Өсімдіктің негізгі сабағы. Қозаның негізгі түп тамырының жоғарығы бөлігі тамыр деңгейінің үстіңгі жағына қарай қозаның негізгі сабағына айналады.
Қозаның негізгі сабағының биіктігі суармалы егіншілік жағдайында оның сортына және өсіп өну жағдайларына байланысты болады. Әдетте оның биіктігі 70-80 сантиметрден 120-140 сантиметрге дейін, көп жағдайда тіпті 1 метрге дейін жетеді.
Жер асты суының деңгейі таяу Мақтаарал ауданындағы соры шайылған жерлерде қозаның негізгі сабағының биіктігі әдетте 1 метрден асып кетеді, ал, орталық аймақты (Келес, Сарыағаш аудандары), сондай-ақ ьопырақтағы жеңіл әрі құмшауыт келетін солтүстік аймақта (Түркістан, Бөген, Шардара аудандары) негізгі сабақтың биіктігі бұдан әлдеқайда кем болады.
Негізгі сабақтың диаметрі оның түбіріне таман суармалы егіс жағдайында әдетте 1,0-1,5, кейде 2 сантиметрге дейін жетеді.
Қозаның негізгі сабағының жапырлып қалуы мейлінше келеңсіз құбылыс болып табылады. Өйткені мұның өзі қозаның қатараралығын өңдеуді, шитті мақтаны жинап алуды, әсіресе машинамен жинап алуды қиындатады, оның үстіне жерде жапырылып қалған қозаның өнімі бүлінеді және оның едәуір бөлігі ысырап болады.
Қозаның бұлай жапырылып қалуға бейімділігі әсіресе оны шектен тыс көлдетіп суарудың және азот тыңайтқышы шамадан тыс көп берілген құнарлы топырақтың салдары болып табылады. Қозаның жапырылып қалуына оның әртүрлі жиілікте болуы және вегетациялық өсіп жетілу кезеңінің екінші жартысында күшті желдің соққсысына ұшырауыда себеп болады. Мұндай жел әсіресе Арыс-Түркістан аймағында жиі кездеседі.
Өсімдіктің негізгі сабағының өсуі мен дамуының шапшаңдығына қозаның сортына байланысты ерекшеліктерімен қатар сыртқы қоршаған ортаның тигізетін ықпалыда күшті. Атап айтқанда, ауаның температурасы, топырақтың ылғалдылығы және қоректік заттармен қаншалықты дәрежеде қамтамасыз етілгендігі және топырақтың тұзданып сортаңдануы осындай әсерін тигізбей тұрмайды.
Сыртқы орта жағдайларының неғұрлым қолайлы болып ұштасып келуі өсімдік сабағының соғұрлым жақсы жақсы өсіп түсуіне пайдалы.
Қозаның биологиялық ерекшеліктерінің бірі – өте баяу өсетіндігі және оның сабағының гүл жаруға дейінгі алғашқы кезеңде ғана өсіп дамитындығы. Одан кейінгі қозаныың өсуі мен дамуы шапшаңдай түседі. Мұның неғұрлым қарқыгды кезеңі – қозаның гүлдейтін шағы.
Қозаның көсектері пісіп-жетіліп, ашыла бастардың алдында сабақтың өсуі мен дамуы бірте-бірте баяулай түседі және вегетациялық өсіп-жетілу кезеңінің соңына қарай біржола тоқтайды.
Қозаның әртүрлі шапшаңдықпен тез өсіп жетілетін түрлері мен сорттары бір-бірінен оның сабағының қаншалықты шапшаңдықпен өсетіндігіне байланысты да ерекшеленеді. Неғұрлым кеш пісетін түрлерінің өсіп жетілуі тез өсіп-жетілетін түрлеріне қарағанда неғұрлым қарқынды болады.