Мазмұны 1 – БӨлім. Криминалистиканың теориялық негіздері


§4. Жауап алғанда қолданылатын тактикалық әдістер



бет150/233
Дата07.02.2022
өлшемі2,49 Mb.
#83762
түріОқулық
1   ...   146   147   148   149   150   151   152   153   ...   233
Байланысты:
окулык АЙШа

§4. Жауап алғанда қолданылатын тактикалық әдістер
Жауап алғанда тергеуші мен жауап беруші адамның арасында белгілі бір қарым-қатынас қалыптасады. Психологиялық тұрғыдан ол қарым-қатынас олардың көзқарасында қайшылықтың бар-жоғына байланысты орнығады. Егер жауап беріп отырған адам өз еркімен шындықты, істің мән-жайын толық айтып отырса, мұндай пікір қайшылығы жоқ жағдай деп есептеледі.
Ал, егер жауап беріп отырған адам жалған жауап беріп, істің кейбір мән-жайларын жасырып, айтқысы келмей жалтарса, мұндай жағдай келіспеушілік, яғни қайшылықты жағдай деп саналады.
Іс бойынша толық мәлімдеме алу үшін осы екі жағдайда да белгілі бір тактикалық әрекеттер қолданылады.
Бірінші жағдайда тергеу әрекеттері ұмытылып қалған оқиғаның кейбір мән-жайын жауап беріп отырған адамның есіне түсіруіне бағытталса, екінші жағдайда тактикалық әдіс жауап беріп отырған адамның өтірігін шығарып, әшкерелеп, оның шындықты айтуына мәжбүр етуге бағытталады.
Кейбір куәден, жәбірленушіден жауап алғанда көбінесе жауап үстінде пікір қайшылығы жоқ жағдай байқалады да, ал сезікті адамдардан және айыпкерлерден жауап алғанда келіспеушілік жағдай жиі кездеседі. Осыған байланысты жауап алуда қолданылатын әдістерді қалыптасатын тактикалық жағдайға сәйкес қарайық.
Біріншіден, жауап алып отырған адамға жайлы тыныш жағдай туғызса, оның асықпай, болған оқиғаны толық есіне түсіруіне жеңіл болады. Болған оқиғаны хронологиялық тәртіппен басынан аяғына дейін айтқызу арқылы да толық жауап алуға болады, себебі, мұндай жағдайда жауап берген адам болған оқиғаны белгілі бір ретпен, тізбектей, оның ұмытылған кейбір сәттерін есіне тез түсіреді. Сонымен қатар, болған оқиғаны, керісінше, соңынан басына қарай қайталатса жауап беруші оқиғаның кейбір мән-жайын есіне түсіріп, өзінің жауабын толықтыруы мүмкін.
Осындай тактикалық жағдайда тағы бір жиі қолданылатын әдіс – ол жауап беруші адамның ойын жаңғыртуға бағытталған әрекет. Егер жауап беруші екі оқиғаны, фактіні бір мезгілде және белгілі бір жағдайда қабылдаса, тергеуші оқиғаның өзін емес, сол жағдайды ғана есіне түсірсе, жауап беруші тергеуге қажет оқиғаны да есіне түсіреді. Айталық, куә Б.- ға тергеуші мынандай сұрақ қояды.
Тергеуші: Сіз азамат Садықовты танисыз ба, егер танысаңыз оны осы жылғы тамыздың басында көрдіңіз бе?
Куә Б: Садықовты танимын, бірақ оны тамыздың басында көрген, не көрмегенім есімде жоқ.
Жауап берушінің ойында белгілі бір фактілерді қайтара жаңғыртуына сонымен қатар, жауап үстінде құжаттарды, фотосуреттерді көрсету де үлкен әсер етеді. Кейде куә көрген адамның бет-әлпетін сипаттап беруде қиналады. Мұндай жағдайда криминалистикада қалыптасқан, бет-әлпетін сипаттау терминдерін айтып көмектесуге болады.
Егер тергеуші жауапты оқиға болған жерге барып алса, жауап беруші көптеген мән-жайды қайтадан көз алдына келтіріп, оқиға жөнінде толығырақ, қанықты жауап бере алады. Естіген фактілерді де ойға түсірудің тиімді әдістері бар. Айталық, куә бір кісінің тегін, немесе есімін есіне түсіре алмай отыр дейік, бірақ ол кісінің тегі А. әрпінен басталатынын ұмытпаған. Мүндай жағдайда оған телефон анықтамасы берілсе, ондағы есімдерді тізбектей оқи келе ұқсас есімге келгенде ол ұмытылған есімді есіне түсіріп, айтып береді.
Жауап алушы және жауап беруші адамның арасында қайшылықты жағдай қалыптасқан кезде, басқаша тактикалық әдістер қолданылады, ол әдістер жауап беруші адамның өтірік айтып отырғандығын әшкерелеуге бағытталады. Мұндай жағдай көбінесе айыпкерден жауап алғанда, яғни айыпкердің қылмысты мен жасаған жоқпын, ол уақытта мен басқа жерде болдым деп шындықтан жалтарған кезінде кездеседі. Мұндайда айыпкердің алибиін әшкерелеу үшін қолданылатын ең бірінші тәсіл – жауап беруші адамнан неғұрлым толық жауап алу, ұсақ оқиғалардың бәрін қамту. Біріншіден, мұның, яғни ең елеусіз сәттерге дейін ескеріліп, жауап алынуы, олар тексерілген кезде бекімесе, жауап беруші адамның өтірігін шығаруға көмектеседі. Екіншіден, айыпкер жалпы оқиға бойынша беретін жауабын алдын ала дайындап келгенмен сұрақтың бұлай қойылатынын білмегендіктен, ол жауап бергенде абдырап өз өтірігін өзі шығарып алады. Әсіресе, қайта жауап алғанда осылай болады.
Жауапкер адамның өтірік айтып отырғанын әшкерелеу үшін істе осы факті бойынша жиналған басқа дәлелдемелерді, заттай дәлелдемелерді пайдалану керек.
Деректерді пайдалану тәсілдері бар. Ең алдымен дәлелдеме есебінде елеусіздеу деректерді айыпкерге көрсетіп, оны мойындамаса неғұрлым маңызды, бұлтартпас деректерге көшіп, жалған жауапты әшкерелеуге болады. Айталық, айыпкердің бір пәтерден шыққанын екінші біреу көрді, бірақ айыпкер ол пәтерде болғанын мойындамады делік. Мұндай жағдайда стол үстінде қалған бөтелке мен стаканды, стаканда айыпкердің қалған қолтаңбасын көрсетіп, айыпкердің ол пәтерде болғанын тергеуші мойындаттыра алады. Қолтаңба сараптама қорытындысымен бекітілуі тиіс.
Айыпкерден жауап алудың тағы бір тактикалық әдістерінің бірі ішкі істер органдары арқылы жауап алу процесіне жедел-іздестіру деректерін пайдалану. Мұндай деректер:

  • жауап берушінің қылмысты оқиғаға қатыстылығын, оның жасалған қылмыс жөнінде каншалықты хабардар екендігін болжаттыратындай жеке сипатына, тергеу кезінде оның аталған істің нәтижесіне мүдделілігіне;

  • қылмыстың жекелеген элементтерін жариялауға немесе қылмыстың ашылуына;

  • жауаптау кезінде алынуы мүмкін дәлелдемелерді тексеру әдістеріне қатысты пайдаланылады.

Аталған деректерді жауап алу барысында пайдалану сипаты әрқилы. Егер жауап берушінің жеке басына қатысты мәліметтер жауап алу тактикасын саралаған кезде ескеріліп, бірақ оның жауабында айтылмаса, жауапты тексерудің мүмкін жолдары туралы мәліметтер, жауап алу процесінде ғана ескерілсе, онда қылмысты оқиға және оның жасалу тәсілі туралы жедел-іздестіру деректері, жауап берушінің жауабына қолданылуы керек.
Жауап алу кезінде жедел-іздестіру барысында алынған деректердің орнын мейлінше құпияландырудың маңызы өте айрықша. Сондықтан, тергеуші жедел-іздестіру деректері бойынша айыпкерден жауап алғанда, қойылатын сұрақтарына өте мұқият болуы тиіс. Егер жауап алу күрделі жағдайда өтетін болса, онда тергеуші ең маңызды сұрақтарды алдын ала іріктеп, құрастырып алғаны жөн. Жедел-іздестіру деректерін пайдаланғанда, мұның маңызы өте зор болады. Әйтпесе, сәтсіз қойылған сол сұрақтың өзі жедел-іздестіру деректерінің алынған көзін айпкерге сездіріп алуы әбден мүмкін.
Сондай-ақ, мұндай деректерді қай кезде, қалай пайдалану керектігін де ескеру қажет. Жедел-іздестіру деректеріне қатысты сұрақтар, оның құпиясы берік сақталған кезде қойылуы тиіс.
Жедел-іздестіру деректерін белгілі бір мәліметтермен бірге қатарластыра пайдалануға болады.Мұндай жағдайда, бұл деректерге жауап берушінің назары әдейі аударылмайтындай деңгейде әрекет еткен жөн.
Жедел-іздестіру деректерін пайдаланудың барлық әдістерін егжей-тегжейлі сипаттап беру мүмкін емес. Өйткені, ол тексерілетін нақты іске байланысты өзіндік ерекшелігімен, өзіндік тәсілдерімен анықталады. Дегенмен, криминалистика ғылымы жедел-іздестіру деректерін пайдаланудың жалпыға, мейлінше ортақ бірқатар тәсілдерін ұсынады.Ондай тәсілдер төмендегідей:
а) жауап алу барысында сұрақтардың сипатына орай айыпкер оның шыққан көзін байқап қалатын деректерді пайдаланбағаны жөн;
ә) егер қолданылған шаралардың барысында айыпкердің қылмыстық жолмен жинаған құнды заттары, мүліктері,т.б. заттай айғақтары жасырылған жерлерді анықтайтын қайсыбір деректер табылса, ол заттарды, не мүліктерді тергеу әрекеттері (тінту, т.б.) арқылы қолға түсіріп, содан кейін ғана оның нәтижелерін, жауап алу кезінде пайдалану өте орынды болады. Мұның өзінде бұл заттай дәлелдемелердің қалай алынғандығын айыпкер білмеуі тиіс;
б) жауап алу барысында қаралатын іс бойынша барлық айғақтарды айыпкерге толық көрсетуге асықпау керек. Мұндай асығыстық тергеу орнына қайсыбір заттай дәлелдемелердің қалай түскенін айыпкердің байқап қалуына соқтыруы мүмкін;
в) егер жауап алушыға жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында анықталған қайсыбір фактілерді жауап алу жөніндегі хаттамаға енгізу қажеттігі туындаса, ол фактіні растайтын жәйттерді (уақытқа, тұраққа т.б. байланысты) алдын ала мұқият тексеріп алу керек. Егер жауап беруші тергеушінің назарын аударған мәселеге қажет қосымша деректерді білдірсе, ол деректер ұсақ-түйегіне дейін сұралып, кейін егжей-тегжейлі тексерілуі тиіс.
Қылмыскерлер, әсіресе, аса қауіпті қылмыскерлер, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелердің, келтірілген қүжаттардың бұлтартпайтындығына көздері жеткен, бірақ қылмысын қалай, қандай жолмен болсын мойындаудан бас тартуға әбден бекінгендер, жаңағы заттай дәлелдемелердің, құжаттардың көзін құртуға тырысады. Сондықтан тергеу кезінде оның сақталып, қорғалуына мейлінше мұқият болу керек. Ол құжаттарды айыпкерге үстелдің әйнегінің астына қойып көрсету, немесе оның көшірмесін жасау, сондай-ақ жауап алу кезінде айыпкердің заттай дәлелдемелерді немесе құжаттарды құртып жіберуінен сақтану үшін екінші бір куәні де жауап алу процесіне қатыстырып, сақтық шараларын қолдану керек. Берілген жауап хаттама жазу арқылы бекітіледі. Қосымша бекіту әдісі есебінде дыбыс- және бейнежазбалары қолданылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   146   147   148   149   150   151   152   153   ...   233




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет