МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы



бет5/15
Дата05.11.2016
өлшемі3,81 Mb.
#432
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

«Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны ақын шығармаларының көрнектілерінің бірі. Оның қысқаша мазмұны мынадай:

«Шыңғысхан әулетінен шыққан атасы – Көркем Уәли, әкесі – қанішер Абылайдың өз аты - Әбілмансұр болған. Қазақ пен қалмақ кезек соғысып жүрген кезде бір жылы қалмақ келіп, Абылайдың елін шауып, бала-шағасын жетім-жесір етеді. Абылай осы топалаңнан қашып, Ұлы жүздегі Төле бидің үйіне кез келген адам екенін біліп жөн сұрағанда Әбілмансұр: «Ата-анам жоқ, біреумін. Атымды да, затымды да білмеймін, қолыңызда тұрып қызмет жасайын»,- деп сұранады.

Әбілмансұрдың көптен сақал-мұрты алынбаған, басында сең-сең сабалақ тымағы. Төле би мен жанында отырған адамдар сенің атың «Сабалақ» болсын деп ұйғарады. Осы күннен бастап Төле бидің қойын бағып жүре береді. Күндердің күнінде Қанжығалы қарт Бөгенбай қалмақпен соғысуға бара жатып, Үйсін Төле биге соғады. Бөгенбай жанына Жантай батырды ертіп келген екен. Сабалақ оңашада Бөгенбайға келіп, өзін Төле биден сұрап, соғысқа әкетуін өтінеді. Батыр Төле биден рұқсат сұрап, Сабалақты қалмақпен болатын соғысқа ала кетеді. Осы соғыста Сабалақ ерлігімен, ақылдылығымен көзге түседі.

Қалмақтар күні бұрын таудың биік шыңына берік қамал жасап, қазақ қолын өткізбейді. Сабалақ жанына жүз жігіт ертіп, түні бойы жүріп, таудың бір шетінен қалмақтың қамалын бұзып, таң ата «Абылайлап!» айғайлап шапқанда қалмақтың алдыңғы шебі кейін қарай шегінеді. Қазақ әскері қалмақты қашырады. Бөгенбай батыр Сабалақтың ерлігіне риза болып, өзі мініп жүрген Нарқызылын атайды. Осы соғыста Сабалақтың «Абылайлап!» шапқан күні оған «Абылай» деп ат қояды. Келер жылы қазақ жүздері басын қосып, тағы да қалмақпен соғысқа аттанады. Он мың қол Орта жүзден, он мың қол Ұлы жүзден, ал Кіші жүзден жеті мың қол соғысқа барады. Қалмақ жайын білуге қасына қырық жігіт қосып, Абылайды жібереді. Қалмақтың қарауылшы он жігітін алдарына салып қуа жөнеліп, жол-жөнекей бәрін де жайратып кетеді. Бұл жайды естіген қалмақтың қонтажысы Уса Серен әскерін жиып, Тұрпанға жетеді. Таудың қапталына ерте бастан бекініп алған қалмақ қолы қазақтың бір батырының жекпе-жекке шығуын сұрайды. Ұлы жүздегі Жаныстың Шақан деген батырының інісі қалмақтың бір батырымен айқасады. Екі батыр кезек-кезек найзаласып, қалмақ батырдың күші басым түсіп, қазақтың батырын жеңеді. Сүйекке екі жақтан шапса да Шақан батырдың басын найзаға ілген қалмақтар мәз болады. Жеңген қалмақ батырларды тағы да жекпе-жекке шақырады. Ешкім дауаламаған соң, Сабалақ рұқсат алып шығады. Қалмақ батырын Сабалақ жеңіп, Уса Сереннің Қырыс деген інісін өлтіріп, бір апта қалмақпен соғыста қазақ әскерлері жеңіске жетеді.

Ол заманда қазақ елі бірлікте болып, бір жеңінен қол, бір жағадан бас шығарып өмір сүрген деседі. Атақты қолбасшылар Еспембет, Матай, Шәкей, Керей Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Бәсентейін Малайсары батырлар тұтас болып, бір елдің сойылын соққанын жырда жан-жақты көрсетеді. Абылайдың батырлар көмегі арқасында кейінірек қазақ қолына басшылық еткені, қол басқарғаны баяндалады.

Ақын дастанында 1740 жылы қазақ халқы Абылайды ақкиізге орап, хан сайлаған жайын сөз етеді. Абылай қазақ қолын бастап тұрғанда Қызылжардан бастап, Ертіс суының бойы, Қарқаралының айналасы, Аякөз суының бойы – түгелімен қалмақтан тазартылып, қалмақтардың Тарбағатай тауынан асыра аластатылғаны жайында қызықты баян етіледі.

Бұл тарихи дастанда Қанжығалы Олжабай Абылай туралы шебер, бірден-бір үздік жырлады деуден аулақпыз. Әрине, Абылай туралы жыр-дастандардың бәрі сақталмағаны, көбінің кітап болып басыла қоймағаны тағы бар. Олжабай бұл жырды осы ғасыр басында жазса да, хан туралы дастанында Абылай бейнесін жасауға тырысқан. Олжабай жазба поэзияның жетегіне іліккен ақын болғандықтан да шешен сөйлеу мен шебер айтуға кішкентайынан баулынса да келісті түйіндеу, үздік дастан жазып кетуді шарт санамаған.

«Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны басқа да тарихи дастандар сияқты халқымыздың азаттық жолындағы күресін, ерлігін, жаугершілік дәстүрлерін көрсетеді. Бұл дастанды оқыған адам халқымыздың ерлік тарихынан сабақ алады. Ақын өзінен бұрынғы жырлап кеткен ақын-жыраулардың Абылай туралы жыр-дастандарына сүйене отырып, дәл сол әңгімелерге құрылмаса да көп жағынан толыстырып, қайтадан тыңнан жырлаған деп есептеген жөн.

Авторы белгісіз «Абылай хан» атты дастан тағы бар. Оның мазмұны біздің қолымыздағы Қанжығалы Олжабай дастанының оқиғаларымен желілес, жырлау дәстүрі де бір-біріне жақын болып келеді. Екі дастан да Сабалақ туралы ел аузындағы аңыздар мен әңгімелер негізінде жырланған. Онда да Сабалақтың қалмақтармен қалай күрескені, қалай хан тағына көтерілгені жайында баяндалады. Абылайдың сол заманда ұстанған саясатына оң баға беріледі. Дастанда хан болатын жігіттің іс-әрекеті, ұстанған саясаты әрдайым халық тілегімен сай келгені дәлелді көрсетіледі. Бұл жағынан ақын эпикалық жырларға тән әсірелеуді қолданып отырған, бірақ жырдың өн бойында әсірелеу аздау. Болған оқиғаға тарихи негізде баға бере баяндалған.

Олжабай дастаны басқа осындай дастандармен тақырыптас, өзектес болғанына қарамастан оны қайталамайды. Ақын Абылайдың елі, жері үшін жасаған ерен еңбегін тарихи тұлға ретінде толық көрсете алған.

Абылайды алты алаш біледі. Дегенмен, Абылай қарамағында болған Бөгенбай батырдың ұрпағы болғандықтан Олжабай Нұралыұлы ұлы ханды өзінше жырлауы – заңды құбылыс. Дастан оқиғалары қызық. Әсіресе Абылайдың ерлігін сипаттайтын тұстары тартымды да әсерлі.
Шулады қазақ қолы алғыс беріп,

Сабалақтың кетіпті түсі өзгеріп.

Ішке қанын тартқан сұрғұлт түсі,

Қандыбалақ қырандай үңірейіп,-


дейтін жолдарда Абылайдың жеңіске жеткен тұсы аса бір жылылықпен, сүйсінгендікпен айтылады. Дастанда Абылайды қыздыру, қайрау, әруаққа сиыну, атын атап ұрандау суреттері сәтті жырланған. Қазақ батырлары Абылайды пір тұтады.

Олжабай ақын ханның балалық шағындағы ауыр күндерін суреттеген тұстарында, басқа да Абылайды жырлаған жыршы-жыраулар сияқты, атақ пен даңққа ханның өз ақылы мен батырлығы арқасында жеткенін айта кетеді. Жоғарыда айтқанымыздай Абылай бірден Абылай болмаған. Әуелі Сабалақ атанды. Көпшілік оның сырт түріне қарап:


Алынбай көптен бері шашы өскен,

Сабалақ сең-сең тымақ көзге түскен.

Кір болып өне бойы тұрғаннан соң,

«Сабалақ» мұның аты болсын дескен.


Олжабай ақынның Абылайдың балалық шағын жырлаған өзге де жыршы-жыраулардың өкше ізін баса, соларға ұқсас етіп жазуы заңды да. Мысалы, Бұқар жырау:
Әбілмәмбет төренің

Арқада жүріп қаңғырып,

Түйесін баққан құл едің,

Абылай атың жоқ еді-ау,

«Сабалақ» атпен жүр едің, –
десе, Сүйінбай:
Сенің атың Абылайды,

Әбілмансұр атанып,

От жағып жүрген жерінде

Шайханада көреді.

Сол құлдықтан құтқарып,

«Сабалақ» деген ат қойып,

Төле би алып келіп еді,-
дейді. Осы шумақтардың бәрінде де шындықтың ұшы жатқан сияқты. Өйткені қай заман, қай дәуірде жырланса да сол кездегі ел жайы, жер-су, кісі аттары, уақыты тарихи деректерге сәйкес айтылып отыр.

Абылай туралы жыр-дастандардағы ұрыс эпизодтары, кейіпкерлердің іс-әрекеттері бір-бірімен соншалық ұқсастықта сипатталады. Абылай туралы жыршы-жыраулардың Олжабай ақын жырлаған нұсқасында көп эпизодтар ұқсас болғанымен кейбір адам аттарында айырмашылықтар кездеседі. Әр түрлі нұсқалардан бірер мысал келтірелік. Алғаш жауға шапқанын Олжабай Абылай атынан былай сипаттайды:


Бата бер, хан мен қара, мен барайын,

Құдай жазса қалмақтан кек алайын.

Өлсем – шәйіт, өлтірсем – қазамын ғой,

Қазақтың намысы үшін жан қияйын.


Шәді төре Жәңгірұлының «Абылайдың қалмақты қашырғаны» деген жырындағы:
Абылай жау шетіне жалғыз шықты,

Қазақтың намыс болып бұл жұмысы.

Айғайлап тұрды сонда «Талапкер» деп,

Дауысын алыс-жақын есітті көп,-


деген жолдар Абылайдың ерлігімен қоса, адамияттылық қасиеттерін де алға тартады.

Төле би бір жаққа асқа барады. Сабалақты сынамақ болып, сарқыт ала келеді. Келсе, бала ұйықтап жатады. Жолдасына оянған соң, мына басты қолына ұстат деп тапсырып кетеді. Оянған Сабалақ жан-жағындағы барлық бақташыны жиып, біріне құлақ, біріне көзін беріп, құлағының бір жапырағын ғана өз жейді. Төле бидің жолдасы ырым қылып неге бәрін өзің жемедің дегенде:


Сабалақ айтты бидің жолдасына:

«Мен тойдым би берген соң ықыласына.

Жолдастың бірі – құлақ, біреуі – көз,

Дұрыс па оларға бас қимасыма?»,-


деген екен. Бұл сөздерден Абылайдың ақылын, ұлылығын, болжағыштығын көруге болады. Қарапайымдылық, кішіпейілділік Абылайдың хан көтерілуіне дейін жеткізеді. Абылай бұл шығармада тарихи тұлға ғана емес, сәтті сомдалған әдеби қаһарман дәрежесіне көтерілген. Олай дейтініміз: сан соғыстарда қазақ қолының жеңіске жетуіне септігін тигізгені соншалық, ерлік еңбегімен атақ-абыройға кенеледі, хандыққа жетеді.

Дастанда Абылайдың ерлігі мен еңбегі сөз болып қоймайды, сол заманда өмір сүрген даңқты адамдардың игілікті іс-әрекеті де көрініс табады.


Би тұтқан Қаракесек Қазыбекті,

Әм батыр Қошқарұлы Жәнібекті.

Қанжығалы Бөгенбай бір батыры,

Қаракерей Қабанбай найман текті.

Кіші жүз Арал батыр жеті рудан,

Тама Есет аруақты биі болған.

Бөгенбай табын топтан шыққан батыр,

Абылай хан қарауында бәрі тұрған.

Ұлы жүзде Төле би болып еді,

Жаныс батыр Болтайдан шығып еді.

Үш жүздің баласына ортақ хан боп,

Абылай қарауында тұрып еді,-


Қаншама, дәлдік, әділдік! Ақын болған істі бәз қалпында баяндайды. Бұра сөйлемейді, іш тартпайды. Қазақ асылдарының бәріне бірдей қарайды. Егер осындай бірлік болмаса қазақтар қалмақты жеңе алмас еді, Абылай халық қалаған хан болмас еді. Үзіндіде айтылатын батыр-қолбасшылар есімдері тікелей Абылай атымен байланысты айтылады. Абылай бейнесін аша түсуде бұл ұлы адамдар ісі жырға әжептәуір көркемдік өң берген.

Тағы бір ескеретін жай: тарихи дастанда жер-су атаулары жырдың тарихи сипатын ашуға мүмкіндік береді. Мысалы, Балқаш, Түркістан, Көкшетау, Ертіс, Қара теңіз, Алтай, Қазан, Талқы, Құлжа т.б. жер-су атауы бар. Бұлардың бәрі де Абылай іс-әрекеттерімен байланысты айтылып отырады, сипатталады.

Дастанда жау батырларының да ерлігі, ірілігі орынды сипатталады. Оларға жөнсіз өшпенділік көрсетілмейді. Егер жекпе-жек егесте теңдесімен белдеспесе Абылайдың батырлығы дәлелденбес еді.
Қара қасқа аты бар бурыл сақал,

Еңгезердей айқасып қалмақ кәпір,-


дегенде қалмақ батырының кәнілігі, жаужүректілігі жеткізіле суреттеледі. Расы кейбір тармақтарда жауласқан елдер арасындағы өшпенділік пен кек, өзара аяусыз тілі ащы, уытты болып келеді. Оны заңдылық деп қана бағалау керек.

Жырда поэзияға тән көтермелеу, кемсіту, асқақтық жиі кездеседі. Бірақ бұдан оқиғалар мен кейіпкерлер іс-әрекеттері шындықтан шығып кетпейді.

Абылай хан туралы жыр-дастан, аңыздардың ішінде Олжабай ақынның жырлағанына ұқсас «Абылай хан» деген авторы белгісіз қисса бар.
Авторы белгісіз нұсқада:
Қол жинап бата берді таңдап қарт Бөгенбай,

Астына атын берді таңдап қандай.

Жылқының Нарқызылым тұлпары еді,

Мен қартайдым шырағым, соған орай.


Шырағым, көзің отты бала екенсің,

Мінезің шын жүйрік хан екенсің.

Жазғытұры қалмаққа аттанамыз,

Соған жүр, керек болар жан екенсің.


Олжабай нұсқасында:
Бөгенбай бата беріп, қолын жайды,

Көпшілік: қолын жайып, «Амин» деді.

Жылқының тұлпары еді Нарқызылым,

Шырағым, ырым қылып сен мін деді.


Шырағым, уытты, отты бала екенсің.

Мінезің, құлқың таза дана екенсің.

Жазғытұры үш жүз боп жиналамыз,

Сол жиылысқа керекті жан екенсің.


Бұл шумақтардан басқа да, кейбір тармақтарда екі дастанға ортақ қайталаулар бар. Біздің ойымызша, бұл екі дастанның негізі бір сияқты. Осы екі нұсқада кездесетін ортақ мынадай тармақтар бір: «Шырағым, Нарқызылды таза сақта», «Қоңтажы Уса Серен қалмақ еді», «Әке-шеше ел-жұртым туғаным жоқ», «Атымды кім қойсаң да құп аламын», «Сабалақ мұның аты болсын деген», «Балаға сарқыт алды сынамаққа», «Ас болып би бір жаққа кетіп еді» т.б. толып жатқан ортақтық байқалады.

Қанжығалы Олжабай ақынның «Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны жұрт-жұрағат аузындағы негізгі нұсқа деп тануға лайық. Тағы бір ескеретін жайт: Олжабайдың Абылайды жырлауы ата-бабаларының Абылаймен тұстас, майдандас болғандығынан да еді.

Қанжығалы Олжабайдың «Абылай қалай хан болған?» тарихи дастаны халқымыздың сан ғасырлық ерлігін, елдігін, азаттық жолындағы күресін бірсыпыра шындықпен бере білген шығарма. Жырда қазақ халқы үшін жасаған Абылай ерлігі мен еңбегі жоғары бағаланады.

1993 жылы Қанжығалы Олжабай әдеби шығармашылығына, оның сақталуы мен жиналуына, жариялануына байланысты зерттеу жүргізіп, мыналарды анықтаған едік.

Осы уақытқа дейін Қанжығалы Олжабайдың біраз туындылары баспа бетін көріп үлгеріпті. Бұған қуанамыз. Бірақ, әттеген-айы тағы бар. Олай дейтініміз, баспа бетін көрген шығармаларын біздің қолымыздағы ел аузынан жинаған нұсқаларымен салыстырғанда мынадай айырмашылықтар байқалады:

«Жұлдыздың», 1992 жылғы 7 санында Қанжығалы Олжабайдың тарихи дастанының аты «Сабалақ – Абылай хан»[56] деп аталады. Ал, біздің қолымыздағы нұсқада аталмыш дастанның аты «Абылай қалай хан болған?». Біздің ойымызша ел аузындағы нұсқасы түпнұсқа болса керек. Олай дейтініміз, Қазыбек Нұралин жариялатқан нұсқада шығарманың тілі бұрмаланып, әбден түзетуге түскен. Оны төмендегі мысалдармен дәлелдейміз.


Біздегі нұсқада: Жарық көрген нұсқада:

«Абылай қалай хан болған?» «Сабалақ – Абылай хан»

тарихи дастан тарихи дастан

(486 тармақ, 121 шумақ) (741 тармақ, 185 шумақ)

Ел аузындағы нұсқада кіріспе Жарық көрген нұсқада 22

жоқ. Кіріспе орнына қара тармақтан тұратын кіріспе бар.

сөзбен Абылай өміріне шолу

жасалған.

1. Баязит, Әмір-Темір, Тоқтамыс- Баязит, Әмір-Темір, Тоқтамыс хан, хан,

Бір туыстас түрік руынан Үш қошқардың сүзісі болған

болған сұлтан. сұлтан.

Он төртінші ғасырдың болған Он төртінші ғасырдың мезгілінде, мезгілінде,

Түрік жұрты дәуірлеп, асып Түрік жұрты дәуірлеп өсіп

шыққан. тұрған.

2. Әр кәмелдің зауалы болған Әр кәмелдің зауалы толған

кезде, күнде,

Үш қошқардың сүзіскен Үш қошқардың сүзісі болған

болған кезі. күнде.

Дін исламның ханының бәрі түрік, Діні – Ислам, бәрінің ханы түрік.

Майданда бірін-бірі қырған кезде. Майданда бірін-бірі қырған күнде.

3. Әр әулет бөлек-бөлек хан Әр ұлт бөлек-бөлек хан боп кетті,

боп кетті,

Сонымен Алтын Орда күші бітті. Сонымен Алтын Орда күші бітті.

Қырым, татар, қапқаз бен Қырым-Татар, қырғыз-қазақ,

башқортстан, Башқортстан,

Ноғайлы, қырғыз, қазақ, Қапқаздағы Ноғайлы бараба

бараба ұлты. ұлты.

4. Беріректе Абылай хан Берментін Абылай хан болған екен,

Қоныс қып Көкшетауды Қоныс қып Көкшетауды

қонған екен. қонған екен.

Тұсында ханға жолдас батыр Жарына батыр-билер жолдас

болып, болып,

Сол кезде біздің қазақ болған Сол кезде қазақ елі толған

екен. екен.

5. Ұлы жүзде Төле би болып Ұлы жүзде Төле би болған

еді, еді,

Жарыс батыр Ботпайдан Жаныс батыр Ботпайдан

шығып еді. шығып еді.

Үш жүздің баласына ортақ Шапыраштыдан тағы бір

хан боп, Қараш батыр,

Абылай қарауында тұрып Қазақтың жасақтарын құрып

еді. еді.

6. Сол Абылай ортамызға Үш жүздің баласына ортақ

қайдан келген, хан боп,

Қалайша қазақ елі хан Абылай хан қарауында тұрып

көтерген? еді.

Ескі сөзді ескерген жан Әбілмансұр - әуелгі өз аты

азайды. еді.

Сөз еді ұмытылмай қалсын Абылайлап шапқанына

деген. Абылай деді,

Жиырма бірінші буыннан

қосылатын,

Шыңғыс хан тұқымынан

бекзат еді.

7. Кейін Бөген тастаған қолға Кейін бөгіп тастаған қолға

келді, келді,

Мың шамалы кісімен Он мың шамалы кісі екен

іріктелген, Қол бастаған іріктелген,

Жәнібек, Малайсары

Мойын талып келеді алыс Келеді екен мойын талып

жерден, алыс жерден.

Қашқан қалмақ сезініп үдері Қалмақ қашқан сезініп үдей

ұшып. ұшып,

Түйісіп соғысудан қалмақ Келе жатқан қазақ қолын

безген, қалмақ сезген.

Талқы асумен Құлжаға бет Талқы асумен Құлжаға бет

түзеген. түзеген.
Біздегі нұсқа мен жарияланымдағы нұсқаны салыстырғанда мынаған көзіміз жетті. Біріншіден, біздегі нұсқада Қанжығалы Олжабай шығармаларының қайсысын алсаңыз да тілі тым қарабайыр. Екіншіден, өлеңдерінің де, тарихи дастанның да тілінің көркемдік дәрежесі бір-біріне жақын. Ақын қай өлеңінде де болсын өз әлінше ұғымды етіп айтуға тырысқан. Салыстырулар нәтижесінде байқағанымыз, ақынның осы орта өрнекпен жазылған шығармалары көп түзетуге ұшырап, аяусыз күзелген. Журнал беттерінде жарияланған өлеңдері болсын, дастаны болсын өзгеріске ұшырау себебі, жариялаушы ұйқас, теңеулерді көп жерде жанынан қосып жіберген сияқты. Көзге сөлекет көрінеді-ау деген жерлерін қатты күзеп қиянат жасаған.

Халық аузындағы шығармалар көп өзгеріске ұшырай береді. Жариялаушылар Олжабай шығармаларына да түзету енгізу арқылы ата шығармасына жақсылық жасадым деген болуы керек. Бұл ағаттық. Олай дейтініміз, халқы үшін, Отаны үшін көп жақсылық жасаған азаматты шығармалары ортан қол екен деген өлшеммен бағаламаса керек. Қанжығалы Олжабай шығармаларының Омбы жерінде не үшін сақталғанын жоғарыда айттық. Тегінде Олжабайдың артында қалған ұрпақ ақынның қолжазбаларын, күнделіктерін, хаттарын іздеп тауып, зерттесе, ақын өмірбаянының көп сырлары ашыла түсер еді.


«ЕРМЕК» ҚИССАСЫНДАҒЫ ӨМІР ШЫНДЫҒЫ

«Ермек» қиссасы – «Еңлік-Кебек» жырының тікелей жалғасы іспеттес. Олай дейтініміз, Еңлік пен Кебек тағдыры мол хиқая. Бұл қасіретнамаға себеп болған қоғамдық-әлеуметтік жағдайларды Шәкәрім осы аттас поэмасында, Мұхтар Әуезов пьесасында айқын көрсетті. Осындай шиеленіскен ғасыр оқиғасының жалғасы болуы заңды да. Өйткені тобықты жігіті Кебек пен матай қызы Еңліктің тағдыры кез-келген қазаққа таныс, олардан қалған ұрпақтың кейінгі өмірі кімді де болса қызықтыратыны сөзсіз.

Шәкәрім «Еңлік-Кебек» оқиғасы 1780 жылдар шамасында, осы Шыңғыс тауында матай мен тобықты рулары арасында болған іс» деп, болған оқиға шамасын дәл көрсетеді. Шәкәрім пікірін кейінгі зерттеушілер бірден-бір дұрыс тұжырым деп есептеп келеді.

«Ермек» қиссасындағы оқиғалар көне Шыңғыстау жерінде, ХVІІІ ғасырдың соңында болса керек, бір-біріне жауыққан екі рудың екі жасы – Еңлік пен Кебек бірін-бірі сүйіп қосылып, ел билеушілердің үкімімен жан түршігерлік оқиғаға ұшырайды. Екеуінен туған сәби таудың шатқалында иесіз жөргекте қалғанын «Ермек» қиссасына дейінгі «Еңлік-Кебек» туралы шығармалардан білеміз.

Енді «Еңлік-Кебек» кімдікі, қай нұсқасын білеміз деген сұраққа қысқаша шолу жасап өтейік. Бізге ең алғаш рет Еңлік пен Кебек туралы әңгемені Шәкәрім «Дала уалаяты» газетінің 1892 жылғы 31-39 сандарында «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен жарияланған мақаласында баяндап берді, онысы 1900 жылы «Қазақтың тұрмысынан хиқая» деген атпен қайта басылды. «Еңлік-Кебек» деген атпен тұңғыш рет Семейде «Жәрдем» баспасынан 1912 жылы басылып шықты [51,24-25-б].

Бұл оқиға туралы Мағауия Абайұлы Құнанбаев та поэма жазып, «Дала уалаяты» газетінің 1893 жылғы санында жариялады. Жалпы, Шәкәрімге де, Мағауияға да бұл хиқая туралы поэма жазуға Абай кеңес берген болар деген Ш. Сәтбаеваның пікірін толық қуаттаймыз.

Осы ұмытуға болмайтын, кейінгі ұрпаққа ой қалдырарлық хиқая – Еңлік пен Кебек тағдырын бүкіл қазақ халқының ортақ қасіреті деген орынды. Ауыз әдебиеті дастандарындағыдай бұл екі жас та алда еш жақсылық болмайтынын біле тұра, махаббат бостандығына ұмтылады.

Шәкәрім «Еңлік-Кебегі» қара өлең үлгісінде жазылған не бәрі 652 тармақтан тұрады. Өзіне дейінгі Еңлік пен Кебек оқиғасына себеп болған жағдайдың бәрін айқын көрсетіп барып, заман басына туған оқиғаларға біртіндеп көшіп отырады.

Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісінің інісі Кебектің он бесінде аты шығып, елінің сүйікті ұлына айналады. Шәкәрім Кебекті:
Он бесінде Кебектің аты шықты,

Атты, жаяу бәріне бірдей мықты.

Көзі өткір, қара торы жігіт екен,

Орта бойлы тапалдау, кең иықты,

деп суреттейді.

Поэмада Еңлік пен Кебекті өлтіргелі жатқанда Еңлік бір-екі ауыз сөзге ұрықсат алып:


Кебекпен мені аз ғана араздастыр,

Өлген соң бірге қосып, тасқа бастыр.

Мына бала тобықты баласы ғой,

Оны өлтірме, Кеңгірбай биге тапсыр,-


деп, туған халқына аманат етеді. Бірақ, бұл тілек орындалмайды. Оны поэмада:
Надан жұрттың болады діні қатты,

Қабекеңе тапсырмай аманатты.

Шеткі Ақшоқы басында қалған бала,

Шырқырап күн батқанша жылап жатты,-


деп көрсетеді. Міне, осы баланы Еңліктің әкесі алып келіп, бағып-қағады.

М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы тұңғыш рет 1917 жылы мамыр айында Абайдың жары Әйгерімнің киіз үйінде көрсетіледі [52,12-14-б]. Оқиға екі жастың бірін-бірі сүюінен басталып, екеуі қосылып, тау шатқалына қашып кетеді. Осы істері үшін ел билеушілердің алдында айыпты болып, әңгіме ақыры шешілмейтін дауға айналып кетеді. Екі ру арасында қырғын ұрыс-керіске ұласып, екі жасты құрбандыққа шалып, екі рудың басшылары екі жасты ат құйрығына байлап өлтіруді ұйғарады. Еңлік пен Кебек өлген соң арттарында жас нәресте зарлаған күйі қалады. М.Әуезов бір ғасыр өткеннен кейін барып, қолына қалам алып, қазақ өміріндегі осы бір қайғылы оқиғаны қасіретнама етіп жазып шығады. Бұл пьесада Еңлік пен Кебек өмір сүрген замандағы екі жасқа азуы батқан даугер билердің жүрісіне де, тұрысына да, сөз сөйлесіне де замана салтына қарай сипат беріледі.

Біздің талдағалы отырған «Ермек» қиссасы Омбы қаласының (қазір марқұм болған) тұрғыны Қали Кенжебаев ақсақалдан 1991 жылы жазылып алынған нұсқасы. Ол 1960 жылдың шілде айында Омбы облысы, Қоянбай аулында бір той үстінде ауыл ақсақалдарының бірінің аузынан жазып алып, жаттаған екен.

Қисса – Ресейдің Сібір аймағында тұратын қазақтар арасында өте әйгілі, көп тараған және халықтың қадірлеп сақтаған қазынасы. Қиссаның басқа да нұсқалары болуы мүмкін, бірақ басқа нұсқасы бізге кездесе қоймады. Әйтсе де, Омбы қазақтары қиссалары ішіндегі көлемдісі де көркемі деуге толық болады. Жалпы, қазақ әдебиетіндегі қисса жанры өткен ғасырда дамып, жетілді делініп жүр. «Қисса» деген сөздің өзі әңгіме, тарих деген мағынаны танытады екен. Демек, «Ермек» қиссасы – оқиғаны әңгімелеуге құрылған көлемді поэтикалық шығарма.

Шығарма баспа бетін көрмеген. Кейінгі кездерде ғана кейбір баспасөз беттерінде қиссадан үзінділер беріліп жүр. Қисса зерттеуге тұратын әдебиет нұсқасы. Себебі: біріншіден, шығарма оқиғалы, көлемді, 274 шумақтан, 1098 тармақтан тұрады. Екіншіден, өткен тарихымыздың сырын ашады. Үшіншіден, мұнда қазақ елінің тұрмысындағы өрескел салттар сынға алынады. Төртіншіден, оның басты тақырыбы – батырлық, адамгершілік, азаматтық. Бұл – бұрын да, қазір де күн тәртібінен түспеген құнды мәселе.

«Ермек» қиссасының авторы туралы не айтуға болады? Ең болмағанда қай рудың адамы болды екен деген ой кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Жыр оқиғасы ХVIII ғасырда болғанымен, өзінің тууы, тілі мен көркемдігі, құрамына қарағанда қисса осы ғасырда туған сияқты. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебегі» болсын, «Ермек қиссасы» болсын жаңа заман талабына сай жырланған, екеуі де тарихтың дерегі боларлықтай құнды шығармалар. Осы бірін-бірі толықтыра түсетін шығармалар қоғамдық өмірдегі көптеген кесірлердің бетін ашқан. Еңлік пен Кебек арасындағы қарым-қатынасты Шәкәрім ашықтан-ашық жырлап, қоғамдық сипат берген. «Ермек» қиссасының дүниеге келуі де кездейсоқ емес. Оның үлкен салмаққа ие болуының өзі жақсылық пен жамандықтың арасын бағалау мен тану дәрежесінің өскендігін көрсетеді. Екі шығарманы салыстыра оқығанда, осы екі шығарманың да авторлары бір адам сияқты болады да тұрады.

Профессор Е. Өтебаев қиссаны Шәкәрімдікі дегенге саяды. «Өйткені, дейді ол, қисса осы ғасыр басындағы қазақ тілінде туған жазбалы шығарма. Қиссадағы кейде наймандарға өкпе-наз ретінде айтылатын айыптау сөздер тобықты руының ғана аузынан шығады. Сонан соң, өмірінің соңғы жылдарында жазылғандықтан бастырып үлгермеген деп жорамалдауға болатын сияқты». Шәкәрім шығармаларын кітап етіп бастырып үлгере алмай кеткені шығарманы Шәкәрімдікі деуге тағы бір себеп. Шығармадағы тіл таңбасы, көркемдегіш құрал қолдануы Шәкәрім стиліне (ерекшелігіне) ұқсайды. «Ермек қиссасының» авторы Шәкәрім болмаған жағдайда тобықты руынан шыққан бір ақын сияқты деп жорамалдаймыз.

Біз де осы Е. Өтебаев пікірін қолдаймыз. Шынында да, біріншіден, Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасы мен «Ермек» қиссасының тілі бір-біріне өте жақын, бірі екіншісінің тікелей жалғасы іспеттес. Екіншіден, кейбір дағдылы сөздер, тіркестер, сөйлемдер екі шығарма авторының бір адам екендігіне сендіре түседі.



«Еңлік-Кебекте»

Он бесінде Кебектің аты шықты,

Атты-жаяу, бәріне бірдей мықты.
«Ермек қиссасында»

Жас қыран, жаңа пері Ермек мықты,

Ер жеткен ересектің бәрін жықты.
Немесе:

Көзі өткір, қара торы жігіт екен,

Орта бойлы, тапалдау кең иықты.

Қызыл жүз, орта бойлы, қасқа маңдай,

Жауырыны сом күмістен қақтағандай.
«Ермек» қиссасы салмақты бола тұра авторы неге көрсетілмеген деген заңды сауал туады. Бұған мынадай жауап айтуға болады. Найман руына қатты сын айтылған тұстары көп. Егер авторы Шәкәрім болса, тарихи шындықты баяндау арқылы, өзі көрінбей қалғысы келген сияқты. Қиссаның мазмұны мынадай: Еңлік пен Кебек өлген соң арттарында бір ұл қалады. Бұл сұмдықты жөргектегі баланың нағашысы естіп, баланы жасырып еліне алып келеді. Жолшыбай сол баланың атын Ермек деп қояды. Бұл хабар Қабанбай (Кеңгірбай би) қартқа да жетіп, келген хабаршыны құрметтеп, өлгені тірілгендей қуанады. Баланы өсіріп-тәрбиелеу Еңліктің әкесінің мойнына түседі. Қабанбайдың қуанғаны сондай, Ермек ер жетіп, ата-жұртын іздеп келсе, жиған мал-мүлкінің бәрі соныкі деп, дүйім жұртқа жар салады.

Нағашысы Ермекті мәпелеп, еш қиындық көрсетпей өсіріп, он жасқа жеткізеді. Бір кемпірдің Қойбақ деген жалғыз ұлы болады. Сол Қойбақты ойынға келмегені үшін Ермек санын қылбұраумен шымшып, бір көзін шығарады. Оның үстіне күллі бала Қойбақты кемпірдің кепесіне қуып тыққанда, барлық бала кемпірдің өрмегіне оралып, кептеліп қалады. Бәрін істеп жүрген Ермек екенін сезген кемпір оның өткен-кеткен өмірінің бәрін айта келе, «Ақшоқыда атаусыз өлген әке-шешеңнің көріне барып, менің балам тиісті ме?», «Мықты болсаң, неге жүрсің бөтен найманның нанын, тұзын көтере алмаған қу шұнақ!», - деген сөздер айтты. Осыны естіп алған Ермек беймаза күй кешіп, ештеңеге тәбеті соқпай қиналады. Бір күні атасынан бар шындықты сұрап біліп, әкесінің Кебек болғанын, өз атасы Қабанбайдың қажыған шағында бүкіл найман жабылып, бір қыз бен бір жігіт үшін бүкіл жұртты қинап, ақырында Еңлік пен Кебек тығылған тау шатқалын бүкіл найман қоршап алып, жастарды өлтіргенін әңгімелеп береді. Ермек нағашы ата-анасының батасын алып, өзінің түп-тамыры шыққан жаққа тартады. Шал батасын беріп тұрып, тірі жүрсең амандығымды айналып келіп біл деп тілек білдіреді.

Содан Ермек Шыңғыстауда жүреді. Жақындағанда ауылдан оқшау тұрған бір үйге келіп тоқтайды. Үйден қарт шығып, жөн сұрайды. Сонда Ермек: «Затым құл, тобықтының кірмесімін. Найманда туып-өстім. Қабанбайдың ауылы қайда екен?» - дейді. Ермек іздеген ауыл осы болып шығады. Ұлан асыр той болады.

Бір күні Ермек елін жинап, тобықтыға сөз арнайды. Ермек шықты деген хабар жау құлағына жетіп, олар да Ермекке қарсы қол жинап әзірленеді. Наймандар Ермекті асыраған нағашы жұртын шауып, малын түгел айдап алып, бұрынырақ Шыңғыс тауының Қособа деген жеріне келіп, күтіп жатады. Ермек те жауға қарсы аттанады. Әке-шешесінің өлген жеріне келгенде Ермектің ішкі сезімі қиссада былай суреттеледі:


Кебек өлген төбеге тақалғанда,

Жас толды екі көздің шарасына.

Толқыды, толықсыды, толғанды Ермек,

Арманда өлген атасы мен анасына.


Қиссаның осы тұсында Ермектің психологиялық жан күйзелісі шебер өрнектелген. Оның ата-анасына деген сезімі жүрек тебірентерлік ерекше жылылық, үлкен толғаныс үстінде болғандығын автор терең суреттеп көрсетеді.

Ермек өз қолымен жауын шауып, шетінен шабақтаған ұрыс үстіндегі әрекеттерін:

Мың қойға жалғыз тиген аш бөрідей,

Қылышпен қия шауып тамақтады.

Басын баудай түсірді балуандардың,

Мойнын бұрып, артына қаратпады,-


дейді. Осы соғыста найманға аты шыққан Түгел батырмен жекпе-жекке шығып, жау батырларын жер жастандырады. Осылайша, халыққа танымал, қалмақпен соғыста көзге түскен Түгел батыр Ермек қолынан қаза табады. Ермек еліне оралады. Содан Жәукен дегенмен қасына біраз адам қосып, наймандарға хат жібереді. Жәукен кезінде Кебектің сенімді серігі болған жігіт екен. Егер менімен бітім қылатын болсаңдар, жүз қызды жасауымен, бес-бестен биік өркеш түйе жібересіңдер, сауыншысымен бірнеше бие жібересіңдер деп шарт қояды. Наймандар жиналып, ауыл-елдің ақсақал-билері ақылдаса келе, Ермектің шартын орындауға уәде береді.

«Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш»,- деген қағиданы ұстанып, Ермектің ашуы қайтып, бітімге келеді. Жүз жігітіне қалыңсыз қыз алып беріп, қиссаның соңында өзінің туған нағашы жұртын жанына көшіріп алады. Сонымен, бұл шығарманың басты тақырыбы – туған елге адалдық, ата жауына кешірімсіздік.

Дастанда халқымыздың басынан өткен әділетсіз өктемдік, ірілі-ұсақты оқиғалары шебер суреттеледі. Қиссаның негізгі мұраты да, мазмұны да феодалдық қоғам заманындағы дала заңының қаталдығын, ру арасындағы тартыс себебін, ескішіл ел билеушілердің қылмысты әрекеттерін әшкерелеу, одан жирендіру болады. Ермек халық арасынан шыққан, халықтың арман-тілегінен туған, қас батыр дәрежесінде, азаматтық міндетін орындаушы, әкесінің адал ұлы ретінде көрінеді. Ермек - өмірде болған адам. Жыр мазмұны осыған саяды. Көркем шығарма қаһарманы ретінде ол ерсілікке толы ескі салтқа үкім шығарушы, жолсыздыққа тыйым салушы, болашақ басы. Жыр авторы кім болса да Ермекті әділет пен ар-намыс туы етіп сипаттайды. Бұл бейненің құндылығы да осында.

Әрине, қисса ел әрекеті дәстүрін берік сақтайды. Сондықтан қаһарманды әсірелей көрсету, жағымсыз типтерді қорғаштай бейнелеу мұнда да жетерлік. Мысалы, Қойбақ пен Ермек арасындағы оқиғаға назар аударайықшы.


Жас қыран, жаңа пері Ермек мықты,

Ер жеткен ересектің бәрін жықты.


Мұндай сурет батырлар жыры мен ертегілерге тән. Кейде мұндай әсірелеу ертегі-аңыздар амалымен айқасып та жатады.
Найманның нан мен тұзын көтере алмай,

Қу жетім шап қолтығың терледі ме?

Құнақ қу шуылдатпай еліңді тап,

Тілімнің ұшырадың кермегіне,-


деген сөздер Ермектің шамына тиіп, шын мәнінде кек алуға итермелейді. Ол ата жауына қарсы аттанады.

Қазақ батырлар жырындағыдай, бұл қиссада да жігіттің мықты батыр екендігін оның астына мінген атынан-ақ байқаймыз. Ермектің мінгені де тұлпар. Әйтеуір автор оны бұрынғы өткен аты шулы батырлардан кем қылмайды, кейде олардан да ерен етуге тырысады. Сөйтіп, Ермектің астындағы атының тұлғасы мен шабысы Тайбурыл сияқты болып шығады.

Түсі қара мақпалдай, құйма құлақ,

Ой желке, қамыс құлақ, жалы сұйық.

Желіксе жер басқанда оздырмайтын,

Тайында таңырқатқан соғып киік.


Ел әдебиетінің қай үлгісін алсаңыз да, жүйрік атты арғымаққа, тұлпарға, пыраққа, тағы басқа кереметтерге теңеген. Сол сияқты Ермек атының да керемет ерекшеліктері бар. Жоғарыдағы шумақта «Ой желке, қамыс құлақ, жалы сұйық» деген аттың сынына байланысты берілген теңеу әдемі сөз тіркесі десек, ал, «Тайында таңыратқан соғып киік» деген жолдар тайында осындай болса, бесті ат кезінде қандай болды екен деп оқырманды ойланта түседі. Мысалы, «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбурыл, «Ер Тарғын» жырындағы Тарлан т.б бір-біріне ұқсастығы бар.

Халық намысы үшін, жеке басының намысы үшін ата жауына аттанған Ермектің майданда жасаған істері – жырдың негізгі әңгіме арқауы. Қиссада Ермектің Түгел батырмен айқасқан жеріндегі суреттер шебер көрсетілген. Ермектің жауын жеңуі былай суреттеледі:


Найманға аты шыққан Түгел батыр,

Ту ұстап, қол бастаған, тігіп шатыр.

Ішінде қалың қолдың қару сайлап,

Жұлыны жолбарыстың жолда жатыр.


Қиссада жоғарыдағыдай Ермектің батырлығын дәлелдей түсетін тұстары көп-ақ. Осындай әрекеттерімен Ермек жас та болса дұшпанына қорқыныш, үрей бола бастайды.
Баяғы ер Кебектен қалған қылыш,

Мүйіз сап, толқындаған бұйра жалды.

Ғабекең қайдасың деп Ермек шапты,

Түгел ер байқай алмай қапы қапты.


Ермектің осыншама ерлік жасауы, жанын аяған жауды жапыра қууы – бұл халықтың бір адам арқылы бүкіл әскердің күшін көрсету жолы екені белгілі. Осы Ермекті батырлыққа да баулыған, бастаған да халық. Ермек намысы – халық намысы. Ермектің ерлігі – халықтың ерлігі.

Ермектің жауға қарсы қол жинап, елінің, ата-анасының кегі үшін аттануы – оның әке-шеше мен елін шексіз сүйетіндігінде. Әке-шешенің жолсыз өлгендігін естігенде қатты қайғырып, көзіне жас алады.

Ермек батыр ғой. Біріншіден, намыс, кек оны батырлыққа қайрайды, онда батырға тән тұлға да бар.
Қызыл жүз, орта бойлы, қасқа маңдай,

Жауырыны сом күмістен қақтағандай.


Иықты күшке біткен жұмыр білек,

Болса ағаш, ай балта саптағандай.


Қиссадағы Ермек бойындағы басты қасиеттердің бірі – намысқойлық. Бұл – халық ұғымындағы батырлықтың басты белгісі. Ал Еңлік пен Кебекті өлтірген жақтың озбырлығы мен озбыр адамдары Ермек қол жинап жатыр дегенді естігенде-ақ оны өсірген жазықсыз нағашы атасын шауып, мал-мүлкін алып, алдын ала қарақшылық, қаныпезерлік істейді.

Оқырманға «Еңлік-Кебек» дастаны қаһармандарының әділетсіздік құрбаны болуымен аяқталатыны белгілі. Осы әрекетке, ескі салтқа халық өз назарлығын аталған қисса-жыр арқылы білдіреді. Сөйтіп барып, сол озбырлықты жасаушылардан Ермекке кек алғызады. Ермек жырда ел-жұртын қорғай алатын батыр ретінде көрінеді. Жырдағы жағымды бейнелер – Еңліктің әкесі, яғни Ермектің нағашысы. Нағашысының қалың найман ішінде отырып, Ермекті асырауының өзінде үлкен мән бар.


Тау құлатқан талабым талқан болып,

Бойымнан күш, қойнымнан жар тайғанда.

Өжет жүрек, өр кеуде, өткір тіл жоқ,

Қара басым қарақшыдай қалқайғанда.


Бұл – Ермектің нағашысының бейнесі. Кезінде жалғанды жалпағынан басып, қартая келе қолынан күш кеткен, қурай шал болып елестейді. Ермек жауынан кек алуға аттанғанда алғаш тілектестік білдіргендер осы нағашы атасы мен нағашы апасы болады. Жырда Кебектің қолдаушыларының бірі – Қабанбай жайлы аз-маз сөз болады. Қабанбайдың шын аты – Кеңгірбай. Шәкәрім Құдайбердиев түсініктемесінде Кеңгірбай қабан сықылды бұрылмайтын болғандықтан да оны ел Қабанбай деп атап кеткен деп көрсетеді. Қиссада бұл салмақты, жасы келген, ақылды, парасатты адам болып көрінеді. Қартайған Қабанбайдың кезінде наймандарға қарсы тұруға дәрмені болмайды. Найманды жалғыз жеңе алмайтынына «Еңлік-Кебек» – оқиғасы басталғанда-ақ көзі жетеді.

Ермектің жеңісін Қабанбай көзінің тірісінде көре алмайды. Кебектен Ермек атты бір ұл қалды дегенді естігендегі Қабанбайдың ішкі сезімін былай жырлайды:

Қуанып ер Қабанбай толғанады,

Құрметтеп хабаршыны қолға алады.

Қайғы құрты қажаған кәрі жүрек,

Шаттық озып, қайғысы соң қалады.


Ол әлі көрмеген немересінің бақытты болуына тілектестік білдіріп, қалған мал-мүлкін сол ұрпағына аманат еткен ұлы жүректі ата кейпінде суреттеледі.

Қиссадағы ең жағымсыз қылық-әрекеттерімен дараланатындар – қарсылас рудың билеп-төстеушілері. Аты аталып, түсі түстемесе де кезінде осы ел басшылары Еңлік пен Кебекке үлкен қатыгездік жасап, обалына қалады. Осылардың іс-әрекеттерінің бәрі де шындық тұрғыдан суреттеледі. Үлкен егеспен басталған Еңлік-Кебек өлімінің арты үлкен дауға айналып, ұрыс-жанжал үдей түседі. Үстемдік етіп, әкімдік жүргізген, екі жастың обалына қалған адамдар Ермек ер жеткенде тірі болмаса да, оның ұрпақтарына өздерінің ата-аналарының істері үшін жауап береді.

Қазақ қоғамында көп заман бойына ел билеу, ел басқару ісі, үлкен даулы істерге үкім айту билер, хандар, батырлардың қолында болды. Елдің әміршісі де, әкімі де болған солардың бір қате әрекеті үшін бүкіл рудың бетіне қара күйе жағылған. Бұдан ру ақылсыз, есер деген пікір тумауы керек.

Қиссада заманы өткен билеп-төстеушілер шебер әшкереленеді. Қай қазақтың жырын алсаңыз да, жауын батырына жеңгізіп отырады. Бірақ автор оларды әлсіз етіп көрсетуді мақсат етпейді.

«Ермек» қиссасындағы қиын қал, қасірет жеке бір адамның тілек-ойынан туындамаған. Зұлымдықтың иесі болып көрінген нақты бір кейіпкер жоқ. Бірақ тобықты мен матайлардың арасындағы бір қыз бен бір ұл үшін болған келіспеушіліктен аяусыз күрес басталады. Қиссада, әсіресе, ру басшыларының қаттылығы басынан аяғына дейін бәсеңдемей, барған сайын тереңдеп отырады. Осы ұнамсыз бейнелі билеп-төстеушілердің, билердің, атқа мінерлердің зиянды, жаман мінезділердің жиынтығы жасалған.

Ермек ата жауымен шайқасқан тұста қарсылас рудың Түгел деген батырымен жекпе-жекке шығады. Жауласқан рудың ішінен осы Түгелдің ғана аты аталады. Түгелге бірсыпыра батырлық сипаттар берсе де, автор оның бәрін де ұнамды етіп бермейді. Түгел батырдың талай батырды жеңгенін, қалмақты қансыратқанын, майдандағы мықтылық әрекеттерін әңгіме етеді. Батырлықтың бір белгісі жүйрік ат болса, ондай Ақсұр ат Түгелде де бар. Түгелді соғыс үстінде былай көрсетеді:


Шойын ұрған балғадай шыңылдатып,

Қаруларын қажытты біртіндетіп.

Ай балтамен бір кезде Ермек шапты,

Тигізбестен найзамен Түгел қақты.


Түгел батырды қиссада болашақта жақсылық күтуге болмайтындай етіп көрсетеді. Келешекте ұнамсыз болып көрінетіндіктен де, іс-әрекеттерін өзіне сай етіп, адамдық қасиеті, аянышы жоқ, мейірімсіз етіп көзге елестетеді:
Жауының жарақтанып жолын тосып,

Қарамай қалың қолға қашқан болып.

Суылдай Ақсұр аттың құйрық жалы,

Желменен ызыңдаған үнін қосып.


Батырдың атының сыны осылай болуы батырлықтың дәл өзі емес, соған даярлық қана болса керек. Сонымен, «Ермек» қиссасының басты тақырыбы – ерлік болса, негізгі идеясы – ел қорғаумен қоса ежелгі ата жауынан кек алу. Тілі жеңіл, ұйқастары да бір сыдырғы шебер көрінеді. Өлең шумақтары шұбаланқы емес, қысқа-қысқа кестелерге құрылып отырған. Қиссада кейіпкердің ішкі сезімін, жан дүниесін көрсету тәжірибелері бар. Мұндай психологиялық жарыспалылық мысалы мына жолдардан көрінеді:
Бурыл боз, торғын бұлт пен мидай дала,

Ирек сай қалып жатты ойшыл сала.

Шерлінің ішіндегі шерін шертіп,

Бозторғай ән салады жырлап және.


Жырдың тілі бай, көркем. Эпитет, метафора, теңеу сияқтылар өзінің тиісті орындарында пайдаланыла білген. Оның дәлелі:
Сұлудай үкі таққан, ырғаландап,

Қарағанда келмейді көзінді алғың.


Мұндағы «Сұлудай үкі таққан, ырғалаңдап» деген күрделі теңеу табиғат сұлулығын сипаттаудағы әдемі сурет екені талассыз.

Немесе,


Қаңтардағы бурадай қалшылдады,

Айбатын ашу басып, айқын көркін.


«Қаңтардағы бурадай» деген жол да күрделі теңеу екені сөзсіз.

Ермектің әке-шешесінің өлген жерін көрген кездегі суреті жырда үдету, ұлғайту әдісі арқылы жасалады.


Қамыс құлақ, қанатты қара тұлпар,

Жымиып жылқы түгін жанатпады.

Белсенді-белсендінің беті күйді,

Жан сауғалап Шыңғысты балақтады.


Сурет пен оқиғаның дәл көрінісін берудегі тамаша әдіс осы жолдардан көрінеді.

Өлшеулі сыр бермейтін сырлы сағым,

Кей кезде даяр жүред жүрген жағын.

Басқа түскен адамның бәрі көнгіш,

Ер шешер елден безген жол жұмбағын.
Алғашқы жолдар табиғат суреттеріне арналса, келесі жолдағы кездесетін қиындықтар туралы болып отыр. Қиссада ойды түйіндетіп, қорытып отыру әдісі де ойластырылған. Мысалы:
Деп ұрған табиғаты бұйра толқын,

Жеткенше ну қамысқа қарқындайды.

Талмау түстің кезінде күн төнгенде,

Көкшіл су сары алтындай жарқылдайды.


Бұл жолдар қиссаның тіл көркемдігін, ажарлы бояуын айқын дәлелдейді. Өлең жолдарының дыбыстық құрылысы жатық, өзінше үндесіп жатыр. Ең соңғы жолдағы «сары алтындай» күрделі теңеуімен «көкшіл» деген эпитет екеуі әдемі үйлесім тауып, «жарқылдайды» деген әдемі рең әдемілігін білдіріп тұрған сөз арқылы өлең жолдарының сезімдік қуатын күшейткен. Қиссада табиғаттың әсемділігін, теңеу, ұқсату, әсірелеу сияқты тәсілдері де өте орынды қолданылған.
Түр берген текеметтей бұйра шалғын,

Көк қурай түбі сая, басы балғын.

Сұлудай үкі таққан ырғалаңдап,

Қарағанда келмейді көзіңді алғың.


Қазақ жерінің табиғаты қандай керемет! Теңеу де, эпитет те, кейіптеу де онды-солды пайдаланыла салмаған. «Текеметтей» деген теңеу «бұйра» эпитетімен үйлесім тауып, «көк» эпитеті толықтырып тұр. «Сұлудай үкі таққан ырғалаңдап» деген тармақ жарасымды-ақ. «Үкі таққан» деген кейіптеу «сұлудай» теңеуімен үйлесіп барып, «ырғалаңдап» деп тамаша қимыл әдемілігін жасаған. Жырдың басынан аяғына дейін осындай көркем сөздер жиі кездеседі. Мысалы, «сырлы сағым», «мөлдір бұлақ» эпитеттері, «күміс қанат», «айнадай» дәстүрлі теңеулері әрбір жолдарда өлең кестесін көріктеп тұр.
Жолбарыс жолға шықты жортпақ болып.
Мұндағы жолбарыс – Ермек. Жолбарыс метонимиясы Ермектің айбаттылығын, қаһарлы батырлығын суреттеуде қолданылып тұр. Ал, «Қаңтардағы бурадай қалшылдады» деген сөздегі бурадай теңеуі кейіпкердің ішкі сезім, мінез-құлқын суреттейді. Қиссаның құндылығы мазмұнында ғана емес, сол мазмұнды көркемділікпен бере білуінде. Әсіресе, кейіпкердің ішкі сезім-күйлерін суреттеген жерлері өте әсерлі.

Жырдың кей жерінде найман руын қаралайтын тұстары кездеседі. Бұл қиссаның көзге ұрар кемшілігі дер едік.



Батырлық салтын дәріптейтін Әуезовше айтқанда, шағын батыр жыры «Ермек» қиссасы ел арасында, әсіресе, Омбы өңірінде кеңінен таралған. «Ермек қиссасы» – өткен дәуіріміздің өмірін дәлдікпен барын-бар, жоғын-жоқша сипаттаған шыншыл шығарма.
Бірінші бөлім әдебиеттері:

  1. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Қызылорда-Ташкент: 1927

  2. Қазақ ССР тарихы. - Алматы: 1957. 226-б.

  3. Сейфуллин С. Қазақ әдебиеті. Қызылорда: 1932.

  4. Қазақ әдебиетінің тарихы. - Алматы: 1948. 257-б.

  5. Қазақ фольклорының тарихы. - Алматы: 1991. 61-б.

  6. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалары.- Алматы: 1995.

  7. Сейфуллин С. Шығармалар жинағы. 6-т. - Алматы: 1985.

  8. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. - Алматы: 1985.

  9. Адамбаев Б. Халық даналығы. - Алматы: 1973.

  10. Байтұрсынов А. Ақ жол. - Алматы: 1991.

  11. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. - Алматы: 1985.

  12. Янушкевич А. Дневники и письма из путешествия по казахским степям. - Алматы: 1963.

  13. Радлов В.В. Алтын сандық. - Алматы: 1993.

  14. Адамбаев Б. Ел аузынан. - Алматы: 1993.

  15. Бұқар Қалқаманұлы. Шығармалары. - Алматы: 1992.

  16. Омбы қаласының тұрғыны Кенжебаев Қали ақсақалдан 1992 жылы жазылып алынған. №4 бума.

  17. Әуезов М. Шығармалары. - Алматы: 1985. 16-б.

  18. Сейфуллин С. Шығармалары. - Алматы: 1964. 6-б.

  19. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1-т. - Алматы: 1980.

  20. Қазақ би-шешендері. - Алматы: 1993.

  21. Федоренко Н.Т.. Сокольская Л.И. Афористка. - Алматы: 1990.

  22. Жұлдыз// 1993, 1.

  23. Досмұхамедұлы Х. Аламан. - Алматы: 1991.

  24. Байтұрсынов А. Шығармалары. - Алматы: 1989.

  25. Қабдолов З. Сөз өнері. - Алматы: 1992.

  26. Базарбаев М. Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы. - Алматы: 1973.

  27. Бердібаев Р. Жыршылық дәстүр. - Алматы: 1980.

  28. Самокавасов Д. Сборник обычного права сибирских инородцев. Варшава. 1876.

  29. Билер сөзі. - Алматы: 1992.

  30. Келімбетов Н. Әдебиет белестері. - Алматы: 1986.

  31. Қазақ Совет энциклопедиясы. 9-т. - Алматы: 1981.

  32. «Дала уәлаяты» газеті. - Алматы: 1994.

  33. Төреқұлов Н. Нақыл сөздердің тәрбиелік мәні. - Алматы: 1971.

  34. Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. - Алматы:1991.

  35. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. - Алматы: 1993.

  36. XV-XVIII ғасырдағы қазақ поэзиясы. - Алматы: 1992.

  37. Мағауин М. XV-XVIII ғасырдағы қазақ поэзиясы. - Алматы: 1992.

  38. Гегель Г.В. Работы разных лет. В 2-х томах. М.: 1971.

  39. Әуезов М. Основы теории литературы. М.: 1971.

  40. Тимофеев Д. Основы теории литературы. М.: 1971.

  41. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. - Алматы: 1973.

  42. Бердібаев Р. Сарқылмас қазына. - Алматы: 1983.

  43. Сейфуллин С. Тар жол – тайғақ кешу. - Алматы: 1970.

  44. Нұралыұлы Олжабай. - Алматы: 1995.

  45. Кәкішев Т. Өнегелі өмір. - Алматы: 1976.

  46. Әуталипов Н. Олжабай Нұралыұлы шығармалары // Түркістан. 1996. Қаңтар.

  47. Әдебиет майданы. 1936 ж. №1.

  48. Абылай хан. - Алматы: Қазақстан. 1993.

  49. Бес ғасыр жырлайды. - Алматы: Жазушы. 1989.

  50. Қанжығалы О. Абаылай қалай хан болған? // Жұлдыз. 1992. №2.

  51. Сәтпаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев. - Алматы: 1991.

  52. Нұрғалиев Р. Айдын. - Алматы: 1985.

ІІ БӨЛІМ
РОМАН ЖӘНЕ УАҚЫТ

Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетінің даму кезеңінде өшпес өнеге қалдырып, рухани болмысымызды жетілдіру жолында таусылмас терең тағылым көрсетіп, әдебиет әлеміне ұлттық нәр, сан қырлы нақыш сыйлаған жазушыларымыз көп. Біз қарастырған романдарда кешегі мен бүгінгі қазақ халқының басынан өткерген тарихи кезеңінің, өз заманының көкейкесті мәселелерінің талай-талай тылсым тұстарынан хабардар етеміз. Әдебиет – тарихтың айна қатесіз, дәлме-дәл көшірмесі емес, әдебиет – халық өмірінің көркемдік шежіресі, рухты шаттандырар әсемдік әлемі, эстетикалық ләззатқа бөлеп, көркемдік таным биігіне жетелейтін сұлулық дүниесінің ғажайып сазы мен әсерлі әуені. Кез келген көркем туынды болмасын, ол тарихи шындық пен көркемдік шешім тәрізді әдеби процестер арақатынасының өрбуі мен біте қайнасуынан туындайтындығы баршаға мәлім заңды құбылыс.

Қазіргі кезде көркем әдебиеттегі поэтика мәселесін зерттеу, қарастыру әдебиеттану ғылымының аса маңызды құрамдас бөліктерінің бірі саналып отыр. Соның ішінде қазақ романдарының көркемдік құрылымын жан-жақты қарастырудың практикалық мәні зор. Поэтика негізінен көркем шығарманың құрылысы және оның бейнелеуіш, көркемдегіш құралдарының эстетикалық жүйесі. Поэтиканың негізгі қарастыратын нысаны – жазушының, не ақынның көркем шығармасындағы идеялық концепциясы мен оның шығармашылық лабораториясында пайдаланған әдіс-тәсілдерінің жүйесі, диалектикалық бірлігі мен байланысы болып табылады. Жирмунский поэтиканың ауқымын өте кең ала отырып былай анықтама береді: «...шын мәнінде көркем шығарманың құрылымында барлық амал-тәсілдер бір-біріне ықпал етіп, бір көркемдік мақсатқа бағындырылады» [1]. Қазақ әдебиетіндегі поэтика мен стил мәселеріне толыққанды анықтама берген ғалым Р.Нұрғали: «...әдеби ұғымдағы стиль ең алдымен, эстетикалық категория... Стиль жазушының авторлық мұратымен, эстетикалық иделымен жанды түрде байланысып жатыр. Соңғы жылдардағы қазақ романдары туралы зерттеулер жоқ емес, бұдан қазақ әдебиетіндегі роман жанрының өскелеңдігі мен толысқандығын көреміз. 1980 жылдардан бастап роман жанры, соның ішіндегі тарихи романдар туралы бірқатар еңбектер жарық көріп, көпшілік назарына ұсынылды [2]. Соңғы жылдарда қазақ әдебиетіндегі роман жанрының қыр-сыры мен поэтикасы, жеке жазушылардың шығармаларында орын алған романдарды талдап-таразылау да қолға алына бастады [3].

Біз қарастырған суреткерлердің ең басты ерекшеліктерінің бірі – шығармаларында өзекті мәселелерді қозғай отырып, таңдаған тақырыбының сонылығын дәлелдеп шығады. Бұл бөлімде әр жылдары жарық көрген қазақ романдарның поэтикасын зерттеп, олардың стильдік даралығын, көркемдік тәсілдерді қолданудағы өзіндік ерекшелігі, сюжет құру мен композициялық құрылымындағы даралығы, адам характерін ашудағы ізденістерін айқындауға талпыныс жасалды.


АЛҒАШҚЫ САТИРАЛЫҚ РОМАН

Адамбеков Садықбек 1922 жылы 15-ші қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Қара аспан ауылында дүниеге келген. Алғашқыда Қызылорда педагогикалық училищесін, кейін сондағы педагогика институтын бітірген. Жазушылық қызметін журналистіктен бастаған. Жалпы шығармаларында ел-тұрмысының, адам мінезінің көлеңкелі жәйттерін күлкі етеді, етектен тартар ескіліктің сарқыншақтарын батыл әшкерелейді. Тұңғыш өлеңдер жинағы - «Өмір тойы» 1949 жылы шыққан. Содан бері көптеген сықақ әңгімелерінің жинақтары жарық көрген. «Күн мен көлеңке», «Біздің үйдің жұлдыздары», «Қоршаудағы адам», т.б. пьесалары облыстық, республикалық сахналарда қойылып келеді. 1959 жылы «Қожанасыр қақпасы», 1961 жылы «Көсенің көзі» жинақтары жарық көрген.

С.Адамбековтің «Атылған қыз туралы аңыз» сатиралық тұңғыш романы 1969 жылы жарық көріп, көпшілік көңілінен шыққан шығармалар қатарына жатады.

Жазушының бұл сатиралық романы қоғамдағы жағымсыз болмыс- құбылыстарды, адам бойындағы ұнамсыз мінез-құлықтарды, әдеп-тәртіптерді әшкерелеп, күлкіге жығу, келемеж ету ниетімен жазылатыны жөнінде әдебиет зерттеушілерінің пікірлері бір арнаға саяды. Осы орайда орыс сатириктерінің мұрасы қазақ жазушылары үшін үлкен мектеп, нысана болғаны да даусыз.

С.Адамбековтің «Атылған қыз туралы аңыз» романының басты кейіпкерлері Сыбан молда, парторг Шынтас, оның шопыры Майлыбас, Жаманқара, әйелі – Кәкеш, Айбалта, әйелі – Аня, атасы – Сайрамбай, Тасбике, Кәрім, Орман қарт, оның қызы – Айнаш, тергеуші – Тәнкей, т.б.

Романның қысқаша мазмұны мынадай: Сыбан молда үйінде Тасбикені емдеп жатқанда үстінен Майлыбас түседі. Молданың тізесіне жағатын спиртін, бір коньягін бөліп ішіп, Жаманқараның түрмеде асылып өлгенін естиді. Бәрі бірігіп қайғырады. Ауыл ақсақалы Сайрамбайдың үйіне барып Жаманқараның өлімін естіртеді. Жаманқараның туысқаны Сайрамбайдың баласы Айбалта бір ай бұрын хат алып, аман-есендігін білген.

Жаманқара Жабағин – соғыс басталғанда жүн-жұрқа жинап байыған. Жаманқараның қолқанаты болған Майлыбас пен Кәрім жүн-жұрқа, темір-терсек жинасып, бірге істеседі. Алғашқыда Жаманқараның үйінде колхоз бастықтары, ауылсовет төрағасы қонақ болса, кейіннен облыстық тұтынушылар одағы, облыстық атқару комитетінен қонақтар келетін жағдайға жеткен.

Жаманқара 1957 жылы колхоздар совхоздарға біріктірілгенде жұмыссыз қалады. Кейіннен ферма меңгерушісі болып тағайындалады. Жәкеңнің жағдайы жақсарғаннан кейін Ереван, Тбилиси, Ташкент жақтан шеберлер шақыртып, бұрынғы үйін қайта әшекейлейді.

Жаманқара басына бұлт төнген күн облыстан бастықтардың қонаққа келгенінен басталады. Вертолетпен келген қонақтар ойына келгенін істейді. Қонақтармен бірге келген ақ келіншек жоғалып, тыныш ұйқыдағы «Көкөзек» селосы бүйі тигендей дүрлігеді. Ол келіншек Кәріммен бірге кеткен болып шығады. Көктен түскен үлкен қонақ, қойнындағы келіншектен айырылып, қайта ұшып кеткен соң , көк қақпалы кең аула бос қалады. Бір жеті өтпей-ақ «Охота на вертолете» фельетоны шығып, обком бюросында бұл жағдайды қарап, Жаманқараға қатаң сөгіс беріледі. Кейінірек Жаманқараның былықтары шығып, түрмеге жабылады.

Сыбан молда Орман қарттың домбырашы қызы Айнашты көріп, көңілінде желік пайда болады. Орманның әйелінің жақын сіңлісі Тасбикені айналдыруы қызға қарай көпір салудың жолы деп санайды. Бұл молда алпыстан асса да, жас қызды алуды көксеп, әйелін төркініне апарып тастайды.

Аня Айбалтаның әйелі, ұлының аты - Шоқан. Аняны Владивостоктан алып келген, мамандығы - дәрігер. Ел-жұрт жиналып, ақылдаса келе, Жаманқараға мола соғып, ескі-жаңа киімдерін қоса көмуді ұйғарады. Мола соққан екі өзбектің ұстасы аңқау халықты алдап, айла-амалдарымен ақша жинап алады.

Жаманқараның киімдерін көміп жаназа шығарғалы жатқанда, мазар сыртындағы қалың жыңғыл ішінен, көк жиделердің арасынан Жаманқараны қолтықтаған Майлыбас шыға келеді. Екеуі де мас, ел аң-таң болып қалады. Жаманқара жаназасына жиналған малды бағып жүрген «Мылқау дуана» өзі болып шығады. Молданың ұйғарымымен жаназаға түскен мал қайтып иелеріне қайтарылмайды.

Екінші кітаптағы оқиға Айнаш пен Шынтас арасындағы әңгімелерден өрбиді. Тасбике біреулерге Айнаштың суретінің сыртына: «Естелік ретінде сүйіктім Шынтасқа» деп жаздыртады. Сүйтіп оны Шынтастың әйеліне көрсетеді. Ауылына тараған өсекке шыдай алмаған Айнаш туралы атылып өлді деген сөз тарап кетеді. Осы істі тергеуге ауданнан Тәңкей келеді. Негізінде Айнаш ауыл өсегіне шыдай алмай Сыбан молдаға күйеуге шығуға уәде беріп, тойды жасатады. Бірақ арты қыздың атылуымен бітіп, молда қашуға ыңғайланады.

Жаманқараның жиған бір сандық алтынын молда алып қашпақ болып, Айбалта мен Кәрім оған жол бермейді. Роман соңында Айнаштың Алматыға оқуға кеткені, демалысқа ауылға келгені тәптіштеп баяндалады. Романның мазмұнынан байқалатын жәйт жаны ізгі, ары таза жандардың кейбір озбыр әділетсіз жағымпаздармен табанды күресі кеңінен суреттеледі.

Бұл сатиралық романдағы негізгі обьект Сыбан молда бейнесі. Молданың іс-әрекеті, жан-дүниесі түгелдей жоққа шығып, мүлде мансұқ етіледі. Бұл орынды да. Молданың өзін-өзі мақтаған тұсы адам баласындағы жағымсыз болмыс, қоғамға зиянды құбылыс екенін дәлелдейді.

«- Е, Майлыеке, мен Бұхарада, жер астында жеті жыл, Стамбулда, көк үстінде сегіз жыл оқыдым. Бұл бүкіл Сырдария гүбірнесі, Әулиеата оязында мендей ғұлама молда жоқ. Амал қанша, пешенеге жазғанды көріп жүрміз ғой. Ақырында, жаңағы жаман қатын да бұтын көтерді маған. Сол отырған жерінде, есек қып ақыртып, ит қып үргізіп жіберер едім, амал қанша, заманның ауанынан қорқамын, - деп Майлыбасқа ойлы көзбен қарап, байсалды сөйледі». Осы тұста романшы моральға үйлеспейтін ұнамсыз құбылыстың зияндылығын жете көрсетіп, оған төзуге еш болмайтынына оқушы көзін жеткізеді. Автор талқаны таусылып бара жатқан Сыбан молданың басындағы кемшіліктердің әлеуметтік мәніне дұрыс баға бере білген.

Осы роман кейіпкерлері мен Гогольдің сатиралық образ жасаудағы ұқсастығына байланысты пікірлер баршылық. Тіл – стиліндегі үйреністері туралы Р.Алтынбекованың пікіріне қосылуға болады.

«С.Адамбековтің «Атылған қыз туралы аңыз» атты романында Гоголь кейіпкерлерінің елесі, жүріс-жорығы жүр. Қоғамымыздағы жекеленген жағымсыз жандардың бет - әлпетін, ұсқын – сипатын сомдап, топтап, типтендіруде С.Адамбеков Гогольден біраз жәйтті үйренген. Романдағы Жаманқараның өмірі гүлдену және құлдырау сияқты екі кезеңмен берілген. Оның дәурендеу кезеңі Ноздревтің тіршілігін ... елестетсе, сорлаған тұсы Плюшкинді еске түсіреді».

Әдебиет зерттеушісі Т.Қожакеев Плюшкиннің бағы тайып, «иті оттаудан», тасы өрге домалаудан қалып, салы суға кете бастағанын Гогольдегі қора – қопсысы суреттеген жерін С.Адамбековтің Жаманқара Жабағинінің істі болып айдалып кеткенін, түкірігі жерге түспей тұрғанда салғызған көк қақпалы, көк сарайының кейінгі сиқын салыстыра отырып, бұл сатиралық кейіпкерлердің тағдыры, хал – ахуалы, шаруашылық сыңайы бір әдіс, ұқсас суреттеумен берілгенін дөп тауып айтқан.

Бұл роман бастан-аяқ күлкілі ситуацияға негізделіп, сықақтық тіл-стильмен жазылған. Мысалы:«Міндетті әскери қызметін өтеп келген үш жылды қоспағанда, бар өмірі ел ортасында өткен Мақан ауылдағы «өгіз бұзаулады» дегенге сенетін аңқаулардың бірі еді. Ол ойына келгенді ертеңге қалдырмай айтып салатын мінезі болмаса, біреуге жамандық ойламайтын. Бүгін қараптан – қарап отырып, қырағы, сақшы боп шыға келді», - деген тұсы Майлыбастың толық портретін көз алдыңа елестетеді. Бұл Майлыбасқа берілген мінездемеде кейіпкердің алуан түрлі сезімдері мен қабілет-қасиеттері, әлеуметтік тұрмыс-күйі, қоғамдық ортасы тікелей байланысты суреттеледі.

Мақанның Майлыбас атануының өзі қызықты баяндалады. Қалың бұйра шашына шаң-тозаң тоқтап, қол батпайтындай ұйысып жүргендіктен Майлыбас аталып кеткен екен.

Роман соңында түскен арызды тексеруге келген өкіл Тәңкейді келемеж етеді. Арыздағы фактілерді тексеріп, анық-қанығына жетудің орнына, әр адамға сеніп, өз ойындағы жоспарын жүзеге асыруға көшуін суреттеген тұстары тапқырлықпен салынған сурет деуге болады.

«Ферма кеңсесінде Тәңкей оңаша қалған соң өзінен өзі үрейлене бастады, аудан орталығынан сот, эксперт, милиция адамдарын түгел ала шықпағаны бір қате, өлікті көміп қойғаны екі қате, мына екі қарсылық бәрінен де жаман қате. Қазір, бұрынғы екі-үш аудан бір өндірістік басқармаға айналғанда, наны көтерілген осы Тәңкейдің жиені бастық болып топ ете қалды. Осы сәтті пайдаланып, оңтүстіктегі аудандардың бірінде адвокат болып жүрген Тәңкей қайтадан Шудан шықты».

Бұл жазушының елес берудегі, сөзбен сурет салудағы шеберлігі. Автор тұңғыш сатиралық романда қазақ ауылындағы келеңсіз жағдайларды қатаң сынап, оның зиянды зардаптарын ашына суреттейді. Романда кеселді зардаптарды әшкерелей отырып, нағыз шындықтың бетін ашып, әлеуметтік мәні бар мәселелерді қозғайды. Бір сөзбен айтқанда жазушы ел тынысын көз жазбай қадағалап, оның келеңсіз жақтарын тап басып, дәл көрсетеді.


ӘСЕТ ӨМІРІНІҢ ШЫНДЫҒЫН СУРЕТТЕГЕН ШЫҒАРМА

Құрманбай Толыбаев 1926 жылы 14 наурызда Алматы облысы, Шелек ауданында туған. Балалық және жастық шағын Құлжа қаласында өткізген. 1948 жылдан газет жұмысына араласып, 1955 жылға дейін Құлжа қаласында қазақ тілінде шығып тұрған газеттер мен журналдарда жұмыс істеген. Сол кездің өзінде өлең, әңгіме, очерктер мен мақалалары арқылы таныла бастаған.

1955 жылы туған жеріне оралған соң баспа орындарында жұмыс істеген. 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. “Қазақстан пионері” , “Балдырған” газет-журналдарында ұзақ жылдар тұрақты қызмет істеген. Қ.Толыбаев туысқан халықтар жазушылары мен ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударуға да белсене араласқан. К.Паустовский, А.Барто, А.Алексин, С.Алексеев, М.Зверев, Ж. Мұсаның шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Ең алғаш 1969 жылы “Ай күледі” өлеңдер жинағы, 1970 жылы “Қайдасың досым?” повесі , 1974 жылы “Шырын” өлеңдер жинағы, 1984 жылы “Шапақ” бір томдық шығармалар жинағы жарық көрген.

Қ.Толыбаевтың “Әсет” атты романы 1995 жылы “Жалын” баспасынан шыққан. Бұл роман бірнеше бөлімнен тұрады. Романда Әсет Найманбаев туғаннан қайтыс болғанға дейінгі кезеңі түгел қамтылмайды. Бірінші “Жалғыз ағаш” бөлімінде елге атағы мен аты танылған Әсет өмірінің бір кезеңін ғана суреттеуден басталады. Әсеттің әдейлеп іздеп келіп, ат басын тіреген үйі Тұрысбектің отауы болады. Тұрысбектің жары Зияш та зор ілтипатпен қарсы алады.

Бұл бөлімде бүкіл Қытайды қуырып, үш жүз жылға жуық билеп-төстеген Манжу империясының шет өлкедегі әкімдерінің тежеусіз кеткені соншалық, қазаққа тізгін қақтырмай қоқиланып, қорлауға көшкені, сол елдің азаматы Демежанның дарға асылуы әңгіме болады. “Пәле-жала” бөлімінде Әсетті жол үстінде Манжудың әкімі атын тартып алып, түрмеге жабуды бұйырады. “Адамдардың мұңы бір” бөлімінде Әсеттің түрмеден тамыздың соңғы күндерінде Қайдар деген қазақ жігітімен танысып, тар қапастан шығуына осы Қайдар себепкер болады. Түрмеден шығып келе жатқанда Елебек деген бозбалаға кезігіп, Дорбілжінге жеткізіп салады. Кішкене қалашықтағы Наубайшының үйіне түседі. Наубайшының аты – Тоқтыдан жұмыс тауып беруін өтінеді. Сануазы деген орта қазанды дүнген шаруасының қолына кіріп, көктемге дейін жалданып, жабағы жүні әлі түсіп бітпеген құнанды мініп, еліне қайтуды армандаған Әсет жолға шығады. “Жолаушы” бөлімінде Әсеттің елге қайтып келе жатқандағы басынан кешкен оқиғалары тізбектеледі. Жолда келе жатып өткен күндерін есіне түсіріп, қиялға шомып, жүрегі алқымына тығылған тұсын қаламгер шебер суреттеген: “... Қоянды жәрмеңкесінде орақ тілді, арқалы ақын, талғамы терең, тапқыр қыз Ырысжанмен айтысып, топты жарған Әсеттің де оң мен солға атағы жайылған. Өлеңге әуес елдің құрметіне бөленген. Содан кейін өлеңге біржола беріліп, ауыл – аймағын шаттандырды. Той- думанның төріне шықты. Аузынан өзгеше сарындардың әуені өрбіді. Даусы да құстай әуеледі. Өрісі де кеңейе бастады. Бір жолы Семейге бара қалып еді, ақындар мен әнші – күйшілердің ортасына түсті де кетті”, - деген жолдардан өткен күннің жылы шуағы мен сол сәттегі ақын бойындағы суық сезім суреттері қатарласа алынған.

«Әсет пен Ырысжанның айтысы - әлеуметтік мазмұнды жұмбақ айтыстардың көркем үлгілерінің бірі. Шамамен 1885 жылы Қоянды жәрмеңкесінде өткен. Мұнда халықтың азапты өмірі мен ел билеушілердің бұқараға жасаған зорлық – зомбылығы әсерлі сипатталады. Жұмбақты бастан – аяқ Ырысжан айтады да, Әсет қолма – қол шешіп отырады». Осы тарихи деректерді жазушы асқақ философиялық сыр айтуға ұтымды пайдаланған.

«Ауыл таңы» бөлімінде түрмеден шыққан Әсет Мұқатай үйіне қонып, ауылды сағына аңсап келген беті, ақын - әншінің ішкі жан- дүниесі, дүниетанымына сәйкес мәнері ерекше сақталған. Атағына бас ұрған , дидарын көруді аңсаған елге Әсет өзі екенін жайып салғандағы Мұқатайдың ықыласы мен кең құшағы Әсетті қатты тебірентеді. Ақын бұл ауылдың өрелі жасы Мұқатаймен, оның әкесі Дәулеткелдінің інісі Қабимен танысып, қонақасына мал бауыздар алдында Әсеттен бата сұраған Мұқатайға өз ниетін ашық жариялап тақпақтай жөнелген тұсы романда сенімді баяндалады. Бұл жерде автор Әсет Найманбаев шығармашылығы суырып салмалық өнер табиғатының заңдылықтарына сәйкес туып отырғандығын ескергені көрініп тұр. Осы үйде «Кертолғау» деген құлақ күйін нақышына келтіре орындап, халықтың құлақ құрышын қандырады.

«Шалқыған ән» бөлімінде де Қаби ақсақал мен Әсет жұбын жазбай, Әсет жан азабынан арылып, көңілі қалпына түскен кезеңін суреттейді. «Құтты қонақ қонса, қойың егізден табады» дегендей Қаби ақсақалдың келіні ұл тапқанын жақсы ырымға балаған шал немересінің атын Әсет қойып, Әсетке шілдехананың туын өзің көтер деп қолқалайды. Бұл бөлімде Қайыр мен Қамиланың махаббаты мен азаматтықтары туралы да әңгіме болады. Осы бөлімде Әсеттің атақты әні « Інжу – маржан» өз сәнімен орындалады. « Інжу- маржан »- ән өнерінің үздік үлгісі екенінде дау жоқ. Осы ән туралы А. Жұбанов: «... Оның халық арасына көп тараған, балаға дейін білетін «Әсет» атанып кеткен әні Әсет шығармашылығының шыңы десе болады» - деп жоғары баға берілді.

«Қасірет түбі – сергелдең» бөлімінде Әсет Қаби ауылымен қоштасып, жолға шығады. Жолда Меркіт еліне тоқтап, сыйлы қариясы Шерубаймен танысады. Әсет Лепсіде ұзақ жатпай, Алакөлге асығады. Өзін жолға шығарып салған Жәмішке қайтып оралуға уәде берген. Көңілі жақын жігіттермен басын қосып, арнайы кеңесіп, жолға шығып келе жатқанда, жолаушылардан Күзембайдың қызы Жәміш тойынан келе жатқанын естиді. Ақыннан еш хабар- ошар болмаған соң қыз Танабай баласына кете барады. Осы бөлімде «Қаракөзді» айтады. «Жаңғырық» бөлімінде негізгі қаһарманның қиын тағдырын табиғаттың күштерімен тоғыстыра суреттейді. Бұл романда бір байқалатын жайт – табиғат қаһарман көңіл-күйі, адам жанындағы өзгерістерге сай қабысып отырады. Осы бөлімде Қайыр мен Қамила қосылып, Үрімшіге қашады. Әсет «Салиха – Сәмен» дастанын оқып, аз күннің өзінде қолдан – қолға көшіп, жатталып кетеді.

«Қайтар жолда» басына қиындық түскенде қол ұшын берген Тоқты мен Сунуазыға Әсет арнайы барып, ақ тілек жаудырып қоштасады. «Ой, дүние-ай» бөлімінде Әсет Сауыр елін аралап, Еміл өңіріне қайтып оралғанда елінің босқынға ұшырағанын білді. Содан ауыл ақсақалы Қауменге жолығып, келесі күні жолға шығады. Жолдан Әріп ақынды ертіп, Арасан өңіріне елді аралауға аттанады. Өзінің бала күннен бірге өскен досы Омардың үйіне қонады. Осы бөлімде «Қоңыр қаз» әніне басып, сағынышы бал боп тамған Әсет әлі де елге бергенін азырқанып, бар дүниесіне қанағат тұтпайтынын сезінеді. «Құлжадағы көріністер» бөлімінде Әсет жол-жөнекей ауылдарға соғып, Дөшеттің үйінде болып, Әбіш деген өнерлі соқыр баламен танысып, Шөже ақынның жайын әңгімелеп береді. «Сеңгір таулар», «Хантәңірден ескен самал», «Соқпақтар» бөлімдерінде де жазушы Ә. Найманбаевтың Біржан сал, Ақан серіден кейін Арқа әндерінің дәстүрін жалғастырып, дамытқан ақын-әнші екенін нақты дәлелдер келтіріп, «Мақпал», «Қоңыр қаз», «Қисмет», «Майда қоңыр», «Гауһар қыз», «Әпитөк» әндерін орындату үстінде өнеге- нышан тұтатын адамдардың сипатын дәріптей ашып, оза шабатын тарландығына таңдана тамсантады.

«Көрген түстей сәттер-ай» бөлімінде Әсеттің мазасын бір дімкәстік ала беретінін сезінеді. Қадырихан Әсет аузынан біраз өлеңдерін жазып алып қалады. Үйсіз-күйсіз аяулы азаматын ардақтап, ақтық сапарына шығарып салуды қалың ел өз борышы санап, жаназасын айт намазымен бірге оқиды.

«Әсет» романында жазушы Қ. Толыбаев Әсет лирикасына тән қасиеттерді шынайы аша білген. Ақын замана шындығын шынайы суреттеу, айналасында болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды айқын да көркем жеткізе білгендігін жан-жақты қамтыған. Романның өн бойынан байқалатын құндылық – ақын өз ортасының ащы шындығын бейнелеп, халқының басындағы ауыр тағдырға күйзеле отырып, өзінің ақындық шеберлігін, азаматтық үнін көрсетуді мақсат тұтқан.

Әсет Арқаның әндерін бүкіл Жетісу, Тарбағатай, Алтайға жайған жалынды насихатшысы бола білгендігін жазушы айрықша көрсетуге тырысқан. Бірақ Әсеттің ақындық, әншілік, композиторлық өнерінің одан әрі дамуына кейбір әлеуметтік жағдайлар кері әсерін тигізгенін тарихтан білеміз.

Романның соңында Әсеттің елге жетуді ұлы мақсат еткенін тілге тиек етеді. 1922 жылы Қытайдың Құлжа қаласында 22 – ші наурызда қайтыс болған Әсет Найманбаев ерте жетім қалып, жоқшылықтың зардабын көп тартады. Байлық өнер мен білімде деп таныған Әсет көп ақынға ой тереңдігімен, дүниетанымымен дес бермеген. 1916 жылы патша жарлығына байланысты дүрліккен елмен бірге Әсет те Қытайға өтіп кетеді де, қайта оралуды қанша армандағанымен, қайта алмайды.

Қ. Толыбаевтың «Әсет» романы Әсет Найманбаевтың бейнесін қоғам, уақыт шындығымен байланыстыра бейнелеген шығарма. Романның басты қаһарманы Әсетті жан тазалығы, ой – қиял асқақтығы, қайтпас сенім жалыны бар өнер тарланы ретінде сомдаған деуге болады. Сонымен бірге бұл ХХ ғасырдың басындағы қазақ ауылдарындағы тіршілік тынысын да жап- жақсы көрсеткен туынды.


РОМАН АРҚАУЫ - ОТАН СОҒЫСЫ

Өтебай Қанахин 1923 жылы 17 желтоқсанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Тәуіл дейтін жерде туған.

Жастайынан жетім қалған оны туыстары 1932 жылы балалар үйіне тапсырған. 1940 жылдары Ақтөбедегі педагогтік курсты бітірген соң, сондағы оқытушылар институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай оқуға түсіп, біраз туып-өскен ауданында ұстаздық еткен.

Өтебай Қанахин соғыс жылдарында майдан газеттеріне мақала, суреттеме жазып тұрған.

1954-1956 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, 1955-1956 жылдары «Ара» («Шмель») журналында бөлім меңгерушісі болып істеген. 1963-1966 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактор, 1969-1970 жылдары жаңа шыға бастаған «Жалын» альманағының Бас редакторы болған. Мұнан соң «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеген. 1957-1969 жылдар аралығында бірнеше повестер мен әңгімелер жинағы шыққан. 1961 жылы тұңғыш романы «Дәмелі», 1973 жылы «Жүрек қалауы», 1979 жылы «Құдірет» романдарын оқырман қауым жылы қабылдады.

Өтебай Қанахиннің “Дәмелі” романының алғашқы тарауынан бастап көрінетін Дәмелі, Медіғали, Кузнецова Вера Васильевна, Жүніс, Дәмір, Бағдагүл, Дүйсенбек, Рабиға Шынтасова, Асылбектер шығарма оқиғасынан бірде-бір тыс қалмайды.

Романдағы Дәмелі Сәрсенбина тағдыры Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ елінде болған бірқатар жайларды аңғартып, сол кездегі әйелдер басындағы жайттарға оқырман назарын аударып, аяныш сезімін тұтата суреттегенін көреміз. Дәмелі бейнесі арқылы жазушы әйелдер тағдырының әлеуметтік ішкі қайшылықтарын тереңірек ашуға мүмкіндік алған. Романдағы Дәмеліден басқа Вера Васильевна, Бағдагүл, Рабиға, Шүйке қыз, Томпақ тәрізді кейіпкерлердің соғыс кезіндегі әлеуметтік орны мен тағдыр-тартыстарын шығарманың өзекті арқауына айналдырып отырушылық басым. Бұл әйелдердің қоғамдағы орны әрқалай көріне отырып, бірі отбасы, ошақ қасында көрінсе, бірі ел басқару ісіне де белсене араласып жүргенін көреміз. Жоғарыдағы барлық әйелдер өз ерекшеліктерімен көзге көрінсе де, олардың өмірі, ортасы Дәмелі Дүйсенбинамен сабақтасып суреттеледі.

Дәмелі он бес жасына дейін жетімдер үйінде, кейіннен туыстарының үйінде жүріп, қалың малға күйеуге бермек болған туыстарымен келіспей, комсомол уәкілі Медіғалимен аудан орталығына қашып кетеді. Соғыс басталып, күйеуін әскерге аттандырған Дәмелі ұлы Еркінмен тіршілік қамымен жазмышқа біржола мойын ұсынған қазақ әйелінің басынан кешірген қиындықтарын елестетерліктей шыншыл бейнеленеді.

Романда Дәмелінің қиын кезең, сын сағаттарда сүрінбей ой-парасат, адамгершілік қасиеттерімен көрінетін тұстар көп-ақ. Өз күйеуімен бірге соғысқа аттанған Асылбектің кәрі шешесін, Балғаным қарияны үйіне кіргізіп алып, бас-көз болуы қазақ әйелдерінің психологиясына сіңісті болып қалған ұғым дәстүрін терең ашқан.

Романда көбіне үйде де, түзде де кейіпкерлер сөйлеген сөзінен, іс-әрекет пен ұғымдарынан өзіндік бағамын танытып отырады.

Шығармадағы Әлімгерей бейнесі мен жазушы елдің байлығын сорып, ауыл-аймақты уысынан шығармай отырған жемқордың былықтарын ашу арқылы жеке штрих, детальдар пайдалана отырып тартымды бейнелеген.

Өмірден қағажу көріп, жоқшылықтың тақсіретін тартқан Барлыбай бай болуды ғана армандап, Шүйке қыздың байлығына бола үйленіп, өз мақсатына жеткені де сенімді сомдалады. Соғысты сылтау етіп бар мүмкіншілікті өз жағына аударып, менмендікке салынған Әкімгерей, Барлыбайлардың зиянды іс-әрекеттері жан-жақты ашылған деуге болады.

Дәмелі заводқа алғаш келгенде браковщица болып өзін көпшілікке бірден танытып, шойын цехын қайта қалпына келтіруге атсалысып, жаңа бастамалардың басы-қасынан көріне біледі.

Шығармадағы әйелдермен қатар Әлімгерей, Барлыбай, Дәмір, Баранов сияқтылар да өндіріске өз үлестерін қосып, сол кездегі ақиқат шындығын танытатын бейнелер.

Романдағы “Орнығу”, “Бетбұрыс”, “Өрлеу”, “Медет” бөлімдеріндегі майдан мен тылда көрінетін жастар бейнесін суреттеуде жазушы, өзі жазған тақырыбын түбегейлі меңгергендігін көреміз.


Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет