АШЫМАҚТАН СПИРТТІҢ БӨЛІНУІ ЖӘНЕ ОНЫ ҚОСПАЛАРДАН ТАЗАРТУ
Ашымақтың құрамы және спирттің ұшқыш қоспаларының сипаттамасы
Ашымақ көп компонентті қоспа болып табылады, оның құрамына су – 82-90%, құрғақ заттар – 4-10%, ұшқыш заттар – 6-11%, соның ішінде 5-9% этил спирті кіреді.
Ашымақтың құрғақ заттары қалқыма бөлшектер (ашытқы, бытыра), сонымен қатар сулы-спиртті қоспада еріген органикалық және бейорганикалық заттар (декстриндер, ашытылмаған қанттар, ақуыздар, қышқылдар, минералды заттар) түрінде болады. Астық-картопты ашымақта қалқыма бөлшектер көп, ол мелассаныкіне қарағанда тұтқырлау, бірақ та құрғақ заттардың жалпы мөлшері астық (5-7%) және әсіресе картоп ашымағымен (3-4%) салыстырғанда, меласса ашымағында (8-10%) көбірек.
Ұшқыш қоспалар спирт көлемінің шамамен 0,5%-ын құрайды, дегенмен олардың саны көп: қазіргі кезде 70-тен аса түрлі заттар табылған. Қоспалардың негізгі бөлігін органикалық қосылыстардың 4 тобы құрайды: спирттер, альдегидтер, қышқылдар және эфирлер. Сонымен бірге, спирттің органолептикалық көрсеткіштеріне елеулі әсер тигізетін азотты заттар тобы (аммиак, аминдер, амин қышқылдары) және құрамында күкірт бар қосылыстар (күкіртсутек, күкіртті альдегид, сульфоқышқылдар, меркаптандар) бөлінген.
Қоспалардың негізгі бөлігі ашу үдерісінде түзіледі, олардың да құрамы шикізат түрі мен сапасына, технологиялық үдерістердің параметрлеріне байланысты. Қоспалар шикізат, су және көмекші материалдардан ішінара сілтіленіп кетеді.
Этил спиртінің қоспалары арасында спирттер басым болады, олардың ең көп үлесін сивуш майының (ашымақтағы этанол мөлшерінен 0,30-0,35%) негізін құрайтын изоамил, изобутил, н-пропил спирттері құрайды. Метил спирті көбінесе шикізатты жылулық өңдеуде түзіледі, ең көп мөлшерде ол қызылша шикізатынан алынған ашымақта болады, астық-картопты ашымақта, әдетте оның мөлшері этил спиртінің мөлшеріне 0,2%-дан аспайды.
Альдегидтерден сірке альдегиді басым болады. Оның мөлшері сусло аэрациясы кезінде артады, сондықтан сірке альдегиді астық-картопты ашымақпен салыстырғанда, меласса ашымағында (этанолға 0,05%-ға дейін) 10-50 есе көп.
Қышқылдар, негізінен, сірке қышқылы түрінде көрінеді, сонымен қатар, майлы, пропион, валериан және басқа қышқылдар да бар. Олардың мөлшері этил спиртінің мөлшеріне 0,05-0,1%.
Эфирлер ашу кезінде, сонымен бірге ашымақты айдауда ішінара түзіледі. Сіркеэтилді, сіркеметилді, құмырсқаэтилді эфирлер басым. Олардың мөлшері этанол мөлшеріне 0,05%-ға жуық.
Брагоректификацияның негізгі мақсаты ашымақтан спирттің бөлінуі және оны ұшқыш қоспалардан максималды босату болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |