§2. Сот сараптамасының түрлері
Сараптама – қылмыстық немесе азаматтық істерді дұрыс шешуде маңызды, нақты деректер мен жағдайларды анықтау мақсатында тергеушінің (соттың) тапсырмасымен заттай дәлелдемелерді және материалдарды зерттеуге сарапшы (арнаулы білім иесі) қатыстырылатын іс жүргізу әрекеті.
Сарапшы бейнесі тиісті арнаулы білімнің көмегімен алдын ала және сот тергеуінде зерттеліп, анықталатын ерекше фактілерді (істің жағдайын) қалыптастырады, тергеушінің (соттың) көз алдына әкеледі. Әр сот сараптамасының өзіндік ерекше зерттеу сипаты болады. Айталық, сарапшы- криминалист, көп жағдайда, адамды, малды, қылмыс жасалған қару мен құралды оның сыртқы түрі бойынша бейнелейді.
Сараптаманың объектісі – қылмыстық іске қатынасы бар, арнаулы білім арқылы зерттелуге тиісті фактілер, оқиғалар, заттар. Сарапшының алдына қойылған міндеттер нақ осы фактілер мен оқиғалар арнаулы білім қолдану арқылы зерттеліп орындалады. Сараптамалық объектілер адам және оның шырғалаң іздері, мәйіттер, малдар мен олардың іздері, агрегаттар, әр түрлі көлік құралдары, олардың сыртқы ортада бейнеленуі, құжаттар мен олардың мазмұндары болуы мүмкін.
Сараптамалық бейне мен объектінің өзіндік ерекшелігі оның, яғни зерттеудің құрал-жабдықтары мен олардың қолданылуының, жаратылыстану ғылымы мен техника ғылымының өзара үйлесімділігінің өзіндік әдістемесін талап етеді. Аталған әдістер мен құралдар, әдетте, зерттелетін объектінің сипаты мен зерттеу мақсатына орай қолданылады. Сот сараптамасы әртүрлі негіздеріне қарай жіктеледі және жіктелу деңгейі де әр түрлі болады. Объекті мен бейненің өзіндік сипатына байланысты пайдаланылатын білім: криминалистикалық, сот-медициналық, сот-психиатриялық, сот-психологиялық, сот-фармацевтік және фармакологиялық, сот-биологиялық, сот-мал дәрігерлік, химиялық, физика-техникалық, техникалық және технологиялык, тауартанушылық және тамақ өнімдері, бухгалтерлік, экономикалық, экологиялық және басқа бірнеше түрлерге бөлінеді. Сондай-ақ материалдарды, заттарды, бұйымдарды зерттеу сипатына қарай криминалистік-сараптық жеке топқа іріктеледі. Сөйтіп, жоғарыда аталған сараптамалар әр түрлерге, жіктерге, тіпті, жікшелерге бөлінеді. Айталык, криминалистикалық сараптаманың өзі зерттеу объектілеріне байланысты трасологиялық, сот-баллистикалық, графикалық зерттеу, құжаттарды сот-техникалық әдістермен зерттеу, сот-портретті, сот-фоноскопиялық, қопарғыш құралдарды зерттеу, заттарды және бұйымдарды криминалистикалық зерттеу сияқты болып жеке түрлерге бөлінеді.
Әртүрлі материалдарды, заттар мен бұйымдарды, бояуларды, жеке заттарды, бұйымдарды зерттеу сараптамасын кейінгі, оқу әдебиеттерінде және сараптамалық тәжірибеде криминалистикалық сараптама қатарына жатқызып жүр. Бұл айтылған сараптамаларды жүргізгенде химиялық-биологиялық, физикалық әдістер, құрал-саймандар қолданылатындықтан оларды криминалистикалық сараптама деп санауға толық негіз жоқ. Қай ғылым саласының әдіс-тәсілі қолданылса сараптамада соның атымен айтылуы тиіс деп санаймыз.
Міне, осыған байланысты әртүрлі сот сараптамалары тағайындалады.
Адамның өміріне, денсаулығына және адамгершілігіне байланысты қылмыстық істер бойынша, айталық өлімнің себебін, дене жарақатының сипатын, оның ауырлығын анықтау; қажет болған жағдайда сот-медициналық сараптамасы, ал іске қатынасы бар адамдардың есі дұрыстығы және психологиялық жағдайын анықтау керек болса психиатриялық сараптама тағайындалады.
Жол-көлік оқиғасын тергегенде осы оқиғаға қатынасы бар автокөліктердің, техникалық жағдайын, оның механизмдерінің бұзылған-бұзылмағандығын және қай уақытта бұзылғандығын (оқиғадан бұрын ба, кейін бе), оқиға болар алдында автокөліктің, қандай жылдамдықпен жүріп келгендігін анықтау үшін сот-автотехникалық сараптамасы тағайындалады, Осымен қатар, сот-автотехникалық сараптамасын тағайындау арқылы автокөліктің жолдан шығып кету, аударылу себептерін және апаттың механизмін, динамикасын да шешіп, анықтайды.
Техникалық қауіпсіздік немесе еңбекті қорғау ережелерін бұзу салдарынан апат болып, адамдар қайғылы жағдайларға ұшыраса, техникалық-сараптама тағайындалады.
Экономика саласындағы қылмыстар бойынша сот-есеп, сот-технологиялык, тауартанушылық, сот-экономикалық сараптамалары тағайындалады. Сот-есеп сараптамасында белгілі мекемеде (кәсіпорында) жүргізілген есеп жұмыстарының жалпы жағдайы, оның нормативтік ережелерге сай жүргізілуі анықталып, шешіледі.
Технологиялық сараптама кәсіпорындарда (фабрика, зауытта) өндіріс үстінде белгілі бір өнімді шығаруға арналған технологиялық тәртіп толық сақталды ма, нақтылы қандай ережелерін бұзылғандығын анықтайды. Шығарған өнімнің, заттың сапасының тиісті стандартқа сәйкестігі, оның бағасының дұрыс белгіленуі сот-тауартанушылық сараптамасымен анықталады. Өндіріс орнының экономикалық жағдайын, өнім шығарудың дұрыс жоспарлануын және кәсіпорынның жалпы сипатын сот-экономикалық сараптамасы арқылы анықтап білуге болады.
Құрылыс саласындағы қылмыстар бойынша құрылыс-техникалық сараптама тағайындалса, ауылшаруашылық секторында жасалған қылмыстар бойынша агротехникалық, зоотехникалык және сот-мал дәрігерлік сараптамасы тағайындалады.
Соңғы жылдары белгілі бір адамның қалдырған иісіне және бұл иістің қандай иіс шығаратын заттармен қалдырылғанын анықтауға байланысты күрделі міндеттерді зерттейтін одорологиялық зерттеу әдісі дами бастады.
Шешілетін міңдеттер мен ол міндеттердің шешілу жолдарына қарай сараптамасы идентификациялық және идентификацияны қажет етпейтін сараптамалық зерттеулер болып екі түрге бөлінеді. Идентификациялық сараптама өзінің идентификациялық міндетті шешу деңгейіне байланысты салыстыратын объектілердің тепе-тендігін не ұқсастығын табу болып тағы екіге жіктеледі. Идентификацияны қажет етпейтін сараптама диагностикалық, классификациялық және ситуациялық болып үш топқа бөлінеді.
Диагностикалық сараптамаға белгісіз бір объектілердің химиялық құрамын, физикалық қасиеттерін анықтап осы арқылы зерттеп отырған объектінің не екенін айыру үшін жүргізілетін сараптамалар жатады. Мысалы: киімдегі, я басқа бір заттағы дақтың неден пайда болғандығын, айтайық: қаннан ба, майдан ба, әлде басқа бір нәрседен тамған, содан пайда болған дақ екенін анықтауға жүргізілген зерттеулерді диагностикалық сараптама деп атайды.
Зерттелетін объектілерді белгілі бір сыныпқа, топқа жатқызуға бағытталған сараптаманы жіктеулік сараптама дейді. Мысал: оқиға болған жерде табылған автокөліктің іздерін зерттеу арқылы, доңғалақгың белгілері арқылы із қалдырған автокөліктің түрін, маркасын зерттеу арқылы анықтауға болады. Екі мәтіннің бір маркілі машинкада басылғандығын анықтайтын эксперттік зерттеуді де классификациялық (жіктеулік) сараптама дейміз.
Қылмыстық істерді тергегенде кейбір фактілердің әрекет болу жағдайын тексеріп, білуге арнаулы білім қолдануға тура келеді. Осыны зерттеу үшін жүргізілетін сараптамалық зерттеуді ситуациялық сараптама дейді. Айталық: айыпкер өзінің жауабында жәбірленушіні қасақана өлтіруге ниетінің болмағандығын айтып, оны тек қорқыту үшін мылтықты кезеп тұрған мезгілде, артынан біреу келіп қалып мылтықты қолынан тартып алу үшін мылтықтың түбінен итеріп нұқып қалғанда, мылтық өзінен-өзі атылып кетті деп баяндады. Енді осыны анықтау үшін мылтықты сараптамалық зерттеуден өткізу үшін баллистикалық сараптама жүргізіледі де, ол сараптама ситуациялық сараптамалардың қатарына жатқызылады.
Объектіні зерттеудің кезегіне және көлеміне байланысты сот сараптамасы үш түрге – алғашқы (бірінші рет белгіленген сараптама), қайталамалы (тергеуші немесе сот алғашқы жүргізілген сараптамадағы тұжырымдарға келіспеген кезде, оның екінші, үшінші рет жүргізілуі), қосымша (негізгі сараптамадағы мәселелерге кірмеген немесе осы негізгі мәселелер бойынша қойылған сұрақтарды толықтыратын шешуші мәселелер) сараптамаларына бөлінеді.
Ал ұйымдық жағына қарай сот сараптамасы жеке дара (бір ғана жүргізетін), комиссиялық (бір топ сарапшылар жүргізетін), бір ғана объект бойынша (бір ғана мамандық иесінің жүргізетін), бірнеше объект бойынша немесе кешенді (әр түрлі мамандық иелерінің бірлесіп жүргізетін) түрлеріне жіктеледі.
Сот сараптамасы көп жағдайда сот сараптамасы мекемелерінде оның сараптамалық бөлімшелерінде жүргізіледі. Сонымен бірге жекелеген жағдайларда, оның осындай мекемелерінде қызмет істемейтін мамандардың да қатыстырылуымен орындалуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |