Уәлихан АБДИБЕКОВ,Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің президенті, профессор.
Мақсатымыз – халықаралық деңгейге көтерілу
Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын зәулім залда отырып, өз аузынан естіген жандардың бірі ретінде үлкен тебіреніс құшағында болғанымды жасыра алмаймын. Елбасы ғылым-білімге деген қолдаудың күшейіп, бұған бөлінетін қаржының барынша көбейетінін жария етті. Нақтылап айтқанда, таяу жылдары ғылымды қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің кемінде 3 пайызына дейін жетеді. Осыған орай, Жолдауда 80-нен астам инновациялық идеялар тегіннен-тегін айтылған жоқ. Сондықтан да болар, Жолдауға шетел ғалымдары мен сарапшылары да баса көңіл бөлуде.
Бұл бағдарламалық құжатта жоғары және арнаулы оқу орындарының алдына заман талабына сай тың да жаңа міндеттер қойылып отыр. Міне, бұл негізінен алғанда оқыту үдерісіне заманауи әдістеме мен технологияны енгізуге, оқытушы-педагогикалық құрамның сапасын жақсартуға, біліктілікті растайтын тәуелсіз жүйені құруға, талапты шәкірттер үшін білімге қолжетімділік аясын кеңейтуге, тағы да басқа өзекті мәселелерге келіп саяды. Осы орайда, Елбасы тек білім беріп қана қоймай, алған білімін әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге икемделу қажеттігін нақтылай түсті. Демек, бұл – білімгерлерге деген талапты күшейте түсу деген сөз.
Жоғары оқу орнының негізгі мақсаты – терең білімді, іс-тәжірибесін жүзеге асыруға қабілетті білікті маман даярлау. Киелі топырақта бой көтерген білім ордасы Италияның Болон университетінде үдерістің негізі болып қаланған университеттердің Ұлы хартиясына қол қою арқылы білім берудің әлемдік кеңістігіне қосылды. Болон декларациясының талаптарына сәйкес құрылымға бірсыпыра өзгерістер енгізіліп, жаңа стратегиялық бағыттар белгіленді.
Студенттің білім деңгейі оқытушының біліктілігіне тікелей байланысты. Студенттің білімі таяз болса, бұл ұстаз ісінің нәтижесі төмендігін көрсетеді. Сондықтан да оқытушыға деген талапты күшейту басты назарда. Білім беру саласында жалпақшешейлікке, босаңдыққа жол беруге болмайды. Оқу орнының халықаралық мәртебесіне сай биік талап тұрғысында болуды парыз деп санаймыз. Осы ретте, бірқатар оқытушыларды біліктілікті арттыру бағдарламасымен Оксфорд, Кембридж, т.б. оқу орындарына ғылыми тағылымдамадан өтуге жіберу қолға алынды.
Дәл қазір біз университетіміздің әлемдік деңгейдегі озық білім ордаларының қатарынан орын алуына алғышарттар жасауды алдыңғы орынға қойып отырмыз. Осы шараларды жүзеге асыра алғанда ғана білім ордасында дайындалатын мамандардың оқу жоспарларын еуропалық стандарттарға сәйкестендіруге, академиялық дәрежелердің халықаралық деңгейде мойындалуына, кредиттік технология бойынша сынақтардың бірлік жүйесін енгізу арқылы академиялық ұтқырлықты қамтамасыз етуге, қос дипломдық білім бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік туады.
Университетте қазіргі кезде 29 ұлттың өкілін қамтитын 10 мыңға жуық жас білім алуда. Оның ішінде түркітілдес 15 мемлекеттен келген 1200-дей студент пен тыңдаушы бар. Студенттер негізінен қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде оқытылады. Сондай-ақ, барлығы 54 мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік болса, 30 мамандық бойынша магистратура, 3 мамандық бойынша резидентура және 11 мамандық бойынша докторантура (PhD) ашылған.
Қазіргі таңда университетте ғылымды сала-сала бойынша дамытуға айқын бағыт алынып отыр. Солардың бір-екеуін тілге тиек ете кетейік. Айталық, медицина саласы бойынша мамандар Еуропа стандарттарына сәйкес дайындалады. Ғылымға иек артқан тәжірибелі ғалым-мамандар жетерлік. Түрік Республикасының бірнеше оқу орнымен келісімшарт түзілген. Медицина мамандықтарында білім алатын студенттер үшін Шымкент және Түркістан қалаларында екі клиника оқу базасы ретінде пайдаланылуда.
Ойымызды түйіндеп айтар болсақ, инновациялық зерттеу жұмыстарымен халықаралық деңгейге көтерілу – негізгі мақсаттарымыздың бірі. Тәуелсіз еліміздің шын мәнінде алдыңғы қатарлы білім ордасы атану жолында бар мүмкіндікті пайдаланамыз. Бұл дегеніңіз, халықаралық стандарттар негізінде сапалы білім алып, жарқын болашаққа нық қадам жасайтын рухы биік, білімді, сапалы ұлттық кадрлар тәрбиелеуге батыл қадам болмақ. «Қазақстан жолы – 2050» алдымызға тартып отырған ұлы мақсат-мүдде биігінен көріну – бүгінгі уақыт талабы.
//Егемен Қазақстан.-2014.-30 қаңтар.- 4 б.
20
Махметғали САРЫБЕКОВ,Мұхамед Хайдар Дулати атындағы Тараз
мемлекеттік университетінің ректоры.
Ғылым таппай мақтанба
Елбасы Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыруды Жолдаудың негізгі стратегиялық арқауы ретінде көрсетті
Елбасының Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында білім мен ғылымға және жастар тәрбиесіне баса назар аударылды. Осы бағыттар бойынша Үкіметке, Білім және ғылым министрлігіне, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.
Елбасы әр жылғы Жолдауында тағдырлы мағынасы бар ұғымды енгізеді. Мысалы, өткен жылы жастардың сана-сезіміне «жаңа қазақстандық патриотизмді» қалыптастыру мәселесіне маңыз берілді. Биылғы Жолдауында Елбасы «халықтың жаңа өмір сапасы» деген ұғымды енгізіп отыр. Өмір сапасы – экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес анықталады. Осы стандарттарға толық сәйкестігін дәлелдеген өткен ғасырда 3-ақ мемлекет болған. Ол – Жапония, Финляндия, Сингапур, ал жақында оған төртінші болып Оңтүстік Корея қосылды.
Барлығымызға белгілі, өмір сапасы тікелей білім сапасына байланысты. Ал сапалы білім тек қана ғылым арқылы берілуі мүмкін. Сондықтан да Елбасы Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыруды Жолдаудың негізгі стратегиялық тезисі ретінде көрсетті. Экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру үшін ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3%-нан кем емес деңгейге дейін арттыруды талап етеді, деді Президент. Осыған байланысты инновациялық зерттеулерді қолдау, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы тезірек жетілдірген жөн деп білемін. Сонымен қатар, шетелдік жаңа технологияларды Қазақстанға пайдалы жұмыс істеу мақсатымен трансферттеуді де басты назарда ұстау қажет.
Осы бағытта ТарМУ халықаралық білім беру кеңістігінде интеграцияны тереңдету, оқытушылардың ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейту және білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту мақсатында Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеттерінің (ШЫҰУ) желісіне ресми түрінде қабылданды. Яғни университет студенттерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейін білім беру бағдарламасы бойынша 3 мамандықтан «Су ресурстары және суды пайдалану», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» және «Гидротехникалық құрылыс және ғимараттар» ШЫҰУ шеңберінде оқытуды ұсынады. Сонымен қатар, университет Беларусь-Қазақстан ғылыми-білім консорциумына мүше болды. Консорциум аясында Беларусь жоғары оқу орындарымен бірге 8 жоба әзірленіп, оларды 2014-2016 жылдары қаржыландыруға бюджеттік өтінімдер ресімделді. Ұсынылған жобалардың ішінде, әсіресе, қазақ диқандары үшін «Дәнді дақылдарды қайта өңдеу негізінде жаңа тұрпаттағы өнімдер алу үшін техникалар мен технологиялар әзірлеу» жобасының маңызы ерекше деп санаймын. Бұл жобада дәнді дақылдарды сұрыптау коэффициентін 93-96 пайызға жеткізетін әмбебап технологиялық нобайы бойынша дәнді дақылдарды өңдеудің ресурс үнемдеу технологиясын және жаңа техникасын енгізу қарастырылған. Жоба елдегі дәнді дақылдарды өңдейтін және ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың қатысуын және қолдауын қажет етеді.
Ауқымды ғылыми жобалардың тағы бірі – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ және Беларусь ұлттық-техникалық университетінің ғалымдары қатысатын «Ғимараттардың қадалық іргетастарын қалау үшін ресурс үнемді ұңғымалы темір-бетон қадаларды тәжірибелік сараптау және әзірлеу» жобасы. Соққыға шыдамды және экономикалық тұрғыдан тиімді қадалар отандық құрылыс саласының инновациялық дамуының жаңа белеске көтерілуіне мүмкіндік береді деп сенеміз. Бұл жобаға байланысты университет «ПетроКазахстан Кумколь Ресорсиз» АҚ-пен келісімшартқа тұрды.
Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Премьер-Министр Серік Ахметов Өңірлік даму министріне құрылыс материалдардың сапасын сараптамадан өткізу мақсатымен арнайы зертханаларды құруды тапсырды. Осындай сараптамалық жұмыстарды жүргізу үшін университет биылғы жылы қажетті құрал-жабдықтарды алып отыр. Егер жергілікті билік қолдап, арнайы лицензия алынып, оған сұраныс
21
болса, университеттің облыста осындай зертхана ашуға толық мүмкіндігі бар.
ТарМУ, сонымен бірге, Жамбыл өңіріндегі ірі патент иеленуші болып табылады. Жыл сайын университет ғалымдары жаңа құрылғылар мен жабдықтарға, механизмдерге, құрылыс материалдарына орта есеппен еліміздің 30-дан астам инновациялық патентін және авторлық куәліктерін алады. Өкінішке қарай, олардың көбісі қағаз жүзінде қалып, нақты өндіріске енгізілмей келеді. Мысалы, өткен жылдың мамыр айында біздің қалада «Қазақстанның үздік тауары» атты аймақтық конкурс өтті. Ол конкурсқа университет 10 жоба ұсынған болатын. Оның 3-уі жеңімпаз атанды. Олар: газобетон шығару технологиясы; Мойынқұм ауданында өсетін цистанхе (сай сағызы) тамырынан тамақ және косметология өнімдерін дайындау технологиясы және жел электрстансаларына арналған жұмыс қалақшаларын жасау технологиясы. Осы жобаларды өндіріске енгізу мақсатында 2013 жылы 13 мамырда №12 хаттамасымен облыс әкімінің шешімі қабылданған. Ол шешімде айтылған жобаларды өндіріске енгізу және оған қажетті қаражатты бөлу туралы тиісті басқармаларға тапсырма берілген. Өкінішке қарай, бұл тапсырмалар осы күнге дейін шешімін таппай келеді. Сондықтан университет ғалымдарының ғылыми ізденіс нәтижелерін нақты өндіріске енгізу мәселесі бойынша үміт үзбей, қолдау күтеміз. Ұлы философ, ұлы ағартушы, ұлы ақын Абай Құнанбайұлы өткен ғасырлардың өзінде-ақ: «Ғылым таппай мақтанба» деген ғибратты жыр жазып, онда «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз. Сізге ғылым кім берер, жанбай жатып сөнсеңіз? Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» демеп пе еді?!.
Әрине, бір мақалада Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясымен астасып жатқан биылғы Жолдауына толықтай пікір білдіру қиын. Бірақ бір нәрсені барлығымыз дұрыс қабылдап, дұрыс түсінуіміз қажет. Елбасы үнемі болашақты болжап, болашақтың қамын ойлайды. Өйткені, күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімді жоспарлауымен дараланады. Сондықтан, «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдау барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғырудың нақты бағыты мен бағдары болып табылады. Оған қатысты Елбасының пайымдары мен көзқарасы біз үшін аса маңызды. Ал Президент тапсырмаларын орындау – барша бұқара үшін ортақ парыз, абыройлы міндет!
//Егемен Қазақстан.-2014.-30 қаңтар.- 5 б.
22
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Елбасы және еркін елдің ертеңі
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан СЫДЫҚОВПЕН әңгіме
– Ерлан Бәтташұлы, биылғы Елбасы Жолдауының басты ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз.
– Елбасының әр жылғы Жолдауы тарихи құжат: қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Биылғы Жолдау да осы тұрғыдан сипатталған: халық пен билікті бір мақсат, бір мүддеге жұмылдырып отыр. Елді индустрияландыру, жасыл энергетикаға көшу, еңбек ету, тіліміз бен дінімізге берік болу, елдің тыныштығын сақтау, көрші елдермен татулық қарым-қатынас жасау, жас ұрпақты бабалар өсиетімен тәрбиелеу, оларға терең білім беру, ғылымды дамыту сияқты өзге де маңызды міндеттер қойылды. Мемлекет басшысы саралап берген құндылықтарымызға қараңызшы: Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы; қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім; зайырлы қоғам және жоғары руханият; индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы; тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы; еліміздің ұлттық қауіпсіздік және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Елбасы: «Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр», деп атап көрсетті.
– Ғылым мен білім мемлекеттің әркез назарында. Әсіресе, инновацияны дамыту, ғылыммен ұштастыру жайы өзекті. Осы мәселе жөнінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Экономиканың өсімі жылына 4 пайыздан кем болмауы міндеттелді. Ал егер өсім 5-6 пайыздан жоғары болса, Стратегиядағы көзделген мақсаттарға мерзімінен бұрын қол жеткізетініміз атап көрсетілді. Сол себептен Мемлекет басшысы осы Жолдауда саннан сапаға өту мәселесін ерекше атап өтті. Озық нанотехнологиялар мен инновацияны, ғылыми жетістіктерді барынша кеңінен пайдаланып, барлық салаға енгізу, экономиканың тиімділігін арттыру мәселесіне басымдық берілді.
Ғалымдарды қуантатын үлкен жаңалық – Елбасының ғылымға бөлінетін қаржыны ішкі жалпы өнімнің 3 пайызына жеткізу керектігі жөнінде айтқаны. Бүгінге дейін ғылымға небәрі 0,16 пайыз бөлініп келген болатын. Ал енді есептеп көріңіз, 20 есеге көбейеді! Яғни, бұл дегеніңіз, отандық ғылымға ғаламат серпін беретін фактор. Оған әзір тұрған ғалымдарымыз, талантты жастарымыз жеткілікті: әртүрлі ғылыми орталықтарда, үлкен университеттерде отандық ғалымдардың тамаша жобалары бар.
– Өкінішке қарай, бұл жобалардың индустрияға қарай бет бұруы, өнеркәсіптен орын табуы тоқтап тұрған сыңайлы ма, қалай өзі...
– Бәлкім, бұл бізде бұрын мұндай бағытта қызмет болмағандықтан шығар, мүмкін алынған жаңа жоспар, жаңа жобаларды өндіріске, өнеркәсіпке ұштастыру мәселесін мемлекет өз мойнына алып келгендіктен болар. Шындығына келсек, енді ғана үйреніп жатырмыз. Сондықтан, біз университетте «Start-up» жобасын іске қосуды бастадық. Жас ғалымдарға конкурс жарияланды. Олардың жаңалықтарынан 15 жобаны таңдап, қаржыландыруды өз мойнымызға алдық. Бұл мақсатқа университет тарапынан 1 миллион АҚШ доллар қаржы жұмсау көзделіп отыр. Яғни, ғалым өзінің тапқан жаңалығының бәрін сол жерде шағын өндіріс ретінде елге көрсетеді. Содан кейін инвестор келеді ме, отандық өнеркәсіп басшылары келіп сатып алады ма, пайдалана ма, оның барлығы сол кезде шешіледі.
Соңғы жылдары ғылыми-зерттеу жобаларымыздың көлемінің өсімі байқалады. 2011 жылы университеттің бұл саласына 276 млн. теңге бөлінді. Ғылымымызды қаржыландыру 2012 жылы – 1,1 млрд. теңгеге, ал 2013 жылы – 1,6 млрд. теңгеге дейін өсті. Еуразия ұлттық университетінде негізгі 5 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан 180 ғылыми жоба қаржыландырылды. Олар энергетика, өнім мен шикізатты тереңдетіп қайта өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технология, өмір, әлемнің ғылыми интеллектуалды әлеуеті. Оған ЕҰУ-дың 660 ғалымы тартылды.
Бұл орайда біз үшін ең басты бағыт-бағдар беретін «Назарбаев Университеті» болса, екі оқу орны арасында қол қойылған меморандум шеңберінде ғалымдарымыз жыл сайын біліктілігін арттырып келеді.
– Республикамыздың маңдайалды университеттерін академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіру жоспары тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Бұл заман талабы десек те, осыған орай жеке пікіріңізді білгіміз келеді.
– Бұл өте дұрыс мәселе: білім, ғылым, қаржы, халықаралық және басқа қызметті жүзеге асыруда жоғары оқу орнына еркіндік беріледі. Қағазбастылық жойылады. Жоғары оқу орындарының академиялық, қаржылық және басқару қызметінде дербестік ұстанымдары іске асырылады. Негізіне сүйенсек, елімізде 2015 жылдан бастап ұлттық ғылыми-зерттеу университеттеріне, 2016 жылы ұлттық жоғары оқу орындарына, 2018 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарына дербестік берілу жоспарланған.
Жоғары оқу орындары автономиясының жетілдірілген қағидалары «Назарбаев Университеті» моделіне негізделген: білім беру, ғылым, қаржы, халықаралық және өзге салалар да дербестікке ие. Демек, Қазақстанның білім беру мен ғылым жүйесі халықаралық деңгейге жеткізіледі.
Зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, қазіргі күні қазақстандық жоғары білім беру жүйесі институционалдық автономияның деңгейі төменгі көрсеткішке ие. Ал мұндай көрсеткіш халықаралық стандарттар бойынша ілгері жылжуға кедергі келтіреді. Дегенмен, жоғары оқу орындарын автономияға көшірудің болжамы мен нақты жүзеге асырылуы белгіленген шарттар орындалған жағдайда нәтиже береді. Бұл орайда, ең алдымен, ұйымдастыру мәселесін шешу керек, содан кейін қаржылық жағдайы маңызды. Мысалы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ұзақмерзімді бюджеттік қаржыландыру қарастырылып, оған келісімшарт жасалуы тиіс. Осы жағдай түпкілікті шешімін тапса, менің ойымша, университет автономиясының қаржылық деңгейі көтеріледі. Міне, сол кезде біздің елден атақты Нобель сыйлығының лауреаттары шығып, әлемдік білім беру кеңістігі мен ғылым саласында өз орнымызды ойып тұрып алатын боламыз.
Еуразия ұлттық университеті автономияға алғашқылардың бірі болып көшеді. Өйткені, университеттің білім беру кеңістігінде алатын орны бар және интеллектуалдық, құқықтық, материалдық-техникалық базасы талапқа сай келеді: оқу орнымыз Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының иегері. Екі жыл қатарынан тәуелсіз Қазақстан агенттігінің білім беру саласында сапалық көрсеткіш бойынша ұлттық рейтингте бірінші орында тұрмыз. «QS World University Ranking – Top Universities» атты халықаралық рейтинг агенттігінің қорытындысына сәйкес әлемнің 400 алдыңғы қатарлы ЖОО ішінде 303-орын иелендік. Бұл әлемнің 17 000 ЖОО арасындағы бәсекеде қол жеткізетін орны, яғни бұл Қазақстан мен Орталық Азияны былай қойғанда, ТМД елдері ЖОО-лары арасында озық жетістік болып саналады. Оған қол жеткізу үшін университет ұжымы бір кісідей жұмылып, қыруар еңбек еткенін айтуға тиістіміз. Жалпы, біздің университет үшін өткен жыл табысты болды: тарих факультеті, этносаралық және дінаралық толеранттық бойынша ЮНЕСКО кафедрасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды.
– Бақылау болмаған жерде босаңсудың орын алуы мүмкін ғой, сіз қалай ойлайсыз, ертеңгі күні босаңсу орын алып жүрмей ме...
– Жоқ. Меніңше, жауапкершілік екі есе артады. Мәселен, университетте корпоративті басқаруды енгізу мақсатында бақылау кеңестері құрылған. Қазір қызмет атқаруда. Кеңес құрамына білім саласындағы өкілетті орган мен жергілікті билік өкілдері, әлеуетті жұмыс берушілер, бизнес құрылымдары мен жастар ұйымдарының өкілдері кірді. Кеңестің негізгі міндеті жоғары оқу орнының стратегиялық даму бағыты мен жоспарын жасап, жүзеге асыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мен материалдық-техникалық базасын дамытуға ықпал ету. Сондықтан, корпоративтік басқаруды енгізу, бақылау кеңестерін құру жоғары оқу орындарының заман талабына сай дамуына оң ықпал етеді.
– Ендігі әңгімені білім сапасына қарай бұрсақ...
– Білімнің сапасын көтеру үшін әлемдік деңгейдегі стандартқа көшуіміз керек. Болашақта білім ордалары «Назарбаев Университеті», «Назарбаев интеллектуалдық мектебі» сияқты болуы тиіс. Ондағы білім беретіндердің дені Қазақстандағы ең білікті ұстаздар.
Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесі толығымен халықаралық стандартқа көшкен. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Болон үдерісі ережелерінің талаптарына сай сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін білікті оқытушы-профессорлар құрамының жинақталуына ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ЕҰУ-дің оқытушылар құрамы өте білікті, танымал тұлғалармен толығып отыр.
Бүгінгі күні Еуразия ұлттық университеті ресми деңгейде әлемнің 160 жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан. Күні бүгінге дейін университетімізге әлемнің 45 мемлекетінен мыңнан аса шетел мамандары келіп дәріс оқыды. Президенттің «Болашақ» стипендиясы арқылы 100 шақты студенттер шетелдік ЖОО-да білім алып, 300-ден аса профессор-оқытушылар құрамы ғылыми тағылымдамадан өтті.
Қазіргі кезеңде халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті жоғары оқу орнына айналу үшін ғылыми-инновациялық даму бағытын алға қойып, университет ғалымдары маңызды жаңалықтар ашуда. Бүгінде университетте 13 факультет бар. Факультеттер мен кафедралардың негізгі міндеті жоғары білімді мамандар даярлау, оқу үдерісі мен ғылымды біріктіре отырып, ғылыми мектептер мен инновациялық инфрақұрылымдардың жұмысын жолға қою болып табылады.
ЕҰУ профессор-оқытушылар құрамы білім берудің ең жаңа технологияларын игеруіне айрықша маңыз беріп отыр. Бұл ретте қазіргі таңдағы қазақстандық жоғары оқу орындарына үлгі болып отырған «Назарбаев Университетіндегі» оқытудың жаңа технологиясы мен инновациялық жобалардың өзіндік үлгісінен үйренеріміз көп. Ғылыми қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру, тәжірибе алмасу, қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды меңгеруде аталмыш оқу орны бізге бағыт-бағдар болады деген сенімдеміз.
Бүгінде білім ордамыз жаһан елдерінің жоғары оқу орындарымен жасасқан ынтымақтастық туралы келісімшарт аясында қызмет аясын жылдан жылға кеңейтіп келеді. Соның нәтижесінде Ph.D докторлары мен магистрлар және студенттеріміз шетелдік жоғары оқу орындарында мобильдік жүйе бойынша білім алуға, профессор-оқытушыларымыз тәжірибе алмасуға, бірлесіп ғылыми-зерттеу жобаларын құруға мүмкіндік алуда. Бұл әлемдегі соңғы ғылыми жетістіктерді Қазақстан ғылымына енгізіп, әрі қарай бірлесіп қызмет жасауға жағдай жасалып отыр деген сөз.
– Университет дамуының негізгі қағидаты деп нені айтар едіңіз?
– Тәлімгерлерімізді жоғары сапалы біліммен қамтамасыз етуді, қоғамның көкейкесті сұранысына сай білікті маман даярлауды, интеллектуалды, отаншыл орта қалыптастыруды айтуға болады. Жыл сайын ЕҰУ-ге мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегерлерінің басым көпшілігі оқуға түседі. Бұл жөнінен және мемлекеттік білім грантын жеңіп алған студенттеріміздің саны бойынша біз Қазақстанда бірінші орындамыз.
Бұдан түйетін қорытынды, ЕҰУ-да білім сапасын арттырудың бір кілті сапалы талапкерлерді оқуға қабылдаумен байланысты. Профессор-оқытушылар құрамының тәлімгерлер мен ата-аналардың жоғары талапқа сай сұранысын қанағаттандыру мақсатында барынша құлшыныспен қызмет ету – білім сапасына оң ықпал ететін екінші бір тетік. Тәуелсіз Қазақстанда туған жас ұрпақтың білімге деген махаббатын бәсеңдетіп алмас үшін әлемнің кез келген түкпіріне терезе ашып, байланыс құрып, дамыған елдердің жастарымен терезесі тең түлектер ұшыруды алдына мақсат етіп ұстаған оқу ордамыз бір сәт те қарқынын баяулатпақ емес. Еліміздің әлемдік бәсекелестікте жеңіске жетуі үшін жоғары технологияларды игерген, инновациялық жобаларды іске асыруға қабілетті отаншыл да білікті мамандар қажет. Бұдан былай білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, ЕҰУ студенттері ұлттық университет студенттері мәртебесіне сай мемлекет есебінен кемінде бір семестр үздік еуропалық жоғары оқу орындарында білімін жетілдірулеріне мүмкіндік алды. Әрине, ол үшін олардың шет тілін жетік білуі тиіс. Тағы бір атап өтуге тұратын жетістігіміз білім ордамыздың студенттері мен оқытушылары «Болашақ» стипендиясы байқауына да белсенді қатысып келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары «Болашақ» грантының ең көп иегерлері де – біздің оқу орнынан. Оқытудың жаңа жүйесіне көшу, халықаралық қарым-қатынасты нығайту, озық технологияны меңгеріп, білікті маман даярлауды дамыту – Елбасы Жолдауының негізгі өзегі болса, біз сол үдеден шығу үшін бар қарым-қабілетімізбен еңбек етуге даярмыз. Ал білімді ұрпақ – болашақ кепілі екені баршамызға белгілі.
– Елбасы Жолдауында жас ұрпақты бабалар өсиетімен тәрбиелеу мәселесіне де ерекше маңыз берілді. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Бұл екеуін бірінен-бірін бөліп алып қарастыруға мүлдем болмайды. Ал адамгершілік негіздерін қатаң сақтау үлкен мәдениеттілікке алып баратын жол екені әлімсақтан белгілі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарыңыз қалай?
– ЕҰУ-де студенттер тәрбиеcі дұрыс жолға қойылған. Жастардың патриоттық сезімдерін, мәдени-эстетикалық деңгейлерін арттыруға арналған іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, тағылымы мол кештер, ел қадірлеген тұлғалармен жүздесулер үздіксіз өткізіліп тұрады. Бұл ретте университетімізде «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі тиімді жұмыс істеп келеді. Еркеғали Рахмадиев, Кәкімбек Салықов, Илья Жақанов, Исрайыл Сапарбай, Көпен Әмірбек секілді әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерімен өткен кездесулер студенттеріміз үшін рухани байлық дер едім. Жастар саясаты орталығы мен оның факультеттегі бөлімдерінің, студенттердің «Сенім» атты кәсіподақ ұйымының, алғаш біздің білім ордамызда ашылған «Алтын белгі» иегерлері қауымдастығының белсенділігін де атап өткен орынды.
Мемлекет басшысы үнемі айтып жүргендей, жастарымыздың саламатты өмір салтын ұстанып, ширақ та шымыр болып қалыптасуына барынша мүмкіндік тудыру біздің міндетіміз. Осы орайда, «ЕҰУ Студенттік медицина орталығы» жұмысы көңілге қуаныш ұялатады. Бір білім ордасының жанынан мұндай дәрігерлік орталықтың ашылуы ТМД елдері бойынша алғашқы екенін ескерсек, оның мән-маңызы еселене түсері даусыз. Бұл емхана университет студенттері денсаулығының жақсаруына белгілі деңгейде оң әсерін тигізсе, университетіміздің «Студенттер үйінен» жастарымызға арналған «Студенттік кинотеатр» да студенттердің бос уақытын қызықты әрі мәнді өткізуге мүмкіндік берді. Кинотеатр қойылымдары тегін екендігін еске салсақ, бұл да студенттерімізге үлкен жеңілдік әрі эстетикалық тәрбие алуларына оңтайлы жағдай туғызу. Сонымен қатар, биылғы жылы жаңа оқу-зертханалық ғимарат, шағын отбасылық үй пайдалануға берілсе, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүйелі жалғасын таба беретін болады. Мұның бәрі де, әрине, Елбасы Жолдауы талабымен астасып жатқаны түсінікті. Алда атқарылатын жұмыстар әлі де ауқымды әрі маңызды. Сондықтан біз Президент Жолдауына әр жыл сайын іргелі байыптама, елдік тиянақ ретінде қарап, алдағы әрбір ісімізді жоғары талап деңгейіне сай орындауға ұмтылып келеміз.
Елбасының ойлағаны – еркін елдің ертеңі. Бұл қанатты қамқорлықтың қайтарымы қомақты болуға тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.
//Егемен Қазақстан.-2014.-31 қаңтар.- 5 б.
26
Жайна Жұмабайқызы,
Достарыңызбен бөлісу: |