VIII-ТАРАУ
КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ ГАБИТОЛОГИЯ
§1. Криминалистикалық габитологияның түсінігі және оның ғылыми негіздері
Габитология – әртүрлі көріністегі адамның сыртқы бейнесін бекіту заңдылықтарын зерттейтін және қылмыстарды ашу мен алдын алу мақсатында сыртқы бейне туралы мәліметтерді жинау, зерттеу және пайдаланудың техника-криминалистикалық құрал-жабдықтары мен әдіс-тәсілдерін жетілдіретін криминалистикалық техниканың бір саласы болып табылады.
Адамның сыртқы бейне белгілері бойынша танудағы криминалистикалық ілімді жете меңгеру – білім жетістіктерін тәжірибеде кеңінен қолданып қылмысты тергеу мен айыпкерді іздестіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Адамдарды идентификациялау үшін криминалистикада әртүрлі әдістер мен тәсілдер жетілдірілген (өңделген). Идентификациялауда кеңінен қолданылатын әдістердің бірі – адамды сыртқы бейне белгілері бойынша теңдестіру болып табылады.
Адамды сыртқы бейне белгілері бойынша идентификациялаудың әдістері мен ғылыми негіздері жаратылыстану ғылымдарының жетістіктеріне: анатомия, физиология, сот-медицинасы, математиканың кейбір бөлімдеріне, жедел-іздестіру және сараптама тәжірибелеріне сүйене отырып ұзақ жылдар бойы қалыптасқан.
Адамдарды криминалистикалық идентификациялауға мүмкіндіктің болуы, кез-келген адамның сыртқы бейнесінің басқа адамда қайталанбайтын белгілерінің болуына байланысты. Әлемде сыртқы бейне белгілері жиынтығы бойынша бірдей екі адам кездеспейді, тек бір-біріне ұқсас адамдар кездеседі. Бұл қағида криминалистикалық идентификация теориясы мәліметтеріне және тікелей анатомиялық мәліметтерге негізделеді. Барлық материалдық дүние объектілері өзіне-өзі ғана тең, тіпті бір тектес объектілердің өзінде де бір-бірінен айыратын ерекшеліктері болады.
Адамның сыртқы бейнесінің барлық белгілері тұрақты емес, олар жиі өзгерістерге түсіп тұрады.
Адамның сыртқы бейнесінің ең мәнді өзгерістері ұзақ уақыт ішінде пайда болады. Олар әсіресе адам сүйегі қалыптасқан кезеңдерде көзге қатты түседі, яғни балалық және бозбалалық кезеңдерде. Жасөспірімдердің өзгеріске ұшыраған белгілерін бейнелеу немесе суретке түсіру және теңдестіру жолдарымен бекіту аралығында айтарлықтай көп уақыт өтпейтіндіктен криминалистикада ол белгілердің мәнді маңызы жоқ. Ұзақ жылдар өтсе де, кейбір белгілер қатты өзгеріске ұшырамайды (мысалы: адамның құлақ қалқаны, оның формасы, бөлшегі).
Адамның сыртқы бейнесі зақым алған жағдайда қатты өзгеріске ұшырайды, бірақ зақым көбінде адамның бетінің жеке бөліктеріне ғана түсуі мүмкін (мысалы: тыртық, күйік), сондай-ақ ол салыстырмалы түрде аз кездеседі.
Сыртқы бейненің ең тұрақты белгілері сүйекті-шеміршек негізімен байланысты, мысалы: адам бетінің формасы, маңдай формасы мен оның орналасуы, мұрын арқалығының формасы және оның орналасуы, құлақ қалқаны және т.б.
Адамды идентификациялауға пайдаланатын сыртқы бейне белгілері:
тұрақты (белгілі бір уақыт аралығында салыстырмалы өзгеріссіз) болуы тиіс;
салыстырмалы түрде сирек кездесетін;
салыстырмалы түрде басқа белгілерге тәуелсіз болуы керек.
Теңдестіру кезінде жиі кездесетін белгілерге қарағанда сирек кездесетін белгілердің маңызы зор. Сыртқы бейненің белгі жиынтығын дұрыс қолданған жағдайда ғана теңдестіру нәтижелі жүргізіледі.
Адамды сыртқы белгілері бойынша теңдестірудің ғылыми әдістемесі 1880-жылдары қалыптаса бастаған. Француз криминалисті Альфонс Бертильон қылмыскерлерді тіркеу жүйесін қалыптастырған, оның бір бөлімі адамның сыртқы бейне белгілерін арнайы термин қолдану арқылы суреттеуден тұрады. Бейнелеуді «ауызша суреттеу» немесе «сөзді портрет» деп айтады. Бұл әдіс бойынша адамның сыртқы бейнесі нақты суреттелді. А. Бертильон адам бейнесінің 49 түрін анықтаған, оның көпшілігі құлақ қалқанының әртүрлі бөлшектерінен тұрады. Дактилоскопиялық тіркеу жүйесінің кеңінен таралуына байланысты А. Бертильонның бұл жүйесі өзінің тәжірибелік мәнін жоғалтты. Дегенімен де ауызша суреттеу әдісі одан әрі дамып шарқына жетті. Қазіргі уақытта ауызша суреттеу жүйесін қылмыскерлерді, танылмаған мәйіттер мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды және т.б. тұлғаларды сыртқы бейне белгілері бойынша идентификациялау мақсатында қолданады. Сондай-ақ ауызша суреттеу барлық жағдайда, яғни адамның жеке басы анықталмаған (мысалы: төтенше жағдайлардың, апаттардың, табиғи апаттардың болуына байланысты адамдардың жаппай қаза болған) кезде немесе қылмыскер өзінің шын атын қасақана жасырған жағдайларда қолданады.
Сыртқы бейне белгілері бойынша сәйкестендіруді азаматтық сот өндірісі (алимент өндіріп алу ісі бойынша жауапкерді анықтау) кезінде де қолданылады. Адамның сыртқы бейнесі бойынша идентификациялауды тарихшылар, өнертанушылар, әдебиеттанушылар және басқа да ғылым өкілдері пайдаланады. Қылмыскерлердің сыртқы бейнесі белгілерін телевизор, газет және полиция мәліметтері бойынша хабарлануы арқылы олардың тез арада ұсталуына көмегін тигізеді.
Адамның сыртқы бейнесінің жекелігі (қайталанбауы) мен өзгермейтін белгілерінің жиынтығы адамның идентификациясының ғылыми негізін құрайды. Сыртқы бейнесі бойынша идентификациялау мен диагностикалаудың ғылыми негізі мен әдістемесі анатомия, адам физиологиясы, сот-медицинасы және математика мәліметтерін ескере отырып криминалистикада жетілдірілген.
Достарыңызбен бөлісу: |