Боксынан бөтен ермегі бар ма өзі!»- деген ойына ілесе:
− Басқа немен айналысасың, Қали? - деді. «Інім» деген жалғыз да жылы сөз аузына тағы түспеді.
Қалидың қабағы жазылып, жадырап жүре берді. Орындықтың көлденең ағашына алақан тіреп, көтеріліп-көтеріліп қойды. Әр сөзі қунақы, жігерлі.
− О-о, табиғатты жақсы көремін! Әсіресе жан-жануар, жәндіктерді! Біздегі тірі табиғат мүйісі менің қарауымда. Жылан, бақа, шаян, қоңыз, құс - бәрі табылады. Түгел өзіміз бағып-қағамыз. Үйірмеге отызға жуық пионерлер мен октябряттар мүше. Кеше қала іргесіндегі орманға серуен құра шығып ек, сапарымыз сәтті болды. Аузының салымы бар екен Коля Жеребцов Патрикеевнаның кішкене күшігінің үстінен шықпасы бар ма... − Патрикеевна? − Түлкі дегенім де.Күшік алпыс айлалы мыстан екен. Қашқаннан қашып, жуан еменнің қуысына кіріп кетті. Жеңімді түріп, қолымды сұғып жіберіп ем, бармағымды тістеп алды. Міне, ізі!- деп, ұшы сызылған сұқ саусағын шошайтты. − Жеребцовтің құрметіне «Коля» деп ат қойғанбыз. Қолға үйренбей ме, жатырқай ма деп қорқып ек. Бүгін таңертең алдына қақпанға түскен тышқан тастап ек, қайда жатырқаған, екі қылғып, бір жұта салды. «Тағы нелерің бар, әкеле беріңдер»,- дегендей, «Коля», шіркін, жалақ-жұлақ етеді, − Күліп қойды. − Патрикеевна десе Патрикеевна! − «Бұл тамашаға енді нені қосып айтсам» дегендей аз-кем ойланды. − Өткен жылы қала мектептері бойынша мүйісіміз бірінші орып алды. Аң-құс, жәндіктің түр-түріне бай екен деп аяғымызды жерге тигізбей мақтады. Жуырда Эльжбета Сергеевнаның ағылшын сеттері күшіктепті. Біреуін тегін берем деп отыр. Сондай жақсы адам өзі!- дегенде өңі құбылып кетті. − Қазақстанда ақбөкен жыртылып айрылады деп оқыдық. Соның сүп-сүйкімді бір лағын қолға түсіріп алсақ, облыстан да алдымызға жан салмас едік. − Әлденені дәметкен пішінде Манапқа көз астымен қарап қойды.
«Сол сүйкімді лақты сіз тауып беруге қалайсыз?» - деген ымды Манап та түсінді. Қали балаға деген өкпе-ренішті бұл кезде таза жиып қойған. Шыжымдап сөзге тартуды да доғарды. Және де манадан томсарған Қалидың сөз ұшығын ұстай алмай амалы құрығанын, бек қиналып отырғанын және ұқты. Іздегенге сұраған дегендей, мына бір қитығы жоқ бейбіт әңгіме басталып кеткені жақсы болды.