§3. Жауаптың қалыптасу кезеңдері
Жауап алушы – тергеуші әр куәден, жәбірленушіден қандай көлемде және қандай мәлімет алуға болатынын білу үшін, жауаптың куәнің, жәбірленушінің ойында қалыптасу ерекшеліктерін есепке алуы керек.
Жауаптың қалыптасу процесі бірнеше кезеңнен құралады. Бірінші кезең – оқиғаны, не істің басқа бір мән-жайын қабылдау (көру, есту), екінші – осы қабылдап алған мәліметті ойда сақтау, үшінші – осы мәліметтерді есіне түсіріп, тергеушіге айтып жеткізу қабілеті.
Болған оқиғаны қабылдап алу, оқиғаға қатысты мәліметтердің толық қабылдануы белгілі бір себептерге байланысты. Бұл себептер объективті және субъективті болып екі топқа белінеді. Объективті себептер – көруге, естуге бөгет болатын жағдайлар, субъективті – есту, көру мүшелерінің қабілеті. Қабылдауға объективті түрде бөгет болатын себептер оқиғаны шұғыл, тығыл таяң уақытта қабылдау, жарықтың көріну жағдайының нашар болуы, қатты шудан нашар естілу, болып жатқан оқиғаны алыстан көру, ауа-райының жаман болуы, қар не жауын жауып тұрғанда оқиғаны қабылдау, осының бәрі оқиғаны толық және анық көріп, естіп қабылдауына бөгет жасайды, оқиға жөніндегі ақпараттың толықтығына, сапасына кері әсер етеді. Сондықтан жауап алғанда тергеуші осы себептерді ескеруі шарт.
Қабылдауға субъективті түрде әсер ететін себептермен, яғни жауап беріп отырған адамның қабылдау мүшелерінің кемістігімен, есту, көру мүшелерінің қабылдау қабілетінің төмендігімен бірге, оқиғаны толық және анық қабылдауға жауап беруші адамның мамандығы, жасы, интеллектуалдық кабілеті, ол оқиғаға зер салып, көңіл аударып, бақылай алды ма, жоқ па, міне, осының бәрі әсер етеді. Айталық, жол-көлік оқиғасын екі куә бір кезде, бірдей жағдайда көрді дейік. Куәлердің біреуі – айталық қарт адам, екіншісі – автокөлік жүргізушісі. Екеуі де оқиғаны бір жерден бірдей қашықтықтан көрді дейік. Мұндай жағдайда осы екі куәнің қайсысынан оқиға жөнінде толық мәлімет алуға болады? Әрине, оқиғаны бірдей жағдайда көргенімен толық мәліметті жүргізуші бере алады. Ол машинаның маркасын, түрін ғана айтып қоймай, қай машина жол жүргізу ережесін бұзғандығы жөнінде де мәлімет бере алады. Байсалды, сабырлы адамның оқиғаны қабылдау қабілеті, аңғалақ, жеңілтек адамға қарағанда, әрине жоғары. Сабырлы, байсалды адамдар оқиғаның кейбір көзге көп іліне бермейтін маңызды сәттерін аңғарып қалуы мүмкін, ал аңғалақ адамдардан мұны күту қиын. Сондай-ақ, әсіресе, жасы толмаған, куә есебінде жауап алынатын балалар, көрген оқиғаға қиялындағысын қосып, өсіре айтуы, сөйтіп жалған мәліметтер беруі мүмкін. Сондықтан тергеуші жас балалардан жауап алғанда олардың осындай психологиялық ерекшеліктерін ескеруі тиіс.
Жауаптың толықтығына, шындығына, сонымен қатар куәнің, жәбірленушінің болған оқиғаны ұмытпай, ойында сақтау қабілеті де әсер етеді. Ал, ондай қабілет әр адамда әр түрлі – кейбіреулер белгілі бір қимыл-әрекетті есте жақсы сақтайды, екінші біреу – көрген жерін ұмытпайды, сондай-ақ естігенін есте жақсы сақтайтын, керісінше, өте ұмытшақ адамдар бар. Тергеуші жауап алғанда осының бәрін ескеріп, қажеттілік туса ұмытылған жәйттерді еске түсіру үшін қолайлы жағдай жасауға әрекет етуі керек.
Болған оқиғаны есіне түсіріп, жауабын толық айтып жеткізу қабілеті де әр адамда әр түрлі. Жауап алғанда бұл да мұқият ескерілуі тиіс. Жауап куәнің, не жәбірленушінің болған оқиғаның мән-жайын еркін баяндауынан басталады. Куә, не жәбірленуші, өзінің өтініші бойынша, жауап бергеннен кейін, жауабын өз қолымен жазуына құқығы бар. Тергеуші толық жауапты естігеннен кейін, жауап беруші адамға қосымша сұрақтар қойып, істің кейбір мән-жайын нақтылайды.
Қосымша сұрақ бергенде тергеуші заңда көрсетілген тәртіпті ескеруі керек:
қойылған сұрақтардың анық және түсінікті болуы, куәні, не жәбірленушіні шатастырмауы тиіс;
жетектеуші сұрақтарды қоюға болмайды;
берілген сұрақтар куәні, не жәбірленушіні кемітіп, қорлауға, қорқытуға бағытталмауы керек.
Жауап алғанда осы тергеу әрекетін жүргізуге қолайлы, тиімді жағдай жасалуы тиіс. Егер куә асып-сасып, ренжіп, қобалжып отырса, оның көңілін жуатып, жайландырып, содан кейін ғана жауап алуға кірісу керек. Әрине, жауап алғанда куәнің, не жәбірленушінің мінез-құлқын, мінезінің психологиялық ерекшеліктерін (мақтаншақ, қызба, сабырлы) ескерудің маңызы айрықша. Себебі мұның бәрі тергеушінің жауап үстінде дұрыс тактикалық бағыт ұстауына негіз бола алады.
Достарыңызбен бөлісу: |