§2. Жауап алу алдында жүргізілетін дайындық жұмыстары
Жауап алудың пәрменділігіне және сапасына тергеушінің осы тергеу әрекетін өткізу алдьшда жүргізген дайындық жұмыстары көп әсер етеді. Куәден, жәбірленушіден, не қылмыскерден жауап алар алдында тергеуші, біріншіден деректерді, құжаттарды толық оқып, танысып алуы керек. Іспен толық танысып болғаннан кейін, әрбір жауап алу барысында қандай мәселелерге назар аудару керектігін анықтап, жоспарлап, жазып алуы тиіс. Әр жауапкерге қандай сұрақ қою керек екендігін және осы сұрақтарды қандай кезекте қою керек екендігін алдын ала анықтап, белгілеген жөн.
Жауап алуға дайындық үстінде осы адамның мінез-құлқы, моральдық және интеллектуалдық қасиеттері жөнінде белгілі мәліметтер жинап, ол адамның кім, кандай адам екенін біліп, онымен қандай бағытта қалай сөйлесу керек екендігін тергеушінің алдын ала жүйелеп алғаны жөн.
Дайындық жұмыстарын өткізу барысында жауапты қай уақытта, қай күні алу керектігін шешу керек. Бұл мәселені шешкенде, жауап алуға шақырылатын куәнің денсаулығы, жасы есепке алынуы тиіс. Әрине, егер оны біреулер өтірік жауап беруге азғырып, көндіруі мүмкін деген қауіп туса, одан уақыт өткізбей дереу жауап алған жөн.
Жауап алу уақытын белгілегенде тергеуші бұған өзінің бос уақыты бар ма, жоқ па соны мұқият ескеруі тиіс. Бұрын басқа тергеу әрекеттері жоспарланған, басқа да жұмыстар қат-қабат келген күнге жауап алуды белгілеуге болмайды. Асығыс, шаршап жүргенде өткізілген шараның сапасы, әрине, төмен болады.
Қай жерде жауап алу керек екендігі де алдын ала жоспарланады. Көбінесе тергеуші жауапты өзінің жұмыс бөлмесінде алады. Кей жағдайларда жауапкердің денсаулығына байланысты жауапты оның үйіне, не ауруханаға барып алуға тура келеді. Қылмыскер қамауда отырса, тергеуші одан жауапты көбінесе сол қамау орнында алады. Кейде айыпкерді тергеушінің талап етуі бойынша, қамау орнының әкімшілігі тергеушінің жұмыс бөлмесіне жеткізеді.
Жауап алуға керек жағдайда мамандар, тілмаш, ал жасы толмаған куәден жауап алғанда педагог, дәрігер, не тергеушінің қалауы бойынша жасы толмаған куәнің ата-анасы да қатысады.
Дайындық жұмысы жауап алу жоспарын құрумен аяқталады. Жауап алынатын әр адамға арнап құрған жоспарда, оған қойылатын сұрақтар жазылады, істегі қандай деректер мен фактілердің дәлелденілетіні көрсетіледі, ол деректерді қандай кезекте көрсету керектігі белгіленеді. Жазбаша жоспар құру тәжірибесі аз, жас тергеушілерге өте қажет. Көп көріністі істерде мұндай жоспар істің мән-жайын толық зерттеп, анықтауға көмектеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |