Мамасерікова Ш. · М



бет38/40
Дата06.02.2022
өлшемі1,6 Mb.
#48167
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   40
Тұрардың тұяқтары

  • Жеңеше, Тұрар ағаның жалғыз ұлы Ескендір туралы бірер сөз айта кетсеңіз. Одан ұрпақ бар ма?

  • Қалқам, Ескендір де әкесіне тартқан жанып тұрған от еді ғой. Сабаққа да зерек, аңғарымпаз, ақылды боп өсіп жатқан. Қас-қабақтан ішкі ойынды тани қоятын сезімталдығын әкесі де аса бағалайтын. Тұрар ұсталғанда 15-16-лар шамасында бола­тын. Жайшылықта момындау, үнсіз тұйық баланың Тұрарды жанындай жақсы көретінін кім білген. Ол әкесін «халық жауы» дегенде қандай ашуланды десеңізші. «Менің әкем жау емес! Жала! Әкемдей адал адам жоқ! Алдайсыңдар, өңшен өтірікші, су- айттар!» - деп шыңғырып жылаған құлын даусы әлі құлағымда. «Әкемді «жау» дегендерді өлтірем» деп, милиционерлерге, тергеушілерге тап-тап беріп алас ұрғаны да көз алдымда. «Қой» деп қанша айтсақ та көнбей қойды. Айқайлап, есікті тепкілеп, қарауылдарды, тергеушілерді боқтап мазасын ала берген соң жеке камераға қамап тастаған. 7-8 айға жеткізбей баланы өлтіріп тынды. «Суық камерада өкпесіне суық тиіп, ауырып өлді» дей салды. Ал, негізінде, әкесінің адалдығын, оны қамаушылар шетінен қанішерлер екенін ұрса да қоймай айқайлап айта берген сон жендеттер аясын ба, атып тастапты деген де сөз бар. Шындыққа кім жетіпті?..

Неткен қатыгездік! Қыршын жастың қиылғаныңа қабырғалары қайыспаған екен-ay? Бәлкім тірі болғанда Ескендір де әкесіндей халықтың қалаулы ұлы болмасына кім кепіл, - деймін мен шын күйіне.
Ойбай, олар нағыз тас жүрек қой! Өткір қылыштай ащы тілімен шындықты беттеріне шыңғырып басқан жасөспірім Ескендір тұрмақ, 3-4 жасар қызы Ританың көрген қорлығын естігенде жынданып кете жаздағаным бар...

  • Немене, титімтай Ританы да ұрып-соққан ба?!

- Жоқ, ұрғаннан жаман. Ританың шашы да әкесінің шашындай көмірдей кара, қайратты, қап-қалың еді. Екі жасқа дейін қайшымен жиі алып, жуып, тарап тұратынмын. Қорлықты сол шаштан көрді ғой. Жетімханаға апарған соң «халық жауының» қызына кім дұрыстап қарасын. Бәрі де үркіп қалған. Бәлкім, содан да шығар... мүлде жуылып, таралмаған шаш киіз боп бітіп, биттеп кетеді. Жас сәби қыши берген соң қаси бермей ме. Әрине, қаси берген соң бастың терісі қанайды. Жаз болса ыстық, оған шыбындар үймелеп қонады, одан құрттайды, оған қарап жатқан ешкім жоқ. «Кейбір жас қыз балалардың басы құрттап, кеулеп миына түсіп кетіпті» дегенді жақын ағайындарымыздың әйелі естіп, барып көрсе, Ританың басы да осылайша құрттап кетіпті. Әлгі әйел Ританың шашын алып, жуып, дәрілеп, қасында 3-4 күн болады. Үйіне ертіп кетейін десе қызды жібермейді. Маған осы жайлы қинала хат жазыпты. Айқайлап жылап тұрып, арызымды алып, түрме бастығына бардым. «Әкесін көрмек түгіл естімеген жас нәрестенің жазығы не? Қызымды дереу басқа жетімханаға, атап айтқанда, Ресейдің бір бұрышына ауыстыруыңызды талап етемін. Өйтпесеңдер Мәскеуге, Сталинге, Қазақстанның ЦК-сына жаза берем, жаза берем. Өзіме бүгіннен бастап аштық жариялаймын. Перзентім өлсе маған да тіршіліктің қажеті жоқ, обалымыз сендердің мойындарыңызда!» деп ашына айттым. Бір апта тамақ ішпедім. Басым айналып жүруден қалдым. Содан кейін ғана Ританы басқа жетімханаға, Тамбовқа ауыстырды. Соны естіп көңілім әжептеуір көтеріліп қалды. Ританы көруге барған туыстарымнан қызымның жағдайы оңалғаның хабарлағанда, төбем көкке жеткендей тіпті қуандым... Е-е, шырағым, жеңешең не көрмеді дейсің? Ондай қаралы күндерді досым түгіл қасыма да тілемеймін...
Әзиза жеңешем тағы да көпке дейін үнсіз отырып қалды. Бөлме тыныштығы бұзылмағанымен, оның көз алдынан Ақмола, Қарағанды түрмелеріндегі қапалы күндер тізбегі өтіп жатқаны ақиқаттын. Еңсеңді басқан ұсқынсыз аласа барақ үйлер, жарқылдай күлуді ұмытқан мұңлы жүздер, тіршіліктен күдер үзген үмітсіз жанарлар, кінәсіз күйген, касіреттен ерік-жігерлері мұқалып тозған мүскін-бейнелер... Жастық шағы Пржевальск жақтағы Қарақолда өткен, төрт жылдық білімі бар Арифа апай да Әзизадай қыз туғаны үшін-ақ 8 жылға кесіліп кете барғаны ақылға сыйымсыз болса да шындық еді. Жоғары білімді әскери дәрігер қызметіндегі қазақ жігіттің бақытты әйелі, күйеуі қайтыс болғаннан кейін 7-8 жылдан соң күйеу баласы Т. Рысқұлов үшін «халық жауының енесі» ретінде сотталыпты. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қартайған шағында әр күні азапқа толы түрме лагеріне тап болды. Табиғаты тамаша Қырғыз жеріндегі биік таулардың баурайында асыр салып, еркін өскен Арифа апай приказчик Манеевтың қызы болғанымен қарапайым, еңбеккор, ақылы терең, адамгершілігі мол, ізгі ниетті жан еді. Тал бойындағы сол асыл қасиеттерін Әзиза, Рашид, Шамил, Надия сияқты ұл-қыздарына дарытқан, адалдық пен пәктікті бүкіл ғұмырының туы еткен абзал ана 1945 жылы босануға бір-ақ жылдай қалғанда түрмеде қайтыс болған.
Шамалы үнсіздіктен кейін Әзиза жеңешемнен Арифа жайлы кеңірек айтуын өтіндім.
Мен 1939 жылдың 9 көкегінде, ал Арифа ертесіне 10 көкек күні түрмеге қамалды. Қалқам, сен де перзент сүйіп отырған анасың ғой. Дүниеде анаға теңесер ештеңе жоқ. Бұрынғылар «Анаңды Меккеге үш рет жаяу көтеріп апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деп бекер айтпаған. Шындығында жолда кездесер асқар тау, биік шың, құмды шөлейіт, түпсіз терең өзен-көлдерден азық-түліксіз анасын арқалап ешкім өткізе алмас, сондықтан да айтқан шығар. Иә, бар дәмдісін аузыңа тосып, ыстығына күйіп, суығына тоңатын мейірбан жүректің аялы алақаның аңсамайтын адам болмас. «Адамға баладан гөрі немере тәтті» деген рас екен.
Арифа анам Сәулені жанындай жақсы көруші еді. Немересін құшақтап отырып, татар, қазақ әндерінен небір бесік жырларын тамылжыта шырқайтын. Жас шағымызда Надия екеумізді көп жұмсап, сирек еркелететін салқын қанды анам Сәулені ұйықтағанда болмаса, қолынан түсірмей, әлдилеп, үстіне қыл жуытпай аялап, өбектеп отыратын. Содан да шығар, Сәуле сегіз айлығында-ақ қаз-қаз тұрып, жүріп кетті. Әжесінің исі әбден сіңген бе, Сәуле ұйықтап жатқанда да әжесін іздейтін, жоқ болса жылайтын. Тұрардың туған қарындасы Түйметай көтерсе де, тіпті, Тұрар екеуміз алдымызға алсақ та әжесіне қайта-қайта ұмтылып, жау қолына түскендей, шыр-шыр етіп қашатын. Оған сорлы анам балаша мәз болып қуанушы еді. Көзінің ағы мен қарасындай ыстық немересінен ажырау қабырғасын қайыстырып жібергені хақ. Есеңгіреп, ақылынан шатасқандай мен-зең күйде жүретін. Мен титімдай Ритамды құшып, сүйіп, емізіп отырғанымда жанары жасаурап Сәулесін сағынып отырғаның талай байқағам. Сондықтан іштей езіліп тұрсам да, Сәулемді оның көзінше қызым деуге аузым бармайтын. Бізге айына бір рет қана хат жазуға рұқсат берілетін. Мен қаншалықты қызыма хат жазғым келіп тұрғаныммен, анамды аяғандықтан, қас-қабағына қарап, Сәулеге оның хат жазуын өтінетінмін. Одесса облысындағы Дубки селосындағы жетімханадағы немересіне хат жазу әни (ана) үшін үлкен мереке еді. Ол сол күннін тез келуін сарғая күтіп, санап отыратын. «Енді осынша күн қалды» деп айдың аяқталуын асыға тосатын. Сәуле жақтан келген әр хабар, хатты құрандай қастерлейтін. «Түрмеден шыға саласыммен, ешкі сатып алып бағамын, саған оның майлы сүтін ішкіземін, Әлі-ақ қаймақ беретін болам, құлыным, Сәуле» деп жиі жазатын.
Ал мен Рашидке (ініме), оның әйелі Саидаға хат жазып, Сәулеме жиі барып тұруын, киім-кешек, тамақ апаруын, мүмкіндігі болса, қолдарына алуын, дұрыстап оқытуын үнемі қайталап өтініп, жаза беретінмін. Сөйтіп, екі жылдан соң, Сәулем жетіге шыққанда, інім мен келінім қолдарына алып, бірінші класқа апарды. Оған анам екеуміз қандай қуандық десеңізші! Бірақ біздің қуанышымыз ұзаққа созылмады. «Халық жауының» қызы, әрі фамилиясы Рысқұлова болған соң, Мәскеуде оқу Сәулеге оңай тиген жоқ. Сондай алғыр, зерек, зейінді оқуын «5» пен аяқтаған қызым бір жылдан соң қайтадан Челябинск облысы, Чесик селосындағы жетімханаға ауыстырылды. Енді өзі де әріп танып, сауаты ашылған қызымыздан жиі хат алып тұрдық.
- Жетімхана түрмеден дұрыстау шығар, мектебі, асханасы бар дегендей...
- Қайдан жақсы болсын?! «Бөгденің берген балынан, ананың жегізген қара наны артық» демеуші ме еді. Аштықтан, аурудан қаншама бала көз жұмды...
Айтпақшы Сәуле Оралда жүргенде, Рая Көребаева деген дос қызы екеуі аштықтан өсіп тұрған піспеген күнбағысты үзіп алып, жасырын шикідей сүтін сорыпты. Содан екеуінің де іші бүріп қатты ауырып, қан өтіп, Рая қайтыс болады. Ал, Сәулеге бір орыс әйелі сүт әкеліп беріп ішкізіп, әупіріммен жаны қалып жазылыпты. Әжесінің ақылымен талай рет асханаға аспаздарға барып, картоп тазалауға көмектесіп, қалған-құтқан тамақпен тойғызатынын да айтып жазатын...
Менің малдәрігерлік білімімнің пайдасы тиіп, 1942-1947 жылдары Қарағанды түрмесінде мал дәрігерлік қызметін атқардым. Тамақ, дәрі-дәрмек те табылып тұрды. Бірақ, ауру анамды ажалдан арашалау қолымнан келмеді. Жүйкесі тозған қайғылы қарт әйелге сүйікті немересінің ауырғанда жазған хаты қатты әсер етіп, морт сындырған еді. Бірде қышыма болып ауырып, үсті-басына жара қаптап, қызуы жоғарылап, тамақ ішпей жатып қал­ған соң 9-10 жасар Сәулені адам болмайтын шығар деп ойлап, кешке қарай подвалдағы қатты аурулар мен өлген балалар жатқан бөлмеге апарып тастапты. «Түнде үлкен тышқандар айналамда қап­тап жүрді, мені жеп қояды екен деп таң атқанша кірпік ілмей зәрем қалмай қорықтым. Ертесіне ба­сқа бір ауру баланы алып келген тәрбиешіге жалынып сыртқа шықтым. Қазір тәуірмін, жазылып келем» деп жазыпты қызымыз. Екі айдай хат келмей қалған еді. Мына хабар анамның төбесінен жай түскендей аңыратып жылатты: «О, Құдай, немеремді алғанша мені ал. Қартайған шағымда айналасын жалмаған жалмауыз кемпір атандырма!.. Пендем десең ұрпағымның жаманшылығын көрсетпе, солардың алдында ал» - деп талықсығаны есімде. Содан оңалмады ғой. Менің де қайғы-қасіреттен шүйкедей боп шөгіп бара жатқаным қарт жүрегін ауыртқан шығар. Ақтық демі таусылғанша, «Әзизам, Сәулем, Ритам» деп кетті ғой. Ақымақтық па, жастық па. «Рашид, Нәдияларды неге атамайсың?» деймін. «Олар бостандықта жүр ғой, тірі болса ел қатарлы күн көрер, сендерді айтсайшы... ойпырмай, бір шаңырақты түгел түрмеде шірітпек пе?! О, тәңірім, осы шикі өкпелерімнін ақырын бере гөр, келешегін ондай гөр!» деп шын егіліп тілеуші еді. Анамның тілеуі расында қабыл болды ма, қазір жағдайымыз жаман емес, бұған да шүкіршілік...
«Уһ!» деп қатты күрсінген Әзиза жеңешем: - Маған да оңай тимеді. Ол кісі мен үшін, Тұрар үшін не көрмеді, нені басынан кешірмеді, десеңізші. Аталарымыз «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп бекер тілемейді екен. Ал, сорлы анам үшін бәрі керісінше болды. Жасында бұла өскен жан бойынан күш-қуат, әл кетіп қартая бастағанда, дәмсіз, тұзсыз өлместің тамағын ішіп, тас еденді, лас сасық иісті тар абақтының сұрықсыз бөлмесінде жабырқаумен өтті. Қанша қартайса да ананың аты қашан да ана ғой, туған перзенті маған мейірім шауағын төгіп, қамқорсып отыратын. Күз бен көктемнің жаңбырлы суығында ескі-құсқы киімнің жыртындыларын Ритама жаялық ретінде жуып, шайып, кептіріп көмектесетін. Ауырып, қайғырып, мұңайып отырсам көңілімді көтеруге тырысатын. Міне, осындай дүниедегі ең қимас, ең ардақты абзал жаныңды қайтыс болғанда таза арулап жерлеп, басына ақтас, көк тас қойып перзентгік борышыңды өтеу де бақыт, ғанибет екен-ау...
Жетім баладай кішкентай төмпешіктің астында жатқан анамның қабіріне келіп гүл қойған сайын мүлде аласарып кетуші едім. Жетісін, қырқын, асын беру арқылы өлген адамның әруағын сыйлап, бір парыздан құтылғандай болатын қазақтың әдет-салты неткен керемет. Сөйтіп «қолымнан келгені - осы, разы бол» деп әруақтармен бақұлдасып, қайғысын жеңілдетпей ме... Ал, мен болсам «Анашым, ақ сүтіңді ақтау үшін не істедім? Не деген бақытсыз ем, басқа балаларындай жүрегінді жадыратып, аяғымнан тік тұра алмадым, қайта отыма бірге өртендің-ау, кешір мені, апатай!» деп іштей егілгеннен басқа қайраным болмады. Тек анашымның соңғы қоштасу сағатында: «Әзиза, мен Түбегіме бара жатырмын. Бар жаманшылық менімен кетсін. Сәуле мен Ритаңды оқыт, денсаулығыңды күт. Немерелерім түгіл шөберелерімді азамат қып, ел санатына қосуды аманат етіп тапсырам... Тұрардың жазықсыз жапа шегуі, періштедей немерелерімнің жазықсыз төгілген көз жасы, сенің қызғалдақтай жас ғұмырыңның мезгілсіз солуы бостан-босқа кетпес! Аумалы-төкпелі заман ғой, алма-кезек дүние, ақырын күт. Арты қайырлы болуға тиіс, бағың жансын, қызым. Сенің шын шаттанып, қуанатын кездерің алыс емес...» дегені ойыма түскен сайын қайраттана түсетінмін...
Он жыл отырып, 1948 жылы берілген мерзімді түгел өтеп, жақсы мінездермен туған жерге оралдым. Бірақ «қоңыраулы» әйел болғандықтан, Алматыда, қалада тұруыма жол жоқ, қала сыртындағы «Париж коммунасы» совхозына орналастым. Олардың рұқсатынсыз аяғымды қия баспаймын. Заң солай. Бұған да шүкір дедік. Өткені кішкентай екі бөлмелі үйшігімізде Сәуле, Рита үшеуміз хан сарайындай рақаттанушы едік. Кейде Сәулем бұртиып: «Сенің қызың емеспін, маған әниім ғана хат жазатын, ал сен әниімді сақтай алмадың» деп шын өкпелейтін. Оған ешнәрсе демейтінмін, не айтам, қалай түсіндірем?!
- Иә, сол Сәуле қазір жоғары білімді үлкен адам, медицина ғылымының қандидаты, - деймін мен күліп.
- Е-е, сол бірден ғалым боп шыға келді дейсіз бе? Оны аяғынан тұрғызу маған оңайға соқпады, жарты өмірім қысқарған шығар, сірә.
- Неге олай дейсіз? Ол оқу озаты емес пе еді? Озат оқығаны үшін алған грамоталарын айтып хат жазып, апаңыз екеуінізді үнемі қуантқаны қайда?
- Рас, Сәуле 1951 жылы Алматыдағы нөмірі 34- шi мектепті (қазіргі нөмірі 54-ші мектеп) қазақ тілінен басқа пәндердің бәрін «5»-ке тапсырып, үздік аяқтады. Сонау жылдары Мәскеуде, Кремльде тұрғанымызда Сәуле 3-4 жасында-ақ қазақша тап-таза сөйлейтін. «Кімнің қызысың?», «Әке-шешеңнің атын ата?», «Аталарыңның аты кім?», «Ағаларыңның атын ата?», «Қандай туыстарың бар?» деген сұрақтарға қағылез, пысық, бүлдіршін қыз сәби тілімен былдырлап, тәтті жауаптар беретін. Әниім оңашада үйрететін болу керек, 3-4 жастағы Сәуленің Тұрардың тізесіне отырып алып: «Рысқұл атам күшті», «Рашид пен Ескендір менің ағам», «Түйметай, София, Мая – менің әкпелерім», «Үлкейгенде Алматыға, Меркіге барам» деп ап-анық айтқаның естіп мәз болушы едік. Әсіресе, Тұрар қарқылдап күліп, Сәулені аспанға көтеріп бетінен шөлпілдете сүйіп: «Кішкене өсе түс, бұғанан қатайсын. Ата-бабаларынның өскен ортасын сөзсіз аралатып, таныстырам... Әзиза, балаларды елге апарып, туған жердің топырағына аунату керек екен- ау» - дейтін ойланып. Сөйткен Сәуле Ресейдің сансыз жетімханаларында ана тілі түгіл туған әке-шешесінің түр-тұлғасын ұмытып, олардың шын мәнінде кім болғаның білмей өсті ғой... Оған қалай кінә тағасыз? Оныншы класты үздік бітірсе де, «халық жауының қызы» әрі қазақ тілін білмегені үшін медаль бермеді. Сәуле, әрине, күйіп-пісті. Бірақ мен: «Мейлі, медальдың қажеті жоқ, басындағы білімді ешкім ала алмас, институтқа түссең болды» деп тоқтау салдым. ҚазМУ-дің химия факультетіне құжаттарын тапсырып, екі сабақтан «4», үш сабақтан «5» алған қызымды «халық жауының» қызы болғандықтан, оқуға тағы да қабылдамай тастады. ҚазПИ, АШИ-дағылар алғашында бағаларына қызығып қабылдағанымен, бір-екі күннен кейін жоғары жақта біреулер қарсы ма, білмейміз, шақырып алып, қайтарып жіберіп жатты. «3»-ке зорға тапсырған абитуриенттердің көбі оқуға түскенін көрген Сәуле намыстан өртеніп, кей мұғалімдерге өкпелеп, ерегісіп екі рет трамвайдың астына түсіп өлгісі де келгені бар. Албырт жасты зорға тоқтаттым. Ана жүрегі бәрін де сезеді, ана жүрегі бәріне де көнеді. Қызым үшін мен де қосыла қиналғаным рас. «Әкесі үшін баласы жауап бермейтіні қайда?» деп мен бармаған институт қалмаған шығар, сірә. Бәрі де тас кереңдей мелшиіп, міз бақпайды. «Сәуле бір нәрсеге ұрынып қалмаса екен» деп менде де зәре жоқ.
Ойым онға, санам санға бөлініп жүргенде, бір күні көшеде Ілияс Жансүгіровтың әйелі Фатима Ғабитоваға жолығып қалғаным. «Айлас қатын мұндас» демекші, екеуміз бір-бірімізге жағдайымызды айтысып, шүйіркелесе кеттік. Ілиястан екі қыз, бір ұлы бар Фатиманың Мұхтар Әуезовпен де көңілі жарасып, ұлды болғаның естігенмін. Балаларымыз бен туыстарымыздың Сталиндік қуғын-сүргіннен көрген қияметтерін ашына айтып, сыр шертістік. Фатима сұңғақ бойлы, тіп-тік, ұзын қою қара шашын қақ бөліп жарып, қос бұрым ғып арқасына бос тастап жүретін әдемі, ботакөз кербез келіншек еді. Әлі де сол қалпы өзгермеген екен. Орысша, қазақша өте білімді, өжет, айтқаның орындата білетін Фатима түрменің ұзын құрығынан қашып шығып, 4-5 баласымен Жамбыл жақта жүр» деген хабар еміс-еміс естілетін. Меркі ауылындағы Калинин атындағы орта мектепте ұстаздық етіп, балаларын ашаршылықта қалай асырағаның айтып Фатима да әбден ақтарылды. Мен де түрмеде болғанымды, оқу озаты, класс старостасы, мектепте комсомол хатшысы болып, талай рет аудандық комсомол конференцияларында делегат ретінде қатысқан Сәулемнің «халық жауының» қызы ретінде оқуға қабылданбай жатқаның қинала айтып, жылап та алдым.
Фатима да сөз кезегінде Ілиястан туған Үміттің әдебиетке бейім екендігін, журфакқа түскісі келетінін айта келіп, «Мен Ілиястан Болатты туғанымда «Жазықсыз жапа шегетін жазушы болғанша, еркін өмір сүретін етікші болсын» деген ақылын айтып, жер аударылған отбасының балалары екенін ұмытпауды еске caп, Үмітті қоймастан дәрігерлік институтқа түсірдім» деді. Қоштасарда облыстық партия комитетінің бөлім бастығы болып істейтін Фаина Вольфовна Штеингольц деген ев­рей әйелге жолығып, жағдайымызды айтуды тапсырды. Мен қуанғаннан алақайлап жібердім. Себебі Фаинамен мектепте бірге оқығанбыз, өте адал, принципшіл еді.
Ертесінде комсомол билетін, делегат болған мандат қуәліктерін, аттестатын, ҚазМУ-ге тапсырған зачеткасын көтертіп, арыз жаздырып Сәулені Штеингольцтің қабылдауына жібердім. Қорқып қалған басым, өзім барсам бүлдірермін, зияным тиер деген қауіппен тәңірге жалбарынып үйде қалдым. Қызымды Штеингольц мұқият тыңдап, құжаттарымен танысқан соң, мединституттың ректоры болуы керек, Наумец деген украйн кісіге телефон шалып, Сәулені табыстапты. Сәуле қайтадан емтихан тапсырып, екі сабақтан «4», төрт сабақтан «5» алып, мединституттың емдеу факультетіне қабылданды. Сөйтіп, қазақтар жасамаған жақсылықты еврей мен украйннен көргеніміз бар!.. Кейде Сәу­ле: «Мама, менің қазақ болғым келмейді, олар менің әке-шешемді жазықсыз соттады, бізді жетімханаға қаңғыртты, әсіресе ҚазМУ-де емтихан алушы аласа бойлы қара бұйра шашты кісінің «Тұрардың қызына «5» қоя алмаймын» деп физикадан бар сұрағына тамаша жауап берсем де «жаудың қызы» екенімді бетіме салық еткені жүрегіме беріш боп қатып қалды. «Несіне қазақпыз деп шіренесіз» дейтін қапаланып. «Неге олай дейсің? Мен қазақтың қызымын ғой, мен де жаманбын ба? Өрісі тар, көлеңкесінен қорқатын кейбіреулер үшін өз қандастарыңның бәріне топырақ шашпа. Қазақтың төл әдебиетін орыс әдебиетіндей сүйсең, ана тілінді те­рең меңгеріп үйренсең, осы айтқандарың үшін ұялар едің» десем, ол: «Не хочу и не собираюсь» дейтін безеріп. Осы сөздерден қатты шошынушы ем.
- Сәулеңіз бір кісідей қазақша біледі, түсінеді ғой, - деймін мен сөзін бөліп.
- Кейін бәрін түсінді, үйренді ғой. Институтты үздік бітірген соң аспирантурада оқыды, кандидаттығын қорғады. Маған түрмеден шыққан соң 10 жылдан кейін 1958 жылы Мир көшесінен үй берілді, бақылаудан толық құтылдым. Тұрар ағаң үшін азаппен өткен 20 жылдан кейін бәрі баяғы қалпына келді. Сорлы Арифа анам біздің бүгінгі тұрмысымызды шын сезген екен, бірақ өзі көре алмай арманда кетті ғой, - деді жеңешем.
- Тұрар ағаны 1937 жылы мамыр айында ұстап кеткеннен кейін көрмедіңіз бе?
- Мен Ританы 1937 жылы 30 маусымда босандым. Он шақты күннен соң, түн ортасында теле­фон шырылдады. Трубканы көтерсем Тұрар екен. Екі-ақ ауыз сөз сөйлестік.
- Мен Тұрармын ғой, Әзиза, не тудың?
- Қыз, - дедім мен даусым дірілдеп. - Қайдан звондап тұрсың? Жағдайың қалай?! - дегенше те­лефонды біреу кілт үзіп жіберді. Содан кейін Ари­фа апам екеуміз бір айдай телефон түбінде кезек ұйықтап жүрдік. «Қыз туғаныма ренжіді ме екен, неге қайтадан звондамады, ұл болғанда ұзақ сөйлесер ме едік?» деймін әйтеуір жан далбасамен. Әйтпесе Тұрар орыс әйелдерінен туған София, Мая есімді қыздарын да жанындай жақсы көретінін анам екеуміз талай байқағанбыз. Кейін ол қыздар да жетімханаларда Сәулемен бірге өсті, ашаршылық пен жетімдіктің тауқыметін Сәулемен бірдей тартты. Кейін аналары қайтыс болған соң, мені «мамалап» туған қыздарымдай боп кетті, жиі араласамыз, - деді Әзиза...
Қабылбек Сарымолдаев және оның отбасы
Әзиза жеңешемнін парасат тұнған мейірбан жүзіне қарап отырып тағы да сұрақтар қоя бастадым:
- Жеңеше, Қарағанды түрмесінде жалғыз отырмаған шығарсыз? Қасыңызда қазақтың небір асыл боздақтарының аяулы жарлары болды ғой. Солар жайлы айтсаңыз. Тұрар ағаның сенімді серіктерінің бірі, кластас досы Қабылбек Сармолдаевтың әйелі Майнұрды да лагерьде Сізбен сегіз жыл бірге отырған деседі, рас па?
- Е-е, қу қыз, өзіңнің жерлес жеңгелерің жай­лы көбірек білгін келген екен ғой, - деп сәл езу тартты да, әңгімесін жалғады. - Асқақ арман – мұраттары үйлескеннен бе, әлде балалық шақтын бал дәуренін бірге өткізіп, бір бұлақтың суын ішіп, бір таудың етегінде аунап-қунағаннан ба, Тұрар мен Қабылбек тонның ішкі бауындай, егіздің сыңарындай өте тату дос еді. Бір-бірін сағынып, іздейтін, қызмет бабымен бірі ойға, бірі қырға кетсе де хат жазысып, қауышқанша асығатын. Тұрардың достары көп еді. Меркі музейінде ілулі тұрған Болғарияның қоғам қайраткері Георгий Димитровпен Гаграда түскен суретінен-ақ біршама жайды аңғаруға болмай ма... Бірақ Қабылбектің орны ерекше еді. Тұрардың қас-қабағын бағып, айтқаның заң көргендіктен бе, болмаса өзіміздің ішкі жан сарайымыз үйлескендіктен бе, Майнұр екеуміз апалы-сіңілідей едік. Бейтаныс жандар солай қабылдайтын да. Оның себеп-салдары бартын. Майнұрдын шешесі Ғанижамал Әулиеата жақтағы татар қызы болса, өзің білесің, менің анам да - та­тар қызы. Әкесінен 4-5 жасында айрылған Майнұр ана тәрбиесінде өседі. Жамбылдағы педтехникумда оқып жүргенде Сарымолдаевпен танысып, үйленіпті. 1920 жылдың күзінде Қ. Сармолдаев РК (б) П Әулиеата қалалық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Содан кейін қазақ жастарын жас Кеңес өкіметін қорғауға шақырып, үгіт- насихат жұмыстарын жүргізіп жүрген кездерінің бірінде Жамбылдағы педтехникумға келіп, студенттердің кешіне қатысады. Сол кеште Майнұр «Елім-ай» әнін нәшіне келтіре шырқапты. Сыбызғыдай сиқырлы әсем дауыс туып-өскен Ойталын есіне түсірді ме, әлде аршылған жұмыртқадай аппақ әдемі, сұңғақ бойлы, талдырмаш 16 жасар нәзік бойжеткеннің өзі ұнады ма, кім білсін, Қабылбек тез арада осы бір қарақат көз аққұба қызға үйленіп, қалада той өткізеді. Сол тойдың басы-қасында Тұрардың өзі жүріпті. Бірде Тұрардың Қабылбекке: «Саған Майнұрды әперген менмін. Ағайындарың ат-ізін салмай қойғанда «өлі-тірісін» апарып, қарғыбау таққанның кім екенін ұмытпа», деп әзілдеп күлгенін естігенмін. Сөйтсе Қабылбек 18-19-ға келгенде ауру әке-шешесі, ағайындары ұнатпаса да болмай Беларықтағы Тұрысбек дегеннің Нұрқан деген қызына құда түсіп, үйлендіріпті. Үйленді деген аты ғана болмаса, Қабылбек ағайындарына өкпелеп, ауылына бармай қойыпты. Содан Қабылбек өзі Майнұрға қосылғанда ағайындары да алғашқыда араласпай қойса керек. Майнұрдың анасымен тіл табысып, ризашылығын алуға Тұрардың көп көмегі тигенге ұқсайды. Қабылбекті көтермелеп, қолпаштағысы келсе Тұрар: «Атасы Садықұл Сыпатайдың шабарманы болған. Қазақ-қырғыздың төбе биі атанған әулиедей ұлы тұлғаның қасында оңай адам жүруші ме еді. Өз әкесі Сарымолда Сыпатайдың баласы Бірімқұлмен бірге Түркістанда оқыған, текті жердің ұрпағы» деп отыратын. Шындығында, өз ортасында өресі биік Сарымолда өз кіндігінен тараған тоғыз баласының ішіндегі пысықтары Төлей, Қабылбек, Мүсірепбекті орысша оқытып бүкіл Қорағаты болысына аңыз болған. Алғашында ауылдағы Толымбек де­ген молдадан 2-3 жыл оқып, дәріс алып тіл сындырған Қабылбек Меркідегі орысша-қазақша мектепке түсті. Тұрар Рысқұлов, Мақсұт Жылысбаев, Сыдық Адабаев, Сәдуақас Сатыбалдиевтармен бірге И. Андреевтан білім алады. Сол кезде демалыс сайын Тұрарды ертіп Қабылбек Ойталдағы үйіне келетін. Шөп шабысып, мал бағысып, үй шаруасына жәрдемдеседі. Бос уақыттарында Аспара тауынан бастау ап, Қорағатыға құятын Ойтал өзеніне шомылып, балық аулайтын. Қабылбектің інісі Медербек ақсақал: «Тұрар көп сөйлемейтін, тұйықтау болатын. Бірақ ойын орнықты етіп, дәл айтатын. Әкеміз Сарымолда Тұрар туралы «Ерте есейген, естияр екен» деп таңдана мақтағаның талай естігенмін», - деуші еді. Қабылбектің анасы Мәстүрі 73 жасында қайтыс болғаның, осы бір аққұба ат жақты, ұзын бойлы, мейірбан жанның 9 құрсақ көтергені, Төлейі армияда хабар-ошарсыз кеткенін, Мүсірепбегі 1931-37 жылдары Ростов темір жол институтында оқып, темір жол инженер- механигі мамандығына ие болғаның, наурыз айында диплом алған соң Семей станциясына жұмысқа орналасқаның, 1937 жылдың мамыр айынан 22 қыркүйекке дейін инженер болып жұмыс істегенін, 1937 жылдан 1947 жылға дейін Самара, Воркута түрмелерінде қамауда отырғаның, түрмедегі қасіреттен аурушаң болып елге зорға оралған соң, үйлене де алмай қайтыс болғаның Әзиза күйзеле әңгімеледі.
- Бәрін білем, - дедім мен күрсініп.
- Мүсірепбек, - деп жалғастырды жеңешем сөзін, - әке-шешесі қайтыс болған соң 1920-25 жыл­дары Меркі интернатында, 1925-31 жылдары Өзбекстандағы Карл Либкнехт атындағы балалар коммунасында тәрбиеленгенің Тұрар айтып отыратын. Каникулдарын Қабылбектің үйінде өткізетін, түр-тұлғасы Қабылбектен айнымайтын қайнысын Майнұр да үлкен ұлындай жақсы көріп, еркелетуші еді. Майнұр түрмеде екі-ақ адамнан хат алып тұрды: бірі - Ташкент жақтағы ағасының қолында оқып жатқан 13-14 жасар қызы Зульфия, екіншісі - Қабылбектін туған інісі Мүсірепбек.
- Майнұр апайдың 16 жасар Мұхтар деген ұлы бар деуші еді. Одан хат келмеді ме?
- Жоқ, келмейтін. Ол бала екі жасынан дімкес, аурушаң еді. Үнемі ауруханадан шықпайтын. 1940 жылы 18 жасында Ойталда қайтыс болды.
- Оны кім естіртті?
- Кім айтушы еді? Бірде маған Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал мен Тәштитовтың әйелі Сағадат жүгіріп келіп, Майнұрдың тамақ ішпей жылап жатқанын айтты. Мен жас балалы әйелдер тұратын барақта едім, ал олар үлкен, ұзын барақта 50-60 әйел қатарласып жататын. Мен өзіне айтпап па едім, Ленинградтық зоотехникалық-малдәрігерлік институтын 1934 жылы бітірдім деп, сол дипломым әжетке жарап, түрмеде мал дәрігері болдым, ал, Майнұр бақшада істейтін. Екпінді жұмысшы атанған үздік бақшашының бірі.
Гүлжамал мен Сағадатка ілесіп Майнұрға жеттім. Төрт бүктеліп жылап жатыр екен, көзінің жасын сүртіп, маған Зульфияның хатын ұстатты. «Анашым, бізді ойлап қайғырып, қамығып жүрген шығарсың. Жүрегіңді ауыртпау үшін қанша жазбайын десем де, «Мұхтар жайлы хабарла» деп хат жазған сайын сұрай бергеніңізден кейін үнсіз жатуға дәтім шыдамай отыр. Маматай, берік бол! Мұхтар енді бұл жалған дүниеде жоқ... Сонау Меркіде, Ойталда бізді бір көруге зар болып көзін мәңгі жұмыпты. Анашым менің, Мұхтар ағамның сурет салуға әуестігін білуші едіңіз ғой, өлерде сіздің, әкемнің және менің суретімді айнытпай дәл салып, «Қош болыңдар, ең абзал да сүйікті адамдарым!» - деп жазып кетіпті деседі. Туған бауырымның қалған жасын тәңірім әке-шешеме - сіздерге берсе екен. Екеуіңіз есен келсеңіздер, інім де, сіңілім де боларына сенімім мол. Түнде түс көрдім: Биік таудың басында отыр екем. Әкем екеуіңіз төменде тұрдыңыздар. Папам сізді демеп, менің қасыма зорға шығарды. Енді екеуміз екі жақтап әкемді шығаруға кіріскенімізде оянып кеттім. Маматай, қарап тұрыңызшы осыдан, сіздер ақталасыздар, әлі-ақ үшеуіміз осы түсті бірге жоритын боламыз. Мама­тай, жылама, қуаншы, жұбаншы менің түсіме. Тәңірден түсімнің өңіме айналуын шын тілеймін» деп жазыпты 16 жасар періште қыз. Бұрын да салмақты, мазмұнды хаттар жазатын Зульфияның жазғандарын тебіренбей оқу мүмкін емес еді. Түсі қабыл болып, ниетіне жетсін, аумин!» - деп біз де іштей мінәжат еттік. Бірақ сол сәтте Зульфияның түсі түбінде айна қатесіз дәл келер деп кім ойлаған. Онда тек әр қайсымыз өз Зульфиямызды ойлап егілдік емес пе? Пендешілік қой, іштей, «Менің Сәулем мен Ритам қашан Зульфиядай боп өсер екен, олар да тез есейіп, маған да осындай ойлы, ақылды хаттар жазса» деп армандап тұрған менің қиялымды Майнұрдың зарлы даусы бөлді. Ішқұса болып жүрген ол: «Қарашығым, әкесінен аумай туған, аузынан түскен, құлыным! Жұрт қамын бірінші кезекке қоятын әкеңе ұқсап өз жағдайыңды емес, бізді ойлап, қамығып жүр екенсің-ау, қызым. Шешем мені сенің жасында оқытып, үлде мен бүлдеге орап, қазақтың таңдаулы арысына қосып еді... Құдай-ау, екі жасынан аурудың азабын тартқан Мұхтарыма да жарық сәулеңді көп көрдің бе?! Баяғыда Қабылбек жыл сайын қурорт, санаторилерге жіберіп, қысы-жазы қымызбен емдетуші еді, соны аңсап, Қабылбектің бауырлары Жақып пен Медербек ағаларым кеудемнен итермес, деп Ойталға бардың ба? Мүмкін ата-бабаларың жатқан киелі топырақты иіскеп, қастарына жатқың келді ме?!» - деп шыңғыра жылап, әбден ақтарылды. Менің ойыма Тұрар ағаңның Меркі жайлы айтқан әңгімелері түсті. Аспара бойында Әлімбай деген айтулы би болған екен. Оның ұлы Тұрысбек те аузы дуалы би атанып, дүрілдеп тұрған 27 жасында әкелі-балалы екеуі бір жылда дүние салыпты. Сонда меркілік Қоңырбай деген ақын:
« Тұяқ түгіл жұрнақ жоқ,
Бесік түгіл құндақ жоқ.
Су сепкендей өшірді
Жанып тұрған шырақты.
Көзін бітеп тоқтатты,
Ағып тұрған бұлақты»
деп жоқтау шығарыпты дейтін. Еркек кіндікті тұяқ көріп, шаңырақ иесі санайтын Тұрар мен Қабылбекке Ескендір мен Мұхтардың орны ерекше екенін Майнұр екеуміз айқын сезуші едік. Амал қанша... Алла ісіне шара бар ма? - деп ауыр күрсінді Әзиза.
- Қабылбек атамыз ақын-жазушыларды аса құрмет тұтқан-ау шамасы! Ұлының аты - Мұхтар, қызының аты — Зульфия...
- Қалқам, сөзіңнің жаны бар. Атақты ақынымыз Сәкен Сейфуллин Қолчактың қанды қолынан қашып Әулиеатаға келгенде өзін 22 жасар Қабылбек құшақ жая қарсы алып, қолына мандат, қаржы, құрал-жарақ, қос қоржынбас кітап беріп, екі милиционермен Ақмолаға жеткізіп салғаның «Тар жол тайғақ кешуде» сүйсіне жазбады ма? Қабылбек Сәкенмен бірге өткізген сол шуақты күндерін отырыстарда үнемі мақтанышпен әңгімелеуші болды.
Кейде Тұрар Майнұрға «Сәкеннің заты әйел болмағаныңа құдайға шүкір де, әйтпесе Қабылбектен айырылып қалар ең», - деп бізді күлдіретін. Расында, әдебиетті ардақ тұтқан Қабылбек ұлына қазақтың маңдай алды жазушысы Мұхтардың қызына өзбектің тамаша ақын қызы Зульфияның (қызы 1923 жылы Ташкентте туылған) атын қойса, талантты танығыш көрегендігі, көсемдігі шығар. Әйтпесе ол кезде олардың жұлдыздары бүгінгідей жарқырап тұрған жоқ-тын. Зульфияның сезімтал, парасатты, ақылды болып өсуі де Қабылбек ағаның ақ тілегі кабыл болуынан ба деймін. Өйткені ақын-жазушылар тегін жандар емес, әулие, періштесі бар адамдар ғой.
Менің ойыма Қабылбектің Торғайда жүргенде халық батыры Аманкелді Имановтың көтерілісін зерттеп, ауыл-қыстақтарды аралап, ел аузынан жинаған материалдары бойынша жазған «Қазақ кедейлерінің қолбасшысы», «Аманкелді Иманов» атты екі мақаласы «Казахстанская правда» газетінде 1936 жылғы 8 сәуір, 17 маусымда жарияланғаны түсті. Аманкелдінің ерлігін жас ұрпаққа алғаш рет паш етіп, үлгі тұтуда Сарымолдаевтың көлемді-көлемді қос мақаласының қаншалықты құнды болғаның уақыт дәлелдемеді ме?
Сонымен, бәріміз жабылып жатып Майнұрды зорға тоқтаттық, - деді Әзиза үзілген әңгімесін жалғап. - Майнұр алғашқыда ашумен ұлын сақтай алмаған Меркідегі қайын жұртын, әсіресе, Медербектің әйелі Әлима абысының жерден ап, жерге салғанымен, жеме-жемге келгенде: «Бәрі тағдырдың жазуы да, шыр етіп дүниеге келгенде, бәлкім, Мұхтарымның маңдайына осыны жазған шығар. Егер сау болса Әлиманың жуындысын ішсе де өлмес еді. Ауру жаның азаптай бергенше түбі бір алмай тынбайтын ажалдың ертерек келгені де дұрыс шығар... Тек ақтық демін бітерде аузыңа су тамыза алмадым-ау, құлыным! Әке-шешеңді атап, шақырып жатып көз жұмдың ба екен, шырағым? О, жаратқан ием, ұлымды алсаң да, қызымды қалдыр! Қатарынан қалдырма, ата-анасының орның басар азамат ет...» -деп өзіне-өзі тоқтау айтып, тәубеге кеп шүкіршілік еткені есімде.
Жайшылықта томаға тұйық жүретін Майнұр ән салғанда құлпырып, жайнап кететін. Оның бұлақтай сыңғырлаған кіршіксіз таза, мұңлы-зарлы үнінен әркім өз керегін алатын. Мысалы, мен қос перзентімді еске алып егілсем, біреулері туған жерін, ата-аналарын, бауырларын, екіншілері түрмеде көрген жәбірлерін ойларына ап жылайтын. Іштегі қайғы, мұң-зарын сыртқа шығарып тазару үшін де кейде жылаған пайдалы сияқты. Әрине, Майнұр үнемі ән сала бермейтін, анда-санда бас қосқанда, туған күндерімізді оңаша тойлағанда, ауыл жақтан сирек те болса жылы хабар келгенде, жұмысымызда мақтау естігенде ғана. Бірақ мұндай мерекелі шуақты күндер саусақпен санарлықтай мүлде аз болатын. Ол күнге мейлінше дайындалушы едік: мен қой, ешкі, торайлардың кейбіреулерін өтірік өлді деп ақ тілеп, ауру әйелдерге, жақын дос құрбыларыма ет тауып беремін, ал Майнұр бақшадан көрсетпей картоп, сәбіз, көк-сөк әкеледі. Бейімбеттің әйелі қой бағушы еді, өріске барғанда даладан тамызық, қурай теріп, ет пен картопты отқа қақтап, пісіріп әкелетін. Сөйтіп «Бір аштықтың бір тоқтығы болады» демекші, бәріміз тең бөлісіп рақаттанатынбыз. Қарауылдарымызға да береміз. Ол байғұстар да қайбір жетісіп жүр дейсің, жемей үйлеріне әкететін де, өздері біздің тамағымызға ортақтасатын. Иә, аштық кімге не істетпеді дейсің...
Мен Майнұрды сүйемелдеп өз бөлмеме әкелдім. Азын-аулақ дастархан жасап, басымызға жаулық салып, Мұхтардың рухына бағыштап білетін дұға-құранымызды ішімізден оқып, бетімізді сипадық. Түні бойы көз ілмей Майнұрды қарап шықтым. Жары үшін жапа шеккен сорлы келіншекке ұлының қазасы ауыр тигені рас. Таң атқанша 3-4 рет бастырылып, шыңғырып жылап оянды. «Мұхтарым, жарығым, қымыз іше ғой» дей ме, «Қабылбек Мұхтарды машинамен дәрігерге апарсаңшы, қиналып отыр ғой» дей ме, ақыл-естен айрылғандай сандырақтап шықты. Жұрт көзінше, өзіне-өзі тоқтау caп байсалдылық танытқанымен, нәзік жанды Майнұрды тағдырдың аямай-ақ майыстырғаны сөзсіз-тін. Таңертең ыстығы көтеріліп тұрса да жұмысқа кетті. Мен қарсы болмадым. Күн ұзаққа қызын, ұлын ойлап қамыққанша бір мезет жұмысына алданып, таза ауада сергісін дедім.
Жеңеше, Майнұр екеуіңіздің түрмеде оңаша сырласқан әңгімелеріңізге кеңірек тоқтала кетсеңіз....
Қарағым, түрменің де өз заңдылығы бар. Таңертеңнен кешке дейін жылай бердік десем, әрине, өтірік болар еді. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген сөз бар ғой, қиыншылықтарды жеңуге, өмір үшін жанталасып күресуге тура келді. Ол үшін бізге ынтымақтасу, бірігу, бір-бірімізге жәрдемдесу ауадай қажет болды. Сондай-ақ өзімізге тапсырған міндетті мінсіз атқарсақ, жау емес адал екенімізді іспен дәлелдесек, бізде кімнің қандай ақысы бар деп ойладық. Осынау ізгі мақсат ауыр еңбегімізді жеңілдеткендей еді. Жоспарын жыл сайын артығымен орындағаны үшін 1944 жылы 11 қазанда Майнұрға 500 сом ақшалай сыйлық беріп, түрменің сыртында бостандықта тұруына рұқсат етілді. Бірақ соғыс бітпей ауылына қайтуға болмайды, әрі күндіз келіп, бақшадағы жұмысын аткаруы тиіс. Бұл да күндіз-түні төгілген адал маңдай терінің арқасында қол жеткен жеңіс болатын. Оған түрмедегі барша әйелдер қауымы қуанып, болашаққа үміт шамын жаққан осынау оқиғаны өзімізше тойлап, бір жасап қалған едік. Сыйлыққа алған 500 сом ақшасын қызына салған еді, кейін Зульфияның жауап хатын көрсетті.
«Маматай, айналайын анашым! - деп бастапты хатын Зульфия, - сіздің әр хатыңызды қалай тосатынымды білсеңіз ғой. Сәл кешіксе әкеме ұқсап - хабар-ошарсыз кетер ме екен деп әбден қорқамын. Сондай қорқақ, үркек, үрейленгіш боп барам. Жатсам-тұрсам ойымда жүресіз. Ауырып қалмаса екен, басқа жаққа ауыстырмаса екен, ашығып жүр ме, суық барақта от жағылмай суықтап қалмады ма... Қойшы, әйтеуір, барлық жаманшылық ойыма оралып, инедей қадалып, шаншудай тиетін. Сіз қан­шама «бәрі жақсы» деп жазсаңыз да, мені алдап жақсы оқысын, алаңдамасын дегені шығар деуші ем... Кешір, мама, мен бейбақты...
Сізге сыйлыққа ақша тағайындап, зонаның сыртында еркін тұруға рұқсат бергені мені шын қуантып, мазасыз ойлардан арылтып, жұқарған жүйкемді жадыратып, шат-шадымнан етті. Құдай осы қуанышымызды көп көрмесе екен! Ақшаңызға пальто алып кидім, есіңізде ме, соңғы рет жолығуға барғанда менің тонымды сипап тұрып Қабылбек папамның «Зульфиямның тоны тозыңқырап қалыпты-ау. Енді кім тон әперер екен?» - деп мұңайғаны. Сол тонды алты жыл кидім, әлі күнге киюге жарайды. Сақтап, күтіп киіп жүрмін, тек қысқалау. Енді міне сіздің ақшаңызға пальто сатып алдым, сондай жарасымды. Көп рақмет, ма­мочка! Сіз армандағандай бухгалтерлік техникумда оқып жатырмын. Құдай қаласа, аман-есен шықсаңыз, мама, тек ақша санап отыратын боласыз (әзіл). Шын айтам. Сізге өмір бойы жұмыс істетпеймін, қолыңызды жылы суға малып коямын».
Бір жыл бұрын Зульфия мектепті үздік бітіргенде анасына ақын не жазушы болғысы келетінін айтып хат жазған болатын. Оған Майнұр келіспей: «Зульфия, үйге жиі келетін Ілияс Жансүгіровтың «Абайдан кейінгі ұлы ақын - Мағжан» деп отыратыны есіңде ме! Сөйткен Ілияс қайда. Мағжан қайда, әкең қайда? Әлде менің жүрегім жарылып, түрмеде өлсін дейсің бе? Сен қазақтың қызы болсаң да менін шыққан тегім татар екенін әрі Әулие- ата мен өзін тұрып жатқан Ташкенттегі өзбек ағайындармен араласып өскеніңді ұмытпа. Бухгалтер ме, кассир ме, қайдам, ақша санап отырсаң аш болмайсың, егер айтқанымды тыңдамасаң, хат жазбай- ақ қой» деп жауап қайтарған. Сол есіме түсті. «Қабылбекпен соңғы жолыққанда не сөйлестіңдер?» дегем сонда Майнұрға.
Сұранып жүріп рұқсатты әзер алдым. Қыстың аязды күні Алматыдағы НКВД-ға таңғы 8-де барып, 12-де зорға кірдім. Қабылбек азып кетіпті, шалбары жыртылыпты, оны ақ жіппен тігіпті. Қасына бір орыс, бір қазақ жігіт еріп кеп отырды.
Көп күттіңдер ме? Бізді дайындады, сақал-мұртымызды алды, - дей беруі мұң екен, ана екеуі ұшып тұрып:
Енді сөйлесең, алып кетеміз, үндеме, - деп ашу шақырды. Біз шыр-пыр болып Қабылбекті құшақтай алып: «Ойбай, сөйлемей-ақ қой, үндеме. Тек жүзіңді көріп, қарап отырсақта жетеді», - деп жылап жібердік. Сол кезде ол Зульфияны бауырына басып, тоның сипалап тұрып, жоғарыдағы сөзді айтқан болатын. Сол екі арада мен Қабылбектің Зульфияның қолбағын алып қараған боп тұрып, бір кішкентай қағазды білдіртпей саусағына кіргізгенін байқап қалдым. Бүкіл денем дірілдеп қорқып кеттім. Қабылбек үнсіз қолымды қысып, жанарымен аймалап, «Батыл бол» дегенді үнсіз ұқтырды. Бар болғаны осы. Шіркін-ай, құшақтасып, сүйісіп, мауқын басып, ішкі сырын ақтарып араздасқан адамдарда арман бар ма екен? - деп мұңайып отырды да: «Үйге келген соң, есік-терезені жауып, қолғап саусағындағы бүктеліп, домалақтанған кішкентай кағазын ашып қарағанда, ұсақтап жазған Қабылбектің қолын таныдық: «Менің еш кінәм жоқ, түбі ақталам. Бармақовтың семьясына айтыңдар, оған тамақ әкеп берсін», - деп жазыпты. Содан кейін кездескен жоқпыз, ешқандай хабар да алмадым, дерексіз кетті», - деп еді Майнұр маған, - деді Әзиза.

  • Жеңеше, Тұрар, Қабылбек, Мақсұттар ірі әскери күрескер, қоғам және мемлекет қайраткерлері екені шындық, дегенмен ардақты ағаларымыздың біздің рухани байлығымыз өнерге деген көзқарастары жайлы айта отырсаңыз...

  • Қарағым, Тұрардың Пішкек техникумында оқып жүргенде мондалин тартып түскен суреті Меркі мұражайында ілулі тұрғаны рас. Аздап пианино, мондалин, домбыра да тартатын. Әйтсе де елі үшін етігімен су кешіп өткен осы жайсаң жігіттердің ішінде өнер десе ішкен асын жерге қоятын жалғыз Қабылбек десем қателеспеймін. Қайран, Қабылбек қайным! Әдемі әнді сызылтып салғаны үшін Майнұрға да ғашық болды емес пе?! Өзінің үзеңгілес жолдастары Ілиястың, Мағжанның, Мұхтардың, әсіресе Сәкеннің жазған жаңа шығармаларын үнемі бірінші оқып, көпшілікке сүйсіне насихаттап отырушы еді, тіпті ел ішінде көзі қарақты, көңілі ояу ауыл ардагерлерінің де айтқан аңыз- әңгімелеріне, өлең-жырларына құлақ түріп, жадында ұстайтын. Құлын-тайдай бірге өскен сенімді серіктерінің бірі Әсімов Ысқақтың туған ағасы Қарабаланың шығарған көптеген өлеңдерін жатқа айтқаның естіген ем. Қарабала ағамыз інісі Ысқақ үйленгенде:

Шудың асау өзені Кербұлағы,
Жер жаннаты Жайсаң ғой - ер тұрағы.
Құсан төре аулының қос сұлуын,
Ысқақ пенен Айнақұл жар қылады.
Ғашық жардың құшагы пейішке тең,
Жоқтан құрап жақсы әйел бар қылады,
деп жырласа, Аспара аймағының атақты ақыны Алдаберген молда:
Қызыл төре атанған Есен батыр,
Қызын алып, той жасап Көшек жатыр.
Фатиманың аяғы құт болсын деп,
Жолбарыстың терісін төсеп жатыр,
Абылайдай айбарлы ұл тусын деген,
Ата салтын ұстанған есеп жатыр,
депті. Өлеңде кие бар деген осы шығар, себебі жанағы шумақтарда заман тынысы, дәуір келбеті кестеленіп отыр емес пе? Шіркін, тек «Меркі өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ даласындағы дана қариялардың шежірелерін жинаса ауыз әдебиетіне ғана емес, тарихқа да үлес қосып, қомақты із қалдырар еді, - дейтін», - деген Әзиза жеңешемнің ойлы жүзі әлі көз алдымда.
Мақсұт, Ысқақ, Қарабала жайлы
- Жеңеше, Тұрар ағаның Меркілік Мақсұт Жылысбаев, Ысқақ Әсілов, Сыдық Адабаев секілді сенімді серіктері, достары болды емес пе? Солардың әйелдері жайлы да айтыңызшы?! Әлде Майнұр жеңгеміз татардың қызы болған соң шынымен іш тартасыз ба?! - деймін мен әзілге жығып.
- Қу қыз, қой, олай деме, - деді жеңешем әңгімесін жалғап.
- С. Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуінде» азаматтық бейнесі жоғары бағаланып суреттелгендей Мақсұт Жылысбаев негізінде өте алғыр, пысық, іскер жігіт еді. Меркіде құрылған «Қырғыз (қазақ) жастарының революциялық одағының» мүшесінен Түркістан Совет республикасының басшыларының біріне дейін өскен бұл аяулы азаматтың да Тұрарға деген ыстық ықыласы, ақ ниет адал достығында шек жоқ-етін. Қалқам, қазақта «асылдың сынығы» деген сөз бар, сол осы Мақсұтка арналғандай. Себебі Жылыспайдың арғы атасы Өмірбек атақты Сыпатай батырдың әкесі Әлібектің туған інісі болса, анасы Нұржан құдайғұл руындағы белгілі Тұрлыбай батыр әулетінен.
Сыпатай батыр қайтыс болғанда сол Өмірбек (Әлібектің інісі) мынандай жоқтау шығарыпты:
Жанжал даудың түйінін,
Қазы боп әділ шешсе де.
Адамнан пәре аямаған,
Өлімнің құның кессе де.
Қара қылды қақ жарған
Төле би мен Майқыдай,
Сыпатай бауырым өттің-ау,
Тура жолдан тайқымай,
деп, Тұрар талай рет айтқан. Тектінің тұяғы тегіне тартпасын ба, ел-жұрты әулие санаған Сыпатай батырдың Бердіқожа деген ұрпағы жайлы халық ақыны Алдаберген:
Бүкіл Ботпай руын Бердіқожа билеп тұр,
Қарсыласқан дұшпаның қамыр етіп илеп тұр.
Қасиетін көрдің бе, қара шалдың әруағы,
Шылаудан алып сүйреп тұр, -
деп жырлағанындай Мақсұт та алты ағайынды (Оспан, Ыспан, Омар, Мақсұт, Айдаралы, Сандықбай) әрі қолының кірі бар Өмірбек әулетінің алты алашқа аты танылған зиялы, білімді азаматы еді. Меркідегі орыс-түземдік мектепті бітірген соң Пішпектегі ауылшаруашылық техникумында да бірге оқыпты. Әйелінің аты - Әлпия, меркілік шақшамның қызы. Әлпияны 16 жасында Сыдық, Тұрар, Қабылбектер Мақсұтқа алып қашыпты. Бірақ қыздың атастырған жігіті сезіп қойып, жолдастарымен артынан қуса керек. Мақсұттың ауылы Сұратта, тау бөктерінде екен. Қыз алып қашқан жігіттердің аттары нашарлау болған ба, қуғыншылар Мақсұтты жолдастарымен тез-ақ ұстап апты. Тек Әлпия ғана ары қарай қаша беріпті. Көктемнің таңға жуық мезгілі. Сұрат ауылына таяп қалған Әлпияға күйеуі жетіп енді ұстай бергенде, жігіттің аты сүрініп, омақаса құлапты. Оның қолынан жұлқып босанған қыз ауыл ішіндегі таныс бір кісінің үйіне кіріп, төсекте ұйықтап жатқан кемпірдің қойныңа тығылып жасырыныпты. Дір-дір етіп қорқып кеткен жас қыз қарт ананың қасында бой тасалапты. Күйеу жігіт болашақ қалындығын қанша қарап іздесе де таппапты. Жылысбай атамыз: «Біреудің жесірінің керегі жоқ, өзіңнің де құда түскен қалындығың бар», - деп қинаса да Мақсұт көнбепті. Мұны көрген ағайын-туыстары: «Азар болса екі қыздың қалың малын берерсің, алдыңа келгеннен айрылма, бұйрық шығар, балалардың меселін қайтарма, - депті. Келін ененің топырағынан» демей ме, Әлпия да енесі Нұржанға ұқсап кілең ұл перзент туатын. Жақанша, Шералы, Абылай, Айдархан, Беласар деген бес баласы бар еді, тіл көз болды ма, бүгін де солардан бірде-бір тұқым қалмапты. Жалған дүние-ай, кімге опа берер екенсің?! - деді жеңешем шын езіліп.
Жақанша мен Беласар ауырып, жастай шетінесе, Шералы Мәскеуде оқып жүргенде ұсталып, хабарсыз кетіпті. Абылай әскерден жаралы болып оралып, елде қайтыс болса, Айдарханы 1968 жылы «Жданов» қолхоз бастығының орынбасары боп істеп жүріп сырқаттан көз жұмыпты, үйленгенімен баласы болмапты, - дедім мен.
- Иә, естігем, - деді Әзиза, - Шералысы біздің үйден ұсталды ғой. Ескендірден 3-4 жас үлкендеу, ағасы іспеттес болатын. Қандай сымбатты еді?! Батыр денелі, кен жауырынды, ұзын бойлы, қыр мұрынды, үлкен қара көздері от шашып, ақ құба сопақтау жүзіне жарасып тұратын. Көп сөйлемейтін, мінезі салмақты жігіт еді. Домбыраны шебер тартатын, қазақтын небір күйлерін, халық әндерін нәшіне келтіре тартқанда, қу ағашқа жан біткендей, сиқырлап тастайтын. Шералының әке-шешесі де сымбатты, сұлу жандар емес пе! Қалың қара қасты, бота көзді, сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, ат жақты Әлпия: «Менің абысындарым атымды атамай «ұзын жеңеше» дейді», - деп отыратын. Ал Мақсұтта қапсағай, ірі денелі, қара көз, сұсты қабақ, әр сөзін баптап, маңғаз сөйлейтін жігіттің жампозы-тын.
Мәскеудегі Жоғарғы Заң факультетіне оқуға түскен Шералыны біздің үйге жатсын, Ескендірмен бірге жүрсін деген Тұрардың ұсынысына Мақсұт пен Әлпия жүректері жарыла қуанған. - «Ұлын өссе - ұлы жақсымен, қызың өссе - қызы жақсымен көрші бол» деген, біз де жастай бір-бірімізді тәрбиелеп, біріміз - қанат, біреуіміз - құйрық дегендей, кем-кетігімізді толықтырып тұрушы едік, енді балаларымыз да бірін-бірі жетелесін, Мақсұт, дегені есімде Тұрардың. Ол бір бақытты кезең еді-ау, шіркін?! Бірде үйге конаққа келген Әлпия мен Күлпетай (Ы. Әсімовтың әйелі, ол кезде Ысқақ ағаң ВКП (б) Орталық Комитетінің жанындағы екі жылдық курста оқитын) маған:
- Әзиза, сен қандай бақыттысың?! Білімдісің, әрі әдемісің. Киген киімің, қиылған қысқа шашың қандай жарасады! Біздің де шашымызды кесіп, сәндеп берші, ауылға мақтанып барайық, жұрт қызықсын, - дегені. Ойымда түк жоқ жарайды деп, құрбыларымның шашын қырқып, сәндеп берген ем, осы қылығым үшін ағаң қатты ұрысқан, - деді жеңешем.
- Ойпырмай, аға, сізге ұрысты ма? - дедім мен сенбей.
Тұрардың Меркіде пір санап, аға тұтқан екі адамы болғанын білетінмін. Бірі 1916 жылғы Меркідегі ұлт-азаттық көтерілістің көсемі болған Аққөз Қосанов болса, екіншісі сол көтерілістің белді сарбазы Қарабала Әсімов (Ысқақтың ағасы) еді. Аққөз батыр сол көтерілістің құрбаны болса, Қарабала Әсімов 97 жасқа дейін Дәмелі келінінің қолында құмыраға қымыз ашытып, қазақ үйде түйе мен жылқы ұстап ғұмыр кешіпті. Жас шағында ағайынды Қарабала мен Ысқақ төкпе ақын, қызыл тілдің ділмәрі атаныпты. Күлпетай 18 жасында Ысқақпен тойда танысыпты. Күлпетайдын әкесі - Қоңыр, шешесі - Токаш Шуда тұратын ең дәулетті төрелер екен. Қоңырдың туған інісі Ахмет болыс, би болған адам болатын. Соның баласының сүндет тойына Ысқақ келіпті.
Күн асты, жердің үсті әлем деңіз,
Кулпетай бойжеткенге сәлем деңіз.
Бұл ЬІсқақ қандай жігіт деп сұраса,
Аққұба бидай өңді адам деңіз, -
деп домбыраны безілдетіп отыр екен, ұнап қалды, қашып кеттім, - дейтін Күлпетай. Қайнағасы Қара­бала Меркідегі Құлманбет байдың қызымен айтысқанда жеңіп шығып, бәйгесіне бір жылқы алған көрінеді. Ысқақтын Қарабалаға арнаған:
Демес жұрт Қарекеңді бұрыс қылды,
Бүлінген көп жұмысты дұрыс қылды.
Кегімді ақ патшадан аламын деп,
1916 жылы ұрыс қылды, -
деген өлеңі де бар.
Қазақтыңәдет-ғұрпын қатаң сақтайтын, әсіресе әйел затына қаталдау қарайтын төре тұқымы емес пе, Күлпетай ауылға ұзын шашы кесіліп, қысқа жең көйлекпен барғанда, қайнағасы Қарабала:
Алланың бұйырғаның нәсіп қылар,
Адамда ата-салттың сесі тұрар.
Келінім, төрелерге жақпаушы еді,
Шашыңды бекер кестің, кесірі ұрар, -
деп ренжігенін естіп, Тұрардың маған «оқымаған қазақ әйелдің шашын күземей-ақ, ақылын түзесең қайтеді», - деп, катты ашуланып ұрысқаны бар.
Сөйткен Күлпетай 1937 жылы үш баласымен (Ремжан 9 аста, Рақымжан 6 жаста, Сабыржан 3 жаста) Ысқақ ағаң Онтүстік Қазақстан облысындағы Қаратас ауданыңың атқару комитетінің председателі қызметін атқарып тұрған шағында «жаудың жары» атанып, аңырап қалмады ма?! – деді жеңешем.
- Иә, жеңеше, арықша келген, караторы, бойшаң Күлпетай жеңгеміз хат танымайтын кісі екен.
«Күйеуіңді босатамыз, мына жерге бармағыңды бас десе, баса берген көрінеді. Оның барлығы қулық, залымдық екенін аңғармапты. Шымкентте күйеуімен беттестіріп жолықтырғанда Ысқақ: «Сені кінәлай алмаймын, білімің жоқ, оқытуым керек еді... Неге қол қойғаныңды бәрібір түсініп, сезіп отырған жоқсың. Ең болмаса балаларыңды оқыт, өзің жұмыс істе», - депті. Кейін үлкен ұлы Ремжанды да қамаған көрінеді», - дедім мен өз естігенімді ортаға caп.
Бәрінен де Әлпияға қиын бопты, - деді жеңешем. - Бірнеше жыл Әулиеата уездік контрреволюцияға қарсы төтенше комиссияның (ЧК) председателі қызметін атқарған, соңғы жылдары Қазақ республикасының жас өнеркәсібінің қалыптасуына елеулі үлес косып, Қарабалта, Меркіде қант зауытының ашылуына жетекшілік етіп жүрген Мақсұт Алматыда тұрушы еді. Қабылбекті ұстаған күні Мақсұтты да қамапты. Әлпия барып жолыққанда «Бала-шағаңды бақ, құдайдың басқа салғаның көресің, Сандықбай қайныңа ұқсап жан сақта», - депті. Мақсұттың Сандықбай деген туған інісі атақты Бектен болыстың Нысанбай атты бауырының Күлдәріш деген қызын ап, байдың күйеу баласы атанып, бүкіл өмірін қашқында, босқында өткізген жан. Сандықбай мен Күлдәріш кезінде Тұрар, Қабылбек, Сыдықтарға талай рет Сусамыр, Сұратта, Мықынды да қозы қуырдақ пісіріп, қой сойып, қол қусырып күткен Мақсұттың жан бауыры болғанымен, Голощекин заманындағы «аша тұяқ қалмасын» науқаныңда бар малы конфискеленді. Өздері «дұшпан» саналған сон, Сабыр, На­риман атты екі ұлы мен Надежда атты бір қызын жетелеп, жел айдаған қанбақтай соғыс басталғанша еш жерде тұрақтай алмай Орал, Талдықорған, Лепсі, Балқаш, Шу, Соқылық, Карабалта т.б. мекендерде 1-2 жылдан еңбек етіп, мал баққан, шөп шапқан, күзетте тұрған, егіс суарған, әйтеуір кілең қара жұмыстар істеген, сөйтіп балаларын қатарға қосқан. «Қазақ даласы кең ғой, шет елге ауғанша осылай істе», - деген көрінеді Мақсұт та. Көрші тұратын Сарымолдаев пен Құлымбетовтың әйелдерінің ұсталғанын көрген Әлпия тездеп екі баласын сүйретіп Қырғыз жеріне өтіп кетеді. Бейтаныс елге сіңе алмаған Әлпия көп қиындықтар көріп, ақыры Мойынқұмдағы алыс ағайындарын жағалап сонда тұрған. Өзі мектептің еденін сыпырып, отын жағып, балаларын оқытқан. Олардын ақыры не болғаның өзін білесін, - деді Әзиза.
Менің жүрегім сәл шаншып ауырып кетті. Бұл дүниенің азаптарын арқалап, тозақтарын көп көрген, жазықсыз жапа шегіп, перзенттері үшін бастарын тауға да, тасқа да ұрған осынау ұлағатты мейірбан жандардың тағдырдың тезіне, тәлкегіне ұшыраған шытырманды заңғар тұлғаларын жазу қолымнан келе ме, жоқ па, білмеймін, дегенмен келер ұрпақ Әзиза, Әрифа, Майнұр, Әлпия, Күлпетай сынды әйелдердің қиялдан тумағаның тарих төрінде жұлдыздарын мәңгі жандырып кеткен аяулы абзал аналар екенін білуге тиіс деймін іштей.
Алтын сақина сыры
- Жеңеше, жаңа бір сөзіңізде Тұрар ағаның Қарабала Әсімов пен Аққөз Қосановты пір тұтқаны жайлы айттыңыз. Меркі елі Аққөз батырды «Қарадан шыққан ханға» балап төбесіне көтергенін екінің бірі біледі. Шерағаның «Қызыл жебесінде» де тамаша суреттелмей ме? Өз ұлтының қамын жеп, намысын жыртып, қол бастап, көсемдік танытқан Аққөз батыр әлі де тереңірек зерттеуді күтіп тұрған кесек тұлға екені рас. Ал, Қарабала ата жайлы мүдде аз білуші едім, мүмкін болса, кеңірек тоқталсаңыз.
- Шырағым, мен саяси қайраткер емеспін, әйел ғанамын. Әрі Тұрар: «Сыр сақтағанға бәле жоқ, сақтамағанға дауа жоқ» деуші еді. Содан да отбасында, қонақта, көпшілік жиналған ортада ағаң онша ақтарылмайтын, қайта жұртты зейін caп тыңдауды ұнататын. Кезек күтпейтін, аузыңды ашсаң алдыңа түсіп беретін көк езулерді жақтырмайтын. Тек етене жақын, сырлас достарымен ғана кабинетінде оңаша отырып, ұзақ кеңесетін, көлденең көзді араластырмайтын. Бірде ас үйде ыдыс-аяқтарды жуып тұрып, ашық қалған есіктен ашына сөйлеген Қабылбектің даусын анық естідім.
Меркінің астаң-кестеңі шықты. Көлбай, Қайсарбай, Қарабай, Бектен, Нұрманбет сияқты байлардың бар мал-мүлкін тартып ап, өкіметке өткізгенімізбен, көсегеміз көгеріп, қара халық ашаршылықтан құтылған жоқ. «Бала көрмеген уалап, мал көрмеген қуалап өлтіреді», демекші, бірін екі етудің орныңа, дүние қадіріне жетпейтін кейбір жетесіздер тұлпарды жабығып, қойды қотыр ғып өлтіріп, не өзінде, не өзгеге жоқ, жер сыпырып отыр.
Есіңде ме, біздің ауылда тұратын ауқатты Әбиір ақсақалдың көз жауын алар үйір-үйір шұбар ала бәйге аттары? Қайда сол сәйгүліктер?! Қорағаты, Шу бойы тола түйе еді, ай сайын 30-50-ден жинап етке өткізеді екен. Сұмдық қой! Түйе деген төлдің құты, дәулеттің ырысы, малдың киесі емес пе?! Бүкіл Аспара өңірінде біз білетін 5-6 ғана атақты бай бар-тұғын, енді 1930 жылдың қыркүйегінен 1931 жылдың сәуіріне дейін Меркіден 604 байды соттап, 344-ін жер аударып, дүние-мүлкін кәмпескіледік деген ақпар алдық. Одан бері қанша қаймағымыз, майлы сорпамыз төгілді екен? Бүйте берсе сылдыр суымыз да қалмас. Мақсұт та ең ақыры туған інісі Сандықбайға қол ұшын бере алмай, ағайынға қара бет болып отыр, - дегенде Тұрардың:
Тоқтат! - деген салқын даусын естідім. - «Бір адым ілгері жылжу үшін екі адым шегіну» керек боп тұрған жоқ па қазір?! Жалғыз Меркі ме мипалауға түскен?! - деп есікті іштен қатты жауып алды. Ар жағын ести алмадым. Сірә, менің қыбыр етпей тыңдап тұрғанымды сезді-ау деймін. Ыңғайсыздана тұла бойым дірілдеп кетті. Соның аз ғана алдында көптен бері қолымызда бірге тұратын аласа бойлы, аққұба, арықша келген, сарғыш шашты Бекей атты қайнымды ертіп Тұрар он шақты күнге Қазақстанға командировкаға барып қайтқан. Бұларды жолда Қызылорда қаласында бір топ жолдастары қарсы ап, құрақ ұша күтіп, кетерінде Бекейге:
Мынаны жоғалтып алма, ішінде Тұрардың заттары бар, - деп кішкене қара чемоданды ұстатыпты.
Сол чемодан Шымкентте де, Әулиеатада да, Луговой-Меркіде де бірге ілесіп, Мәскеуге әкелініпті. Ешкім ашып қарамаған. «Мына чемоданда сіздің заттарыңыз сақтаулы» деп Бекей берген соң, Тұрар ашып көрсе іші тола қып-қызыл ақша! Көзі бақырайған ол қатты ашуланып:
- Мұны саған кім берді?! Менің рұқсатымсыз неге аласың?! Дұшпандарым мені сотталсын деген шығар, - деп Бекейге зекіп ұрса бастады. Әрифа анам арашалап:
Қой, Тұрар! Өзіңді ұстасаңшы, не болды сонша?! Әуелі ішін дұрыстап тексермейсің бе?! - деді.
Чемоданды төңкеріп тастап еді, шыныңда түбінен керекті қағаз табылды. Баспадан екен. Тұрардың Қызылордадан шыққан кітаптарының қаламақысы төленіпті. Келісім қағазына қол қойып, кері қайтаруын өтініпті. Анам байғұс жүрегі жарыла қуанып:
Жақсы болды-ау, Тұрар, Әзизаға алтын сақина ап берейікші! - деп қояды.
Менің есіме салтанатты бір кеште И. В. Сталинмен қол алысып сәлемдескенімде, саусақтарымды уатардай қысып ұстап тұрып: «Мынадай нәзік, жұмсақ, әдемі саусақтан алтын тұрмақ ғауһар жүзік садаға кетпей ме?!» деп Тұрарға мысқылмен жымия қарағаны жаныма батып:
Иосиф Виссарионович! Қазақта «келін қайын ененің етегінен жаралады» деген мақал бар. Менің енем қолына қара бақыр сақина да салмаған, жұпыны кедей екен. Ал, Тұрардың әкесін байлар Сібірге айдатқаның өзіңіз білесіз, сондықтан тегіме тартып асыл тасқа қызықпасам кінә артпайтын шығарсыз?! - дегем әзілге жендіріп.
Өңменіңнен өтердей мұздай суық жанарлы Ста­лин басын сәл шайқап, аздан езу тартқан. Осыны естіген анам іштей намыстанып жүрсе керек. «Әзизаш, жұлдызын оныңан туатын болды» деп шаттанған кейпін Тұрар судай басып:
Жоқ, Әрифа апай, «таза сабаның қымызын іш, мейірбан ананың қызын ал» деген. Жұртым аштан қырылып жатқанда әйелімнің алтынға апталғаны жараспас. Меркіде менің атымда жетім балалар интернаты бар, кеше барғанымда көрдім, халдері өте мүшкіл. Қайтіп жәрдемдесем деп күйзеліп кеп ем, тәңір тілегімді берді. Құдай жарылқады деген осы, аш-жалаңаш жетімдер бір тойынсын, - деп, бар ақшаны өз қолымен Меркіге жөнелтіп, екі-үш күн өткен сон сол кездері РИК-тің председателі Байкелов пен Меркі аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыспаевқа телефон соғып хабарласты. Анамның Тұрарға шын өкпе артып, ренжігенін сезіп мен де бір-екі күндей түнеріп жүр ем.
Әзизаш, саған не болған? Аяулым, амандық болса әлі талай кітап жазылар. Қазір қазақтын тарихын зерттеп жүрмін, көп тың деректер таптым. Осы кітапты шығарсам қаламақысын түгел саған жұмсаймын. Үлде мен бүлдеге оранасын. Құлағыңды, мойныңды, он саусағыңды алтынға толтырам, падишалардай әлпештермін сені, - деп, аймалап құшып сүйген шақта:
Сіздің шын ықыласпен айтқан әр жылы сөзіңіз мен үшін жүз жүзіктен артық екенін ұмытпаңыз, деп еркелеп назданғанымда, қалай қуанып еді. Ой, дүние-ай!... деді, - Әзиза мұңая күрсініп.
- Жеңеше, қолыңыздағыны Тұрар аға әперді ме?!.. - дедім мен дегбірсіздене жеңешемнін ал­тын жүзігін саусағыммен сипап.
- Жоқ, қалқам. Бұл сақинаны Шерхан қайнымның үйіндегі келінім сыйлаған.
«Қызыл жебенің» бірінші кітабы шыққан соң үйіне мені, қызым Сәулені, Бауыржан ағасын, Бекей қайнымды қонаққа шақырып, бізге жуып берген. Осы сақинаны қаламақысына арнайы алыпты. Мен: «Қой, Мариям, өзің тақ, сенде де сақина жоқ көрінеді ғой», - дегенім де. Бәукең: «Алдында сіз тұрғанда бұған жол қайда?! Әлде, Тұрар тірі тұрғанда ғауһар тағар еді деп жақтырмай тұрсыз ба?!» деп гүж ете қалғаны.
- Жо-жоқ, о не дегеніңіз?! Ағасынан тақпаған алтынды інісінен алуға жүрексініп тұрмын, - дедім қызарып. Бәрі ду күлді.
Қарағым, бұл - менің таққан тұңғыш алтын сақинам. Қолыма қараған сайын сонау Мәскеудегі окиға есіме түседі. Міне, көрдің бе, бірін айтып, біріне түсіп кетем. Қарабала атаң жайлы да еміс- еміс білем. Бірде үйге келген Ә. Жанкелдинге та­мақ үстінде Тұрар Қарабала Әсімов жайлы ұзақ әңгімелеген. Оның 1890, 1900, 1910-13 жылдары Меркідегі орыс чиновниктерінің елден әскерге ат жинау науқаны, жер бөлу т.б. мәселелерде заңсыз әрекеттерін әшекерлеп ұрыс-керіс ұйымдастырғаны үшін Әулиеата, Сібір түрмелерінде 3 рет қамалып шыққанын, 1916жылы көтеріліске басшылық еткендердің бірі болғанын, 1917 жылы Тұрардың өзін өлімнен құтқарып, түрмеден қашырғаның, коллективтендіру кезінде көптеген қызметтер атқарғаның, 1921 жылы партияның X съезіне делегат болғаның тілге тиек етіп, Қ. Әсімовке дербес пен­сия тағайындауға жәрдем беруін өтінген болатын, деді жеңешем.
Ақ неке түні
- Жеңеше, ең соңғы сұрағым болсын, айып етпесеңіз, Тұрар ағаммен жолығысқан алғашқы ақ неке түні жайлы әнгімелессек.., - дедім мен сәл ыңғайсыздана жымиып.
- Соңғы түйенің жүгі ауыр деген осы да. Қой, қалқам, ондай нәрселерді жазуға болмайды. «Ұят иманға тән» дегенді ұмытпа, жамандықтың бастапқы шарты ар-ұяттан айырылуда, сондықтан саған айтарым өзің түгіл өзгенің әбес қылығын көрсең де көрмеген бол.
- Жеңеше, екеуміз де соқа басты әйелміз. Жас шағымызды еске түсіріп сырласуға, бізге ерле-зайыптылардың күнделікті ләззат, рақат сезімдері жай­лы жай ғана айтуға, ойлап-қиялдауға да құқымыз жоқ па?!
- Қу қыз, өкпелеме. Шырағым, сырлассақ, сырласайық, тек жазбауға уәде бер, одан абырой таппайсың. Қағаз қаламынды таста, дұрыс, сөмкеңе сал. Енді әңгімені сенен бастаймыз. Басынды шайқама. Сен де бір кезде ақ бантикті қыз едің ғой. Бәрін де ұмытуға болар, бірақ бірінші рет бет перденді ашып, шымылдығыңды бұзған сәт мәңгі есте жүрер. Күйеуіңмен тұңғыш жолыққанда қан­дай күйде болдың, ол не деп еді саған?! Қапыста қойылған сұрақ буынсыз жерге пышақ ұрғандай мені қатты қобалжытты. Мен шынымды айтпасам жеңешемнің де ақтарылмауы хақ. Саса бастадым. Көз алдыма институтты бітірген соң Меркіге, Гранитогорскіге жұмысқа тұрғаным, Жақпарымның әкесі Бейсен Жарылқасынұлы түсті. Денем қызып, терлей бастадым.
- Жеңеше, менің Әзиза болғым келсе де, Бей­сен Тұрар емес ғой. Екеуміз де затымыз бір, төмен етек ұрғашы атанғанымызбен Тұрар ағаның орны бөлек, топ жарған арқар мүйіз жұрт көсемі деп қызықтап сұрап ем, кешіріңіз...
- Қу қыз, өйтіп жалтарып қашпа, сұраққа жауап бер! - деп сыңғырлай күлді. - Сенің Бейсенің Тұрар болмағанымен оның туысы, ал сен менің қайын сіңілімсің...
Мен тағы да қызара бөртіп ақырын ғана:
Тәнім ауырғаныңа жылап қалғам.
Бейсен жұбатып:
Есіміңді қалай дәл тауып қойған?! Атыңа затың сай өте тәтті екенсің, құмарым қанбай тұр. Мені үйленді деген атқа ғана қалдырған Тоғжан, Фарида сияқты әйелдерім қыз емес, біреулердің «жуындысы» еді, сонда да «алдандым» деп еңіреген соң аяп алған ем, бәрі-бір опа таппадық. Өмірден қыз пәктігін көрмей өтем бе деп қатты налушы ем, енді арманым жоқ, сондай бақыттымын. Тек тәңірім, дәмін өзім татқан шәрбатымды ешкімге ішкізбесе екен, бұлағымның тұнығын ешкім лайламаса екен?!.. Сені аспандағы ай мен күннен де, соққан самал желден де қызғанам, дүниеден жалғыз екеуміз ғана ғұмыр кешетін жайды қайдан іздеп тапсам екен?!.. - деп құшырлана сүйген дедім мен.
- Сенің күйеуін де бұрын үйленген екен ғой?!
- Заңдысы екеуі болатын, заңсызы нешеу екенін білмеймін, отты жігіт еді, артынан қыз-келіншектердің өздері жүгіретін. Мен де қатты ұнатып ем, - дедім жымиып, Әзиза ойланып үнсіз қалды да мұңая әңгімесін жалғап кетті.
Түнімен ақ төсекте аймалап, өртене өліп-өшіп, қанша құшсам да аузыңнан «сүйем» деген сөзді шығара алмадым-ау, Әзиза?! - деп күлді Тұрар таңертең шашымнан сипап. Екі бетім ду етті. Алдыңғы екі әйелі де қызу қанды орыс нәсілінен екендігі ойыма caп ете түсіп, олардың екі сөзінің бірі «люблю» екенін әрі өздері жабысып, ыстық жалындаған деммен алаулап сүйетінін ойлап, Тұрар соны аңсап тұр-ау деп жүрегім қызғаныштан тыз ете қалды.
Неге ойланып қалдың, Әзиза?! Әлде үйленгеніңе өкініп тұрғаннан саумысың?!
Жо-жоқ, Тұрар! Сізді сүйетіндігімді сөзбен емес, іс жүзінде бүкіл ғұмырыммен, саналы өміріммен дәлелдегім келеді. Сізден перзент сүйіп, көгеріп, жапырақ жайып, құдай қосқан қосағыңыз ғана емес, табаныңыздың күсін иіскейтін күніңіз боп, құзырыңызға құлдық ұрып, шашыммен жер сыпырып, алдыңызда құрдай жорғалап, қызмет етуді армандаймын, арысым! - дедім ұяла.
Көңіліңе ауыр алма, Әзиза. Сені қайтер екен дегенім ғой. «Сүйем» демей-ақ қасымда жай томпиып, мөлдіреп отырғанның өзі де мен үшін зор шексіз бақыт, тек ұзағынан сүйіндіргей... - деп, даусы дірілдеңкіреп толқып теріс айналды. Мен оның қуаныштан көзіне жас алғаның сездім, алғыс сезіммен арқасын алақаныммен аймалап, басымды сүйедім. Ал алғаш рет аяғым ауырлап екі қабат болғанымды естігенде жүрегі жарыла қуанғаның көрсеңіз?! Күнде ішімді сипап, тізерлеп отырып құлағын тосып: «екеуміздің жүрегіміз бірге соғып тұр», - деп, торсиған қарнымнан шөпілдете өбетін. «Өмірге сәби сыйлайтын ана ашуланбауы керек. Себебі, көңіл-күйі көтеріңкі болса, бала да дарқан, мейірбан болады, ал тырысқақ әйелдерден пейілі тар, қызғаншақ ұрпақ туады», - деп мені кино-театр, ойын-сауық қонақтарға жиі апарып еркелететін, әлпештейтін. Әсіресе, аңсаған жерік асымды жеті қат жердің астынан болса да тауып бермей тыншымайтын. «Баланың ақылды, ажарлы өсуі жерік аска көп байланысты» деуші еді, алтыным Тұрар!
Екеуміз де бірдей үһілеп көзімізге жас алдық.
Бақыл бол, асыл жеңешем
Жеңешемді тыңдап отырып мен кешегі Тұрар ағамның 90 жылдық мерейтойының өту салтанатын тағы да көз алдыма келтірдім. Қыстың кақаған аязына қарамай аудандық мәдениет үйінің кең залы халыққа лық толы. Әсіресе, мінбеге Т. Рысқұловтың жан-жары Әзиза Түбекқызы көтерілгенде бүкіл халық тік тұрып, ұзақ қол соғып көшемет көрсетті. Көзі жасаурап, дірілдеген үнмен ерекше тебірене сөйлеген жеңгеміздің әр сөзін ел қалт жібермей зейін коя тыңдағаны шын. - Тұрар осы күнді, халқының бүгінгі бақытты тұрмысын көруді қаншама аңсап, армандады?! Маған үнемі: «Сені туған елге, Меркіге апарып шымылдыққа қайтадан отырғызып, сәлем жасатам» деп әзілдейтін. Тұрардың ізі жатқан киелі Меркі топырағына, осындағы қайын-қайнағаларымызға, абысын-ажын, жеңге- келіндеріме, ұл-қыздарыма иіліп сәлем беруге рұқсат етіңіздер! - деп тағзым еткен еді, қайран жеңешем! Осынау салтанатты мерекеде сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Е. Сауранбаев ел атынан Тұрар ағаның бейнесі тоқылған үлкен түкті кілемді сыйға тартты. Үзіліс кезінде кілемді бәріміз жабылып ашып қарап жатқанымызда, облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Ғ. Бибатырова: «Жеңеше, бұл кілемді музейге өткізіп жібермей төсегіңіздің тұсына ілуіңізді сұранамын» - деген өтінішіне:
Ермек қайнымның бұл тартуы маған Тұрарымды қайта тірілткендей әсер қалдырды. Үйімде бұдан басқа кілем де жоқ. Тұрар екеуміз жиһаз жиып, алтын-күміске қызыққан жан емеспіз. Үкімет жұмысымен қайда барсақта екі чемодан киімнен өзге мүлкіміз болған емес. Тұрарды ұстап кеткеннен кейін «Алтындарын мен ақшаларыңды, қымбат бұйымдарыңды қайда жасырып тықтыңдар? Айт! Осынша жыл ел басқарған басшыда мал- мүлік жоқ дегенге сене қояр дүмбілез бала біз емес?!» деп, мені талай қатты қинаған еді, - деді жеңешем.
Менің ойыма Әзизаны бірінші рет сұраққа апарғаны жайлы айтқаны түсті. Тұрар ұсталған соң, он шақты күн өтпей-ақ аяғы ауыр Әзизаға ай-шай жоқ бірден намысқа тиер былғаныш-былапыт ащы қорлау сөздермен дүрсе қоя беріпті.
- Әй, қаншық! Халық жауының жәлебі! Өтірік момақансып мүләйімсіме! Бет жылтырың бұл жерге жүрмейді! Одан да байыңның сыбайластары кім?! Он жыл Мәскеуде ойнап отырмаған шығар, жинаған алтын, күмістеріңді, ақшаларыңды, қымбат заттарыңды қайда тықтыңдар?! - деп ақырып қалғанда, өмірі лас, ащы сөз естіп көрмеген, ұрсып үйренбеген, үкінің үлпегіндей үлбіреген Әзиза «Оңбаған» деп есеңгіреп құлап түскен. Әбден жылап намыстан жарылардай ашу-ыза кернеген Әзизаны тек анасы ғана зорға тоқтатыпты:
Қызым, өлі арыстаннан тірі тышқан артық болған мына қым-қуыт, қапас заманда бұлбұлдың жоқтығынан құрбақа құрылдаса не жорық?! Ақылыңды - қазы, ойыңды - таразы етсең, ол сенің өкпеңе, бір тамшы көз жасыңа тұратын кісі ме?! Іріктің аузынан шыққан шірік сөзге үгілетін жасық па едің? Сен Тұрардың, тұлпардың сенімді серігі екеніңді ешқашан ұмытпа! - деген кеңесі өмір бойы ойымда тұрды, қайратымды қамшылап, жігерлендіріп жүрді - деп сырт шерткен болатын.
Иә, бәрі де есімде, бәрі де көз алдымда. Әсіресе, 90 жылдық торқалы тойы құрметіне арналған концерттік программада менің «Тұрар туралы толғауымды» белгілі әнші сіңілім Қарлығаш Қожағазина орындамақ. Қалай шығар екен деп көңілім күпті, көңілім өрекпулі. Қасымда Әзиза мен Сәуле отыр. Бір уақытта ән хабарланды. Жеңешем білмейді екен:
- Сен жаздың ба, Шырын? - деп сыбырлады.
- Иә.
Өзі де үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді Қарлығаштың тұла бойымызды шымырлатар жанға жайлы мұңлы даусы көпшілікті ә дегеннен баурап әкетті.
Айналайын халықтан,
Ұлылығын танытқан,
Уызына жарытқан,
Құдыретін дарытқан,
Қазақтың қайсар ұлдарын,
Жырлауға еш жалықпан.
Ту көтерген көсем бар,
Топты жарған шешен бар, -
деп Тұрар аға жайлы тебірене шырқап кетті. Ағыл-тегіл жылап отырған Әзизаны көріп бүкіл залдың тең жартысы көзіне жас алды десем жалғаны жоқ. Бұл, әрине, менің жырыма емес, жеңешеме, ағаға арналған ел құрметі, махаббаты еді. Ән аяқталғанда жеңешемнің мені құшақтап: «Рысқұловтар әулеті атынан саған көп рақмет, бақытты бол» деп бетімнен сүйгенін де ұмытқам жоқ. Сол мезетте, шыныңда, менен бақытты жан жоқтұғын. Әзиза жеңешемнің Арифа анасына ұқсаған менің де сүрінсем сүйеп, кішкентайымнан жетелеп жүріп жеткізген Қантай деген қарт әжем бар-тын. Досы түгіл дұшпаныңа да жақсылық тілеп отыратын осынау қайырымды мейірбан жан бір жасында әкесі Төреқұлдан, екі жасында анасы Інжуәпиядан жетім қап, Құланның атақты байы, әкесінің туған бауыры Қалқабайдың үйінде ер жетіпті. Дәулетті отбасында бұла өскен ерке қыз Қазан Революциясынан кейін кәмпескеге ұшыраған Қалқабай атамыздың Әбдікәрім, Асан, Сейіт, Тінтай, Шойбек, Бәйтік сияқты балаларымен бірге қырғызға ауып, талай қиыншылықтарды бастан кешіріпті. Перзенттерінің азып-тозып бара жатқаның көрген Қалқабай «топырағымыз туған жерден бұйырсын» деп елге қайтқан екен. Сөйтіп өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей көрген апам Қантай: «Шырағым, сенін Мамасерік атаң бала оқытатын молда еді. Ол: «Құдай тағалам жарық дүниеге әкелген әр пендесінің басына бақыт құсын үш рет қондырады. Оның көзді ашып-жұмғанша тез ұшып кетуі де, айлап, жылдап тұрақтап тұрып қалуы да - жазмыштың ісі. Әрине, ақылды адам шапшаң ұғынып, келген бақты теппей, қайта аялап жібермей ұзақ ұстайды, ал ақымақтар түсінбей өздері үркітіп ұшырады екен» деп отыратын. Сол Қантай анам айтқан бақыт құсы бірер сағатқа болса да басыма қонғаның анық сездім. Жасымда жетім өсіп, енді жетілдім бе дегенде қанатымды қиған жесірліктің суық ызғарынан тоңған жүдеу жанымды жыр шумағымен ғана жылытып, күйкі тіршілік кешкен жетім жүрегім лезде жадырап, айналам жап-жарық нұрға бөленді. Сізді кездестірген Тәңірге, сізбен таныстырып, қасыңызда жүруіме жағдай жасаған аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі Тұралиева Роза сіңіліме сол мезет іштей мың миллион алғыс айтқан шығармын. Қайран, қымбатты қимас жеңешем, Меркіден аттанарда:
- Шырын, саған сенем, әңгімеміз аяқсыз қалмасын жаз. Әлі де айтарым мол. Алматыға, үйіме кел. Құдай қаласа бір-екі жылдан соң Меркіге қайта кеп, Тұрар құрмет тұтқан Аққоз, Қарабала, Сарымолда, Жылысбай, Қырғызбай т.б. ата-бабаларымыздын басына барып, рухына құран оқытсам деймін. Сен үйіне қанша қиылып шақырсаңда бара алмадым, айып етпе, келесі жолы арнайы соғам. Немерелерімді ертіп кеп, Тұрар мақтайтын Сусамырға дем алсам, шіркін! - деген. Хат арқылы жиі хабарласып тұрдық. Бірде: «Шырын, маған арнаған өлеңінді алдым, өте ұнады, рақмет! Келіп домбырамен өзің орындап бергейсің» деп жазса, бірінде: «Өте қатты ауырыңқырап отырмын. Меркі халқын сағындым. Қайындарыма, абысын-ажындарыма сәлем айт. Мүмкіндік тауып келіп қайтшы, Шырын?!» - депті. «Әне барам, міне барам» деп жүргенде Меркіде де құдды Алматыдағы желтоқсан жаңғырығына ұқсас атағы Одаққа жайылғандай кішігірім төңкеріс болмады ма?! Сол аласапыран күндерде жазықсыз жапа шегіп жәбір көргендердің ішінде мен де боп қаншама жас төктім. Әрі құлашыңды жаздырмайтын жесірлердін жоқшылық атты көзге көрінбейтін тарамыс тұсауы адымымды аштырды ма?! Кешіре көр мендей бағы жанбаған бейшара бейбақты, асыл жеңешем! Халқымыздың Тұрар сияқты бір туар, дана, кемеңгер көсемін табындырған, қасиетті биік тұлғаңыз, ай дидарлы аппақ жүзіңіз ақтық демім біткенше өзіммен бірге жасар. Жаныңыз жаннатта боп, Алла тағала арайлы шапағат нұрын төгіп, жарық шұғыласын күллі әйел атаулыға, жетім мен жесірлерге, оның ішінде менің де шикі өкпе, қара теріме шашса екен деп күн сайын жаратқаннан жалбарына шын жүректен тілеймін! Сөзімнің соңын 1985 жылдың 8 наурыз әйелдер мерекесіне орай өзіңізге хатпен жолдаған жыр жолдарымен аяқтауға рұқсат етіңіз, аяулы асыл жеңешем!
Әзиза жеңешеме
Алты алаштың арысын,
Ғашық еткен, Әзиза.
Отқа өртеніп, жары үшін,
Жасып өткен, Әзиза.
Пәк махаббат сезімге,
Ғұмырынды арнадың.
Кез боп тағдыр тезіне,
Шындықты іздеп зарладың.
Үлкен үйдің шаңырағын,
Құлатпадың, жеңеше.
Боталарын аңыратып,
Жылатпадың, жеңеше.
Періштедей, Әзиза,
Адалдықтың өзісін.
Саған мәңгі ел риза -
Тұрар аға көзісің!..


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   40




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет