§4. Тергеу мен жедел-іздестіру тәжірибесінде «ауызша суреттеу» әдістемесін қолдану
Ауызша суреттеу әдістемесі тергеу, жедел-іздестіру және сараптама жүргізу тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Оны негізінен тергеушілер мен жедел-іздестіру қызметкерлері идентификациялық және қылмыстық тіркеу мақсатында қолданып, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруге, танылмаған мәйітті тануға көрсетуге, сонымен қатар сезікті, айыпкер, куә мен жәбірленушінің және соттан бой тасалап жүрген қылмыскердің жеке басын анықтау кезінде «ауызша суреттеу» әдістемесін басшылыққа алады.
«Ауызша суреттеу» әдістемесі қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру барысында, іздестіру талаптарына сәйкес, олардың сыртқы бейне белгілерін атап айтқанда: «ерекше белгілері» мен «көзге бірден түсетін белгілерін» нақты сипаттау және адам бейнесін еске түсіру, есте жақсы сақтап қалу үшін қолданылады.
Іздестіруге қажетті белгілердің (сақал, мұрт, киім және т.б.) аз уақыт ішінде (жылдам арада) өзгеріп кету мүмкіндігіне байланысты «ауызша суреттеу» әдістемесін қолдана отырып, жедел-іздестіру шараларын жүргізу қажет. Іздеуде жүрген адамның сыртқы бейне белгілері жайындағы мәліметтердің қайнар көзі – қылмыстық тіркеу мен архив материалдарынан, жеке құжаттардан, оларды жеке бақылау, оқиға болған жерді қарау арқылы, сондай-ақ жауап алу кезінде алынған деректер мен фотосуреттерден алынуы мүмкін.
Жеке басы анықталмаған қылмыстық жазадан бой тасалап жүрген қылмыскерлерді «ауызша суреттеу» - қалыптасқан тәртіп бойынша жәбірленушілер мен көзімен көрген – куәлардың берген көрсетпелеріне байланысты, сондай-ақ қылмыстың жасалу жағдайын талдау нәтижесінде алынған деректер арқылы құрылады. Оқиға болған жерден табылған іздер мен басқа да заттай дәлелдемелерді зерттеу арқылы қылмыскердің сыртқы бейнесі және оның физикалық ерекшеліктері жөнінде қажетті мәліметтер алуға болады. Бұл жерде табылған аяқтың ізі, яғни «іздің жолы», қолдың, тістің, бұзу құралдарының іздері және басқа да іздер мен заттардың іздері маңыздырақ болады. Осы іздер арқылы шамамен қылмыскердің бойын, жасын, дене бітімін, физикалық кемшіліктерін анықтауға болады.
Идентификациялық мақсатта пайдаланатын тіркеу карталарына танылмаған мәйіттер мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды тіркеу барысында олардың сыртқы бейне белгілері барынша нақты суреттеліп жазылуы қажет.
Қамауда отырған адамдарды тіркеу кезінде адамның сыртқы бейне белгілері «ауызша суреттеу» тәртібі бойынша суреттеледі. Бұл суреттеу әдісі таныту үшін қолданатын фотобейнемен қатар, қылмыс жасаған адамдарды аты-жөні (алфавит) бойынша тіркеуге аса маңызды қосымша болып табылады.
«Ауызша суреттеу» әдісі белгілі деңгейде сигналитикалық фотосурет ережелерімен анықталады. Онда қойылатын талаптар: адамды бетпе-бет (фас) және қырынан (профиль) суретке түсірген кезде: ол басын тік ұстап, маңдайы ашық, құлақ қалқаны толығымен көрініп тұратындай фотосурет анық түсірілуі шарт. Бұл алдынан және қырынан (фас, профиль) түсірілген фототүсірімдері адамды фотосурет бойынша танытуға көрсету кезінде «ауызша суреттеу» әдістемесін қолдануға бағытталып, суреттегі белгілер мен «ауызша суреттеу» арқылы алынған белгілерді теңдестіруге қосымша мүмкіндік береді.
Құрамалы «фоторобот», «изоробот» әдісін өңдеу және қолдану кезінде де «ауызша суреттеу» әдісі қолданылады.
Тәжірибеде жауап алынушыдан адамның сыртқы бейнесін дұрыс сипаттауды жеңілдету мақсатында, бет-әлпеті белгілерінің бірнеше ұқсас варианттары фотосурет немесе сурет түрінде көрсетіледі. Бұл психологиялық заңдылық пен «ауызша суреттеу» әдістемесі бірлесіп құрастырылған суреттеу әдісінің негізі болып табылады. Жауап алынушыға көрген адамының портретін құру үшін басы, маңдайы, көзі, мұрыны, еріні, иегі, құлақ қалқаны, мойыны, иығы және т.б. дене құрылысының бөлшектерін жеке-жеке бейнелейтін фотосуреттердің әртүрлі варианттары ұсынылады. Сонымен қатар, қосымша белгілері: бас киімі, көзілдірігі, галстугы және т.б. заттарының ерекшелігі осы тәсіл арқылы анықталынады. Таңдап алу нәтижесінде құрастырылған портрет соңғы рет жауап алынушыға көрсетіліп, бой тасалап жүрген қылмыскерлерді табу үшін сәйкес іздестіру жүргізетін органдарға жіберіледі.
Жауап алушы тұлға іздестіріліп отырған адамның сыртқы бейнесіне неғұрлым сәйкес келетін вариантын таңдап алады. Ал оның бас киіміне, киімдері, көзілдірік, жейдесі және тағы басқа да сол сияқты заттарына қатысты мәселелер осындай жолмен жүзеге асырылады. Мұндай заттардың фотосуреттері немесе суреттері жауап алунушыға бірнеше вариантта көрсетіледі. Заттардың немесе тұлғалардың фотосуреттерінің немесе суреттерінің әртүрлі бөлшектері ғана болған жағдайларда, олардың кешенді портретін алу мақсатында фотосурет құрастырылады. Құрастырылып болғаннан кейін портрет жауап алынатын тұлғаға көрсетіледі. Қажет болған жағдайда жауап алынатын тұлғанын ескертулері бойынша портретке тиісті түзетулер жасалады. Түпкілікті жасалып болған портрет іздестіруде жүрген қылмыскерлерді табу үшін пайдалануға тиісті органдарға жіберіледі.
Жауап алу кезінде «ауызша суреттеу» - әдістемесін қолдану арқылы іздестіріліп отырған тұлғаның сыртқы бейнесінің белгілерін барынша толығырақ әрі дұрыс ала аламыз. Әдетте жауап алынатын адам қылмыскерлерді бірнеше рет көрген жағдайдың өзінде де, оның сыртқы бейнесін жалпылама сипаттайды. Көбінде қылмыскердің бойы, жалпы дене бітімі, шашының түсі, киімінің белгілері және басқа да «ерекше белгілері» ғана айтылады.
Жауап алу кезінде тергеуші «ауызша суреттеу» әдістемесін қылмыскердің сыртқы бейне белгілерін түпкілікті әрі нақты сипаттауы үшін қолданады, оның мақсаты жауап алынушы адамның ойында қалған бейнені детальды түрде жеке-жеке ойына түсіру. Жауап алу барысында жетектеуші сұрақтар қоюға болмайды. Адамның қабылдауына байланысты психологиялық заңдылықты ескеру қажет. Мұндай жағдайда «ауызша суреттеу» - терминологиясын пайдаланған тиімді. Бірақ кейбір жағдайларда жауап алынатын адам терминологиялық сөздерді түсінбеуі мүмкін, бұл кезде суреттеу барысында арнайы терминдерді қолданудың қажеті жоқ. Себебі бейнелеп отырған тұлға қате сипаттама беруі мүмкін. «Ауызша суреттеу» әдістемесі, сондай-ақ куәландыру процесінде – дене жарақатын сипаттау кезінде де қолданылады.
«Ауызша суреттеу» әдістемесі фотопортретті идентификациялық сипаттама жасау барысында да кеңінен қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |