Жер – су атаулары: Алматы, Астана, Омск, Сібір, Палодар, Тюмень, Қорған, Ертіс, Қалғұты тауы
Детальді ақпараттар:
Манап 2 күн бұрын 16:10 кеткенде Алматыдан аттанған.
Омскіге 15:55-те келеді.
Алматыдағы вокзал – Шығыстың базарындай шулы.
Омскідегі вокзал – жүріс-тұрыс аз, биік қабақ вокзал алды саябыр.
Манап су жаңа 3 сом, артынан 4 сом берсе де шофер ақшаны алмайды.
Манап су жаңа шалбарының қыры сынбасын деп тізелігін саусақ ұшымен шымшып, төмен тартты.
Шофер машинасы - ашық жасыл «Волга».
Төмен қарап, көзімен жер сүзу – Төрекелді тұқымының қасиеті.
Жатақхана есебінен қонақжай бөлмелер бөлінген.
Директор оң қолының астындағы қызыл түйе төбесін басу арқылы аға тәрбиешіні шақырады.
Директор Манапқа батыс қабырғадағы кішкене қалашықтың жоспарын көрсетеді. «...Ертістің жағасына төдіріп саламыз, аумағы 50га. Клуб, спортзал, жатақхана бәрі бар...»
Қаланың бас архитекторы – балалар үйінің түлегі.
Манап інісін 11 жыл бойы көрмеген.
Қали балалар үйіне 4 жасында түскен.
Манап ертең қайтпақшы, Виктория сапар алдында ініңізбен маған кіріңіз дейді.
Жазғы демалыс әлі аяқталған жоқ. Төменгі кластар пионер лагерінде. Жоғары кластың оқушылары қала іргесіндегі жеміс совхозында қияр, помидор теріп жүр.
Қали секілді спортсмен балалар 7 ноябрь мерекесінің қарсаңында қала мектептері спорттың әр түрінен дәстүрлі жарысқа шығады, соған дайындалып жатыр. Былтыр 1 орын алған.
Ағаштардың ұзын көлеңкелері сұлап-сұлап жатқан аллеяны қуалай келіп орналасқан бір қабатты қыш үй – спортзал.
«Алақанына қыстыра шыққан тарағын дымқыл шашына кеміп жіберіп, артқа қарай көтеріп-көтеріп тастады» - Қали.
Манап екі қолын айқара ашып, ыстық құшаққа айналдыра беріп еді, Қали: «Здравствуйте, дяденька!» - дейді. Қалидың амандасу үшін солаңдатып ұсынған қолын ұстай алды да сілкіп өзіне тартып, төсіне төс тигізді, маңдайынан иіскейді. Қали қатқан ағашша.
Балалар үйіндегілер орысша оқып, орысша сөйлейді.
Қалидың шашы Манаптың кеңсірігін жарады. Себебі, бас жуғаны арзанқол сабын.
Манап Эльжбетаны ұнатып қалады. Оның бойына мейірімді ананы іздейді. 40-қа іліне бастаған әйелдерді көрсе анасы есіне түсетін. Себебі анасы осы жаста қайтыс болған.
Қалидың аяғында ала таспалы кроссовка.
«...Өскемендегі балалар үйіне сені бұлыңғыр күзде ағарып тапсырдық. Өзге амал да қалмаған. Шешені қылтамақ алып кетті. Жерге қарап әкеміз күрт шөккен. Соғыстан контузия алған адамнан не сұрайсың. Төсек жаңғыртып, бізге өгей де болса ана тауып бере ме десек, қаны қайта-қайта көтеріліп, ауруханадан шықпауға айналды. Мен мектеп-интернатта оқимын. Сонда деймін де: «Қалмаймын есе қалмаймын!» - деп, зар илеп жылағаның күні бүгін көз алдымда. Ұстап жібермеген тәрбиешінің білегін қыршып алдың. Біз де көз жасымызды сығымдап тұрып: «Дорба-дорба кәмпит теңдеп, екі-үш күннен кейін келеміз, қорықпа, алып кетеміз қайтадан»,- деп алдарқаттық. Теріс бұрылып, тұғжыңдай берген көкеме көп қарайламай, маған қол созып, пора-пора жылай бердің: «Мака - Манапқа тілің келмей, Мака дейтінсің - кәмпитті сен әкел, сен алып кет!» - деп... Содан итіңдеп ауылға жеткенше... біреуді жерлеп келе жатқандай... тіс жарғамыз жоқ. Бір апта бойы басыма жастаған күпәйкім таңертең дымқыл тартып жүрді... Тәтемнен айырылғасын сені көкем бақты. Жазғы демалысқа келгенде жаялығыңды өзім жуып жүрдім. Мені өлердей жақсы көретінсің. Бір бидайды бөліп жедік. Қайда барсам сонда томпаңдап, ізімнен екі елі қалмаушы ең...» - Қалидың балалар үйіне келген сәтін айтып берген Манап сөздері.
Манап биыл құрылыс отрядына барып, тәуір табыс тапқандықтан Қалиға 46 размер костюм әкеледі.
Қалидың сол жақ үстіңгі ернінің құйрығы дір етіп шапши қалатыны әкесінен айнымайды.
Қалидың размері 48. Манаптың сыйлығы тар болады.
Манап: «...Мұрнағы жылы әкемнің басына тас жиып, қорған көтердім. Саман кірпішін өз қолыммен құйдым. Көрші ауданнан екі атадан қосылатын туыстар табылған, олар да аянбады.» - десе, Қали тас көтеруді білмейді екен...
Манап кішкене күнінде Текебай тентек секілді бірен-саран ғана шекеден шерткен. Қалғаны өз баласымен жазда ауылдарына алдырып, келмесе ет, құрт беріп, жақсы көрген.
Қалидың «Жас өспірімдер тобы бойынша 1 разряды бар».
Қали табиғатты жақсы көреді. Балалар үйіндегі тірі табиғат мүйісі соның қарауында. Үйірмеге 30 жуық пионерлер, октябряттар мүше.
Қала іргесіне кеше шығып, К.Ж.Патрикеевнаның күшігін ұстап әкеледі. Таңертең тышқан берген. Оны жуан емен қуысынан Қали алып шыққан. Сол кезде сұқ саусағының ұшын тістеп алған көрінеді.
Мүйістері өткен жылы қала мектептері ішінде 1 орын алған.
Эльжбета ағылшын сеттері күшігінің 1-еусін тегін береді екен. Соған қоса ақбөкеннің лағын алғысы келеді.
15 жастағы Қали өскенде «ұшқыш, әскери ұшқыш» болғысы келеді.
С.А.Павловичпен кездесіп, 2 күні жеке сөйлескен Қали: «Әскери ұшқыш боламын десең, денсаулығыңды осы бастан мықта. Спортыңды тастама!» - деген жауап алыпты.
Қали Манаптан сағат сұрағанда 16:55 болған екен.
Жаттығу 17:30 бітеді. Қали соған асығып кетіп қалады. Кетіп бара жатып, костюмді ұмыттың деп шақырған ағасына: «Қатар жатқан Эльдар Ғиззатуллинге құйып қойғандай екен. Бірге оқимыз. Бойы тәштік. Соған сіздің атыңыздан сыйлайын.» - дейді.
Манап: «Бүгі кетемін, кешкі 18:00 поезд бар!» - дейді.
Манап іштей келер жазда келемін деп қалады.
Қали баспалдаққа 2-ақ ырғып шығып, кілт бұрылады да, қолын бұлғап, кұлімсірейді. Сол ақ ерні шапшиды.
Директордың кабинетінен шығып бара жатқан Манапқа дипломатыңызды ұмыттың деуі сол еді, Манап оны Қалиға тастап барады екен. ұмытып кетіппін, табыстаңызшы деп сұранды.
Манап – сөзге салсаң баспайтын, араққа салсаң батпайтын кісі.
Шофердің анасы Ленинград блодкасында, әкесі Венгрия топырағында қалған. Жалғыз қарындасы – Света 3 жасында шофер ағасынан ажыраған. Ағасы ол кезде 5-те еді. «Света кеткен балалар үйі Ертістің Сібір жағындағы үлкен қалаға ауысты дегенді кезінде шала-шарпы естіп қалып ем. Тұрмыс түзегесін сол қаласы осы шығар деп, Омскіге кешіп келдік. Ізім-қайым... Көрші қалалардан да іздеп көрдім. Светлана Коновалова жоқ та жоқ...»
Шофер Манапқа үйінің адресін жазып береді, Манаптың дипломатын інісіне тастап кеткенін естіп, құшақтап алады.
Қарағайдай қара дипломатын жерге қойды. Пиджагын шешіп қолына алды да, Алматыдан ілесе келген шаңын қақты. Вагондағы берекесіз у-шу мен құлағында қалып қойған поезд доңғалақтарының үздіксіз сартылы біртіндеп тынып, ізім-қайым өшкенше тырп етпеді.
Ең алдымен табаны тиген жердің күнін көзіне салды. Күн сүйген, аптап апшысын қуырған қыр баласы қайда жүрсе де сөйтеді. Сібірдің жаңа түскен жас келіндей жасқаншақ күні аспанның оң шекесінде ілулі тұр. Білегіндегі сағатына қараса, төртке бес минут қалыпты. Екі күн бұрып төрттен он минут кете Алматыдан аттанған. Астананың шыжып тұрған шақар күні жанын қоярға жер таптырмап еді. Омскінің ұялшақ күні, керісінше, жанға жайлы. Тамыздың құйрығынан тұтам қалса да, теректердің сыны кетпей, жап-жасыл күйі жайқалып тұр. Қаланың қай тірлігінен болсын, біртектілік байқалады. Абыр-сабыр етіп жатқан адамдар берекелі үйдің балаларындай ортақ тілде сөйлейді, кейіп-кескін жағынан алсаң да, екінің бірі, егіздің сыңарындай ұқсас. Алматыда бәрі басқаша. Шығыстың базарындай шулы вокзалы араның ұясындай гуілдеп жататын. Ал Омскіде жүріс-тұрыс аз, биік қабақ вокзал алды саябыр. Вокзалдың қалаға қараған бетіне шықты да, шахмат бүйір таксиді тоқтатты. Тізесі иегіне тиердей екі бүктеліп отырған сарғыл шашты көк көз жігіт «жаһұт әлде бурятсың ба?» деген сыңайда Манаптың жүзіне сынай қарады.
− Қайда барасыз?
Іле таксидің құйтақандай транзисторының құлағын бұрап қалып еді, Алла Пугачева: «Не жди меня, ничего не говори мне...» - деп, жазықты біреуге ұрса жөнелді.
Кеше атын, үй санын атады. Шырпып қырқылған шашын бес саусағымен тараған көк көз жігіт ойланды. Жылдамдық ауыстырғыштың қызыл бүйі пластмасса қалпағын умаждай қысып еді, қолының сыртына тарам-тарам көк тамырлары адырайып шыға келді. Манап тықыршыды. «Өзі тұратын қаланың көшесін білмей ме? Жұмысқа жаңадан орналасуы да...» Дегенше маңдайы әжім жинап, дем арасында қартайған жігіт қырылдай сөйледі.
− Балалар... үйі ме?
− Иә.
− Отырыңыз!
Қатарына жайғасты да, су жаңа шалбарының қыры сынбасын деп тізелігін саусақ ұшымен шымшып, төмен тартты. Қабағын түйген шофер бір ойға салынып отырды, отырды да газды басып қалды. Танауы таңқиған ашық жасыл «Волга» қайқая жүзіп қуықтай кешеге түсе берді. Манап жымиды. «Екінің бірі - не ұйқысы қанбаған, не қасқаңның күндік нормасы күйіп бара жатыр».
Таксилетіп жүрген қаласы сонау Петр патша заманынан қалған сән-салтанатты әр алуан ғимараттарға мейлінше мол, айта берсе, шығыстық нақыштағы сарайлар да ара-тұра ұшырап қалатын будан қала деп естіген. Мойнын оң, солға қылт-сылт бұрып, қарсы алдынан биік үйлер қалқып шыға келсе, еңкейе қалып маңдай әйнектің астынан сүзе қарап, берекесі кетіп отыр еді, мылқау шоферге тіл бітті.
− Кіміңіз?
− Кімді айтасыз?
− Балалар үйінен кімді іздеп келе жатырсыз?
− Інімді...
− А-а...
Содан тұнжыраған жұмбақ жігіт көк, жасылға кеңірдегінен тоғытылған үш қабатты кірпіш үйге жеткенше тіс жарған жоқ. Такси тоқтағасын да кең ашылған көзін жалғыз нүктеге қадай мелшиіп отырып алды. Шалбарының қалтасынан ақша іздеп, қопаңдаған Манапқа пысқырып та қараған жоқ. «Мұндай мінезден сақтасын. Кешке қарай еркелеген бала-шағасы мойнына асыла-асыла кеткенде де өстіп қоқырайып отырып ала ма екен? Әлде таңертең көкдолы әйелі төбесіне шай қайнатып, құлағын сарсытып жіберді ме?» Кінәз мінез шофер жігіт Манап ұсынған су жаңа шытырлақ үш сомға немқұрайды көз салды да, күңк етті.
− Керегі жоқ.
«Бәсе-е... Қабағынан қар жаууы жаман еді. Азсынды...»
Манап дыбырлай жөнелді.
− Қойыңыз... Міне, төрт сом. Мемлекеттің көлігі... Жанармай құс сүтіне татыған мына заманда...
Жігіт қолын сілтеді де, еңкейе созылып қалып - шуалшындай иретілген мұндай ұзын болар ма − Манап жақтағы есікті шекеден нұқып, шалқалата ашып тастап: − Жолыңыз болсын!- деді.
«Қызық...- деп ойлады көшенің мүйісін құйрығымен қағып тастап, әрі айнала берген таксиді көзімен ұзатып салып тұрып. Таксишілер көліктің қаны жерге тамбай тұрған аэропорт, вокзалдарда аш қасқырша жалаңдап, жыланы қайтпай тұрушы еді... Қызық...»
* * *
Манап «Директор» деген алтын жазулы кабинетті тез тауып алды. Рұқсат сұрап, сыпаны кірген мұны басынан аяғына дейін шапшаң шолып шыққан жасамыс, ақ сары әйел орнынан тұрып, нақ алдындағы орындықты нұсқады. Бұл кабинеттің табалдырығын аттаған жан ең әуелі ашық қабақ пен жылы сөзді аңсап келетінін жақсы біле ме, директор саулығын, жол машақатын тәптіштеп сұрады. Ақыры директорлық мінезге аумай көшті. «Бұйымтайыңыз?»- деген сұрақты көлденең тартты. Манап шаруасын айтты. Дипломатының тістей қатқан кере қарыс аузын ашып, неше күн бұрын қаттап-бүктеп, шекесін темірмен қыстырып қойған қағаздарын шығарды. Директор документтерді алдына жайын салып, қадағалап оқыды. Сонан соң бірнеше сұрақ қойды. Университетте оқиды, неше жылдан бері іздеу үстіне іздеу салып, Қалидың бұл күндегі мекен-тұрағын -мына балалар үйін әрең тауыпты, анау жылдардан бері інісін көрген емес − Манаптың рет-ретімен қайтарған жауабы осы төңіректен шықты. Әр қайырма сайын басын бірде шайқап, кейде изеп, жігітті жылы шырайда тыңдаған директор саусақтарының буынын сыртылдатып үзіп отырды да сөзге көшті...
− Иә, бізде қазақ балалары көп болмаса да, бар. Көпшілігі осы Омск, тиіп тұрған мына Қорған, Тюмень, Павлодар облыстарынан. Жағдайлары жақсы. Қолдан келгенше ата-аналарын жоқтатпаймыз... Кібіртіктеп бастаған директордың тұяғы қыза келе жерге тимеді. Директор болғанына, міне, биыл табаны күректей он бес жыл. Одан бұрын оқу ісін басқарған. Былайша айтқанда, балалар үйі көз алдында қаз тұрды. Бірнеше жатақхана, спорт залы, әр қилы мамандыққа баулитын өндіріс шеберханалары, ну орманның ортасын ойған пионер лагері - бәрі-бәрі балалар үйінің қазынасы. Ансамбль, драма, би, тағы басқа үйірмелер бар. Мереке сайын балалар өз күшімен концерт қойып, спектакль көрсетеді. Балалар үйінің тарихы да көл-көсір. Ертеректе есейіп, қанат қағып ұшқан түлектердің арасынан бұл күнде Еңбек Ері, академик, бірнеше доктор шығып отыр. Әйгілі жазушы да осы тізбекте. Және де олар өскен ортасын ешқашан ұмытқан емес. Жылына кем дегенде бір рет балалар үйіне соғып, әңгіме, кездесулер өткізін тұрады. Балалар үйі кімді болсын үлкен өмір жолына аттандырып салғасын естен екі елі шығармайды. Хат жазысып, хабарласып тұрады. Келімді, кетімді хат-хабардың көптігі сонша, соларды сұраптап жауап жазатын арнаулы топ құруға тура келді.
Лекіп сөйлеген директор жол ортада бөгеліп, інісін іздеп келген жігітке қараса, стол бетіне үңіліп, жылтыр тақтайды жанарымен сүртіп отыр екен. «Орынсыз мылжыңдап, түн қатып, түсі қашып келген қонағымды шаршатып алдым ба?»- деп ойлады ма, болмашы қызарып, күлімсіреді. Төмен қарап, көзімен жер сүзу Манаптың, қала берді Төрекелді тұқымының маңдайына жазылған қасиет екенін бір көрген директор қайдан білсін.
− Жә, оның бәрін бүгін, ертең көзбен көріп, қолмен ұстай жатарсыз. Жатақхана есебінен бөлінген шағын да болса жайлы қонақжай бөлмелер бар. Ініңізді қасыңызға алып жатыңыз да, шер тарқатып, емін-еркін әңгімелесіңіз, ағалық ақылыңызды аямаңыз. Болашақ философпын дедіңіз, оны да бір сынап көріңіз. − Директор оң қолының астындағы қызыл түймені төбесінен басып қалды. − Эльжбета Сергеевнаны шақыра қойшы, Лидочка. Күн сәулелі бауырлас республикадан қонақ келгенін қадап айт,- деген шұғыл тапсырманы тәй-тәй басып кірген жас қыздың мойнына іліп жіберді.
Үстел, орындықтардан басқа түгі жоқ кабинетте қонағы зерігіп қалмасын деді ме, директор батыс қабырғаны жалпағынан алып, төгіліп тұрған сарғылт шымылдықты ысырып қалып еді, ар жағында еденнен төбеге дейін ыбыр-жыбыр карта ілулі тұр екен.
− Бері таясаңыз...
Жақын келсе, карта емес, кішкене қалашықтың сызба жоспары.
− Ертеңіміз осы. Бәйге жариялап ек, облыс архитекторлары тез арада жасап берді. Қаланың бас архитекторы біздің жеткіншегіміз еді, сол кісінің себі тиді. Тамырды қай-қайда жайып жатқанымызды сезген шығарсыз. Балалар үйі дегеннен гөрі балалар қалашығы деген дұрыс емес пе, ә? Тура кәрі Ертістің жағасына төндіріп саламыз. Алып жататын алаңымыз елу гектар. Кең де биік спорт залы, жатақхана, шеберхана, клуб дейсіз бе, қайсыбірін айтайын.
...− Виктория Ивановна, мені шақырдыңыз ба?
Есік көзінен отыздың жуан ортасындағы әдемі келіншек күлімсірейді. Қырым артық еті жоқ денесі ауада қалқып тұр. «Етек-жеңінде желбіршектері мол әрі ұзын етек жібек көйлек киіп, жел өтіне шыға қалса, Икар құсап дөңгеленіп айналып, аспанға ұшып та кетер еді-ау»,- деп ойлады Манап.
− Ой, көкешім, келіп қалдың ба?.. Қиын-қыстау шақта қолымды ұзартып, тынысымды кеңейтетін жан өзің ғой, тотым-ay. Турасын айтсақ, мына жас қонағымыз айшылық алыс жерден сені іздегі келіпті. − Әзілқой қалыпқа оп-оңай көшкен директор Манапқа бұрылды. − Танысып қойыңыз, аға тәрбиеші Эльжбета Сергеевна Войницкая! Әдемі де сұсты фамилия! Ұлы Октябрь революциясы Петроградта жүзеге асса да, іргетасы біздің Сібір жерінде қаланған. Элочка − айдалып келген орыс, поляк революционерлерінің өз ұрпағы.
− Құзырыңызға құлдықпын... − Манап басын әнтек изеді. Іле бір аяулы сырын байқаусызда сыртқа шығарып, шашып алғандай-ақ беті ду етті. «Құзырыңызға құлдықпын»,- деп күлдірлеп, шыбындаған арғымақ аттай кекілін желпігенше, жай ғана: «Өте қуаныштымын!»- дей салуы керек еді. Қарапайым, дәл, қысқа.
Жалпы, Виктория Ивановнаға өз басы дән риза. Адамның қандай көңіл күйде отырғанын жаңғақтай шағып, тез айыратын саққұлақ та саңлақ жан тәрізді. Сәл толқып, қобалжи кірген Манапты алды-артына қаратпай үйіріп әкетіп, көп күдігін лезде таратып жіберді. Он бір жыл қатарынан көрмеген ініге бағышталған сағынышты да, жүрек жарды қуанышын да, қияметін де айтқызбай сезіп-біліп отырған сияқты. Сол ыңғайдан аға тәрбиешінің бәденін, Манаптың қылшылдаған жастығын тілге тиек етіп, жүрдек әзілімен болсын, қолтығынан демеп, астыға көпшік тастап жатыр.
− Ініңіздің аты-жөні кім, есіме түсіріп жіберсеңіз...
Ойға шомған Манап басын көтерді.
− Төрекелдиев... Төрекелдиев Қали!
− А, Турекелдиев Гани! Айып етпессіз... Элочка, бір минут кідірме, бұл кісіні Ганиға бастап апара қой. Тек, байқа, Манап... е-е...
− Манап Сымбатович...
− Рақмет. Иә, Манап Симбатович секілді ағам бар деген ой, әрине, Ганидың үш ұйықтаса түсіне кірген емес. Өзіңіз де білесіз, балалар үйіне құртақандай кезінде, бар-жоғы төрт жасында қабылданыпты. Осыны ескеріңіз,- деді де, жігітке «Оқасы жоқ, абыржымаңыз, бәрі орын-орнына келеді» райда қарап қойды. Содан соң аға тәрбиешіге бұрылды. − Өсіп кеткен сойталдай боз баланы Манап Симбатович та салған беттен тани қоймас. Осы екі арада қолайсыз жағдайлар туып кетіп жүрмесін. Манап Симбатович ренжімесе, сыртта қалдыра тұр да, Ганиға өзің кіріп, бақайшағына дейін алдын ала жақсылап түсіндір. Адам жаны мөлдір әйнек, шытынатып алсақ, қайта жамай алмаймыз... Жалығыңқырап қалды ма, қабақ астына көлеңке үйірген Эльжбета Сергеевна директордың алдын кесіп, лыпылдай жөнелді.
− Еш қам жемеңіз, Виктория Ивановна. Күнде көріп жүрген үйреншікті жағдай... Алайда Турегелдиев Гали деген фамилия қанша ойлансам да есіме түспей тұр. Сегізінші класта Туркелдиев Гали деген спортсмен бала бар. Оны өзіңіз де білесіз. Ал Турекелдиев, Турекелдиев... білсем бұйырмасын.
Виктория Ивановна қабағын шытты. Элочка, тәрбиешілер коллективінің бет жүздігі, әсем де әдепті Эльжбета Сергеевна қарадан-қарап жүріп, екі бірдей адымын шалыс басты. Туған ағасының көзінше інісінің фамилиясын қате атады - бір. Екіншіден, Қалиды Гали деп жаза басқан Виктория Ивановнаның ағаттығын түзетіп, ауыздан қақты. Шымбайына батқаны әсіресе соңғысы еді.
Директордың аты қашан да директор, қатты кетпеді, жазылып кете жаздаған алдаспан тырнағын ішке бүге білді.
− Балаларды сұрыптаған кезде ондай-ондай қателіктердің көкесі кетеді ғой, Эльжбета Сергеевна. Апаш-құпашта бір-екі әріп дұрыс-бұрыс жазылды ма деп кім шұқшиып жатсын. Қалай естісе, солай жаза салды. Турекелдиев осылай Тукелдиевке айналды. − Өзін сүріндірген Гани, Қали мәселесін орай шапты. − Мұндай қате, әсіресе Турекелдиев сияқты ұзын фамилияларда жиі кездеседі. Ал ініңізбен қуанышпен қауышыңыз! Бір бөлме кетер-кеткенше құзырыңызда. қанша күн аунап-қунасаңыз да өз еркіңіз. Ашыла сырласып, бір-біріңізге ет үйреніңіздер. Ертең қайтасыз ба? Қап, қап! Ендеше, сапар алдымда ініңізді ертіп маған кіріп шығыңыз. Көріскенше күн жақсы, Манап Симбатович!
* * *
Эльжбета Сергеевна баспалдақтарды шеки басып, төмен түсіп келе жатып:
− Өзі балалар үйі болса, шұрқыраған жеткіншектері қайда деп келесіз, ә!- деді бұрыла қарап. − Жазғы демалыс әлі аяқталған жоқ. Төменгі кластар пионер лагерінде. Жоғары кластың оқушылары қала іргесіндегі жеміс совхозында қияр, помидор теріп жүр. Қали секілді спортсмен балаларды алып қалғанбыз. 7 ноябрь мерекесінің қарсаңында қала мектептері спорттың әр түрінен дәстүрлі жарысқа шығады. Күні-түні аласұрып, соған ақ тер қара тер дайындалып жатыр. Былтыр бірінші орын алғанбыз. Биыл да ешкімге бермейміз деген талабымыз таудай.
Аға тәрбиешінің ізін басып келе жатқан Манаптың ойы басқада. Бәрі де дұрыс. Виктория Ивановна, Элочка, Эльжбета Сергеевна да тәп-тәуір қарсы алып, білгендерінше жол сілтеп, көмек жасады. Сөз бар ма, директор көпті көрген сыпа кісі. Жастайынан жылы сөзді аз естіп, жетім өскен бе, жасаған ізеті мен сыпайылығына таза құлады. Әйткенмен бір алмақтың бір салмағы бар. Көңіл, шіркін әлімсақтан қармақ қалтқысындай ауытқымалы. Манап директор кабинетіне кіргеннен көмейіне кептеліп келе қалған түйткіл сезімнен шыққанша арыла алмады. Виктория Ивановна алысқа өкпесі өшпей жететін стайерге ұқсайды екен. Салған бетте балалар үйінің бүгіні, ертеңі жайлы нөпір мәліметті үсті-үстіне төкпелетіп, қолды-аяққа тұрғызбай ілді де әкетті. Не мүдірмеді, не кідірмеді. Манап мүдірсе, кідірсе, тұяғы тасқа тисе деп еді. Шын жүректен шыққан сөз ежелден төрт аяғынан тең түсіп жорғалап жүре бермейді. Логиканы оқығаны рас болса, шын сөзде аумалы-төкпелі көңіл күйдің барлық гаммасының сәулесі түсіп жатуға тиіс. Ал директор өз күшінің артық-кемін жақсы білетін, оны айтасың, мәре сызығын бірінші қиятынына, жолшыбай еш демікпесіне, еш қателеспесіне кәміл көзі жеткен тасыс чемпионша кекілін жел сапырып, сырғыды да отырды. Директор да бала тәрбиелеп өсіріп отырған ана. Сонда дейді де, кешке қарай бала-шағамың ортасында бел шешіп отырып та өстіп сырғи бере ме? Әй, қайдам, ағын суға мейлінше қажалып, өзен түбінде жұмыртқадай жарқырап жататын малта тас секілді жұмыр сөздер басқа түгілі өзегін жарып шыққан өз баласының құлағына кірер ме екен?
Достарыңызбен бөлісу: |