Омск - тарихи дәстүрі бай қала, арысы Федор Михайлович Достоевский, берісі революционерлер ең ауыр да өнімді жылдарын осы қалада өткізген. Әлде... қара басқанда біз ойыңыздан шықпай қалдық па? Виктория Ивановна: «Мен сізге өкпеледім. Шама-шарқымыз келгенше көмектесіп, жалпылдап жатырмыз. Табалдырықты аттағаныңыз сол, жау қуғандай қайта қаштыңыз» деген емеурінді ашық білдірді. Жігіт жел өтінде тоңып отырғандай бес саусағын тізесіне салып, жайлап мыти бастады.
− О не дегеніңіз, Виктория Ивановна?! Екі дүниеде ризамын сіздерге. Қали мықты жігіт болып өсіп келеді... Спортсмен... натуралист... Алғыстан өзге айтарым жоқ. Өте асығыспын. Ауылдан келіп оқитын студенттердің жағдайын білесіз. Бір аяғы қалада, бір аяғы далада. Келер жылы амандық болса, тағы да соғармын.
− Өзіңіз біліңіз.
Қоштасып, кетіп бара жатқан Манапты ту сыртынан шыққан дауыс тоқтатты.
− Дипломатыңызды ұмытып барасыз. Мойын бұрған жігіт жымиып еді, үстіңгі ернінің сол жақ құйрығы шапши қалды. − Иә, айтпақшы... Дипломатты Қалиға тастап кетсем деймін. Ойға-қырға шапқылаған сан қилы сапарда талай жыл адал серік болып еді. Көзімдей көріп ұстасын. Қиын болмаса менің атымнан дұғай-дұғай сәлем айтып, тапсыра салыңыз. Мана есімнен тарс шығып кетіпті. Манаптың жүріс-тұрысындағы үлкен өзгерісті Виктория Ивановна сезген. Бірақ сол өзгерісі не өзгеріс, анық айыра алмай әңкі-тәңкі. Сұрауға ыңғайсыз. Пысық боламын деп жігіттің бұған белгісіз ескі жарасының аузын тырнап алуы ықтимал. Біраз ойланып отырды.
− Жүріңіз, есік алдына дейін шығарып салайын. − Директор отырған орнында арлы-берлі найқалып, қозғалақтағанымен кептеп алған кресло оңайлықпен жібермеді.
− Өзім-ақ... Қам жемеңіз. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Эльжбета Сергеевнаға көптен көп сәлем. Қош болыңыз! Ашқан есігін қайыра жаппаған жігіт дәлізді бойлай санап басып, кете барды.
* * *
Қалың будың арасынан қалқып шыққан «Волгаға» қол көтергенін, шофердің кідіріссіз есік ашқанын, жұмсақ орындыққа аузы буылған қапшықтай сылқ етіп отыра кеткенін, «Вокзал!»- деген сөзді әрең айтқанын біледі. Орындық арқалығын желкесіне жастап, басын артқа тастап жіберді де, көзін жұмды.
Манаптың мінезі де әкесі Сымбатқа тартқан еді. Қандай да бір қабырғаны қайыстырар қайғыны үнсіз көтеріп алатын. Сөзге, әзіл-қалжыңға да солай еді. Сырт көзге томаға-тұйық. Тек іштей күйзелетін. Осы мінезін ілік еткен жора-жолдастары: «Әй, осыған ақаңды ішкізіп көрелік. Желім батырың бауырын жерден сонда көтеріп қалар. Талай батпан мен балпанды жын қағып кеткендей дедектеткен әйгілі ащы су емес пе»,- деп сырттай келісіп алып, араққа да жығып көрген. Үміттері ақталмады. Манап бауырын жерден көтермек түгіл, қол-аяғын қозғаудан қалған. Жолдастары сұрап сөз ала алмады. «Сөзге салсаң баспайтын, араққа салса, батпайтын мынау бір Алпамыс екен»,- деп, екі қолдарын төбесіне қойған. Татып алмаса да, осы минутта сондай сүлесоқ хәлді бастан кешіп отыр.
− Қалай, ініңізді тауып алдыңыз ба?- деген дауысты естігенде ғана зілдей басын зордың күшімен көтерді. Манаты шофер, манағы такси...
− Таптым.
− Халі қалай?
− Тым жақсы.
Такси шинасы ғана сыбырлап келеді.
− Тез қайттыңыз.
− Жұмыс бастан асып жатыр.
Шофер ұқтым деген сыңайда басын изеді. Сол көзін сығырайта қысып алып, жайымен сөз бастады. Сөйлеген сайын даусы қатайып, үдей берді.
− Мен де жалғыз қарындасымды жоғалтып, жер соғып қалған жан едім. Әкей Венгрия топырағын жамылып жатыр. Шешені Ленинград блокадасында бергенбіз. Әупіріммен тірі қалған көршілер қиын күндері пана болып, қоршау шебі бұзылғасын балалар үйіне өткізді. Соғыстан соңғы қым-қуыт аласапыранда балалар үйі екіге бөлініп, біреуі басқа өлкеге көшіп кетті. Сол апалас-төпелесте бір-бірімізден көз жазып қалдық. Мен бесте, ол үш жаста екен,- дегенде «Волганың» жұмсақ, сырылы кенет күшейіп, гүрілге ұласып барып, сәлден соң демігін басылды. − Үй болдық, бала-шағалымын. Судың да сұрауы бар.