Сақтау практикасы Картопты пирамида түрінде жиналған және сыртқы ортадан сабан және жер қабаттарымен жекеленген картоп үйінділері болатын бурттарда сақтайды. Бурт негізінің ені – 3-7 м, ұзындығы – 25 м және одан аса. Ауаның кіруін қамтамасыз ету үшін және артық жылу мен ылғалды алып тастау үшін картоп массасында көлденең және тік перфорацияланған құбырлар орнатылады. Сақтау кезінде картоп температурасын бақылайды. Алғашқы 14-20 тәулікте, механикалық зақымданулардың жазылуы өтіп жатқанда, температураны 13-15 0С деңгейінде ұстап тұрады, кейін біртіндеп температураны тәулігіне 1 0С-тан көп емес жылдамдықта картоптың сақталуы өтетін 2-40С-қа дейін төмендетеді. Жазылу кезеңінде картопты тәулігіне 4-6 рет желдетеді, суық сақтау кезеңінде – тек жылымық күндері.
Астықты едендік немесе қамба типті қоймаларда сақтайды.
Едендік сақтау астықты шағын кәсіпорындарда сақтау үшін қолданылады. Ашық аспан астында брезентпен жапқанда қысқа мерзімді сақтауға рұқсат етіледі.
Астықтың үлкен көлемдерін ұзақ мерзімді сақтау үшін қамба тәсілін пайдаланады, әдетте силос типті қоймаларда. Оларда темір бетонды немесе металды сыйымдылықтар – силостар болады. Ондай қоймалар механикаландырылған, астықты бірінші тазалау үшін жұмыс мұнараларында орналасқан қондырғылармен жабдықтанған. Силостар кешені мен жұмыс мұнарасының жабдықтары элеватор деп аталады.
Мелассаны конусты қақпағы бар үлкен цилиндрлі тік резервуарларда сақтайды. Оларды биіктігі мен диаметрінің арақатынасы 1:1 етіп, сыйымдылығы 500...2000 т болаттан жасайды. Резервуарлар зауыттың үздіксіз жұмыс істеуі үшін мелассаның бес айлық қорынан кем емес мөлшерге есептелген болуы тиіс.
Әрбір резервуардың баспалдақ, сынама краны, деңгей өлшеуіші, төменгі жағында ысырмасы бар шығын штуцері болады; ішкі бетті жуу және бумен өңдеу үшін су мен буды жеткізу, қысқы уақытта мелассаны 40 0С-тан аспайтын температураға дейін жылыту үшін жылантүтік ескерілген болуы тиіс. Толтыру құбырының жоғарғы ұшы толтырған кезде көбіктенуді болдырмас үшін қабырғаға тақалған болуы тиіс. Жеке резервуарлар бір-бірімен сұйық ағатын құбырлармен байланысады.
Ұзақ мерзімді сақтауға тек құрғақ заттар мөлшері 75%-дан кем емес, рН 6,8-ден кем емес болатын, өздігінен ашуға сынамадан өткен қалыпты мелассаны қояды.