Коммуникативтік, қарым-қатынастық қызмет.[өңдеу]
Бұл мәдениеттің қоғамдағы негізгі қызметтерінің бірі. Адамдардың қарым-қатынасы, мәдениеттер сұхбаттасуы — әлеуметтік шындықтың басым көрінісі. Адам ерекше бір өрісте — қарым-қатынас өрісінде болады. Руханилық пен ізгілік, әдемілік пен жақсылық тербелісі адамды нәзік тормен қоршаған; қоғамдық өмірде тек зат пен тауар ауысуы ғана емес, ең алдымен идеялар, мамандық, шеберлік тәжірибелерімен, сезімдік үлгілерімен ауысу толастамақ емес. Мәдениет игіліктерін жас нәресте анасының ақ сүтін еміп, оның әлди жырымен сезім дариясына шомылып қана адамдық қасиеттерді бойына сіңіре бастайды.
Ғылымда социализация (әлеуметтену) деп аталатын процесс те мәдени қарым-қатынасқа негізделген. Мәдени қарым-қатынастың түрлері дегенде олардың әмбебаптығына және көп мағыналылығына көңіл бөлу қажет. Мәдени құндылықтарды оларды жасаушылар және тұтынушылар арасындағы қарым-қатынас ретінде алуға болады. Мәдени туынды қаншама асыл болғанымен, егер ол рухани азық ететіндері белгілі бір себептермен жетпей жатса, онда ол мәдени айналыстан шығып қалады. Адам тұрмайтын үй қаңырап бос тұрады, отарба жүрмейтін темір жол —жай темір мен ағаштың үйіндісі, ешкім оқымайтын кітап — шаң басып жатқан қағаз. Мәдени болмыстың тірегі деп қарым-қатынасты айтамыз. Мәдениеттің қоғамда атқаратын басқа да қызметтері жеткілікті. Зерттеушілер оның аксиологиялық, футурологиялық, герменевтикалық тағыда басқа түрлерін атайды.
3.МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨРКЕНИЕТ
Мәдениет ұғымын тереңірек түсіну үшін, оған мағыналық жақындығы бар кейбір басқа ұғымдармен арақатынасын қарастырып өтейік. Осы сипатта біздің зердемізге бірінші түсетін үғым — өркениет. Өркениет (цивилизация) семантикалық жағынан алғанда (латын тілінің — «civilis» сөзі) азаматтық дегенді білдіреді. Римдіктер бұл үғымды «варварлықтар» деп өздері атаған, басқа халықтар мен мемлекеттерден айырмашылықтарын көрсету мақсатында қолданған. Яғни, «өркениет» олардың түсініктері бойынша азаматтық қоғамы, қалалық мәдениеті, заңға негізделген басқару тәртібі бар Рим империясының даму дәрежесін білдіреді.
Ғасырлар бойы қалыптасқан осы екі үғымның мағыналарын төмендегідей топтастыруға мүмкіндік бар:
• 1. Мәдениет пен өркениет бір. Олар синонимдер (И. Гердер, Э.Б. Тайлор).
• 2. Өркениет — мәдениеттің ақыры, оның кәрілік шағы, руханилықтың антиподы (Ж.Ж. Руссо, Ш. Фурье, О. Шпенглер).
• 3. Өркениет — мәдениеттің прогресі, болашаққа бой сермеуі, қоғамның парасаттылық деңгейі (Ф. Вольтер, Д. Белл).
• 4. Өркениет — тағылық пен варварлықтан кейінгі тарихи-мәдени саты (Л. Морган).
• 5. Өркениет — этностар мен мемлекеттерге тән мәдениеттің оқшау түрі (А. Тойнби, Н.Я. Данилевский және т.б.).6. Өркениет мәдениеттің техникалық даму деңгейі, оның материалдық жағы.
Бұдан көретініміз, мәдениет пен өркениет бір-бірімен байланысты ұғымдар екен. Мәдениеттанушы Г. Чайлдтың пікірінше, өркениетке еңбектің қоғамдық жолмен бөлінуі, қалалардың пайда болуы, жазбаша мәдениеттің дамуы, қолөнер мен сауданың өркендеуі, азаматтық қоғам мен мемлекеттің орнауы жатады.