Тақырып. М. Қозыбаев ғылыми зерттеулерінде ұжымдастыру мәселесі Қазақстандағы ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыруға қарсы болған шаруалардың қарулы көтерілістері мен баскөтерулерінің тарихын зерттеу ХХ ғасырдың 20 жылдарының аяғы 30 жылдардың басынан басталады. Берілген кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін мәселенің тарихнамасы күрделі және қайшылықты жолдардан өтті, жалпы алғанда сатылап дамыды. Бүгінгі таңда шаруалардың қарулы көтерілістері мен баскөтерулерінің тарихын арнайы зерттеген ғылыми еңбектер өте аз десек те болады. Берілген тақырыпқа қатысты бірқатар зерттеулер мен басылымдарда тек сәйкесінше бөлімдер ғана бар. Ал Орталық Қазақстан өңіріндегі шаруалардың қарулы қарсылықтарының тарихы көп еңбектерде жалпылама қарастырылып өтеді. Т.Омарбековтың монографиясында ХХ ғасырдың 20–90 жылдарында Қазақстандағы 1920–1930 жылдары орын алған әлеуметтік—экономикалық үрдістердің негізігі мәселелері бойынша: «кіші Қазан» саясаты, байлардың мүліктерін кәмпескелеу, көшпелі халықты отырықшыландыру және ұжымдастыру, 1931–1933 жылдардағы аштық туралы жарық көрген әдебиеттердің бірқатар кешеніне кеңінен тарихнамалық шолу жасалынған. Берілген шолуда тарихнаманың даму кезеңдері мен сипатына қатысты ойталқылар, көзқарастар беріліп, басқа зерттеулерге сыни талдау жасап, зерттелуші тақырып бойынша кейбір сәттерді ғана қамтиды. Сонымен қатар 30 жылдардағы Орталық Қазақстан өңіріндегі Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау көтерілістері туралы мұрағат деректерімен толықтырылған біршама толыққанды деректер берілген. Шаруалардың қарулы көтерілістерінің тарихына арналған қазақстандық тарихшылардың жаңадан шыққан басылымдарына қысқаша сипаттама Т.Алланиязов пен А.Таукеновтың біріккен басылымында берілді. Бұнда ұжымдастыру кезеңіндегі Қарағанды облысының Шет ауданындағы және Қарсақпай өңіріндегі шаруалар көтерілістерінің тарихы туралы арнайы зерттеулері берілген. 2002 жылы жарық көрген Т.Алланиязовтың еңбегінде Қазақстандағы 1929–1932 жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихы бойынша әдебиеттердің методологиялық және деректанулық негіздерімен қатар шаруалар көтерілістері тарихын зерттеу үрдісіне кеңейтілген сипаттама берілген. Отандық тарихнамада 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістері 1930 жылдардан 1980—жылдар аралығында тыйым салынған тақырып болды. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесінің түрлі аспектілерін қарастырғанда отандық тарихшылар осы қауіпті тақырыпты айналып өтуге тырысты. Бұл отандық тарихнамаға сол кезеңде қойылған партиялық қатаң талаптар мен идеологиялық қысымнан болды. Кеңестік дәуірде жарық көрген еңбектерде партия саясатына қарсы шаруалар көтерілістері тек тап күресі шеңберінде ғана қарастырылды. Сонымен қатар олар «бандиттік», «антикеңестік», «контрреволюциялық» қозғалыстар ретінде қарастырылды. Тек 90 жылдардың басында ғана Қазақстандағы 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихын обьективті зерттеу мүмкіндігі туды. Академик М.Қ.Қозыбаев Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі, қазақ шаруаларының қарулы көтерілістерінің тарихын тарихшылар экономист, заңгер, тіл білімі мен әлеуметтанушы мамандармен бірлесе отырып кешенді түрде зерттеу қажеттігін баса атап өткен болатын. 1980 жылдардың соңындағы қоғамдық өмірді либералдандыру жағдайында қазақ халқының тарихи өткеніне деген қызығушылық арта түсті. Қазақстандағы ұжымдастыру мәселелері бойынша концептуалдық жағынан алғанда барынша жаңа болып Ж.Абылхожин, М.Қозыбаев пен М.Тәтімовтардың мақаласы табылды. Ол Қазақстандағы ұжымдастыру тарихының тарихнамасында қазіргі заманғы кезеңінің бастамасын салып берді, себебі мәселенің негізгі құрамдас бөліктері сол кезеңде қазақстандық тарих ғылымында қалыптасып жатқан жаңа парадигмалардың тұрғысынан алғанда байланыстырылып қарастырылды. Бұнда республикадағы ұжымдастыру кезеңінде іс жүзінде болған барлық жағдайлар барынша толық көрінісінде құрастырылып берілді. Сонымен қатар авторлар шаруалардың қарулы көтерілістері туралы мәселені де назардан тыс қалдырмаған. Бірқатар округтер мен аудандарда орын алған ірі қақтығыстар мен жанжалдардың бірнешеуін көрсетіп бере отырып, зерттеушілер сол жылдардағы партиялық құжаттарда бұл оқиғаларды тек тап күресінің ашық көрінісімен және ішкі және сыртқы жауларды іздеумен түсіндіруге талпыныс жасағандығы байқалады деп дәл көрсетеді. Бұл мақаланың барынша кеңейтілген түрі 1991 жылы жарық көрді. Бұл басылымды сипаттасақ, мұнда ең алдымен ұжымдастырудың қарқынына саяси—идеологиялық реттеулердің ықпал ету механизмі дәл көрсетілген, бұның нәтижесінде 1931 жылдың күзінде Қазақстанда барлық шаруашылықтың 65% ұжымдастырылды. Сонымен бірге күш көрсету жағдайында төтенше режимде жүрген ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау науқанының тәжірибесі мен идеологиясы да барынша суреттелген. Мақалада 1928–1929 және 1929–1930 жылдарда үш округ бойынша (Ақмола, Петропавл және Семей) осындай дайындау науқандарымен қатар жүрген қуғын—сүргін саясатының көлемін сипаттайтын статистикалық материал берілген. Бай—кулактарды жою саясатының сипаты, мазмұны мен салдарын анық көрсетіп берген.