Мәдениеттану Публикация учебных и научных материалов презентаций в Pdf формате на веб- ресурсах КазНУ


 сұрақ. Қазіргі қазақтың рухани мәдениетінің негізін салушы – ұлы



Pdf көрінісі
бет34/49
Дата21.07.2022
өлшемі1,45 Mb.
#147637
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   49
Байланысты:
Дәріс- Мәдениеттану- ГТХ

3 сұрақ. Қазіргі қазақтың рухани мәдениетінің негізін салушы – ұлы 
философ-ақын Абай Құнанбаев. 
Қазақ мәдениетінің ғасырлар бойы калыптасуында осы үдеріске сыншыл 
көзбен қарап, оны ақыл және жүрек таразысынан өткізетін тұлға тым қажет 
еді. Абай, міне осындай тұлға болды. Абай өз шығармашылығында қазақ 
елінің белгілі тарихи түйыққа тіреліп (бодандыққа түсіп), одан қалай шығуды 
білмей, болашағы туралы күдіктенген жағдайын суреттеді. Осындай шым-
шытыранда ғұлама ақын таза уайым мен зарлау дәстүрінен арылып, халық 
өмірінің кем-кетігіне ашық көзбен қарап, оны емдеудің жолдарын көрсете 
білді. 
Абай туралы көптеген еңбектерде бір-біріне қарама-қарсы пікірлер айтылып 
жүр. Әсіресе, тоталитарлық жүйе кезінде Абай қазақ арасында орыс 
мәдениетін насихаттаушы болды, ол жер ауып келген Ресей ғұламаларының 
ықпалымен дәстүрлі көшпелі мәдениет құндылықтарынан бас тартты деген 
пікірлер жиі айтылды. Тағы бір көп тараған пікір Абайды дала 
феодализмімен қабаттастырып қою мен оған «діни философ», «пантеист» 
сияқты айдарларды тағумен байланысты. 
Ортағасырлық озық мәдениетінен, қалалары мен төл жазуынан айырылған 
халықтың бар сенімі фольклор еді. Көшпелі мәдениетке қолайлы форма – 
ауыз әдебиеті, ел басқарудың ұтымды түрі – билер соты. Алайда XIX ғ. 


екінші жартысынан бастап Қазақстанды Ресей өзінің тікелей отарына 
айналдырып, жаңа әкімшілік тәртібін енгізді. Қысқаша айтқанда, көшпелілік 
мәдениет орыс империясының әсерінен біртіндеп шайқала бастады. Қалалар 
салынып, фабрика мен зауыттарда қазақ жүмысшылары көбейе берді. Ресей 
экспансиясы қазақ сахарасындағы көне Шығыс мәдениетін ығыстыруды 
өзінің негізгі мақсаттарының бірі деп санады. 
«Абай, – дейді F. Есімов, – тұтас ел болудан қалған, отаршылық жағдайда 
күн кешкен қоғамда туған, оның ойшыл болып қалыптасуы XIX ғ. екінші 
жартысындағы қазақ халқының басынан кешкен ауыр тұрмысына сәйкес 
келеді. Абайды тек ақын қылмай, ойшыл гуманист дәрежесіне де көтерген 
осы өтпелі қоғам қайшылығы» (Хакім Абай. Алматы, 1994. 31–32 бб). Қазақ 
халқының ауыз әдебиетінен нәр алған Абай жаңа ұлттық жазба мәдениетке 
көшуге негіз салды. 
Батыс (Ресей) мен Шығыстың (Ислам) өркениеттерінің ара- сындағы 
Қазақстан болашаққа қарай жол іздеуге мәжбүр болды. Далалық мәдениет 
осы екі ағынның ортасында өзіндік ерекшеліктерін сақтауға ұмтылды. Абай 
орыстық білім мен техниканы насихаттағанымен, христиан дінінен қазақты 
аулақ болуға шақырады. Ислам – халықтық мәдениеттің тірегі, оның рухани 
қазығы. 
Алланың өзі де рас, сөзі де рас, 
Pac сөз еш уақытта жалған болмас. 
Абай исламды қазақ халқына тұрақты жаңа өркениетті, жоғары 
имандылықты қалыптастыру құралы ретінде уағыздады. 28-сөзінде ол былай 
дейді: «Құдайтағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз деген, әрбір иманы 
бар кісіге ғибадат парыз деген екен... Жөн, біз енді ақылды еркіне 
жібермесек, құдайтағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда 
қалады? «Мені таныған акылменен таныр» дегені қайда қалады? Дініміздің 
бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге 
пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң діннің өзі неден болады?» Жоғарыда 
келтірілгеннен Абай діншіл, ескіні жақтаушы тәрізді пікірлер тумауы тиісті. 
Оның мұраты — парасат және мәдениетке қолдаушы болатын ислам. Абайды 
ағартушы діни ғұлама деп бағалаған дұрыс. Алла жаратушы болғанымен, 
дүниенің тұтқасы, белдігі — адам. 
Сопылық бағытпен жақсы таныс Абай Алла мен Адамды қосатын күш 
ретінде махаббатты үсынады: 
Дененің барша қуаты, 
Өнерге салар бар күшін. 
Жүректің ақыл суаты, 
Махаббат қылса тәңірі үшін... 
Махаббатпен жаратқан адамзатты, 
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті. 
Абайдың өз шығармашылығында қойып отырған үлкен мәселенің бірі — 
мәдени сабақтастық. Көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа ауыса 
бастауына, Батыс мәдениетінің казақ еліне таралуына қатысты дәстүрлік 
мәдениет пен өзгерістердін арақатынасын анықтау қажет еді. Ренессанстык 


парсы-араб өркениетін жоғары бағалаған Абай, ескі мұраны қайтадан 
жандандыруға шақырды. Абай нәр алған қайнарлардың бірі – классикалық 
Шығыс поэзиясы. 
Физули, Шәмси, Сейхали, 
Навои, Сағди, Фирдауси, 
Хожа Хафиз — бу һәммесі 
Медет бер я шағири, фәрияд. 
Бұрынғы мұра туралы сөз болғанда, оны тек араб-парсы мәдениетімен 
шектемеу керек. Түрік елінен шыққан Әбунасыр әл-Фараби, Махмуд 
Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Иасауи, Мұхаммед Хайдар Дулати 
т.б. шығармашылығымен Абай жақсы таныс болған. Ол — этностық 
мәдениетгің насихатшысы. 
Ұлы ойшыл ақын сонымен бірге ежелгі мұра мен бұқаралық мәдениеттегі 
теріс жақтарды да анық көре білген. Ол ислам дінін өз мақсаттарына 
бұрмалаған кейбір діни өкілдерді әділ сынға алады. 
Дәстүрлі мәдениет туралы Абай өзінің 39-сөзінде былай дейді: «Рас, 
бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, 
сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі 
мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап 
келеміз, әлгі екі ғана тәуірді біржола жоғалтып алдық. Осы күндегілер өзге 
мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі 
ғана мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік». Бұл жерде екі 
мінез деп Абай елдік намысты, бірлікті, өзара дау-жанжалдан аулақ болуды 
айтады. 
Осындай теріс қылықтарды атап айтқан Абай өз халқының бойындағы 
кемшіліктерді де көрсетеді. Бұл жерде ол «біз ең жақсы халықпыз» сияқты 
құр далбасалықтың орнына көршілес ұлттардың жақсы жақтарын қабылдауға 
шақырады: «Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың 
бәрі антұрған екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп... Енді қарап тұрсам, 
сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген 
жері, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір 
шаһари жауласпайды.
Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың «ахиреттігін», тірісінің киімін сол 
жеткізіп тұрды... Ноғайға қарасам, солдаттықка да шыдайды, кедейлікке де 
шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе, дін күтуге де шыдайды. 
Еңбек кылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. 
Оның малдыларына құзғын тамағымыз үшін біріміз жалшы, біріміз қош 
алушымыз. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз». Абай 
бұл сөздерін қазақ халқын жамандау үшін айтпаған. Ол осы тарихи тұманнан 
шығу жолын іздейді. Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, 
кәрісіне малыңды дұрыстап бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге 
салмай, адал еңбек қыл, парызыңды атқар дейді. 
Отарлық жағдайдағы дәстүрлі мәдениеттегі өзгерістер жөнінде Абай 
шығармашылығында көптеген құнды пікірлер айтылған. Зерттеушілер атап 
өткендей, өзінің жалпы мәдени ілімінде Абай үш негізге сүйенеді. Ресей 


арқылы қабылданатын батыстық білім, исламның жалпы өркениеттілік 
қағидалары және қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесі. Абай дәстүрлі әдептің басты 
тұлғасы – билер қызметіне жаңаша баға береді. Оның пікірінше, көшпелілер 
үшін сыртқы сот – билер соты қоғамдық қажеттіліктен туындайтын құбылыс. 
Олар оны әлеуметтік қажеттілік есебінде ғана мойындайды. Бірақ сыртқы 
сотты (сот үдерісін) онша «жақтыра, құптай» бермейді Оның қоғамдағы 
орнын амалсыз мойындайды, бірақ асыра бағаламайды. Керісінше, егер 
мүмкіндік болып жатса, әр адам өз ісін өзі сотсыз-ақ тікелей шешкенді 
қалайды. Сот тек басқа жол болмағанда (талас-дауды шешудің, бітімге 
келудің) ғана қолданылатын шара деп қарастырылады. 
Абай қазақ мәдениетіндегі теріс қылықтарды тек айыптап қана қоймай, оның 
себептерін де ашып көрсетеді. Абайдың түсінігі бойынша, ешбір адам туған 
күннен бастап қылмыскер болмайды. Олай тұжырым жасаудың ешқандай да 
негізі жоқ, яғни жалған. Зар заман ақындарынан Абайдың бір 
айырмашылығы, ол құрыған уайым мен мұңның орнына қазақ әдебінің 
кертартпа жақтары мен кемшіліктерін түсінетін көз ашықтық пен оларды 
емдеу жолдарын көрсетеді. Мәдениетті елдер қатарына қосылу үшін, дейді 
Абай, ең алдымен қазақ халқы төмендегідей кеселді қылықтардан құтылу 
керек: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. 
Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. 
Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден ешнәрсені оларсыз біліп 
болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі 
өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі 
осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына 
дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады» 
(Абай Құнанбаев. Шығармалары. – Алматы: Мөр, 1994). 
Абай өз шығармашылығында ауытқушылдықтың отаршылдық қоғамда белең 
алуына өз алаңдауын білдіреді. Әрине, ауытқушыл (девианттық) әрекет 
дәстүрлі әдепте де орын алып келген. Бірақ, жүгенсізідік пен әдепсіздік 
көріністері бодандық жағдайда тым көбейіп кетіп еді. 
Абай әдеп тақырыбын қозғағанда иман мәселесіне көп көңіл аударады және 
оны арлылық пен ұяттың баламалары ретінде түсіндіреді. Абай өз халқының 
бойындағы кісілік қасиеттермен қатар, теріс қылықтарды да қатал сынға 
алады: 
Өсек, өтірік, мақтаншақ, 
Еріншек, бекер мал шашпақ.., – 
деген өлең жолдарында Абайдың сыни этикасы көрініс тауып тұр. Хакім 34-
ші қара сөзінде «Адам баласына адам баласының бәрі – дос», – дейді. Абай 
қазақ этикасының түбегейлі ұстанымы – «Адам болу» талап-мұратын 
жоғары деңгейге қойды. Абайдың тағдыры метрополия айқындап берген 
жолдан басқаша болып шықты. Ол бодандық адамдық тип шеңберінен 
шығуға талпыныс жатады. Абай орыс білімі мен ислам дінінің қазақ 
қабылдаған құндылықтарын тоғыстыруға ұмтылды және осы негізде заман 
талаптарына сай қазақ адамын қалыптастыруға шақырды. Абай 
тұлғасыздандырылған еуропалық білім жүйесінің қазақ қоғамына сәйкес 


келмейтіндігін анық түсінді және «Адам болуды» негізгі бағдар ретінде 
қабылдады. Бұрынғы ислам арқылы келген шығыстық «кемел адам» ілімін 
Абай дәстүрлі көшпелілік кісілік қасиеттермен және еуропалық (ресейлік) 
біліммен органикалық түрде қосуға ұмтылды. Сол себепті ол Ақыл, Жүрек 
және Еріктің бірлігіне шақырды. Қазақ адамына мұсылмандық отарлық 
жағдайда өзіндік менді сақтайтын күш ретінде ұсынылады: 
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, 
Және қақ жолы осы деп әділетті. 
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, 
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс. (Құнанбаев. Өлеңдер мен поэмалар. 
– Алматы: Мөр, 1977. – 454 б.). 
Абай бойынша, Алланы сүю адамды сүюге жеткізеді. Адамды Алла 
табиғатқа жақын етіп жаратқан. «Адамды жаратушы, – дейді ақын, – әуелі 
көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің 
көркінен қайтып ләззат алар едік? Ол көз нәзіктігінен керегіне қарай ашып, 
жауып тұруы үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға беріс болу үшін 
кірпік беріпті. Маңдай теріні көзден қорғап тұруға керек болғандықтан, басқа 
тағы керегі бар қылып қас беріпті. Құлақ болмаса, не қоңыр, не күңгір дауыс, 
жақсы үн, күй, ән - ешбірінен ләззат ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, 
дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық 
қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, дүниеде не тәтті, не 
дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес 
пе?». Яғни, Абай табиғатпен үйлесімді адамды мұрат тұтқан дәстүрлі қазақ 
мәдениетінің ұстанымдарын қолдап шығады. Бірінші бөлімде Абайдың 
«Мен» және «менікінің» арасындағы айырмашылықты руханилықпен 
түсіндіретіні туралы жазып өткенбіз. Жалпы руханилыққа ден қою 
шығыстық және көшпелі өркениеттің айшықты белгісіне жатады. Абай да 
осы принципті басшылыққа алады. «Жас бала да, – дейді Абай, – анадан 
туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп 
тұрады. Бұлар тәннің құмары. Біреуі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем 
екен демелік. Мұның бәрі – жан құмары» (Абай. Шығармалары. - 2 т. – 154 
б.). Дуалы ауызды Абай үшін туа біткен қасиет (жан құмары) – жибилиде, ал 
жүре біткен білім (тән құмары) – кәсіби. «Ақыл, ғылым бұлар – кәсіби. 
Көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп 
тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдасы ұнамды 
қалпымен, ұнамсызы ұнамсыз қалпымен әрнешік өз суретімен көңілге түседі. 
Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып 
көңілге суреттемек. Ол – жанның жибили қуаты дүр». Тәнді жаннан жоғары 
қоюшылық пендешілдікке жатады. Пендешілдік тобырлық белгілері басым 
көпшілікке бас иеді. Олар «ұзақтай шулайды, қарғадай барқылдайды, 
ауылдағы боқтықтан ұзамайды». Пенде кісілік қасиеттерін азайтып, хайуан 
малдан артығы шамалы болып қалады”.
Абайдың қазак мәдениетіне қосқан тағы бір үлесі Ақыл мен Жүректің
рахатын заман талабына сәйкес шешуінде жатыр. Бұл мәселе ежелден 
Шығыс өркениетінде жан-жақты талқыланған. Әл-Фараби мен суфизм 


фәлсафасында белгіленген екі бағыт кейін де талай ғұламаларды 
толғандырды. Абайдың пікірі бойынша, ақылды жетілдіру үшін Солтүстіктен 
Логосты, Білімді қабылдау қажет. 25-сөзінде ол орыс тілі, оның мәдениеті 
арқылы Eypoпa өркениетін меңгеру қажет дейді. Алайда, бұдан Абай Ресей 
империясының саясатын қолдады деген пікір тумау керек, ол отаршылық 
әкімшіліктің итаршыларын қатты сынға алады: 
Мәз болады болысың, 
Арқаға ұлық қаққанға. 
Шелтірейтіп орысың 
Шенді шекпен жапқанға. 
Ұлттық мәдениеттің қорғаушысы деп Абай Руханилықты, Имандылықты, 
Сезімді ұсынады. Ақыл, Ерік және Жүрек таласы соңғысының пайдасына 
шешіледі. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   49




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет