Материалдары



Pdf көрінісі
бет3/62
Дата07.02.2022
өлшемі1,71 Mb.
#96169
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62
Байланысты:
abai2020

ӘОЖ 821.512.122.0
ББК 83.3 (5Қаз)
 
© Ш.Есенов атындағы Каспий
технологиялар және
инжиниринг университеті, 2020
 
ISBN 978-601-308-357-5 



ПЛЕНАРЛЫҚ МӘЖІЛІС 
 
АБАЙ ТАНЫМЫНДАҒЫ ТАБИҒАТ, ҒАЛАМ, АДАМ КОНЦЕПЦИЯСЫ 
Пангереев Абай Шамұлы 
филология ғылымдарының докторы, профессор, 
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ «Абай және ұлттық руханият» 
ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі 
Биылғы жыл – қазақ халқының ұлттық руханиятына аса көңіл бөлінетін айтулы 
жыл. Себебі биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, сондықтан да осы 
мәртебелі жыл аясында ұлтымызды, ұлттық сөз өнерімізді бүкіл әлем жұртшылығына 
таныта алатындай мүмкіндік бар деп айтуға болады. Абайдың шығармашылық өнері, 
Абайдың озық танымы, өлмейтін өшпейтін сөздері бізге сондай мүмкіншілік ашып 
отыр. 
Абай шығармалары несімен құнды, несімен өміршең, қазір ХХІ ғасыр, ХІХ 
ғасырдағы Абай өлеңдері жаңа заманға қалай аяқ баспақ деген сан-салалы сұрақтар 
туындауы мүмкін. 
Ол рас, өмір өтеді. Заман алға жылжиды. Бірақ өткен тарихты білмей өркениетке 
бара жол жоқ. Өткен дегеннің бәрі тәжірибе. Ал, тәжірибе деген – алға даму деген сөз. 
Абай да өлеңдерін жазғанда халықтың өмір тәжірибесінен алып, өз кезеңінің, өз 
заманының сүреңімен салыстырып, шығыс пен батыстың идеяларымен теңестіріп ой 
қорытындыларын жасап отырды. 
Өлеңдерінде де, қарасөздерінде де Абай адам өмірінің мәнін, адамның рухани 
болмысы мен адамгершілік мұраттарын басты қағидат етіп ұстанды. Бұл 
шығармаларында Абайдың көтерген тақырыптары сан тарау. Этикалық, моральдық, 
адамгершілік, әлеуметтік, қоғамдық т.б. 
Ал бұл мәселелер қай дәуірлерде, қай замандарда да актуалды. Өмір бар жерде, 
өмір иесі адам бар жерде бұл проблемалар бола береді. Күн тәртібінен түспейді. 
Абай осы өмірлік проблемалардың бәрін ой елегінен өткізген, терең 
философиялық зердесі арқылы сараптаған, басқа халықтардың тәжірибесімен 
салыстырған, сөйтіп әбден көзін жеткізіп, көңілін орнықтырған соң барып ұлттық 
уызға суғарылған өзіне ғана тән нәрлі тілмен байыпты баяндап айтқан. 
Міне, Абай өлеңдерінің, қарасөздерінің қанша уақыт өтсе де, мәнін жоймайтын 
себебі осында. 
Өмірдің барлық қалтарысы, бұлтарысы көрініс тапқан Абай туындылары қай 
заманда да өзекті болып, тағылымдық қуатын жоғалтпайтыны олардың адамзат үшін, 
адамзат қоғамы үшін жазылғандығында. 
Қазіргі біздің «адами капитал» деп жүргенімізді Абай баяғыда айтып, өз 
шығармашылығының кредосына айналдырған, яғни Абай табиғат, ғалам және адам 
болмысының барлық өзекті буындары мен бір-біріне астасқан ішкі сырларын толық 
ашып көрсеткен. 
Абай осындай кемелділікке қалай келді, ақындық жолға қалай түсті деп 
ойланатын болсақ, оның жауабын Абайдың 1-ші қарасөзінен табамыз. Осы қарасөзінде 
Абай өмірдің байлаусыздығын, тұрлаусыздығын көріп енді қалған өмірді қалай 
өткіземіз,... мал бағу ма, ел бағу ма, софылық қылып дін бағу, ғылым бағу ма дей келіп: 
«ақыры ойландым, осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара 
сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын» деп 
түйеді. 
Сөйтіп, өзін-өзі тану арқылы осы ақындық, хакімдік жолға бет бұрады. Бұл 
жағынан алғанда Абайдың таңдау жасауы, қарекеті рек ойшылы Сократқа ұқсас. 



Жалпы өзін-өзі тану деген ұғым Сократтан басталады. Сократ та қандай кәсіп 
істеу, немен шұғылдану қажет екенін білмей, ақыры Дельфы қаласындағы Апполонның 
храмына барып Пифиядан сұрау керек деп шешеді. Содан қасына досы Эсхинді ертіп, 
Дельфы қаласына сапарға шығып, храмға келеді. Бірақ оның ішіне кірмей-ақ храмның 
маңдайшасында жазылған «Өзіңді өзің таны» деген сөзді оқып, жерге отыра кетеді. 
Сократтың философияға келу жолы осы. 
Айта кету керек «Өзіңді өзің таны» деген бұл сөз әлі күнге дейін актуалды. Олай 
болатын себебі, дүниеде не істелінсе де оның бәрі адам үшін істеледі. Ғылым да, өнер 
де адам үшін қызмет етеді. Ол үшін әрине алдымен адамды тану қажет, ал адамды тану 
– өзіңді танудан басталатыны ақиқат. Абай ілімі осы өзін-өзі танудан басталып, одан 
барып адамзатты, адамзат ғұмыр кешіп отырған табиғатты, бүкіл ғаламды танумен 
жалғасады. Сондықтан да Абай шығармашылығы өміршең, қай заманда да актуалды. 
Академик С.А.Қасқабасов Абайды ұлттық ренессанстың бастаушысы деп 
жазған. Осы уақытқа дейін бұл ұғым еуропацентристік тұрғыдан түсіндіріліп келгенін, 
дұрысында ол тек Батыс Еуропада емес, Шығыста да бар, жалпы әр елдің өз 
Ренессансы бар екенін айта келіп: “Күллі әлемдегі Ренессанстың ең басты заңдылығы, 
бұрынғы мәдениетті жаңғырту ғана емес.Мұндағы ең басты қасиет – адамға көңіл 
бөлу,адамды дәріптеу. Адамды барлық нәрсенің қожасы деп түсіну” [1,68], – деп 
жазған. 
Адам қоғамның қозғаушы күші, оның құдіреті білімі мен білігінде, жүрек 
жылуы мен жан тазалығында деген ой Абайды алдымен Алланы тануға алып келді. 
Осындай таным негізінде Абай: 
Махаббатпен жаратқан адамзатты, 
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті 
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп 
Және хақ жолы осы деп әділетті. 
Осы үш сүю болады имани гүл 
Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл. 
Ойлан дағы үшеуін таратып бақ, 
Басты байла жолына, малың түгіл [2,247], – 
деп жырлады. Адамның ішкі жан дүниесін осылайша аша білген Абай енді 
адамның табиғатқа қатысы қандай дәрежеде, ғаламдағы орын қандай болмақ деген ойға 
келген секілді. 
Абайдың табиғатты суреттеуі, жылдың төрт мезгіліне түгел арнап өлең жазуы 
бөлек әңгіме. Көшпенді өмір салтын ұстанып. табиғат аясында кіндіктес ғұмыр кешкен 
халкымыз үшін бұның бәрі таныс дүниелер. Сондықтан да біздің халық жылдың әр 
мезгіліне жіті қарап, олардың әрқайсысын өзінің ерекшелігіне қарай атап отырған, 
мысалы: жаз – шығады күз – түседі, қыс – келеді, көктем – туады екен. 
Абайдын адамның табиғатқа қатысы мен ғаламдағы орнын анық суреттеген 
өлеңі осы көктемге байланысты өлең – "Жазғытұры" деп аталады. 
Жазғытұры қалмайды кыстын сызы. 
Масатыдай құлпырар жердің жүзі. 
Жан-жануар, адамзат анталаса, 
Ата-анадай елжірер күннің көзі [2,120], – 
деп басталатын өлеңінде бір қарағанда жазғытұрымғы табиғат көркін 
суреттеуден басқа не бар деп ойлайсың. Ал, байыптап қарағанда өлеңнің алғашқы екі 
жолы (тармағы) табиғаттың көктем кезіндегі бейнесін ашып көрсетеді екен де, 
қалғанының бәрі адамның табиғатқа қатысына арналып, ғаламда алар орнын белгілеп 
көрсетеді екен. Өлеңнің екінші шумағында жаздың көркі табиғаттың қиқулап келген 
жыл құсына да, жайраң қаққан жастарға да, өңі көрден шыққандай кемпір-шалға да 
ортақ екені, үшінші шумағында қыстайғы қар қыспағынан шыққан қырдағы, ойдағы 
елдің шұрқырап көрісуі, одан кейінгі шумақтардағы малдың төлдеуі, құстың сайрауы, 



бұлақтың сылдыр қағуы, саятқа шыққан жігіттің қанжығасына қыздың жабысып бір 
бұрандап қалуының бәрі көктемгі әсем көріністі көз алдымызға әкеледі. 
Көктем келіп мәре-сәре болып жауылға бұлдарын жайып жамырап 
саудагерлердің келуі, диқандардың егін науқанына кірісуі де өмірлік шындық. 
Боямасыз шындық. Реалды тұрмыс. Ал, енді осы өлеңнің одан арғы құрылысы тіпті 
ерекше. Көктемнің келуі, табиғаттың жадырап өзгеше түрге енуі енді адаммен қоса 
ғаламның қатысы арқылы бейнеленеді. 
Ғалам дегеніміз не? Ақжан Машанов «Әл-Фараби және Абай» деген еңбегінде 
былай дейді: «Адамның мекен-жайы – ғалам. Қонысы – жер немесе адамның үйі – 
аспан, төсегі – жер. Ғалам – адамға өлшенген, адам – ғаламға өлшенген, екеуінің 
арасында тамаша құрылымдық сәйкестік бар. Дүние үлкен ғалам болса, соның ішіндегі 
ғақли мүшесі адам – кіші әлем болып табылады. Жер табиғат, біздің планетамыз 
ғаламның бір бөлшегі болса, адам оның бөлшегі. Сондықтан да, осы ғаламды Тәңірі 
жаратты деп таныған Абай: 
Безендірген жердің жүзін тәңірім шебер, 
Мейірбандық, дүниеге нұрын төгіп. 
Анамыздай жер иіп емізгенде, 
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер [2,121], – 
дейді. Осы өлең жолының өзі-ақ Абайдың дүние, жаратылыс туралы танымының 
тереңдігін білдіреді. 
Тасқа бәдізделіп жазылған Күлтегін ескерткіштерінің бізге белгілі таным бар. 
Ол: «Жоғарыда Көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, ортасында адам баласы 
жаралды» деген Көне түркілік таным. Ең алдымен. Абай өлеңінен біз осы ғаламдық 
байланысты көреміз. 
Абай Тәңірдің тұрағы көкті – «күн» деп, жерді – «қалыңдық» деп атады. 
Күн-күйеу, жер қалыңдық сағынысып, 
Құмары екеуінін сондай күшті, – 
деп суреттеуі түркілік танымда көк-ер адам, еркек кейпінде, жер-ана кейпінде 
есептеледі. Сондықтан да Абай: 
Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай, 
Біреуіне, біреуі қосылыспай. 
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң, 
Жер толықсып, түрленер тотықұстай [2,121-122], – 
деп табиғаттың осынау гармониялы сырын адамның пәк сезімдерімен егізеп 
ұқсастыра жырлайды. Адам көңілі мен табиғат күйін, жалпы ғаламдағы тіршіліктің 
жалғастығын бір шумақ өлеңге сыйғызудың қандай шеберлік екені айтпаса да түсінікті. 
Өлеңнің соңғы шумағы: 
Адам тіктеп көре алмас күннің көзін, 
Сүйіп, жылып тұрады жан лебізін. 
Қызыл арай сары алтын шатырына 
Күннің кешке кіргенін көрді көзім [2,122], – 
деп аяқталады. Бұл да өз кезегінде философиялық таным. Жер-дүниеге нұр 
беретін, нәр беретін күннің батуының өзі үлкен пәлсапа. 
Абай өлеңдерінде адамды жырлағанда оның өмір белесіндегі әртүрлі жай 
күйлерін өлеңге қосады. Солардың ішіндегі айтқан бір-екі шумаққа көңіл аударайық: 
Көлеңке басын ұзартып, 
Алысты көзден жасырса 
Күнді уақыт қызартып, 
Көк жиектен асырса [2,240]. 
Сағаттың шықылдағы емес ермек, 
Һәмишә өмір өтпек – ол білдірмек 
Бір минут – бір кісінің өміріне ұқсас, 



Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек [2,202]. 
Бұл шумақтарда айтылатын ой «күннің қызыл арай сары алтын шатырына» 
кіруімен тепе-тең берілген. Өмірдің өтпелілігін жырға қосу Абайдан бұрын да бар 
ақындық дәстүр. Мәселен, бұлтақырып жыраулар поэзиясынан да, Абаймен замандас 
ақындар өлендерінен де орын алған. 
Ай мен күннің өлгені, 
Еңкейіп барып батқаны», –
деген Бұқар жыраудың
Құйрық атып құлия, 
Түлкідей қашқан зылия 
Каранды үзіп барасың 
Бізден де қайран дүние, – 
деген Шәңгерей Бөкеевтің өлең жолдары да осыны аңғартады. Бұл өлеңдерде 
деадам табиғат ғалам модельдері жұптастырыла берілген. 
Абай осы ұғымның бәрін «Күнді уақыт қызартып» деп бір-ақ жол өлеңге 
салғызған. Күннің қызарып барып батқаны адам өмірінің өткені деп білер болсақ, Абай 
бұл жерде де тыңнан ой бастайды. «Қызарып барып батқан күн, ертеңіне қайта шықпай 
ма, жарқырап». Бұл – ғаламның өзінің заңы Осыны адам өмірімен ұқсатқан Абай: 
Жас-қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек, 
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек. 
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, 
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек [2,23]. 
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, 
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес 
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын 
Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес [2,178], – 
деді. Табиғат, ғалам, адам байланысын Абай осылайша түсіндірді. 
Өмірдің өтуін өлеңге қосу басқа халықтардың ақындарында да екені белгілі. 
Оның классикалық үлгісін «Жолаушының түнгі әні» өлеңінде немістің ұлы ақыны Гете 
жазған екен. Оны орыс тіліне орыстың ұлы ақыны Лермонтов аударып, Лермонтовтан 
ұлы Абай қазақ тіліне аударғаны баршаға белгілі. Үш бірдей халықтың үш бірдей ұлы 
ақыны адам мен табиғаттың қатысын. адам мен табиғаттың бірлігін бірдей қабылдап, 
бірдей түсініп, бірдей жырға қосқан. Бұны ұлылар үндестігі деп айтамыз. 
Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деп басталатын аудармасы табиғатпен 
етене таныс халықтың өкілі жазған өлең екендігін танытып түр. Абайдың қараңғы 
түнде тау қалғып кетіп, балбырап ұйқыға кететін тауы, айнала жым-жырт боп түннің 
басуы, яғни осы образ адамның ахиретке сапар шегу сәтін бейнелеуі. Бұл жөніндегі 
өлеңнің шешімі екінші шумақта айтылады, «тыншығарсың сен дағы, сабыр қылсаң 
азырақ» деп ой түюі соны білдіреді. Алайда Абай адамның «мәңгілік дамылдауын» 
өмір өтіп кетеді деп байбаламға салу, пессимистік көңіл-күйде емес, ақиқат өмірді 
таныту, адамның өмірі өлшеулі екендігін айту мақсатында суреттеп көрсетеді. Осы 
өлшеулі ғұмырда Құдай жаратқан адам (пенде) адамша өмір сүруі керек деп ой айтады. 
Бұл өлең Абай танымындағы табиғат, ғалам, адам контексіне үйлес келеді, 
сондықтан да ұлы ақын өлеңді ықыластана аударған деп білеміз. Бүгінде халқымыздың 
ұлттық брендіне айналып отырған Абай танымы осындай. 
ӘДЕБИЕТТЕР: 
1. Қасқабасов С. Алтын жылға. Зерттеу мақалалары. - Алматы: "Жібек жолы" БҮ 
2010.-576б. 
2. Абай. Екі томдық шығармалар жинағы.Т1.Өлеңдер мен поэмалар.-
Алматы:Жазушы,1986.-302б. 
3. Машанов А.Әл-Фараби және Абай.-Алматы:Қазақстан,1994.-302б. 





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет