Келер жылы жазда келемін... келетін шығармын,- деді Манап ізінше.
Естімеді ме, Қали сызып кете барды. Баспалдаққа екі-ақ ырғып шығып, кілт бұрылды да, қолын бұлғады. Күлімсіреп еді, үстіңгі ернінің сол жақ құйрығы шапши қалды. Орындық қасында тұрған Манаптың тұла бойы дір етті. Көзін мұнар алды. Алға қарай емпеңдеп жөней бергені есінде. «Қалқам-ай! Қанатым-ай!»- деген сыбыр құлағында көшіп жүр. Есік сарт жабылғанда барып есін жиды. Биік баспалдақ бос екен...
* * *
Бір орында ұзақ жыл отырып қалған бастықтар әуелі стол, креслосын өзінің өміртанымына, мінезі, мәнеріне қарай бейімдеп алады да, жылдар өткесін бара-бара өзі де жаңағы жиһаздарға әбден кірігіп, соған ұқсай бастайтын болу керек. Виктория Ивановна манағы қалпына қылау түсірмей, қағазға шұқшиып отыр. Рұқсатсыз кірген, онымен қоймай сылбыр басып, креслоға сылқ отыра кеткен жігітке таңдана көз салды. Жарты минуттай шұқшия қарады да, көңілі орнына түсті. Жайлап күлімсіреді. «Айтпасаңыз да түсінемін. Он бір жыл жүздеспеген інімен қауышу - небір тас жүректі теңселтіп жіберетін оқиға. Қуаныш та, қайғы да бірдей деген осы; Түсінемін... Сіздерді түсіну үшін отырмыз. Мұндай қуаныштың көкесін, атасын көргеміз. Бұл кабинетте өліп-тірілгендер де табысқан»,- дегендей, тоқтығы мен бек ризалығы бетіне қайнап шығыпты. Қанағат райда шалқайыңқырап отырды да:
− Қолыңызды қысып, шын жүректен құттықтап қоямыз ба, Манап Симбатович? Элочкадан құлақ қағыстымын. Жолшыбай соғып кеткен. Жалқы емессіз... Иә-ә. Бұдан былай ініңіз бар... Тынысыңыз бар...- деп, соңғы сөздерге іркіліп-іркіліп, салмақ түсіре айтты.
− Әрине... Рақмет!- деді екі алақанын стол бетіне түп-түзу ғып жазып салып отырған Манап жерден көз алмай.
Директор қасын керіп, ойланып қалды. Қателеспесе, жас жігіт соншалықты асып-тасып, шалқып отырған жоқ. Дала халқы қуанышқа да, қайғыға да бірегей берік, ұстамды келеді деуші еді... Сол рас болмағай.
− Эльжбета Сергеевна жатын бөлмеңізді көрсеткен болар.
Тым қауқылдап, даурығып кеткеніне опынып қалған директор ресми қалыпқа көшті.
Жігіт басын көтеріп алды да, директорға тіке қарап:
− Кететін шығармын. Кешкі алтыда поезд бар,- деді әр сөзін нықтай түсіп.
Директордың қаламы стол бетін барабандата берді де, кілт тынды.
− Келмей жатып, кетеміңіз қалай? Бері алғанда екі-үш күн қонып, аунап-қунап қайтатын шығар деп едік. Ғалиды ертіп, шаһарды араласаңыз, ашыла сөйлесіп, жағдайына қанықсаңыз қайтер еді?