылап келеміз.

-Түлкіні қуатын тазымыз жоқ. Сондықтан да бізге түлкінің інде болғаны дұрыс,-деп үлкеніміз Асан нығырлай айтты. Есіп сөйлеудің шебері Асан түлкіні қалай ұстау керек екенін бізге үйретумен әлек болса, Білән мен Сайлау көзінің астымен оған мысқылдай қарап, қисық сауалдар қойып келеді. Ол үшеуі менен бір сынып жоғары оқиды.

-Мақұлбектің иті іннің ішіне кіріп, түлкіні қуып шықса, біздің алыпсоқтар тап беріп, ұстап алатыны анық. Ал біздер сойылдарымызды дайын ұстауымыз керек. Сәтін салып, түлкі ұстап алсақ жоғары ауылдың балаларына мақтанамыз. Затан, Қалдандардың іші күйер ә...,-деген Асан бізге бар денесімен бұрылғаны да сол еді тоңқалай асып құлады. Қиялап келе жатқан ол домалап сайдың табанына бірақ түсті. Біз бар дауысымызбен күлдік. Орнынан тұра салып, қырға жүгіріп шыққан ол;

-Үндеріңді өшіріңдер, түлкінің құлағы алыстан естиді,-деп ол тағы алға озды. Сөйткенше болған жоқ алдымыздан ұзын құйрығы қар бетінде сүйретілген қыпқызыл үлкен түлкі шыға келмесі бар ма. «Айтақ... айтақ» деп иттерімізді жіберіп едік бірде –бірі түлкіге бата алмай бізді айналсақтап шықпай қойды. Иттен дәрмен болмаған соң сойылымызды көтеріп өзіміз жүгірдік. Түлкіге қайдан жетейік, бос әурешілік екенін білсек те жүгіріп келеміз. Көп ұзамай қарды омбылап, жүгіре алмай айдалада қалдық. Сонда тазы болғанда түлкіні ұстап алатынымыз анық еді... Енді міне, құдай қаласа өз тазымыз бар. Балалардың бәрі маған қызғана қарайтын болады. Тәтті қиялға беріліп, үйге келіп қалғанымызды да байқамай қалыппын.

... Күн бата Сейдалы атамның «Жезқұмайлаған» дауысы шықты. Дауыс шығысымен тазымыз қораның есігін тырмалап қыңсылай бастады. Біз бір-бірімізге қарадық. Апам мырс етіп күліп жіберді. «Айналайындар-ай, Мейдалының тазысын ұстап әкелгендерің қалай? Ол бақырауық түні бойы тыныш таппайды, елге де тыным бермейді»,-деді. Біз шынында да ұстап алған тазымыздың атамыздыкі екенін енді ғана түсіндік.

-Апа, біз білмей қалдық. Қоя бере салайын,-деп сыртқа беттей беріп едім, апам «отыр» дегендей ымдады.

-Мейдалы (апам Сейдалы атамды жарының құрдасы болса да, жасы үлкен деп осылай атайтын. Жалпы апам қайындары мен қайнағаларын, енелері мен қайын сіңілдерінің есімдерін бір әрпін өзгертіп айта беретін. Былқи деген апамызды «Қылқи», бір қайнысының көзінің үлкендігіне қарап ауылдастары «Жапалақ» десе, апам оны «Мапалақ» дейтін) өздерің білесіңдер әкелеріңнің құрдасы ғой, көптен бері үйге келмей кетіп еді бір келтірейін. Тазыны жіберме,-деді.

Атамның тазысын шақырған дауысы біресе алыстап, біресе жақындап біз жастыққа басымызды қойғанша естіліп тұрды.

Таңертең дабырлаған дауыстан оянып кеттік. Жүгіріп далаға шықсақ Сейдалы атам тұр. Апам күліп бірнәрсе деп жатыр.

-Жүр, үйге кір. Құмайың табылар. Кеше балалар Терістің жағасындағы бір шұңқырға түсіп кеткен жаман тазыны көріпті, мүмкін сенің тазың сол болар. Шәй ішкенше балалар әкеп қояр,-деді де Сейдалының қолтығынан алып үйге жетеледі.

-«Жаман тазы» дейді. Онда ол менің тазым емес шығар, дегенмен де барып көрген дұрыс. «Қайда, қай жерде?»-деп бізге қарады. Біз апама қарадық.

-Қазір әкеледі. Тазың саған тартпаған екен, қыдырымпаз болып шығыпты. Ал сен екі қатыныңның жанынан шықпай үйкүшік болып кеткендейсің бе?

-Ой, Сары, сен өзің қызық екенсің, адамның тазысы жоғалып жатқанда шәйді қайтіп ішейін.

Апам атамыздың тартыншықтанғанына қарамай үйге кіргізді. Біз жүгіріп барып тазыны аулаға шығардық. Алдына құйып қойған тамағын да ішпепті. «Тазы дегенің сондай ақылды әрі кірпияз болады. Сондықтан да бөтен кісі берген тамағын ішпейді...»,-деген Шотбай атамнан талай естігенбіз. Тазы біздің ырқымызға көнбей үйге қарай ұмтылды. Біз артынан жүгірдік. Ол үйге кірді де кетті. Үйге кіруге қорқып біз сыртта қалдық. Дабырлаған дауыс күшейіп барып басылды. Именшектей бізде кірдік. Өз көзіме өзім сенбедім. Әлгі тазы атамыздың үлкен шапанының етегін төсеніп, шоқиып төрде отыр. Апам да ешнәрсе болмағандай шай құйып әңгімесін жалғастыра берді.

-Ой, қызталақтар, қайдан таптыңдар? Сол кеше өздерің көрген шұңқырда жатыр ма екен? Бұл Жезқұмай сүйтеді. Түлкінің исін сезген ғой. Ол жерге түлкі тығылған болды. Әлі-ақ ұстап аламыз,-деп, бір сәт үнсіз қалды да күле қайта сөйлей жөнелді. Дауысы үйді жарып жіберерліктей.-Шотбай аталарыңның тазылары түлкіні өзі ұстап, үйіп қоятынына сенген де біздің құмайдың өз бетінше аңның ізіне түскеніне сенбейсіңдер ме?

Сейдалы атам қарқ-қарқ күлді. Көңілді. Бағанағыдай емес, асықпайды. Біз болсақ тазының бізден жоғары жайғасқанына таңбыз.

... Қазір ауылда тазы жоқ. Тазы ұстайтын аталар да азайған. Есесіне стакан ұстайтын көсе шалдар көбейген. Өкінішті-ақ...

2006 жыл.




ИТЖЫҒЫС

Біздің ауыл Теріс өзенінің жағасында ұзыннан ұзын болып, бір көшенің бойынан орын тепкен. Көшенің созыла беруіне жер қыртысы кедергі келтірген- ау деймін. Төрт бес сайдың бітер тұсына орналасқан ауылдың бас жағынан да, аяғынан да өзек тіліп өтеді. Кеңес өкіметіне дейін бастауды, бұлақтың басын меншіктенген бауырластардың ауылдары «Қосбөлтек», «Тастыбұлақ», «Ортабұлақ», «Көлбастау», «Раздық төбе», «Кенжебай төбе» деп аталыпты. Бір кездері бас көшеге қатар екінші көше салу орын алып, оннан аса үй бой көтерген. Ол көшені «Коммунист» деп атағаны да есімізде. Олай аталуына сол көшеде ауылдағы ең адал және ауылдағы алғашқы компартияның мүшесі болып майданнан оралған Әмірқұл Айтқұлов тұрған. Бірақ ауызсудың жетіспеуінен көшенің өмірі ұзаққа бармады.

Мен жоғары оқу орнына түсемін деген жылы ауылда үй салу еселеп өскен еді. Ауылда асар белең алумен бірге бір мың кірпішті 17 -21 сомға ақыға құйғызғандар да табылды. Жалпы қыш құюдан менің тәжірибем жеткілікті болатын. Өзіміздің үйдің бүкіл 15 мың кірпішін жеңгем Күлайна мен апамның жанымда тұрып, демеу жасауымен құйған едім. Көрші достарым Керімбайдың Аманы мен Тәліптің Қаланы өздері арсалаңдап келіп, шаршап, буыным талып тұрғанда талай көмектескенін қалайша ұмытайын. Сондықтан да еңбекті балалық шағымыздан серік еткен ағайынды төртеумізге ауылдастарымыздың салып жатқан үйлерінің, қораларының қышын құю жат жұмыс емес еді. Сонымен бірге біраз ғимараттардың қабырғаларын да қаладық. Осылайша ауылдағы біраз үйдің құрылысында алақанымыздың таңбасы қалды.

Сол жылы ерте көктемнің соңғы айынан бастап бел шешпей еңбек еттік. Үш ұялы қалыппен күніне мың кірпішті қиналмай-ақ құйып тастайтынбыз. Бірақ бел талып, кешке жуық жүре алмай қалатын сәттеріміз де аз болмайтын. Әрине төртеуіміз түгел болып қыш құятын күніміз сирек. Өйткені Рахыманбек пен Қаратай кеңшарда жұмыс істейді. Соған қарамастан апам; «Төртеуің шаршап, өлетін болдыңдар ғой, құнарлы тамақ ішіңдер» деп, кешкілік табылса дәмді тамақ беруге тырысатын. Кейде ауылдас апаларымыз; «Шаршадыңдар, қарындарың ашты ғой» деп, ашымық көжесін немесе сары майын әкелетін. Мұндайда апам қатты қуанып, абысындары мен қайынсіңлілеріне шексіз ризашылығын айтып, көзіне жас алып жататын. Ұмытпасам Бипапаның үйінің қышын құйып жатқанымызда әулетіміздегі ең бақуатты ағайынымыз ферма меңгерушісі Әмірсейіттің үйіндегі Зейне жеңгеміз жаңа ғана сойылған қойдың ішек -қарындары мен өкпе, бауырын, сирақтары мен жағын әкеп берді. Бұл тартуға бізге қарағанда қатты қуанған тағы да апам болды.

--Перма бастық сендердің аман болуларыңды тілеп, Мақұлтайдың оқуға түсуіне тілектес екен ғой. Қайтсін, бауырдың аты бауыр ғой... Ешқайда кетпейді. Бізден жақынды таба алмасын түсінген ғой. Ынтымақ болса аштан өлетін заманнан кеттік ғой. Ендігі қажеттілік -- сыйластық, бауырмалдылық,- деп келінінің емес қайнысының мерейін өсіріп жатты. Кім білсін мүмкін, бізге әкелінген тағам туралы Әмірсейіт көкеміз білмейтін де шығар. Бірақ апам оны еске алып та жатқан жоқ. Қайнысына ризашылығын білдірді.

Сол жылдары ауылда қыш құйғаным есіме түссе бір оқиғаны ерекше ойға аламын. Сол жазда қыш құйып, қаржы жинап, Алматыға жүруге дайын болдым. Алайда қалтада ақшаның көп болуы артықшылық жасамайтынын еске алып тағы да қыш құю керек деген шешімге келдім. Ақыры құрдасым Серікті көндіріп, Иланбай көкенің салынатын қорасына қажетті қыш құюға келістік. Екі күн қарқынды жұмыс істеп, межелі санға жетіп те қалдық. Үшінші күні, ақырғы жүздікті құя бастадық. Әр он қалыпты сүйрегеннен кейін орнымызды ауыстырып, біріміз қалыпқа балшық салсақ, екіншіміз қалыпты сүйреп, аударамыз. Ойламаған жерден шатақ шықты. Серік: «Сен бір қалыпты кем тарттың!» демесін бе. Мен оның есебімен келіспей қасарыстым. Бір қисайса айтқанынан қайтпайтын оны мен сөзбен жеңе алмайтынымды түсіндім. Мәмілеге келе алмайтын болған соң күшке жүгінуге мәжбүр болдық. Әрине төбелес емес! Біз достармыз! Достар төбелеспейді! «Бір-ақ рет күресеміз. Кім жеңсе сол қалыпты сүйрейді» деген келісім жасадық та, белімізді буынып, күреске дайын болдық. Мен ішімнен қуанып тұрмын. Маған қарағанда талдырмаш денелі Серікті екі бүктеймін ғой деген ой бұл келісімге келуге тез жетеледі. Ал Серіктің неге сенгенін білмедім. Соған қарамастан еркек қаздай қоқиланып тұр.

Күн тас төбеде. Ыстығы күйдіріп барады. Соған қарамастан күрес басталып кетті. Топырағы тобығыңды жабатын жер бұрқ- бұрқ етеді. А.., дегеннен жамбасқа салып лақтырмақ болған ойымды Серік жүзеге асыртпады. Тапырақтап тағы алға ұмтылғанымда ол жата қалып, аяғын ішіме тіреп, басынан асара лақтырып жібергені. Әбиір болғанда жылдам орнымнан тұрып кеттім. Көзсіз шабуылдың нәтижесі жаман болатынын аңғарған мен енді айлаға көшуге ұмтылдым. Ал Серік болса өзі шабуылдамай тышқанды аңдыған мысықтай төрт табандап қана қимылдайды.

Күрескенімізге біраз уақыт өтті. Сүлдемізді ғана сүйретіп әрең жүрміз. Шалыссақ та алыса алмай шаршадық. Мәмлеге екеуміз де дайын сияқтымыз, бірақ оны бастауға намыстанғандаймыз. Енді бір ұстасқанда екеуміз де қатар құлап түстік. Ырс-ырс етеміз. Аяқ-қолымыз дірілдеп, маңдайдан аққан терді сүртуге әліміз жетпей біраз жаттық. Әлден соң бір – бірімізге қарай аунап түстік. Серіктің айғыз-айғыз бетін көргенде күліп жібердім. Бейне бір топырақ жеген кісідей. Аузы да, басы да, беті де маңдайдан аққан терге шыланған балшық. Ол маған күледі. Сөйтіп жатқанда көзіміз іліне берді.

Қанша жатқанымызды білмейміз. Иланбай көкенің айқайынан ояндық.

-- Жігіттер, бұл не жатыс?! Бастарыңнан күн өтіп кетті ғой. Еш болмаса көлеңке де іздемепсіңдер. Кірпішті құйып біткен болар деп келдім. Біттіңдер ме?

-- Жоқ, Әзірге 3 кірпіш жетпейді,-деп күлдік.

--Неге күлесіңдер?

Біз болған істі айтып бердік. Бір –бірімізді жеңе алмай, итжығыс болып, күшәйман болып жатқанымызды да айттық.

Бізге бағдарлай қараған ағамыз;

--Итжығыс болдық дейсіңдер ме?! Болар елдің азаматтарына бірлік, ынтымақ пен түсіністік қажет. Ол болмаған жерде осылай арам тер болып, өнбестің ісіне ұрынасыңдар,-деді.

Біз ойланып қалдық.

Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтті. Серікпен жолыққан сайын сол оқиғаны еске алып күлумен бірге; «Болар елдің азаматтары үшін бірлік пен ынтымақ керек!» деп қолымызды қысамыз.
2007 жыл.

ҚЫЗ ЖІБЕК

Жас адам еліктегіш болады емес пе? Мектепті бітіргеннен кейін екі жыл ауылда колхоздың жұмысын істеп жүріп, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, бірнешепьессаларды сахналаған болатынмын. ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскеніммен менің жүрек түкпірімде әртіс болсам деген арман жататын. Осы қабілетімді университет қабырғасында жүріп әріптестеріме танытуға жағдай ойламаған жерден туды. Бір күні аудиторияға деканымыз Тауман Амандосов пен жұқалтай, орта бойлы жігіт кіріп келді. Бәріміз орнымыздан тұрып, сәлем берген ниетімізді таныттық. Декан «отырыңдар» деп айтпады. Әлгі жігіт аудиторияны аралап, біраз жүрді де; « Мына жігіттеріңіз бен қызыңызға құда түсемін. Сіздің тарапыңыздан бұл азаматтарға қамқорлық болса болғаны»,-деді. Сөйтіп мені, Асқанбай Ерғожаевты, Бағдат Мекеевті, Абдол Сермағанбетовті,Жұмагүл Саухатованы және Мырзан Кенжебаевты көрсетті. « Рұқсат болса осы студенттеріңізбен жеке сөйлесіп көрейін»,- деді. Декан келісті. Біз сыртқа беттедік. Мәселенің мәнісін түсінбей бір – бірімізге қараймыз. Өзін Ізбас Абдуллин деп таныстырған жігітіміз қазақ радиосында режиссер екен. Сонымен бірге ол біздің университеттегі әуесқойлар театрын басқаратындығын, таяу арада жаңа қойылым қоятындығын, соған лайықтыларды іздестіріп жүргенін айтты және біздің келісімімізді сұрады. Бәріміз бірауыздан келісімімізді қуана – қуана бердік.

Көп ұзамай Мұқтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектаклін сахналай бастадық. Маған Кебектің рөлін сомдауды тапсырды. Екі айдан кейін республикалық Жас өспірімдер театрының сахнасына ( Бұрынғы ТЮЗ Калинин мен Коммунистическая көшелерінің қиылысқан жерінде) қойылатын болды. Дайындық қызу жүрді. Небір қызықтарды бастан кешірдік.. Соның бірі менің есімде әсіресе қалды.Соңғы дайындық жүріп жатқан. Сахнада Кебектің Еңлікпен кездесетін сәті бар. Сол жерде мен режиссердің айтқанын ұмытып, қыз алдында спектакльдегі аңғал батыр Есенге ұқсап, ойқастап жүріп найзамның ұшымен Еңліктің көйлегінің етегін көтеріп жібергенім. Қыран күлкі. Сасқанымнан найзамды жерге тастай салдым. Осы кезде Еңлік –Жұмагүл (қазір «Астана» журналының бас редакторы, жазушы Алдан Смайыловтың зайыбы) еш қысылмастан, ешнәрсе болмағандай; «Қыз алдында екі тізең қалтырап, найзаң қолыңнан түсіп жатса жауға қалай шаппақсың» дегені. Мен де сөзін аузынан жұлып алғандай; «Өз көңілімді барласам дүниенің бәрі дос. Жарқыраған күн де дос,тұнжыраған түн де дос » деп ары қарай сөзімді жалғастырып жүре бердім. Бірақ «әдейі істедің» деп, Жүмагүл бетімнің отын шығаратын болар деп қатты қобалжыдым.Сөйтсем Жұмагүл етегінің найзаның ұшымен көтеріліп кеткенін байқамапты да.

Бұл 1969 жылдың көгілдір көктемі еді. Сол кезде «Қыз Жібек» фильмін түсіруге дайындық қызу жүріп жатқанын естігенбіз. Тағы да ойламаған жерден біздің курсқа Болат Шыманов деген кино режиссері келді. Ол біздің қойлымды көрген екен. Бірден жоғарыда аттары алғаш айтылған біздерді фильмге түсуге шақырды. Тіпті жалақы, күн сайынғы тамағымыздың шығынын төлейтіндігін, алдағы сессиядан сүрінбей өтетінімізді және екінші курста стипендия алатынымызды да айтты. Мұндай «батпан құйрықтан» кім қашсын, келістік. Деканат режиссердің алдында біздерге жан-жақты қолдау көрсететіндігіне уәдесін берді. Уәде орындалды да. Содан не керек, көңіл көтеріңкі, қалта тоқ, студент үшін рахат өмір басталды.

Бәрінен де сол кездегі қазақ театр, кино өнерінің көптеген майталмандарымен қатар жүріп, жақын араласқанымыз ұмытылмайды.Режиссерлер Сұлтан Қожықов, Виктор Пұсырманов, ел мақтанышына айналған әртістер -- Сәбира Майқанова, Кененбай Қожабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Кәукен Кенжетаев, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков,Фарида Шәріпова, Гүлфайруз Исмаилова,Мүлік Сүртібаев,Қамал Қармысов, бірінші рет киноға түсіп жатқан жас актерлер Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешева, сол кезде оқырман жүрегіне өз стилімен жол тартқан жазушы Асқар Сүлейменов, тағы да басқа көптеген майталмандарды, көріп, олардың қарапайымдылығының арқасында тереземіз теңдей сөйлестік. Тіпті біраз әртіспен түсіру алаңында бірге жүрдік. Жекелеген көріністерді түсіру сәтінде біздің жолымыз Асанәлі мен Әнуар ағамен жиі-жиі түйісе беретін. Бірде Асекеңе ренжіп, жағаласуға дейін барғанымды ұмытпаймын. Кинода Бекежанның қалмақтың шолғыншыларымен кездесіп, жекпе-жекке шақыратын жері бар. Атой салып алдымен мен қарсы шаптым. Режиссердің айтуынша Бекежанның қылыш сермеген сәтінде – ақ аттан аударылып түсуім керек. Найзамды құлауға ыңғайлап, жақындай бергенім де сол еді, Асекең қылышымен жон арқамнан бар күшімен салып жібергені. Ұшып түстім. Орнымнан тұра алмай біраз жаттым. Себебі соққы өте қатты тиген еді.

-Жақсы, тағы да бір қайталап жіберейік,-деген Сұлтан Қожықовтың сөзіне қарамастан аты ойқастап тұрған Асекеңнің жанына жетіп барып;

- Мұныңыз не, қылышпен бар күшіңізбен ұрғаныңыз,- деп дауысымды көтердім.

- Бала, кинода мұндай-мұндай бола береді. Енді қайталамаймын, -деді жай ғана. Алайда екінші ретте де Асекең алғашқысынан жаңылыспады. Бұл жолы оператордың түсіріп жатқанына қарамастан аттың аударылып түскенімен жерге құламай Асекеңе найзаны ала жүгірдім.Асекең атын тебініп кетіп қалды. Әлден соң жаныма жайлап келіп;

- Сен ашуланба, нанымды болмаса киноның әсері болмайды. Бір сәт ауырғаннан ештеңең кетпейді. Өнер үшін қажет десең мерт болуға дейін барады,-деп қолымды алып, арқамнан қақты. Амалсыздан арқамды үшінші рет тосуыма тура келді... «Қыз Жібекте» шынайы, сұлу көріністер өте көп. Өйткені, ондағы әртістің барлығы да қазақ өнерінің ерекше тұлғалары еді.

«Қыз Жібек» фильмін көрген сайын бірнеше оқиға есіме түседі. Мамырдың 20-сы күні 20-ға толғанымды Күрті өзенінің бойында, түнде, алаулаған оттың жанында қазақтың театр-кино өнерлерінің марқасқаларымен бірге атап өттім. Олардың көпшілігі маған ақ тілектерін айтқанын қалай ұмытайын. Әсіресе Әнуарбек Молдабеков көкем мені көкке көтере сөйлегеніне қатты қысылғаным бар. Виктор Пұсырманов мені «үлкен актер болады» дегенін сол сәтте түсінбей қалғанмын. Сөйтсем режиссер сөзінің астары бар екен ғой...

Киноға түсуіміз үш-төрт айға созылды. 1969 жылдың қазан айынан бастап оқуымызды қайта жалғастырдық. Келесі жылы фильмнің тұсауы кесілді. Киноны көріп, мәз болып шығып келе жатқанымызда мені Виктор Пұсырманов ұстап алып; «Сенімен әңгіме бар» деп, жеке алып шықты.

- Жігітім, сен маған қатты ұнадың. Менің ТЮЗ-де бас режиссер екенімді білесің. Әңгіменің қысқасы мынау- сен журналистиканы тастап консерваторияның актерлер даярлайтын факультетіне оқуға түсесің. Өзім ауыстырамын. Оқи жүріп менің театрымда ойнайсың,-деді. Дауысында сенімділік пен өктемділік бар. – Сен мынау деген мықты актер боласың. Оған сен! Ол бас бармағын көрсетті.

Мұндай әңгімені күтпеген мен таңғалғанымнан не айтарымды білмей абдырадым да қалдым.

-Жарайды, мені кісілер күтіп тұр. Ертең театрға кел! Тағы сөйлесеміз,- деді де менің жауабымды күтпестен бұрылып жүріп кетті. Виктор ағаның ұсынысын жігіттерге айтқанымда олар екіұдай болып айтысты. Бірі «ауыс» десе, екіншілері «ауыспа» дегенді айтты. Не керек осындай текетірес менің өзімде де болып, бір ай жүрдім. Ақырғы шешімді апам кесіп айтты: «Басында «журналист боламын» деп екі жыл колхозда жұмыс істеп барып, түскен оқуыңды тастама. Әртіс болуға жастың шектеуі болмаса керек. Кейін көрерсің» деді. Апамның айтқанына мен көндім, Виктор аға маған көпке дейін өкпелеп жүрді. Соған қарамай екі жыл бойы ТЮЗ-дағы барлық қойылымдарды тегін тамашалауға жағдай жасады. Мүмкін мені театрға осылай қызықтырғысы келді ме?!

Жастық шақта есте қалатын жақсы істер көп. Студенттік шақ ең тамаша уақыт! Ал қазақтың маңдай алды әртістерімен өткізген сол бір кезең мен үшін алтын белес сияқты...

2005 жыл.


ОРАМАЛ
«Анаң кетіп барады» деген әйеліме де қарамай орнымнан ұшып тұрдым. Той дастарханынан кетіп бара жатқан екеудің соңынан қуғандай жылдамдата жүрдім, «жүрдім» деп айту болмас «жүгірдім» десе де болады. Шынын да жүгіріп келе жатқан көңілім, ал аяғым байланып қалғандай.Олардың жүрісі жылдам сияқты, әлде не нәрсеге асыққандай. Той иелерінің: «Ерте қайттыңыздар ғой, отырмайсыздар ма? Қазір тойбастар болады» деген сөзді құлақтарына да ілмей жылдамдата жүргендей. «Апыр-ай, машинаға мініп кетіп қалмаса жарар еді» деген ой сарт ете қалды. Артынша «кетсе кете берсін, бұл кездесуімді апам байқұс біліп қойса не дейді?! Мұндай соққыны жүрегі көтере ала ма?! Ыстығыма күйіп, суығыма тоңған асыл апам тумағаны ғана болмаса аналық мейірін төкпеген адамның құшағына кіруімді қаламасы анық. Тіпті қызғаныштың қызыл иті шабалап шыға келсе не болады?! Өмірі кездеспеген, өзі бір рет те іздеп келмеген анасымен кездескеніне қалай ақталады? Керек пе еді осы кездесу? Апам мені өзгеден кем мәпеледі ме? Керек десе неге анасы іздемеген? Жиырма екі жылдан бері жүрегі бір рет тұла бойы тұңғышына неге мейірленбеген?! Солай бола тұра неге мен іздеймін? Ауылы да алыста емес мына тұрған Головачевкада екен ғой. Осындай үзік-үзік ойлар бойымды билеп алғанына қарамастан жүрісімді жылдамдата түстім. Тап қазір, санаулы минуттардан кейін арманымның асқарына айналған анамды көремін. Тілдесемін. Қандай адам екенін білемін.

Бұл күнді өмір бойы күтпеп пе еді?! Енді не демекпін, не айтпақпын?! Өмір бойы... Ес білгелі «Әке-шешемді бір көрсем» деген арман ойдан кеткен емес. Анда-санда ауылдастары басынан сипап: «О... сорлы тірі жетімек, сенің әкең де, шешең де бар» деп бір мүсіркесе, енді бірде: «Шешеңді көрдік, інілерің де, қарындастарың да бар. Шешең байқұс момын ғой, бізден сен туралы сұрауға да батпады» дейтін. Осылай деп айтқандарды иттің етінен жек көріп, екінші оларға жақындамауға тырысатынмын. Сол кезде «жетім» деген сөзден артық жаман сөз жоқ деп ұқтым. Тасаға барып, көз жасыма ерік берген кездері мені тастап кеткен әке-шешемді де жек көріп, оларға іштей жаман сөздерімді айтатын кез де болатын. «Бір көрсем» деген арманымнан бас тартатынмын. Бала қиялмен мен Әміртай атам сияқты ферма меңгерушісі болғанымда алдыма жалынып келуін тілейтінмін. Кейде мені «жетім» деп айтқандар туралы апама айтып, жылайтынмын. Мұндайда апам мені бауырына қысатын. Жанарын тұмшалаған жас әжімді ақ жүзімен төмен қарай сорғалайтын. Осылайша іштен ғана егілетін. Неге апам жылайтынын мен сол кезде түсінбейтінмін. Мені аяған соң жылайды ғой деп те ойлайтынмын. Ер жетіп, ат жалын тартып мінген кездері сол бір сәттерді ой елегінен өткізіп көрсем, өмір бақи жетімдерді жетектеумен, олардың ауыр тағдырларын бойына сіңіргеніне, қажет десеңіз өзі де жетімдіктің тауқыметін тартып жүргеніне налығаны екен ғой. Кейін мектеп бітіріп, еңбекке араласқанымда, оқуға түскенімде «анамды көрсем» деген арманымды жүзеге асыруды көп ойлаған жоқпын. Себебі ол кезде мені ешкім «жетім» деп сөкпейтін. Апам мені «қу жетім» деп зәбірлегендерге айбат көрсетіп, ренішін, тіпті қайрат көрсеткенін де ұмытпаймын.

Бірде бір құрдасыммен төбелесіп қалғанымда ол мені «жетім, жетім, сорлы, бейшара» деп зәбірледі. Мұндайда амалсыз күшке жүгінуге тура келеді. Таяқ жеген құрдасым әкесіне шағымданды. Әкесі мені ұстап алып, құлағымды жұлқылап, шапалағымнан тартып-тартып жіберді. Сытылып шығып, үйге қаша жөнелдім. Әлгі атам мені үйге дейін қуып келді. Жылап келіп апама болған оқиғаны айтып үлгердім. Мені сыбап, қуып келе жатқан ақсақалға апам қарсы ұмтылды. Ұмтылғанда да қолына айырды ала жүгірді.

-Осы баланы да маған көпсініп жүрсіңдер ме?! Жетім жетілмей ме?! Бүгін сабан төсенсе, ертең құс мамықта жатпайтынына көзің жете ме?! Тиіп көр балама, қолыңда өлемін!- деп айырын көтерді. Түсі бұзылып кетті.

-Мынау қайтеді-ей, атаңның көрі? Өзі ғой... өзі, баламды ұрған,-деп, үнемі ауы салбырап жүретін әлгі кісі шалбарын бір көтеріп қойып, бұрылып жүре берді.

Осылайша қайнысына қайрат көрсеткен апам айырды лақтырып жіберіп, мені құшағына алып, отыра кетіп, ағыл-тегіл жылағанын қалай ұмытайын.

Енді міне бір кездері арманым болған анамды көру бақытына ие болу таяқ тастам жерде. Жүрегім тулап, алдымда кетіп бара жатқан орамал таққан екі кісіге жақындай түстім.

-Ана кісілерге «тоқта» десейші!» деп артымда келе жатқан әйеліме жалынышты жүзбен қарадым. Оның жауабын күтпестен; «Аялдай тұрыңыздаршы...» деп жол жағасында тұрған «Жигулиге» жақындап қалғандарға дауыстап, алға ұмтылдым. Олар селт етіп тоқтай қалды да, жалт қарады. Егде кісінің көзі ай сәулесіне шағылысып, жарқ етті. Мен шағылысқан көз жанары емес, кірпіктеріне ілініп қалған жас тамшылары екенін білдім де жүрегім тағы да дір ете түсті. Жылап бара жатса менің осында келгенімді біліп, іштей егілген ғой. Онда неге жолықпай кетіп барады? Жанындағы қызы болар...

-Аялдаңыздаршы, мен анамды іздеп жүр едім...

Неге бұлай дедім? Алдымда тұрғандардың бірі анам, екіншісі қарындасым екенін біліп тұр емеспін бе?! Ұзақ үнсіздік орнады. Байқаймын денемде діріл бар. Екі қолымды қалай ұстау керек екенін білмей дегбірім қашып, үнсіз тұрған екеуге жалтақ-жалтақ қарай беремін. Үнсіздікті жанымызға келген жарым бұзды.

-Бір-біріңізді білмейтін адамдар сияқты неге тұрсыздар? Мына кісі сенің анаң ғой,-деп, табиғатындағы тік мінезіне салып, орта бойлы, басына ақ орамал таққан кісіге көз тастады.

-Шын ба?-деп алға қарай адымдадым. Сауалым тағы орынсыз болды. Менің осы қадамымымды күткендей анам аса бір жылдамдықпен бас салды. Көз жасы менің бетімді жуып жатты. Менде үн жоқ. Не айтарымды, қандай әрекет жасарымды білмей дал болдым. Состиып тұрғаныма қарағанда мен өмір бойы анамның көз жасы мен сүюін ғана аңсағандаймын. Анамның көзжасы мен ернінің ыстық лебін бірінші рет, тұңғыш рет көріп, сезіп тұрсам, есеңгіремегенде қайтейін. Лебі қандай?! Соған масаттанып, анамның құшағында үнсіз тұра бергендеймін. Құлағым шың, жүрегім шым еткендей болды. Бойымды әлсіз діріл билеп алды.

- Кешір, балам. Мен сенің алдыңда кінәлімін... Мен сенің азамат болып өскеніңді, апаң сені өте жақсы көретінін естіп жаттым. Сондықтан да тек іштей тілеуіңді тілеп, кездесуге, іздеп баруға бата алмай жүрдім. Шынымды айтсам сенің сол жақта қалғаныңа да қуанамын. Мен саған бүгінгі бойыңда бар біліміңді де, тәрбиені де бере алмайтын едім,-деген ол бір сәт үнсіз қалды да: - Ертең үйге келіңдер, Боба тауып алады,- деді де бұрылып жүре берді.

Мен тұрған орнымда қалшиып тұрдым да қалдым. Сөзінен аңғарғаным кездесуге дейін не айтатынын, ертең мені үйіне шақыратында бәрін-бәрін шешіп, пішіп қойғандай сезіндім. Анаммен алғашқы кездесуім осылай өтеді деп әсте ойламап едім. Ағыл-тегіл жылауды, кешірім сұрап, жалбарынуды да, қуанғанды, шаттанғанды да күтіп едім. Олай болмады. «Боба» дегені кім? Менің ойымды оқығандай жарым;

- «Боба» дегені сенен кейінгі Болат деген баласы. Біздің тәтеміз қайнысы болған соң, «Болат» деген есімді еріксіз қойған болар, бұрынғы барған жерінде болса да қайнысының атын атағысы келмегені шығар. Мұнысы мүмкін саған деген іштей сағынышы болса керек,- деген топшылауын айтты да, неге екенін білмеймін үнсіз қалды.

Әйелімнің соншама көп білетініне таңғалдым. Осы орайда апамның кейде айта беретін «сені болашақта бұзса әйелің бұзар, сонда маған деген көңілің өзгереді, сүйіспеншілігің де азюы мүмкін. Одан кейін мені тастап, кетуің де ықтимал» деген сөздері ойыма оралды. Апамның айтқаны өмірімде бірте- бірте орын ала бастағанына таңғалдым. Менің осы ойымды сезгендей зайыбым маған тіктеп қарай алмай, ой құшағында отыр. Әлде апамның сол бір сөздерін ой елегінен өткізіп, не істерін білмей дал болып отыр ма?! Шынында да осы кездесу керек пе еді?! Нені іздедім?! Не күттім?! Бүгінгі өмірім жаман ба?! Апам осы уақытқа дейін анамның жоқтығын сездіріп пе еді? Жанымды жегідей жеген осындай сауалдардың көп екеніне қарамастан бойым әлдебір сезім қуанышына толып, бар дауысыммен: «Мен анамды көрдім!» деп айқайлағым да келді. Әйелімдіқұшағыма қысып, көз жасыма ерік бердім..

- Неге жылайсың? Бәрі жақсы,-деген оның сөзіне таңғалып;

-Жылағаны несі? Жылаған жоқпын,- деп көзімді сүрттім.

Біз тойға қайта бармай, осы кездесудің тағы бір бастамашысы, ауылымның азаматы Сүндеттің тойдан қайтуын күтіп, нағашымның, апамның жалғыз інісі Рахманның үйінің артындағы орындыққа келіп отырдық.

Тағы да жаңа ғана болған өмірлік оқиғаны електедім. Ес білгелі сағынып, сарғайып жүргенде асылыңмен кездесудің осылай аяқталуына көңілім толмады. Күткенім басқа сияқты еді. Бірақ шынымды айтсам қалай болуы керек екенін өзім де білмеймін. Дегенмен аптыққан, ортайып жүрген көңілім толмағандай. Соған қарамастан тағы бір сезімнің бұлқынып жатқанын аңғардым. Соған қарамастан бойымда масаттану, марқаю бар екенін де жасыра алмадым.

Осы бір қайталанбас сәтке куә болған көк аспанға қарадым. Жұлдыздар жымың қағады. Самал желмен ақ терек тербеледі. Алыстан қарауытып Қаратаудың сілемі Бурыл көрінді. Шабалап үрген иттің дауысы ауық -ауық естіледі. Күйік асуының арғы жағындағы ауылымды сағындым. Шынымды айтсам «Келіп қалдың ба?» деп еміріне маңдайымнан сүйетін апамды сағындым. Ондай сәтте өмірдің тауқыметінен қатып қалған көңілің босап, мейірің тасып, бойыңа жаңа бір күш келіп құйылғандай болатын сәтті қалайша сағынбасқа. Жаңағы кездесуден ондай ләззаттың ұзаққа созылмағанына ренжідім. Асыл арманым болған анам дәмсіз, еріксіз сүйгендей болды, жанындағы қызынан қысылғандай күй танытты. Жүрегі бар болмысымен елжіремеді, жан дүниесі езіліп жүргенін көрсете, сездіре алмаған сияқты көрінді маған. Кездесуден сондай сәтті күткен мен амалсыздың күйін кешкендей болдым.

«Оған кінәлауға бола ма?! Туған анаң ғой... Өзінің өмір бойғы өкінішін бір сәтте бір сезімге сидыру, соны көрсету мүмкін емес қой. Неге кінәлайсың?» деген ой да өшіп бара жатқан пілте шамның жарығындай әлсіз ғана сәулеленіп тұрды

Таңға жуық көзім ілініп кетіпті. Түс көрдім. Түсімде апаммен сөйлесіп жүрмін.

-А, Мақұлтай, шешеңді таптың ба?- дейді апам жайдары жүзбен жүре сөйлейді.

-Таптым,- деймін мен жай ғана.

-Енді мен қайтемін?- деп менің жанымнан өте шығады.

-Апа, тоқтай тұршы, бәрін түсіндіремін.

-Білемін, бұл сенің қалауың емес. Сезімің ғой сенің шешеңе апарған,- деп айқайлай сөйлеп, үйді айналып, көрінбей кетті.

-Иә, апа, сезімді қайтем тулаған,-деп мен әндетіп жатып оянып кеттім.

Бұдан кейін ұйықтай алмадым. Ауылға, апама қайтқым келді. «Тұр-тұрлап» әйелімді ояттым.

-Ауылға қайтамыз. Ана үйге бармаймыз.

-Бармағаны несі?

-Қажеті жоқ, бармаймыз.

-Бұл дұрыс емес. Есігінен сығалап тұрып, үйіне кірмесең, қайта айналып соқпағаның дұрыс. Егер сондай шешімді біржолата қабылдасаң ғана бармаймыз,- деп ол екінші жағына аунап түсті. Мен ойланып қалдым. Шынында да келіп тұрып жолығып, сөйлеспегеніміз, кімнің кім екенін білмегеніміз дұрыс болмас. Не де болса тағдырдың жазғанынан көрейік. Барғанда да көкейдегі барлық сауалдарымды, ішімде запыран болып қатып қалған шерімді ақтарайын. Оны арқалап жүре берудің өзі ауыр екенін түсіндім де, үн қатпастан орнымнан тұрып, сыртқа шықтым.

Анаммен тағы жүздестік. Бірақ көңілім алғашқы кездесудегідей тасымады. Өзімнің салқынқандығыма таңқалдым. Өйткені ойымда тек апам тұр еді. «Апаммен жолыққанда не айтамын?» деген сауал бір сәтте ойымнан шығар емес.Сондықтан кетуге асықтым. Алайда енді араласып тұруға уәделесіп, кешке қарай қоштастық.

Қас қарая ауылға да жеттік. Көшенің екі қапталында тұрған ауылдастарымның алдында кінәлі адам сияқты қаймыға қарап, жәй ғана сәлем беріп келем. Әйелім болса иіліп сәлем жасаумен әуре. Үйге жеткенше осы, бейне бір рентген сәулесінен өткендей боласың. Бақырайып, бірінші көргендей тесіліп қарап тұрғандар. Кейде осы бір ыңғайсыз көріністен қашу үшін көшенің сыртымен жүруге тура келеді. Үйге жақындаған сайын жүрегімнің дүрсілі жиілеп, «апама не деймін?» деген ой мазалайды. Апама менің анаммен жолыққаным туралы хабардың өзімнен бұрын жеткенін анық сезіп келемін. Тойға біздің ауылдың адамдары көп қатысқанын көрген болатынмын. Олардың мұндай жаңалықты жеткізбей қалуы мүмкін емес.

Үйдің бұрышынан шыға келгенімде ауланы жусан сыпырғымен сыпырып жүрген апам көзіме оттай басылды. Сірә апам біздің келуімізді күтіп тұрған болу керек, бізге жалт қарады да қолындағысын тастай салып, мені құшақтай алды.

- Жалғызым Поланыма серік бола ма деп едім, «жақыны көп жасқанбайды» деп еді, бір-біріңе серік болсын деп едім, өз қолың аузыңа жеткенде шешеңді тауыпсың ғой... деген апам дауыстап қоя берді. Нені күтсем де апам дауыстайды деген санам түгіл ойыма да келмепті.

- «Апа, дүние айналып жерге түссе де маған Сізден артық ана табылмас. Мен мәңгілік Сізбен біргемін. Тәтеме айнымас серік, бауыр, іні боламын. Апа, кешіріңіз. Менің қылығымды қызығушылық деп қабылдаңыз. Жәй көргім келді. Қандай адам екенін білгім келді.».. деп ішімнен егіліп тұрсам да, бұл сөздерімді сыртқа шығара алмадым.

Апамның осылай сөйлейтінін жобалап, оған алдын ала іштей айтар жауабымды да дайындап қойсам да үн қата алмадым. Бірақ үн қатпай қалудың ешқандай реті жоқ.

Мен бұдан кейін ақтала сөйледім. Алайда апам солқылдап жылай берді, жылай берді. Апамның осыншама ұзақ әрі қатты жылағанын ес білгелі көрген де, естіген де емеспін, Сәлден кейін апама мен қосылдым. Жылай бердік, жылай бердік...

Сол күні апам екеуміз төсегімізге де жатпай, жылаған жерімізде жатып қалдық. Батылдары жетіп, ағам да, жеңгем де, тіпті әйелім де кіре алмады.

Оянсам таң қылаң беріп атып келеді екен. Апам орнында жоқ. Сыртқа шықтым. Апамды іздедім. Қора жаққа бардым. Соңғы жылдары Рахыманбек ағам колхоздың қойын бағып, тәтем Болатбек мұғалім болғалы қорамызға мал біткен. Бие де, сиыр да, қой-ешкі де бар. Апам сиырды сауып болып енді орнынан тұрып келеді екен, мені көріп қуанып кетті.

- Оқу деген адамды жеп қояды. Тойып тамақ ішпесең болмайды. Қазір сүт құйып берем, ішіп жібер. Бүгін айран шайқап, май піспесек болмас. Қаладан екеуің де сұп-сұр болып келесіңдер. Аз да болса алып кеткендерің дұрыс,- деп жарқын-жарқын сөйлеп жүріп, ошақтың астына от жақты.

- Апа, Айнаны оятпадыңыз ба, сиырды сол-ақ сауатын еді ғой,- дедім жәй ғана.

- Оған да оңай емес. Күні бойы бір тыным таппайды. Оның үстіне колхоздың жұмысына барады.

Бұдан кейін апам үйдің жағдайын әңгімелеп, өзінің аяғы ауырып жүргенін айтты. Біздің демалыстың уақыты бітіп қалғанына өкінішін білдірді. Кешегі жабырқау көңілдің ізі де қалмапты. Салдырлап сөйлеп жүр. Дауысында бұрынғыдай маған деген мейірім бар. Мен соған ерекше қуандым. Апам екеуміз әңгімелесе жүріп құлынды байладық.

-Ел ойлайды бие сауу оңай деп, қайдан оңай болсын. Таңертеңмен тұрып құлынды байлауың керек. Одан соң жем беріп, бағуың қажет. Жылқының көңілін тапсаң ғана иеді, әйтпесе, сіресіп тұрып алады. Жылқы дегеніңіз қасиетті жануар. Көлеңкеде ұстап, құлынын алыстатпай, сүйіп жейтін тамағын бере білсең, жарықтық барын аямайды. Ал қымыздың иін қандыру, бабына келтіру өзінше бір мектеп.

Мұның бәрін бала кезімнен біліп өссем де, апамның әңгімесін зейін қоя тыңдадым. Көңілді дауысын естіп, жүрегім орнына түскендей болды. Көңілім жадырады. Апамның мейіріне шомылып, аунап, қунап, ауылдың қызықтарын тамашалап, құрдастарыммен бірге болып, көңілді кештер өткіздік. Алматыға қайтатын кездің қалай келіп қалғанын да байқамадық.

- Айналайын, Мақұлтай, кім болса да, қандай болса да ананың аты ана! Оны ешнәрсеге айырбастауға болмайды. Сенің жүрегіңнің лүпілін сеземін. Оны жазғыруға шамам жоқ. Өзің білесің жеті - сегіз құрсақ көтергенмін. Содан бір бала-Полантай ғана қалды. Алла Тағаланың қалауымен қызым мен ұлым ер жетіп қалғанда айырылдым. Бұл заманда серіксіз өмір сүру қиын. Қазақ үшін әрқашанда баладан бауыр қымбат болған. Сені Полантайымның бауыры, серігі болады деп әлпештедім, өсірдім, бақтым, қақтым. Әлім келгенше тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмауға тырыстым. Ол қандай болды, жаман ба, жақсы ма алдымен бір Алла, одан соң өзің білесің, - деп сәл үнсіздіктен кейін сөзін қайта сабақтады. -- Көз – көңілдің айнасы. Мен көзіңнен көріп тұрмын қиналғаныңды.Қиналма, балам. Мен бәрін түсініп отырмын,- деген апам жанарына келіп қалған жасты орамалының ұшымен сүртіп,тағы үнсіз қалды. Әлден соң орнынан тұрып, төсегіне барды. Апамның ағаш төсегі ерекше әдемі әрі сәнді. Бояуы оңбайтын төсегінің жанында жүк аяғы мен кебеже, сандығының сәні керемет. Қатты ағаштан ойып жасаған жасауын апам жұмасына бір рет сүртіп, төркінінен келгенін айтып отыратын. Сәнді де, салтанатты. Ондай жасау ешкімнің үйінде жоқ болатын. Апам бұл жиһаздарына аса бір ыждаһаттықпен қарайтын. Сол төсегіне барып, жастығын көтеріп, астынан ораулы бір затты алып, орнына қайта келіп отырды. -Мынаны Жауһар шешеңе бер, менен деп айтарсың? Сені шығарып салуға келетіні анық, сонда берерсің, - деп орауды жазып, аппақ орамалды менің қолыма ұстатты.

...Автобус орнынан жылжи бастады. Мен анама қарадым. Қолындағы орамалды қос қолдап кеудесіне қыса түсіпті. Жасқа толған жанары жылт -жылт етеді. Мен бірте- бірте анамнан емес ақ орамалдан алыстап бара жатқандай болдым. Түстей болған күндерімнің қимас белгісі анамның құшағындағы сол ақ орамал сияқты.

«Апам неге орамал беріп жіберді? Сол арқылы нені меңзеді?» деген ой санамнан шықпай қойды. Апамнан оның мәнін сұрамадым да, сұрағым да келмеді. ,Ақ орамалдың мәнін сұрағанымда жаны жәннатта болғыр жарықтық айтатын ба еді, айтпайтын ба еді, оны бір Алла ғана біледі. Апамның сол әрекетін әлі күнге дейін сан саққа жоримын. Бірақ әлі осы күнге дейін оның нақты жауабын тапқан емеспін.

2009 жыл.

ГАЛСТУК
Желтоқсан көтерілісі туралы еске алғанда 1986 жылдың 16-18 желтоқсанында Алматының алаңдары мен көшелерінде өткен оқиғалар мен бірге галстук таққандар айналасында айтылған сөз есіме түседі. Есіме түседі деймін-ау, жадымнан ешбір шығар емес десем өтірік болар едім.Ол кезде мен Алматы Жоғарғы партия мектебінде тыңдаушы едім. Сол жылдың қараша-желтоқсан айларында «Қонаевты орнынан алады екен» деген сөздер жиі естіле бастады. Бізді сол кезде бір нәрсе ғана толғандырды: «Қонаевтың орнын кім басады?». Бұл сауалды бір-бірімізге қоюдан жалықпадық. Ақыры 16 желтоқсан күні «Москвадан партияның мықтылары Қонаевты қызметінен босату үшін келіпті» деген сөздер тыңдаушылар арасына тез тарап кетті. Пленум түске дейін өтсе де ресми хабар берілмей, тек күндізгі сағат үште ғана Москвадан Қонаевтың қызметінен босатылғаны, орнына Колбин дегеннің сайланғаны туралы хабар таратылды.Бұл өзі партия жарғысының талаптарына қайшы келетін шешім болатын. Себебі Колбин Қазақстан Коммунистік партиясының есебінде тұрмайтын еді.

Түскі ас ішіп, асханадан шыққандар елімізде болған саяси оқиға туралы пікір алмасып, күннің ызғарына қарамастан далада ұзақ тұрдық. Сол айда облыстық газеттердің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушілері бір айлық курста оқып жатқан. Олардың арасында бүгінде елімізге танымал азаматтар да болды. Солардың бірі бұл күнде Парламент депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Алдан Смайыл. Ол ашына сөйлеп, КПСС Орталық Комитетінің шешімі дұрыс емес екенін, мұның ақыры жаман болатындығын да айтып қалды.

-- Бұл не масқара! Қазақстаннан Димекеңнің орнын басатын бір лайықты азаматтың табылмағаны ма?

-- Басқа республикада бұлай істей алмас еді...

-- Басынғаны, қазақты халық деп санамағаны ғой...

-- Мұның соңы жақсылыққа апармайды,-деген сияқты сөздер айтылып жатты.

Түнімен әр бөлмеде бас қосқандар осы тақылеттес әңгімелерді жалғастырды. Таңертең әдеттегідей топ жетекшісі болған соң сабаққа ерте келдім. Неге екені белгісіз сабақтың басталатын уақыты болса да тыңдаушылар кешігіп жатты. Профессор Ораз Баймұратов оқу бөлмесінде ары – бері жүріп, тыңдаушыларды үнсіз күтіп жүр. Жүзі сынық. Осы кезде аудиторияға деканымыз Зейнолла Әйтімов кіріп келді.

-- Сабақ болмайды. Тездетіп клубқа жиналыңдар. ЧП!-деді.

-- Қандай ЧП, не болып қалды? –деп, орнымнан тұрып, деканға жақындадым.

-- Алаңға партияның шешіміне наразы болған жастар жиналып жатыр,-деді.—Арты қан төгуге ұласып кетпесе болғаны,-дегені. Жүрегім зырқ ете қалды. Онда жағдайдың мәз болмағаны ғой. Профессор Ораз Баймұратов бізден сабақты сұрамаса да қатысып отырған 5-6 тыңдаушыға «5» деген баға қойып, жорналға қолтаңбасын қойып, маған берді де жайлап шығып кетті.

Мектептің клубына тыңдаушылар лық толыпты. Төрде орталық партия комитетінің және біздің мектеп коммунистері есепте тұратын Фрунзе аудандық партия комитетінің жауапты қызметкерлері жайғасыпты. Кім екені есімде жоқ, біреуі орнынан тұрып сөйлей жөнелді.

-- Партияның шешімімен келіспейтін бір топ жастар Брежнев алаңына жиналып жатыр. Сендердің міндеттерің солардың ортасына кіріп, топты таратуға күш салу. Олардың арасына тек қазақтардың ғана барғаны жөн. Ұлт саясатын түсіндіріңдер. Жағдайды ушықтырмауға күш салыңдар. Болды. Тез барыңдар,-деді. Біз мектептен шықанымызда сол еді, қолдарында ұрандар жазылған траспаранттары бар, сап түзеген жастар біздің алдымыздан өтіп, бұрынғы Ленин көшесімен төмен қарай кетіп бара жатты. Бізде солардың артынан ілестік. Араларына кіруге бата алмаймыз. Қолдарында пролетариаттың көсемінің портреті, ұлт саясатына байланысты сөздері жазылған плакаттар. Анда – санда «Қазақстанға -- қазақ басшы!» деп ұрандайды.Сапты бұзбайды. 28 панфиловшылар саябағына қарай екпіндей жүрді. «Россия» дүкенінің алдына келгенімізде шет жақта кетіп бара жатқан тәпене бойлы жігіттің қолынан ұстай алып; «Қайда барасыңдар, талаптарың не?» деген сұрақ қойып едік, жас бала бізден қаймығып, бүгжеңдей бастады. «Студенттерге барамыз, олар да бізге қосылады. Олардың жатақханалары осы маңда көп» деді. Жанымда тұрған қызылордалық Берік атты жігіт тағы да сұрақтар қоя бастап еді, саптан сұңғақ бойлы, әдеміше келген жігіт біздің жанымызға келді де; «Сендер кімсіңдер!» деп дүрсе қоя берді. Біз үнсізбіз. «Жүр кеттік» деп тәпене бойлы жігітті жетектей жөнелді. Әлден соң бізге жалт қарап; « Сендер бізге қосыласыңдар ма?» деп сәл үнсіз қалды да, жауабымызды да күтпестен бар дауысымен күліп; «Е..сендер галстуктің құлы екенсіңдер ғой... Сендейлер бізге қосыла алмайды!» - деп бұрылып жүріп кетті. Біз не дерімізді білмей тілімізді тістеп, состиып қала бердік...

Шындықты айтты. Тауып айтты. Біліп айтты. Бұл жерде желтоқсаншы азамат партияға шексіз,соқыр қызмет ететіндер туралы айтып отырғанын біз жақсы түсіндік. Шынында да галстук таққандар бұл шеруге қатыспады. Жастардың қатарында ондайлардың жүрмегені анық. Желтоқсанның сол айтулы күндері бүгінгі таңда қазақтың маңдай алды азаматымын деп жүргендердің біразы жастарды райынан қайтару үшін теледидардан, радиодан, алаңға шығып, дауыс күшейткішпен сөйлеп жатты.

Ол күндері біраз шындықтың беті ашылды. Жоғарғы партия мектебінің терезесінен біраз адам шеруге шыққандарды қарап тұрдық. Партия тарихынан дәріс беретін соғысқа қатысқан ардагер; «Бұлардың бәрін пулеметпен қыру керек!» дегені. Біз оған жалт қарадық. Осы кезде ақтаулық Заря атты қарындасымыз ардагердің жанына жетіп барып; «Не деп оттап тұрсың, фашист па едің.Мұның бәрі сен сияқтылардың ұлт саясатын дұрыс жүргізбегендеріңнің салдары»,- деген ол қалш-қалш етеді. Терісіне сымай әзер тұрғанын біз анық байқадық. Мұғалім не дерін білмей бұрылып кетіп қалды. Бұл бізге «интернационалистпіз» деп тәлім беріп жүрген ұстаздың бетпердесі еді.

17 --желтоқсан күні екі жақтың текетіресі болды. Орталық партия комитетінің үйін қоршаған милиционерлер мен әскерлерге жастар екпіндей келіп, тас лақтырады. Жастар алаңда ойламаған жерден пайда болған милицияның бірнеше жеңіл машиналарын төңкеріп тастап, мұзда сырғанатып жүр. Су шашу үшін өрт сөндіру машиналары да қаптап кетті. Біз алаңның ортасында тұрған жастарға жақындай түсуге ұмтылдық. Айнала жарқ-жарқ етеді. Суретке, таспаға түсіріп жатқандар кешке қарай көбейді. Ол күні алаңға жиналған жастар Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін шарықтатты.

Ойламаған жерден досым, курстасым, Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінде жұмыс істейтін Нұрмахан Өзбековпен бетпе-бет келіп қалдым.

--Амансыңдар ма? Дәметкен қайда? Жүрсіннің (Ермановты айтады) Кубаға кетіп қалғаны да дұрыс болған. Екеуі де намысшыл, өктемдікке төзбейтіндер ғой. Есіңде ме, баяғыда Қостанайда ауыл шаруашылық жұмысында жүргенімізде бізді қорлап, ұрып-соққан, ұлттық намысымызды таптаған орыстарға тойтарыс беруге Дәметкен мен Жүрсін бастап шыққаны?.. Кім білсін, бастары бәлеге қалама деп жатқаным ғой... Мыналардың беттері жаман, 7-8 қаладан арнайы дайындықтан өткен солдаттарды жеткізіп жатыр. Үндеместер қаптап жүр. Олардың жастарды арандатуы әбден мүмкін. Орынсыз шығын бола ма деп қорқамын. Өзің де сақ бол. Қазір ғана ауруханада жатқан милиционерлерге тамақ апарып келдік. Бір қызығы милиционерлер күні кеше ғана баррикаданың екі жағында тұрған жастармен тамақтарын бөлісіп жатқанына таңғалдым... Қайтейік енді, іш қазандай қайнайды. Миллиционердің басым көпшілігі қазақтар ғой ... Амалсыздан тұр бұл жерде,-деп ол асығыс екенін айтып кетіп қалды. Жалпы сол бір күндері милиционерлер арнайы әскери топтармен қақтығысып қала жаздағанының да куәсі болдық. Жөн-жосықсыз жастарды сабап жатқандарға қазақ милиционерлері араша түсіп, оларды жазадан құтқаруға ұмтылғанын да көрдік. Ерекше айтатын бір нәрсе сол күндері қыздардың намысқойлығы алаңға барған көпті таңғалдырды.

18 - желтоқсан күні түске таман мұздай қаруланған үстеріне ұзын ақ тон киіп, тұла бойын пластмасс қалқанмен жапқан солдаттар алаңдағыларды резинка сойылдармен ұрып қуа бастады. Біздің жанымыздағы Фрунзе аудандық партия комитетінің нұсқаушысы; «Қашпаңдар, әйтпесе таяқ жеп қаламыз» деді. Қарымызға байланған қызыл шүберекті түзетіп тұра бердік. Тез-ақ алаңның опыр-топыры шықты. Шыңғырған дауыстар мен солдаттардың керзі етіктерінің тасыры... Құлаққа «Елімайға» басқан жастардың дауыстары талып естіледі. Алдымен қаша алмай қалған қыздар таяққа жығылды. Есінен танып құлағандарды аяқтарынан сүйретіп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғимаратына тоғытып жатты. Ешкімді аяған жоқ, қазақ болса болды сабай берді. Алаңның сыртында оқиғаны бақылап тұрғандар алаңдардағыдан он-жиырма есе көп болатын. Олар да таяқ жеді. Қарыларына қызыл мата байлап алып; «Біз үгітшілерміз» дегендердің арасындағы қазақтар да таяққа жығылды. Бұдан кейін біз де тырағайлап қаша жөнелдік. Резінке сойыл бізге де тие бастады. Солардың бірі шымкенттік журналист Слам Нұрмағанбетов болды. Оның басы жарылып, бетін қан жауып кеткенде шарасыздықтан жарылып кете жаздадық. Шеткерек үйдің тасасына келгенімізде бір топ қыздар келіп бізге тығылды. Бірінің басы қанаған болса, кейбіреулері ақсаңдап жүре алмайды. Аяп кеттік. Төрехан Рамбердиев боқтап жүр. Жерлесі Сламның басынан аққан қанды сүртіп, балағатын жалғастыра берді. Әлден соң бізбен бірге қашып келе жатқан қыздарға жалт қарап; «Айналайындар-ай, сендер неге жүрсіңдер, өліп қаласыңдар ғой. Мыналар ешкімді де аямайды» деп оларды қалқалай жүгірді. Тағы бір тыныс алғанымызда; «Ағатайлар-ай, біздің жанымыз жігіттерден артық па?! Ер –азамат болмаса мына дүние бос емес пе?!» деген талдырмаш аққұба қыз ызадан жылап жіберді. Біз «әзірейлілерден» тағы қаштық...

Желтоқсан көтерілісінің тағлымы мол. Желтоқсан көтерілісінен кейін іле-шала демалысқа ауылға келгенімде апам сол оқиға туралы тебірене сөйлегені әлі есімде.

-Партияларыңнан таяқ жеп, жапа шеккендер көп болды ма? Кім күшті болса соның киіз қазығы жерге кіреді. Баяғыда осы ауылдың айналасын қоныстанған келімсектер қолдарындағы мылтықтары мен қолдаушыларына сеніп бізге көрсетпеген қорлықты көрсеткен. Соларға бір ғана азамат қарсы шығып, мерт болған. Оны өзге емес қандастары орыс мұжықтарынан қорқып ұстап берген. Радиодан естіп отырмын өзімізді өзіміз жамандап жатқандар көп. Ол жаман әдет. .. Апамның сөзімен іштей келістім. Бірақ, ең бастысы сол кезде халқымыз сырттай бұғып қалғанымен іштей қайралды, шыңдалды, бұлқынған жүрек азаттыққа ұмтылды.Бұқпай, қазақтың қайсар мінезін көрсеткендер де болды. Оны сіз бен біз жақсы білеміз. Желтоқсан ызғары басылған сайын «Мен желтоқсан көтерілісі кезінде былай деп айттым, мен істедім» дегендер көбейді. Біз оларша айта алмаймыз.Партияның қолбаласы ретінде алаңда болдық. Өкініштісі тек сырттан бақылаушы ғана болып жүрдік. Үгіт те, насихат та жүргізбедік. Бірақ жастар орынсыз құрбан бола ма деп қорықтық. Ол орынсыз да емес еді. Жұбайым сол кезде Алматы шеттілдер институтында еңбек ететін. Оның кабинетін үндеместер студенттерді тергеу орнына айналдырған болатын. Сондықтан да ол партия жиналысында жастарды орынсыз жазғырып, қорқыту, бопсалау болып жатқанын ашық айтқан пікірі үшін сөгіс алғанын, кейінірек қудалауға түскенін отбасымыз ұмытпаймыз. Қонаевтың қызметінен алынғанына қуанғандарды да, Колбинді жерге сиғызбай мақтағандарды да көрдік.Ұлттық салт-санамызды орталық газеттер арқылы жамандағандар да, «оқу орындарында қазақтар, оның ішінде оңтүстіктер көбейіп кетті» дегендер де жер басып, тәуелсіздік әкелген өмірдің рахатын көріп жүр. Ал қиындықты мойынымен көтергендердің біразы «мен істедім» демей өмірден өткендер де бар. Солардың бірі – Жезқазған, Жамбыл облыстық партияның комитеттерінің идеология жөніндегі жиырма бес жыл хатшысы болған Жылқыбай Аралбаев. Ол зейнетке шығып, еңбек етіп жүргенде оның ұлт мәселесі жөніндегі кейбір көзқарастарын ұлтшылдыққа балап, орталық газеттер жарыса жазып, күйе жағуға ұмтылды. Ол туралы «Првда» газетінде «Ескі байланыстар» атты мақала жарияланып, оның «ұлшыл» көзқарасы «әшкерленді». Жамбылға көшіп келген соң Желтоқсан көтерілісінен кейін жазықсыз сотталған Асанбай Асқаровты құтқару комитетін құрып, облыстық газетке сол кісінің бастамасымен ақын Жақсылық Сәтібековке азаматты ақтап мақала жаздырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Ол ел аналары мен аталарына айналған бір топ жамбылдықтарды алға салып, Асанбай Асқаровты жабылған жаладан ақтап алу үшін Алматы мен Бішкекке әділдік іздеп барды.

Сол бір ызғарлы күндер алыстаған сайын, тәуелсіздіктің туы желбіреген сәтте жаңаша ойлау, жаңаша ой қорыту қалыптасты. Желтоқсан тағылымы бойымызға отансүйгіш, халқымызға өктемдігін жүргізуге ұмтылған өзгеге кеудеңді бастырмау қасиетін құйса қандай ғажап!

1995 жыл.


БИЛІКӨЛ
Апам екеуміз қой қайтарамыз деп жүріп Қаратаудың биік- биік жоталарын, терең-терең шатқалдарын артқа тастап, ылди анық көрінетін биікке көтерілгенімізді де байқамай қалыппыз. Арқамызды батысқа беріп, ылдиға қарап, үнсіз иығымыздан демалып отырмыз. Көк шалғынға мамырлаған қой да ырс-ырс етеді. Сабақтары төмен салбыраған сасыр да, жапырақтары кішігірім сыпырадай жерді жауып жатқан рауғаш та, жаңадан көгеріп келе жатқан раң да самал желмен ырғалады. Апам басына таққан қос орамалдың біреуін алдына жайып жіберіп, бесін намазын оқи бастады. Әдемі әуезбен ұзақ оқыды. Намаздың арабшасы бітіп, бата жасар тұсына келгенде мен де қолымды жайдым.

- Е... Алла Тағала, жаратқаныңа шүкір. Жетімектерімді аман етіп, ырзық бере гөр,-деп намазының соңын қысқа қайырды. Жайласып отырып, алысқа көз тастады.-Е... жарықтық Билікөлім, Айнакөлім амансың ба? «Өзен жағалағанның өзегі талмас» демекші ел басына қиын-қыстау күн туғанда қарын тойғызып, пана болған Қаратауымның сылқым сұлуы осы Билікөл - Әулиекөл ғой. Осылай деген апам ойланып, үнсіз қалған еді. Мен апамның толғай сөйлегеніне таңғалдым.

Содан бері талай жылдар өтсе де мен Билікөлге келгенде апамның сол бір әңгімесін еске ала беремін. Көлдің суымен беті-қолымды шайып, айдын көлден сыр тартқандай ұзақ үнсіз тұратыным бар. Күйік асуынан сонау Шолақтауға дейінгі аралықта Қаратаудың шығыс жағында Билікөл бастаған кішігірім бірнеше көл бар. Екі Ақкөліңізге жалғасқан Жартас, Күйген, Ащыкөл, Таскөліңіз бен Қызылкөліңіз осы Билікөлден бастау алып жатқандай көрінеді. Себебі үлкені де, суының тұщысы да осы көл.

Алатау мен Қаратаудың мың бұлағынан нәр алып жатқан Билікөл суының емдік қасиеті туралы ертеден-ақ айтатындар көп болған. Теңіз деңгейінен 500 метрдей биіктегі көлдің айналасы суы шипалы бастауларға толы. Буырыл мен Берікқара баурайларынан атқылап жатқан бұлақ суы шынында да ерекше екенін сараптама жасаушылар жиі айтады. Билікөлдің айналасындағы бастаулардан шипалы су өндіргендер де аз болған жоқ. Әулиебастау деп аталатын ортағасырлық қала орнының жанындағы қайнар суы республикаға белгілі. Ал көлдің жағасындағы Қарабастау ауылының нәрі болып отырған бастау суын көпшілік біледі. Мұнда қысы-жазы суын ішіп, шомылатындар бір үзілмейді. Бір ауылға нәр беріп отырған судың шипалық емі туралы сараптау орталықтарынан қорытынды алған кәсіпкер жігіттер шипалы су өндірмек болғанын да ауыл тұрғындары жақсы біледі. Тастай суық, таңдай тамсандыратын шипалы су бір ауылдың нәріне айналған. Осы ауылда сары ауруға ұшыруашылар ілуде біреу болатындығы олар тұтынатын Қарабастау суының тазалығында болса керек.Кезінде ақ сазандары мен бақадай шулаған көп балығы береке басы болғанын да ел ұмыта қойған жоқ.

Ертеректе Әулиекөл деп аталатын Билікөлдің айналасында тарихи орындармен бірге мемлекеттік қорғалымға ие болған сұлу, қайталанбас табиғаты бар. Мәселен Берікқарада ғана өсетін терек, алма, пісте, қызғалдақтың өзгеше түрлері, рауғаш еліміздің Қызыл кітабіне енген. Билікөлдің солтүстігінен келіп құйылатын Асаның тоғыз тарауы, ертеректе бояу өндірген Жосалы, құпиясын бүгіп жатқан сақ қорғандары, сұлулығы мен берекесі мол Шыбықбел мен Ақой, жер асты жолы сияқты тарихи орындардың сыры әлі толық ашылған жоқ. Сыры ашылмаған, Билікөл атауының қайдан шыққаны туралы да тап басып айтуға болмайды. Көлді айналай қонған Ақша, Қойгелді, Қожық, Құттық ұрпақтарының тағдыры көлмен етене.

Аңыз бойынша ертеректе тап осы Билікөлдің жағасында өңірдің билері бас қосып, түйінді мәселелерді шешеді екен. Бұл жерде шешілмей кейінге қалатын іс болмапты дегенді айтады. Тіпті билердің бас қосуында бір-біріне қарсы тұрған елдердің мәселелері де талқыланып, шешімін тауып жатады екен. Билердің дұрыс шешім қабылдауына Берікқарадан соққан самал жел мен көлдің шипалы суы әсер етіпті деген аңыз да бар. Аңыз шындыққа негізделетіндігін еске алатын болсақ көл киесі құдіретті екені анық. Сондықтан да көлдің атауы «Биліккөл» немесе «Билеркөлі» деген сөздің өзгеруінен пайда болса керек. Билікөл Елбасы- Нұрсұлтан Назарбаевты да қызықтырғаны анық. Президент Жамбыл жеріне кезекті бір сапарында Билікөлге келіп, серуендеп, суына шомылған.Премьер-Министрден бастап, талай министрлер қармақтарын салып, балық аулағанын қалай ұмытамыз. Көлдің қасиеті мен қадірін оның адамдарынан да танисыз.

Мен Билікөлді Қарабастаудың нәрлі суын ішіп өскен Бекберді мен Нәзипа Кашкеевтерсіз, Саясудың тұнығын лайламай, қорсында балық өсірген Жылқыбай мен Бегайдың отбасынсыз елестете алмаймын. Олардың кез келген демалушыларды әрқашанда ақ дастарханымен, ақ пейілімен қарсы алатынын талайлар біледі. Олардың ақ дастарханынан дәм татқандарда есеп жоқ. Сондай сәтті күндердің бірінде Бекбердінің дастарханынан дәм татып, көл жағаладық. Қармағымызды суға салдық.

«Аспан айналып жерге түскендей» деп осындай ыстықты айтса керек. «Үп» деген жел де жоқ. Асыл жібек жамылған сұлу келіншектей айдын көл күн сәулесіне шағылысып, жалт-жұлт етеді. Арнауынан асайын деп тұрғандай мөлт-мөлт етеді. Әшейінде су бетінде секіріп ойнайтын аққайраң да тереңге кеткен. Көлді батыстан қалқалап тұрған Қаратау қара тақтаға шаң қонғандай селкеуленіп тұр. Билікөлдің айна жүзі жыбыр етпейді. Қармақ салып, қамыстың тасасында отырғанымызға сағаттан асты, бір де бір рет қалтқы бүлк еткен жоқ. Маған қарағанда шыдамсыздау Мараттың қалайша шыдамы жетіп, тыныш, үнсіз отырғанына таңмын.Бекен (ауылдастары Бекбердіні Бекен деп атайды) мырза көл бетінде аяқ-қолын керіп тастап, бүгінгі қалытқыдай тырп етпей жатқанына да біраз болды. Бекеннің осы бір «трюгіне» таңмын. Денесі ауыр болғанына қарамастан суға батпай осылайша жата беретіні бар. Төртбақ, шомбал болғанымен бәрімізден жылдам. Денесінен оның күші тасыған азамат екенін жазбай танисыз. Жасы елуден асса да, екі қолымен жүргенде ондаған метріңізді артқа тастайды. Соған қарамастан жаны нәзік, жүрегі жұмсақ,қоңыр дауысымен домбыра тартып, жырдан маржан терген. Жазған өлеңдері жүрек тербейді.

-Беке, жата бересің бе? Әлгі пәлеңнен құймайсың ба? Өзің айтушы едің ғой шөлді осы басады деп. Шөлдедік,-деп орнымнан тұрып, керілмек болып едім, пластмасс қайық бұлт-бұлт етіп аударылып кете жаздады.

-Мақа, абайлаңыз, қайық аударылып түссе екеуіңізді жағаға жеткізе алмай қор болармын,-деп күлген Бекен қайыққа аса бір жылдамдықпен қарғып мінді де, стакандарды толтыра бастады.

-Қой, бүгін қалтқы қимылдамайды, балықтар тереңге кеткен болды. Масаға жем болғанша желпініп, көлдің ортасына дейін жүзейік,-деген Марат маған қарады.

-Мына қайықпен қайда бармақсың. Оның үстіне түбі жарық сияқты.

- Е... қорқақтарға қос көріне береді,-деп, ескекті қолға алып, бар күшіммен есе жөнелдім. Айнадай жарқырап жатқан көлдің бетін толқындата жүзіп келеміз. Көрініс тамаша. Көңіл көтеріңкі. Үшеуміз де көл бетінде қалықтап келе жатқандаймыз. Ақ шағалалар бізді айнала ұшып, шаңқ-шаңқ етеді.Бірте-бірте ескегіміз есілгенімен қайығымыздың жылжуы қиындай түсті. Көлдің ортасына жақындаған сайын судың қысымы күшейіп, қайықтың кішкене ғана жарығы ыржия бастады. Қайнар бұлақтан су жоғарыға қарай атқылағандай қайық суға тола бастады.

- Мақа, тез қайтуымыз керек,-деп суға секіріп түскен Бекен қайықтың тұмсығын кейін бұра бастады. Алайда суға толған қайықтың белі қайқайып, қатты иілген құрамысқа ұқсап орнынан жылжуы қиындай түсті. –Байқайсыз ба, Берікқараның ұшар басын қара бұлт торлап келеді. Көп ұзамай жел көтеріледі. Тез қимылдауымыз керек. Билікөл еркелікті көтермейді.

Бекеннің мына сөзінен кейін саса бастадық. Марат екеуміз бір-бірімізге қараймыз. Ол да мен де ұзаққа жүзе алмаймыз. Қайық болса суға толып барады. Берікқараның басындағы бұлт қоюланған сайын көл беті жыбырлап, майда толқындар пайда бола бастады. Бағанағы Қаратаудың жүзіндегі селкеу шаңдаққа айналғандай. Айналаға қарап, көмек сұрар адам іздейміз. Сасқанымызды білдірмей Марат екеуміз суды қос алақанымызбен төккен боламыз, ескекті де есе түстік. Теркөйлегімізді шешіп, қайықтың жыртығына тығын еткендей болдық. Жауыр аттың ері жалпазда отырғандаймыз. Қимылдауға қорқамыз. Бір қарасам күні бойы қайықтың түбінде шөгіп жатқан әлгі қалтқыдай су бетіне шығып, мойыны қылтиып тұра қалыпты. Мен мырс етіп күліп жібердім де шап беріп ұстап алып, түбінен бір ұрып, бұрандасын бұрай бастадым.

-Марат, стаканды ұста! Өледі дейсің бе, көрер күніміз болса бұдан да аман шығармыз. Алып жіберейік.

Көл беті қаймақтанып, майда толқындар пайда бола бастады. Бойымызда діріл бар сияқты. Үшеуміз тез-ақ екі айналымда біреуін тауысып тастадық. Бұл қылығымыз сірә, сасқандығымыз болса керек. Болмаса үшеуміздің де ащы суға құмарлығымыз шамалы екенін жақсы білеміз. - Ал енді суға түсеміз де, қайықты аударып, соның шетінен ұстап жағаға шығамыз. Басқа амал жоқ,- деп айтқаным да сол еді; «Ағалар, менің қайығыма мініңіздер» деген дауыс менің сөзімді бөліп жіберді. Жалт қарасақ жанымызда судай жарқыраған қайықпен бір жігіт тұр.

-О... айналайын, қайдан келдің?...

Жүзімізді қуаныш биледі. Қорқыныш қуанышқа қарсы тұра алмады. Жаңа ғана бір-бірімізге білдірмей сең соққан балықтай сандалып қалған көңіліміз толысты, енді қорқынышты әлгінің буы басты. Кекіреңдеп кеңірдек созып; «Бағанағы берлі ағаларыңды азапқа салып, қарап тұрғаның не?» деп зекімесек те зекігендей кердие қалғанымызды жасырып неғыламыз. Бұл қорыққанымызды білдірмеудің әдісі сияқты көрінді. Ішкеніміз батырлыққа бастамай, ірің болғанын да білдіргіміз келмейді.

Табанымыз жерге тигенде судан шыққан балықтай екі иығымыздан демалып, Марат екеуіміз қара жерге етпеттеп жата кеттік. Мұрнымыздың ұшына келген жанымызды шақырып ұзақ жаттық. Әлден соң жағаны соққылаған толқынның күшейе түскенін білгенде тәубемізге келіп, «ағалап» келген жігітті шақырып, қалтамыздағы барымызды беріп, рахметімізді жаудырдық. Ал Бекенге деген ризашылығымыз шексіз.

Иә, Қаратаудың шығыс беткейіндегі көлдердің анасы Билікөл еркелікті көтермейді. «Жердің киесі де, иесі де болады» дегенді ата-бабаларымыз талай айтқан. Ертеден Билікөл мен Майтөбені қазақтар мекендегені анық. Жердің шұрайлысы, шалқар әулие көлі, қарт таудан соғатын самалы әрқашанда жанға да, малға да жайлы. Бабаларымыз жазы аптап ыстық болған да Қошқаратаға көтеріліп, Аралтөбені жайлау еткен. Құтты мекенді жау табанына таптатпау үшін осы өңірдің ұландары алапат күшпен де шайқасып, хас батырларымен жекпе-жекке шығып, жеңіс тойын тойлаған. Ұлы жүзге билігі жүріп тұрғанда Қойгелді батыр Билікөл мен Майтөбені өз ұрпақтарына мекен етіп қалдырған. Киелі жерді жаманнан қорғайтын Берікқарадай дауылды ұлын әрқашанда аялаған, мақтаныш еткен. Сондықтан да болса керек бұл су айдынын «Биіккөл», «Билеркөлі» деп атайтыны. Биіктің басына бұлт үйір болатынын еске алатын болсақ мұнда жадыраған жазда да, қаһарлы қыста да қатты жел тез көтеріледі. Жуалының Қошқаратасынан бастау алатын Берікқараның асау желінің ашуын басатын да осы қасиетті көл—Билікөл.

2009 жыл.



ҚОШҚАРАТА

Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан шыққан кортеж бұрылысы көп қара жолмен Қошқаратаға қарай зулап келе жатып сиқым Рысбек батырдың Ақтасының тұсына тоқтады. Өмекең--Парламент Сенатының Төрағасы Өмірбек Байгелді бастаған ресми кісілер көліктерінен жылдам түсіп, биік жотаға қарай бет алды. Кезінде Жамбыл облысын басқарған Өмекең соңғы жылдары тарихтың тұңғиығынан сусындаумен бірге, өзінің тың көзқарастарын айтып, жазып та жүргенінен хабардар болған соң бұл жерге бекерден бекер аялдамағанын түсіндім. Күздің алғашқы айы болғанына қарамастан Қошқарата жері әрқашанғыдай көкпеңбек. Көк шалғынды кешіп Бөкей тауының биігін бетке алдық. Жуалының аса бір шұрайлы да, құнарлы жері Қошқарата өңірі алақандағыдай көз алдымызда. Жал-жал болып жатқан Ақтастың жоталарының терең сайларының табанында түсі балқыған қорғасындай болып, ирелеңдей ағып жатқан бұлақтар, беткейлерде тұтасып өскен долана мен бетеге, әр жерде топ-топ болып сайраған құсқа сая болып тұрған қара ағаштар осы өңірдің сәні мен салтанаты іспеттес. Биік-биік болып өскен ақселеудің басынан тарқатылған сәлдедей шұбатылған ақ шуда самал желмен жібек сағым тербеледі. Сұлу көріністен көз алмай барлығымыз бір сәт үнсіз қалдық.

-Меніңше осы жерге Шыңғысхан, Жошыхан, оларға дейін де талай Түрік қағандары ат шалдырып, шайқастардан кейін дамыл алып, сұлу табиғатқа көз тойдырып, рахаттануы бекер емес екенігін мына көріністен-ақ анық сезінесіз,-деп үнсіздікті бұзған Өмекең көсіле сөйледі. -Жиһангерлер мен тарихшылар тап осы жерде мүдделердің тоғысулары болып, қырғын шайқастар өткенін, Қара және Ала таулардың түйіскен жерінен бірі батысқа, екіншісі шығысқа қарай ағатын қос өзен бастау алады деп жазыпты. Бір сөзбен айтқанда, бұл өңірдің тарихы тереңде. Бір Қошқарата мен Боралдайдың айналасында болған оқиғалардың, қанды қырғындардың өзі терең тарихқа жетелейді.

Заманалардың тезінен аман қалып, ұлан-ғайыр жерге ие болған халқымыздың даналығын қалай айтпасқа, қалайша мақтанбасқа! Талай халық түп-тамырымен жер бетінен жойылып кетпеді ме?! Біз аман қалдық! Біз Тәуелсіздікке қол жеткіздік! Бұдан артық бақыт бар ма?! Енді жарқын болашаққа жету үшін тарихымызды таразылайтын уақыт келді... Осылай деген Өмірбек Байгелді алысқа көз тастап үнсіз тұрып қалды.

Мемлекет қайраткерінің сөзі мені ой құшағына жетеледі. Туған жердің тарихын зерттемек түгіл білмейді екенбіз ғой. Сол күннен бастап мен Жуалы жері туралы айтылған, жазылған тарихи деректер мен дәйектерге мән беріп, іздестіріп, жинай бастадым. Көктем айларында Жуалының биігіне шығып, табиғатын тамашалауды да дәстүріме айналдырдым. Реті келіп жатса, отбасымды, жолдастарым мен достарым, қонақтарым мен таныстарымның да Жуалы табиғатын, оның тарихи жерлерін тамашалатуды да ұмытпай, үрдіске айналдырдым.

Жуалыны қақ бөліп шығысқа, тау-тасты бұзып, ағып жатқан Теріс өзенінің солтүстік батысындағы адыр-адырлы, қыры мен сайы көп таулы даланы Қошқарата немесе Боралдай өңірі деп атайды. Тарихшылар мен жағрипашылар бұл өлкедегі Үшаша (Үшқоспа, Үшащы), Қостұра, Боралдай. Жолбарысқамал, Ордабасы (немесе Кіші Ордаған, Үлкен Ордаған), Қызтоған, Қалмақ қырған, Күреңбел, Садырқамал, Кәріқорған, Көлтоған, Бөкей тауы, Қоғалы, Ақтасты, Төңкөріс, Қаратас деп аталатын тарихи жер атауларының барлығы да Қошқарата өңіріне жатады. Бұл жерлердің басым көпшілігі Көсегеннің көк жолының бойында жатыр. Қырғыздың Күркіреусуынан жететін жол Бақатейді, яғни, Бақаатаны қиялап өтіп, Аралтөбе, Қошқарата арқылы Шаянға, одан әрі Бетпақдаланы басып, Ұлытауға жетеді. Жер аттарынан-ақ ел тарихын тұспалдауға болады. Ол туралы кейінірек. Алдымен осы өңір туралы айтқанда ауызға түсетіні – Қошқарата, Боралдай. Сондықтан да осы жерлерге байланысты ойымызды, білгенімізді тарқатайық.

Жуалы жерінде «ата» деген толықтауышпен аяқталатын үш жер атауы бар. Олар—Шақпақата, Қошқарата, Бақаата. Рас «Бақаатаны» «Бақатый», «Бақатей» деп те атайды. Жуалы жерінен бастау алатын «аталар» Әулиеатаға, одан соң сонау Балқаш көлінің жағасындағы Бектауатаға жалғасады. Жалпы тіл білімінің кейбір ғалымдарының айтуынша «ата» деген сөз бұл жерде жасқа қосылған анықтауыш емес екенін дәлелдейді. Сонымен «Қошқарата» деген атау қайдан шыққан? Бір қызығы осындай атаумен Қырғызстанда, Маңғыстауда аталатын жер аттары бар. Барлығы да Қошқаратаны әулие санайды. «Қошқарата» қой атасы дейтіндер де бар. Бұл жылқы пірі Қамбарата, сиырдың пірі Зеңгібаба сияқты дегенді алға тартады. Алайда қойдың пірін «Шопаната» деп атайтынын еске алсақ бұл атауды малмен сабақтастырудың қажеті жоқ сияқты. Бұл жерде «Қошқарата» деген сөз әулиеліктің, киеліктің, батырлықтың, қасиеттіліктің үлкені, ірісі, биігі деген мағынаны білдірсе керек. Түркі, оның ішінде қазақ батырларының, қолбасыларының дулығаларында немесе ою-өрнектерінде қошқар мүйіздің болуының да осы ойымызбен сабақтасар бір сыры бар.

Ал «Боралдай» сөзінің төркіні туралы жорамал көп. Бірінші- монғол батырының есімі дегенді айтады. Алайда осы өңірдегі Ұзынбұлақ пен Қошқарата, Боралдай мен Қостұрада 1710-1758 жылдары болған жойқын соғыстарға монғол батыры Бұрындай қатыспаған. Ол 1237 жылы Батыйдың Руське қарсы монғолдың оң қанатында 38 мың жауынгерді басқарып, орыс жерін жаулағаны анық. Екінші- бұл қалмақтың боролда деген сөзінен шықан, яғни, «сусыз қуаң боз жота, сусыз боз қырқа» екендігі рас. Ал сөз соңындағы й дыбысы қазақ тіліндегі айтылу ыңғайына қарай қосылған қосымша. Боралдай өңірінің табиғаты осылай екенін ешкім жоққа шығармайды. Қошқарата, Боралдай өңірінің жер қыртысы сусыз боз қырқалар бір-біріне жалғасып жатыр. Үшінші-көне түрік тілінде «бурулдай» деген сөз «күлгін түсті құс» дегенді де білдіреді екен. Осылардың қайсысы бізге жақын? Меніңше, «лай су» дегеннен шыққан деп топшылауға болады. Себебі Боралдай өзені жылдың көп мезгілінде лайланып ағып жатады. Бұл Арыс өзеніне де тән. Өйткені Арыс өзенінің басы Қошқаратаның оңтүстігіндегі Құлан тауынан бастау алады. Өзен арнасы топырағының бос болуы салдарынан өзендердің басы әрқашанда лайланып ағады.

...Тағы да жолға шықтық. Қошқарата ауылына келген соң «аттарымызды» «Джиптер» мен «Ниваларға» ауыстырып, белдерден асып, Сүңгінің сұлу атырабына жол тарттық. Сүңгі терең шатқалды алқап. Осы шатқалдардан бастау алып, Үшқоспада қосылатын, сылдырлай, мың бұралып, қайнар жерін айналып, толғанып ағатын Қошқарата, Боралдай мен Ұзынбұлақ өзендері Қостұраны бетке алады. Ары қарай арсалаңдай, лайланып ағатын Арысқа барып қосылады. Біз сол үшеуі қосылатын тұсқа жетпей қалың тоғайдың ішінде тоқтадық.

Биік-биік алма ағаштардың саясына кең дастархан жайылыпты. «Қошқарата» өндірістік бірлестігінің төрағасы Бесбай Қансейітов қонақтарды дастарханға шақырды. Облыс әкімі Сарыбай Қалмырзаев Өмекеңді төрге оздырды. Өмірбек Байгелдінің көңілі өте көтеріңкі. Бір-екі жылды артқа тастап елге келгені осы. Оның да себебін мен іштей сеземін.

-Елді сағынып қалыппын. Бұрын тәуелсіздік алмай тұрғанда ел мен жер тарихын айтудың, зерделеудің өзі қиын еді ғой. Енді міне, өз тізгініміз қолымызда. Өзімізді өзіміз танып жатырмыз. Әркім туған жерінің табиғаты мен тарихын, азаматтары мен асылын танып жатса қандай ғажап! Біз елдігімізді әлемге таныту үшін алдымен өзімізді өзіміз біліп алғанымыз жөн.

Жамбыл жері тұнып тұрған тарих! Ол тарих еліміздің тарихынан сырт қалмайды. Тап осы жерде талай мүдделер тоғысы болып, болашақ үшін жан беріп, жан алған кездер болған. Сол оқиғалар қазақ халқының қалыптасуына үлкен ықпал жасағаны айдан анық,-деп ойын бір түйіп тастаған қайраткер ағамыз дастарханға бата жасады...

Мемлекет қайраткерінің аталы сөзі мені тағы да ойландырды. Шынында да туып, өскен жер мен ел тарихын білу қажеттілік екені сол сәтте жақсы түсінгендей болдым. Жуалы жерінің тарихына бойлаған сайын Қошқарата өңірінің тарихы мен табиғаты өзгеше екеніне көзім жетті. Қошқаратаны ертеден-ақ қазақтың іргелі тайпасы қаңлы мен Дулаттар мекен еткенін осы жерді Құлан мен Рысбек батырлар қаны мен жанын беріп қорғағанын осы ауылдың тұрғыны Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібай Сұлтанбеков майын тамыза әңгімелеуші еді.

Өмір деген қызық. Мен Әлібай атаның есімін Жезқазған жерінде қызметте жүргенімде қазақтың үлкен ақыны Әбу Сәрсенбаевтың ауызынан естіген болатынмын. Ақын Сәтбаев қаласының жанындағы Рудник кентінде тұратын майдандас досы Даңқ орденінің толық иегері, қарсақпайлық Жақсымбет Үншібаевты іздей келіпті. Ақынның осы сапарында мен ол кісінің жанында екі күн жүргенім бар. Туған жерім Жуалы екенін білген ақын; «Сен менің майдандас досым Әлібай Сұлтанбековтың ауылынан екенсің ғой... Ол Қошқарата деген ауылда тұрады. Анда-санда Алматыда кездесіп тұрамыз. Ұмытпасам поштада жұмыс істейді. Жуалыға жолым бір түспей жүр» деген еді. Сол кезде мен майдангер ағаның аты-жөнін блокнотыма жазып алған едім.

Ақын атын құрметпен атаған Әлібай ақсақалмен бір емес бірнеше рет кездестім. Бірде Қошқарата ауылының ортасында Ұлы Отан соғысының майдангерлеріне орнатылған ескерткіштің алдында ұзақ әңгімелескеніміз бар. Қария сонда: «Мына ескерткішті кім салғанын білесің бе?» деді. Мен білсем де үн қатқаным жоқ. Ол менің жауабымды күтпестен әңгімесін жалғастырды. «Жатқан жері жәннәт болғыр, жарықтық Жұрымбай Медетов деген көкең салдырған. Ол кезде Медетов осы шаруашылықты басқаратын. Атақ-даңқы дүркіреп тұрған. Димекеңнің өзі осында келіп, Жұрымбайдың қонағы болған. Кейін партияның съезіне делегат болды. Сонда бір оңбағандар артынан жамандап Мәскеуге, съезге арыз жіберген ғой. «Аққа құдай жақ» деген Жұрымбай съезден қайта ай мүйізденіп келді. Менің айтпағым қайда қызмет істесең де артыңда осындай белгі қалдыр!» Осылай деген Әлібай ақсақал ескерткіште аттары жазылған ауылдастарымен сырласқандай ұзақ үнсіз тұрғаны әлі есімде. Одан кейін ол Қошқарата әулие туралы әңгімелеп еді. Ақсақалмен көп кездескеніммен ол кісі туралы жазудың сәті түспеді. Оны Ақыртөбе ауылында тұратын майдангер досымен кездестіруді ұйымдастырам деп жүргенімде ол кісі қайтыс болып кетті. Шер аға айтпақшы-- бір кем дүние...

Қошқарата өңірі туралы жазушы Еркінбек Тұрысов ақсақалдан да көп әңгіме естігенім бар. Оңтүстік Қазақстан облысының Балабөгенінде тұратын, осы өңірдің тамыршысы, тарихшысы ретінде талай кітаптар жазған ол Қошқарата алқабындағы Ұзынбұлақтың жотасында Өтеген батыр қалмақтың атақты ұланы Ботхишарды жекпе-жекте жайратқаннан кейін қалмақтар тым-тырақай қашып, Сүңгіге сүңгіп кеткендерін айтып еді Бұл күнде жасы тоқсанға жақындаған жазушы ағаның кітаптарын ақтарғанда Қошқарата өңірінің тарихы туралы көптеген деректерге қанық болатыныңыз анық. «Бәйдібек» атты кітабінде ; «1718 жылдың ерте көктемінде, хан ордасы Түркістанға бет алғанда Хореннің қолына қарсы ашық майданға шыққан Ысты, Ошақты, Сіргелінің Тоғанас, Есіркеп батырларымен бірге Есет батырдың жасақтары Шаян, Боралдай шатқалдарында бір түмен құба қалмақпен алты күн айқасып, он есе басым жауды ойсырата қырып, өздері де түгелге жуық шейіт болған. Тозығы жеткен аңыз әңгімелер осылай дейді... Ел мен Жер үшін жанталас шайқастар 1710, 1712, 1718 жылдары әйгілі «Ақтабанның» қарсаңында осы Қаратау өлкесінде—Бөген, Шаян, Қостұра, Қошқарата, Боралдай өзендерінің торабында өткен еді» деп жазған.

Жалпы тарихи шығармалар жазған жазушылар мен тарихшылар Қошқарата өңірі туралы көп айтқан. С. Сматаев, М. Тынышбаев, Қазбек Тауасарұлы, І. Есенберлин, Қ.Аманжол, А. Тасболатов Қошқарата, Боралдай өңірінде болған шайқастарда ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен батырлар туралы деректер келтіреді. Әсіресе Мұхаммеджан Тынышбаев Қошқарата өңірінде болған шайқаста найман тайпасынан Садыр руының батыры Жомарт тоғыз ұлымен бірге туған жерді жаудан қорғауда ерлікпен соғысып, опат болғанын айтады. Бұл жүрек тербер оқиға кімді болса да бейжай қалдырмасы анық. Боралдай өзенінің Қошқарата, Ұзынбұлақ өзендеріне қосылатын тұсында «Садырмүрде», «Садырсай», «Садырқамал» деген жер аттары найман ұланының ұлы ерлігінің белгісі. Бұл ерлікті Софы Сматаев пен Ілияс Есенберлин де жазды. Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» тарихи трилогиясында осы өңірде ірі шайқастардың болғанын айтады. Кітапта мынандай жолдар бар: «...Шайқас Әбілқайыр мен Бөгенбай батырдың басқаруы Боралдай мен Қошқарата өзендерінің жоғары сағасында болған еді...». Ал белгілі тарихшы, әдебиетші Бақытяр Әбділдаұлы «Төле би мен Қойгелді батыр» кітабінде өздерінің тоғыз батырын жер жастандырған Қойгелдіге қалмақтар өлердей өш әрі кекті еді. Қазақ батырының аз ғана қолмен Жуалыға келгенін естіген қалмақтың жас батыры жасы елуден асқан Қойгелдіні жекпе-жекке шақырады. Батыр орнынан ұшып тұрып,сауыт-сайманын ыңғайлайды. Осы кезде байтананың жас батыры Шоқан ата батырдың алдына тізерлей отыра қалып; «Батыр, жолыңды маған беріңіз» деп бата сұрап алақанын жайыпты. Қойгелді қанша омыраулап; «Өзім шығам, жекпе-жекке!» дегеніне ақсақалдар тоқтау айтып, жолын байтана Садыбай батырдың ұрпағы Шоқанға бергізеді. Екі батырдың шайқасы Билікөлге жақын Асаның бойында өтсе керек. Ақсақалдар Аллаға сыйынып, белдіктерін мойындарына салып, жеңіс тілейді. Сәскеде басталған шайқас шаңқай түсте Шоқанның жеңісімен аяқталыпты. Жеңіске қанаттанған қазақтар қалмақтарға лап қойып, олардың бекінісі болған Қошқарата өңірінен асырып, Қостұраның тұсында быт-шытын шығарып, қырып тастаған. Содан ол жер «Қалмақ қырылған» атанып кеткен. Әрбір төбесі мен қойнауы шежірелі Қошқарата жері талай-талай шайқастар мен жекпе-жектің куәсі.

Осы өңірде ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда ойраттардан туған жерді азат етуде Қошқарата, Боралдай өңірінде болған шайқастармен бірге, басқыншыларға қарсы қазақтардың бірігу сәттері де болған. Қазақтың ел екендігін айқындау үшін халық ұлдарының үлкен кеңестері мен келісімдері осы жерде өткен. Шымкент қаласының маңындағы Ордабасынан басқа Жамбыл жерінде, атап айтқанда, Қошқарата мен Ақыртөбеде (Бірі Тараз қаласының батысында, екіншісі шығысында 60 шақырым жерде орналасқан) «Ордабасы» деп аталатын жерлер бар. М. Тынышбаев қазақ сарбаздары қалмақтарға шешуші шайқастарға дайындық жұмыстарын осы жерлерде өткізгенін айтады. Яғни, екінші Ордабасы Қошқарата мен Боралдай да орын тепкен. Бір-бірінен ара қашықтығы 3-4 шақырым болатын «Үлкен Ордақонған», «Кіші Ордақонған» деп аталатын жер атаулары қазір жалпылай «Ордаған» деп аталады. Осы ордағандардың маңында ерекше көзге түсетін төбе бар. Ол төбеде жалғыз ағаш өсіп тұрғанына да көп жыл болды. Халық әулие санайтын төбенің маңында көпшілік «Сәлделі тас» деп атайтын тағы бір төбені қасиетті санайды. Ол жерге Алладан перзент сұрайтындар күні кешегіге дейін түнеп келгенін біреу білсе, біреу білмейді. Сол Сәлделі тастың жанындағы бұрынғы Кенбұлақ ауылында «Егемен Қазақстан» газетінің президенті, жазушы, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахмановтың ата-бабалары мекен еткенін ауыл азаматтары мақтаныш етеді.

Өңір тарихын зерделей отырып, Қошқарата жерінде талай шайқастар болғанын, бұл өңірге қазақтың талай көсемдері мен батырларының табаны тигенін білесіз. Арттарында мәңгілік сөз қалдырған жиһангерлер мен елшілер, тарихшылар мен жағрапияшылар, ортағасырлық қалаларды тамашалап, ғажаптарын алыс-алыс елдерге жеткізген. Жуалы жерінде Түрік қағандарын айтпағанда Шыңғысхан, Жошыхан, Әбілқайыр хан, Төле би, Жолбарысхан салтанат құрған. Қошқарата мен Боралдай алқабында Бөгенбай, Құлан, Итаяқ, Тоғанас, Есіркеп, Есет, Садыбай, Шоқан, Рысбек, Сеңкібай, Сәмен, Қойгелді, Саңырақ, Қарабатыр, Өтеген, тағы да басқа батырлар монғол, қалмақ, жоңғар, ойраттарға қарсы соғысып, қазақ халқының жарқын болашағы үшін жанын пида етті.

... Адыр-адыр белдерді артқа тастап, тағы да Қошқаратаға келдік. Алдымен аялдаған жеріміз Қошқарата әулиенің кесенесі болды. Дұға оқыдық. Күн жарқырап, бар сәулесін Жер баласына мейірлене төгіп тұр. Дала көрінісі көркем. Жүгіріп қырқаға шықтым. Міне ғажап! Қарсы алдымдағы беткей қызғалдаққа ораныпты. Мұндай қалың, мұнша түрлі түсті қызғалдақ алқабын көрген емеспін. Қып-қызылын айтпағанда, сарысын да, күлгінін де, қызғылтымын да, сарғышын да кездестіресіз. Маған түрлі-түсті қызғалдақтың қалың болып өсуі-- ата-баба жері мен елі үшін опат болғандарға Алла тағаланың мәңгілік құрметі сияқты көрінді. Бар дауысыммен «Қызғалдақтарды жұлмаңыздар!» деп айқайлағым келді. Бүкіл дала қызыл бояуға оранған! Керемет көрініс! Оны мәңгі ұрпақ үшін сақтау керек! Сол қызғалдақтардың саясындағы қозықұйрықтың көптігін айтсаңызшы! Керемет! Кезінде шаруашылық басшысы Бесбай Қансейітұлы табиғат байлығын құтыға салып, дастарханға ұсынған. Астана қаласында өткен Жамбыл облысының бірінші күндерінде Қошқарата жерінде өскен қозықұйрық астаналықтарға ұсынылған болатын.

Жуалының ең шұрайлы да, қасиетті жері Қошқарата туралы танымдық-тарихи мақаламызда толғаныстарды тоғыстыра беруге болады. Дерек те, дәйек те көп. Ләжі болса оны келешек ұрпаққа жеткізу үшін зерттей, зерделей беру керек, Ең бастысы бүгінгі ұрпаққа тарихымызды танытып, туған жердің ғажаптарына ғашық болып өсуіне бастай білсек қандай керемет! Сонда ғана ашылмаған тарихымыз айғақ болып, сұлу табиғатымыз мәңгі сақталады! Батырларымыздың нұры шалқып, мәртебесі биіктеп, есімдері ұрпақтан ұрпаққа жетеді!

1998 жыл.


ЕР ТҰЛҒА

1970 жылдың шілде айында менің үйлену тойым өтерден екі-үш күн бұрын атақ-даңқы алысқа кеткен Тайыр ағамыз бен Үрлікүл жеңгеміз екеуі үйге келе қалды. Апама мән-жайларын айтып:

— Той күні алыс сапарға шығатын едім, сондықтан да балаңыздың тойына ерте келіп отырмын, — деді. Пәкене бойлы, мығым денелі ағамыздың қимылы ширақ. Құрақ көрпенің үстінде мығым отырған аға әңгіме тақырыбын ауық-ауық ауыстырып қояды. Дөңгелек жүзінде үнемі күлкі иірімі тұрады екен. Күлгенде үлкен қой көздері жайнап кететіндігін байқадым. Еркін сөйлейді. Сөзін анық, ойын тұспалдамай жеткізеді. Батырдың үйіне келіп, Мақұлтайы мен келініне ақ тілек айтқанына қуанған апам қонақтардың алдына жайылған дастарханға барын салды. Әшейінде арақ тұрған дастарханға отырудан қашқақтайтын жан апам «тойға» деп әкелген «Старка» деген шөлмектің екі-үшеуін әкеліп дастарханның қақ ортасына қойды. Апамның пейіліне қарап біз де ағамызға құрақ ұшып қызмет еттік.

Адамды ерекше бір тартып тұратын қасиетін пайдаланып, болашақ мамандығыма орай көңілді сәтті пайдаланып, мен батыр ағамыздың наурыз айында Фрунзе теледидарынан сөйлегенін естігенімді айтып, әңгімеге тарттым.

— Е-е, қырғыз бауырлар арнайы жеделхат жолдап шақырған соң бардым. Біраз соғыста көрген азаптарымыз бен тауқыметімізді айттым. Ол сұрапыл соғыс ерекше болды ғой. Бәрінен де соғыс бітер кездегі жаудың жанталасқан тоқтаусыз шайқастар қатты қажытты, — деп әңгімесін бастады да, «оның несін еске аласың» дегендей сәл үнсіз қалды. Бірақ, менің сұраулы жанарымды байқады бәлкім, сәлден соң тамағын қырнап алып сөзін жалғастырды.

— 1943 жылдың қыркүйек айында түн жамылып Днепрден өтіп, жау жақтан бекініс алған сәтте бұдан артық соғыс та, шайқас та болмайтын шығар деп ойлап едім. Оным бекер екен. Шығыс Пруссияда соғысқан күндерім әлі есімде. Жау бекінісі қатты болды. Өліспей беріспеді. Соғыстың аяқталып келе жатқанын, әрқайсымыз білгендіктен ешкімнің өлгісі келмейтіні түсінікті еді. Бірақ, бой жасырып, бұқпантайлап жатқан ешкім болмады. Атой салып алға ұмтылдық. Несін айтасың, інім, оның бәрі өтті-кетті. Бірақ, қалдырған қайғысы мәңгілік. Соғыстың әрбір шаңыраққа әкелген тауқыметі өлшеусіз. Сол соғыста менің жездем, сенің атаң Үсіпбай да мерт болды емес пе?! Сондықтан да оны ұмыту мүмкін емес, деген Тайыр аға бір сәт ойланып қалып, қолындағы стаканға толы арақты төңкеріп тастады.

Одан кейінгі әңгіме әуені әр түрлі болды. Мен қайтадан ағадан майдан жолдары туралы сұрауға бата алмадым. Түннің бір уағына дейін ашық-жарқын әңгіме құрып, апама шын ниетін білдіріп, болашақ өсіп келе жатқан ұрпақтыкі екенін айта отырып, «бұлардың маңдайынан шертпей, сипаған артық» деп қалды. Батыр балажан екен. Өзім талай бірге ойнаған ұлдары мен қыздары Миллионбек, Зәуреш, Роза, Дәулетбек, Дәуренбек, Мираның қылықтарын әңгімелеп, сүйсініп отырды.

Сол бір жылдары Даңқ орденінің толық иегері Тайыр Тастандиевтің ерлігі туралы айтпаған дуалы ауыз, жазбаған қаламгер болған жоқ. Неге екенін қайдам, 1970 жылдың наурыз айында Бішкек теледидары арқылы сөйлеген сөзін де үлкен мақала етіп газеттер бірінен соң бірі жазып жатты. Батыр теледидардан тебірене сөйлегенін мен де естідім.

Тершіген маңдайын бет орамалмен қайта-қайта сүртіп, мәңгі есте қалған сол бір шайқастарды толғана, тебірене әңгімелеген еді.

— Ұмытпасам, 1943 жылы қыркүйек айы болатын. Кешкілік полк командирі мені шақырып алып жаныма бес жауынгерді алып қайықпен Днепрдің солтүстік жағалауына өтіп «тіл» алып келуді және жағалаудағы дзотты қиратуды тапсырды.

Мұздай қаруланып, қайыққа мініп, өзенмен жүзіп келеміз. Сол күні ай қараңғы болғанымен, су бетін тілгілегін жау прожекторларының жарықтары жарқырап тұрған күндей болды. Анда-санда ауыр снарядтар жан-жағымызға келіп түсіп жатты. Таңдайын тақылдатқан пулеметтің де дауысы сөнбей қойды. Осындай сәттің бірінде бір жолдасымыз оққа ұшты. Таңға жуық Днепрдің солтүстік жағалауына да жеттік. Бұл кезде шығыстан көтерілген күн алаулап, жан-жағына қызыл шапағын шашып, айналаны жарық ете бастаған. Сондықтан да алға жылжу мүмкін болмады. Жанымдағы жолдастарыма күннің батуын күтуді айттым. Қимылдамай қалың бұтаның арасында, жау шебінде жату қияметтің қияметі болды. Анда-санда фашистердің шолғыншылары жанымыздан өтіп, өзеннің жағалауын атқылап қояды.

Бәріміз үнсізбіз. Ойымыз он сақта, алдымен бәріміз туған жердің көріністерін көз алдымызға елестеткеніміз анық Мен де ой тұңғиындамын. Ақ басты Алатаудың баурайындағы, темір жолдың жағасындағы Қызыларық ауылын елестеттім. Мен сол ауылдан батысқа қарай 5-6 шақырым болатын Тастөбе деген жерде дүниеге келіппін. Бұл күнде оның орны да жоқ. Тары ектік. Өмірі жұмысы бітпейтін колхоздың өгізін айдап, астық бастырдық. Бойым кішкентай болғанымен, қолымның қуаты мол еді. Еңбекке ерте араласқан біз Шанышқұлдың Сұрым атасының Болдыжат әулетінен тарайтындар өзгелер сияқты күннің атысы, түннің батысына қарамай еңбек еттік.

Днепрдің жағасында жатып мен осылайша ағайын-туысқандарымды еске алдым. Болдыжат атамыздан тарайтын Еспенбет, Доспамбет ұрпақтары көз алдыма келгенде жанарыма жас толды. Еспенбеттен Батырбек, Бүркітбай, Кененбай туады, Бүркітбайдан менің әкем Тастанды туған. Ауылға хат жазғанда солардың бәрінің атын атап, аманшылығын тілеу менің парызым сияқты болып көрінетін. Көз алдымда әкем де, шешем де, ағайын-туысқандар да тұрды. Жағасы тал-дараққа толы Теріс өзені, ауылдағы Шолақбұлақтың жағасынан бүлдірген теріп, көршіміз аз орыстың бірі Романның алма бағына түскеніміз де елестеді. Осылай тәтті ойдың құшағында жатып күннің батқанын да байқамай қалыппыз.

Күн батысымен белімізді буынып, қаруымызды қыса ұстап жау шебіне қарай өрмелей жөнелдік. Бізге берілген тапсырманың бірі Днепрдің жағасындағы үлкен дзотты да қирату болатын. Жайлап дзотқа жақындай түстік. Оның ішінде немісше сөйлесіп жатқандардың да даусын еститіндей жерге келгенде тағы да тоқтап, қандай әрекет жасайтынымызды ақылдасып алдық. Жақындап келдік те дзотты қарауылдап тұрған қарауылдың үнін шығармай жайраттық. Содан соң мысықтабанданып әп-сәтте ішіне қойдық та кеттік. Қам-қарекетсіз ұйықтап жатқан 8 жауынгерді бассалып, қару-жарақтарын алып, қол-аяқтарын байлап, офицерінен басқаларының бәрінің көзін жойдық. Офицерді жетектей келіп қайыққа мінгізіп, қасына бір жауынгерді қосып, полк штабына жібердік те, өзіміз жағалауда қалдық. Қабырғасына құлаш жетпейтін дзот біздің қолда қалды. Зеңбірегі мен пулеметін кейін бұрдық.

Тершіген маңдайын бір сүртіп тастап, тамағын қырнап бір сәт үнсіз қалған батыр үзілген әңгімесін қайта сабақтады.

— Сол күні біз тоқтаусыз шайқастық. Тамақ жібітуге уақыт болмады. Дзотынан айырылып қалған фашистер өршелене алға ұмтылды. Сәт сайын шабуылдаумен болды. Бірақ, бекіністің мықты болуы оларды жанымызға жақындатпады. Өзім пулеметші болған соң жаудың станокты пулеметтерінен жауға оқ ату қиын болмады. Күні бойы бізді ала алмаған фашистер ауыр артиллериясын іске қосты. Не керек, осы шайқаста мен жанымдағы барлық майдангер достарымнан айырылдым. Өзім тағы да оң иығымнан жараландым. Сол күні түнде біздің әскерлер Днепрден өтіп, жауды түре қуды. Жер мен аспан астасып, бауыры жараланбаған алаңқай қалмады. Ойдым-ойдым шұңқыр өліктерге толып жатты. Сол бір көрініс күні бүгінге дейін менің көз алдымда.

Осылай деп әңгімесін бір түйіндеген аға тағы да тершіген маңдайын алақанымен сүртіп тастап, бүгінгі күннің бақытты ұрпағы үшін сәтті сағаттар туғанын, оның әрбір күнін тиімді пайдалану қажет екендігін айтқаны да әлі есімде. Днепр өзенінен өтуде көрсеткен ерлігі үшін ол ІІІ-дәрежелі Даңқ орденімен наградталғанын да сонда естіп едім.

... Батырдың ұлы Дәулетбек, келіні Ақылбала мен қызы Роза келіп батыр туралы шығарма жазуды өтінгенде менің көз алдыма осыдан қырық жыл бұрынғы жоғарыдағы оқиға келген еді.Уақыт өткенімен, жақсының өнегелі сөзі есте мәңгі қалады. Тайыр ағамен жекжат болғанымызбен, етене жарқын әңгімелескен емеспіз. Осыны айтып мен ол кісі туралы жазу аса қиын екенін алға тарттым. Бірақ, олардың мені қамшылаған сөздері батыр ағаның майдан жолдары туралы зерттеп, зерделеп материалдар жинауға жетеледі. Жуалылық қаламгерлер — Әбдіғапар Айтоқовтың, Аманкелді Ормантайдың, Мырзахан Ахметовтің, ұстаз, ақынжанды азамат Тұрсынбек Сыдығалиевтің Тайыр Тастандыұлы туралы жазғандарын оқып, ой елегінен өткіздім. Ең бастысы орыстың үлкен жазушысы, майдангер Константин Симоновтың батыр аға туралы түсірген «Шел солдаты» фильм-сұхбатын еске түсіруге тура келді.

Екінші дүниежүзілік соғыста ерекше ерлігімен көзге түсіп, Даңқ орденінің толық иегері болу Тайыр Тастандиевтың маңдайына жазған тағдыры екені даусыз. Батыр болу, ел қорғауда жан аямай шайқасу, туған жердің табиғатынан, ананың ақ сүтінен дарыса керек.

Тайыр Тастандиев 1924 жылы 24 мамырда Жуалы ауданы Қызыларық ауылының жанындағы Тастөбе елді мекенінде дүниеге келген. Тұрмыстың ауыр кезеңдерін басынан өткізіп, еңбектің не екенін түсінген ол жастайынан жұмысқа араласып, еңбек етті. Бабалары Бүркітбай, Кененбай мен Батырбек салған сара жолда ол ел үшін еңбек етуді өзіне міндет санады. Аталары мен апалары Айтқұл, Тастанды, Қырбас, Әтира, Әзизамен бірге колхоздың жұмысының барлық саласына қатысты. Соғыстың басталуы 100 үйлік Қызыларық ауылының басына үлкен қиындықтар әкелді. Ер азаматтар қолына қару алып майданға кетсе, қарттар мен аналар, балалар уақытпен санаспай еңбек етті. Барлық жұмыс қолмен атқарылатындықтан қабырғасы қатпаған балалармен бірге ол да егіс далаларында, қырмандарда, мал фермаларында еңбек етті. 1942 жылы тамыз айында Отан қорғау үшін шақыру қағазы келді. Әкесі мен анасы қабырғасы қатпаған 18 жасар ұлдарын қимастықпен 110-стансаға дейін жаяу шығарып салды.

Міне, сол күннен бастап оның Отан қорғаудағы ерлік жолдары басталды десе де болады. Алғаш өзімен құрдас жас жігіттерді Өзбекстанның Ферғана қаласындағы кіші командирлер училищесіне жіберді. Оның ішінде ауылдасы Байжан Бесбаев та бар болатын. Мұнда әскери тәртіпті үйренген жас жігіттер көп ұзамай майдан даласына келді. Бұл кезде кеңес әскерлері Воронеж, Донбасс қалалары маңында қиян-кескі шайқастар жүргізіп жатқан. Майданда егіз қозыдай бірге жүрген Байжаннан ажырап қалды. Бір қуанарлығы екеуі де елге аман келді.

Украинаның орманды далаларында екі жақ беріспей шайқасты. Аяқтары жеткен жерден айырылып қалу қаупінен қорыққан фашистер жан аямады. Соған қарамастан 1941 жылдың желтоқсан айында Москва түбінде шабуылға шыққан қызыл әскерлердің тегеурінді күшінен от алған қызыл армия оларды шегінуге мәжбүрледі.

Симферополь, Кривой Рог қалаларын азат етуге пулеметші Т.Тастандиев ерекше ерліктің өнегесін көрсетті. Есте қаларлық оқиға — Кривой Рог қаласында оң иығынан жараланып, әскери госпитальға түсуі. Осы жерде ол ауылдасы бақалылық, оның да омырауында ІІІ-дәрежелі Даңқ ордені жарқыраған Бибасар Артаевпен кездесуі күтпеген оқиға болды. Майдан даласында бауырымен кездесу Тайырдың есінде мәңгі қалды. Әңгімелері күн мен түнді ауыстырды. Қызыларық ауылының жоғары жағында орын тепкен Шоңқараның диірменінде бірге ұн тартқандарын, Маймақтың қырғыздары мен Күркіреусудың керейлерімен болған қызық оқиғаларды айтысып, Жуалының биігінде көк шалғында аунап жатқандай рахаттанатын. Тайыр аласа бойлы болса, Бибасар жіңішке, ұзын, екі жағы пышақ жонғандай жүзінде үнемі күлкі үйіріліп тұратын. Екеуі госпитальда егіз қозыдай күні-түні бірге жүрді. Кейінірек оларды «ұяластар» деп мазақтайтындар да табылды. Сөзден сөз туып, әңгіме қапшығы ашыла беретін. Бибасар Тайырдың ауылының хабарын білгісі келсе, Тайыр оның ауылындағы жездесі Үсіпбайдың ұлы — жиені Рахыманбектің жағдайын сұраумен болатын. Әпкесі Әтираны, балалық шақтың бал дәуренін Алатаудың бөктерінде гүл жайнаған қырқалардан қыздармен бірге, гүл, рауғаш, жуа, қозықұйрық тергенін, қозы қайтарып, қой баққан сәттерін жиі еске алатын. Шынында да, Тайыр өскен ауылдың табиғаты ерекше көркем. Алатаудан құлайтын көп сайларда жүздеген бұлақтар атқылап, олардың мөлдір сулары жаныңызға нәр беретін. Терең сайлардың шөбін шауып, колхоздың малын сақтап қалуы үшін еңбек еткені еске түссе, ол рахаттанып қалатын. Жасы өзінен сәл үлкендеу Бибасар оның осы бір қарапайым да кішіпейіл, қағылез де, қайырымды мінезін ерекше бағалап, елге аман-есен қайтуды тіледі. Тайыр болса жарадар ағасына қолынан келгенше қызмет етті. Бір қуаныштысы — екі майдангер де елге оралып, колхоздың жұмысына белсене араласты. Бірі ауылдық кеңестің төрағасы болса, екіншісі үлкен колхоздың бөлімшесін басқарды. Аудан орталығында өтетін жиындарда жолығып қалған кездерде Украина жерінде табысқан жүректер бір-біріне ынтызарлықпен, бауырмалдықпен тіл қатып, сырларын ақтаратын.

Госпитальдан шыққаннан кейін Тайыр 72-ші гвардиялық атқыштар полкіне жіберілді. Жаңа орта болғанымен, Днепрден өтуде ерлігімен көзге түсіп, омырауына ІІІ-дәрежелі Даңқ орденін қадаған сержантты бірінші ротаның жауынгерлері жылы қабылдады. Алғашқы күннен өзінің қайсар мінезімен көзге түскен Тайыр аз уақытта қаруластары арасында құрметке бөленді.

1944 жылдың қараша айында оның бөлімшесіне Латвияның Вейусполюс елді мекеніне жақын жердегі биіктікті алу тапсырылды. Тапсырманы орындау аса қиын екенін полк командирі қадап айтқан. «Бірақ мыңдаған кеңес әскерлерінің жанын сақтап қалу үшін өздеріңді құрбан етсеңдер де биіктікті алу аса қажет» деді. Егер биіктік алынатын болса Латвия жері түгел азат етілетіндігін де еске салды.

Жау биіктікке кеңес әскерлерін жақындатпаудың барлық амалын жасады. Тоқтаусыз пулеметтен оқ жауғандықтан қандай қайсар, батыр адам болса да, оның алға жылжуына мүмкіндік жоқтың қасы еді. Өрмелеумен сағаттар өтті. Қимыл өнбейді, қайта-қайта «Алға!» деп ұрандап, арт жақтарынан ракета арқылы белгі бергенімен, Тайыр бастаған шағын взводтың жауынгерлері бой жазып, алға адымдай алмады. Амалсыз күннің батуын күтуге тура келді. Алагеуім болған сәтте оқты қарша боратып тұрған жау дзотына қарай ол өрмелей жөнелді. Қаруластарын оқ ату арқылы өзін қолдап тұруды өтінген Тайырдың қимылы аса ширақ. Бар күшімен алға ұмтылды. Ата-бабасының әруағына сыйынып, өрмелеп атыс ұясына жақындағанда бір сәт тыныс алды. Беліндегі үш гранатты алдына қойып, арт жағына бұрылып көз тастады. Көз байланар уақыт болғанымен, өзінің майдандас жолдастарының жүзін көрмесе де, оларды көріп, іштей тілдескендей болды. Қаруластарының тап қазіргі тілегі қалай да жау дзотын қирату екенін сезінді. Тағы да алға жылжыды. Қырау басқан биік шөптер жапырылып, артында із қалдырып келеді. Дзотқа жақындаған сайын тынысы тарылып, кеудесі қысылды. Қазір бойын көтеріп гранаттарды лақтыратын болса, оққа ұшуы да ықтимал. Тап қазір санаулы минуттардан кейін мәңгі өмірмен қоштасса, әкесі Тастанды мен анасы Балжан жалғыз ұлдан айырылып, қан жұтатынын да білді. Тағы да ата-баба әруағына сыйынып, Алланы аузына алып, бар дауыспен айқайлай орнынан тұрды да, үш гранатты бірінен соң бірін жау дзотына лақтырды. Аса қуатты жарылыстың екпіні өзін де ұшырып түсірді. Жау пулеметтерінің үні өшті. Дивизияның шабуылға шығу жолы ашылды. Ертеңіне 24- гвардиялық дивизияның командирі Тайырды өзі іздеп келіп, омырауына ІІ-дәрежелі Даңқ орденін қадады.

Осылайша үш айда «Ерлігі үшін» медаліне және ІІ, ІІІ-дәрежелі Даңқ орденіне ие болған Тайыр Тастандиевті полкта ерекше ілтипатқа бөленді. Сол жылдары «Қызыл Армия» атты майдандық газет Тайыр иен оның қарулас достарының ерліктері туралы былай деп жазыпты: «Сержант Тайыр Тастандиев басқарған бөлімшенің пулеметшілері Василий Шундирков пен Жексенбай Орманов және басқа жауынгерлер стратегиялық маңызы бар төбені басып алып, бір тәулік бойы табандылықпен қорғады».

Тайыр Тастандыұлының ерлік жолы одан әрі жалғасты. 1945 жылдың қаңтар айының соңғы күндері Шығыс Пруссияға кірген кеңес әскерлерін тоқтатуда фашистер жанталаса соғысты. Аз күшпен бекіністерді алу немесе адам күшімен жау шебін бұзу сол кезде әдетке айналған. Осындай бір сұрапыл шайқастардың кезінде Гильмидмилье елді мекеніне бірінші болып кірген Тайырдың бөлімшесі өз ротасынан қара үзіп, жау шебіне тереңдей еніп кеткенін байқамапты. Пулеметпен қаруланған взвод жауынгерлері қолайлы бекініс орындарын тауып, анталап келе жатқан жау әскерлерін қоғадай жапырды. Қарыс жерді бергісі келмеген фашистер қару-жарақтың барлық түрінен оқ жаудырып, алға ұмтылды. Рациямен бұларға жетіп жатқан хабарларда алған шептен кейін шегінбеу бұйырылды. Тар көшенің екі жақтауындағы үйлерге бекінген бөлімше жауынгерлері өздеріне қауіп төндірген танктерді бірінен соң бірін өртеді. Көшеде ірі техника түгіл адамның жүруі қиындап қалды. Мұның өзі фашистердің алға жылжуына кедергі келтірді. Осы сәтті пайдаланып бөлімше жауынгерлері көшені айналып өтіп, жау шебіне сұғына еніп, тағы алға ұмтылды. Бұл кезде оларға көмек келіп, оқ-дәрі мен қару-жарақ та жеткізілген. Тәулік бойы жау шебін шегіндірген бөлімше жауынгерлері ерліктің өшпес өнегесін көрсетті. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін сержант, жуалылық сарбаз І-дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Осылайша ол 1944 жылдың қыркүйегі мен 1945 жылдың алғашқы айында бес айда араларына айлар ғана салып үш Даңқ орденімен наградталған. Бірақ І-дәрежелі Даңқ орденімен марапатталғанын кеш білді. І-дәрежелі Даңқ орденін ол елге келген соң ғана елуінші жылдары алды.

Көп ұзамай туған жеріне оралған Тайыр Тастандыұлының ерлік жолы еңбек жолына ұласты. Соғыстан кейінгі ауылдың сұрқы көңіл көншітпейтін. Сынық арба, арық ат, қотыр бола бастаған мал, сиреген тал-дарақ ауылдың сұрқын ғана емес, халықтың тұрмысын да анық аңғартатын. Елге келісімен Даңқ орденінің толық иегері «Екі қолға бір күрек» деп еңбекке араласты. Еңбекте де ол алғыр, іскер екенін танытты. Біліміне қарай қызмет етті. 1959 жылы №2 Бурный орта мектебін жедел оқу түрін бітірді. Сол бір сәтті Болатбек Қайыпбекұлы былайша еске алады.

– Омырауы орден-медальға толы ағамыз қысылмай білмегенін сұрайтын. Кейбір мәселелер бойынша мұғалімдермен пікір таластыратын. Бізбен бірге майдан даласынан келген Тұрмағанбет Мықтыбеков, тағы бір ересек кісі оқып, аттестат алды. Тұрмағанбет те Тайыр сияқты ұзақ жылдар бойы ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарды.

Тайыр батырдың бейбіт өмірдегі іскерлігі, адамгершілігі туралы ауылдастары әрқашанда жүрекжарды сөздерін айтатын, газеттерге жазды.

Онымен етене жақын дос болған, ағайын-бауыры, марқұм Мақұлбек Қорғанбаев былай жазыпты: «Соғыстан кейінгі ауыр жылдары жас болса да, бас бола білген дархан жүректі, кең пейілді азаматтың шапағаты тимеген отбасы бұл ауылда сірә қалмаған сияқты. Өзім онымен бір ауылда туып, тай құлындай тебісіп бірге өстім. Балалық шағымыз осы аядай Қызыларық ауылында өтті. Мектепке де бірге бардық.

«Баланы жастан» демей ме біздің дана халқымыз. Міне, осы сөздің Тайырға тікелей қатысы бар. Ол бір күнде ерлік жасап батыр азамат болып кеткен жоқ. Бұл қасиеттер оның бойына бала кезден дарып, қанына сіңген. Бұлай дейтінім — бала кезден-ақ оқуға зерек, алғыр да батыл еді. Өзінен үш-төрт жас кіші біздермен бірге ойнап жүрсе де, ешқайсымызды ренжітпей, керек кезінде аға бола білетін, шыншыл, ақжүрек жолдасымызды біз ауыл балалары қатты сыйлайтынбыз. 1940 жылы мектепті бітіріп шықтық. Қарап жүретін заман жоқ, екеуміз де колхоздың жұмысына араласып кеттік. Тура бір жылдан кейін соғыс басталды да, келесі жылы әскер қатарына шақырылып кете барды. Ол кезде елдің екі қолы жұмыстан босамағанымен, бар назары майданда. Бір үйге майданнан хат келсе оны аядай ауыл лезде естіп, сол үйге қарай ағылатын. Сонда естігеніміз: «Тайыр соғыс оқуын бітіріп, мерген болып алыпты. Фашистерді қырып жатыр екен. Орден, медальдары толы». Осындай сөздер жалғасып кете берді. Ауылда үйден-үйге тарап жатқан бұл сөздің шындығына кейін анық көз жеткіздік. Тайыр ауылға кеудесін ордендер мен медальдарға толтырып, батыр болып оралды. Бұл 1945 жыл еді.

Келе сала көппен бірге колхоздың жұмысына кірісіп кетті. Есепші болды, қойма меңгерушісі міндетін атқарды. Колхоз партия ұйымының хатшысы да болды. 1953 жылы Ақтөбе ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Міне, осы қызметте оның бар қабілет-қасиеті жарқырап көрінді десем, артық айтқандық болмайды. Жас та болса жақсы мен жаманды көріп, ақыл тоқтатқан, көңілі ояу азамат алғашқы күннен ауылдың мәдени-тұрмыстық жағдайын түзетуге бел шеше кірісті. Осылайша жиырма жыл бойы үздіксіз еңбек етті. Ауыл, селолар бәріміздің көз алдымызда өсіп, өркендей берді. Халық тойынды, әл-ауқаты жақсара түсті. Бұл игі өзгерістердің бәрінде де Тайыр Тастандиевтің сіңірген еңбегі өлшеусіз болатын. Міне, ел-жұрты «елім» деп өткен асыл ердің есімін ұмытпайды».

Ал, Әбдіғапар Айтоқовтың 1972 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Тайыр Тастандиев» атты очеркінде оның соғыстан кейінгі еңбегі туралы былай дейді:

— Әркімнің туған жері — алтын бесігі. Сол өскен жерінің көркейіп, туған елінің дәулеті мен сәулеті шарықтауына өз үлесіңді қосып шаттанып, мақтанудың өзі бір ғанибет емес пе»?!

«Октябрь» совхозы бұрын «Боқтыбай сазы» деп аталатын ашық дала еді. Бұрынғы Жамбыл жылқы зауытының жайылымы болатын. 7-8 атқора мен малшылар тұратын 10-15 шақты ғана аласа үйлер тұратын. Көктем, күз айларында жолаушылар жол азабын көп көруші еді.

Ал, бүгінде ше? Қазір совхоз орталығы адам танығысыз өзгерген. Аппақ шағаладай үйлер сап түзеп, көше көркінен көз ұялады. Айнадай жалтырап асфальт төселген. Су құбыры тартылып, әр үйдің жанына`құдық орнатылған. Сол құдықтан Жуалының жер астынан қайнап шығатын дертке шипа суын қанып ішкенге не жетсін!

Село ортасынан мына жағы Қырғызстан, облыс орталығы Жамбыл қаласына , ауданымыз Бурныйға қарай ағылып жатқан машиналар.

Телефон байланысы Отанымыздың барлық түкпір-түкпірімен байланысқан. Совхоз жұмысшыларының Мәдениет сарайы қаладағы мақтаулы ғимараттармен тай-таласа алады. Еңселі орта мектеп, аурухана бәрі-бәрі Тайырдың көз алдында, оның тікелей араласумен қабырғасы қаланып, іске қосылды».

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезіндегі «Ерлік еңбегі үшін» медалінің иегері, 85 жастағы қарт ұстаз Хамит Кемелов Тайыр туралы ерекше тебіренеді. Оның маған жазған хаттарында батырдың есімін мәңгі қалдыру бағытында атқарған жұмыстары мен ерліктері үнемі тәптіштеп баяндалған. Бұл күнде Тараз қаласындағы Тайыр Тастандиев көшесінің тұрғыны ол естеліктерін тебіренбей айта алмайды. Қашанда елдің көркі болған бауыры туралы деректер мен дәйектерді нақтылап, оның ерліктің толағай тұлғасы екенін жазды. Сол сияқты еңбек ардагері , кезінде Жуалы ауданы ардагерлер кеңесін ұзақ жыл басқарған марқұм Мейманқали Абдрахманов былай деп жазыпты: «Жиырма жыл ауылдық кеңесті басқарған Т. Тастандиев ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан. Бір қуанарлық жайт жерлестері оны ұмытпайды. Жақында өзі салған ауыл мектебіне Тайыр Тастандиевтің есімі берілді. Жұртшылық осынау жаны жайсаң азаматтың жақсы істерін бірін-бірі толықтырып айтып жатса да тауыса алмайды. «Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді, ісі өлмейді».

Жамбыл облысына белгілі қаламгер, Жуалының батырлары мен жер жаннаты туралы қалам тербеп, талай кітап шығарған, марқұм Аманкелді Ормантайтегі былай деп ой толғапты: «Тайыр аға елге оралған соң сонда жемісті еңбек еткені белгілі. Кейіннен қара тас та төңкеріліп түсетін жаны жаз, көкірегі күй асыл азаматтың өнегелі өмір жолы жастар үшін өнеге, тәрбие. Тәкеңді ел сыйлайды, ардақ, мақтан тұтады».

Аманкелді Ормантайтегінің батыр туралы осы бір толғауын оқығанда ойымызға еріксіз Сәбит Мұқановтың мына бір жыр жолдары оралады:

Күрескер болсын сондай ел ағасы,

Ақжарқын құшағы кең, кең жағасы.

Жарқырай кіріп келсе, келген үйдің,

Кеткендей еді кеңіп қабырғасы.

Жуалы ауданында ұзақ жылдар бойы газеттің бас редакторы, аудандық мәслихаттың хатшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған, жазушы-журналист Мырзахан Ахметов ағасы туралы былай дейді: «Тіршілігінде Тайыр Тастандиевтің ел игілігі үшін істеген еңбектерін түгел тізіп шығу мүмкін емес. Соғыстан кейінгі жылдарды «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет Белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Грамотасымен марапатталғаны көп нәрсені аңғартқандай. «Ер істеді дегенше — ел істеді десеңізші» деп ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай, Тайыр ағаның ерлігі мен атқарған жұмыстары халықтың игілігіне айналып кеткелі қашан. Олай болса ол кісінің еңбегі жанды деп білеміз.

«Ежелден ер тілегі — ел тілегі, адал ұл ер болып туса – ел тірегі» деп тағы да сол Баукең айтпақшы Тайыр ағамыз соғыс жылдарында асқан ерлігімен елімізге тірек болса, бейбіт жылдарда да өз халқының бас иесі, сүйеуі бола білген азамат. Ол әр кез ауыл тұрғындарының, мектеп оқушыларының, студент-жастардың, жауынгерлердің арасында жиі болып, оларды үнемі ерлікке,елдікке, отаншылдыққа үндеді».

Батырдың толағай тұлғасын білетіндер оның соғыс туралы әңгіме бола қалған жағдайда алдымен майдан даласында қалған қаруластарының ерлігін көбірек әңгімелейтіндіктерін тілге тиек етеді. Өзінің ерлігі туралы әңгіме айтуды өтінгенде «Ерлік туған жердің қасиетінің, ананың ақ сүтінің нақты көрінісі» дейді екен. Содан кейін соғыс туралы әңгіме айтқанда тұла бойы терге шомылады. Мұны Константин Симоновтың «Шел солдат» фильм-сұхбатын көрген адам анық байқайды. Қолындағы темекі толтырылған хор-хорын асықпай тартып, түтінін будақтата отырып Тайырға. «Қалайша қорықпай жау дзотының алдына бардың? Өлетін едің ғой...» дегеніне, терін сүртіп, «Ондай кезде өлімді емес, тек өмірді ойлайды. Өмір үшін жауын өлтіруге ұмтылады» — деген жауабы туралы жазушы ұзақ ой толғағаны оның замандастарының әлі есінде. Жалпы Т.Тастандыұлының ерлігі мен еңбегі туралы толғана ой айтатындар әлі бар. Осы очеркті жазуға материал жинағанымда оның ауылдастары батыр туралы көптеген жылы лебіздер білдірді. Жақында Қызыларық ауылының тұрғындары үлкен жиын өткізіп, ауылға Даңқ орденінің толық иегері Тайыр Тастандиевтің есімін беру туралы бірауыздан шешім қабылдағанын да жеткізді. Олар сонымен бірге Тайырға дейін ауылдық кеңестің төрағасы қызметін нағашысы ІІІ-ІІ-дәрежелі Даңқ орденінің иегері, өте сыйлы азамат Есенбай Қырқынбаев атқарғанын да айтты. Сол бір сәт туралы олар көңілге нұр құятын әңгімелер шертті.

Ерлігі туралы көп сөйлеп, мақтана білмейтін, істің адамын, Батырды кезінде КСРО Қорғаныс министрі, маршал Андрей Гречко қабылдаса, белгілі жазушы, майдангер Константин Симонов ол туралы фильм түсірген. Қазақ, қырғыз телевизиялары оны арнаулы хабарларға шақырып, ерлігін республикаларға таратып жатты. Ал, қазақтың бір туар ұлы, жерлесі Бауыржан Момышұлы елге келгенде Тайырдың жағдайын сұрап, оны әңгімеге тартып, «Мына төртбақ денелі қазағың нағыз батырға тән тұлға» дейді екен. Сол сияқты Тайыр Тастандиев тұрған өлкеде елге сыйлы азамат болған Байзақ датқаның немересі Сұлтанмұрат әркез інісіне келіп, әңгіме-дүкен құрады екен. Ол өзінің ата-бабалары мекен еткен жердің тарихи атауларын қайтаруға үнемі Тайырды үндеп отырыпты. «Ақмолданың жуғысы», «Сұрым» деген аттар осы Сұлтанмұраттың айтуымен қойылды деген де сөздер бар. Жердің атауы тарих екенін жақсы білетін Тайыр Тастандыұлы жерлесі Сыланбай екеуі бұрынғы 110 - разъездің атын «Сұрым» деп қойғызуға тікелей ықпал жасағаны да белгілі. Бұл күнде оның үш Даңқ ордені Мәскеудегі Кеңес Армиясының орталық музей-үйінде сақтаулы тұрғанын біреу білсе, біреу білмейтіндігі де анық. Ордендерді қайтарып алмақ болып батырдың ұл-қыздары да әрекеттенген, бірақ нәтиже жоқ. Осы мәселеге әскери комиссариаттар араласуы керек сияқты.

Өмірінің соңғы күніне дейін халыққа қалтқысыз қызмет еткен Тайыр Тастандыұлы өмірлік жары Үрлікүл екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, олардың азамат болып өсуіне де берік негіз қалады.

Бұл күнде Тайыр Тастандиев атында Жуалы ауданының орталығында көше болмаса да мектеп, ал оның алдына батыр тұлғасы орнатылған. Әркезде мереке сайын батырдың туған күндері оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары ерлікке тағзым етеді. Бар болғаны 51 жасында өмірден өткен, ерлігімен елін қорғаған, өнегелі ісімен жерін жайнатқан Тайыр Тастандыұлы туралы әлі көп ой-толғаулар айтылатыны сөзсіз. Осы ойымызды қазақтың белгілі жазушысы Ілияс Есенберлин былай түйіндегендей:

Өлім не? Тыныштық ол тас қамалды,

Кәриеден бұрын кейде жасты алады.

Тек қана қаһарманға қара жерден,

Ұлы өмір мәңгі өлмес басталады!

Халқы , Отбасы мен Отаны үшін майданда шайқасқан, бейбіт еңбекте алғы шепте болған Ер Тұлға Тайыр Тастандыұлының ерлігі ұрпағына -- ұран, еліне -- мұра!

2010 жыл.


АШЫҚ ОЙДЫҢ САРДАРЫ

1999 жылы болған Парламент сайлауы өте тартысты өтті. Қазіргідей партияның атынан тізім арқылы Парламент мандатына ие болу жоқ. Депутат болам деген азамат ел аралап, күндіз-түні өзін насихаттау жұмысымен айналысатын кез болған.

Қазақтың бір туар азаматы Шерхан Мұртаза еліміздің көптеген жерлерінен «біздің окургтен дауысқа түсіңіз» деген шақыруларын қанағат сезіммен қарсы ала отырып, бұл жолы тұңғыш рет туған өлкесінен Парламент Мәжілісіне депутаттыққа кандидат болып тіркелді. Сол күннен бастап мен сияқты қалам ұстаған інілері Шерағаңмен бірге Талас, Сарысу, Жамбыл және Жуалы аудандарының сайлаушыларының алдына шығып, Шерағаға депутат мандаты не үшін керек екенін айтумен болдық. Сол кездері болған кейбір оқиғаларды қағазға түсірудің сәті келіп еді.

«ӘРКІМ БІЛГЕНІН ЖАЗАДЫ...»

Шераға баспалдақпен көтеріліп бара жатып, қыран қабағын керіп тастап, залға қарады да, бар даусымен сөйлей жөнелді.

-- Хан алдына барғанда қайтармады тілімді,

Би алдына барғанда би таппады мінімді,

Өз еліме келгенде итке берсін күнімді,- деген екен бір ғұлама. Сіздердің қараңызды көріп мен де сол күйді басымнан кешіп отырғандаймын. Еліміз деп, жеріміз деп келгенде көретініміз осы ма еді? Жуалымыз дархан, мұнда ешқашанда аштық болмаған, руға бөлу жойылған деп жүргенімізде жиналған түріміз осы ма? Аздың аты шықпайды, жолы қия болады. Сәл қателессең болды ана – а...у құзға бірақ құлайсың,- деді де, Шерағаң сайлаушылармен сөзді бірден өзі бастап кетті. Бұған мен қатты қуандым. Себебі Шерағаңның сенімді өкілі ретінде ең алдымен мен сөйлеуім керек. Шерағаң туралы ел алдында сөйлеу оңай шаруа емес. Сөзімді халық жазушысы қалай бағалайды, гәп сонда.

Шерағаңның арқасы қызған, тоқтамай көсіле сөйледі. Баспалдақпен көтеріліп бара жатқанда айтқан назын да ұмытқандай. Оның да өзіндік себебі бар, асықпайтын қазақ біртіндеп келіп, үлкен Мәдениет үйінің ішін толтырды. Содан күш алды ма әйтеуір Шерағаң көсілді. Сонысына қарай сұрақтар да шашылды. Кездесу аяқталуға жақындағанда алдыңғы қатарда өзгелерден орындығын оқшаулау қойып отырған ақсақал орнынан тұрмай –ақ:

-- Сен... (тура осылай бастады ол сөзін) өзіңнің туыстарыңнан басқаларды жазбайсың. Атап айтқанда Тұрарды көп жаздың. Неге сіргеліден шыққан Елшібек батыр туралы жазбайсың?

Ол осылай деді де үнсіз қалды. Жиналғандар тып-тыныш. Мен демімді ішке тартып, Шерағаға қарадым. Астыңғы салыңқы ерні жыбырлап, жер тарпыған тұлпардай салмағын бір аяғынан екінші аяғына ауыстырып, одан соң екі аяғын да тең басып, алтын жалатқан көзәйнегін жоғары көтеріп, әлгі кісіге емес елге тура қарады.

--Кім айтты?!

Дауысы саңқ ете қалды. Кейбіреулер селк ете қалды.

—Кім айтты, мені тек туыстарын ғана жазады деп! Мен Қарағандының көміршісін, Арқалықтың диқанын, Жаңатастың кеншісін, Теміртаудың шойын қорытқан батырын жазғанымды ұмыттыңыздар ма? Рас, Тұрар Рысқұловты жазу үшін өмірімнің отыз жылын сарып еттім. Тұрардың маған туыс болғанына жазықтымын ба? Ал, тіпті, жазуға тұрарлық туысың болса оны жазса айып па? Елшібек батыр Сіздің туысыңыз болса неге жазбайсыз? Біреу қолыңыздан қақты ма?...

Тағы да бір сәт үнсіз қалды. Ойын жинақтап тұр деп айту қиын, мұндайда Шерағаң түйдек-түйдек сөз ағынын тасытады. Сол кезде айтқан шындыққа толы сөзі біреуге оқтай болып тиіп, жазушыға деген көңілі қалып қоятын сәттер де болады. Қазір көкем сондай сөздерін жұтып жатқандай көрінді. Өзіне өзі басу айтқандай.

-- Бір сөзбен айтқанда, білгенімді, көргенімді жаздым. Бала кезден санама сіңген қасиетті сөз еттім. Әркім білгенін жазады! Солай болуы да керек.

Залды ду қолшапалақтау кернеп кетті.



«ОН ВОЛК... ВОЛК... В КЛЕТКУ НЕ ВЛЕЗЕТ...»

Күн сайын кешке кездесулер біткеннен кейін Шерағаны туған ауылы Талаптыға жеткізген соң, өзім ауылдарды аралап, елдің ішіндегі әңгімелерге құлақ түремін. Әр жерден әр түрлі әңгіме естиміз. Пәленше «ұн беріп жатыр екен». Түгенше құдайы тамақ беріп, ауыл ақсақалдарының иығына шапан жауыпты. Анау «ауылға диірмен салып беремін» депті. «Ананың ақшасы көп екен, теңге таратып жүр» дейді. Ауылда әлі теңгені қолына ұстап көрмегендер үй-үйді аралап байға дауыс беруге үгіттеп жүр дейді. Осы тақылектес әңгіме өте көп.

Күндегі қалыптасқан дәстүр бойынша таңертеңмен Талаптыға жеттім. Шәй үстінде естіген әңгімелерімнің ұшын шығардым. Үнсіздік. Шерағаның туған інісі Батырхан көкем де, жеңгейлер де үнсіз. Ешкім ешнәрсе естімегендей. Әлден соң Шераға маған бар денесімен бұрылды да;

-- Құдай сатып алған атақ-абыройдан, өтірік айтып бедел жинағаннан сақтасын! Ешкімнің алдына барып алақан жаймаймын. Халық өзі біледі кімнің кім екенін. Депутат болмасақ өліп қалмаймыз. Қолымыздағы қаламымызды ешкім тартып алмайды.Өзгені қайдам өзіміз ондайдан таза болайық, - деді де, --Бүгін қайда барамыз?-деп, маған тесіле қарады.

-- Жамбыл ауданының Бесағаш жағын аралаймыз. Айшабибіден Нәбиді аламыз. Кеше «Дайын тұрыңыз» деп айтып кеткенмін.

-- Жақсы онда кеттік. Бұрылып Ақбілекке қарады. Кешкі тамақты осынан ішеміз. Әлгі көкпардың дамуына үлкен үлес қосқан шабандоз әрі ауыл әкімі Рүстемнің ұлы Нәбиді ерте келеміз. Ол әңгіменің кені, жақсы айтады, төндіріп, сендіріп айтады,-деді де машинаға қарай жүре берді.

Нәби Рүстемұлы бізді Айшабибі ауылдық әкімдігінің кеңсесінің алдында бір топ жігіттермен бірге көтеріңкі көңілмен қарсы алды.

-- Шераға, мен кеше көкпаршылармен сөйлестім. Бәрі Сізді қалап отыр. Оның үстіне көкпаршылар үшін ат үстінде тұрып, бәтуаласқаннан аса қасиетті ешнәрсе жоқ.Уәделерін бұзса жылқының киесі ұрады,-деді ол. Жазушының көңілі көтеріліп қалды. Жымың-жымың етіп, бізге күле қарады.

-- Апырай-а, ат үстінде тұрып бәтуаласқан аса қасиетті дедің бе? Сонда олар уәдесіне берік болады ғой...

-- Иә, солай,-деді Нәби.

-- Кеттік,- дедім мен. Уақыт болып қалды...

Нәби тұтыға сөйлеп тұр. Кездесуге келгендер арасында орыс тілділер болған соң Нәкең орысша сөйлей бастады. Бір сөзімен бір сөзі қабыспай, қайта-қайта шашала берді.

-- Короче говоря, он волк...волк в клетку не влезет. Ни в какую клетку не пойдет. Он вольный волк, қасқы...р,-демесі бар ма.

Шерағаң маған бұрылды.

-- Нәби бауырым не деп тұр? Мені қасқыр дей ме? Еш болмаса көкбөрі десе қайтеді.

Жазушы жымиып, тағы да Нәбидің сөзіне құлақ салды.

-- Ноқтаға басы симайды,дегені ғой,-дедім жай ғана.

-- Солай ма?-деп жазушы тағы жымиды. --Ноқтаға талайлардың басы сыймаған. Мені де солай дей ме? Қызық екен,- деген Шерағаң бір сәт үнсіз қалды. Сәлден соң басын көтеріп алып жан-жағына көз тастады. Нәби аға әлі орысшалап, депутатқа кандидаттың «қол бала» болатын азамат емес екенін дәлелдеуге ұмтылып, шашалып, тұтығып сөйлеп жатыр. --Әттең есіл орысшасы шығын болатын болды ғой. Енді арыстан демесе болғаны. Оны дәлелдеу үшін де біраз уақыт керек ғой... Қоя қойғаны дұрыс...

Шерағаның ақылымен сөзге мен араласып, Нәбиді демалдырдық.

Кешке Талаптыға келдік. Нәкеңнің бүгін сайлаушылар алдында сөйлегендегі шешендік өнерін еске алып, бір желпініп қалдық. Ал Шерағаң болса естімей отырған кісідей үн қатқан жоқ. Біз әңгімені ұзартып бара жатқан соң сөзге араласты.

-- Болды енді. Нәкең барын салды. Шын жүрегімен айтты. Ондай сөз естір құлаққа тез жетеді. Жүректен шықпаған жалған сөзден құдай сақтасын...

КҮТПЕГЕН ҰСЫНЫС

Асу – асу белді, аса бір соққан желді Жаңатас өңірін артқа тастап, қарт Қаратаудың жотасына көтерілгенімізде машинаның алдыңғы орындығында отырған Шераға қотарыла бізге бұрылды.

-- Арыстандар, бір жүз грамм ішуден қандайсыңдар?-деді. Артқы орындықта қатарласа отырған біздер мұндай сауалды күтпегендіктен бір –бірімізге таңдана қарадық. Басқа-басқа Шерағаңнан мұндай ұсынысты күтпеп едік. Атақты әнші, «Тараз» триосының мүшесі Асылхан Шүңірековке қарағанда мен өзіме - өзім тез келдім.

-- Көке, Сіз у берсеңіз де біз үшін үлкен тәберік,-дедім. Бірден аңғардым, неге екенін қайдам даусым қаттырақ шығып кетті.

-- Жарайсыңдар, онда Айдын батыр, мына тұлпарыңды Қаратау қаласына қарай бұр,-деп, жүргізушіге көз тастады. Бұл кез күн батуға бет алып, Қаратаудың қарт шатқалдарына иек арта бастаған.Қаратаудың теріскейіндегі Қос Тұраның бұл тұсы әжептеуір биік шыңдарымен көрікті. Сол шыңдардың ұшар басына қызыл шапақ ілініп қалған. Сәулелер ауаны тіліп келіп тура біздің жүзімізді алауға бояған.

Ақ «Волга» ағызып, қалаға кірді.

-- Бағанағы барған дүкенімізге тарт,-деді. Шерағаң жылы жымиды. Таңертең ерте Талаптыдан, одан кейін Тараздан шыққан біздер ешкімге салмақ артпай, барар жеріміз Байқадамға бармастан бұрын Қаратау қаласына бұрылып, осы дүкен-кафеден шай ішкенбіз.Енді, міне, сол дүкенге бір күнде екі келдік.

-- Сендер отыра тұрыңдар, мен өзім алып келемін,-деп, машинадан көкем жылдам түсіп кетті.

-- Апырай-а, мынау өзі ыңғайсыз болды ғой... Шерағаға арақ алдырып... - деген Асылхан маған жымия қарады. Әнші Асылханның жымиғаны болмаса жүзінде қысылғандық бар. Жүзі алабұртып кетіпті.

-- Болар іс болды. Ұсыныс жасаған көкемнің өзі ғой... Сірә, мына өңірде кезінде өзінің жүрген күндері есіне түсіп кеткен болуы керек. Білесің бе, алпысыншы жылдардың екінші жартысында Шерағаң «Қара маржанын» жазарда бұл өңірді әбден шарлаған. Оқып па едің ол кітапты? Сол романы үшін көкем Мемлекеттік сыйлық алған. Асылхан Шүңіреков үн қатпады. Осы кезде пакетін арқалап Шерағаң дүкеннен шықты.

-- Ал арқарлар, кеттік ауылға! Дауысы жарқын шықты. Бірден аңғардым Шераға көңілді. Мұндайда Шерағаңмен қалжыңдасуға да, сұрай алмай жүрген сауалыңды да қоюға болады. Бірақ айтарымды айтпай, Шерағаңның дүкенге барғаны үшін қысылып, әліптің артын бақтым. Машина сырғып Қаратаудың биік жотасына көтерілді. Қызыл шапаққа оранған күн ұясына батып бара жатты.

-- Ал арыстандарым, мынаны қылдай қылып қылғыта салыңдар. Сайлау алдындағы көп жүрісіміз бітті. Бір айтқаныңды күнде қайталай беруден өткен азап жоқ па деп қалдым,-деді де, пакетті Асылханның қолына ұстата салды. Асылхан әнші көп күттірген жоқ, арақты үлкен екі стаканға қылдай қылып тең бөліп құйды. Біз үн-түнсіз қылғыта салдық. Әлден соң;

-- Сендер әлі отырсыңдар ма, ішпейсіңдер ме?- деген Шерағаның сөзіне күліп жібердік.

-- Шераға, біз бос бөтелкені бағана лақтырып жібергенбіз.

Ол бар денесімен бізге бұрылды. Қабағын түйгендей болды.

-- Ой, біз ішпесек те тілек айтып дегендей қолдайтын едік ғой. Оның да жайы бар, екі ай бойы алақанымызды сайлаушыларға жайып, «дауысыңды берші» дегеннен бүгін құтылдық... Атасына нәлет енді сайлауға түспеспін. Әр жерден хат жазып, өтініш етіп, «депутат болыңыз» деп қолқа салғандардың сөзіне еріп, сайлауларыңа қатысып едім, шаршадым. Елдің мұңын тыңдаудан ауыр ешнәрсе жоқ шығар. Әрине, оны өз мұңындай қабылдайтын адам үшін.

-- Бүгін шаршасаңыз ертең қызығын көресіз. Бүгінгі ауыртпалықтың бәрі ұмыт болады,-дедім мен. Көкем үнсіз қалды.

Шынында да шаршайтындай жөніміз бар. Екі ай бойы тынбай ел аралап, сайлаушылармен кездесу оңайға түспеді. Оның үстіне қол қысқа бір күні көлігімізге құяр майымыз болмаса, бір күні көлігіміз сынып қалады. Ел болған соң неше түрлі пікірлер айтатындар да табылады. Бақталастардың «асырап» қойған адамдары жүрек шаншытар , сұрапыл сұрақтар қояды немесе сөз айтады. Оларға бәрі бір -- алдыңда халық сүйген ұл Шерхан Мұртаза тұр ма әлде басқа ма, айт дегенін айтып салып қарап отыра береді. Ондай сәттер де болды.

Ақ «Волга» ағызып келеді. Билікөлдің салқын самалын артқа тастап, қарт Қаратаудың сілемдерінің бірі—Буырылтауды жағалай Күйікке жеткізер жолға түстік. Машинаны қайдам бұл жолда жаяу жүрген кісінің аяғы сынады. Жол деген аты ғана. Ойдым-ойдым шұңқыр көлігіміздің адымын аштырмайды. Көкем үн қатты.

-- Бұл жолың қашан таусылады?

-- 27 шақырым.

-- Жолы жөнделмеген елдің ісі де оңбайды... Елбасының ақылы жетеді, құдай қаласа жолды жөндеуді қолға алатын күн де келер, депутат болсақ біз де айтармыз,-деді.




ТҰМАҚ БАЗАРЫНДА КЕЗДЕСКЕНШЕ...

Сайлау күні жақындаған сайын менің қобалжуым көбейді. Әр жерден әртүрлі әңгімелердің шеті шығып, «пәленше елге ақша таратыпты, құдайы тамақ беріп отырып, есіп сөйлеп, «біз өтеміз»депті деген дауыстар естіліп жатты. Сондай күндердің бірінде Көпен досым телефон шалды. Оның да Оңтүстік Қазақстан облысынан депутаттыққа кандидат болып тіркелгенін естігенмін. Алдымен мен құтты болсын айттым.

--Қайдағы құтты болсын. Бұзауламаған сиырдың уызын айтып тұрғандайсың... Мен Шерағадан бата алайын деп едім, ауылда ма, жолықтырасың ба?-деді. Мен; «Кел»- дедім.

Атақты сықақшы, ақын, жазушы досым Көпен Әмірбек ертеңіне-ақ жетіп келді. Шерағам «О...батыр кел. Бұл Көпен деген батыр. Сөзі де батыр, өзі де батыр» деді де томаға тұйық біраз үнсіз қалды. Алдымызға шай-май келді. Шерағаңның Әлижаны маған қарап; «Арақ әкелейін бе?» дегендей ыңғай танытып еді. Көпен, «Оның қажеті жоқ» деді.

-- Иә, оның қажеті жоқ. Көке, өзіңіз білесіз Көпен екеуміз бес жыл бірге оқығанбыз. Доспыз. Бұл да өзіңіз сияқты депутаттыққа түсіп жатыр екен. Еліме қызмет етсем дейді. Соған орай Сізден бата алғалы келіпті,-дедім.

--Дұрыс қой,-деді де көкем тағы үнсіз қалды. Одан соң мен әр әңгіменің басын шалып Көпен мен Шерағаны сөзге тарттым. Көпен Оңтүстікте болып жатқан сайлаудың тартыстарын әңгімеледі. Шәй ішіліп болған соң Көпен қайтатынын айтты. Дастарханға бата жасап, орнымыздан тұрдық, далаға шықтық. Жазушы шәкіртіне бата беруге асығар емес. Көпен екеуміз бір-бірімізге көзіміздің астымен қарап қоямыз.

-- Ал Шераға, жұмыс көп, тартыс енді қызып келеді. Мен жүрдім,-деп мәшинесіне қарай бұрыла беріп еді, көкемнің дауысы саңқ ете қалды.

-- Көпен батыр, алыстан ат терлетіп менің батамды алғалы келген екенсің, сөзім басшыларға өтпесе де халыққа жетер... Қолыңды жай бата берейін... Баяғыда екі түлкі келе жатса алдарынан тазысы бар, иті бар, ителгісі бар бір топ аңшы шыға келіпті. Қос түлкі жан ұшырып қаша жөнеліпті. Бір белге шыққанда екеуі екі жаққа айырылуға бет бұрған тұсында бірі тұрып, екіншісіне айқай салыпты; «Қош, тұмақ базарында кездескенше!» деп зыта жөнеліпті. Сол сияқты екеуміз Парламенттің төрінде кездесейік, жолың болсын! Халыққа ұлағатты сөз айта біл!-деп бетін сипады. Біз де бетімізді сипадық. Көпен дауыстай күлді.

-- Рахмет, Шераға, осыдан артық маған батаның қажеті жоқ. Сіздің де жолыңыз болсын, айтқаныңыз келсін!- деп ұстазының қолын қысты.

АҚ КИІЗ


Жуалы ауданындағы Жаңаталап аулындағы Ақтөбе орта мектебінде кездесу өтіп жатыр.Сенімді өкілі ретінде мен, одан кейін Шераға сөйледі. Кездесуге келгендер арасынан да суырылып шығып сөйлеп жатқандар болды. Бір кезде сөз кезегі Мырзахан Ахметке тиді. Ол сол кезде Жуалы ауданы мәслихатының хатшысы болатын, ақын жанды азамат. Ақын емес пе, сөз мәйегін тере, елді ойландыра сөйлей келіп; «Құдай қаласа 10 қараша күні Шерағаны ақ киізге орап, Астананың төріне апарайық» деді. Мен көзімнің астымен ағама қарасам, ол кісінің мұрты жыбырлап тұр екен. Маған бұрылды да; «Вот дает...страшно!» деді. Мен үн қатпадым. Кездесуден кейін де Мырзаханға сөзінде мүкіс кеткені туралы айтпадым. Айтар ақ ойын жеткізе алмағанды мінеу дұрыс болмаса керек?!

Ертеңіне кездесу Қайрат ауылында болды. Тағы да ағыл-тегіл сөз. Жазушы жиналғандардың жүрегіне жететіндей сөйледі. Бір қызығы Шераға кешегі айтқанын бүгін қайталамайды. Қиыннан қиыстырып, сайлаушы жүрегіне жол табу үшін тың жол салады. Жалпы әңгіме айту, айтқанына елді иландыра білуде жазушы үлкен шебер. Сөз арасында ұлылардың айтқандары мен аңыздарды кіріктіре отырып, тиімді пайдаланады. Шерағаның әр түйген ойынан кейін қолшапалақтаудың болуы осының дәлелі болса керек.

Бүгінде мінбеге қарай Мырзахан беттеп бара жатты. Менің жанымнан өте бергенде жымиып, жәй ғана; «Мырзаке, бүгін ақ киізді айтпай-ақ қойшы» дедім. Мырзаханның басы кегжең ете қалды. «А... біліп қойған екенсіздер ғой...»,-деді де жүрісін баяулатып, Шерағаға бұрылып қарады. Көкем ешнәрсені естімегендей. Мен; «Жақсылап сөйле, сенің аулың ғой» дедім, осылайша Мырзаханның қобалжығанын басқым келіп. Бұл жолы Мырзекең сөзінің соңын былай қайырды: «Сіздер мен біздер қолдасақ, өзіміздің Шерхан ағамыз 10 қарашада Астанада Парламентте отырады».

Құдай да, халық та қолдады Шерағаң сайлаудың бірінші турында төрт қарсыласын артқа тастап, жеңіске жетті.

Парламент мінбесінен көкемнің – халық ұлының өзіне ғана тән дауысы саңқылдап төрт жыл бойы естіліп жатты...
2005 жыл
ҚҰНАРЛЫ СӨЗДІҢ ҚАЙНАРЫ

Қазақ журналистикасында, саяси және көркем әдебиетті аударуда өзіндік орны бар, білгір аудармашы, редакторлар мектебін қалыптастырушының бірі Құрманбек Сағындықовтың туғанына 100 жыл толуы неге екені белгісіз, республика деңгейінде атаусыз қалды. Мүмкін досы, құрдасы Бауыржан Момышұлымен жағаластыруды оның ұрпақтары жөн көрмеген болар. Атқарған ісінен құлағдар, алдын көрген біз аға туралы өзінің хаттарына жүгіне отырып біраз сыр ақтаруды жөн көрдік.

Жастайынан хат таныған, зерек болып өскен Құрманбекті ауыл ақсақалдары бала кезінен құрметтепті. Оның да өзіндік себебі болса керек. Сол себепті біз қайраткердің өзі жазып қалдырған өмірбянының беттерінен тапқандаймыз.

Онда былай депті: «... Қысқы кештерде біздің үлкен семьямыз ұзақ түннің жартысын ертегі айтумен, қысса-дастан оқумен өткізген-ді. Оның үстіне, меймандар келе қалған реттерде бұлардың қабілеті барлары қонақ кәдесін жасап, ертегі, өлең, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ айтады,т.т.

Әулетіміз оңаша қалған сәттерде бірден-бір хат танитын менің әкем Сағындық араб әрпімен басылып шыққан қысса-дастандардың бәрін білте шамның әлсіз жарығымен ежектеп, тұтығып, оқи бастағанда, әсіресе оқудың желісі үзіліп қалған сәттерде Үркімбай бабам бұған қатты налып, күйіп-пісетін...Атам өзінің де, ұлдарының да оқу мен жазудан мақұрым қалғанына опық жеп, ендігі жерде немерелерін оқытуға серт еткенін қайталап айта беруші еді...» Сол серттің орындалуына әкесі де үлкен ықпал жасаған. «Менің оқуға деген ынта-ықыласымның, зейінімнің күштілігінен де болар, әйтеуір оқуға тез-ақ жаттыға бастадым да, бір жылдың ішінде әпитиек пен құраннан өтіп, шәкіртапқа түстім. Үздік оқығаным үшін Үсен молда мені өзі жоқта шәкірттердің оқуы мен тәртібін қадағалап отыратын қалпет (қазірше айтқанда, староста) етіп тағайындады». Осылайша Құрманбектің атасы немерелерін ерте оқытып, қызығын әбден көрген. Бүкіл ауыл ақсақалдарын жинап алып, талай рет Құрманбекке қысса-дастандарды оқытатын. Мұны қариялар ұмытсын ба, молда баланың атын құрметпен атап, тәттілерін өзгелердің көзінен таса етіп, тығып беретін. Осылайша атасының серт беруінің нәтижесінде қара таныған Құрманбек қызметке ерте араласты. Ал оның азамат болып қалыптасуына Ұлы Отан соғысы ерекше ықпал жасағанын айтпасқа болмайды. Сондықтан да біз Құрекең туралы сырды сол кезден бастағанды жөн көрдік.

«Қадірлі, ғазіз ана!

Түн ұйқыңды төрт бөліп, ақ сүтіңді беріп, аялап өсірген жан ботаңыз Төлеген еді. Өсе келе оны алдыңызға алып, әлдилеп, батыр бол, бөпем деп тілеп, балаңыздың есейіп, ер жетуін жан-тәніңізбен арман еткен едіңіз.

Ел басына күн туып, ат ауыздықпен су ішіп, ел үзеңгіден қар кешер заман туғанда, қанға жерік фашист деген жау шалғын жерімізді, шалқар көлімізді, ырыс-бақытымызды тартып алуға тап бергенде, оған қарсы, ана сүтін ақтаймыз деп бар өлкеден ерлер аттанды. Ұрысқа белді буып шыққан ерлердің бірі — Сіздің Төлеген еді. Талай қантөгіс ұрыстарда Сіздің ұлыңыз жау қамалын жалғыз бұзған Қобыландыдай, ер намысы — ел намысы деп жауын жапырған Ертарғындай қаһарман батыр атанды.

«Жігіттің ұялғаны — өлгені» деген, Сіздер секілді ел арасынан, жұрт ағасынан келе жатқан мақал бар ғой, шеше. Сіздің ұлыңыз өзінің қарулас жолдастарымен бірге жігіттің ар-намысы үшін күресті, сөйтіп белдескен жаудың белін сындырып, тірескен жаудың тізесін бүктірді. Ел сенімін, ананың ақ сүтін абыроймен ақтап шықты. Сіздің Төлеген сынды батыр ұлыңыздың қазасына Сізбен бірге біз де қайғырдық. Бірақ, елге сіңірген еңбегімен, батырлығымен жұртқа даңқы жайылған адамды өлді деуге болмайды. Сондықтан да Едіге, Қобыланды, Ертарғын, Аманкелді сынды батырлардың аты өшпей, халық аузында келеді. Сіздің ұлыңыз да осылардай дастан етіледі, өлең-жыр да айтылады. Бұдан асқан абырой жоқ.

СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен Төлегенге Совет Одағының Батыры атағы берілгеніне бәріміз қуандық. Сізге сол қуанышымызды білдіріп, шын жүректен құтты болсын айтамыз. Төлегендей батырды тәрбиелеп өсірген Сіздің өркеніңіз өссін, шеше!

Сізге алғыс айта, сәлем жолдаушы, Төлегеннің жауынгер достары:

1.Ахметжан Мұхамедияров.

2.Бауыржан Момышұлы.

3. Балтабек Жетпісбаев.

4.Мірвакас Байсаров.

5.Құрманбек Сағындықов.


Қадірлі Құрмаш!

Бауырым, батыр досым — ұлы дүбір, зор майдан, қан кешуде шар болаттай қатайған батыр қолыңды алып, ерлігіңе берілген «Қызыл Жұлдыз» орденімен және адамгершілігіңе берілген капитан атағыңа мен құтты болсын айтып, шын жүректен тілектестік білдірем.

12.V.-айда жазған хатыңды кеше алдым. Кеше командировкадан келдім.

Сондықтан да саған осы ашық хатты жазып отырмын. Толық хатты кешке жазамын.

Бәукең хатыңды оқып жатыр...

Мәлік.


22.V.44 жыл.

Бірінші хатты Құрманбек Сағындықов бірнеше азаматтардың атынан Төлеген Тоқтаровтың анасына жазса, екіншісі — өзіне Мәлік Ғабдуллиннің жолдаған хаты. Алғашқы хаттың мәтінінен сөз шебері, халық дәстүрі мен салтын жақсы білетін, Отанын, жерін сүйетін азаматтың жазғанын аңғарсақ, екіншісінде сол хат авторының майдан даласындағы ерлігі аз да болса айтылады.

Біздің қолымызда Құрманбек Сағындықовтың майдан даласынан туған жерге, өскен елге, туыстары мен бауырларына, халық құрметтейтін азаматтарға жолдаған көптеген хаттары бар. Сол хаттарды саралап отырып, оның бауырмашылдығын, қарапайымдылығын, білімділігін, азаматтығын, кісілігін тануға болады.

Елге жолдаған хаттарының көпшілігінде Бауыржан Момышұлының майдан даласындағы тынысы қысқа болса да көрініс тауып жатады. Мәселен, 1942 жылы 10 маусымда жары Сараға жолдаған хатында: «Ертеңдер Бауыржанға жетерміз, барған соң толық адресті көрсетіп, аттестатты реттеп, тез хат саламын» десе, одан екі күн бұрын жазылған хатында: «Өзім қазір газетте істеймін. Бауыржан науқастау еді. Біздің қасымыздағы емдеу орнында біраз болып кетті. Күнде әңгімелесіп тұрдық» — дейді. Сол жылдың 11 қарашасы күні жолдаған хатында: «Өзім бұрынғы жерімде газетте істеп жатырмын. Мен бұрынырақ Баукеңмен, оның комиссарымен бірге түскен суретімді жіберіп едім, алдың ба? Кейін өзім шығарған бір газетті де жібердім. Алғаныңды білдір» — дейді. 1944 жылдың 3 тамыз күні жазған хатында «Сара! «С.Қ»-да Бауыржанның әңгімелері басылған екен, соны өзің жіберіп тұрсаң қайтеді... Бауыржаннан хат алып тұрамын. Москвада оқып жатыр. Бітірген соң бізге қайтып келмекші, құдай мұнысын қос көрсе, бірақ Қазақстанға қызметке баруы мүмкін» — дейді.

Майданнан жолданған осы бір хаттардан келтірілген үзінділерден журналистің Бауыржан Момышұлына деген шексіз махаббатын, достық ниетін танисыз. Әрқашанда қарулас досының, жерлесінің, құрдасының жағдайын біліп, ол туралы елге хабар жеткізіп отыруының өзі көп нәрсені аңғартады. Ең кереметі майданнан жазылған хаттардың ақпараттық мәнінде. Сөйлемдері жатық, ойы анық. Майдан далаларынан жолданған хаттардан оның тілге, ел азаматтарына, шығармашылықпен айналысатын жазушы-ақындардың еңбектеріне ерекше назар аударатындығын анық көруге болады. Мысалы, 1942 жылы қараша айында Мұхтар Әуезовке жолдаған хатында өзінің 8-гвардиялық дивизиядағы Бауыржан Момышұлы басқаратын батальонының комиссары болып тағайындалғанын қуанышпен жеткізе отырып, артынша «За Родину» деп аталатын газет редакторының орынбасары болып тағайындалғанын айтады. Сонымен бірге өлім мен өмір арпалысқан сәтте өзінің майдангер бауырлары қазақ тілінде шығатын кітаптарды сүйсіне оқитындығын, олардың қолына «Абай» романы да тигенін жазыпты. Жақында окоптарды аралап жүріп ойламаған жерден әбден тозған, сарғайған, шеттері мұжылған «Абай» романын тауып алғанын, оның алғашқы беттеріне: «Өте жақсы кітап, Абайдың аты мәңгі асқақтай берсін», «Өте жақсы жазылған, маған қатты ұнады» деген сөздер жазылғанын жеткізіпті. Майданнан жолданған тағы бір хатында Панфилов дивизиясының «За Родину» газетінің бірінші редакторы Павел Николайұлы Кузнецов болғанын, оның Жамбыл Жабаевты әлемге танытудағы еңбегі өте зор екенін жазыпты. Сонымен бірге Павел Кузнецов туралы өте жылы лебіздерін білдіріп, майдан газетінің мазмұнды шығуына негіз қалағанын айтады. Газеттің қазақ тіліндегі бөлімін басқарған ол әрқашанда майданда ерлікпен шайқасып жатқан жерлестері туралы жазуға ұмтылғанын да байқау қиын емес. Ерекше назар аударатын бір мәселе ол майдан даласынан жолдаған хаттарында өзі туралы жазып жүрген шығармалары жайлы ауыз ашпайды. Қарапайымдылық кішірею емес екендігін жақсы білген ол өзгелер туралы көп айтқан, жазған. Майдангердің соғыс жылдары қанша мақала, корреспонденция, суреттеме, репортаж, очерк жазғаны әзірге бізге белгісіз. Жалпы, соғыс жылдары жазылған журналистердің туындылары туралы жеке зерттеу қажет екені айдан анық. Сондықтан да Құрекеңнің де бұл бағыттағы еңбегі сараланатын кез келеді.

Құрманбек Сағындықұлы туралы орта буын азаматтар жақсы біледі. Ол кеңестік дәуірде қазақ журналистикасының қалыптасуына және аударманың өрлеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген. 1910 жылы желтоқсан айында Жуалы ауданында дүниеге келген Құрманбек жастайынан өзінің алғырлығымен танылған. Оның өмірбаян жолдарын оқып отырып, мына бір жағдайларға назар аудармай кету мүмкін емес. Орта мектепті бітіре салып, 1928-32 жылдары ол бастауыш сыныптың мұғалімі болып қызмет істеді. Жиырмаға толар-толмас жас жігітті Жуалы ауданындағы бұрынғы Казанкадағы (қазір Жетітөбе) жетіжылдық мектептің директоры болды. Алғырлығы мен біліктілігі жас жігітті тез арада өрге жетеледі. Көп ұзамай ол аудандық оқу-ағарту бөлімін басқарды. Одан кейін Жуалы ауданында алғаш ашылған аудандық «Тау-Сағыз» газетінің редакторы болды. Газеттің «Тау-Сағыз» деп аталуының басты себебі — 1933-1935 жылдары Жуалы ауданында таусағыз көптеп егілген. Себебі, сол кезде кеңес үкіметіне каучук аса қажет еді. Ал, таусағыз сол каучуктың негізгі шикізаты болып есептелінеді. Сондықтан да бұл мәселеге ерекше назар аударған кеңес үкіметі совхоздың газетін ашып, оған аудандық мәртебе берген.

Осы жылдары қаламын ұштаған жас журналист соғыс жылдары өзінің шеберліктерін одан әрі шыңдай түсті. Шын мәнінде соғыс жылдарында майдандық газетте еңбек еткен оның аудармашылық шеберлігі қалыптасты. Соның нәтижесінде ол соғыстан кейін аударма жұмысына белсене араласты. Қазақ тілімен бірге орыс тілінің иірімдерін дәл тани білген азамат. Аудармада автордың ойын әдемілеп жеткізуде өзінің шеберлігін танытты. Қазақ тілінің барлық құдіретін жақсы білген. Ол ана тіліміздің айбарлы қорғаушысы әрі дамытушысы да болды. Оның кез келген аудармасын оқысаңыз осыны аңғарасыз.

Құрманбек аға туралы сөз болғанда ол кісінің алдында өзімнің екі рет болғаным есіме түседі. 1973 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірер сәтте біздің диплом жұмысымыздың басты сарапшысы — яғни, мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы Құрманбек Сағындықов болды. Ол кезде ағамыз «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы қызметін атқаратын. Менің диплом жұмысымның тақырыбы «Ақжан Машановтың ғылыми публицистикасы» болды. Мен мінбеге көтерілісімен бірден ол кісі: «Публицистиканы жіліктеу туралы кім айтты. «Ғылыми», «көркем», «фантастикалық» тағы, тағыларға публицистиканы бөлуге бола ма?», — деп маған қарады. Осы жерде әңгімеге деканымыз Темірбек Қожакеев, журналистика факультетінің білгірлері Тауман Амандосов, Әбілфайыз Ыдырысов араласты. Олар бұл орыс журналистикасының тәжірибесі негізінде ғылымға енгенін дәлелдеуге ұмтылды. Құрманбек аға сөзін қысқа қайырды. «Келісуге болмайды, публицистиканы бөлшектеу әсте дұрыс емес, мына баланы шатастырғансыңдар» — деді. Осы сәтті пайдаланып менің диплом жетекшім Абдул Хамит Марқабаев: «Бұл жігіт сіздің жерлесіңіз, жуалылық», — деді. Комиссия төрағасы: «Жерлесім болса қайтейін. Публицистика жерлестікке қарап сараланбайды» — деді. Дегенмен де, менің тың тақырыпты аша білгенімді айтып, диплом жұмысым «үздік» деп бағаланды.

Бұдан кейін 1987 жылы Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірер кезімде ағамыздың үйіне барып, Алматыда газеттердің бірінде қалдыруға немесе Жамбыл облысына жіберуге ықпал жасауын сұрадым. Аға менің өтінішімді тыңдап алып, ауыл туралы, Жуалы жайлы сұрай келіп: «Сендер осы «Кременевка» деген сөзден қашқақтап, оны бір орыстың тегі етіп танитындарың қалай?» «Кременевка» деген сөз «кремень» деген сөзден шыққан. Оның қазақшасы шақпақтас деген мағынаны білдіреді. Анау Амансайда жатқан Шақпақ әулиенің қасиеті сол жердегі тастарды бір-біріне үйкесе от шығатындығын алғаш таныған, оның өмірде пайдалана білумен ерекшеленген. Сондықтан да сахабаны «Шақпақ әулие» деп атаған. Осыны бір көкейіңе түйіп қойғаның дұрыс. Туған жердің әрбір тасының тарихын білу сендердің міндеттерің. Ал, сенің өтінішіңді мен қанағаттандыра алмаймын. Қазір үйде отырған зейнеткермін. Біреу сөзімді тыңдаса, біреу тыңдамайды. Мұндай іске мен араласқан адам емеспін. Әркім өз тағдырын өзі жасау керек. Жалпы, партияның ақшасына оқыған соң оны ақтау қажет. Аман болсаң, елге ораласың», — деп шығарып салған.

Сол бір екі кездесуде менің байқағаным атпал азамат көп тыңдап, аз сөйлеп, аз сөйлесе де наз сөйлеп, әріптесін ой тұңғиығына жетелейді екен. Сөзі ашық, ойы салмақты. Ойын бүкпей, шындықты ашық, кесіп айтады. Жалпы, журналистің бұл қасиеті туралы Нина Савицкая атты журналист былай жазады: «Құрманбек Сағындықов өмірден өткеннен кейін Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен мен әңгіме арасында сол кісінің адамгершілік қасиеттерімен бірге адалдығы туралы әңгімелегенімде Димекең былай деген еді: «Ұмытпасам, 1961 жылы бюджетті жасақтауда шығыс жағы көбейіп кеткені аңғарылып, оны қысқарту туралы тапсырма берілді. Біздің ақылгөйлер облыстарда салынып жатқан радио-телевизиялық станциялардың құрылысын тоқтату туралы ұсыныс жасап, 15-16 станцияның үшеуін ғана қалдырыпты. Бұл мәселе Министрлер кеңесінің отырысында талқыланып жатқан болатын. Үкімет мүшелері ұсынысты қолдады. Осы кезде Құрманбек бұл ұсынысты қолдамайтындығы жөнінде өте қатты айтып, пышақпен кескендей сөйледі. Ертеңіне таңертең маған келіп жағдайды түсіндірді. Кеңес мәжілісінде өзінің қатты кеткеніне кешірім де сұрады. Алайда мен Құрманбектің принципі, бір беткей азамат екенін таныдым. Ол өз ісіне жанымен берілген, оның баянды болуын қорғай білетін азамат еді. Ақырында облыстарда 9 радио-телевизия кешендерін салу туралы шешім қабылдады. Қазір соның бәрі жұмыс істеуде» деген еді. Осы жерде оның мінезі Жуалыны қақ жарып ағып жатқан Теріс өзенімен мінездес дегендердің пікірімен келісуге болады. Себебі, өз арнасын табуы үшін Теріс өзені тауға қарай, батыстан шығысқа ағады. Мұндай өзендер жер бетінде шамалы ғана.

Ақылдылығымен, зеректігімен, біліктілігімен ерекшеленетін Құрманбек Сағындықовтың шығармашылығы өзінше бір әңгіме болатын мәселе. Ол марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аударудың бастауында болды. Маркстің 5 томдық таңдамалы шығармаларын және «Капиталын» аударды. Лениннің 55 том кітабын аударуға белсене қатысты. Мұның сыртында орыс классиктерінің көптеген шығармаларын аударғаны да белгілі. Ең бастысы Бауыржан Момышұлы туралы ең бірінші жазған да, ол туралы жазылған Александр Бектің «Арпалыс» романын аударған да Құрманбек Сағындықов. Алғаш 1946 жылы аударған ол кейін Баукеңнің кеңесімен екінші рет еркін және толық аударып шыққан. Кітапты аударара Бауыржан Момышұлы оған мынадай кеңес беріпті: «Біраз жерлерде орысша тұпнұсқадан еркін кеткеніңді және эпиграф етіп афоризмдер алғаныңды қос тілді оқырмандар дұрыс қабылдамауы мүмкін. Сондықтан да екі сөзбен болса да мұндай шегіністердің қажеттіліктен туындағанын аудармаға соңғы сөзде атап өтуің керек». Осы үдеден шыққан Құрманбекке Баукең ризашылығын бір емес бірнеше рет білдіріпті. Әр сөздің мәні мен мағынасын жетік білген ол аударма романның өн бойына қазақ қанын сіңіре білді.

Майданнан оралғаннан кейін білікті журналист партия институты тарихында ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, республикалық телерадиокомитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасының географиялық құрылысы өзгерген тұста, яғни, Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылғанда сол өлкелік газеттің бас редакторы қызметін атқарды. Содан кейін ұзақ жылдар бойы «Қазақстан коммунисі» журналын басқарды. Он бес жыл бойы журналды басқара отырып, ол көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосты.

Бір қызығы оның шежіреге ден қойғанын да байқауға болады. Ол туралы өзінің өмірбаянында былай деп жазады: «Бала кезімізде Бауыржан екеуміз де Момыш атамның аузынан шежірені талай рет есіткен едік. Соған сәйкес Дулат руы Сыйқым, Жаныс, Шымыр, Ботбай деп аталатын төрт тайпаға бөлінеді. «Мен Шымырдың, сен Жаныстың ұрпағысың» дейтін атамыз. Кім білсін, мүмкін Бауыржан Момышұлының да шежіре жазуына ықпал еткен әкесі болар. Олармен тұстас өмір сүрген, жазушының да, ғалымның да, үлкен қызметкердің де шежіре жинастырғанын еске алатын болсақ, ұлтжанды азаматтар өз замандарында бұл мәселеге ерекше назар аударғанын аңғару қиын емес. Олар шежіре қазақ халқының тарихын білуге, ынтымақ, бірлікке бастайтынын жақсы білген.

Құрманбекті құнарлы сөздің қайнар бұлағы болғандығын замандастары өте қатты құрметтеген. Орыс тіліне аса жетік болуы оның амалсыз аудармашы болуына жетелегенін де замандастары жақсы біледі. Марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аударуда сол кезеңде Құрманбектен өткен аудармашы болған емес. Сөз мәйегін терген аптал азамат қазақ журналистикасының дамуына да үлкен үлес қосқаны белгілі. Оның қаламынан туындаған шығармалары сол заманның шежіресі. Ұлы Отан соғысы жылдары майдандық газеттерде жарияланған материалдарын екшеп, сараласақ осыған тағы да көзіміз жететіні анық. Ұзақ жылдар «Қазақстан коммунисі» журналын басқарған Қ. Сағындықов партияның ғана емес, ел мен жердің тарихы мен тағлымын жазуға да әріптестерін үндеп отыратыны туралы ол кісімен бірге қызмет еткендер бүгінгі күні де айтып отырады.

Еңбегі кезінде елеулі болған азаматты ұмытуға болмайды. Себебі алдыңғы толқын ағалар жолы әрқашанда өнеге. Басқасын айтпағанда өзін-өзі тәрбиелей білу, жетектей білу, қиыншылықтарға қаймықпай үнемі алға, жарқын күндерге ұмтыла білу қасиеттері бүгінгі заманда жастарға үлгі болатындығы, қайсарлық пен табандылыққа үйрететіні сөзсіз.

2010 ж.


ЕЛІНЕ СҮЙЕНГЕН ЕР
Жуалы ауданының құрылғанына 80 жыл толуына орай өтіп жатқан салтанатты жиын.

Мінбеде генерал-лейтенант, Қазақстан Қарулы Күштері штаб бастықтары комитеті төрағасының орынбасары, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев. Жүзі де, дауысы да жарқын. Саңқылдай сөйлейді.

...—Адамға барлық қасиет туған жердің топырағынан, ананың сүтінен даритын болуы керек. Жуалыны көпшілік батырлар, генералдар елі деп айтады. Бұл пікірге келіспеске болмайды. Бүкіл саналы өмірімде өзіме Бауыржан Момышұлын үлгі-өнеге еттім. Қазір де солай. Мен ол кісінің әскери шығармаларын бір емес бірнеше рет оқып шықтым. Алғашқы қуанышымды да Баукеңнің баласы Бақытжан мен келіні Зейнеп жеңгеймен бөлісіп, үйлеріне барып, батырдың әруағына арнап дұға оқыдық. Мені Баукеңнің ерлігі, адалдығы, қайсарлығы, әділдігі мен анамның мейірімі тәрбиеледі. Әкемнен ерте айырылған мен анамның жетегінде болдым. Ана туралы тебіренбей, толғанбай сөз сөйлеу мүмкін емес. Анам мені адамгершілікке, кішiпейілдікке, қарапайымдылыққа, адалдыққа тәрбиеледі деп айтсам өтірікші болмаймын...

Шындықты өмірінің өзегі еткен генерал қай жерде сөйлемесін, журналистерге берген барлық сұхбаттарында анасы мен Бауыржан Момышұлы туралы жүрекжарды сөзін айтудан жалыққан емес. Оған өзім де талай куә болдым. Осы орайда менің есіме Бақытжан Ертаевпен алғаш және одан кейінгі кездесулерімнің кейбір сәттері түседі.

...Ойламаған жерден Жуалы ауданының сол кездегі әкімі Еркінбек Солтыбаев телефон шалды.

—Естіген шығарсың біздің жерлесіміз Бақытжан Ертаев деген азамат күні кеше ғана Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Президенттің өз қолынан генерал атағын алды. Сол азамат елге келе жатыр. Бүгін Күйік асуында жуалылықтар генералды қарсы алады. Бұл жуалылықтар үшін үлкен мереке! Келіңіз. Сіздің болғаныңыз дұрыс қой,-деді ағынан жарылып.

Айнала аппақ қар. Күйікке қарай зулап келеміз. Генералды көруге асықпыз. Асудан асып, биікке көтерілгенімізде жерлестерін тағатсыздана күтіп тұрған жуалылықтарды көрдік. Көп ұзамай Бақытжан да келді. Орта бойлы, дене бітімі шарболаттай мығым, бидай өңді жігіт ағасын құшағына алып жатқандар құтты болсын мен бірге шашу шашып жатты. Қысқа болса да қарт Қаратаудың биігінде жүрекжарды сөздер айтылды. Сол жерде генералмен бірге өзі басқаратын дивизия орын тепкен Алматы облысындағы Сарыөзек ауданы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов (қазір Алматы облысы әкімінің орынбасары) пен генералдың зайыбы Зейнеханмен таныстық.

1993 жыл жаңа ғана тәуелсіздік алған еліміз үшін аса ауыр кезең болатын. Сондықтан да генералдың құрметіне дастархан Бурно-Октябрь ауылындағы Ломоносов атындағы мектептің кең залында жайылды. Оның да өзіндік себебі болатын. Бақытжанның анасы осы ауылда үлкен ұлы Бегімшенің қолында тұратын. Оған қоса кезінде өте бай болған әскери шаруашылықтардың әлі болса да жұрнағы қалған. Олардың дастархан жаюына жағдайы бар еді. Дастарханға отырмас бұрын генерал ең алдымен анасына жеткенше асықты.

Дәм үстінде әртүрлі тақырыпта әңгіме болды. Бақытжан өзі туралы емес еліміздің тыныс-тіршілігі туралы, Елбасына деген құрметін жеткізді. Аса ауыр кезде қиыншылықтарға мойымау керек екенін бірнеше рет қайталап, Тәуелсіздік қантөгіссіз келгенімен оның халыққа үлкен сын әкелгенін айтты. «Осындай сын сағатында кімнің кім екені белгілі болады. Тәуелсіздіктің алып қайығынан түсіп қалатындар да болады. Біз қазір Президенттің жанынынан табылуымыз қажет. Елім деген азамат таққа таласпай, керісінше, сол тақты жанқиярлықпен қорғай білуі парыз. Бұл менің өмірлік қағидам!» деген сөзі маған ерекше әсер етіп еді.

Сол күні республикалық «Халық Кеңесі» газеті үшін сұқбат беруін өтініш жасадым. Генерал аз-кем ойланып тұрды да; «Таңертең сағат сегізде үйге келіңіз»,- деді. Сағатыма қарап едім түнгі төрт екен.

Көп ұзамай менің генералмен сұқбатым «Халық Кеңесіне» шықты. Бұл республикалық газетке берген Бақытжанның алғашқы сұқбаты еді. Сонда бірінші рет Бақытжан Ертаевтың жиырма жеті жасында аға лейтенант шенінде, Бауыржан атасы сияқты қиын- қыстау сәтте батальон басқарғаны, оны ауғандықтар мойындап, жақсы көріп «Бақтияр» атағаны, дұшмандардың ең ірі қару-жарақ қамбасын басып алғаны, тағы да басқа ерліктері жазылып, айтылып еді.

...Тұрар Рысқұлов ауданының аумағындағы «Жаңа тұрмыс» ауылының сырт жағындағы полигонға келген бізді әскерилер басқару орталығына ертіп әкелді.

—Журналист мырзалар, санаулы минуттардан кейін дивизиялық әскери-жаттығу басталады. Біздің бұл жаттығуымызға Қорғаныс министрі генерал Мұхтар Алтынбаев пен Бас штабтың бастығы, генерал Бақытжан Ертаев қатысуда. Жаттығу туралы генерал Бақытжан Ертаев түсінік береді,-деген Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Әубәкір Қайраңбаев әзірге біздің сырт көз болуымызды айтты. Біз алға көз тастадық.

... «Террористер» (шартты түрдегі) тау бөктерінде бейбіт жатқан елге лап қойды. Олар аса жылдамдықпен қимылдап, өздерінің әрекетіне қалқан болар тұтқындарды да алып үлгерді. Қазақстандық әскерилер көктен тікұшақтармен, жерден танкіні қалқан еткен жаяу әскерлер шабуылдады. Ауыр снарядтар жерді солқ-солқ еткізеді. Автоматтан атылған жарқырауық оқтар зуылдайды. «Террористер» бар назарды осыларға аударғанын пайдаланып, аз ғана сарбаздар ауыл жанындағы жырамен жауға қарай ұмтылды. «Террористердің» ту сыртынан шыққан сарбаздар көз ілеспес жылдамдықпен жауды жусатып салды. Енді бір сәтте Қазақстан жауынгерлері «жаудың» ұясын қирату үшін тау шатқалдарына қарай лап қойды.

Бақытжан Ертаев шетелдік қонақтар мен министрге қазақстандық сарбаздардың қимылына түсінік бере келіп, сұрақтарға жауап беретінін хабарлады. Дауысы ашық, көңілі көтеріңкі. Оның дауысының ырғағынан-ақ жаттығудың сәтті аяқталғанын аңғардық.

Кім білсін тап сол сәтте оның көз алдына Ауғанстанда болған шайқастар келді ме екен?! Оның ауған жеріндегі ерліктері туралы алдымен ресейлiк «Комсомольская правда» газеті тамсана жазды. Батальон командирі аға лейтенанттың ерлігімен бірге жергілікті халықпен тіл табысуы да жазылған еді. Бір сөзбен айтқанда мұндай шайқастарды өмірде талай көрген ол үшін бүгінгі жаттығу аса қиындық түсірмегені анық. Мұны тыңдаушылар да жақсы түсінгендей, көп сауал да қойылмады.

Аз ғана үзілісті пайдаланып, генерал Бақытжан Ертаевқа барып сәлем бердім.

— А.., жерлес, Сіз де осындасыз ба? –деген ол амандық сұрап, бауырына қысты.

Мен жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетіне Ұлы Отан соғысының ардагері Алақан Жапарбеков туралы жазғанымды айттым. Алақан ақсақал соғыста көрсеткен ерлігі үшін үш рет Даңқ орденімен наградталғанын, бірақ ІІ-дәрежелі Даңқ ордені екі рет берілгендіктен Кеңес Одағының Батырына теңелмейтінін қадап айттым. Ал бұл орденді беру туралы ережеде бір дәрежесі екі рет берілмейтіндігін де түсіндіре келіп, І-дәрежелі Даңқ орденін алып беруге көмегі керек екенін жеткіздім.

Генерал ойланып қалды. Мені бірінші көргендей тесіле қарады. Көз ұясы үлкейіп, ұрты томпайып, танауы кеңейе түскен.

—Туысыңыз ба?-деп саңқ ете қалды.

—Жоқ, туысым емес. Кейіпкерім.

—Дұрыс екен. Журналист пен әскерилердің ұстағандары қару. Олардың руға, ұлтқа бөлінуіне қақысы жоқ. Себебі олардың қаруы өте қауіпті. Бірінің қаруы оқпен бірді немесе мыңды өлтірсе, екіншісінің, яғни сіздердің—журналистердің сөз-қаруы,бүтін елді, халықты, қажет десеңіз мемлекетті қиратады. Сондықтан да біз қаруымызды әділдік, елдік жолында пайдалануымыз керек. Соны біліп, есіңізде сақтаңыз!- деген Бақытжан сәл ойланып тұрды да, —Ол бауырларға айт. Маған барлық құжаттарымен келсін. Соғыс ардагерлеріне көмектесу біздің парыз. Менің қайын атам да соғысқа қатысқан. Сондықтан да мен олардың жан- дүниесін жақсы білемін. Ал үш Даңқ ордені болса да Батырлармен теңесе алмай жүрген атамыздың бағын ашу үлкен азаматтық! Ол үшін сізге рахмет. Ресей Қорғаныс министрлігінің Бас штабында еңбек ететін азаматтармен хабарласайық, кеудемізден итермес...

Одан кейін генералмен Жуалының төріндегі туған ауылында жүздестік. Сол күні Кеңес ауылы ерекше қуаныш құшағында болатын. Еліне, жеріне еңбегі сіңген қиын- қыстау күндері елін басқарған азаматты еске алып, ас беру асылдың сынықтарының ер жігіт болып жетілгендіктерінің белгісі еді. Ертайдың жақсылығын көріп, естігендер бұған қалайша қуанбасын?! Сондықтан да сол күні кішкентай ауыл арқа-жарқа болып жатты.

Жылдар бойы Бауыржан Момышұлы—Кәріқорған бағытындағы тас жолынан Кеңес ауылына бұрылар тұсындағы жөнделмей тұрған көпір де сол күні Бақытжанның ықпалымен жөнделді.

Терең сайды жағалай орналасқан ауылдың биігіне жеткен бізді генералдың өзі қарсы алды.

—О...егемендік журналист (ол кезде мен «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы тілшісі болатынмын) бауырыма ерекше саз,-деген ол құшағын жая ұмтылған ол сырнай, кернейлерін сызылтып тұрғандарға қараған.

—Бәке, ниет қабыл болсын!-деп сәлем берген маған қараған ол; —Әкемнен сәби кезімде қалған едім. Жетектеп жүріп анамыз жеткізді. Ағайын туыстарды, дос, жора-жолдасты шақырып беріп жатқан асым әкемнің әруағына бағышталған. Әкенің алдындағы бір парызымды осылай өтеп жатқан жайымыз бар, төрлетіңіз,- деген генералдың өзі бізді үлкен үйге қарай бастады.

Өмірден қырық тоғыз жасында өткен әкесі Ертайдың әруағына бағышталған аста ол кісінің жақсы істері туралы тебірене сөйлегендер көп болды. «Колхозды соғыс жылдары басқарып, елдің тұрмысын жақсартуға үлкен үлес қосқан Ертай тірі болғанда биыл жүзге толатын еді»... «Азамат еді»... «Халық үшін жаралған ер еді»... «Бастықпын деп сол кездің ауруы – басынуды білмейтін еді» деген сөздер жиі айтылды. Бәрінен де Ертайдың көзін көрген жасы жүзден асқан Жанпейіс ақсақалдың сөзі көпшілікке ерекше әсер етіп еді. Ауыл ақсақалын қолтықтап, биікке шығарып, аса бір құрмет көрсетіп тұрғанын жиналғандар байқады да, риза болды. Ақсақал Ертай мен оның жалғыз бауыры Шыршынбай туралы тебірене әңгімелеп еді. Олардың да әкелерінен жастай қалғанын, сабан төсеніп, жуаны айранға қосып, талшық еткенін, елдің батасымен азамат болғандарын айтты. Елі үшін еңбек ету олардың әрқашанда басты міндеті болғанын толғай жеткізген. Әсіресе соғыс жылдары колхоз бастығы болған Ертай Байсеркеев елді аштыққа ұрындырмау үшін небір амалдар ойлап тапқанын да айтып еді-ау.

Колхоз - «Кеңес»,

Жаман - емес.

Ертай - бастық,

Қамба - астық.

Утром - чай,

Вечером - күлшетай...- деп өлеңдеткен кезде ел есінде.

Батырдың анасы туралы да талайлар тебірене сөйлеген. Үлкен ұлы Бегімше мен Бақытжанның, өмірден ерте өткен Керімшенің балаларын жетектеп жеткізгенін айтқанда жиналғандардың Ұғылтай анаға деген құрметі бұрынғыдан да асқақтай түскен еді. Сол сәттегі Бақытжанның толқыған жүзін көрсеңіз. Әкеге деген сағынышпен бірге анасының ұлы ерлігіне мақтаныш көңілін бір сәт босатқанын да аңғарымпаз көз көрген. Сонда Бақытжан жанында тұрған анасына аса бір мейірмен қарағанын да көргенбіз. Сол күні Бақытжанды елі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткенін, ағайын-туысы асылы екенін байқаған. Берілген бата шын көңілден шығып жатты...

... Бақытжан Ертаевпен бұл кездесулерден басқа да есте қаларлық жүздесулер болды. Ал бүгінгі жүздесу ерекше. Ел перзенті туған жеріне бұл жолы Халық Қаһарманы атанып келіп отыр. Ол саңқылдап сөйлеп тұр.

—Тура осыдан он бес жыл бұрын Елбасының қолынан генерал погонын алғанымда; «Бар саналы ғұмырымды Қазақстан атты қасиетті Отанымды көздің қарашығындай қорғауға арнаймын» деп ант бергенмін. Сол антымды басыма қандай қиындық түссе де бұзған емеспін. Жамандықты еске алғым келмейді. Адал адам азбайтындығын түсіндім. Елбасы кеудеме Халық Қаһарманы жұлдызын қадап тұрғанда жүрегім жарылып кетерліктей қуандым. Қуанышты анаңмен, туған елмен бөлісу қандай бақыт. Сол күні тұлпарға мініп, жер жанаты Жуалыға шауып кеткім келді. Оның сәті түспеді. Сол екі арада Түрік еліне барып келдім. Жолай Маңқыстауға аялдадық. Облыс әкімі Қырынбек Көшербаев мырза қуанышымды бөлісіп, арғымақ мінгізгенде мен өзімнің қазақ елінің азаматы екеніме мақтаныш кеудемді кернеді...

Генерал осыдан он бес жылғыдай емес ана тілінде жатық сөйлейді. Бұл күнде ол ана тілінің әскердегі жанашыры. Атақ-даңқының, дәрежесінің өсуімен бірге жан дүниесінің де өсе түскенін аңғардым. Тағы бір аңғарғаным – мейірімі тасыған. Отбасына деген сезімі ерекше екенін көп пікір алмаспай-ақ аңғарасыз. Балалары Серікжан, Темірлан мен Гүлдана, олардың анасы, көп балалы отбасында тәрбие алған, имандылықты өмірінің өзегі еткен Зейнехан туралы әңгіме қозғалғанда қой көздері от шашып, жүзі бал-бұл жанады. Отбасын кіші Отаны санайтын генерал анасы туралы әрқашанда тебірене, толғай сөйлейді. Қолы қалт еткенде анасына жеткенше асығатын сәттері көп. Ат жалын тартып, азамат болғалы әкесі туралы анасынан сұрай беруден жалыққан емес. Бұл туралы генералдың анасы Ұғылтай әжей былай дейді:

—Қарағым, Бақытжаным әкесінен он бір айлығында қалды. Ол кезде менің жасым жиырма жетіде еді. Балаларымды жеткіземін деп еңбек еттік. «Шаршадым, шалдықтым» деген сөзді айтқанымыз жоқ. Жанымды баларымның болашағы үшін аяудан ада болдық.

Айналайын, Бақытым, бұл күнде Қаһарман атанып, елінің, жерінің атақ- даңқын шығарып жатса одан артық қуаныш бар ма. Мүмкін ана бақыты деген осы шығар. Алла Тағала тіл-көзден сақтасын!

Жасы 84-ке келсе де ақылы азбаған ана ағынан жарылып отыр. Аққұбаша келген кейуана сөзінің соңын елінің, Елбасының амандығын тілейтінін жеткізді.

—Менің балаларым Отанының, елінің ұланы. Отаны ардақтап, еңбегін бағалап жатса оған қалайша қуанбасқа. Айналайындар, қуанышымыз ортаймасын! — Осылай деген ақ әже мойынына асылған шөбересі Сұлтанның маңдайынан иіскеді. –Менің қуанышым осылар...-деп, жанарына келіп қалған қуаныш жасын сүртіп, үнсіз қалды. Осы сәтті пайдаланып немересі Нұрмұхамед пен келіні Аня:

—Кешіріңіздер, өткен өмір жолын еске алса, ауырып қалатыны бар. Бұл кісіге тек қуаныш жарасады. Сондықтан да әңгімені үзіп-үзіп жалғастырсаңыздар,-деген өтінішін айтып үлгерді.

—Балаларымның көңілі үнемі туған жерге, өскен елге ауып тұрады. Бұған мен аса қуаныштымын. Әкелері ел десе езіліп тұрушы еді... Ананың алқымына тағы да өксүк толып сөйлеу алмай қалды, біз де анамен болған әңгімені осы жерден үздік.

Анасы айтқандай шынында да Бақытжан Ертайұлының туған жерге деген махаббаты ерекше. Ол ауылға келгенде балалық шағын өткізген өңірді жүрекпен сезініп, көз алдына елестетіп, аймалап шығады. Уақыты болса сайын да, тасын да, бұлағын да аралайды. Қарт Қаратаудың Алатаумен аймаласып алып, солтүстікке бет алған тұсында Бөкей тауының етегінде, мөлдір бұлақтардың жағасындағы ауылын ол жиі түсінде көреді. Халық Қаһарманы атағы берілердің алдында ол түс көріпті. Түсінде туған жердің төсінде ақ боз атқа мініп, шарықтап жүр екен. Осы орайда ойыма оның бір кездескенде айтқан мына бір әңгімесі еске түсті.

Ол еліміздің әскери құрылымын жетілдіруді Қарулы Күштерінің Бас штабын басқарып тұрған кезде көп ойластырғанын ұмытпайды. Зерделеп қараса, елдің бүкіл Қарулы Күштері шығысымызда шоғырланған екен. Сондықтан да ол төрт әскери округ құрудың қажеттілігін Бас Қолбасшыға дәлелдейді.

—Бас Қолбасшы Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының орталығы қайда болатынын сұрады. Мен Таразда болуы тиімді екенін айттым. Президент жылы жымиып; «Ауылыңа жақындатып алыпсың ғой» -деді. Одан кейін картаға төне түсіп, Жуалы ауданының аумағына қадалған кішкентай жалаушаны көріп; «Мынау не?» -деді. Мен бұл жерде тауда ұрыс жүргізуге бейімделген атты шолғыншы батольон орналасатынын айттым. Бас Қолбасшы күліп жіберді де; «Үйіңе кіргізіп алыпсың ғой»-деді. Осы бір оқиға есіме түскен сайын Елбасының ерекше сергектігіне, аңғарымпаздығына таңғалам. Менің кішкентай болса да туған жерге қарай бұрып тұрғанымды іштей сезіп, соны мақұлдағандай рай танытуы ол кісінің кеңпейілдігі деп түсіндім.

Осылай деген генерал біраз үнсіздіктен кейін темекісін тұтатқан...

...Ол шын жүрегінен сөйлеп тұр.

—Елбасы кеудеме Халық Қаһарманы Алтын Жұлдызын тағып жатқанда көңілім босады. Мен бүкіл болмысыммен халқыма, Президентіме қарыздар екенімді түсіндім. Менің азаматтық жүгім бұрынғыдан да ауырлай түскенін білдім. Қазақстанның өркендеуі жолында алып атан түйеге жүк болар кезкелген ауыртпалықты көтеруге және оны абыроймен атқаруға, елім үшін жанымды қиюға әрқашанда дайынмын! –деп Отаныма ант бердім. Бұл құр бекерге айтыла салған лепірме сөз емес. Бұл менің жан сырым, жан толғанысым! Меніңше әрбір әскери Отаны үшін жанынын пида етуге әрқашанда дайын болуы керек. Осы жерде менің қуанышымды бөлісуге Семейден ауған жерінде сарбазым болған Қайрат Мусин деген азамат келіп отыр. Маған берілген атақта бүкіл ауған соғысының ардагерлерінің үлесі бар...

Батырдың аты батыр! Жүрегінің түгі бар адам іздегендер Бақытжанды үлгі етер. Жала жауып, жазықсыздан жазықсыз үстінен қылмыстық іс көтеріліп, генерал сот алдында жауап бергенінен қалың ел кезінде хабардар болған. Той төрінен саңқылдап сөйлеп тұрғанда менің есіме Мырзахан Ахметовтың «Намыстың құлы - алаштың ұлы» деген кітабындағы мына бір көрініс түсті.

«Сот процесі ертеңге қалдырылды. Ертеңіне сот төрағасы Қапсұлтанов өкімді оқыды.Қылмыс құрамы болмағандықтан Ертаев ақталды. Дәл сол кезде Б.Ертаевтың қойынындағы пистолеті жерге түсіп кетті.

-Ол не, аға?-деді сот төрағасы.

-Бұнда 2 патрон бар. Егер сен мені соттасаң, бірінші оқпен сені, екінші оқпен өзімді атар едім,-деді Ертаев.

-Аға, менің кінәм не?-деді сот төрағасы.

-Ал менің кінәм не? –дейді Ертаев». Осы бір кешкене ғана оқиғадан Бақытжанның кім екенін тануға болады.

Бұл мақала жазылғаннан кейін де Бақытжан Ертаевтың өмірінде біраз өзгерістер болды. Ұлы үйленді, немере сүйді, аяулы анасы өмірден өтті.

Ауғанстанда интернационалдық парызын өтеуде совет армиясының қатарында батальон басқарған Бақытжан Ертаев батылдығымен, тапқырлығымен атақ, даңққа бөленгені жөнінде тарихи деректі кітап жарық көрді. Оқырмандар оның ауған халқы арасында да үлкен беделге ие болғанын білді. Тіпті оны құрметтеп «Бақтияр» деп атағанында оқыды. Ауған жерінде шыңдалған ол одан кейін Шығыс Германияда әскери қызмет атқарғанынан да хабардар болды. Қайда, қашан болмасын ол өзінің білікті сардар екенін танытқанына қуанды.

Бақытжан Ертаев Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерін қалыптастыруда, оның құрылымын жетілдіруде үлкен еңбек етті. Әскери шені өсіп, генерал-лейтенант атағын алды. 60 жасқа толғанын халқы болып тойлады. Бір сөзбен айтқанда, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев қазақ халқының даңқты ұлдарының бірі. Сондықтан да ол 2011 жылы кезектен тыс өткен Парламент сайлауында «Нұр-Отан» партиясының тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты атанды.

Халық Қаһарманы, генерал Бақытжан Ертаев Парламент мінбесінен әлі талай рет қазақ халқының мүддесі үшін жалындап сөйлейтіндігі анық...
ҚҰРЫШТАЙ ШЫҢДАЛҒАН
Жуалының асқар-асқар таулары қар жамылған. Аспан да, жер де аппақ. Мұндай көріністі көптен бері көрмегені анық. Тау мен аспан астасып кеткен. Ғажап, керемет! Туған жердің ауасын сіміре жұтқан Диханбек ақ көбелектей аспанда қалықтап барып жерге қонып жатқан қарға алақанын тосты. Мамық қар әпсәтте еріп, алақанынан сусып ағып жатты. Тағы да қалықтап келе жатқан ұлпаға алақанын созды.

Қайран туған жер! Қайда жүрсе де бір сәт жадынан шықпаған туған жерден ыстық ешнәрсе жоқ екенін сонау бір жылдары Мәскеуде әскери азаматтық қорғаныс училищесінде оқып жүргенде ерекше сезінген. Одан кейін де, Отан күзетінде жүрген кездерінде де жүрегі алып, ұшып ауылға асығатын. Мұндай қасиет бір ана мен бір атадан тараған он бауырларының бәрінің бойына дарыған. Сол жылдары Ленинградта жоғары оқу орнында оқып жүргенде әпкесі --Айжанның сағынышқа толы хаттарын ата-анасына оқып бергенде оның туған жерге деген сүйіспеншілігінің аса ғажап екеніне таңғалатын. Көрші-қолаңды ғана емес айдаладағы бастауды, Теріс өзенін жағалай өсетін тал-шыбықты сұрап жазған хаттарын оқыған да әпкесіне бір сәт «шөпті де, шөңгені де сұрағаны несі» дейтін. Кейін өзі Мәскеуге оқуға түскенде әпкесінің сағынышының сырын түсінді. Әркез Жуалының кербез табиғаты мен ата-анасы, өзімен бірге асық, шілдік ойнаған достары ойынан шықпай, тіпті түсіне кіретін, сарғайып, сағынатын. Сонда түсінді: туған жерге деген сағыныш ерекше екен. Оның үстіне Жуалының табиғаты қандай тамаша! Өзі туып,өскен Бөкей тауының бөктеріндегі Жетітөбе мен Кәріқорғанның көрінісі өзгеше емес пе?! Туған жерде, өскен елде бір – бірін сағына жүріп, қуанышпен жолығатын сәттерді асыға күтетін. Мұндайда анасы мен әкесінің қуанышын, бал-бұл жанған жүзін көрудің өзі бір ғанибет! Бүгін де әке , туған жер, бауырларының қуанышты құшағына енгенде Диханбектің сағынышқа толы көңілі алабұртты. Оның үстіне генерал атағын алумен құттықтап жатқандардың шалқып, тасып, жүректі елжіретер марапат сөздері жандүниесіне шаттық нұрын құйды. Оны жанында жүрген жары Мәдина да сезді.

Генерал шенін алу кезінде «мен» деген қазаққа бұйырмағанын, мұның өзі өлшеусіз бақыт екенін айтқанда көз алдына Баукең – Бауыржан Момышұлы келді. Қайран, Баукең! Балалықтың бал дәуренінде атпал азаматтың атақ-даңқы жер жарып тұрғанда Баукеңді тәңір тұтпаған адам кем де кем болғаны анық. Сондай сәттерде Диханбек те даңқты жерлесі сияқты оқалы киім киіп, Отан қорғау жолында аянбай еңбек етіп, адамдықты, азаматтықты, әділдікті қасиетіне айналдыруға ұмтылды. Сол арман оны жетелеп әскери училищеге оқуға түсірді. Міне енді туған жер төріне генерал атанып, ақ арманының бірін орындап, қуана келді. Әсіресе әкесінің қуанышы шексіз. Бұл күнде Тараз қаласының тұрғыны болған Жанқораз ақсақал да ұлымен бірге ағайын, туған -туыстың құшағына енген. Мұндайда ағайындардың әңгімесі таусылған ба? Келгелі жер, суды, туған-туыс амандығын сұрап, өткен-кеткенді еске алып, шүйіркелесіп жатыр.Байқағаны, әкесі өткен жылдармен салыстырғанда шөгіп қалыпты. Есесіне қара шаңырақта отырған бауырларының тұрмысының жақсы екенін көріп, еңсесі көтеріліп қалды.

Бір сәт тыныстап алуға сыртқа шыққан Диханбек ой тұңғиығына бір сүңгіп алғанын өзі де байқамай қалды. Ой шегіне жету мүмкін емес. Ойлап қараса жасы елуден енді ғана асқанына қарамастан көргені де, көңілге түйгені де аз емес екен. Әсіресе дивизия сардары болған жылдары басшы болып бұйрық берудің жауапкершілігі өте зор, қажет десеңіз оның өзі өнер екенін жете аңғарды. Қарамағыңдағы сардарлар мен сарбаздарға бұйрық бергенде алда атқарылатын жұмыс нәтижесіне тікелей өзің жауапты екеніңді сезіну аса маңызды. Берілген бұйрықтың нәтижесіне назар аудармау жарға жығатындығын Баукеңнің өте жақсы айтқанын да біледі.

Жапалақтап жауған қарға тағы қолын созды. Қолы мұздап қалған ба, алдыңғыдай емес қар алақанында көпке дейін ерімей жатты. Қауызын енді жарып шыққандай ақ ұлпа жарыққа шағылысып әртүрлі реңге боянған. Жер де, көк те аппақ. Шіркін дүниенің бәрі ақ болса қандай ғанибет! Диханбек терең тыныстады.Қатты аяз болмағанымен қардың шыңылтыры бойын мұздатып бара жатқанын сезді.Үйге беттегені де сол еді, есік ашылып әкесі Жанқораз ақсақал шапанын жамылып алдынан шықты.

-- Балам, туған жердің шөңгесі де ыстық көрініп тұр ма? Туған жерін аңсамайтын адам өзегінен айырылғанмен бірдей. Сені асқақтататын да, аласараттын да туған жер. Сондықтан да алтын бесігіңді ұмытпа. Мен де жасым 85 –ке келіп қалса да ауылдан кеткеніммен жандүнием, ділім осында қалғандай. Аңсарым ауылға, туған жерге ауады да тұрады. Соғыс жылдарын айтпағанда Алматы да екі жылдық заң курсында оқығанда да ауылды аңсап тұратынмын. Сенің генерал болғаныңды анаң Күлзаданың көрмей кеткеніне өкінемін. Анаңның жүрегі нәзік еді ғой. Сендердің оныңның да әрқайсыңның бақытты болуын армандап бұл дүниеден өтті ғой... Жанқораз ақсақалдың алқымына өксүк толды. Сөйлей алмай үнсіз қалды. Баласының жүрегі оны іштей сезді.

Әке мен бала біраз үнсіз тұрды. Жапалақтаған қар жарыққа үймелеген көбелектей көбейе түскен.

-- Бұл қар қашанға дейін жауады екен? Өткен жылғыдай елді әбігерге салмаса болғаны,-деп әкесіне жақындай түскен баласының қолынан ұстаған Жанқораз ақсақал күліп жіберді.

-- Немене өткен жылғыдай төтенше жағдайдың қызметкері қарбаласқа түседі ғой деп тұрсың ба?

Әкесінің сөзіне Диханбек күлді де қойды. Шынында да өткен жылы төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктік қызметкерлері Жуалыда жауған қалың қар әкелген әбігерден арылту үшін көп еңбек еткені еске түсті. Сол салада еңбек ететін болған соң туған жерде болып жатқан табиғаттың тосын қылығына қажыр мен қайратты, нақты көмекті қолынан келгенше молынан көрсету үшін аянбаған. Ойлап қараса өзі әскери қызметте болғанымен азаматтық қорғаныс саласында көп еңбек етіпті. Училищені бітірген соң әртүрлі әскери бөлімдерде қызмет істеді. Еліміз тәуелсіздік алған соң өзі алғаш әскери қызметін бастаған Ұзынағаш ауылында орналасқан азаматтық қорғаныс полкінің сардары болды. Одан соң Қорғаныс министрлігінің Бас штабында қызмет атқарды. Отар мен Шығыс Қазақстанда орын тепкен дивизия командирінің орынбасары, командирі болды. Әскери академияны бітірді. Міне тағы да қазір азаматтық қорғаныс саласында қызмет етеді. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікте департаментті басқарады. Қай жерде, қандай деңгейде қызмет етседе ол жоғары біліктілігімен,іскерлігімен, адалдығымен ерекшеленді.

-- Балам, демалғанымыз дұрыс болар. Ертең жерлестеріңмен, мектеп оқушы-ұстаздарымен, аудан жұртшылығымен кездеседі деп жатыр,-деген Жанқораз ақсақал үйге қарай беттеді.

Диханбек көпке дейін ұйықтай алмады. Ертең болатын кездесулерде қойылатын сауалдарға іштей жауап іздеді. Әңгімені күні кеше ғана еліміздің тәуелсіздігі күні Елбасының қолынан генерал погонын алғанының үлкен мәртебе әрі жауапкершілігі аса жоғары екенінен бастаған жөн болар. Биік дәрежеге жетуіне жерлес ағасы генерал-лейтенат Бақытжан Ертаевтың көп тәлімі мен тәрбиесі әсер еткенін де айтса болар. Әскери мамандықты таңдауына алдымен Ұлы Отан соғысының ардагері әкесінің тәлімі көп болғанын да айтатыны сөзсіз. Майданнан омырауы орден, медальдарға толып, лейтенант шенімен оралған әкесінің майдан даласындағы, бейбіт еңбектегі ерен еңбектерін айтса да артық болмас. Әкесі майданға Пахтарал жерінен мектепті бітірісімен алынып, Калинин қаласының маңынан басталған жаумен шайқасы Белоруссия жерінде аяқтағанын да жақсы біледі. Әкесінің Жуалы аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметінен бастап көп жылдар ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқаруыда өзінің саналы өсіп, жетілуіне ықпал жасғанын да тілге тиек етуге болады.

...Өзі бір кезде әліппені алғаш ашқан Жетітөбе орта мектебінің оқушылары мен ұстаздары генарал жерлестерін қуанышпен қарсы алды. Диханбектің көңілі алабұртып,толқыды.Талдырмаш бойы биіктеп, аққұбаша жүзіне қан жүгіріп, қой көздерінде ұшқын пайда болған. Жүрек толқулары біразға дейін басылмады. Көп жылдардан бері көрмеген сыныптастары да, ұстаздары да, туыстары да осында келіпті. Өзі туралы көп жақсы сөздер айтты. Мектептің жас түлектері «Жетітөбе» орта мектебінің Құрметті түлегі» деген атақ беріп, білім ордасындағы Бауыржан Үсенов атындағы «Ұлан» ұйымының мүшесі етіп қабылдаса, ұстаздар қауымы алғашқы әскери дайындық бөлмесіне өзінің атын берді. Диханбек те сөйледі. Мектеп оқушыларының саулдарына жауап берді. Өзінің әдебиетке, денешынықтыруға өте жақын болғанын, Н. Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» кітабін бір емес бірнеше рет оқығанын да айтты. Ольга Афанасьевнадай әдебиеттен сабақ беретін ұстаз кем де кем екенін де айтып жатты. Тап осы сәттегідей көңіл толқулары аз болғанын да сөз етті.

Мектептен генерал Диханбек Сатылғанов көтеріңкі көңілмен шықты. Түні бойы жауған қар басылып, аспан ашылып, күн мейірлене нұрын төгіпті. Жерлестерінің құшағында алға адымдады. Ендігі жүздесу Бауыржан Момышұлы ауылында болады. Жүрегін қуаныш кернеді. Күні кеше ғана өзіне пір тұтқан Баукеңнің музейіне барып, атақты қолбасшының ескерткішіне бас иіп, тағы да қолбасшы рухымен іштей тілдескенін есіне алды. Бүгін де барып, музейдің Құрмет кітабына қол таңбасын қалдыруды ойлады. Ісі мен еңбегі, сөзі мен тәлімі үлгі боларлық аталар мен апалар бар да талай жеткіншек туған жердің атақ-даңқын асқақтататынына сенді. Жаңа ғана жерлестері осындай ой толғады. Жақсы сөз жарым ырыс!


2006 жыл.

АҚИЫҚ
Ұлдары Бақыт, Бақтияр мен Наурызды әкесі Ғарифолла кішкентай кездерінде ауылға жиі апаратын. Немерелерінің келгеніне қуанған Бибасар ақсақал атын жетекке алып, ауылдың сыртына шығатын. Атқа немерелерін кезек-кезек мінгізіп, қырға шыққан соң, атын арқандап, көкмайсаға жайғасып отыратын.

Ақбасты Алатау мен қарауытқан Қаратаудың қойнауында жатқан Жуалының аспанында қалықтап жүретін үлкен құстарға қызыға қарайтын Бақтияр атасынан оның қандай құс екенін сұрайтын.

-Ол құстың ақиығы ғой...

-Ақиык деген қандай құс?

-Биік-биік Алатау сияқты тауларды мекен еткен бүркіттің асылын ақиық деп атайды. Жуалының тауларында ақиық құстар мекен ет­кен. Жаман-жәутіктері де бар. Сендер алдарыңа "боксшы", "чемпион" боламын деген мақсат қойдыңдар ғой, олай болса қатарыңнан озып шыққан күнде басқа боксшылардан бір саты жоғары тұрасыңдар. Сонда ғана сендерді "ақиық боксшы" дейді. Ондай болу оңай емес. Қараңдаршы, қанатын бір қақпай қанша уақыт қалықтайды. Ол шыныққанның, жаттыққанның белгісі, - дейтін.

Бақтияр Алатаудың ұшар басына ұзақ қарап ақиық бүркітті іздейді. Оның өзге құстан ерекшелігін көргісі келгенімен биікте қалықтаған бүркітті түстей алмай қиналады. Немерелерінің асыр салып, көкмайсада ойнағанынан, көбелек қуып қызықтағанынан кейін Бибасар ақсақал Терістің жағасында жатқан ауылға қарай асықпай аяңдайтын.

Сол бір көрініс пен атасының әңгімесін Бақтияр жиі-жиі еске алады. Ауылға келген сайын ол қырға көтеріліп, Алатаудың ұшар басына ұзақ қарайтын. Ақиық құсты бірде көрсе, бірде көрмейтін.

... Афина төрінен алып лайнер көтерілген сәтте оның көз алдына сол бір көрініс пен атасының әңгімесінің ойына оралуына төменгі жақта, ұшар таудың басында қалықтап ұшып жүрген сұңқарларды көруі себеп болды. Сұңқарлар төменде қалып барады. Бірте- бірте алып лайнер көкке өрлеп, Алматыны бетке алды. Бақтияр айналасында тыныштықтың орнағанына қуанды. Айқай-шудан әбден шаршады. Көзін жұмды.

... Жасы онға келгенде әкесі Бақыт екеуін жетектеп спорт мектебіне әкелді. Тер исі аңқыған залда үшеуі ұзақ отырды. Шаршы алаңда бірнеше шайқас жүріп жатыр. Бойы үйренген Бақыт пен Бақтияр рингке жақындап барып, "ұр, соқ" деп айқайға айқай қосқанын өздері байқамай қалды.

-Қалай, боксшы боласыңдар ма? Сол кезде сендер қалай ұруды өздерің көрсетесіндер, - деген әкесінің сөзіне Бақыт бар дауысымен айқай салды.

-Папа, қазір бола ма? Мен қазір боксшы болғым келеді. Мен ешкімнен қорықпаймын.

-Жоқ, балам, боксшы болу үшін көп үйрену керек. Ол үшін күнде осында келіп жаттығасыңдар.

-Жаттығамыз! Анау ағадай боксшы боламыз. Қарашы папа, қандай әдемі ұрады. Ғарифолла күліп жіберді.

-Сендерді сол ағаларың жаттықтырады. Ол ағаларыңның аты - Нұрлан. Өз салмағы бойынша облыста оған тең келетін боксшы жоқ.

Жандарына жымия күліп Нұрлан келді.

-Қалай аға, бір шешімге келдіңіз бе?

-Келдім. Екі баламды да саған бердім. Мұндайда "Сүйегі менікі, еті сенікі" демей ме? Мен де сол дәстүрден алыс кетпеймін. Өзіңнің рингтегі талай шайқастарыңды да көріп жүрмін. Шәкірттерің өзіңдей болса жаман болмайды.

-Аға, шәкіртім өзімнен озбаса ұстаз болудың қажеті қанша?!.

...1997 жылы Мексикаға – жасөспірімдер арасында өткен "Олимпиада үміттері" жарысына бару Бақтияр үшін күтпеген жағдай бол­ды. Taп осы жолы қаржы тапшылығы анық байқалды. Сол кездегі облыс әкімі Сарыбай Қалмырзаевтың қабылдауында болған анасы қуанышпен оралды. Өкінішке орай, дүниежүзі құрдастарының арасында тараздың жас боксшы алдына жан салмай соңғы ақтық жарысқа жолдама алғанымен, ол шаршы алаңға шыға алмады. Себебі елге ұшатын ұшақ ақтық шайқастан бір күн бұрын ұшатындықтан жарыстың нәтижесіне карамастан олар елге бет алған. Бірақ осы жарыстан Бақтияр қанаттанып келді. Бұл оның ірі халықаралық жарыста алғашқы жеңісі еді. Оның үстіне ата бабасы көрмеген елге, жерге барып, мұхиттың арғы жағындағы адамдардың өмірі мен тыныс-тіршілігін көріп, қолғабын қара, қызыл нәсілділермен де түйістірді. Оның үстіне Мексиканың астанасы Мехико қаласында көп халық тұратынын кітаптан оқыған. Бүкіл Қазақстанның халқы бір ғана қалада тұрады дегенге алғаш ол сенбеген. Енді сол қаланың суын ішіп, ауасын жұтып, мерейі асқақтағанда ол шын мәнінде шаттанды. Сол кезде-ақ бокс мамандары ұзын бойлы, қолы да ұзын Бақтиярдың болашағы зор екенін айтып қалған. Бұған жаттықтырушысы Нұрлан ағасы ерекше қуанды. Бұрынғы-бұрынғы ма, енді жаттықтырушысы жанынан қалмайтын болды. Сондай күндердің бірінде достарымен кештен түн ортасында үйіне келсе, Нұрлан отыр. "Қайда жүрсің, ертең жауапты шайқас. Ерте жатып, демалғаның дұрыс болады" - дейді ыржия күліп. Бақтияр күйіп кетті. "Утром - Ақұрпеков, обед - Ақұрпеков, вечером - Ақұрпеков, еще ночью - Ақұрпеков. Жетеді...", - деп орындыққа отыра кеткен шәкіртінің жанына келіп ұстазы; "Енді біздің тағдырымыз бір қайықтың үстіндегі адамдардың тағдырындай. Бізге шаршамау да, шалдықпау да керек. Шарықтау шыңы алда... Соған шығу керек..." - дегені бар. Ренжу мен шаршауды білмейтін Нұрлан ағасы қандай мейірімді...

Олимпияда чемпионы жылы жымиып, жан-жағына қарады. Нұрлан ағасын іздеді. Олар басқа ұшакпен елге жол тартқанын енді есіне алды. Кезінде Нұрлан да облыста алдында жан салмаған боксшы болды. Бірақ боксқа кеш келуі оның бағын байлады. Шынында да Нұрлан ағасына оның бауыр басып кеткені сонша оны бір күн көрмей тұра алмайтын халге жетті. Мұның өзі жаттығу уақытын ұзартуға жетеледі. Соңғы жылда­ры жаттықтырушысы өзімен жеке жаттығулар жасайтын болды. Соның нәтижесінде шеберлігі жарыстан-жарысқа өскенін өзі де сезетін.

Cпортшының өмірі бір арқауға байланып қалғандай. Ол арқаудың алтын немесе шіріген жіп болуы өзіне байланысты. Шаршап, шалдықпаса, қайратын жани білсе өмірі алтындай жарқырай түсетіндігі белгілі. Егер сол арқау үзіліп кетсе оның құрдымға кетуі де әбден мүмкін. Мұны талай спортшының өмірінен байқауға болады. Нұрлан шәкіртінің шеберлігі бағаланбаған сәттерде сол арқаудың үзілмеуіне күш салатын. Жас боксшының жаралы жүрегін «былай ұрмадың», «былай істемедің» - деп ауырта беруден бойын аулақ салатын Нұрлан шәкіртінің қайтпас – қайсарлығын оятуға күш салды. Шәкіртімен бірге әділетсіз төрешілердің әрекетіне қамыққанымен бойын тез жинап алатын. Таспаға жазып алған шайқастарды қайта-қайта айналдырып, өздерінің жеңгендеріне көздері әбден жеткен соң жаттығу залына қайта келетін. Мұндайда ұстазы: «әлі бізді әлем мойндайтын болады. Сол кезде талайлардың бетіне әділетсіздігін шыжғырып айтамыз» дейтін. «Жоқ, аға, айтпаймыз. Әркімді өзінің ары мазаласын» - деп Бақтияр күледі.

Бақтиярды ұшпаққа шығарған Афина Олимпиядасына барудың өзі зарға айналып еді-ау. Олимпиядаға жолдама беретін Пәкістандағы іріктеу ойынына қатысу олардың тағдырларына үлкен өзгеріс әкелетінің ұстаз да, шәкірт те жақсы түсінді. Сондықтан да бұл жарыста Бақтияр барын салды. Ақыры барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Жолдама -- қолда, алда – Афина.

Ежелгі Эллада жеріне Бақтияр шаршап келді. Мұны Нұрлан да жақсы байқады. Сондықтан да шәкіртінің демалуына мүмкіншілік берді. Құрама команданың бас жаттықтырушысы боксшылардан грек жеріне келісімен ертеңіне-ақ қызу жаттыгуға кірісуін талап етті. Нұрлан шәкіртін аялап, қатты шаршатпау жағын ойластырды. Тек жігерін жанып, жеңіске деген құштарлығын арттыруға күш салды. Күн сайын шәкіртінің денесін қыздырып, ащы терін алумен ғана шектелді.

Алғашқы шайқаста ол жеңісті шаппай алды. Камерундық боксшы шаршы алаңға шықпай қалды. Одан кейін түркімен боксшысын оңай ұтты. Ал, украиндық Поляковты айқын басымдылықпен ойсырата жеңді. Міне осы шайқастан кейін Бақтиярдың бойына күш-қайрат құйылып жатты.

Олег Саитов мерейі асқан, аса тәжірибелі боксшы. Екі рет қатарынан Олимпиада чем­пионы атанған. Ең шебер боксшыға берілетін Баркер Кубогінің соңғы иесі. Екеуі де бұл кездесуде тағдыры шешілетін жақсы білді, сондықтан ешқайсысы да аянып калган жоқ. Бұрын қолгап түйістірмесе де Бақтияр орыс боксшысының айла-тәсіліне қанық. Ал, Санк-Петербургте өткен жарыста қарсыласы Мәскеуден арнайы келіп, езінің шеберлігін саралаған.

Бір сәт екеуінің көзі түйісіп қалды. "Олегтің көзінде батыл болсаң - кел" дегендей ұшқын бар еді. Шабуылға шыққан қарсыласының ашық қалған жерін дәл ұратын Олегтің оңтайлы жағына келуден қаймықпаған Бақтияр ұрысты бірінші болып бастап кетті. Олегті өзінің білгенінен жаңылыстырып, оны ызаландыру аса маңызды екенін қазақстандық боксшы жақсы түсінді. Қарсыласының ауыр соққысы екі рет дәл тиген соң орыс боксшысы тез есе қайыру үшін ашық шайқасқа шығып, қаймықпай ұрыс салуға ұмтылды. Бақтияр қарсыласының қызбалыққа салына бастағанын тиімді пайдалана білді. Оң қолымен де, сол қолымен де оның шықшытына дәл тигізуге бейімделген ыңғайын танытқанымен күтпеген жерден тура соққылардың астында қалған Олег қарсыласының әлсіз жерін табам деп шаршап қалды. Енді әріптесінің ыңгайына емес, өзінің қорғауға ұмтылды.

Үшінші раундта Олег жіберген есесін қайтаруга бар күшін жұмсады. Соның нәтижесінде алға шыққан сәттері де болды. Дегенмен де ол қатты шаршады. Жас әріптесін мұқалта алмады. Буындары дірілдеп, аяғы еркіне көнбеді. Мұны өзі де, құрама команданың аға жаттықтырушысы Дәмір Буданбеков те байқады. "Байқа, қарсыласың енді аянып қалмайды. Сені қуып жүріп ұрамын дегенінен ешнәрсе шықпады. Енді неде болса ашық шайқасуы әбден мүмкін. Сен оның ыңғайына жүрме", - деген секунданты арқасынан қақты. Бірақ Бақтияр шаршы алаңда бәрі жаттықтырушының айтқанындай бола бермейтінін жақсы білді. Аллаға сыйынып, орнынан атылып тұрды. Тың. Шаршамағандай. Жүрегінің соғысы да бір қалыпты.

Төртінші раундты Саитов екпінді бастағанымен Бақтияр оның бетін тағы да қатты соққымен қайтарып тастады. Бірақ тәжірибелі боксшы жаралы жолбарыстай ызаланып, "соңғы мүмкіндігім осы, енді ұрсам құлатам" деген­дей екпіндей ұмтылғанымен өзіне қарағанда тың жас арыстан ойқастап, оның дегеніне көнбеді. Қайта айқастың аяқталуға жақындаған сайын тараздық боксшы оның тынысын тарылтып, бауырынан дәлдеп ұруды жиілетті. Төрешілер оның бірін санаса екіншісін санамай жатты. Өзіне тән оң қолымен ұратын ауыр соққыларын діттеген жеріне тигізе алмай да жатқанын да білді. Дегенмен де сенім, жеңіске деген құштарлық оның мерейін үстем етті. Орыс бокс­шысы жеңілгенін мойындады. Кейін ол өзінің бокспен қоштасатынын айтып, Бақтиярға "біздің салмақтың атағын түсірмей Баркер Кубогін биік ұста" деп, табыс тілеген.

Ақтық айқасқа Бақтияр арқаланып шықты. Арагон біздің боксшыға көп жылдардан дос көңілдегі жігіт. Әлем чемпионатында төрешілердің "көмегімен" өзбек жігітінен ұтылып, жүрегі қан жылап тұрғанда Арагон келіп "сен жеңдің, жарайсың" дегендей ниетін ұқтырғаны да есінде.

Бұл шайқас қазақ боксшысы үшін анау айтқандай тартысты болған жоқ. Тіпті кубалық боксшыны ұрып құлату мүмкіндігі барған сайын жақындай түскендей болған. Бірақ ақ көңіл жігітті аяп, отандастарының алдында жерге қаратуды мақсат еткен жоқ. Бірақ бұл жолы иектің астынан көтере ұратын өзінің үдісін қолданбағаны болмаса барлық мүмкіндігін пайдаланған. Өзінің бар шеберлігін көрсетпесе де бокс мамандарына кім әрі қандай боксшы екенін танытқан. Сондықтан да болса керек бокс мамандары бір ауыздан Бақтияр Артаевқа 1934 жылдан бері қолдан-қолға көшіп жүрген Баркер Кубогін мәңгіге қалдырды. Боксшы үшін бұдан артық бақыт, қуаныш бар ма?! Артаев – чемпион! Жуалының ақиығының құрметіне Қазақстан Туы көтеріліп, Гимні шарықтады! Жүрек тербелді, көңіл толқыды. Елінің атын асқақтатудан артық бақыт жоқ екенін ол сонда ерекше сезінді.

... Жаттықтырушымен Алматы әуежайында жолыққан Бақтияр арсалаңдай келіп Нұрланды құшақтады.

-Қалай келдіңдер? ... Енді салтанат шеруі басталады. Соған дайын болайық, - деген Нұрлан шәкіртін құшағына қысты.

-Алдымен Жуалыға, ауылға барайықшы. Алатаудың ақиық бүркітін көргім келеді. Енді көретінім анық...

х х х
Бақтияр өзінің осыншама толқығанына таңғалды. Астананың аязы бетін қарып бара жатқанына қарамастан денесі бусанып, бойында әлсіз дірілдің пайда болғанын аңғарды. Осылай өзінің толқығанын бұрын байқаған емес. Алғаш мұхиттың арғы жағы Мексикаға барып, әлемнің жас боксшыларымен қолғап түйістіргенде де, Афинада ақтық шайқасқа Кубаның мақтанышына айналған Арогонмен шаршы алаңға шығарда да, тіпті әлем бапкерлерін ауызына қаратып, бокстың жарық жұлдызы атанған Росияның Тишковымен бокстасарда да осыншама толқыған емес. Тәуелсіздіктің таңы атып, бүкіл әлем қазақ деген халықты, оның асыл ұлы Нұрсұлтанды танып, Азия елдерінің спортшылары Астана төріне келіп, Қысқы Азия ойындарының тізгінін елімізге ұстатқанына қалайша шаттанбайсың. Міне осындай ұлы жарыстың алауын жағу бақытына өзінің ие болуы шын мәнінде ғажап емес пе?! Мақтану, мақтаншақтық деген қанында болмаса да осы жолы ерекше шаттанды! Афина Олимпиядасының чемпионы, ең таңдаулы боксшыға ғана берілетін Баркер Кубогінің қазақ спортшылары арасында тұңғыш иегері болғанда елі басына көтергенде тап бүгінгідей шаттанған емес.

Алау Астананы шуаққа бөлеп, ғажап стадионның төріне қарай өрлей бастағанда Бақтияр алдымен алауды алатын ағаларына қарады. Олар да толқулы сияқты. Әбілсейіт, Жақсылық, Ермахан ағалары бөкең желіске салып өзіне жақындап келеді... Жетеуі алып алау ошағына жақындағанда көңілдің тербелісін айтып жеткізу мүмкін емес. Бірте-бірте алып гүл қауызы ашылып, алау ошағы биіктей берді. Жетеуі жеті жақтан иіліп келіп, алауды жақты. Лап еткен Азияда алауы Астана төрінде асқақтады! Керемет көрініс! Бұл шын мәнінде Тәуелсіз Қазақстанның әлем қауымдастығындағы тағы бір Жасампаздық Алауы болғаны анық! Бақтиярдың кеудесін Еліне, Отанына, Елбасына деген мақтаныш асқақтады. Осындай құрметке ие болу—бұл ең алдымен Тәуелсіздіктік жемісі екенін жақсы түсінген Бақтияр төрге қарады. Қуаныштың шаттығы мен нұрына малынған Елбасының халқымен бірге қуаныш құшағында екенін көрді.

Алдыңғы жылы Жамбыл жерінде Елбасымен жүздескенде; «Халықтан үлкен ешкім жоқ. Бұрын бір боксшы болған әкім адамдарды жұдырығымен қорқытқан кезі де болған. Сен де солай болып жүрме! Әкім болғаның құтты болсын! Халыққа жақын бол!» деп Бақтияр ауыл әкімі болып тағайындалғанында тілек айтқанын есіне алды. Бұл оқиға күні кеше ғана болғандай болғанымен содан бері де талай есте қаларлық оқиғалар болыпты. Пекин Олимпиядасыннан кейін үйленді, ұлды болыды. Айшабибі ауылының әкімі, облыс әкімдігінің туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы қызметтерін атқарды. Қысқы Азияда басталар алдында ғана облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Қанша шенеуік болғанымен жан-дүниесімен спортшы екенін ол жақсы біледі. Өзін халқына танытқан да, құрметке бөлеген де спорттағы жетістігі екенін бір сәт естен шығармаған ол Ермахан мен Жақсылық ағаларының қолын қысып құшақтап жатты. Ішінен ол; «Атыңнан айналайын, Әулиеата! Кім білсін, мүмкін осындай аса биік құрметке Әулиеата жерінің үш бірдей ұлының ие болуының өзі Туған Жердің киелілігі шығар?!» деп тебіренді. Бақтияр туған жердің қасиетін қастерлеп өскен ұланның өмірінің өзегі-- ісі үшін елін ұялтпау. Алғаш әкесі және ағасы Бақыт үшеуі Нұрлан Ақүрпековтің алдына барғанда; «Мен чемпион боламын!» дегені арманына қол жеткізген ол– Кісілік қасиетті биік ұстаған Азамат болу жолында...

Ана бақыты баласының қуанышы мен амандығы. Бақтиярдың анасы Тұмаркүл бірде былай деп еді; «Бокстың шаршы алаңына шыққан күннен Бақтияр қолына қалам алса, болды қағазға «Артаев-- чемпион!» деп жазуды дәстүріне айналдырды. Ол арманына қол жеткізді. Енді оның арманы Адам, Азамат болу. Бұл биіктен көрінетіне де мен сенімдімін!». Ана тілегі -- ақ!

2005-2011 жылдар.



АҚСУ ЖАБАҒЫЛЫ
Жуалының Шақпақ асуындағы құс жолымен қапталдаса орын тепкен Ақсу-Жабағылы қорығы табиғаттың таулы өңірінің бар ғажайыбын жинаған.

... Сеңгір – сеңгір тау. Жылдағыдай емес биыл қуаңшылық болған соң Алатаудың басында қар да қалмапты. Алыстан көзге түскен тау басындағы қар қабыршықтанып қарауытыпты.Тауға көтерілген сайын жер бауырлап жатып алған бұлтқа жақындай түстік. Терең құзды жағалап, бір аяқ жолмен жүріп келеміз. Төменге қарауға жүрегіміз дауаламайды. Ақсу өзеніні терең сайдың табанында балқып, ағып бара жатқан қорғасындай көзге түседі.

-- Қорықтың кереметі алда. Сарқырамаға жетсек, оның айналасындағы сан түрлі ағаш пен өсімдіктерді көргенде таңдай қағатыныңыз анық,-деген жолбасшымыз жеңіл қимылдап бізден оза түсті...

Біз серуендеп келе жатқан тау Ақсу-Жабағылы қорығының аумағы.Ақсу-Жабағылы Орталық Азиядағы ең ірі әрі байырғы, елімізде тұңғыш құрылған қорық. Мұнда Орта Азия тауларында кездесетін аң-құс та, өсімдік те түгелімен бар. Тау табиғатының інжу-маржаны осы жерде. Оның үстіне Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында Ақсу және Жабағылы, Жамбыл облысы өңірінде, Тобышақты, Ақсай мен Көксай өзендері қорық аумағындағы мұзаттардан басталады. Бұл өзендердің тастай әрі мөлдір суы жаныңызды рахатқа бөлесе, тәніңізге қуат беретін саф ауасының шипалық қасиеті қандай десеңізші! Тобышақты табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын. Жуалы өңірінде осы Тобышақтыдай қалың тобылғы өсетін жерді кездестіре алмайсыз. Ертеректе жылына бір рет қол өнершілер осында келіп, сабау, қамшы сап, шоқпар дайындап, майда бұтақтарын қымыздың күбісін ыстау үшін алып кетеді екен.

Біз тағы төмен қарадық. тау мен тасты бұзған су Ақсу өзеніне ұласқан. Өзенге дейінгі жарқабақтарының биіктігі 500 метрден 700 метрге дейін жететіндігін іштей болжап келеміз. Тік құздарды қақ жарып ағып жатқан өзенге бару мүмкін емес. «Балықшының аты шөлдеп өледі» демекші бізде табиғатты қызықтап, сарқырап ағып жатқан өзеннің жағасында келе жатсақ та шөлдеп барамыз.

Шаңқ-шаңқ еткен дауысқа елеңдеп бәріміз көкке көз тастадық. Шыңның ұшар басында қалықтап жүрген бүркітке көзіміз түсті. Тағы да шаңқ етті. Қанатын жайып, толған айдың суретін салып, бір сызықтың бойымен екі-үш рет айналды да төмен қарай құйылды. Бейне бір найза іспеттес, қанатын жинап, тұмсығын соза түсіп, зулады. Оның одан әргі қимылын биік жартас қалқалап көрсетпеді. Мүмкін жемтігін іліп, тояттаған болар. Мұнда құстың түрлері өте көп екенінен бұрыннан хабардармыз. Қорықтың батыстан басталар тұсы Шақпақ асуына жақындағанда құс төмендеп ұшып, тауға көтерілген сайын ақ басты Алатаудың асуынан асып, жылы жаққа қанат қағатын құстың да көп екенін Жабағылы ауылындағы қорықтың музейін аралағанда қаныққанбыз. Мұндағы үлкен құстармен бірге суыққа төзімді қарқазысы, торғай сияқты құс аз емес. Тастан тасқа, құздан-құзға секіретін ай мүйізді арқар мен сақалы желп-желп еткен тау текесін, елеңдеген елігін, қорбалаңдаған қоңыр аюын, қорсылдаған қабанын көрсеңіз табиғаттың тамашасы осында екеніне күмәнсіз сенесіз де, әсемдік пен табиғылыққа құлай ғашық боласыз.

Табиғаты адам әрекетімен бұзылмаған Ақсу-Жабағылы қорығы 1926 жылы қазақтың біртуар ұлы Тұрар Рысқұловтың бастамасымен құрылған. Орман маманы Тұрар Рысқұлов табиғаттың қасиеті мен таңғажайыптарын өте жақсы білген. Табиғатты аялау, оның заңдылықтарын өмірмен байланыстыра білу, ғажайыптарынан сабақ алу Тұрардай сұңқардың өмірлік ұстанымы болғанын оның шығармаларынан байқауға болады. Сондықтан да туған жердің керім табиғаты мен аң-құсын сақтап қалу үшін сол бір қиын қыстау кезде қорықты құру аса қажет екендігін дәлелдей біліп, жеңіске жеткен.

Қорықты құру мақсаты табиғаттың бастапқы қалпын сақтау және өсімдіктер мен аң-құс дүниесін зерттеу мен қорғау болған. 8000 мың гектардай тау алқабын алып жатқан қорықтың адамның аяғы көп баса бермеген өңірінде аң-құс еркін жүріп, тау шатқалдарына ұя салады, өсіп, өнеді. Мұнда жаз айларында ғана мұзарттардың еруінен пайда болатын жиырмаға жуық көл бар. Көлдердің суы өте мөлдір әрі суық.

Қорық Жамбыл облысының Жуалы және Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарының жерін алып жатыр. Ол1100 метр биіктіктен басталып, 4236 метр болатын Сайрам шыңына дейін созылған тау қыраттарында орын тепкен. Ауа райы құбылмалы. Қазір қорықтың ең биік шыңы Сайрамға көтерілген саяхатшы табиғаттың ғажайыптарының куәсі болатындығы сөзсіз. Бір күнде жылдың төрт мезгілін басыңыздан өткізуіңіз әбден мүмкін. Найзағайы шатырлап, құйындата, селдете жауын жауса, артынша жарқырап күн шығады. Көп уақыт өтпей жапалақтап қар жауа бастайды. Ғажап! Сонымен бірге ыстығы мен суығы да тез алмасып отырады. Жаз айларында 38 градуске дейін ыстық болса, қыста 41 градус аяз болады. Соған қарамастан әлемнің және еліміздің Қызыл кітабіне енген,тау шатқалдарынан пана тапқан жан-жануар, ауа райына бейімделген өсімдіктер өте көп. Еліміздің тәжіне айналған тау барысы қорықтың Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінің жерімен шектесер тұстарын, Тәңіртау -- Алатаудың биік құздарын мекен еткен. Барыс елімізде Ақсу-Жабағылыны айтпағанда бір-екі жерді ғана мекен ететінін еске алатын болсақ қорықтың құндылығы арта түседі. Жануарлардың –52, құстың 267 түрі кездеседі. Сонымен бірге 1200-ден аса өсімдік өседі. Оның арасында дәрі-дәрмектік шөп те өте көп. Ағаштың -- 25, бұталы өсімдіктің 65 түрі бар.

... Жалғыз аяқ жол үйдің орнындай алаңқайға алып келді.Көзімізге бірден шықылықтаған сары тышқандар түсті. Көз жауын алатын не бір гүлдерді таптай, індеріне қарай жүгірді. Мұны көргенде кішкентай Әйгерім қуана гүлді жұлуға ұмтылды.

-- Айналайын, бұл гүлді жұлуға болмайды, олар жылайды,-деген астаналық Серғазы бүлдіршіннің қолынан ұстай алды. Әйгерім, бұртиып, атасына шағымданды. Біз алаңқайдағы керемет көріністерді тамашалап тұрып қалдық. Бояуы қанық неше түрлі гүл самал желмен мың бұралады. Күздің алғашқы күндері болса да гүлдер енді бүршік атып келеді... Ғажап!

Табиғат және оның барлық байлығы адам баласына ортақ емес пе?!. Сондықтан да Ақсу-Жабағылыда ұштасар үш мемлекеттің қорық қорғаушылары табиғат байлығын бірлесе қорғайды. Ол үшін арнаулы бақылау-шекаралық тұрақтар орналасқан.

Біз қорыққа барғанымызда мамандар Ақсу-Жабағылыны мекендейтін аң-құсын қайта сануаға кіріскен екен. «Бәрін білген, көзбен көрген жөн. Мұның өзі табиғатты аялауға көмектеседі»,- дейді ондағы мамандар.

Қорық туралы көп айтуға болады. Оның Кіші қайыңды шатқалындағы 40 метрдей биіктен құлайтын сарқырамасының ғажайып суреті туралы көп айтылып, жазылып, кинолар түсірілген. Қорық ашылған жылдары сол сарқыраманың жанында қорықшылар паналайтын, жарқабақта салынған кішкентай екі бөлмелік үй табиғатты тамашалауға келген Тұрар Рысқұловтың демалатын орны болғаны жөнінде де немесе найзағай түсіп қақ жарылған тас мүсіндер жайлы да көп айта беруге болады.

Ең бастысы бүгінгі таңда Елбасы туризмді дамыту туралы үлкен міндеттер жүктеп отырған сәтте Ақсу-Жабағылы қорығының кереметтерін көрсетуге біздің облыста да атқарылар жұмыс аз емес екенін айтқым келеді. Қорықтың құрылғанына 80 жыл толса да облысымызда табиғаттың осындағы кереметтерін көрсетуге, насихаттауға назар аударылмаған. Бір қызығы мектеп оқушылары мен ересектер біздің облысымызда осындай қорықтың мекен тепкенін біле бермейді. Қорықтың біздің облысымызға тиесілі аумағындағы «Көксала», «Көксекі», «Тобышақты», «Бала аю», «Үлкен аю» деп аталатын табиғаты тамылжып, бастапқы қалпын сақтап тұрған жерлердің бар екенін де біле бермейтініміз өкінішті-ақ.

Жер жаннаты туралы ақын Базар Қилыбаев ағайымыз былай жырлаған:

...Көксалам, менің, Көксалам,

Өзіңмен үндес бақ санам...

...Көксала – Алатаудың бір жайлауы,

Көк шалғын көлбеңдеген қыр қойнауы...

Көксаланы айтпағанда Көксай өзенінің төменгі аңғарында Шарын шатқалындай алып шатқалдар бар екенін де білмейтіндер көп. Туған жердің табиғатын тамашаламай, оны білмегеніміз өкінішті-ақ. Сондықтан да қазір жасалып жатқан туризм класстерінің бизнес – жоспарында Ақсу-Жабағылы қорығының облысымыздағы аумағына саяхаттар ұйымдастыруға ерекше назар аударған жөн. Класстер жүзеге асқанға дейін бюджеттен қаржы бөліп, Көксай, Ақсай және Тобышақты шатқалдарында туристік базалар салса дұрыс болар еді. Бұл сырттан да, өзімізден де саяхатшыларды көптеп тартуға септігін тигізгері сөзсіз. Мұндай жағдай Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы қорық өңірінде жүзеге асырылған. Шатқалдың кіреберісінде орналасқан туристік базалар кісінің қорық аумағына аяғы тигені үшін мың теңгеден төлем алуда. Ал шетелдіктер одан да төлем төлейді екен. Амал бар ма, табиғат тамашаларын көргісі келгендер бұл төлемді көпсініп отырған жоқ. Өзіміз де ақысын төлегеннен кейін ғана қорықтың төріне көтерілдік. Мұндай жағдай біздің облысымыздың аумағында жоқ. Осы мәселеге тиісті органдар мән беріп, әкімдіктер қолдап, туризм класстерін жүзеге асырудың алғы шарттары ретінде Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының аумағында туристік базалар салуды жедел түрде жүзеге асырған жөн. Әзірге осы салаға жекеменшік қаржы құятынына сенім аз. Сондықтан да алғашқы қадамды мемлекет қаржысын құю арқылы жасаса дұрыс болар еді. Әрине туристік база салу үшін жол қатынасын, байланыс пен қызмет көрсету аясын кеңейткен жөн.

Бір сөзбен айтқанда Ақсу-Жабағылы қорығының бар байлығын оңтүстік қазақстандықтармен бірге жамбылдықтар да туған жердің табиғатын аялап, оны мақтанышпен өзгеге көрсете білсек бір мұратымызға жеткеніміз. Ол үшін соған жағдай жасау аса маңызды.

Табиғат пен адам егіз. Бір-бірінен бөліп алып қаруаға болмайды. Солай десек те адамның жаманы болуы мүмкін, ал жердің жаманы жоқ. Адам да, аң да, құс та туған жері қандай болса да одан артық мекен жаннаты жоқ екенінін жар сала айтады. Жыл өткен сайын азайып бара жатқан аң-құсты ату – бұл табиғатқа зорлық жасағанмен бірдей! Сондықтан да ел болып табиғатымызды сақтап қалу аса маңызды. Тұрар Рысқұлов Ақсу-Жабағылы қорығын құрғанда осыны мақсат, келер ұрпаққа аманат еткен. Ақ басты Алатауда орын тепкен Ақсу-Жабағылының керемет қасиеттерін сақтап қалу біздің парызымыз екенін түсіне отырып, оны көруге әлі талай табиғат сүйгіштері келетіні анық. Туристерді талапқа сай қабылдап, барымызды көрсете білсек қазақ жеріне ғашықтар көбейе түседі. Осылайша Тұрар Рысқұловтың туған жердің табиғатын аялау мен бастапқы күйінде сақтау жөніндегі аманатын орындаймыз.

...-- Әне, арқарлар барады маңып, қарашы, қандай керемет,-деген Астанадан қорықты көруге арнайы келген Бақтыкерейдің даусына біз жалт қарадық. Шынында да тауға қарай ышқына атылып бара жатқан қос арқарды көзіміз шалып қалды.

--Керемет! Табиғатымыздың ғажайыбы аңға мылтық оқтаған адамды түсінбеймін. Тау тағысының етіне тоя ма екен әлде атып алғанына мақтана ма?-деп Марат басын шайқады. Жолбасшымыз; «Жолдарыңыз болады екен. Алыс шетелдерден келген саяхатшылар апталап жүріп арқарды көре алмай кететіндері бар. Ал сіздердің алдарыңыздан шықты емес пе? Бұл қасиетті аң»,-деді.

Жуалының батысында орын тепкен Шақпақ Құс жолы мен Ақсу-Жабағылы қорығы өңірінде бүркіт ғана шарықтап ұшады, қалғандары жер бауырлап киелі жерге табынып, қанат қағады.Аңы басқа жаққа маңбайды. Олар аптап ыстық, қысы боранды, шыңылтыр аязды болса да туған жерін қимайды. Туған жерден қымбат, ғажап ешнәрсе жоқ! Сондықтан да, бауырым, туған жерге табын!!! Мұны ата-бабамыз, анамыз аманат еткен. Аманатты орындау парыз!

2007 жыл.


ҚҰЛАНТАУ

Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының Түлкібас пен Жуалы аудандарын бөліп жатқан, Арыс пен Теріс өзендері бастау алатын, Түркісіб теміржолы мен шығыс пен батысты жалғап жатқан күре тасжол, Алатау мен Қаратау түйісер, қыстауына бет алған құс төмендеп ұшатын жер Құлантау деп аталады. Шақпақ асуынан басталып, Бетбақтың тақырына сіңіп көзден таса болатын Қаратау сілемінің қыраттары мен жоталары, шыңдары мен сайлары, атыраптары мен аңғарлары талай тарихтың куәсі. Бұл өңір жаудың жолын бөгеуде ерліктің ордасы болған. Бұл туралы алғаш мен әңгімені апамнан естігенмін.

...Апам екеуміз көк есекке жүк болғанымызға бүгін үшінші күн. Арқаны кеңге салып, жаздың жадыраған күнін пайдаланып, жолға шыққанбыз. Алдымен біздің ауылдан жиырма шақырымдай жердегі Кременевкаға жете берісте солтүстік жағындағы Қызылшарық ауылында тұратын апамның төркін жұрты Қазанғап пен Қазанбайдың үйінде болып, бүгін таңертеңмен Бірлікке қарай жол тартқанбыз. Көк есекке даңғыл жолдың қажеті қанша, жалғызаяқ сүрлеумен Айтбүбі әпкеміз тұратын ауылға тіке тарттық.

Құлантаудың бөктеріндегі Шақпақ көмір шахтасынан жоғары жағында орын тепкен Бірлік ауылы алыстан көрінгенімен жақындатар емес. Оның үстіне қырға қарай жүру есекке оңай болмады. Мен есектің алдына түстім. Маған ерем деп алға ұмтылған митыңдаған есектің жүрісі ширай бастаған соң жүгіріп алысқа ұзап, таудан құлайтын өзекшені жағалай жүрдім. Енді ғана сәске болғанына қарамастан күн ыстық. Таудан құлаған, ызалап аққан бастырыңқы бұлақ суына қайта-қайта бетімді жуып, жата қалып, сұп-суық, мұздай суды сіміремін. Мұндайда апам; «Тер қатып қалады, ентігіңді басқаннан кейін іш» деп қояды. Оны тыңдай қояр құлақ бар ма, тағы алға жүгіремін.

Әр жерде шоқ-шоқ болып өскен долана, оның етегін ала жайқалған неше түрлі гүлдер, әсіресе қазтаңдай мен жалбыз ерекше көп. Өзекшеге жақындап кетсем, суға шолп-шолп етіп секіріп жатқан бақа. Аз болса да сумаңдаған жылан сусиды. Шырылдаған шегіртке соқыр көбелектей адамға қарай секіреді. Көк аспанда бозторғай шырылдаса, бұлақты жағалай қалықтаған қасқалдақтар билеп алған. Енді бір сәт тоқтай қалып артыма қарасам, апам сағым далада жүзіп келе жатқандай көрінді. Есектің басы көрінгенімен аяғы сағымға оранғанына таңмын. Енді бір сәтте апамның мінгені есек емес Қобыландының Тайбуырылы сияқты көрініп кетті. Ұшып келеді... «Қандай ғажап! Апам ұшып келе...е...ді!» деп бар дауысыммен айқайлаймын. Апамның да көңілі көтеріңкі. Маған қарап мәз. Тауға көтерілген сайын аяғымның астынан пыр-пыр ұшқан бөденелер өзіне қызықтыра бастады. Бөденені көрген сайын апамның «бөденені жайлап, екі-үш рет айналсаң, басы айналып мәңгіріп қалады, сонда ұстап алуға болады» дегені есіме түседі де бұта-бұтаға тіміскелей қарап, аяғымды жайлап басам. «Қанатты құсты қолмен ұстау қайдан мүмкін болсын, менікі құр далбаса ғой» деген ой сабама түсірді.

Алға жүрген сайын төмпешіктер көбейді. Енді аңғардым—бұлар Қазанғап атам айтқан қалмақтардың моласы болса керек. Кім білсін, мүмкін жерін қорғаған бабаларымның қорымы ма?!

Қазанғап атам бұл жерлерде сұрапыл соғыс болғанын, сол кезде Құлан деген батыр бабаң қалмақтардың апшысын қуырғанын, ол батырлардың батыры болған деп, біраз әңгіменің басын қайырған. Мен оның көбісін түсінбесем де Құлан батыр туралы айтқаны ерекше әсер еткен. Ата өзі шыққан тегі Байдәулет батыр туралы да тілінің майын тамыза дастархан басында әңгімелеген. Бұл туралы атамыздан ер жетіп қалғанда да біраз әңгіме естігенбіз. Бірақ соның бәрі есте қала бермепті.

... Бірліктің шетіне ілінгенімізде апам есектен түсті. Есектің сауырындағы қызғылтым алашадан тігілген қоржынды, жайластырып, шаңын түйе жапырақпен ұрғылап, тазалады. Басындағы сыртқы орамалын шешіп, қағып алды да қоржынның түп жағына салды. Мәсісін сүртіп, үстін қақты. Биік-биік теректің саясында сылдырай ағып жатқан бұлаққа қолы-басын шайып, біраз тынығып, отырды.

-Өзге ел сыншыл келеді. Киімің ескі болса да таза болғаны жөн. Шаршамай-шалдықпай, қуанышпен келгенімізді түр-әлпетімізден байқауы керек,-деген апам, маған «есекке мін» деді. Апамның бұйрығын орындар алдында мен де үсті-басымды реттеп, шаң жұтқан балағы бүрмеленген сәтен сымымды қағып барып көк есекке жүк болдым. Мен мінісімен есек келер жеріне жақындағанын сезгендей тымпыңдай жөнелді.

Айткүл әпкем апамды құшақтап, біраз көз жасын ағытты. Неге жылағанын түсінбедім. Сағынған болар дедім де қойдым. Шынында солай екен. Алғашқы сөзінен – ақ сағыныштың сары лебі лап ете қалды.

-Ауыл аман ба? Келіп тұрсаңдар болмай ма? Тұранның үйі қалай ба? Полан неге келмеді? Сұрақты осылайша үсті-үстіне төпелетті.

-Бүбім-ау, бәрі аман. Бәрі жақсы. Қу тірліктен босамаймыз ғой. Әйтпесе келмейік демейміз,- деген апамды әпкем үйіне қарай жетектеп бара жатып әлде не нәрсе есіне түскендей маған жалт қарады. –Айналайын, Мақұлбегім, ер жетіп қалыпты ғой,-деп, маңдайымнан сүйіп, арқамнан қақты. Әпкем қайтадан Тұранның үйін сұрады.

-Тұран ауру-сырқаудан аман ба? Бір келмеді ғой. Артынан еріген Айтбүбі екеумізден басқа кім бар?! Жеңеше, айтып қоймайсыз ба? Араласып тұрсын да...

Әпкемнің Тұран деп отырғаны туған ағасы. Ал апам Айткүл әпкеме әкесі Қалымбеттің інісі Қайыпбектің әйелі болып келеді. Әулет те үлкендерден қалғаны апам болған соң ағайын-туысқанды ғана емес, олардың қыздарын да іздеп, барып тұру міндеті сияқты. Жақында ғана Құмшағалда тұратын, осы әпкемнің сіңлісі Айтбүбі әпкенің үйіне де барғанбыз.

Демнің арасында екі иығынан демалып, самауыр келді. Әңгіменің тетігі ағытылды. Әпкемнің үлкен баласы Мақан екеуміз сыртқа шықтық.

-Жүр, Ақбастауға барып шомылайық,-деген Мақан жауабымды күтпестен жүгіре жөнелді. Шомылып келе жатқанымызда Мақан; -Түс қайта анау асудың ауызындағы Төрткүл төбеге барамыз. Мұғалім ағай бүгін ертіп барамын деген. Ол жерде соғыс болған. Қалмақтарды Түлкібасқа өткізбеймін деп Құлан деген батыр сол жерде оларды қынадай қырған. Сонда үлкен бекіністің орнында әлі қылыштар бар дейді.

Біз бастауды жағалай тіке көтеріліп келе жатқан қара жолдың тарихы көп. Ертеректе Құлантаудан екі асу арқылы Түлкібас жаққа өтеді екен. Бірі—Шақпақ асуы. Оны «Кіші Құлан ауызы» десе, бұл жер «Үлкен Құлан ауызы» деп аталыпты.

-Құлантаудың ішінде әлі шашылып жатқан адамдардың сүйегі көп дейді. Біз бұл жерде қалмақтарды қырғанбыз ғой,- деп тап бір өзі қырғандай қоқиланған қаздай иығын қомдаған Мақан тағы бір әңгіменің ұшын шығарып қойды. Көп балалармен бірге улап-шулап шатқалға кірдік. Ну тоғай, биігіне құстар ұя салған қалың ағаш. Шиқылдаған шымшығыңыз да, лып-лып еткен күйкентайыңыз да, қарқылдаған қарғаңыз да, қанатын мақтана керген үлкен құсыңыз да осында сияқты.

Сарғайып енді пісіп келе жатқан жабайы алмаға бәріміз жапа-тармағай жабыстық. Бізді Үлкен Құлан ауызына бастап апарған мұғалім Құлантаудың Құлан батырдың мекені болғанын, осы жерде ол батырлықтың үлгісін көрсетіп, туған жерін жаудан қорғағанын әңгімелеп жатты, біз оның әңгімесіне жүре мән беріп, табиғаттың тамашаларын қызықтап, алма теріп кеттік. Әттеген-ай…

Ер жетіп, мамандық алған соң батырдың есімімен аталатын тауды, ауыл мен өзенді көрген сайын батыр туралы деректер іздестіруге өзімді өзім қамшыладым.

Құлан деген кім? Бұл сауал жиі-жиі қойылғанымен тарихшылар үнемі нақты жауап бере алмайды. Шамамыз келгенше біз осы олқылықтың орнын толтыруға ұмтылдық. Біраз тарихи құжаттарды ақтаруға тура келді. Мәселен «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы шығарған «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» сериясымен жарық көрген кітаптардың ХІІ томының «Ақтабан шұбырынды» бөлімінде Қаңлы тайпасынан шыққан Құнан батыр туралы біраз деректер келтірген. Шын мәнінде «Құнан» деп батырдың есімі қате жазылған. Басқа дерек көздерімен салыстырғанда бұл тарихи еңбекте Құнан деп отырғандары Құлан екенін айнымай білуге болады. Себебі Құлан батыр Төле бимен замандас, ұлы жүздің батырлары ошақты Саңырақ, шымыр Қойгелді, албан Райымбек, сіргелі Елшібек пен Кейкі, сиқым Рысбек, шегір Ақпан батырлармен тізе қосып, Қошқарата, Боралдай бойында, Қазығұрт баурайында, «Қанжуған», «Көжетөкті» деп аталатын жерлерде жоңғарларға олар алғаш рет азу тістерінің мықты екенін көрсеткен. Осы шайқастарда Құлан қаңлының рубасы болғанын, соғыста асқан ерлік көрсеткенін, жоғарыда аты аталған біраз батырлар соның басшылығымен соғысқаны айтылады.1723-24 жылдары Құлан батырдың бастамасымен ата-бабасының мекені болған Ангрен өзенінің жағасында үш жүздің батыр-билері мен ел ағалары бас қосқан құрылтай өткені тарихтан белгілі. Ал 1740 жылы Ташкентте ұлы жүзге Жолбарыстың хан болуына Төле би, Құлан мен Қойгелді батырлар үлкен ықпал жасаған. Құлан батыр Ташкент, Қыбырай, Дөрмен, Қышкөпір деп аталатын қалалар мен бекіністерді жоңғарлардан босатуда ерлік, тапқырлық көрсеткені туралы ел арасында әңгіме көп. Ол бауырлары Назар, Үкібай, Байдәулет, Жанбай, Сасықбай сияқты батырлармен бірге ел арасында үлкен беделге ие болған.

Кейбір дерек көздеріндегі мәліметтер бойынша Құлан деп аталатын батыр «Ақтабан шұбырынды» жылдарында да болған. Ол алғаш Шыңғысханмен арпалысқан, кейін достасқан. Сол кезде туған жерін қорғап, ерліктің өшпес белгісін қалдырған Құлан Шыңғысхан өлгеннен кейін Алтын орда ыдырай бастағанда қаңлыға ұран болған Бәйтеректің бауыры Байқоңырмен бірге Ұлы аналары Жошыханның қызы Болғанбикемен бірге Сарысудың етек жағына барып, нағашысы Жошыны сағаласа керек. Дөп басып айту қиын. Қаңлы мен қыпшақ айырылмай тұрғанда олардың аттары бірге аталатын кезде Құлан батырдың ұрпағы Ұлытауды жайлап, қыпшақтың ішіне сіңіп кеткен деген де сөз бар. Бұл ойға тура сол жерді мекендейтін қыпшақтардың арасында Құлан қыпшақ деген тайпаның болуы. Кейкі батыр сол Құлан қыпшақтың ұрпағы.

Созбақтап, айта берсең айтатын сөз табылады, бірақ Құлан батыр туралы айтылатын негізгі әңгіме осы.

... Шынында да Қазанғап атам айтса айтқандай уақыт өткен сайын бүгінгі оқиға тұмшаланып, ертең халыққа оның тозығы ғана жетеді. Тарихты айтқанда біреу қосып айтады, енді біреу жонып айтады. Мұны қазір үнемі көріп жүрміз. Аты жоқты заты ету үшін өзгені аласарту немесе қозғамау кейбір тарихшыға да, жазушыға да әдетке айналып бара жатқандай. Өкінішті-ақ...

... Содан бері көп жылдар өтті. Ауылды тез арада қалаға жақындатқысы келген саясаттың салдарынан қазір сол жылы апам екеуміз қыдырып барған Қызылшарық та, Бірлік те жер бетінен жойылып кеткен. Соғыс жылдары поляк тұтқындары көмір өндірген шахта да жабылып қалған. Сол мекендегі механизаторлар даярлайтын училище де жоқ. Бәрінен де жанға бататыны Құлантаудан арқырай құлайтын, Ақ бастаудан атқылап шығатын, көктем мен күзде қой-ешкіні айтпағанда, құлынға өткел бермейтін, елу-алпыс үйдің егінін суаруға жететін бұлақ басынан тартылған. Күн сайын адамның дауысын естімегеннен соң ба әлде өзінің қажеттілігі тап осы жерде бұрынғыдай болмағаннан соң ба, неге екені белгісіз бастау жылдан-жылға тартылып барады.

Құлан батырдың мекені болған Құлантау баяғыдай болғанымен ол да шөгіп қалғандай. Беткейі толы долана да, басқа да тал-дарақ азайып, жалаңаштана бастаған.

2010 жыл.

БАҚАЛЫ

Биыл көктем ерте шыққанымен наурыз айынан бері бір тамшы жауын жаумай айнала шаңданып тұрғанына да біраз болды. Анда-санда батыстан көтерілген ала-құла бұлт төніп келіп, іріген терідей ыдырайды. Мұндайда Аллаға жалбарынып, тасаттық беру ауыл дәстүріне енгені қашан. Бірақ «тасаттық берейік» деп қимылдап жатқан ешкім жоқ екенін апамның сөзінен білем.

-Ақсақалдар алжыған ба? Аллаға жалбарынып, тасаттық беріп, бедеу бұлтты идірмейме екен?! Айтпай ма, елді жинамай ма?-деп, апам көше жаққа шыққаны да сол еді, екпіндей үйге қайта кірді. –Көшенің аяқ жағында тұратын атаң келе жатыр, алдынан шық,-деді. Мен жүгіріп сыртқа шықсам Айтбай атам есіктің алдында тамағын қырнап, үсті-басын қаққан болып тұр екен.

-Ассалаумағалейкум, ата! Үйге кіріңіз,-дедім қос қолымды ұсынып жатып.

-Уағалейкумсалам балам, молда бол... Қызталақ келін қайда, шақыр,-деді де бастырманың астында жаюлы жатқан көрпешенің үстіне барып отырды. Осы кезде иіліп сәлем беріп апам да келді.

-Көп жаса, айналайын, мал- жан аман ба? Дендерің сау ма?

-Шүкіршілік, аманбыз. Бір Алла деп жүріп жатырмыз. Өзіңіздің дені-қарныңыз сау ма, жеңешем қалай?

Осындай ұзақ амандық-саулық сұрасқаннан кейін, атам қолына шай құйылған кесені алып тұрып әңгімесін бастады.

-Қарағым, келін, Алланың күнін көріп отырсыңдар, жауын жоқ. Тасаттық береміз. Тасаттық беретінімізді әулеттегі қайындарың мен балаларыңа, абысын-келіндеріңе айт. Бір кісідей келіп, жұмыла қызмет істесін. Биыл тасаттыққа малды да, қаржыны да мықтылар берді. Біздің міндет соны ұйымдастырып, жақсылап өткізу. Ертең жылда өтетін жерге ыдыс-аяқтарың мен отындарыңды алып барыңдар. Мына қызталақтарды да ерте барыңдар. Атаңның гөрі асыр салып жүрген бала болмаса жиынның сәні бола ма?-деген атам орнынан тұрды.

... Ауылдың Алатау жағындағы екі сайдың ортасына тасаттыққа жиналғандар арқа-жарқа. Ақсақалдар бір алқа болып отырса, абыс-ажындардың әңгімесі өзгеше. Ал балалардың ойыны, тай-құлынның шабысына ұласқан. Келіндер қазан-ошақтың басында-ақ әңгімеге кенеліп жатыр. Енді бір топ доп қуалап, алысып, күресіп жатса, шаштарын қайырған жігіттердің әңгімелері өзгеше. Мұндайда ауылдың бойжеткен қыздары көрінбей, тасалау жерде әрнәрсні әңгімеге ұластырып тұратыны бар. Бәрінен де ақсақалдардың әңгімесі қызықты. Олар сонау тарихтан бастап, бүгінгі күнге бір-ақ келіп тіреледі.

-Бақаата атын өшіріп, Бақатей-Бақатый атап кеткен өзімізге обал жоқ.

-Солай деп айтқан орыстар ғой...

- Өзіміз ше, неге біз олардың сөзін қайталадық?! Болмаса Бекетата, Смайылата, Шақпақата, Әулиеата, Бектауаталарға Бақаата да жалғасып кете беретін еді ғой...

Ақсақалдардың әңгіме арқауы жер атауы—тарих екенін түсіндім.Жер атауын өзгерту тарихты тұмшалау, бұрмалау екенін отаршылдар жақсы білген. Сондықтан да олар алдымен жердің, елдің атын өзгерткен. Мұндай мысалды алысқа бармай-ақ Жуалыдан ондап келтіруге болады. Жуалыда сөз түбірі «бақа» аталатын бірнеше жер атауы бар. Олар—Бақатый өзені, Бақатый алқабы және Бақатый ауылы. Енді бірде «Бақатыйыңыз» «Бақатей» аталып кетеді. Мұның бәрінің түбірі--Бақаата. Өзен мен алқап әлі де солай аталғанымен кезінде Бақаата атанған елді мекен келе-келе Бақатый атанып кеткен еді. Одан кейін бұл жер атауы бірнеше өзгеріске ұшырады. Ақсарай, Бурное, Бурно-Октябрьск деп те аталған. Ал қазір ауыл «Нұрлыкент» аталады.

Бақатей өзені осы аттас алқаптан, Сарғайқаң мен Құрама деп аталатын жерден бастау алып, Теріс өзеніне құяды. Қазір өзен тек көктем айларында ғана ағады. Өзеннің бас жағынан Көсегеннің көк жолы өтеді. Бұл жол қырғыз жерінен басталып, Терістен қиялап өтіп, Қаратау сілемдерінің қырқаларымен Аралтөбе алқабынан, Қошқаратаны жағалай Шаянға жетіп, Арқаға қарай бет алады. Бұл жол шын мәнінде Жібек жолының бір тармағы болумен бірге жасақтардың жолы болған. Кезінде қырғыз ағайындар Созаққа дейін жерімізді жаулап алғанда осы Көсегеннің көк жолын пайдаланған. Бұл жерлерді Ақтабан шұбырынды жылдары қаңлының Онбай тайпасынан тарайтындар мекен еткен. Жаугершілік заманында олар бірнеше рет мекендерін ауыстырған. ХІҮ- ХҮ ғасырлардан бастап атақоныстары Ташкенттің айналасындағы Бостандық, Ангрен, Шыршық, Парвоз, Тасмөре, Жизақ даласы болған қаңлылар оңтүстік өңірге бірнеше рет келіп, кеткен. 1740 жылы Ұлы жүздің ханы Жолбарыс болған соң жер бөлісі қайта басталады. Осы кезде Онбай ұрпақтары негізінен Жуалы жеріне Күйік асуы мен Қошқарата жотасының екі жағына орналасты. Олардың бір бөлігі Ташкенттің бір қақпасын күзетте қалады. Бақалар да үш жарылды. Бір бөлігі Ташкентте қалса, екіншісі Жуалыға қоныстанды, үшіншісі Алматы асып, Тау Түргенді жағалады. Жуалылық бақалар талай тепкіден аман қалды. Орыстар келіп жерін тартып алып жатқанда қасқайып, қарсылық көрсетіп, құм жағалап, көшіп кетпеді.Сол жылдары біздің ауылдағы Айтбай атамның бауыры көшіп келген орыстармен тартысып, жалғыз өзі шайқасқан. Ақыры келімсектер оны тірідей ұраға көміп өлтіргенін күні кешегіге дейін атамдар айтып отыратын. Бір сөзбен айтқанда, талай тарихты бүгіп жатқан орта ғасырлық қала Баркуабпен жапсарласа орналасқан бақалықтар жарқын болашақ үшін күресті. Ашаршылық жылдары Таластан ауып, нан іздеп келген талай қандастарын аман алып қалды.

1933 жылы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов Ташкенттен Жуалы ауданына келіп, «Социалды Қазақстан» газетіне оннан аса очерк жариялады. Сонда жуалылықтар ауып келгендерге нанын бөліп беріп аман сақтап қалғаны туралы да жазған. Сол жолы жазушы біздің ауылға да келген.Ақпай атаммен жолығып, оның тіл ерекшілігін сақтай отырып, айтқандарын кітапқа түсірген. «...-Біз анау жерде отырамыз түге,-деп бір шақырымдай жердегі тоғайлы қыстауларды көрсетіп. –Бақамыз (жазушы шатасып, «боқай» деп жазған). Бұ қызың... бақа ішінің бәрі мәлім маған. Осында бір Шойбек балалары дегендер бар. Аталары бұрын бу Бақа ішінің жуаны, мықтысы болған. Осында жақында бір 4 үйін бай-құлақ деп тазарттық. Солар енді «орыстан шығамыз, қазаққа кіреміз» деп іріткі салып қояды»,- деп жазған. Сол Шойбектің ұрпақтары Әмірсейіт, Садық, Мәнтай Ұлы Отан соғысында Ақпай атамның ұлы Тілеуқұлмен (Тілеш) бірге соғысты. Соғыстан оралған Әмірсейіт, Садық, Тілеуқұл жарқын болашағы үшін де ерен еңбек етті.

Ұлы Отан соғысы жылдары менің ауылдастарым ерліктің өшпес белгісін көрсетті. Олар 1941,1945,1985 жылдары Москва мен Берлинде өткен парадтарға қатысты. Бүкіл Еуропаны фашистерден азат етіп, Берлинді алды. Әмірқұл Айтқұлов атамыз 1945 жылы 7 қыркүйекте Берлинде өткен жеңіс шеруіне қатысса, Төрен Сейтаев сол жылы Москвада өткен Жеңіс парадында Қызыл алаңда полк туын алып өтті. Көптеген бақалықтар 1941 жылы 7 қазанда Москвада өткен шеруге қатысып, жеңіс жолын бастаған еді.

1950 жылға дейін ауыл сай-сала мен бастаулардың басын мекен етіп, бытырай қоныстанса, одан кейін көше бойында орналасқан. Жер тарлық жасаған соң ауылдың жанындағы Теріс ауылына біраз бақалықтар көшіп барып, қанатын кеңге жая бастады. Еңбек ғана еңсе көтеретінін жақсы білген олар шаруашылықтың барлық саласында еңбек етті. Картоп өсірудің шебері Мүсірепбек Бектаев Социалисттік Еңбек Ері атанса, оның даңқты жолын ауылдастары Жарас Артаев пен Серпен Қалымбетов жалғастырды. Жарас картоп суарудан республика чемпионы атанды. Тәпішкемен жүріп су жетектеген азаматтың шеберлігі талайларды тамсандырған. Омырауына ІІІ–ІІ дәрежелі Еңбек Даңқы орденін тақты. Бүкілодақтық кәсіподақтар съезінің делегаты болды. Пернебай Байғұтов қой өсірудің майталманы болса, ауылда алғаш трактор айдаған Тұрар Қалымбетов пен Мұратбай Сыдықовтың еңбектері әлі ұмытылған жоқ. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқып, бірге алғаш Қазақстан Магниткасында жемісті еңбек еткен Рахымжан Мырзахметов, мектеп директорлары болған Дулатбай Қырғызбаев пен Болатбек Қайыпбеков жас бүлдіршіндерге білім беруде еселі еңбек етті.

... Ақсақалдар сөз етпеген тақырып болмады. Тарихты да, үлкенді де, кішіні де, ел азаматын да, елдікті де әңгіме етті. Сол әңгімеге араласқан аталар бұл күнде жоқ. Қазір тасаттық беру де ұмыт бола бастады. Бүкіл ауыл болып, бір қазаннан ас жемегелі де біраз жыл болды. Бірақ оған өкініп жатқан ешкім жоқ. Жаһандану кезеңі ұлттық салт-дәстүрді де, сананы да жұтып бара жатқандай. Ертеректе ауылдан бір бала жоғары оқу орнына түссе қуанып, айналып, толғанып жататын болса қазір мыңқ етпейді. Қазір де мақтауға, үлгі етуге, мақтануға тұрарлық ұл баршылық.

Қазір бақалықтар Тәуелсіз Қазақстанның бақытты болашағы үшін еңбек етуде. Үлкен спортқа ауылда алғаш жол салып, күрестен облыстың бірнеше дүркін чемпионы болған, Қазақстан құрама командасының мүшесі болып, республикалық жарыстардың жүлдегері атанған Ерғали Садықұлының жолын жалғастырған Бақтияр Артаев Олимпиада чемпионы атанып, Афинада қазақ боксының даңқын асқақтатты. Ауыл әкімдері болған Жүнісбайдың Қалданы, Мүсірепбектің Жексені, Әмірбектің Айдары, Ұлттық қауіпсіздік саласының қызметкерлері Бекболаттың Саматы мен Ерғалидың Ерланы, аудандық ішкі істер бөлімін басқарған Жайлаудың Серігі, ішкі әскерде жемісті еңбек еткен Дулатбайдың Затыбегі, байланыс саласында өздерінің сүбелі үлесі бар Пертайдың Шерханы мен Серпеннің Қанаты, жер қатынастарының білгірлері Жарастың Нұржаны мен Әмірқұлдың Алтынбегі, облысқа белгілі дәрігер Садықтың Нұрбөбегі, әндерін бүкіл облыс шырқап жүрген Дербісалының Серігі мен Садықтың Бекқалиын ауылдастары орынды матаныш етеді. Бір сөзбен айтқанда мақтаныш етер азамат бұл ауылда аз емес. Қуаныштысы--қазақтың әрбір ауылы туралы осылайша ой толғауға болады.

...Желсаздың самалына малынып тәтем—Болатбек екеуміз ұзақ тұрдық. Төменде көлденең көсіліп жатқан ауылды көк аспанға ұмтылған бәйтеректер көмкеріп, көк орайға ораған. Ғажап көрініс!

-Тәте, қанша терек ектіңіз, санадыңыз ба?-деймін мен, ағама көз тастап.

-Кім санапты?! Жүз мыңның аржағы мен бержағы шығар. Менің бастамаммен мектеп директоры болып жүргенімде егілген терек орманы қазір екі жерде жайқалып тұр. Өкініштісі сол кезде бүкіл мектеп оқушылары еккен ормандарға қайдағы жоқ келімсек ие болып қалды. Өзімізге тиесілі және ауылдастарымыздың жеріне еккен теректі санаған емеспін. Көшет алғандар қаншама?!-деген ағайым ойланып қалды.

Бақалықтар мен аудан жұртшылығы қажы Болатбек Қайыпбекұлының бұл еңбегін жақсы біледі. Тіпті ауылдың жас ақындары өлеңге де қосып, шығармаларының өзегіне айналды. Ал енді осы ауылдың ұландары Бақалыны жыр арқауына айналдырған Серіктің өлеңін Бекқалидың әніне салып айтсақ жараспай ма?!

Бақалым менің, балалық кезім, бал шағым,

Арайлап атқан ағарып сенің әр таңың.

Қырқадан құлап ағады бұлақ сарқырап,

Алады баурап даланы әсем ән-сазың.

Қайырмасы:

Бақалы- елім менің,

Жайқалған жерім менің.

Көркем әсем, көркің әсем Атамекенім.

Бабамның өзіндейсің

Мақтанышым, туған жерім, ауылым.

Ауылдың сәні- ақтерек аппақ аялы

Тербеліп желмен еркелеп күнге қарайды.

Жібектей желпіп Желсаздың желі ескенде

Жусанды белдің жұпары аңқып тарайды.

Қайырмасы.

Көкорай шалғын, көк майса белім, алқабым,

Сағынсам елді аралап сені қайтамын.

Әуендей сазды қалықтап қанат қағатын,

Шалқи бер жайнап, Бақалым менің байтағым.

Қайырмасы.

2011 жыл.


ШАҚПАҚ

Жуалының шығысында да, батысында да асу бар. Оның батысындағы Шақпақ аты қосарлана аталатын асу, жел, өзен, ауыл, станса, орта ғасыр қаласы, әулиеі үңгірі бар. Киелі жердің мінезі де ерекше. Көктем мен жазда аракідік болмаса салқын самал соғып тұрса, күз бен қыста бұл самалыңыз атқұлағы көрінбейтін алай-түлей боранға ұласады. Апталап соғатын боран асу бермей ышқына соға беретіні бар. Ауа райының осындай күндерінде жерұйығын іздеп жүрген Асанқайғы атамыз Шақпақтың боранына тап келіп, Түлкібасқа көтеріле алмай жатып қалса керек. Сонда атамыз; «Аспаның қайқы, жерің дөң, мінезің өр екен» десе керек.

Бүгін қыс емес, күздің мамыражай күндерінің бірі. Ұстаған бағытымыз Шақпақтағы Құс жолы мен сеңгір-сеңгір таудың қойнауындағы Ақсу Жабағылығы қорығы.

Темір жол мен тас жолдың бір-біріне жақындасар жерінде Шақпақ құс жолы да тоғысады. Теңіз деңгейінен бір жарым шақырым биік Шақпақ асуынан пойызыңыз да, мәшинеңіз де қинала, күшене көтерілсе, аспандағы құсыңыз да осы тұста жер бауырлай ұшады.

Шақпаққа мен бала кезімнен көп келгенмін. Сол құстар төмендеп ұшатын биіктің етегінде Амансай атты ауылда жеңгеміз Күлайнаның төркіні Әшір құдамыз бен Зергүл құдағиымыз тұрады. Жарықтықтар көңілі ашық, көкірегі ояу кісілер еді. Әшір құдамызға мен деген кісілерің келіп, ақылдасып, кеңес, көмек сұрайтын. Қолы ашық болатын. Ұрпақтары әкесіне тартса қандай ғажап! Құдамыздың Ташкентке жиі баратынына таңғалатынмын. Сөйтсем, Ташкентіңіз біздің атақонысымыз екен. Сол Ташкенттен қол үзіп қалмау үшін үлкен ұлы Аманды жетектеп апарып, көпке арман болған САГУ-ге оқуға түсірді. Мұны мен Әшір атаның осы өңірдің малдысы да, белдісі де, райкомның хатшылары келіп, өздері сәлем беретін, ауылдасы Сәбе ақсақалға айтып отырғанынан білдім.

Бұл жолы апам екеуміз Аманның оқуға түскеніне құтты болсын айта келгенбіз. Апам құда-құдағиымен шүйіркелесті. Мен жеңгем Күлайнаның бауырлары Аман, Сұлтанмұрат және Сейданамен ойнап, көңілге шаттық ұялаттым. Амансайдың айналасының бәрі сай-сала, толған бастау және темір жолды жағалай өскен қалың тоғайда қалай ойнасаң да болады. Табиғаты да, азаматтары да керемет. Сондықтан да осы ауылдың түлегі, елімізге белгілі ақын Толымбек Әлімбек былай жыр толғайды:

-Қаншама ден қойсам да бөтен үнге,

Ыстық боп көрінетін өте мүлде

Біздің ауыл Амансай аталады

Жайғасқан Құлантаудың етегіне.


Алатау төр жағымда айбат берген,

Қаратау төмен жақтан қайрат берген.

Алланың назары ауып осы жерге

Бақытты бізге осындай байлап берген.


Бұрқақтап атқылайды қайнарлары,

Қазақтың Шолпандары, Аймандары

Осында Жігіттері өр мінезді

Бауыржандай сияқты майдандағы!


Бұл ауылдан әкім де шыққан еді,

Бұл ауылдан ақын да шыққан еді.

Бұл ауылдан хатшы да шыққан еді,

Сақтағайсың бәрін де сұқтан енді!...


Амансайды қимай апам екеуміз жолға шықтық. Тағы да Шақпақтың биігіне көтерілдік.

--Мақұлтай, онау ирелеңдеп, көкке көтерілетіндей биікке жол тартқан темір жолдың арғы жағында құсқа тор құрылыпты деп естідім. Алла тағаланың аспандағы құсына ау құрғаны несі? «Көлдің құты кетсе, құтаны үш күн бұрын кетер» деген сөз бар. Былай өтсе де, алай өтсе де ұстай берсе құс екеш құс та өзге жол табар. Мен күлдім. «Неге күлесің?» деді апам қабағын көтере маған қарап.

-- Апа, ұсталған құстарға сақина салып, қайта жібереді.Ол ғылым үшін керек.

-- Қайдам, қайдам... Алла тағалам жаратқан табиғатқа қарсы күш қолдануға болмайды. Жаратылыста ешнәрсе артық жаратылмаған. Бәрі бір Алланың құдыреті. Құс екеш құсқа да бұғау салғысы келе ме?-деген апам ауыр күрсініп еді...

Біз де темір жолдың бойындағы қалың тоғайдың арасымен жоғары көтерілген сайын сол бір сәтті есіме ала бердім. Қазір ойлап қарасам бұғаудан әбден зәрезап болған ғой. Апама деген сағынышым жүрегімді саздырды. Жүрісіміз де өнбей қойды. Әзер дегенде құстарға құрылған ау ретінде тартылған тор алаңына жеттік. Биік жотаның баурайына керілген алып торлар бірден көзге түсті. Жотаның төменгі жағында орын тепкен темір дүңгіршектерге жақындағанымызда алдымыздан абалап төбет шықты. Қалың тоғайдың арасынан шыққан екі-үш кісі бізге бір көз тастады да керіліп тұрған торларын тоқи берді.

Амандық саулықтан кейін қалам-қағазымызды қолға алап, орнитологтарға сауалымызды қоя бастадық. Қария біразға дейін шешілмей, бізді тосырқай қарсы алып, сауалдарымызға селсоқ әрі мардымсыз жауап қайтарды. Оның мәнісін кейін түсіндік.Себебі құс зерттеу стансасына сұңқар іздеп келетіндер де бар екен. Олар ақшасын беріп, торға түсе қалса лашын, қырғи, ителгіні беруді қорқытып, үркітіп, талап ететіндері де болыпты. Сондықтан да олар бізді солардың қатарына қосқандарын да жасырмады. Журналист екенімізді білген соң әңгіме тетігін ағытуға ыңғай танытты. Бізде мақсатымызға жетпей құр қайтпайтынымызды білдіріп, сауалдарымызды үсті – үстіне қоя бердік. Онымыздың әбестік екенін кешірек түсіндік. Мұндайда менің ойыма апамның; «Бір нәрсе білгің келсе, дауысыңды төмендетіп, иіле түс. Ыңғайына көніп, сөзін бөлме. Езеурей білудің қажеті жоқ» дейтін. Кеште болса мен сол әдіске көштім. Жағдайларын сұрадым. Жұмыс істеуге жағдайлары мәз емес екенін сөз еттім. Өзім осы жердің тумасы екенімді, туған өңірдің табиғаты қызықтыратынын жеткіздім. Әлден соң жасы жетпістен асқан, үш-төрт күннен бері сақал-мұртын қырмаған мосқал кісі орындыққа отырып, бізге күле әрі сынай қарады.

-- Білесіңдер ме, мұндай құс зерттеу стансасы ТМД аумағында екеу-ақ. Бірі осы біздің республикалық зоологиялық ғылыми-зерттеу институтына қарасты Шақпақ құс зерттеу стансасы болса, екіншісі Ресейдің Калининград облысында орын тепкен. Олардың жағдайлары қандай екенін білмеймін, ал біздікі мәз емес. Дегенмен де осы жылдары біз 25 миллионға жуық құсқа сақина салдық,- деген ақсақал бір сәт үнсіз қалды. Шынында да құс зерттеу стансасының сыртқы бейнесі көзге қораш көрінді. Алты бұрышты кішкентай ғана темір дүңгіршектің ішіне көз жібергенімізде жабдықтардың әбден тозғанын және аспаптарының қарабайыр екенін бірден аңғардық. Алайда ұзындығы --70, көлденеңі—40, биіктігі 25 метрлік тор ерекше назар аударады.

Біз әңгімеге тартқан ақсақалдың аты – жөні Эдуард Иванович Гаврилов екен. Биология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Шақпақ құс зерттеу стансасы ашылған 1966 жылдан бастап осында жылына екі мезгіл – көктемде және күзде еңбек етеді. Осы жылдар ішінде ол қаншама құсқа сақина салды десеңізші?!

-- Бұрын біздің сақинамызда: «Москва.СССР» деген жазу болатын. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін «Қазақстан. Алматы» деген сақиналары бар құстар әлемді шарлап жүр. Сіз білесіз бе, біз сақина салған қарлығаштарды Оңтүстік Африка Республикасынан кеэдестіргені туралы мәлімет бар. Кішкентай құс болғанымен қарлығаштың біздің жерде өсіп - өнгеннен кейін күзде алыс елдерде қыстайтыны анық болып отыр. Өте әдемі құс. Күйкентайдай кішкентай болғанына қарамастан бойына бар қайырымдылықты жинағандай. Өзі адамға жақын. Қарлығаш адамға жақын жерге ұя салатыны бекер емес...

Менің ойыма балалық шақтың бір көрінісі көз алдыма келді. Жер кепе үйіміз көктем келісімен шымшық пен қарлығаштың ұясына айналатын. Жұмыртқасын басып, ұясынан шықпай қалған сәтінен апамнан маза кетеді. Биігірек жерге нанның қоқымдарын шашып, құс ұясына мысықтың жақындамауын қадағалайтын. Бір жылы қарлығаш төргі бөлмеге ұя салуға кірісті. Бір қабат терезенің тесік жері көп болатын.Ұя салғанша қажетті жабдықтарды тасымалдап, күніне жүз рет кіріп, жүз рет шығады. Қарлығаштың бұл қылығына апам ерекше қуанды. Құрметті қонақты да төргі бөлмеге шақырмайтын болды. Маған анда-санда сыбырлап; «Ешкімге төргі бөлмеге қарлығаштың ұя салғанын айтпа» дейтін. Мұны апам қандай ырымға жорығанын мен әлі күнге дейін біле алмай келемін. Кім білсін қарлығаштың қонақ бөлмеге ұя салғанын үйімізге «бақыт құсы ұя салды, енді тауқыметтен құтыламыз» дегенге балады ма екен?!...

-- Одан әрі тыңдаңыз. Бұл қарлығаш деген құсыңыз аса жылдам әрі алысқа самғайды. Үндістан жерінен де біздің сақинамыз салынған қарлығаштарды кездестіргені жөнінде хабарлар келді. Осыған қарап – ақ ақтамақ қарлығаш тек жылы жерде қанат қағатынын білуге болады,-деген Эдуард Иванович жанына ұзын бойлы жігітті шақырды. – Ендігі әңгімені Арман екеуміз бірлесе айтамыз,-деді

Арман Диқанбаев 17 жасынан 16 жылдан бері осында еңбек етіп келеді.Табиғат аясы оның екінші үйіне айналған.Осы жылдарда ол құстың қанат қағу құпиясына қаныққаны анық.

--Табиғат тамашалары көп ғой. Туған жері мен өскен ортасын есте сақтауға құстың да ақылы жетеді. Жыл сайын жүздеген құсқа сақина саламыз. Кейде осыдан үш-төрт жыл бұрын таңбалаған құстарымыз да торға түсіп жатады. Аз болса да екінші бір елдің сақинасы салынғанын да кездестіреміз. Кезінде де, қазір де құсты бактеорологиялық қарудың құралы ретінде пайдалануға ұмтылушылық бар. Қазір әлемді шулатып жатқан құс тұмауының өзі осындай арам пиғылдың салдарынан туындап отырғанын да жасыруға болмайды,-дейді Арман.

Сіз сенерсіз сенбессіз қарлығаш төрт – бес күннен кейін Африкаға жететіндігін анықтаған.Осы жерде сақиналанған қарлығаш төрт күн өткен соң 2 мың шақырым биіктікте Таяь-Шань тауларында кездескен. Ғалымдардың айтуынша Қарқазысы 60 сағатта 3 мың 200 шақырымды артқа тастаған. Калининград облысынан сақиналанған қараторғай бір тәуліктен кейін 1200 шақырым ұшып, Бельгияға жеткен. Ал Сібірден келетін ұзақ қарғалар Жуалы, Жамбыл аудандарының аумағында тынығып алғаннан кейін аспанды көктей тіліп, жылы жаққа ауады.Көкек пен наурзек өзгелерден бұрын жылы жаққа ұшады. Ал соңғы жылдары бозторғай мен шымшықтың және басқа да кішкентай құстардың жауына айналған, адамнан аса қаймыға бермейтін, дөрекі құс—үнді торғайы (ғылымда олар «майна» деген атымен белгілі) әлемді жаулап алды. Тез өсіп, өзге құстың ұясын бұзуға құмар. Бұл құсты жергілікті жерлерде қытай жерінен келген деп те атайтындығы белгілі.

-- Жалпы Қазақстанда 500-дей құс түрі мекендейді. Соның 300-дейі осы Жуалы Құс жолымен ұшады. Бұрын ғалымдардың көзіне түсе бермейтін көкекке ұқсас саджа құсы Қытайда қыстайтыны белгілі болды,-деп әңгімесін жалғастырған Арман кішкентай дорбадағы құсты алып, бізге көрсетті. Үлкендігі қараторғайдай болғанымен басындағы айдары ерекше көрік беріп тұр. Бейне бір басына сәлде орап алғандай.Құс қанатын жайып еркіндіке жіберуін өтінгендей шиқ-шиқ етті. —Ал мына бір бармақтай ғана құсты қазақта күйкентай немесе құрқылтай деп те атайды. Міне осындай құсты 20 жылға жуық мерзімде бүкіл әлемді жаулап алған әлгі үнді торғайы баудай түсіруде. Сондықтан олар қалың тоғайды мекен ете бастады.Заманына қарай амалын тапқаны.

Бұрын бір күнде торға түскен 10 мыңнан аса құс сақиналанады екен. Осыншама жұмысты атқару үшін оқушылар да тартылыпты. Өкінішке орай, соңғы жылдары стансаның күш-қуаты бұған жетпейді. Жас натуралисттердің де ынтасы төмендегендей.Торға түскен құстың аты,жынысы, салмағы және салынған сақинаның нөмірі арнаулы журналға жазылып, тіркеледі.Орнитологтар осыдан он жыл бұрын торға сұңқар тұқымдас құстардың да жиі түсетіндігін еске алып, қазір қырғи, лашынның өте аз екенін айтты. Бүркіт, үкі, дуадақты ұстамағандарына көп жылдар болыпты. Осыдан-ақ экологиялық тепе-теңдік бұзыла бастағанын аңғару қиын емес. Бұл аңшысымақтардың ісі. Қазір қызметі сәл өскен дөкейіңіз қолына мылтық алатыны бар. Бір кездері Мойынқұм жерінде жыртылып-айырылатын дуадақтың тұқымына араб елдерінен келетін аңшылар тұз құйды! Оны көріп, біліп те жүрміз. Жыл сайын Мойынқұм жеріне ондаған «қонақтар» келіп, құсымызға мылтығын кезеуі әдетке айналып барады. «Нөсер алдында найзағай ойнайды» демекші бүгінгі күні жоғарыда аты аталған құстардың торға түспеуі әрнәрседен хабар берсе керек. Осы үрдіс жалғаса берсе, жерімізде құс қалмас.

Әңгімелескен сайын Эдуард ақсақал да, Арман мен Алмас та,Сырымгүл де, Болат та, Ақсу-Жабағылы қорығынан көмекке келген Елена Чаликова да өз білгендері мен көргендерін тартынбай айтты.Тіпті әр құстың ерекшілігі мен мінез-құлқына дейін әңгімеледі.

... Құс жолы... Жуалыға келгенде жыл құстары төмендеп ұшады. Осыны пайдаланған орнитолокгтар өскен жерін, туған жерін қимай, қанатын қомдағанымен торға түскен құстарға сақина салады.

... Сақиналы болған ақтамақ қарлығаш бірден көкке көтерілді.Бостандық деген қандай ғажап! Қараңызшы, қараңызшы, қанатын талмай қағады... Әуелеген құсты өзіне табындырған, саясына аялдатқан, алыс сапар алдында қуат берген Жуалы жерінің тартылыс күші таңғажайып!

2007 жыл.

МАЗМҰНЫ

1.Оқырманға ақ сөз ------------------------------------------



2.Күйік -----------------------------------------

3.Теріс -----------------------------------------

4.Желсаз ------------------------------------------

5.Ащы ------------------------------------------

6.Тескентау ------------------------------------------

7.Кайзердің диірмені ------------------------------------------

8.Көксекі ------------------------------------------

9.Паек ------------------------------------------

10.Терек ------------------------------------------

11.Тазы -------------------------------------------

12.Күрес -------------------------------------------

13.Қыз Жібек -------------------------------------------

14.Орамал -------------------------------------------

15.Желтоқсан ------------------------------------------

16.Билікөл -------------------------------------------

17.Қошқарата -------------------------------------------

18.Ер Тұлға

19. Ашық ойдың сардары -----------------------------------

20. Құнарлы сөздің қайнары

21.Еліне сүйенген ер -------------------------------------------

22. Құрыштай шыңдалған -----------------------------------

23. Ақиық ------------------------------------------

24. Ақсу-Жабағылы -------------------------------------------

25. Құлантау ------------------------------------------

26.Бақалы --------------------------------------------

27. Шақпақ ----------------------------------------------




Редакторы- Дәметкен АХМЕТОВА.

Терімші – Элвира Тагирқызы.



Осы суреттерді пайдаланса дұрыс болар еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет