«Біз осылай қосылған едік…» -Жеңеше, сұрауға батпай тұр едім, өзіңіз қозғадыңыз. Тұрар ағаммен қалай таныстыңыз?! Ол кезде қайда қызмет істеуші еді? Кейінгі ұрпақты ағаның арманы, сөзі, жүріс-тұрысы, тіпті киген киіміне дейін қызықтырары сөзсіз. Оны Сізден артық кім біледі? Өзіңіздің жастық шағыңыз туралы айта түссеңіз?! Шындығында, сол кездегі оқыған қыздардың ішінен ағаның тек Сізді ғана ұнатуында нендей гәп бар? - дедім мен кешеден бері көкейімді тесіп жүрген құпия, жұмбақ сауалдардың ілгегін ағытып. - Е, е, қалқам, ол өмірімнің ең жарқын, інжу- маржан шағы ғой, - деп қалың ой құшағына ене отырып, әңгімесін жалғастырды Әзиза жеңешем, - Абай атаң айтқандай, дүниеге келген адам мәңгі тұрмақ емес. Демі таусылған күні о дүниеге аттанады. Маңдайға жазылған қамшы сабындай қысқа ғұмырда адам баласының бақытты, қайғылы сәттері, қуанған, күйінген кезеңдері болады. Құдайға шүкір, менің арманым орындалды: Тұрар ақталды, қыздарым түгіл немерелерім де атасының фамилиясымен жазылып жүргенін мақтан тұтам. Жақсының аты өшпегеніне, ақиқаттың, шындықтың түбі салтанат құрғаныңа өте қуаныштымын. Дегенмен, маған біреу: «Бұл фәнидегі ең бір қимас, қызық, бақытты жылдарыңды ата», - десе, ойланбастан «Тұрармен танысып, Тұрармен семья құрған жылдар!» - дер едім. Айтпақшы, дәл сол үшін өмірімнің 20 шақты жылы түрмеде, қамауда өтпеді ме? - деді қабағын шыта мұңайып. - Жеңеше, негізгі әңгімеге көшейікші, - дедім мен асығып, - Қойған сауалдарыма жауап ала алмай қалам ба деп қорқып отырмын. Уақыт өтіп барады, кісілер келіп, Сізді ертіп кетуі ықтимал ғой... - Жо-жоқ, ағаңмен қалай танысқанымды айтпай, ешқайда қозғалмаймын, қорықпа, - деді Әзиза нық дауыспен. - Менің шешем Арифа мен Ләйланың (Базанова) шешесі Рабиға бір туған, апалы-сіңілі кісілер. Әкелері приказчик екен, Пржевальский жақта Қарақолда тұрған. Ләйла екеуміз 1929 жылы малдәрігерлік институтка түстім дедім ғой. Кейін оқыған қыздар көбейді: Люся Аспандиярова, София Сейдалина, тағысын тағылар. Бізді жігіттер аса құрметтейтін, сыйлайтын. Бірде біздің семьямен араласып тұратын Алматы темір жолының инженері Мұхамеджан Тынышпаев (1890 жылы «Верный» гимназиясын М. Фрунземен бірге алтын медальмен бітірген жігіт. Петербургтегі IАлександр атындағы жол қатынасы инженерлері институтында оқыған, кейін репрессияның құрбаны болды) деген кісінің үйінде Т. Рысқұлов, О. Жандосов, Ә. Жанкелдин, Қ. Сармолдаев бәрі қонақта отырғанда жолдастары Тұрарға «Жасың 34-ке келді, бір қазақ қызын тауып берейік, үйлен», - деп қолқа салады. Тұрар: «Қолымда ұлым бар, мені түсінетін қыз табыла қояр ма екен?» - депті мұңайып. Мұхамеджанның біз құралпы Ескендір деген баласы: «Аға, оның жарасы жеңіл, Алматыда не көп, оқыған қыз көп. Альбомдағы қыздардың суреттерін қарап, біреуіне жіп тағыңыз, мен таныстыруды мойныма аламын», - деп альбомын жайып тастайды. Бәрі күлісіп суреттерді қарай бастайды. Он шақты қыздың арасынан Тұрар мені көрсетіп: «Осы қызбен таныссам қалай қарайсын?» - дейді... Ол кезде ешнәрседен бейхабармын, 1 курсты тәмамдаған соң, практикада Көкшетауда жүргем. Ләйланы орыс қолхозына, мені қазақ ауылына бөліп жіберген болатын. Комсомол ұйымының хатшысымын. Қоллективтендіру кезеңі, жұмыс деген бастан асады. Бір күні Алматыдан Ескендірдің: «Тосып ал!» деген жеделхатын алдым. Жүрегім зу ете түсті, себебі әкем көптен бері сырқат болатын. «Ойпырмай, тірі болса жарар еді, жағдайы қалай болды екен?!» - деп, қорқа-қорқа вокзалға жеттім. Вокзал маңы у-шу, «Бір бастық келе жатыр, соны күтіп алуымыз керек», - деп жүгіріп жүрген халық. Онда шаруам жоқ, жүрегім лүпілдеп мен тұрмын. Міне, бәріміз күткен пойыз да келіп жетті. Ескендір мені анадайдан көріп, вагоннан секіріп түсті. Әкемнің хал-ахуалын сұрап, мамамнан хат ала келген екен, соны оқып, мәре-сәре боп қалдым. Біраз уақыт өткен соң, менің көңілімнің жайланғаның байқаған Ескендір: «Әзиза, осы пойызбен кім келгенін білесің бе? Оны мен ертіп келдім», - деді мақтанышпен, «Жоқ. Жұрт әйтеуір бір бастық келеді, деп әбігерленіп жүр ғой», - дедім мен. «Тұрар Рысқұлов! Оның сенімен танысқысы келеді», - деді Ескендір бірден төбемнен қойып қалғандай етіп. Екі бетім ду ете түсті. «Әкем болса ауру, ал, менің оқуым керек, қарай гөр мына Ескендірдің қуын, ата-анамнан хабар әкелген дос па десем, жеңгелікке жүр екен ғой», - деп жыным ұстапкетті. «Келсе, қайтем?! Онда жұмысым жоқ. Ал, менің танысқым келмейді. Керек емес. Қазір үйге бармаймын, жұмыстарым көп», - деп аудандық комсомол комитетіне кетіп қалдым. Онда 1-2 сағаттай болып, үйге келсем, олар үйде екен. Екеуі столдың екі жағында отыр. Көгілдір плащ пен көгілдір қалпақ киген орташа бойлы, қараторы ер кісінің тесіле кқараған салмақты, отты жанарынан именгендей бүкіл денемде майда діріл пайда болды. Ғазет-журналдардан атын, фамилиясын жиі кездестіретін, көпшілік көсем тұтқан ірі тұлғаны өз үйімде, от басында дәл осылай жолықтырам деп үш ұйықтасам түсіме кіріп пе? Сол кездегі комсомол қыздардай шашым қысқа, аяғымда етік, үстімде арнайы тігілген қоңыр сарғыш костюм, басымда кепка. Мен сәлемдестім, Ескендір: «Тұрар аға комсомолдың жағдайын сұрап білгісі келеді», - деп бізді таныстырып, өзі шығып кетті. Тұрар Алматыдан менің есеп карточкамды ала келген екен, соны берді, комсомол жұмысы жайлы көбірек сұрады. Артық ешнәрсе айтқан жоқ. Біршама уақыт әңгімелестік. Мен өзімнің арам, үркек ойыма ұялғандай болдым. Ескендір фотоаппаратын әкелген екен, далаға шығып суретке түстік. Олар қоштасып, қайтып кетті. Бұл жайлы ешкімге тіс жармадым. Тек бүгін өткен күннің шытырман оқиғаларын көз алдымнан өткізіп, Тұрардың салиқалы, дана сөздерін еске түсіріп, төсекте үнсіз күлімсіреп жатырмын. Содан 3-4 сағат өткендей уақытта есікті біреу қақты. Қарасам жаңағы екеуі. Ай жап-жарық. Есікті аштым. «Пойыз түнгі 12-де жүреді екен. Егер айып етпесеніз Сізбен тағы біраз далада әңгімелессек», - деді Тұрар. Есіктің алдындағы беседкада отырып екеуміз тұңғыш рет ұзақ сөйлестік. Мен қаншама тартқыншақтап, салқындылық танытайын десем де Тұрардың биязы, жұмсақ үні, терең білімділігі, ақыл-парасатқа толы от жанары бір сиқырлы күшпен өзіне баурай берді. Тіпті оның жүріс-тұрысы, отырысының өзінен асқан зиялылық, жоғары мәдениеттілік лебі есетін.
Әзиза, алтын уакытыңызды алып тұрғаныма кешірім сұраймын. Мені ел басшысы деп есептемей, туған халқымның білімді, мәдениетті болуын көксеген өзіңізге ұқсас бір пақыры деп қана ойлаңызшы... Қазақ қыздарының біліммен сусындап, орыстың София Ковалевскаясы секілді Европаға, әлемге танылуын шын жүректен армандаймын. Шебер, іскер, ақылды, парасатты қыздар қазақта аз ба?! Олар да біліммен қаруланса, араларынан небір талантты, даңкты ғалымдар, жазушылар, композиторлар, әнші, биші, дәрігерлер шығар еді. Шіркін, сол күндер ертерек туса?! Бірақ бәрі қыздардың өздеріне, білімге құмартуына байланысты болып тұрғой...
Қыздар оқымай қойса қайтесіз? - деймін әзілдеп.
- Неге оқымайды?! Оқыту керек! Мысалы, Сіз оқып жүрсіз ғой. Өзініздей жап-жас, әдемі, ақылды қыздар ғылым жолына түссе, қандай ғанибет?! Рас, Алматыда бар екен, оған қуаныштымын. Ал, Мәскеуде мүлде жоқ. Әзиза, Сіз Мәскеуге келіңіз! Мәскеуде оқыған тұңғыш қазақ қызы боласыз. Өзім көмектесем, - деді даусы сәл дірілдеңкіреп. - Басқа қыздар оқысын... - Дұрыс. Олар да оқысын. Сіз үгіттеп, бәрін ертіп келіңіз. Болашақ ұрпақтың алғысына бөленесіз. Шын айтам... Тұрар тұнжырап, үнсіз қалды. Мен атағы қазақ даласында жұлдыздай жарқырап тұрған үлкен азаматпен, яғни РСФСР халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасарымен сөйлесіп отырғаныма енді ғана мән бере бастадым. - Аға! Қазақтың қай қызы оқығысы, бақытты болғысы келмейді дейсіз. Бүгінде бостандық шуағын сезіне бастағанымен, қараңғы, ескі әдет-ғұрыптың шынжырын бірден үзу оңай ма?! Кейде қысқа жіп күрмеуге келмей, небір аяулы құрбыларымның ауылдан аттап шыға алмай, от басы, ошақ қасында жүргені маған да батады, - дедім ағымнан жарылып. Міне, бұл ақыл сөз! Қазақ қыздарын оқыту керек! Әзиза, Сізден көптен-көп өтініш, Мәскеуге оқуға келіңізші?! Сіздің орныңыз сонда, тек Мәскеуде оқуыңыз керек, - деді ол қолын білегіме салып. Мен өте шапшаңдықпен білегімді тартып ала қойдым. Бүкіл денемді тоқ соққандай әсер қалдырды, маңдайым тершіп шыға келді. Құдай оңдап, оны Тұрар сезген жоқ. Қоштасарда адресімді сұрады. «Біздің пікір-таласымыз әрі қарай жалғасуы үшін», - деді күліп. Сөйтіп түнгі 12-де олар жүріп кетті... Содан менің практикам аяқталғанша Тұрардан күнде хат алып тұрдым десем, жалғаны жоқ. Баяғы өзің сұраған махаббат хаттары басталды. Мені көргеннен ұнатқаның, шын сүйетіндігін, тағы да кездескісі, көргісі келетінін айтады. «Менің сорлы інкәр жүрегімнің лүпілі Сізге жетер күн туар ма?!.. Аршыған жұмыртқадай аппақ жүзіңді алыстан болса да бір көрсем деп армандаймын... Әзиза, көп өтініп сұранам, Алматыға Мәскеу арқылы барыңызшы... Қорықсаңыз, дос қызыңызбен бірге келіңіз, жолыққым келеді, тосамын», - дейді хаттар. Мен, әрине, олай еткем жоқ. Алматыға тіке тарттым, үйге келсем, әкем қайтыс болыпты, асқар тауым құлапты. Бейшара әкем көз жұмарында: «Әзиза бой жетті, құтты жеріне қондыра алмай барам, бағы жанса екен, жақсы адамға беріңдер», - деп табыстапты. Әбден қайғырдым. Тұрар да естісе керек, Алматыға келді, бізге көңіл айтты және үйге күнде кеп тұрды. Менің мұң-шерім серпілсін дей ме, бір-екі рет қаланы аралауға шақырды, хаттарына жауап күтетіндігін айтты. Мен үнсіз қалдым. Ол қайтып кетті. Кейін тағы да бір рет командировкаға келгенде, мені тауға апарды, маңдайымнан, көзімнен ұзақ сүйді. Таудың етегіне дейін мені алақаныңа салып, балаша көтеріп алып жүрді. «Шаршайсыз, жіберіңіз», - деп бұлқынсам, «Өмір бойы осылай көтеріп өтуге бармын», - деп түсірмейді. Жанарымды көтеруге жасқанып, ұяттан өртеніп алабұртып үйге қалай жеткенімді білмеймін. Кешке анама сыр ашып, Тұрарға сөз бергенімді, оны жақсы көретіндігімді айттым. Сорлы шешем астан-кестен боп қатты ашуланды. «Сенен 16 жас үлкен! Әрі баласы бар, өмір көрген адамның саған қажеті қанша?! Он екіде бір гүлін ашылған жоқ. Өзің теңдес жас жігітгер құрып қалды ма?! Әлде... әккі жігіт алдап қолға түсіріп қойды ма?!» Ай, кетті дейсің тоқтар емес... Сонымен, ертесінде сөзімді Тұрардан қайтып алдым. «Сізді сүймеймін, үйленгім келмейді, жаспын, оқимын», - дедім. Тұрар мені оқытатының айтса да, тыңдамай қойдым. Ешнәрсе түсінбеген Тұрар жаман мұңайып, шөгіп кетті. Бірақ, сонда да ол бір жыл бойы қайда жүрсе де маған орысша, арабша сүйіспеншілік хаттар жазумен болды. Оның әр хаты, әр сөзі пәк сезім шапағатымен сәуле шашып тұратын. Мұндай мөлдір махаббат суреттелген хаттарды жырту күнәмен бірдей. Сусыз, ауасыз өмір сүре алмайтының сияқты, оның жан жүрегі езіліп жазған сыршыл хаттарын жауапсыз қалдырсам да, ішімнен жаза берсе екен, хаттары келе берсе екен, деп шын тілейтінмін. Тұрар інім Рашидті Мәскеуге апарып, оқуға түсіріп, қолына тұрғызды. Бұл игі әрекетін мені басынғандық деп түсініп, намыстанып, Рашидке: «Сатқын», - деп қатты ренжідім. Енді Тұрарды мүлде ұмытуға, хат жазбауға, хабарласпауға бекіндім. Пахтааралда жұмыста болғанымыз жайлы саған айтып ем ғой, сонда жұмыс істеген 21 студентті аудандық комсомол комитеті Мәскеуге экскурсияға жіберген болатын. Ішінде, әрине, мен де бармын. Мен хат жазбағаныммен С. Сейфуллин, Қ. Сармолдаев сияқты достары Тұрарға мен туралы үнемі хабарлайтын көрінеді. Мәскеуге жүрер алдында Тұрардан тағы хат келді. «Әзиза, сен жақтан жылы самал соқса деген үмітпен таңдар атып, күндер батуда. Бәрі саған байланысты боп тұр ғой... Жаныма қатты батса да, сенің айнымалы мінезіңді жастығыңа балап жүрген жайым бар. Сүйіктім, біздің тұрмыс құруымызға менің ұлымның титтей де кедергісі жоқ. Ол өсіп келе жатыр, бізге еш байланбайды. Тек оны оқытып, ел қатарына қосу керек. Ал, мені мүлде сүймесең, онда сөз басқа. Сені Мәскеуге келеді деп естідім, өтінерім үйге соқ. Мен дачада боламын, Рашид екеуің бірге тұрасыңдар», - деп жазыпты. Тәкаппарлығым ұстап, «Иә, барамын! Өлсем де бармаймын!» - дедім іштей қатты бекіп. Белгіленген күні жолға шықтық. Жолдан станциядан балмұздақты көбірек жеп қойдым ба, тамағым жаман ауырды. Тіпті температурам 39 градусқа жетті. Пойыз Мәскеуге келді. Тұрар Рашидті машинасымен жіберіпті. Інімнің жалынып өтінгеніне қарамастан, жолдастарыммен жатақханаға кетіп қалдым. Жатақханаға келген соң да орнымнан тұра алмадым. Студенттер дәрігер шақырған екен, мені дереу емханаға жеткізді. Бір аптадай жаттым. Тұрар Рашид екеуі күнде келіп тұрды. Мұзбын, жылыр емеспін. Бір күні мені емханадан шығарды. Тұрар: «Мен дачада болам, Рашид екеуің үйде тұрасыңдар», - деді. Не істерімді білмедім. Жолдастарым кетіп қапты. Алматыға жүріп кетуге әлсізбін, әрі ақшам да шамалы. Ызаланып жылап жібердім. Амал жоқ, Тұрардың Кремльдегі үйіне келдім. Ол бізді үйіне жеткізді де, өзі дереу дачасына кетіп, сонда тұра бастады... Сөйткен Әзиза өз еркімен сол үйде, Тұрар ағаңның босағасында мәңгі қалып қойды, - деді жеңешем әңгімесін аяқтап. Табысу
- Жеңеше, ең қызықты жерін шолақ қайтарма ңызшы?.. Бізге сол Тұрар ағамен қайтіп тіл табысқаныңыз керек боп тұр ғой, - деймін қиылып. - Қу қыз! Бәрін білгің келеді, ә... Қой, айтып құтылмасам болмас. Бұл қайын сіңілім қадалған жерінен қан алатын түрі бар... Сәл жымиып күліп алды да, әңгімесін жалғастыра бастады. - Мен үйге үрке-үрке зорға кірсем, үлкен төрт бөлме қаңырап бос тұр. Түсте Тұрардың баласы Ескендір мектептен келіп, тамағын ішкен соң сабағын даярлауға кірісті. Бет тұлғасы, әсіресе, көзі Тұрардан аумайтын жас шамасы 9-10-дарға кеп қалған, ұзын бойлы, нәзік денелі қағылез қара бала маған бірден бауыр басып кетті. Мен қандай үй шаруасымен айналыссам да, томпаңдап жәрдемдескісі келіп тұрады. Таңертең Рашид екеуі оқуға кетеді, мен тағы да жалғыз қалам. Ішім пыса бастады. Тұрардың кітапханасынан кітаптар алып оқуға кірістім. Миыма ешнәрсе кірер емес, ойым астаң- кестең, Тұрар үйіне мүлде келмей қойды... Тек кешке қарай телефонға ұлын шақырып алып, сонымен ғана ұзақ сөйлеседі, ішкен тамағы, оқуға дайындалғаны, үйде қандай жұмыспен айналысқаны жайлы қадағалап сұрап тұрады. Еденді жуып, шаң-тозаңды сүртіп, гүлдерге су құю керектігін айтып, еңбекке баулып жатады. Маған ұлынан сәлем айтып, денсаулығымды күтуімді, еш нәрсеге алаң болмауымды, жақындаоқуымды Мәскеуге ауыстыратының, мүмкіндігі болса тәуір пәтер тауып, Рашид екеумізді көшіретінің, әзірше іздестіріп жатқаның айтады. Баяғы өліп-өшкен ынтық хаттардың иесін мүлде жоғалтып алған сияқтымын. Сондай салқын қанды. Кейде киім ауыстыруға, керекті кітаптарын, құжаттарын алуға келгенде де біреу қуғандай асығыс, тез кететін. Онда да тек ұлы бар кезде ғана келіп, Ескендірді сағынып қалғандай құшақтап, аймалап, еркелетіп кішкене кідіретін. Сөйтіп, мен Тұрардың үйге тек ұлын көру үшін ғана келетінін анық аңғара бастадым. Бөлмелерді мұңтаздай жинап, баласының киімдеріне дейін тазалап, түрлі дәмді тағамдар даярлап, осынау қиын да күрделі қызмет атқарып жүрген, өмірі трагедияға толы болса да, қабағын шытпай өзін бір қалыпты салмақты ұстайтын ер азаматтың қас қабағына қарап, ең болмаса үй жайын ойлап мазаланбауын шын тілеп әрекеттенуім нен түк шығар емес. Оншақты күн өткен соң Тұрар телефон арқылы жақсы бір үй табылғаны жайлы хабарлады, маған машина жіберетінін, барып көруім өте қажет екенін айтты. - Жарайды... Бірақ Ескендірге арнап түске мәнті істеп жатыр ем, бәлкім, келіп бізбен бірге ең болмаса соңғы рет тамақ ішерсіз... - дедім өзімді өзім зорға меңгеріп. Деуін десем де, телефонды лақтырып жіберіп, еңіреп ұзақ жыладым. Тұрарды шын жақсы көргенімді сездім, оның биікке самғап еркін ұшуы үшін бар жағдайды туғызатын үйінде қамқор адал жары болуы керектігін іштей ұқтым. Аты әйгілі, аузына дүйім жұртты қарататын асқақ ойлы азаматтың иығындағы жүгін жеңілдету тек менің маңдайыма жазылған болар, бәлкім? Әлде өзіне лайықты өзге жан тапты ма екен?.. Сол екі арада Тұрардың өзі де кіріп, жылағанымды көріп шошып кетті. Мені құшағына тартып, шашымнан сипады. Қолын қағып, итеріп жатырмын. Жақындамаңыз... Мені жек көрсеңіз неге құшақтайсыз? Үйіңізге неге әкелесіз? Енді неге қуасыз? Өз үйіңізге неге қонбайсыз?.. Кіммен жүрсіз?.. Әйтеуір, жылап тұрып не айтқаным есімде жоқ. Тұрар мені қайта-қайта құшып: «Әзиза, сені өлердей жақсы көретінім рас. Бірақ сен бүп-бүлдіршін, жап-жассың. Әрі анаң да маған беруге қарсы. Менің бүкіл өмірім шытырман қиыншылықтан құрылған. Бүгін тәуір болғанымен ертең ауыр болуы ғажап емес. Ел деп еңіреп жүрсем де, дұшпандарым көп. Сені жанып тұрған қып-қызыл отқа қалай итерем?!.. Бірақ босқа қызғанбашы. Сенен басқа ешкімім жоқ. Ол пәтерге барғың келмесе, өз ықтиярың білсін, осында тұра бер. Оған мен қуаныштымын, тек саған зорлық жасағандай болмайын», - деді салмақты сөйлеп. - Мені шын жақсы көрсеңіз, бізді қуманыз... Тұрардың қуанышында шек жоқ. Мені әбден аймалап, мейірлене сүйді де: - Әзиза бикеш, анаңды шақыртайық, ақ батасын алайық, содан соң ғана үйленеміз, - дегенді кесіп айтты. - Бүгін шақыртайық! - Жарайды, - Тұрар қалтасынан қойын кітапшасын алды да бір парағына әлденені жазып маған ұсынды: «Есіктің алдындағы машинаға мініп, мына қағазды Түрксиб бастығы Ивановқа көрсет, қазір Алматыға телефон соғам. Кешкі пойызбен Арифа әни (татарша ана деген сөз) құдай қаласа Мәскеуге карай шығып қалар.» Бұл қағазды да Әзиза жеңешеміз жоғалтпай сақтаған екен, бүгін де аудандық мұражайда ілулі тұр. Онда мынандай сөздер жазылған: «Нач... Турксибатов. Иванову. Ув., товарищ! Очень прошу Вас, если можно, устроить едущих из Алма-Аты членов моей семьи в каком-нибудь туркестанском служебном вагоне, направляющим в Москву. Р. С. Ф. С. Р. заместитель председателя Совета народных коммисаров Т.Р. Рыскулов. Москва, Кремль». Бір парақ кағазға жазылған осы сөздердін айналасында мұражайға келушілер көбірек тұрады. Ол түсінікті де, біріншіден, бұл Тұрар ағаның өз қолымен жазылған түп нұсқа жазу болса, екіншіден, ағаның қандай қарапайым, кішіпейіл екендігін байқатып тұрған жоқ па. Өзінен шені көп төмен кісіден қиылып өтінуінің өзі үлкен парасаттылық емес пе?.. Әкімгершілікті жек көретіндігін тайға таңба басқандай анық айтып тұрған жоқ па ? Сонымен анамды күтіп алдық. Пойыз бастығы өзін ерекше құрметпен Мәскеуге қалай жеткізгенін жырдай етіп айтып байғұс анам мәз. Жарты айдан бері Тұрардың үйінде тұратынымды естіп: Тұрар, қарағым, бұларың не? Қызымды тектен тек күйеуден шықты деген атқа қалдырмақсың ба? Ертерек үйленіңдер, - деді күліп. Тұрар қызарып: «Апа, қызыңызды кім алса да, пәктігіне шүбәланбайды. Әзизадай жары бар жігітте арман болмас... Бұралаң тағдырымды ойлап, не әкесі, не шешесі жоқ тұлдыр жетім Тұрарға Арифа ханым қызын бере қояр ма екен деп қауіптенгенім рас. Ұлыңыз бен қызыңызды оқуға түсіріп, орналастырсам, оған ақы тілеп отырғаным жоқ. Менің қызметім осындай. Қолдан келгенше халыққа, адамдарға қамқорлық жасау. Ал, мені өмір есейтіп, біраз шыңдады ғой!.. Қызыңыздың бақытты болуын Сізден кем тілемеймін, содан да шығар гүліңізді үзуге қимадым», - деді мұңайып. Алабұртып ұяттан өртеніп тұрсам да: «Тұрар, сізбен от пен суға түсуге бармын» - дедім мен жалма-жан. Апам маған жалт қарады да: «Қарағым, Тұрар. Неге тұлдыр жетіммін дейсің, сенің әкең мен шешең өкімет пен партия емес пе? Өкімет пен партия аман болса, перзенттік парызын адал атқарып жүрген өзіңдей ақылды, алғыр азаматтын басы жерге иіле қоймас. Күллі қазақ даласына билігің жүріп, талай азулы арыстандардың тісін қаға білгенде, менің кішкентай шикі өкпеме қалай әлін жетпегеніне таңым бар. Қой, үйленіңдер, бақытты болыңдар, Шаңырақтарың шаттыққа толсын, аумин!» деді шын пейілмен. Сөйтіп, менің бар ғұмырыма шұғыла шашып, жарығын түсірген махаббат, қызық мол күндер басталды, - деді Әзиза.