«Жетім қозы -тасбауыр» бала қайтыс болған адамның басына қазақтардың тас жиып, зират көтеретінін аспаннан оқып біле ме. Көрсе қаланың темір шарбақты крест, жұлдызша, тас мүсінді қалың моласын көріп жүр. Онда да көрсе...
− Қалай десем... Қазақтар дүние салған адамды арада жыл өткізбей басына зират көтереді. Бір жағы қабірді ит-құс, тұяқты мал тапап, обал болмасын деп, екіншіден: «Орныңды жоқтатпайтын, түтініңді сөндірмейтін аяулы адамдарын бар, ізің өшкен жоқ, топырағың торқа болсын!» - деген ыңғайда, өлген адамға көрсетілген ізет. Қолы жеткені қызыл қыштан күмбез көтереді. Қалғандары таудың тасын сандықтап қалап, саман кірпіштен қорған орнатады...
Төмен қарап ойланып қалды. Иә, сол тасты қалап біткенше таңның атысы, күннің батысы арпалысып асықты. Қорған қалқайып, ақыл-тақыл тұрғанда ғана әке алдындағы соңғы парызынан құтылып: «Уһ!» - деді. Зілмауыр жетімдігін тас астына қоса бастырып көміп, жарық дүниеге қайтып шықпастай қорғанмен қоршап, екі иығын кере дем алған. Көзінің құйрығымен Қалиды бақса... Бейжай, салғырт, самарқау. «Сөйлесең - ауыз өзіңдікі, сөйлемесең өзің біл, айттың сендім, рақмет!» кейіп. Астыңғы ерні жиналмай жатыр. Келесі сәтте тарағын қалың, қайратты шашына көміп жіберіп, тысыр-тысыр тарады. Қомпайған ұртына ауа жинап алды да, жүзін тәптіштеп тұрып үрледі. Манап ішін тартты - Қали көкесі қашан, қалай қайтыс болды, қаузап сұрамақ түгіл, тіс жармапты. Ағасы Манап қалай күнелтті, қай институтқа түсті, оқуы, болашағы не, ләм-мим жоқ. Жарайды, Манапты қойшы, фамилиясына жазылған әке хақында тырнақтай бір ой, тебіреніс қайда? Көзден кеткесін көңілден бұлбұл ұшқаны да. Бір де бір әке, шеше ныспы көрінбеген аш ішектей ұзын аллеяға көзі түскесін саябырлап, сабасына түсті: «қарағым!»- деп, қанатының астына алмағасын, маңдайынан иіскеп, тер иісі аңқыған қойнына алып жатпағасын әке бейнесі көмескі тартып, жыл артынан жыл өткен сайын өшіп кете барғаны да. Өзі де сормандай жетімдіктің тақсіретін аз тартқан жоқ. Обалы не керек, көкесінің көзі тірісінде аш боламын, тоқ боламын деп ойламады. Кейін әке кетсе де, әкесінің үзеңгі жолдас құрдастары, әкесін көрген ауыл қалды.
Достарыңызбен бөлісу: |