Спирт зауытының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін оның тіршілік әрекет жағдайларын есепке ала отырып сақталатын шикізат қоры болу қажет.
Сақтау үдерісінде шикізатта бірқатар биохимиялық үдерістер өтеді.
Шикізатты сақтаудың биохимиялық негіздері Негізгі үдеріс – тыныс алу, оның нәтижесінде астық және картоп түйнектері тіршілік әрекетін сақтау үшін энергия алады.
Сақтау үдерісінде аэробты немесе анаэробты жолмен төмен молекулалы көмірсулардың ыдырауы өтеді.
Аэробты тыныс алуда жай көмірсулар немесе липидтер тұтынылады. Негізгі химиялық реакция – теңдеу бойынша гексозалардың ыдырауы:
С6Н12О6 + 6О2 = 6СО2 + 6Н2О + энергия
Гексозаның толық тотығуында бос энергия – 2872 кДж/моль бөлінеді. Осы энергияның шамамен 36%-ы жасушада АТФ көмегімен жинақталады және кейін әртүрлі синтетикалық үдерістерге пайдаланылады, бір бөлігі жасушадағы механикалық жұмысқа жұмсалады, қалғаны жылу түрінде сейіледі.
Бір варианты спирттік ашу болып табылатын анаэробты тыныс алуда да көмірсулар тұтынылады, бірақ келесі теңдеу бойынша:
С6Н12О6 = 2С2Н5ОН + 2 СО2 + энергия
Осының нәтижесінде тек 234 кДж/моль бөлінеді, макроэнергиялық байланыстарда бұл энергияның 25%-ы қорға түседі.
Аэробты тыныс алу теңдеуінен 1 көлем жұтылған оттегіге 1 көлем көміртек диоксиді бөлінетіндігі шығады. Тыныс алу бағытталуын бағалау үшін тыныс алу коэффициенті деп аталатын коэффициентті – СО2/О2 пайдаланады. Аэробты үдерісте ол 1-ге тең. Егер оттегі қатысы шектелген болса, анаэробты тыныс алу басым бола бастайды, бұл коэффициенттің шамасы өседі. Тыныс алу үдерісінде субстрат ретінде қанттар орнына липидтерді пайдаланғанда немесе дымқыл астықты сақтағанда бұл коэффициент 1-ден аз. Соңғы жағдайда оттегінің бір бөлігі аэробты бактериялармен тұтынылатыны анық. Анаэробты тыныс алу сақтау кезеңінің соңында да күшейеді, бұл кезде шикізаттың тотығу ферменттерінің белсенділігі төмен болады. Анаэробты тыныс алу өнімдері астық және картоп жасушаларының тіршілік әрекетін басады. Анаэробиозға әсіресе картоп түйнектері сезімтал. Тіпті қысқа мезгілде оттегі болмаса, түйнектерде олардың тез бұзылуын тудыратын сүт қышқылы (спирт орнына) пайда болады.
Сақтау үдерісінде шикізат компоненттерінің сапалық және сандық құрамы өзгереді.
Жаңадан жиналған, техникалық пісіп жетілген шикізатта жинаудан кейінгі жетілу өтеді.
Жасушаларда гидролитикалық ферменттер әсерімен синтетикалық үдерістер жалғасады: қанттардың крахмалға, амин қышқылдарының ақуыздарға айналуы және т.б. Осының нәтижесінде су бөлінеді. Картоптың жинаудан кейінгі жетілуі 1,5 айға дейін, астықтың – 1,5-2 айға дейін жалғасады. Жаңа жиналған жүгеріні собықтарда сақтайды, ол кезде көмірсулардың бір бөлігі өзектен дәнге өтеді.
Картоп түйнектерінде сол сияқты үдерістер өтеді, алайда оларда крахмал синтезі мен гидролизі фосфорилаза ферменттерінің әсерімен жүреді. Температураның төмендеуінде крахмал гидролизі 1/3-ге, ал синтезі 20 есе баяулайды. Бұның нәтижесінде 0 0С-қа жуық температурада түйнектерде қант жиналады. Температура көтерілгенде, қанттың көп бөлігі крахмалға ресинтезделеді.
Астық және картопты сақтау органикалық заттардың, негізінен, тыныс алуға, сондай-ақ ылғалға жұмсалатын көмірсулардың шығыны бола отырып өтеді. Ылғалдылықтың өзгеруін шикізат шығындарын анықтағанда есепке алу қажет.
Тыныс алу қарқындылығы көптеген факторларға тәуелді. Олардың негізгілері:
сұрып және шикізат күйі;
температура;
ылғалдылық;
ортаның газдық құрамы.
Сұрып және шикізат күйі. Тыныс алу қарқындылығы кеш пісетін картоп сұрыптарынан гөрі ерте пісетін сұрыптарында жоғары. Зақымданған түйнектер жара ұлпаларын түзуге энергия жұмсай отырып, күштірек тыныс алады.
Пісіп жетілмеген, солғын, суланған, аяз ұрған, зақымданған астық сау және құрғақ астыққа қарағанда, қарқындылау тыныс алуға ие. Ұрық дәннің басқа бөліктеріне қарағанда қарқындырақ тыныс алады.
Жинаудан кейінгі жетілу күйіндегі шикізат максималды тыныс алу қарқындылығына ие, себебі оған синтетикалық үдерістерге энергияның көп мөлшері қажет етіледі.