§ 2. Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде заттар мен материалдарды табу, бекіту және алу
Криминалистикалық зерттеу шеңберіндегі заттар мен материалдар, олардың тәжірибеде неғұрлым кеңінен таралған түрлері бойынша зерттеледі. Зерттеу объектілері көбінде төмендегідей болып келуі мүмкін:
- газ тәріздес, сұйық, қатты, сусымалы;
- табиғи және жасанды;
- зат немесе мүлік, олардың жиынтығы, бөлшектері және т.б.
Бүгінгі таңдағы тәжірибеге сүйене отырып, мынандай объектілер жиі зерттелетіндігін атап көрсетуге болады:
- лак-бояу және боялған заттар мен бояу қабаттары;
- талшық материалдары мен одан жасалған өнімдер;
- өсімдіктер, топырақтар;
- шыны және одан жасалған бұйымдар;
- жанармай материалдары;
- есірткі заттары;
- психотроптық заттар;
- дәрі-дәрмектер;
- спирт және ішімдік өнімдері мен оларды дайындауға қажетті заттар;
- металдар және металл бұйымдары;
- парфюмерлік және косметикалық өнімдер, оларға қажетті шикізаттар;
-полимерлер және олардан жасалған заттар.
Заттар мен материалдар қылмыстық істердің әртүрлі санаттары бойынша, көбінде: оқиға болған жерді қарау, тінту, алу әрекеттері барысында алынады.
Іздестірілетін микробөлшектер қылмыстың түрі мен сипатына байланысты болғандықтан, оларды мынандай объектілерден табуға болады:
қылмыскердің, сезіктінің немесе жәбірленушінің денесінен;
олардың киімдері мен аяқ киімдерінен;
олардың қолындағы әртүрлі заттардан;
адамның денесіне тиген қару-жарақтардан;
бұзу кезінде қолданылған құралдар мен заттардан;
көлік құралдарынан;
қылмыстық оқиға жағдайының материалдық заттарынан, мүліктерінен (жол бөлігінен, еденнен, есік-терезелерден, сейф, жиһаздардан және т.б.);
қылмысқа қатысты басқа да объектілерден. (РИСУНОК 41: Сурет 41. Микробөлшектер түріндегі қылмыс ізінің табыла алатын жерлері)
Заттар мен материалдарды – табу, бекіту және алу әдістемесі, олардың табиғатына, санына, сондай-ақ оларды зерттеу кезінде алынуы қажет іздестірудегі дәлелдемелік мәні бар мәліметтерге байланысты болып табылады. Дегенімен де әдістемеге байланысты бірқатар ұсыныстар бар.
Заттар арқылы пайда болған дақ және талшықтарды (мысалы, лак – бояу немесе жанар-жағармай материалдарынан) трасологиялық көзқарастан дәстүрлі позицияда олардың формасы мен пайда болу механизмін заттай – дәлелдемелер ретінде, сонымен қатар олардың құрамын, құрылымы мен өзіндік қасиеттерін зерттей отырып заттар мен материалдарды криминалистикалық зерттеу объектілері ретінде қарастыруға болады.
Заттар мен материалдардың аз ғана мөлшерін табудың еш қиындығы жоқ. Ал, бекіту және алу кездерінде бірталай қиыншылықтар туындайды. Заттар мен материалдар уландырғыш болып келуі мүмкін, сондықтан да олармен жұмыс жасау барысында арнайы қауіпсіздік шараларын қолдану қажеттілігі туындайды; ұшатын зат болса, оны міндетті түрде герметикалық ыдысқа салу қажет; буып-түю немесе қаптау материалдарын табылған объектілердің сипатына қарай ыңғайлау керек, мысалы: кейбір қышқылдар шыныны ерітіп жібереді; кейбір жағдайларда заттар бүлініп бастапқы түрін өзгертуі мүмкін. Тез жанатын заттар мен жанармай сұйықтықтарын табу мақсатында өртенген жерден алынған жанған паркет кескінділерін герметикалық қапталған полиэтиленді пакеттерге салып буып-түю қажет. Ал өртті сөндіру кезінде суланып қалған металл объектілерін коррозия болмас үшін, кептіріп картон жәшіктерге салу керек. Бұл мәселелердің алдын алу жағдайлары мамандардың көмегінсіз көптеген қиыншылықтарға әкеп соқтырады. Әсіресе микрообъектілермен жұмыс жасау кезінде кездесетін қиыншылықтар қатары екі есе ұлғаюда.
Оқиға болған жерді қарау кезінде микрообъектілерді іздеп табу, кейінге қалдыруға болмайтын мәселелердің бірі болып табылады. Себебі келесі операцияларға дейін олар жоғалып, жойылып кетуі немесе олардың жатқан, орналасқан жерлері өзгеріп, болмаса ауысып кетуі мүмкін.
Микрообъектілерді іздеп табу келесідей талаптарды ескере отырып жүзеге асырылады: 1) барлық заттар алдымен қандай да бір жылжытып қозғалту әрекеттерінсіз қаралады және жылжытып қозғалтудың алдында олардың астына жылтыр таза парақ немесе тығыз қағаз қойылады; 2) объектілерді таза құралдармен ұстап резеңке қолғаппен қарау қажет, оның сыртқы және ішкі жақтарына, сондай-ақ олардың әртүрлі бөліктеріне тиісуге болмайды.
Қарау кезінде бөлініп қалған бөлшектерді кейінгі зерттеулер үшін сақтап қою керек.
Микрообъектілерді іздестіру жұмыстары қылмыстық істің жағдайы мен тергеу болжауын есепке ала отырып жүргізіледі. Микрообъектілердің толығымен жойылып кетуі мүмкін емес, олар тіптім қолайсыз жағдайлардың өзінде сақталынатындығын естен шығармау қажет. Бірақ микрообъектілердің өзара байланысқа түсу салдарынан немес еш байланыссыз-ақ (су тасқыны, жел, дауылдың болуы салдарынан) орындарын ауыстырулары мүмкін.
Микрообъектілер ең алдымен визуалды (көзбен немесе лупамен) бақылау арқылы әртүрлі жарық бұрышымен анықталады. Көлеңкелі, шұңқыр, саңылаулы зоналарды табиғи жарықтандыру кезінде ақ қағаз парақтары немесе телескоптық ұстағыштары бар криминалистикалық кезекті айналар қолданылады. Жасанды жарықтандыру кезінде қарау жұмыстары – галогенді және үстелге қоятын лампаларды, электрлік фонарларды, лабораториялық микрожарықтандырғыштарды қолдану арқылы жүргізіледі. Көрінбейтін және нашар көрінетін микрообъектілерді табу үшін мынандай арнайы әдістерді қолдануға болады: шағылысқан сәуле арқылы бақылау, жарықтандыру бағытын жылжыту, қарастырылатын затты жартылай көлеңкелеу және т.б. Қажет болған жағдайларда жоғарыда көрсетілген әдіс-тәсілдер әртүрлі комбинацияларда қолданылуы мүмкін.
Көрінетін сәуледегі спектрлік зоналармен қатар ультракүлгін (УК) сәулелері де кеңінен қолданылады. УК сәулелеріндегі люминесценция бойынша мәтіндегі талшықтарды, әртүрлі лак-бояу қабаттарының бөлшектерін, жанармай материалдарының, құжаттағы мәтіндерді өшіруге пайдаланылған химикаттар мен басқа да заттардың іздерін анықтауға болады. УК сәулелерімен жарықтандыру жұмыстары қысқа мерзімде жасалуы қажет.
Микрообъектілерді анықтау кезінде инфрақызыл (ИҚ) сәулелерін қолданудыңда маңызы ерекше. Олардың көмегімен қара түсті беткі қабаттағы қара түсті микрообъектілерді, мысалы: протектордегі немесе аяқ киім табанындағы резеңкеден көмірдің, тастың, металл, күйе, ұнтақтардың бөлшектерін табуға болады. Сонымен қатар ИҚ сәулелері арқылы ластанған, сия жағылған іздер мен анилинді бояғыш заттардың және штрих үстінен жүргізілген бүркемелеу іздері анықталады.
Микрообъектілерді бекіту және алу ерекшеліктері табу кезіндегідей, оның табиғатымен байланысты болып келеді. Микрообъектілерді бекітуді алдын-ала қамтамасыз ете отырып, оларды тасушы заттармен бірге немесе оны тасушы бөлігімен бірге алған дұрыс. Сонымен қатар, міндетті түрде сарапшының қарауына куә объектілері де (микрообъект салынған затты немесе ешқандай зерттеу жұмыстары жүргізілмеген затты немесе материалды) беру қажет. Қатты заттағы немесе беткі қабаттағы із тасушы заттарды алу мүмкін емес жағдайларда, олар пинцетпен немесе инемен алынады. Қатпарланған құрғақ ұнтақ тәріздес заттар (темекі, күл, әк, ұн және т.б.) жылтыр таза қағазға немесе ақ параққа салынады. Металлдардың микрообъектілері ұсақ магниттердің (дактиласкопиялық бояу жаққыш) көмегімен алуға болады. Кейбір микрообъектілерді алу үшін жабысқақ пленкелер қолданылуы мүмкін, бірақ кейіннен қайта алу қиын болғандықтан оны тек мамандар ғана пайдалануы тиіс. Микро-шаңжинағыштарда қолданылады, бұл жерде алу кезінде іріктеулер болмайды.
Микрообъектілерді буып-түюдің немесе оларды қаптаудың да ерекше маңызы бар. Бұл үшін шыныдан жасалған түтікшелер, флакондар, герметикалық тығындары бар бюкстер немесе полиэтилендер, пластмассадан жасалған контейнерлер қолданылады. Пайдаланылатын ыдыс өте таза және құрғақ болуы қажет. Жұмсақ заттарды буып-түю үшін жылтыр жұқа қағаз, полиэтилен, целлофандар кеңінен қолданылады. Заттар мен материалдардың табиғатына байланысты буып-түю материалдары іріктеліп алынады.
Жиналған бөлшектерді алдын-ала немесе сараптамалық зерттеуге тура келеді. Бұл зерттеулер шеңберінде төмендегідей жұмыстар жүзеге асырылады:
морфологиялық зерттеу (қатты заттар мен материалдардың сыртқы құрылыс белгілерін);
заттар мен материалдардың құрамын (элементтік, молекулалық, фазалық) анықтау;
заттар мен материалдардың кристалдық құрылымын зерттеу;
олардың өзіндік қасиеттерін және бұл қасиеттердің белгілі бір жағдайлардан көрініс табу қабілеттерін анықтау (мысалы, заттардың өздігінен жану қабілетін, электр өткізгіштік қасиеттерін және т.б.).
Àлынған нәтижелер негізінде диагностикалық және идентификациялық сұрақтар шешіледі.
Сараптамалық талдау нәтижелері сараптамалық сұрақтардың көбінде нақты қойылмайтындығын көрсетеді, мысалы: «ұсынылып отырған зат нені білдіреді», «дақ қандай заттан қалған»? Мұндай сұрақтар зерттеу мәселелерін нақтылауға мүмкіндіктер бермейді. Себебі зерттелетін материалдар шеңбері өте кең, олар бұл мәселелерді шешуді елеулі түрде қиындатады және баяулатады. Сонымен қатар, зерттелетін заттар шеңбері әдетте ұсынылған қылмыстық іс жағдайларымен шектеледі. Бұл жағдайларға қарамастан сараптама тағайындау туралы қаулыда міндетті түрде тексерілетін заттар мен материалдар көрсетілуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |