АБАЙДЫҢ «ОТЫЗ СЕГІЗІНШІ» ҚАРАСӨЗІНДЕГІ
«ИМАНИ ГҮЛ» КОНЦЕПЦИЯСЫ
Бекбосынов Марат Нұрғазыұлы
филология ғылымдарының кандидаты, доцент,
Абай атындағы ҚазҰПУ «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының
жетекші ғылыми қызметкері
Абайдың «сахараны басқан қара түн-түнекті қақ жарып, жалғыз қолда жалынды
жалғыз шырақ ұстап, халқына бет нұсқап: «таңың белден атады, күнің сонау жақтан
шығады» [1,275], – деумен өткен арпалысты ғұмыры халқын, қала берді адам баласын
адамдық игі қасиеттерге, білім-ғылымға, адамзатқа ортақ мораль принциптері мен
гуманизмге шақырумен өтті. Сондықтан да Абай әлемдік ақыл-ой қайнарларынан және
өз жанынан қорытып алған асыл құндылықтарды өзінің көркем мұралары арқылы өз
заманына ғана емес, келешек ғасырларға да рухани азық болар өлмес сөз, таусылмас
қазына етіп ұсына білді.
Олай болса, осынау баға жетпес асыл мұраның әр сөзін кемеңгердің өзі:
«махаббаттың төлеуі – махаббат» [2, 124], – деп айтқан өсиетіне сай жүрегімізге сіңіре
қабылдау парыз емес пе?!
1995 жылғы Абай шығармаларының екі томдық академиялық жинағының 2004
жылғы қайыра басылған төртінші басылымында Абайдың рухани мұрасының жиыны
180 өлең (оның 8-ін академиялық жинақтың «Түсініктер» бөліміне Қайым
Мұхамедханов енгізген), 51 аударма өлең (оның 1-і С.И.Никитиннен аударған «Өмір»
атты аударма өлеңін жинақтың «Түсініктер» бөліміне Қайым Мұхамедханов енгізген),
4 поэма (оның 1-еуі «Вадим» атты М.Ю.Лермонтовтың романының поэтикалық
аудармасы), 45 қара сөз және «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы»
атты тарихи мақала деп көрсетілген.
Осылардың ішіндегі күні бүгінге дейін қалың оқырманға түсініп оқуға қиындық
тудырып келе жатқан еңбегі – «Отыз сегізінші сөзі». Алғаш рет М.Әуезов пен
І.Жансүгіров 1933 жылғы академиялық тұңғыш жинаққа Мүрсейіт қолжазбалары
негізінде тақырыбын «Отыз сегізінші сөз» деп өзгертіп енгізген. Неліктен жинақты
шығарушылар еңбекті Мүрсейіт қолжазбаларындағы «Китап тасдих» деген
тақырыппен бермей, рет санын қойып, қара сөздер ішіне енгізгені жайлы ғалымдар
шығарманың діни тақырыпқа арналғанымен, ал Кеңес өкіметінің дінді апиынға теңеп,
қатаң тиым салғанымен түсіндіреді. Ал енді «Отыз сегізінші сөздің» оқуға ауырлық
келтіру себебі, ондағы араб-парсы сөздерінің, Шығыстық Ислам фалсафасының
ғылыми терминдерінің мол қолданылып, стилі Абай кезіндегі қадімдік оқу жүйесі
стиліне сай жазылғанынан болып отыр. Оған қоса, Кеңес дәуірінде дінді терістеуге
байланысты ғалымдар еңбекті қазақтың ауызекі сөйлеу стиліне аударуға құлықты
болмаса, қазіргі шаруа, мінез күнде өзгерген қым-қуыт заманда уақытпенен арпалысып,
шығарманың толық мазмұнына көз жеткізбей, өз ыңғайына қарай еңбектің әр жерінен
сілтеме алып, өзіндік түйін жасап жүргендер байқалады. Тіпті шығарманың
тақырыбының өзін әркім әртүрлі атап жүр. Олардың бұл орайда келтірер дәлел,
дәйектерімен де таныспыз, оқыдық. Алайда, түйіс пікір айтуға қақымыз жоқ болса да,
бізге салса, біз Көкбайдың «Ғақлиқат тасдиқат» («Шындықты тану ілімі») деп айтқан
сөзін қолдар едік. Себебі, біріншіден, Көкбай – Абай балалары мен шәкірттерінің
ішінде Абаймен ең жақын шығармашылық байланыста болған адам, екіншіден, 16
жасында әкесі Жанатайдың Абай тәрбиесіне берген кезінен бастап, кемеңгердің
тағылымын көріп, 1880-ші жылдардан Абаймен айрылмас дос болып, Абай өмірінің
соңына дейін қасында болған адам.
Кез-келген шығарманың нақты айтар идеясы, қорытынды мазмұны болады.
Шығарма бөлшектері сол басты мазмұнды толықтыруға қызмет етеді. Сондықтан,
9
кемеңгердің сөзін сол шығарманың негізгі мазмұнынан үзіп алып, өз мақсатына қарай
пайдалануға жол жоқ. Әйтпесе, Абай «Ел тыныш болса, жақсы сол» деген деп билік
өкілдері, Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген деп дін өкілдері, басқа да топтар
Абайдың тұтас шығармасындағы негізгі идеясын түсінбей немесе қасақана бұрмалап,
өз мүдделеріне пайдаланып жүргеніне мысалдар жетерлік.
Сондықтан Абайдың «Отыз сегізінші сөзін» шамамыз жеткенше оқырман
көпшілікке түсінікті болу үшін ауызекі стилге аударып, ұсынып отырмыз. Ең алдымен,
шығарманың толық мазмұнына келсек, туындыны Абай «Ей, жүрегімнің қуаты,
ұрпақтарым!» – деп бастап, Алла тағаланың адамзатты махаббатпен жаратқандығын,
сол махаббатпен жаратқан Алланы тану үшін Алланың ұлы есімдері мен сегіз
сипатының әрқайсысынан пендесіне шектеулі шамада бар қылып берген сипаттарды
Алла сипаттарына ұқсату керектігін, адам баласының бұ дүниедегі міндеті ғылым,
рақым, әділет, шындық, жомарттық, ақылдылық екендігін саралап талдауға арналған.
«Отыз сегізінші сөздегі» осы басты мәселенің түйінді жауабы Абайдың «Алланың өзі
де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі Иманигүл концепциясында тұжырымдалып берілген.
Шығарманың негізгі мазмұнын ашуда дәйекке келтірген кемеңгердің өзге де ой-
танымдары Абайдың басқа өлеңдерінде поэтикалық мәнде сипатталады.
Енді Абайдың «Отыз сегізінші сөзінің» мазмұнын толық ұғынып оқып шығу
үшін 1995 жылғы Абай шығармаларының екі томдық академиялық жинағын немесе сол
академиялық жинақтың одан кейінгі жылдардағы қайтара басылған басылымдарының
бірін және осы аударманы алдарыңызға қойып, абзац-абзац бойынша салыстырып,
оқып көріңіздер. Академиялық жинақта шығарма 38 абзацтан тұрады. Аудармада да
дәл солай алынды. Біз түсініктемеде әр абзацта айтылған ойды толық қайталамаймыз,
себебі аударма осы мақсат үшін жасалғандықтан, тек негізгі пікірлерді ғана шолып
айтамыз.
Шығарманы ұрпаққа қарата бастаған Абай бірінші абзацта Алланы, дүниені,
өзін танып, пайда мен залалды ажырату үшін әуелі баланы оқыту керектігіне
тоқталады.
Келесі абзацта білім, ғылымды бала ең алдымен Алланы тану үшін игеруі керек
дейді. Оған дәлел ретінде Алланы тану дегеніміз, Алла салған ақиқат, растықтың
жолымен жүру деген сөз. Өйткені, ғылым – Алланың бір сипаты. Адамның ғылымы –
Алланың ғылымы емес, алайда Алланы тануға жетелейтін ғылымға ынтықтық. Мұның
өзі де адамға өзіндік ғылым береді дейді.
Үшінші абзацта иманның ақиқаты не екенін білу керектігін, адамның өзі үшін
иман келтіретінін айтып, иманнан қандай пайда алуға болады деген сауал қояды.
Келесі абзацта Алланың ұлы есімдері мен сегіз сипатын атап, Алланың
пендесіне осылардың әрқайсысынан шектеулі шамада бар қылып бергенін, өйткені
Алла жаратқан күллі жаратылыс, ғаламдағы бар нәрсе Алламен бірлікте екенін,
сондықтан адамның өзіне берілген шектеулі кішкене сипаттарын Алланың ұлы
сипаттарына ұқсатуға тырысу керектігін айта келіп, сол Алла сипаттарының төртеуі
жайлы айтайын. Оның екеуі – ғылым мен құдірет. Қалған алтауы осы екеуін анықтау
үшін қажет. Осы алтауының бірі – тірлік дейді.
Бесінші абзацта Абай Алланың сегіз сипатының екеуі – ғылым мен құдіретке
тоқталып, Алланың ғылымының барша ғаламды әрекетке түсіріп тұрғанын, ғылым мен
құдірет біздің ұғымымызда ғана екі бөлек нәрсе екенін, шындығында ол ғылымды
құдірет екенін айтады. Ал Алланың адамға бар қылып берген құдіреті, ол – пенденің
қуаты дейді. Одан әрі Аллада бар құдіретті ғылымның ішінде рахмет те бар екенін
айтады.
Келесі екі абзацта Алланың рахметіне мысалдар келтіре отырып, осы
мысалдардан Алланың адамға деген жан ашушылығы мен әділетінің көрінетінін айта
келіп, біздің осы жан ашыған әділетті иманның шарттарынан үлгі алмайтынымызды
айтады. Олай болғанда кімде-кім әділетті жоғары ұстамаса, оның әділеті жоқ. Оның
10
әділеті жоқ болса, оның ұяты жоқ, ал ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ. Ендеше, иман
құр сеніммен емес, әділеттілікті жоғары ұстаумен болады екен. Әділет пен жаның
ашып шын ниетпен игі іс істемесең, құр тәніңмен қылған құлшылықтың ешқайсысы
әділет пен жақсылыққа жеткізбейді. Сондықтан құр сыртыңмен ғана намаз оқушы,
ораза тұтушылардың нендей күйге ұшырағанын күнде көзің көрді, оған дәлел керек
емес дейді.
Келесі екі абзацта Абай құдай тағала ғылымды, рақымды, әділетті, құдіретті
дедік, сен де осы ғылым, рақым, әділет сипаттарды бойыңа сіңіруге талпынуың керек
дей келіп, ізгілікке тоқталады. Бұл орайда Абай ізгілікте шындық, жомарттық,
ақылдылық сипаттардың бар екенін, осы үш сипаты бар ізгіліктен шын әділет, ақ
пейілді шапағат туатынын айтады. Осы айтылған шындық, жомарттық, ақылдылық үш
сипаттың иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакимдер, ең
ақыры – кәміл мұсылмандар дейді. Соның әулиелері осы үш түрлі сипаттардың о
дүниедегі пайдасын, хакимдер бұ дүниедегі пайдасын айтты, алайда екеуі де бұл үш
сипатты Алла тағаланың көркем бейнесіне қарап ұғыну керек деді дей келіп, бұдан
ғибрат, тағылым алу керек дейді. Одан соң маған осы екі топтағылар да өздерінің бір
түрлі нәпсілерін тиюшылар деген ой келеді деп, өз сынын айта келіп, хакім мен
ғалымға анықтама береді.
Келесі он екінші абзацта өз заманындағы сауатсыз молдаларды ақиқаттың
дұшпандары деп сынай келіп, Түркия патшалығындағы жаңа оқуды үлгі етіп ұсынады.
Келесі екі абзацта дүние ғылымын үйрену жоқшылықтан құтқарып қана қоймай,
ізгілік жасау үшін мал табатын адал кәсіпке жетелейтінін, сондықтан малды сатып,
ғылымды кәсіп ету керектігін, алайда сол тапқан ғылым мен өнер әділеттен шықпай,
дін шарттарына сәйкес болсын дейді. Сөзіне дәлел ретінде өз заманындағы
ишандардың жағымсыз іс-ірекеттерінен дәлел-дәйек келтіреді.
Келесі абзацта Алла тағаланың жолы шексіз, өлшеусіз, кім де кім сол жолға
жүруді өзіне шарт қып алса, сол – таза мұсылман, толық адам дей келіп, ол жолдың
басты шарты әділет, шапағат дейді. Кейбір өзінде бармен көзге ұрып, сыртын түзеп,
айнаға табынғандарды сын тезіне алады.
Келесі он алтыншы – жиырма алтыншы абзацтарда достық туралы, өзін
өзгелерден артық көрудің түрлері туралы, мақтан, күншілдік, надандық, білімсіздік,
еріншектік, залымдық жайлы айта келіп, бұлардың емі жаратушыға махаббаты, адам
баласына шапқаты болып, қайратты, тұрлаулы, әділет ісінің алды-артын білерлік
құдайға бағынышты ғылым болсын, құдай тағала бұл ғаламды жаратты, келісіммен,
даналықпен толымды жолға салып жасады, сондықтан сіздің ісіңіз де жақсылықты
негіз, тірек еткен, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Құдай тағала әр түрлі нәрсені
жаратқанда, пайда берсін деген оймен жаратты. Сондықтан сенің ісіңнен де зиян
шығып кетпей, көпке пайдасы боларлық үміттен туған іс болсын. Бұларсыз іс іс емес.
Мүмкін бұларсыз құлшылық құлшылық та емес дейді.
Келесі жиырма жетінші абзацта Абай Құдайдың ешбір нәрсені себеп, парызсыз
жаратпағаны, сондықтан әрбір істе ізгілік қылып, ізгілікті мақсат етіп, сол ниетте болу
керектігін, ал ниетіңіздің қазығы ішкі иман тазалығы болып, сыртқы
құлшылығыңыздың иманды болуы парыз екенін айта келіп, ол сөзіне дәлел ретінде
ғұламалардың: «Иман екеу емес, біреу. Ол ізгі құлшылықпен нұрланады, ізгі құлшылық
жоқ болса, күңгірттенеді, мүмкін сөну қаупі де бар. Егер надандар ол табынудың ішкі
сырын ескермей істесе, соны атқарып жүріп, иманы сөнер», – деген сөздерін келтірген.
Келесі жиырма сегізінші абзацтан шығарманың аяғына дейінгі абзацтарда
құдайға құлшылықтың өтеуі тек сыртымен намаз оқу деп біліп, ішкі иманның
тазалығын ұмытудың қаупін талдап түсіндіруге арналған. Бұл орайда Абай намаздың
түп негізі иманның тазалығына байланысты екенін ишаратпен, астарлап көрсеткен.
11
Отыз сегізінші сөз
Ей, жүрегімнің қуаты, ұрпақтарым! Сіздерге адам баласының мінездері туралы
біраз өсиет жазып қалдырайын. Махаббаттың төлеуі махаббат емес пе?! Сондықтан,
ықыласпен оқып, ұғып алыңыздар. Әуелі адамның адамдығы ақылы мен ғылымынан
көрінеді. Ал осы ақыл мен ғылымның табылуы үшін адамның жаны мен тәні сау болуы
керек. Бұлар адам жаратылысымен бірге туады. Қалған қасиеттердің бәрі жақсы ата-
ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздың әсер, тәрбиесінен болады. Талап пен ұғым
махаббаттан шығады. Ал адамның ғылым-білімге ынта жігерімен махаббаттана
ұмтылуына жаңағы айтқан үшеуі әсер етеді. Ғылым-білімді бала басында өзі іздемейді.
Сол себепті ынта қойып, талаптанып ізденгенінше, баланы зорлықпен не алдаумен
болсын ғылым-білімге үйір ету керек. Нәтижесінде бала білім, ғылымды махаббатпен
көксеп, іздеп меңгеруге кіріссе, сонда ғана оны адам деуге болады. Келе-келе бала
Алланы тану, дүниені тану, өзін тану, пайда мен залалды ажырату сияқты білім,
ғылымды үйренсе, болашақта білімді азамат болады деп үміттенуге болады. Ал мұндай
ғылым-білімді үйренбесе, оған көбінесе ата-аналары кінәлі. Өйткені жасынан
балаларын дұрыс тәрбиелемей, қиянатшылыққа үйір қылып алады да кейін моллаға
берген болады, я балалары өздері барып оқыған болады, бірақ одан пайдалы нәтиже
шықпайды.
Сөйтіп қиянатшылыққа үйір болып тәрбиеленген балалар дінге де, ғылымға да,
ұстазға да қиянатпен қарап, білуге талаптанбайды. Бұл қиянатшылар – жарым адам,
жарым молла, жарым мұсылман. Олардың бойында адамдық қасиеттердің жетілуі өте
қиын. Себебі, Алла тағаланы тануға ұмтылу дегеніміз, Алла салған ақиқат, растықтың
жолымен жүру болса, қиянат сол ақиқат пен растықтың қас дұшпаны. Дүшпаны
арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде қиянат тұрғанда, ақиқат табылмайды.
Адамның білім-ғылымы ақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің шығу себебін,
Алланың даналығын білмекке ынтықтықпен табылады. Бұл – Алланың ғылымы емес,
алайда Алланы тануға жетелейтін ғылымға ынтықтық. Мұның өзі де адамға өзіндік
ғылым береді. Ол үшін адам Аллаға ғашық болуы керек. Өйткені, ғылым – Алланың бір
сипаты. Алла – ақиқат, оған ғашықтықтың өзі де дұрыстық пен адамдық болады.
Әйтпесе мал тауып, мақтан қуып, соның арқасында атаққа, құрметке бөленемін деумен
ғылым-білімнің ақиқаты табылмайды.
Мал, мақтан, атақ, абырой адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды, қайта
оған көрік береді. Егер адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығын
жоғалтады. Олай болса, ақиқатқа сүйеніп, шындықты білмекке құмар болсаң,
адамдыққа лайық ықыласыңды қойып тыңда. Әуелі ислам дініндегі пенделер иманның
ақиқаты не екенін білуі керек. Иман дегеніміз бір ғана сенім емес, сондықтан сен Алла
тағаланың бір екеніне, Құранның оның сөзі екеніне және Мұхаммед пайғамбардың
Алланың елшісі екеніне сенуің қажет. Алайда мұнымен іс бітпейді. Сен Алла тағалаға
Алла тағала үшін иман келтіресің бе, әлде өзің үшін иман келтіресің бе? Сен иман
келтірмесең де Алла тағалаға одан келер кемшілік жоқ. Ендеше сен өзің үшін иман
келтіріп, иландың. Ол илануың, сенуің құр сенім болса, одан саған пайда жоқ. Бірақ
ынталы жүрек, шын көңіліңмен пайда аламын десең, пайда береді, толық иман болады.
Ол үшін пайданы қалай алуды білу керек.
Сіз: «Мен Аллаға, сол сияқты оның есімдері мен құдіретті сипаттарына
сенемін», – дедіңіз. Яғни, Алланың ұлы есімдері мен олардың мағыналарын біліп және
Алланың өзіне ғана лайық сипаттары не екенін толық үйрен. Өзіңді Алланың құлы деп
біліп, өз пиғылдарыңды соған барынша ұқсатуға тырыс. Бұл сөзден: «Алла тағалаға
адам қалай ұқсамақ?» – деп надандықпен жиіркенбе. Алла тағалаға ұқсау деген онымен
бірдей болу деген сөз емес, оның соңында болу деген сөз. Алла тағалада оның өзіне
ғана тән мынадай сипаттар бар: тіршілігі, ғылымы, құдіреті, білуі, естуі, қалауы,
сөйлеуі, тудыруы. Алланың өзіне ғана тән осы сегіз сипатпен бірдей болмаса да, Алла
пендесіне осылардың әрқайсысынан шектеулі шамада бар қылып берген. Біз өз
12
бойымыздағы Алла сипаттарымен аттас осы кішкентай сипаттарды Алланың ұлы
сипаттарынан бас бұрғызып, өзге жолға салсақ, біз мұсылман боламыз ба? Жоқ. Олай
болса, біз өз бойымыздағы осы сегіз сипатты Алланың ұлы сипаттарына ерту үшін не
істеу керек екенін білуіміз қажет. Алла тағаланың заты ешбір сипатқа мұқтаж емес, ол
сипаттарға біздің ақылымыз мұқтаж. Сондықтан бізге осы сипаттарды анықтап түсініп
алу керек. Егер Алланың сипаттарын анықтап түсініп алмасақ, Алланы тани алмаймыз.
Біз Алла тағаланы оның өзінің білінген қасиеттері арқылы ғана білеміз, әйтпесе түгел
білу мүмкін емес. Заты түгіл, даналығына ешбір данышпан ақыл ілестіре алмады.
Өйткені, Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді
білуге болмайды. Біз Алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, Алла «бір» дегенде осы
ұғымның ақылымызға ұғынықтылығы үшін айтамыз. Әйтпесе, «бір» деу Алла тағалаға
лайық емес. Өйткені, Алла жаратқан күллі жаратылыс, ғаламдағы бар нәрсе Алламен
бірлікте. Яғни Алла өзі жаратқан ғаламның ішінде, ал ғалам Алла тағаланың ішінде.
Мұны Алланың дәлелді сегіз сипаттары мен тоқсан тоғыз көркем есімдері көрсетіп тұр.
Бұлардың барлығы Алла тағаланың өзіне лайық тұрақты және нақты сипаттары. Мен
осы сипаттардың төртеуі жайлы айтайын. Оның екеуі – ғылым мен құдірет. Қалған
алтауы осы екеуін анықтау үшін қажет. Осы алтауының бірі – тірлік.
Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым мен құдірет сипаттарын айттық. Осы ғылым
мен құдірет күшті болатын нәрселер ме? Әлбетте. Ғылым құдіреті бар болады, егер
оның тірлігі мен қалауы болса. Яки, ғылым бар болса, қалау да бар. Алланың ғылымы
ешнәрсеге жеке әрекет бермейді, барша ғаламды әрекетке түсіреді. Ғылымның бір
сипаты сөз, ал сөз әріпсіз, дауыссыз бола ма? Алланың сөзі – әріпсіз, дауыссыз. Олай
болса Алланың ғылымында сөйлегендей қылып білдіретін құдірет пен көру, есту бар.
Алланың көруі, естуі адамдікіндей көзбен көріп, құлақпен есту емес, көргендей,
естігендей білетін өзіндік Алла ғылымының сипаты. Алланың тағы бір сипаты – жасау,
бар қылу. Егер осы бар қылдырмағы өз алдына бір сипат болса, Алланың сипаты
өзіндей көне, мәңгілік және әдеби болады да, жалпы бар қылудан босамаса, бір сипаты
бір сипатынан үлкен немесе кіші болуы ақылға симайды. Олай болса, ғылым, құдірет
сипаттары секілді еркін болмай, үнемі бар қылудан босамаса, еріксіздік туады. Бұл
ықтиярсыздық Алла тағалаға лайық емес. Сондықтан Алланың бар етуі – оның
құдіретіне ғана бір түсінік. Алланың ғылым, құдіретінде ешбір өлшеусіздік,
ғылымында ұқыпсыздық, құдіретінде есепсіздік пен нашарлық жоқ. Мұны Алланың
жақсылық іс істеушілігіне қарап білесіз. Осы көзімізге көрінген, көңілімізге сезілген
ғаламды қандай даналықпен өзара жарастырып, қандай құдіретпен орналастырғанына
ешбір адамның ақылы жетпейді. Бірақ Алланың пендесінде ақыл – басшы, қайрат, қуат
– қызметші ғой. Сондықтан Алла тағаланың сипаты да сондай шығар деп ойлайсың.
Алайда ғылым мен құдірет біздің ұғымымызда ғана екі бөлек нәрсе, ал шындығында ол
бір-ақ нәрсе – ғылымды құдірет. Олай болмағанда сипаттардың бірі – ертуші, бірі –
еруші болып, Алланың тең сипаттарына жараспай, Алла сипаттары арқылы оны тануға
жарамай қалады ғой. Егер осы сегіз сипатты бірге алып, басқа да емес, өзі де емес
қылып ұғынсақ, бұлардан өз алдына бөлек жиын шығып кетеді. Ал бұл сипаттардың
әрқайсысын бөлек-бөлек қарастырсақ, құдай көп нәрседен жиылып құралған болып
шығады. Бұлай деу қате. Адамда бар құдірет: ол – пенденің қуаты. Ал ғылым, ақылдан
тыс тұрған, Алла тағалада болатын құдірет – ғылым мен рахмет. Алланың рахмет
сипаты сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да, Алла тағаланың жарылқаушы, мейірімді,
кешіруші, сүюші, қорғаушы, ара тұрушы, ырыздық беруші, пайда беруші, басқарушы
деген есімдеріне негізделген ұлы сипатынан танылады. Бұл сөзіме дәстүрге сүйенген
ғылыммен айтар дәлелім – Алла тағаланың есімдері болса, ақылмен тапқан ғылыммен
айтар дәлелім – құдайдың бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен және бір-бірінен
пайда алатын етіп жаратуы. Яғни, жансыздан пайда алатын етіп жан иесі хайуандарды,
олардан пайда алатын етіп адамды жаратты.
13
Хайуандарды асырайтын жансыздардың еті ауырмайтын қылып, жан иесі
хайуандарды ақыл иесі адамдар асырайтын қылып және хайуандардан о дүниеде сұрау
болмайтын қылып, адам баласының жансыздар мен хайуандардан бұ дүниеде пайда
алатын қылып жаратқан. Бірақ адамдардан о дүниеде сұрау алатын қылып жаратты.
Осы сұрау алуда әділет пен махаббат бар. Махаббатына дәлел, адам баласын құрт, құс,
өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет
еткізіп, аузына қолы ас бергенде не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып,
ләззәттансын деп, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстіне тазалығын байқасын деп
екі көз беріп, ол көздерді залалды заттардан қорғап тұратын қабақ беріп, ол қабақтарды
ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзіне ақпасын
деп, қас беріп, оны жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келмеген істі бірігіп істу үшін,
бірінің ойын бірі түсіну үшін тіліне сөз беріп жаратқаны емес пе?! Олай болса, кім
саған махаббат қылса, сен де оған махаббат қылуың қарыз іс емес пе?! Ақыл көзімен
қара: күн қыздырып теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер
жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-
бәйшешектерді, ағаш-жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше алуан
өсімдіктерді өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтарды ағызып, өзен етіп, өзендерді
ағызып, дария етіп хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға мекен болып жатыр
екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін,
жұмыртқасын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар
икрасын; ара балын, балауызын; құрт жібегін – барлығы да адам баласының пайдасына
қызмет етіп, ешбірінде бұл менікі дерлік нәрсе жоқ болып, бәрі адамның таусылмас
азығы болып отыр.
Ойшылдықпен жасалған миллион машина, фабрика адам баласының рахаты,
пайдасы үшін жасалса, осыны жасаушы махаббат иесінің адам баласын сүйгендігі емес
пе?! Кім сені сүйсе, оны да сүю қарыз емес пе?! Адам баласы қанағатсыздықпенен бұл
хайуандардың тұқымын құртып, алдыңғылыр артқыларға жәбір қылмасын деп, малды
адам баласының өзінің қызғанышына қорғалатып, өзге хайуандарды бірін ұшқыр
қанатына, бірін күшті қуатына, бірін жүйрік аяғына сүйентіп, бірін биік жартасқа, бірін
терең тұңғиыққа, қалың орманға қорғалатып, әрбірін өсіп-өнбекке құмар қылып, жас
күнінде, кішкене уақытында бірін-бірі қорғап, көмектесуге бастарын біріктіріп, қамқор
қылып қоюуы – адам баласына өсіп-өніп, теңдік алсын деп емес, қайта олар адам
баласының үзілмес ұрпағына таусылмас азық болсын дегендік. Алланың осындай
даналығының бәрінен адамға деген жан ашушылығы мен әділеті анық көрініп тұр ғой.
Біз осы жан ашыған әділетті иманның шарттарынан үлгі алмаймыз, ендеше мұсылман
болып, Алла тағалаға беріліп, оның жолындамыз дегеніміз қайсы?! Осы екеуі-ақ ай мен
күндей анық көрініп тұрған жоқ па?! Құдайдың ниет, пиғылының ешбірін жақын
тұтпаймыз, өзгелерде болғанын жек көрмейміз, өзіміз тұтынбаймыз, бұл қиянатшылық
емес пе?! Қиянатшылыққа бір табан жақын тұрған адам – я мұсылман емес, ең болмаса
шала мұсылман. Игілікке бастаушы ұлы Алланың пенделеріне салған жолы қайсы?
Оны көбі білмейді. «Тәңір туралы ойлану» хадисіндегі: «Шынында да Құдай әділ
адамдарды сүйеді» деген әңгімеге ешкімнің ықыласы, көңілі мен ғылымы жетіп
құптағанын көргенім жоқ. Құранның іші «Адамдар жақсылық пен иманшылыққа
табынады, соңынан ереді, өйткені Алла да жақсыны сүйеді», «Адал жүрушілердің және
жақсылық жасаушылардың орны ұжмақта және олар мәңгі өмір сүреді» деген сияқты
жақсылық пен игі істерге толы аяттардан тұратынын білмейміз. «Адал жақсы іс
атқаратын адамдар оларға берілген жақсылықты толық қайтарады, өйткені Құдай
залымдарды сүймейді» деген аятқа қарасаң жақсылық іс залымдыққа қарсы екенін
көресің. Олай болғанда кімде-кім әділетті жоғары ұстамаса, оның әділеті жоқ. Оның
әділеті жоқ болса, оның ұяты жоқ, ал ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ. Бұған
Пайғамбарымыздың Алла оған игі тілек тілеп, сәлемін алсын: «Кімде-кімнің ұяты
болмаса, соның иманы да жоқ» деген хадисі дәлел. Ендеше, иман құр сеніммен емес,
14
әділеттілікті жоғары ұстаумен болады екен. Әділет пен жаның ашып шын ниетпен игі
іс істемесең, құр тәніңмен қылған құлшылықтың ешқайсысы әділет пен жақсылыққа
жеткізбейді. Сыртымен ғана намаз оқушы, ораза тұтушылардың нендей күйге
ұшырағанын күнде көзің көрді, оған дәлел керек емес. Мүмкін әділет барша игіліктің
анасы шығар. Өйткені, ынсап, ұят – әділеттен шығады ғой. Сол үшін де әділетті
адамның көңіліне келеді: мен өз көңілімде халық менімен араласса, қарым-қатынас
жасаса деп ойлап тұрып, өзім сол халықпен араласпауым дұрыс емес қой деп. Міне
осының өзі-ақ әділет пен ынсап емес пе?! Бұл барлық жақсылықтың басы емес пе?!
Олай болса, осындай мінез, құлығымен осы ойды ойлаған кісі жаратушыны,
шүкіршілікті неге ойламасын?!
Сыйлау, құрметтеу, құлшылық етудің бәрі шүкіршіліктен туады. Сондықтан
қорғаушының әділеті мен шапағатынан шықпаңдар. Егер одан кетсеңдер иман да,
адамдық та бәрі кетеді. Аллаяр сопының бір адамнан жүз адам қолайсыз жағдайға
түседі дегені басыңа келеді. Осы сөзіміздің басындағы түсіндіруімізде Құдай тағала
ғылымды, рақымды, әділетті, құдіретті дедік. Сен де осы ғылым, рақым, әділет
сипаттарды бойыңа сіңіруге талпындың, мұсылман болдың және толық адамгершілікке
жеттің. Ізгілікте шындық, жомарттық, ақылдылық сипаттар бар. Осы үш сипаты бар
ізгіліктен шын әділет, ақ пейілді шапағат туады. Ғылымның бір аты ақыл екені белгілі.
Бұларды Алла тағала әр адамның бойына өз шамасына қарай бар қылып берген. Бірақ
оны әрі қарай дамытып, гүлдендіру, толық кемеліне келтіру әр адамның ынта, жігеріне
байланысты. Бұлар – өзің талаптанып таза ниетпен ізденсең ғана берілетін нәрселер,
болмаса жоқ. Осы айтылған шындық, жомарттық, ақылдылық үш сипаттың иелерінің
алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакимдер, ең ақыры – кәміл
мұсылмандар. Өзін құл біліп, осы үш түрлі ниеттің соңында болып, соларды
ғашықтықпен тұтуды пайғамбарлар әулиелерге үйретті, әулиелер оқыды, ғашық болды.
Бірақ о дүниеде ақырзаманда тиер пайдасын ғана ойлады. Ғашықтары сол халге жетті,
дүниені, дүниедегі тиер пайдасын ұмытты. Мүмкін есепке де алмады. Хакимдер
дүниеде тиетін пайдасын айтты. Тәрбиелік көзбен қарағанда, екеуі де бір-бірінен көп
жырақ кетпейді. Әулиелер мен хакимдердің шындық, жомарттық, ақылдылықты
түсіндіруі екі түрлі болса да, осы үш сипатты Алла тағаланың көркем бейнесіне қарап
ұғыну керектігін екеуі де айтады. Ұғынудың соңы ғибрат, тағылым алу болса керек.
Ақыл мен ғылым – адамның өзін зор санап, залымдықпен өзгелерді алдамақты жек
көреді. Бұл әділет және ақыл да, ғылым да жақсылық іс істеуді, шапағатты болуды
талап етеді, бұл рақым болса керек. Бірақ маған осы екі топтағылар да өздерінің бір
түрлі нәпсілерін тиюшылар деген ой келеді. Яғни, пенделіктің толысуы әулиелікпен
болса, күллі адам баласы бұл дүниеден баз кешіп, дін жолында белгілі бір діни ағымға
кірсе, дүние ойран болар еді. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім
тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін
жаратқан қазыналарын кім іздейді? Арам, жиренішті жаман істер былай тұрсын, Құдай
тағаланың қуатымен, өзіңнің талап ақылыңмен тауып, рахатын көруге жаратқан,
Алланың берген бақытына, одан көрмек рақатқа суық көзбен қарап, ескерусіз тастап
кету ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?!
Құдайдың бергеніне шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпен күнәкәр болмайсың
ба?! Екінші, бұл жолдағылар қор болып, дүниеден жоқ болып кету қаупі де бар, немесе
кәпірлерге жем болуы, ал кейбір сабырсыздары басқалармен бір қатарда тұрмыз дегені
болмаса, жолынан таюы мүмкін. Егер бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған
болса, рас дүние жарты бола ма?! Рас болса, бәріне бірдей рас болсын, алалаған рас
бола ма және ол әділет пе?! Бұлай етсе ол жұрттың ғұмыры жоқ. Ал ғұмырдың өзі –
ақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, сол жерде толысу жоқ. Бірақ әулиелердің бәрі
бірдей дүние игілігінен бас тартқандар емес. Мәселен, туысымыз дін таратушы қазірет
Ғосман, Ғабдурахман бин Ғауф, Сағид бин Әбудқас үшеуі де үлкен байлар болатын.
Бұл дүниеден безушілер дүние ләззәтіне алданып, құдайға деген талап, жігерім шала
15
болып қалмасын деп, өзіне сенбегендер, яки дүниеқұмарлықтан қауымның көңілін
суыту үшін сабыр сақтап, өзін құрбан етіп, дүниеқұмарлыққа қарсы «мен жаныммен
күресіп жатқанымда, халық тым болмаса нәпсісімен күресіп, әуестенген орынсыз
әуесқой тілектерінен суынып, әділет, рақым, махаббатқа бет бұрар ма екен» деген
үмітте болса керек. Олай болғанда бұ да жұртқа жасаған махаббат болмақ. Алайда бұл
жол – қиын да нәзік жол. Бұл жолда екіжүзді көзбояусыз, жеңілдіксіз тәуекелмен
іздеген кісі ғана істің толысуына қол жеткізбек. Бұл заманда мұндай асыл қасиет сирек
кездеседі. Бұған ғылымның зоры, шындық пен қайраттың зоры, халыққа, ғаламға деген
махаббаттың зоры керек. Ал бұлардың жиылмағы – қиынның қиыны, қарсылыққа
ұласуы да мүмкін.
Адамның басына, бір өзіне ерекше зор қасиет беру – адамды бұзатын іс.
Сондықтан әрбір наданның бір діни ағымға кірдік деп жүргені, біз бұзылдық дегенімен
бірдей. Хакім, ғалым деген о баста бір сөз, бірақ дінді тануда екі бөлек. Дүние ғылымы
– шынайы ғылым. Ол ғылым адам баласына белгілі айтылғандарды жүйелеп жазатын
дәстүрлі ғылымдар. Мұндай дәстүрлі ғылымға жүйріктерді ғалым деп атайды. Игі
тілекке жолдаушы ұлы Құдай ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған, мұны ізерлеп «ұлы
Алла туралы ойлану» деген хадиске негіздеп, құдайдың жақсы істеріне құмар болып,
одан ғибрат алушылар көп, мұндай құдайдың жақсы іс істеуінің себебін білмекке
құмарлықтан жаратушыға ғашықтық шығады. Құдайдың игілікке бастаушы затына
пендесінің ақылы жетпесе, оған дәл сондай ғашықпын деу де орынсыз. Ғашық
сүйгеніне мақлұқ ортасы байланыссыз, Алла тағаланың пендесін махаббат пен жаны
ашып жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпен елжіреуін құдайға ғашық болды
дейміз. Бұлай болғанда Құдайдың кереметінің қадірін білсем деп пендесінің өз ақылы
жеткенше әрбір істің себебін іздеушілерді хакім деп атаған. Бұлар ақиқат пен жалғанды
айырып, салдардың себептерін білмекке тырысып, барлығы адам баласының пайдасы
үшін ойын-күлкі түгілі, дүниенің бар ләззәтінен бас тартып, бір ғана ақиқатты табу, әр
нәрсенің себебін іздеуден ләззәт алады.
Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Адам істерінің
қазығы – осы жақсы хакимдер, дүниедегі бар нәрселер бұлардың ойлап шығарулары
мен халыққа таратқандарының арқасында табылған. Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі,
дүниедегі жақсы істердің бәрі осы хакимдердің жасап, таратқан істері. Бұл дүниеде
жасалған игілікті іс о дүниенің жемісі болады дегендей, ақиретке егіндік болатын
дүниені осы хакімдер жасаған. Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым.
Ғалымдардың дәстүрлі ғылымы мұсылманның дәстүрлі ғылымының соңына еруді кәсіп
етеді. Ал хакімдердің ақылмен ойлап тапқан ғылымы нақты, шынайы ғылым болады.
Мұсылман хакімдері мен өзге діннің хакімдері қанша талап қылып ізденсе де,
дүниенің, адам баласының өмір сырына жеткенмен, діннің ақиқатын тануға жете
алмады. Бұлардың көбі – бір Алланы танымақтан өзге иманның алты шартына кейбірі
күмәнді, кейбірі қарсы болып, дәл тексере алмады. Бұлар дінде біздің ұстазымыз
болмаса да, діндегі басшымыз Құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадисінде:
«адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам», – дегеніндей, біз оларды құрмет
тұтамыз. Бұл хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына
пайдалы іс шығарумен айналысты. Энергияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып
адамға қызмет еткізді. Дүниенің бір шетінен екінші шетіне бір сәтте хабар алғызды. От
пен суға амалын тауып мың адам істей алмастай жұмыстарды істетті. Ең бастысы, адам
баласының ақыл-ойын өсіріп, ақиқат пен жалғанды айыра білуге үйретті. Осылардың
бәрі адамзат пайдасы үшін істелген өнегелі іс болғандықтан, біздің оларға борышкер
екендігімізде дау жоқ.
Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік,
жаман ниет, ақымақтық. Олардың шәкірттері араб-парсыдан шала-шарпы тіл үйренсе,
бірлі-жарым болымсыз қиянатпен біреудің адамдығына сөз келтіруді үйренсе, соған
мәз болып, өзін өзгеден ерекше көрсетемін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек
16
түгіл, нәтижесі залалды істер істейді, мақтанмен қауымды адастырып бітеді. Олар адал
сөзді тыңдап, ғибрат алмақ түгіл, шала оқыған надандар тобын құрады. Сөйтіп, рас
сөзге ор қазып, тор құрып, өзімшілдікпен адам баласын бұзатын ниетте болады. Растың
бір аты – ақиқат, ақиқаттың бір аты – Алла, оған қарсы күрескенше, оны ұғып,
әділетпен түсіндіру керек. Олай болмағанда, мұндай жаман ниеттерден дінді бұзу қаупі
де туады. Пайғамбарымыз Алла оған игі тілек тілеп, сәлемін алсын: «ақыр заманда бір
жылдық бір күн болар», – дегенде, пайғамбарымызды қолдаушы сахабалары: «бұл бір
жылдық бір күнде намаз нешеу болар?», – деп сұрапты. Сонда Пайғамбарымыз Алла
оған игі тілек тілеп, сәлемін алсын: «оның патуасын сол заманның ғалымдары білер», –
деген екен. Бұған ой көзімен қарасақ заманның өзгеруімен бірге қағидалардың да
өзгеретіні мәлім болады. Ал бұл күндегі медреселер ескі медреселер ғұрпында қалып,
бүгінгі заманға пайдасы болмай тұр. Сондықтан Түркия патшалығында жаңадан
әскери, кәмелеттік білім беру мектептері салынып, жаңа оқу-тәрбие үлгісімен жұмыс
істеуде. Ал біздегі оқу ұзақ жылдарға созылып, ғылымды пайдасыз қиянатпен біреудің
адамдығына сөз келтіруге жұмсап, тіршілік, дүниеден хабары жоқ надан ессіз адам боп
шығып, ешбір іске ыңғайы болмаған соң, адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбіне
мұндай ессіздердің насихаты да әсерсіз бос сөз болады.
Дүниенің шексіздігі бір түрлі ақылға нұр беріп тұратын нәрсе. Жоқшылықтың
адамды хайуандандырып жіберетіні де болады. Сондықтан дүние ғылымын білмей қалу
– залалды надандық, ол құранда сөгілген. Дүниеде өзін өзгеден артық етіп көрсету үшін
махаббатын малға аударғандар болмаса, жақсылық жасауда қолым қысқа болмасын,
өзім біреуге қол жаймайын деп, махаббатын малға емес, ізгілік жасау үшін сол малды
табатын адал кәсіпке аударған кісілер дүниеқұмарлар емес.
Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Малды сатып, ғылымды кәсіп етпекпіз.
Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де игі іс. Бірақ сол біз тапқан өнер әділеттен
шықпасын, дін шарттарына сәйкес болсын. Адамға мүмкіндігінше жақсылық жасауға
құмар болу – қарыз іс. Бірақ біреулердің жасаған жақсылықтарына сүйену дұрыс емес.
Моллалар тұра тұрсын, әсіресе бұл заманның ишандарынан сақ болыңыздар. Олар –
бұзық ғалым, бұлардан тек қана залал шығады. Өздері шариғат заңдарын білмейді, көбі
надан болады. Олар тіпті өздерін дін жолындағы адамдармыз деп біліп, діни талас-
тартыс тудырады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың айтқандары
орындалмайтын теріс істер, бұлар адамды аздырушылар және дінге залалды іс
істеушілер. Бұлардың сүйгені – надандар, сөйлегені – жалған, дәлелдері – тасбиығы
мен шалмалары, онан басқа ешнәрсе жоқ.
Енді біліңіздер, ей ұрпақтарым! Құдай тағаланың жолы деген жол Алла
тағаланың өзіндей шексіз, өлшеусіз болады. Оның шексіз, өлшеусіздігіне ешкім
жетпейді. Алайда сол жолға жүруді кім өзіне шарт қып алса, сол – таза мұсылман,
толық адам. Дүниеде түп мақсатың өз пайдаң болса, онда ол – құдай жолы емес, өзіңнің
шектеулі жолың. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе
берсін деген не ниет? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан әділет,
шапағат секілді біреуге жақсылық жасамақ мақсатың болса, ол жол – құдайдың жолы.
Бұл шексіз, өлшеусіз жол, сол шексіз жолға аяғыңды берік бассаң, шексіз, өлшеусіз
құдайға жақын болып, оның сүйікті құлдары қатарында болу үмітің болады, өзге жолда
не үміт бар?! Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүріс-тұрысын
сәндемек болады да, мұнысын өзі бір үлкен дәулет көреді. Бұл істерінің бәрі өзін
көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар
ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан
не пайда шықты? Алла тағала адамның сыртына емес, ішкі қалыбына, боямасыз
ықыласына қасиет бітірген. Айнаға табынғандардың ақылы жоқ. Ақыл түпсіз терең
жақсылықты сүюмен өседі.
Құдай тағала дүниені толымды шеберлікпен жаратқан және адам баласын өссін-
өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды
17
ісінің алды – әуелі дос көбейтпек. Досты көбейту үшін, әуелі өзінің қолынан келгенше
достық қарым-қатынас орнатудың жолында болмағы керек. Кімге достығың болса,
достық шақырады. Ең аяғы ешкімге қастық жасамай, өзін өзгеден тілімен я қылығымен
артық көрсетпек болып, өзін басқалардан жоғары санамақтан аулақ болуы керек.
Өзін өзгелерден артық көрсетудің бірнеше түрі бар. Алғашқысы,
жаманшылықтың жағасында тұрып, мұндай адамды бұзатын жаманшылықтан бойын
сақтау, бұл адамға нұр береді.
Екіншісі, өзін-өзі өзгешелікпен басқалардан артық көрсетпек, бұл адамдықтың
нұрын бұзады.
Үшіншісі, өзін зор тұтып, өзгелерді қор қылып, кемсітпектік, бұл дұшпандық
шақырады.
Осы өзін өзгелерден артық көрудің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын
деген күншілдікті тудырады да, күншілдік күншілдікті қоздырады. Бұлар жоқ болса,
адамның көңілі тыныш табады. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады.
Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Солардан аулақ болу керек.
Олар: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық.
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде оларсыз ешбір нәрсені біліп
болмайды.
Білімсіздік хайуандық болады.
Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік,
ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан
бөлінеді, бір жыртқыш хайуан есебіне қосылады.
Бұлардың емі жаратушыға махаббаты, адам баласына шапқаты болып, қайратты,
тұрлаулы, әділет ісінің алды-артын білерлік білім, ғылымды болу.... Ол білім, ғылымы
құдайға бағынышты болсын. Ғылымның өзі әуелі ғаламдық ғылымға бағынышты
болсын. Яғни құдай тағала бұл ғаламды жаратты, келісіммен, даналықпен толымды
жолға салып жасады, сондықтан сіздің ісіңіз де жақсылықты негіз, тірек еткен, арқа
сүйерлік шеберлікпенен болсын. Құдай тағала әр түрлі нәрсені жаратқанда, пайда
берсін деген оймен жаратты. Сондықтан сенің ісіңнен де зиян шығып кетпей, көпке
пайдасы боларлық үміттен туған іс болсын. Бұларсыз іс іс емес. Мүмкін бұларсыз
құлшылық құлшылық та емес.
Құдай тағала ешбір нәрсені ойсыз жаратпады, ешбір нәрсеге ойсыз міндет
артпады. Бәрінің сыры бар, бәрінің себебі бар, қарапайым көпшілік былай тұрсын,
ғылымға махаббаты барлардың өзі себеп, парыздарды білуде көңілмен беріле
ізденулері керек, әрбір істеріңізде ізгілік қылып, ізгілікті мақсат етіп, сол ниетте
болуларыңыз керек. Ниет адамның Алла алдындағы парызы сынды, ол турасында
пайғамбарымыз Алла оған игі тілек тілеп, сәлемін алсын өзінің хадисінде: «еңбек
ниетке негізделеді» деген. Олай болса сіз намаз алдындағы тазару, намаз оқу, ораза
тұту сияқты құлшылықтарды сырттай ғана атқарсаңыз, сол ниетсіз атқарған ісіңіздің
құлшылыққа жетпеуі кемшілік емес пе? Сіздің ішкі ниетіңіздің таза болуы әуелі иман
болып, сыртқы құлшылығыңыз иманды болған соң ғана парыз болған. Сіздің сырттай
атқарған құлшылықтарыңыз ішіңіздегі иманның көлеңкесі және сол иманның нұрланып
тұруына көрік болу үшін берілген. Сондықтан ғұламалар: «Иман екеу емес, біреу. Ол
ізгі құлшылықпен нұрланады, ізгі құлшылық жоқ болса, күңгірттенеді, мүмкін сөну
қаупі де бар. Егер надандар ол табынудың ішкі сырын ескермей істесе, соны атқарып
жүріп, иманы сөнер», – деген.
Менің қаупім бар, олар құдайдың бізге бұйырғаны арнайы қызмет қылып,
табыну болса, біз соны атқарсақ, мұсылмандығымыз толық болады екен деп ойлайды.
Иман құлшылықтың күзетшісі еді. Ал күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай,
тек ояу тұруын ғана мақсат етсе, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат
күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе? Ей, астарлап көрсеткеннен
18
хабарсыздар, қараңыздар! Құдайға құлшылықтың үлкен белгісі – намаз, ол үшін
бірінші намаз алдында жуынып, тазаланбақ, одан соң намазға кіріспек, осының бәрі
намаз алдындағы тазалану еді. Одан соң екі аяғына киген мәсісінің үстінен сулы
қолымен сүртіп бітіруші еді. Осылардың бәрі құдайға құлшылықты астарлап
көрсетудің белгілері еді. Жуынып, тазалануда көтіңізді жусаңыз, сіздің көтіңізді
жуғаныңыздың ешкімге керегі жоқ. Бұл әрекеттеріңізбен өзіңіздің тазалыққа толық
ықыласпен кіріскеніңізді көрсетіп, ішімнің шынайы тазалығындай сыртқы тәнімнің
тазалығын да халыққа көрсетем, бұл тазалықтың үстіне Аллаға дұға айтамын деп
әзірленесіз.
Енді намаздың аты – салауат дұға деген.
Аяқты, мойынды үстінен сулы қолмен сүрту, ол дене мүшелерін жуудың керегі
жоқ, олар өздері де жуулы деген ишарат, астарлап көрсету.
Намаздан бұрын құлақ қақтыңыз – ол Алла тағала жоғарыда деп, оның мекені
бар деп түсінбесең де, қолды биікке созу әдепсіз болып, күнә дәриясына шомдым,
дүние әуейіне батырмай қолымнан тарт, құтылар жәрдеміңді бер деген ишарат,
астарлап көрсету бар.
Онан соң намазда түрегеп тұрып қол құсыру – құлдың қожасы алдында тұрғаны
тұрмақ, бұқараның патшасы алдында тұрғаннан артық Алланың құдірет күші, қадірі
алдында өзінің әлсіздігін мойындаған берік сенімді көрсеткен ишара, астарлап көрсету.
Қыбылаға қарамақ – Құдай тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да, Алла
баруды парыз еткен Меккеге жүзін бұрып, сондағы дұғадай қабылдыққа жақын болар
ма екен деген ишарат, астарлап көрсету.
Онан соң фатиха сүресін оқисың, мұнда бірақ сөз ұзарады, өйткені фатиха
сүресінің мағыналарында көп сыр бар.
Намаз оқығанда тізеге қол қойып еңкейіп, тізе бүгіп бас ұру – бұл да ишарат,
астарлап көрсету.
Намаз оқығанда маңдайды жерге тигізу – бұл әуелде адамның қара жерден
жаралғандығын, сол қара жерге қайтпағын көрсетіп, о дүниеде бас көтеріп, тіріліп
сұрау беретіндігіне ишарат, астарлап көрсету.
Намаз бітерде соңғы рет отырып – дұғаның аяғында Аллаға сәлем беріп,
Құдайға құлшылық етудің соңғы сөзі – куәлік беріп, Пайғамбарымызға Алла оған игі
тілек тілеп, сәлемін алсын айтар соңғы сәлеміңізбен намазды аяқтайсыз, яғни Алла
тағаладан тілек тілеп, дұға қыласыз. Ол дұға мазмұны күллі мұсылмандарды
ортақтастырып, оларға да сәләмәтшілік пен рахмет тілеумен бітеді.
Енді, ойлап көріңіз, осы сөзден қандай өнеге алуға болады?
ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Әуезов М. Абай еңбектерінің биік нысанасы // Әуезов М. Абай Құнанбаев.
Монографиялық зерттеулер мен мақалалар (Құрастырып, баспаға әзірлеген Н.Ақбаев).
– Алматы, «Санат», 1995. – 320 бет.
2. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Алматы: Жазушы. Т. 1
том. Өлеңдер мен аудармалар. – 2004. – 296 бет; Алматы: Жазушы. Т. 2 том. Өлеңдер
мен аудармалар. – 2004. – 336 бет.
|