Адамды сырқы бейне белгілері бойынша идентификациялау үшін анатомиялық және функционалдық белгілерді қолданудың мүмкіндігі белгілердің тұрақтылығына байланысты. Анатомиялық белгілердің тұрақтылығы адам дене сүйегі-шеміршегінің өзгермейтіндігімен анықталады. Жасының өсуіне және ауруға ұшырауына байланысты анатомиялық белгілердің өзгеруі, тәжірибеде айтарлықтай мәні болмайды. Себебі, біріншіден, жас мөлшеріне байланысты өзгерістер баяу жүреді және де идентификациялық кезеңде сапалы өзгерістер болмайды; екіншіден, ауру (травмалық) салдарынан адамның кейбір бөлшегінің белгілері ғана өзгеріске ұшырайды, сондықтан, адамның сыртқы бейне белгілер жиынтығы жалпы өзгеріссіз қалады. Пластикалық операциялар жасап қасақана анатомиялық белгілерді өзгерту анықтаусыз қалмайды, оны куәландыру арқылы анықтауға болады.
Функционалдық белгілер тез өзгеріске ұшырайтындығына байланысты анатомиялық белгілерге қарағанда тәжірибеде сапасы төменірек. Мысалы: адам өзі қажет деп тапса өзіне-өзі бақылау жүргізуіне байланысты жүрісін өзгертуіне және белгілі бір уақытқа дейін қолын сермеп сөйлеуіне тән барлық функционалдық белгілерін түпкілікті өзгертуі мүмкін емес. Сондықтан да әрбір адамның функционалдық белгілер жиынтығы барынша тұрақты әрі қайталанбайтын болып табылады.
Функционалдық белгілердің тұрақтылығы, белгілі бір қозғалыстың (жүрген кездегі, сөйлеу кезіндегі және т.б.) адам миында жүйелі түрде, яғни динамикалық стереотиптің (шартты рефлекс жүйесінің тұрақты) қалыптасуына байланысты.
Қозғалыс жүйесі неғұрлым күрделірек болса, ол адамда ұзақ уақыт қабылданып, белгілі бір стереотип қалыптасады.
Қалыптасқан стереотип тұрақты болады және ол адамның еркіне байланысты оңайлықпен өзгере бермейді. Осы психофизиологиялық позицияға сүйене отырып адамның сырт бейнесіндегі белгілерінің тұрақтылығын бағалауға болады.
Адамды сыртқы бейне белгілері бойынша идентификациялау кезінде «ауызша суреттеу» әдістемесін қолданудың бірнеше түрі бар: 1.Тануға көрсету арқылы адамды идентификациялау. Идентификацияның бұл түрі тергеу мен сот тәжірибесінде өте жиі кездеседі. Тануға тірі адам, мәйіт немесе олардың фотобейнелері көрсетілуі мүмкін. Идентификациялау танушының есінде сақталып қалған ой-бейнесі арқылы жүргізіледі.
2.Жауап алуға шақырылған куә, жәбірленуші, сезікті немесе айыпкердің жеке басын тексеру кезінде олардың бейнесін тікелей фотосурет немесе изосурет арқылы салыстыру жолымен адамды идентификациялау. Бұл жерде тексеріліп отырған адамның бейнесі оның жеке басын куәландыратын құжаттағы фотосуретпен теңдестіріле отырып иденификацияланады. Идентификацияның бұл түрі жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында жиі қолданылады. Яғни, жедел-іздестіру қызметкерлері іздеуде жүрген адамның сыртқы бейнесін қолда бар (іздеуде жүрген адамның бейнесіне ұқсайтын) фотокарточкадағы немесе құрастырмалы фотосуреттегі бейнемен салыстыру арқылы адамды идентификациялайды.
3.Адамның сыртқы бейне белгілерін салыстырған кезде міндетті түрде «ауызша суреттеу» әдістемесін қолдана отырып, белгілерді бір-бірімен (детальды) жеке-жеке және өз жүйесімен салыстыру қажет. Мұнда сыртқы бейнелердің жалпы ұқсастығына ғана көңіл бөліп қоймай, сыртқы бейнелердің жеке белгілерінің сәйкес келуіне де аса назар аудару керек.
4.Іздестіру шараларын жүргізу кезінде адамды фотосуретпен идентификациялау көбінде «ауызша суреттеу» жолымен жүргізіледі. Яғни мұндай жағдайда іздестіріліп отырған адамға байланысты бұрын құрастырылған «ауызша суреті» тексеріліп отырған адамның құрастырмалы немесе фотосуретімен салыстырылады.
5.Егер іздестіру шараларын жүргізу барысында іздестіріп отырған адамның фотокарточкасын алуға мүмкіндік болмаған жағдайда, идентификация екі ауызша суреттеуді салыстыру жолымен жүргізілуі мүмкін. Салыстыру арқылы алынған нәтиженің ақиқаттылығы екі ауызша суреттеуде сыртқы бейне белгілерін толық әрі нақтылы сипатталып суреттелінуіне байланысты.
6.Жедел-іздестіру тәжірибелерінде кейбір жағдайларда адамдардың бас-сүйегін қалпына келтіру қажеттілігі туындайды («портретті мүсіндік қалпына келтіру» - деп аталады). Бұл әдісті профессор М.И. Герасимов (өңдеген) ойлап тапқан.
7.Портретті идентификация. Фотосурет арқылы адамның бет-әлпеті бойынша идентификациялауға болады. Мысалы, жеке басы анықталмаған мәйітті идентификациялау үшін оның тірі кезіндегі түсірілген фотосуреттері мен мәйітті тануға түсірілген фотосуреттері қолданылады. Осы суреттер бірдей жағдайда орындалуы тиіс. Мұндай әдіспен жасалған мүсіндік портрет хабар-ошарсыз кеткен адамның тірі кезінде түскен фотосуретіндегі сыртқы бейне белгілерімен немесе «ауызша суреттелген» бейне белгілерімен салыстырылады. Бірақ, құрастырылған мүсіндік портрет сараптама объектісі бола алмайды. Себебі, оны құрастыру барысында адамның бас-сүйегі негізінде адам бетіндегі топографты-анатомиялық (антропометриялық) деп аталатын нүктелерді нақты қалпына келтіру мүмкін емес.