§2. Ұстауға әзірлік
Ұстауға әзірлік дегеніміз не? Ол ұсталуға тиісті сезіктелушінің жеке басын, оны ұстау көзделген жердің жағдайын зерттеу; ұстаудың жоспарын жасау; жедел топты жасақтау, жабдықтау және оған нұсқау беру.
Ұсталуға тиісті сезік тудырушының жеке басын зерттегенде қылмыс жасаған кездегі оның әрекетінің қаншалықты қатыгездігі, қауіптілігі, оның бойында қаруының бар-жоқтығы, бұрын ауыр қылмыс жасаған не жасамағандығы, сондай-ақ бұған дейін «полиция қызметкерлеріне қарулы қарсылық көрсеткен жоқ па, дәл қазір оның осындай әрекетке баруы мүмкін бе, міне осы мәселелердің бәрі егжей-тегжейлі зерттеледі. Осыған қоса, оның күнделікті тұрмыс-тіршілігі, өмір салты, мінез-құлқы, уақытын қайда, қалай өткізетіні, әдетте, қайда, қалай жүріп баратыны, қылмыстық байланысы, т.б. тексеріледі. Аталған әрекеттер ұстау кезінде қылмыскердің қалай әрекет ететінін дәл болжап, соған орай тиімді қимыл жасау, яғни жедел топтың, әрекет мәнерін дұрыс жоспарлау, ұсталатын жер мен ұстау уақытын дұрыс белгілеу, тиімді тактикалык әдісті іріктеу, жедел топтың сандық құрамын дәл анықтау үшін қажет.
Сезік тудырушыны ұстау көзделген жерді зерттеу арқылы жедел топ ұстау кезінде төңіректі еркін болжап, батыл қимылдай алады, топ мүшелеріне нақты жағдайға орай міндет жүктеледі, бақылау нүктесі, көлік қоятын жер белгіленеді, қозғалыстың бағыты анықталады. Егер қылмыскерді белгілі бір құрылыс ішінде ұстау көзделсе, оның құтылып кетпеуі үшін осы құрылысқа кіретін не шығатын барлық жерлерді, бөлмелердің қалай орналасқанын, терезелерін, баспалдақтарын, қосалқы құрылыстарын алдын ала тексеру, құрылыс маңындағы жабынды жерлерді, бұта, ағаштарды, тығылуға болатын басқа да барлық орындарды анықтау керек. Егер қылмыскер ашық жерде ұсталса сол маңдағы көшелерді, жекелеген бұрылыстарды, аула ішіндегі іргелі қуыстарды, қала көлігі жүретін, бұта арасына, жыра-сайларға, тоғандарға апаратын жолдарды алдын ала қарап шығып, есте ұстау қажет. Қылмыскерді ұстайтын жерді жедел топтың жетекшісі тікелей өзі зерттейді.
Содан соң оның схемалық жоспары жасалады, ол ұстау тактикасын белгілеу және жедел топ мүшелеріне нұсқау берер кезде пайдаланылады.
Әзірлік барысында қажетті мәліметтер жиналған алғашқы материалдардан, қылмыстық істегі деректерден, жедел-іздестіру деректерінен, қылмысты тіркеу жүйесінен, архивтерден және басқаларынан алынуы мүмкін. Жиналған осындай мәліметтердің негізінде қылмыскерді ұстаудың жоспары жасалады. Онда ұстау мерзімі мен ұсталатын жер, кімнің қандай шараларды жүзеге асыратыны, жедел топты кімнің басқаратындығы көрсетіледі. Тобымен ұстау қажет болғанда жоспарда жедел топтың нақты қай мүшесі нақты қай қылмыскерді ұстайтыны дәл белгіленуі тиіс. Кей жағдайда, әсіресе ашық жерде қолға түсіру көзделген кезде, жедел топтың құрамына із кесетін иттерді де кіргізген жөн. Із кесетін ит қылмыскердің соңына түскенде, оны үй астынан, төбеден, үй маңындағы қосалқы құрылыстардан, ашық жерлерден іздегенде, қылмыскер қарулы қарсылық көрсеткенде қажет.
Кейбір жағдайларда, мысалы: іздеу, соңына түсу, күзетпен айдап жүру, тағы басқа қажеттілікке орай жоспарда қылмыскерді көзбе-көз көргендердің, жәбірленушілердің, қоғамдық өкілдердің, лауазымды адамдардың көмегі де пайдаланылады. Мұндайда көмектесушілерге қылмыскердің ешқандай зақым келтірмеуі үшін полиция қызметкерлері барлық қажетті шараларды қолдануы керек.
Полиция қызметкерлерінің қылмыскерді ұстайтын жерге қандай көлікпен, қандай жолмен жүріп баратыны да жоспарланады. Және мұны жоспарлағанда қылмыскердің полиция қызметкерлерін жол үстінде басқа жолаушылардан айырьш, танып қалмайтынына айрықша назар аударылады. Көлік, байланыс құралдары тиісті жерге дер кезінде жеткізіліп, көзден тасаландырылады. Бұған қоса қылмыскерді ұстағаннан кейін көлік тұрған жерге, одан соң полиция бөлмесіне жеткізетін жол белгіленеді. Өйткені сыбайластарының жолшыбай қылмыскерді туысқандарымен және басқа да таныстарымен кездестірмеуі үшін мұның маңызы зор.
Бір мезгілде әр жердегі бірнеше адамды қатар ұстау қажет болған кезде қылмыскерлердің бір-бірімен кездестірілмеуі көзделеді. Олар тергеу орнына әр түрлі жолмен, әр түрлі көлікпен жеткізіледі және алғашқы тергеу жүргізілетін камераларға жеке-жеке қамалады. Жоспарда сондай-ақ жедел топтың қандай техникалық-криминалистикалық құралдармен жабдықталатыны көрсетіледі. Сонымен бірге, жедел топ мүшелерінің бір-бірімен қалай байланыс жасайтыны анықталуы тиіс. Бұл мақсатта жедел топтың автокөлігіндегі де, мотоциклдеріндегі радиоқондырғылар, жақын маңдағы телефондар және басқалары пайдаланылады.
Ұстауға әзірлік жедел топқа нұсқау берумен аяқталады. Өйткені топтың барлық мүшелері өздеріне нақты қандай міндет жүктелгенін, яғни кімді, қашан, қай жерде ұстайтынын дәл білуі керек. Ол үшін оған ұсталатын адамның барлық белгілері, басқа да қажетті деректер толық айтылады. Егер топ мүшесінің қолында қылмыскердің суреті болса сонымен салыстырады, сондықтан мүмкіндігінше, топтың әр мүшесінде ұсталатын адамның суреті болғаны жөн. Жедел топтың мүшелері кімге, қай жерде бақылау жасайтынын, қылмыскер жасырынған жерге кімнің, қалай кіретінін, қылмыскерді қарусыздандыру үшін кандай қимыл жасайтынын, қылмыскер қарулы қарсылық көрсетсе не істеу керектігін, ұсталғаннан кейін қылмыскерді қалай алып жүру қажеттігін мүқият еске тоқып алуы тиіс.
Нұсқау кезінде жедел топтың әр мүшесінің атыс қаруын қалай қолданатыны тексеріледі. Топ мүшелеріне қылмыскермен тілдеспеуді, қылмыскердің ұсталғаны, сондай-ақ ұстау мен тінтудің нәтижесі туралы құпияны жария етпеуі ескертіледі.
Жедел топтың мүшелеріне, сонымен бірге, егер ұстау кезінде бұрынғы белгіленгеннен басқа жағдайларға тап болса, айталық, ұсталатын адам көрсетілген жерде жоқ болып шықса немесе онда бір немесе бірнеше қылмыскер қарсы кездессе қандай шешім қабылдау, қосымша күшті қалай шақыру қажеттігі түсіндіріледі. Тәжірибеде мұндай жәйттер жиі кездеседі. Сондықтан әзірлік кезінде ұстаудың бірнеше әдістері жасалады және ол алдын ала пысықталып, зерделенеді.
Достарыңызбен бөлісу: |