МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы



бет4/15
Дата05.11.2016
өлшемі3,81 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

«ТІЛЕУБЕРДІ БАТЫР» ДАСТАНЫ

Бектұр ақынның «Тілеуберді батыр» дастаны - тарихи жыр, ел ауызында сақталған оқиғаны жырлайды. Олай дейтініміз, біріншіден, дастанды оқып отырғанда өн-бойынан шыншылдық сипат көзге ұрып тұрады, екіншіден, дастанның оқиға желісіне ешқандай аңыздық баяндаулар қосылмаған, үшіншіден, бұл жыр басқа айтушы жыршылардың қолынан өтпей, әдеби өңдеулерге түспеген сияқты, төртіншіден, басты қаһарман атымен, өмірімен толық қабысып жатқындығымен ерекшеленеді.

Дастанның көлемі едәуір: 153 шумақтан, 613 тармақтан тұрады. Бұл арада бізге белгісізі – қашан, қайда жазылғандығы. Сірә, ақынның жас кезіндегі шығармасы емес пе деп жобалауға болады. Өйткені жоғарыда сөз болған толғауларға қарағанда тілі әлі шымыр емес, ақынның кейінгі жылдардағы шығармаларымен салыстырғанда босаңдау, оқиға желісінің тұтастығы да осалдау болып келеді.

Дастан бұрын баспасөз бетін көрмеген, бізге ел аузында қалай сақталса, солай жеткен. Тілеубердінің ерлік әрекеті, жорықтары түгелдей көрсетілмеген. Тек өмірде адам баласына жасаған жақсылық жайлы ғана әңгіме болады.

Бұл дастанды 1992 жылдың желтоқсан айында Омбы қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, шежіреші Солтан Омарұлы Есенболовтан жазып алғанбыз. Ол кісі 1966 жылы Омбы облысы Горький ауданының тұрғыны Сағынай Сейтенқұлов ақсақалдың аузынан жазып алған екен.

Дастанда Тілеубердінің жүректі, қайратты батыр болғандығымен қоса, адамгершілік қасиеті суреттеледі. Бұған дейінгі көптеген тарихи жырларда Тілеубердінің батырлық бейнесі кездеспейді. Тілеуберді батырдың қай заманда өмір сүргенінен хабар беретін жырда мынадай жолдар бар:

Соғыстың талай шыққан қамалына,

Қараған көп нашардың қабағына.

Ер шыққан Түркістаннан Тілеуберді,

Кешегі хан Абылай заманында,-

жырдың тарихтық дерегі осы ғана. Тарихи оқиғаның болған кезі хан Абылайдың даңқы басым шыққан кезеңде болса керек. Дастанда Тілеуберді басының жеке қасиеті, сол дәуірдің ақиқаты, қазақ қоғамының ішіндегі кейбір тартыстар қамтылып, тарихи шындық желісімен дамып отырады.

Дастанның құндылығы – бізге жеткен шығармаларда кездеспеген тосын оқиғаны әңгімелеуінде. Тілеубердінің мола ішінде жалаңаш адаммен кездесіп, үрікпей сабырлылық танытуы оның батырлық мінезін ашуға көмектеседі.

Бір таң қаларлық жай: Абылай жайындағы өлең-жырлардың, дастандардың, аңыз-әңгімелердің, естелік-зерттеулердің бірінде де кездеспейді. Тілеуберді Абылаймен жорықтас, маслихаттас болмаса да қазақтың ынтымағы мен ырысы үшін жұмсаған қайраткер ханды жақын тұтады.
Ой түсті бұл батырға осылайды,

Жалғанда екі жақсы қосылмайды.

Қырғызды, шүршіт, қалмақ жолға салған,

Естиді Орта жүзді Абылайды.


Біледі жоқтан әуел бар болғанын,

Көңілге не жоқ болса зар болғанын.

Жасынан бір патшаға қызмет істеп,

Естиді ақырында хан болғанын.


Мен барып Абылайды көрейін де,

Біріндей батырының жүрейін де.

Өлсем – шаһит, өлтірсем - қаза болып,

Соғыста мұнда өлгенше өлейін де.


Осыған қарап, Тілеуберді Абылай жорығын қазақ намысының, арының ісі екендігін анық түсінген, дұрыс ұққан, өзі де осы жолды таңдаған батыр болып сипатталады.

Бектұр ақын Абылай заманының даңқты сәттерін еске ала отырып, қазақ тарихындағы ерекше кезең болғандығын дәлелді оқиға желісі арқылы көрсетеді.

Жырда Тілеуберді қалай туғандығы, балалық шағы жайлы сөз болмайды. Оқиға оның жалғыздық, баласыздықтан қорлық көріп, үй- жайдан безіп, жылаған көз жасын тия алмай, зарыққан қам көңілімен Абылай ханға аттанғанымен басталады. Содан екі жігіт ертіп, ұзақ жолға шығады. Ақын жырдың атын «Тілеуберді батыр» десе де ірі оқиғалар туғызып, аласапыран күрес-тартыс ортасына Тілеубердіні енгізуге тырыспаған. Шығарманың өн бойында батырдың (бір ұл көрсем) үміті, қиял-тілегі басты мәселе, жыр өзегі болып алынады.

Басқа ел әдебиететінің нұсқаларындай, Алпамыс, Қобыланды, Ер тарғын сияқты соғыстың бел ортасында көрінбейді. Тілеуберді бейбіт кезеңдегі өмірге жақын болып суреттеледі. Мұның мәні Бектұрдың өзі XX ғасырдың басында өмір сүргендігінен болса керек. Әйтсе де жыр-елдің өзі қадірлейтін азаматтық адал қасиетті кең түрде көрсете алған шығарма.

Шығарманың қысқаша мазмұны мынадай:

Абылай хан заманында Түркістан топырағынан Тілеуберді деген батыр шығады. Оның ерлігі дастанда:

Жорыққа жалғыз өзі шыққан екен,

Жолдас қып екі жігіт алады екен.

Бір тайпа ел жылқысын түгел айдап,

Соңында жалғыз өзі қалады екен.


Әрине, Тілеуберді бейбіт елге тимейді. Ол жау малын айдап алу арқылы қарымта жасайды. Бұл мәселеде ол шынында да жүректі, епті батыр болып суреттеледі.

Батырлық - өнер. Оны баптау керек, байқау керек. Онсыз батырлық-мерт болу. Осыны өлшем етіп алсақ, Тілеубердінің сегіз қырлы, бір сырлы екендігін ақын былай дәлелдейді:

Құдайым сонша өнер берген екен,

Соңынан талай адам ерген екен.

Көктегі құс, жүгірген аң, адам түгіл,

Оқ жылан атып алған мерген екен.


Әрине, бұл тармақтар жоғарыда біз айтқан батырлық - өнер дегенімізді дұрысқа шығарады.

Батыр төрт әйелінен де перзент көре алмайды. Екі әйелді қазақтан, екі әйелді қалмақтан алған. Бірақ біреуінен де ұл сүймей, салы суға кетеді.Тілеуберді батырдың жанын қайғы жеп, ойы он саққа түсіп жүргенде Орта жүзде Абылай ханды естиді. Бұлай құса болып жүргенше Абылайға барып, қазақ үшін қызмет істейін деген шешімге келеді. Жолға асын әзірлеп, екі жолдасын ертіп шығады. Бес-алты күн жолын жүріп, бір адырға жетеді. Намазшам-намаздыгер мезгілде ат басын іркеді. Бұл бір маңында көлі бар, ұры-қары көп үйір болатын жер болып шығады. Тілеуберді жолдастарына ас әзірлеуді тапсырып, айналаны байқап келейін деп жүріп кетеді. Алыстан үйір жылқы көрінгендей болады. Жақындаса жылқы емес, там болып қалады. Күн шатырлап, лезде дүлей жауын келіп, там ішін паналауға қойып кетеді. Батыр кірген там жеті қанат отаудай, үлкен адам жерленген мола болып шығады. Дұға оқып, там ішінде отырғанда, бір нәрсе қозғалғандай болады. Жарқ-жұрқ еткен найзағай сәулесімен жап-жалаңаш адамды көріп қалады. Әлгі адамды Тілеуберді шап беріп ұстап, жөн-жосығын сұрайды.

Дәл осыған ұқсас оқиға М. Әуезовтің «Қыр әңгімелерінің» бірі «Сыбанның моласында» [39,117-124-б] әңгіме болады. Жортар ақсақалдың ерте заманда басынан кешірген оқиғасы да Арғын оқиғасына өте жақын. Төбеттің қолына түсіп, қашып шыққан бетінде Жортарға мола ішінде кездеседі. Екі шығарма әр кезде жазылса да оқиға желісі мен мазмұнында ортақтық байқалады.

Жалаңаш адам тіл қатпайды. Тілеуберді оны алдына өңгеріп алып, жолдастарына көрсеткелі алып келеді. Жалаңаш адамды көрген жолдастары шошынып, дағадарып қалады. Болған жайды түгел баяндағаннан кейін барып сабаларына түседі. Енді адам болса ас ішер, аз-аздап ас беріп көрейік деп шешеді.Үстіне киім кигізіп, тамаққа тойғызған соң сөйлей бастайды.

Әкем аты-Айдархан, анам-Торғын,

Жалғыз ұлы мен едім атым Арғын,-


Мал-мүліктің есебі жоқ, дәулетті, өзім ерке өскен едім,- дейді ол. Көп жүйрігінен залал көргенін жігіт былай деп әңгімелейді:

Ұстадым жүйрік тұлпар, жүйрік тазы,

Мен едім бір жігіттің өнерпазы.

Қасыма отыз жігіт жолдас алып,

Сейілде жүруші едім қысы-жазы.
Қатоннан келген жауға мал беруші едім, бір күні малымызға жау тиіп, қарусыз, жайдақ қуған бізді келген жау малымен қосып алып кетеді. Сол келген жаудың саны жетпес сегіз кісі екен, дес бермеді,-дейді.

Арғынның екі қолын байлап, екі көзін танып, жиырма екі күн жол жүріп, денесінің сау-тамтығын қоймай таңба салып, әбден қинайды. Жау ішінде бір жас жігіттің жаны ашып, Арғынға тамақ ұрлап беріп, көп септігін тигізді. Бір адырдың басына келгенде жау адамдары жиналып, кеңес құрады. Арғынды біреуі құл қылайық, біреуі өлтірейік, біреуі ұл қылайық деп таласады. Жас жігіт өзін тонап, осы жерге тастап кетейік деп кеңес етеді. Жау адамдары осы жігіттің сөзін құптап, басына сірі тігіп, қолын байлап, сол молалардың басына тастап кетеді. Арғын бірнеше күн дегенде қолын әрең босатады, қолы босаған соң, басындағы сіріні алып, көзін ашады. Тышқан-суыр жейін десе, таба алмай, басы ауған жаққа жүре береді. Содан осы зиратқа келіп, паналайды. Зиратта адам етін жеп күн көреді. Адам етін жеген жас жігіттің тілі мүлдем байланып қалады. «Қазасыз себеп болған шыбын жанға» Тілеуберді батыр жолығып, міне енді жолы болады.

Ал, Арғынның алғашқыдағы ойы осы жолаушыны тонап, киімін киіп, атын мініп қашып кету болады. Осы ойын Тілеубердіге ашық айтады. Содан Тілеуберді астыңа ат, үстіңе киім берсек, үйіңді таба аласың ба? – деп сұраса, таба алмайтынын айтады. Сол кезде Арғын өз елі туралы былай дейді:
Айрылған сабағымнан мен бір қауын,

Мінәжат болушы едім елге сауын.

Бар шығар естуініз өзіңіздің,

Жайлайтын Баған едік Орал тауын.


Сонымен, үшеуі төртеу болып, Орал тауына аттанады. Керуенге жиырма күндік жол болады. Тоғыз қонған соң, бір таудың басын көреді. Сауыт жүріп, ара күнде жетеді. Тау басында көп малшы кезігеді, кімнің малын бағып жүргендерін сұрайды. Бағып жүргендері Айдархан байдың малдары болады. Тілеуберді Арғынға шарт қояды: «Кім екеніңді білдіртсең, бір–бірімізге жау болмыз» дейді. Жол-жөнекей малшылардан Айдархан байдың ертең баласының жылын бергелі жатыр деген хабарды естиді. Жолда қонып, ертеңіні Айдарханның жайлауына тартады. Жанның бәрі жиналып, дауыс қылып, жоқтау айтып жатқандарының үстінен түседі. Қаралы үйдің сыртына келіп, Тілеуберді айғайлап амандасады. Бұл бәйбішенің құлағына тиіп, мен қу басты келемеж қылғаны ғой деп түсінеді. Тілеуберді аттан түсіп, бәйбіше отырған үйге кіреді. Баласының жайын айтып отырғанда, Тілеуберді осы отырған төртеуіміздің қайсымыз сіздің балаңызға ұқсаймыз деп сауал қояды. Айнала қараған кемпір өз баласыа көз тоқтатады. Мына бір баланы Арғынжан дейін десем, бетіңе кісі майы шапқан екен,- дейді. Сонда Тілеуберді:

Ақсұңқар тұрағына қайта қонар,

Орталанған көңілің, қайта толар.

Шыныменен танымай отырмысың,

Өзінің Арғынжанның болса болар, -
дейді. Бүкіл ел таңқалысып, Арғын ел-жұртымен көріседі. Болған жайда Арғын түгелдей баяндайды. Баласының жылына пісірілген асты жетім-жесірге, қисапсыз мал сойып, отыз күн ойын, кырық күн тойын жасайды.

Тілеуберді еліне кетерде Айдархан бай не қаласаң соны беремін, - дейді. Сонда:

Тағы да бір сөзді айтты Тілеуберді,

Басшы боп ел көрсеттім Арғын елге.

Балаңның тірі құнын алатұғын,

Мен бергем жоқ, Арғынды құдай берді.

Топтан таңдап мінерге үш-ақ ат бер,

Алда көп, әлі жүрер барар жерге.

Мен-дағы бастан кедей адам едім,

Сонан соң батаңды айтып, қолың көтер.


Айдархан Тілеубердіге «Басыңа перзент құты қонсын!» деп бата береді. Тілеуберді жыр соңында үш ұл көріп, мұратына жетеді.

Бұл дастанның негізгі тақырыбы – адамшылық, батырлық, әділдік. Жырдың оқиға желісі қызғылықты. Оқиғалар тығыз байланысып, бірінен бірі туып отырады.

Әңгіме көбіне басты кейіпкер Тілеубердінің төңірегінде қозғалады. Оның бойындағы ерекше қасиеттер, әрекеттер әр қимылымен ашылып отырады.

Жыр кенеттен, түйінді мәселеден, басты қаһарманның бұл өмірдегі қандай мұқтаждығы бар, соны баяндаудан басталады.

Дастанда табиғат көркі, салыстыру, теңеу аз кездеседі. Шығарманың оқиғалық мазмұнын жалаң баяндаған тұстары да баршылық.. Кейде жыр жазба әдебиет туындысынан гөрі ауыз әдебиеті нұсқасына ұқсап кетеді. Ертегілердегідей қаһарманның барша мұратына жетуі соны аңғартады.

Жырдың өлеңдік құрылысында да осалдық жоқ емес. Өлең сөздің буыны да, ұйқасы да жетіңкіремейтін тұстары көп.

Дастанның негізгі мұраты - біреуге жасаған қайырымдылық өз алдыңнан жақсылық болып шығады дегенді меңзейді. Бұл жырда тағы да бір мұрат қосымша бар. Ол - жақсылық та, жамандық та, жоқтық та бір құдайдың қолында деген ойды дастанның өн бойынан көп кездестіруге болады. Жырда қаһарманның іс-әрекеті үнемі дәлелденіп, шындыққа жанасымды болып суреттеледі. Жоғарыда айтқанымыздай, жылқы көрдім деп қаһарманның көп зиратқа тап болуы, онда қорғаныш іздеп там ішіне паналуы сенімді берілген.

Аралап өз ауылын жүргендей-ақ,

Бұл батыр сыр бермеді шытпай қабақ.

Қорғанбай там ішіне еніп кетті,

Өзінің ордасына кіргендей-ақ.
Мұны батыр адам ғана істейді. Абылайға аттанып бара жатып, кілт басқа жағдайға тап болады. Бағытын өгертуі санаулы кейіпкерлердің қарым-қатынасын шиеленістіріп, шығарманың жандана түсуіне себеп болады.

Ақын оқиғаны айтып берудің екі әдісін: сипаттау мен баяндауды қолданған. Соның бір үлгісі Тілеуберді батырдың мола ішінде жалаңаш адамды кездестірген сәтті баяндалады.

Бұл батыр шошынбайды көрсе де өлік,

Қорқар ма, ер жігітке тәңірі сері.

Жарқ-жұрқ еткен жарықтың сәулесімен,

Жап-жалаңаш адамды қалды көріп.


Бұл сипаттау тәсілі, иландыру амалы. Оқыс оқиға, күтпеген көрініс: «жарқ-жұрқ сәуле», «жап-жалаңаш адам» суреттері алғырлықты талап етеді.

Бұл дастандағы Тілеуберді көркем бейне, яғни образ. «Образ-эстетикалық мәні бар, ойдан шығару арқылы әрі нақты, әрі жинақты жасалған адам өмірінң әсем суреті»[40,60-б], -дейді белгілі әдебиеттанушы Д.И.Тимофеев.

Тілеуберді - дастанның басты кейіпкері. Ол - жай батыр емес. Адамгершілік, ақыл иесі, өнегелі жан, жоғары қасиетті Тілеуберді өзі туралы өзі айтады. Жыр оқиғасы басталғанға дейінгі өмірін сараң да болса сипаттап кетеді.

Бір өзі мың кісіге салмақ екен,

Көңілі соққан жерге барған екен.

Екі перзент екі жардан көрмеген соң,

Екі қыз қалмақтан да алған екен.
Жырда Тілеуберді батыр ғана емес, сонымен қатар ар-ұятты адам етіп те сипаттайды:
Мен мұны бұл арада өлтірмеймін,

Алдыма өңгерейін тоқты бейім.

Адам ба, жау тонаған перизат па?

Апарып жігіттерге бір білейін.


Таудай адамды тоқты сияқты өңгере салу анау-мынау адамның қолынан келе бермейді, бек батырдың қолынан келетін іс. Жан шошырлық тірі аруақты өлтіре салмай, жанын кешуі үлкен жүректі адам ісі.

Өзі тілек үстіндегі адам болғандықтан, жырда Тілеуберді иі жұмсақ, құдайшыл болып көрінеді.

Балаңның тірі құнын алатұғын,

Мен бергем жоқ,, Арғынды құдай берді,-


дейді. Бұл жолдардан Тілеубердінің батырлығымен әрі мәрттігі дәлелденіп тұр. Осылайша, Арғынды аман-есен еліне жеткізіп, алғыс алып, сауапқа қалады. Тілеуберді әрекеттері арқылы оқырманды Алланың өміріне сендірушілік басым. Ақын осы арқылы адам баласына тек жақсылық жасау керек деген қағиданы уағыздайды. Басты қаһарманның жақсылық әрекеттерін батырлықтың өлшеуіші етеді. Тілеуберді батыр, осы батырлығымен қоса адамгершілік әрекеттердің иесі де. Сондықтан ақын қайырымдылық арқылы қаһарманды мұрат-мақсатына жеткізеді. Ерлігімен қатар уайымы, адамгершілігімен қатар байлыққа қызықпайтын мәрттігі қаһарман бейнесін едәуір-ақ салмақтандыра түсіп тұр.

Арғын да қаһарман. Ол да еліне, жауына айбар болған батыр ретінде көрінеді. Арғынның батырлығы, азаматтығы, серілігімен қоса намысқойлығы да сөз болады. Ақын Арғын іс-әрекеттерін жалаң емес, бір адамның басына сыйғандай етіп көрсетеді. Арғын жай адам емес. Оның да дос дұшпанға айтпағы бар.

Бір үлкен ел шетіне дұшпан келсе,

Шошынбай жалғыз өзім шабушы едім.

Екі жүз дұшпан толып келсе дағы,

Алысып жалғыз өзім қалушы едім.

Он үштен он төртіме қарағанда,

Қотанның бергенім жоқ тышқақ лақ.


Бұлай айту халық жырындағы дағдылы әрекет. Арғын өзінің осындай ерлігін мақтан үшін емес, Тілеубердімен танысу үшін айтып отыр.

Ал Арғынның шешесі Тілеуберді батырға берген батасы сөйлесу, жауаптасу, өзара түсінісу амалымен берілген.


Мен де алладан сұрадым,

Жұмақтан болсын тұрағың.

Өлгенімді тірілтіп,

Өшкенімді жанғызған,

Сенің де жансың шырағың.
Ақын ана алғысын көңілге қонымды етіп жеткізеді. Ол үшін ана көңілігіндегі ой-пікірін жеткізудің сөйлесу пішінді түрін таңдайды. Сөйтіп ақын сөйлету арқылы бәйбішенің ішкі жан-дүниесін, қуанышын өзіне баяндатады. Бұл әдіс дастанның оқиғалық сипатын арттырады.

Сондай-ақ қазақтың әдет-салт жырлары түрлерін кеңнен пайдалану әдісі бар. Көңіл айту, жоқтау, сүйінші т.б. тұрмыс-салт жырларының үлгілерін қолдану арқылы поэманы көріктендіре түседі. Ел әдебиеті үлгісіне сүйене отырып, тыңдаушыны немесе оқырманды өзіне бұрып, баурап алады.

Арғын көптің бірі емес, оның бойында ерлік, ел сүйгіштік бәрі де табылады. Керек десеңіз батырлар жарындағы батырларға тән қапияда жол, қиыншылықта амал табатын өнері де бар. Сегіз қырлы, бір сырлы, ел-жұртына сыйлы. Оны бар да, жоқ та жақсы көреді ақылшы азамат тұтады.
Қуанғаннан жылайды,

Кеудеден шығып саласы.

Құл да келді шайқалып,

Қойшы менен малшылар,

Иесіз қалып қорасы.

Қимылдаған жан болды,

Орал таудың даласы.
Осы айтқандардан жоғарыдағы сөздерімізді тағы да дәлелдеп, бар-жоқтың бәріне сыйлы болды деген сөзімізді нақтылай түсеміз.

Арғынның әкесі – Орал тауын мекендеген аты шулы Айдархан бай басқа шығармаларда кездесетін сараң байлар сияқты емес, керісінше, халық алдында кісілігімен қадірлі жан. Ол жақсылыққа жақсылықпен жауап береді. Тілеубердінің Арғынды аман сақтаған, елге жеткізген қызметін жоғары бағалайды.

Қайырлы Айдарханның дұғасымен,

Ақыры Тілеуберді үш ұл көрді,-


деп жыр аяқталады. Енді Тілеуберді ертегілердегі айтылатын армансыз адамдай болып шығады. Осы Айдархан бай бейнесі де ертегілер қаһармандарына ұқсайды. Бұл кәдімгі хан болған Аяз би сияқты. Ақын бұл бейнені даралауда көп еңбектене қоймаған, даяр үлгіден аспаған.

Дастанда ұнамсыз бейнелердің аты аталмайды. Бірақ олардың асқан қатыгездік, жауыздық істері назардан тыс қалмайды. Арғын қапияда қолға түскенде жаулары оған көп зәбір көрсетеді, себеп-салдарсыз айдалада аз-тұзсыз, киімсіз, қол-аяғын байлап кетеді. Ақын оны Арғынның өз сөзімен баяндайды.

Басыма сірі тігіп, қолым байлап,

Киімімді алып кетті, далаға тастап.


Бұлайша қатыгездік істеу адамгершілік әдет-ғұрыптан тысқарылықты көрсетеді. Сонымен бірге, қаһарман, кейіпкер сезім дүниесін көрсететін монологтар, әдет-ғұрып дәстүрлерін елестететін суреттер кездесіп отырады. Әртүрлі теңеу, балама, әсірелеу әдістері де көркемдік қуатын жетілдіре түседі. Кейбір теңеу сөздерде де кейіпкерлердің сыртқы кескінін суреттеуде орнын тапқан.

Қылатын батыр еді жоқты бардай,

Күші бар ашуланса қара нардай.
Осы тұста теңеу туралы академик З.Ахметовтің: «Теңеу айтылып отырған нәрсенің бір сипат белгісін, түсін, дыбыс-үнін, тағы басқадай жеке ерекшелігін өзге нәрсемен салыстырып, бейнелеу негізінде туады» [41,17-б] – дейді. Жоғарыдағы «қара нардай» дәстүрлі теңеуі қаһарман мінезі мен тұлғасын сипаттау үшін суреттілікті нақтылай түседі.
Айрылған сабағымнан мен бір қауын,

Мінәжат болушы едім елге сауын,-


деген тармақтарда «Айрылған сабағымнан мен бір қауын» метафорасы орынды және Арғын өмір сүрген ортаның, елдің кәсібінен хабар беріп, малмен қоса қандай шаруашылықпен айналысқанын көз алдымызға алып келеді. Сірә, Орал тауы түстігін жайлаған елдің перзенті егіншілік, бау-бақшылық өнерден хабардар болса керек.

Бектұр Батырқожаұлының «Тілеуберді батыр» дастаны Ресейдің Сібір аймағына кең тараған. Жергілікті халықтың құнды мұрасы болып саналады. Ел қамын жеген, адамгершілік әрекеттерімен көрінген, адамияттылығы күшті адамның істерін ақын кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдырған тарихи дастан ретіндегі шығарма маңызын орынды бағалауға тиіспіз.

Дегенмен дастан мінсіз емес. Тілеуберді Абылайды іздеп шыққанымен, түпкі мақсатына жетпейді. Ол бастаған серттерін орындамайды. Айдархан байдың батасынан кейін жыр аяғы сұйылып, ертегілердегідей, Тілеуберді барша мұратына жетеді. Солай дегенмен, дастан Бектұр ақынның біздің қолымызға түскен ең көрнекті, салмақты шығармасы ретінде оның танымал ақындығының куәсі бола алады.

Бектұрдың ақындығы оның толғауларынан толық көрінеді. Ол кідіріссіз төкпе, тыңдаушының қыбын таба білетін, ортасына уақтысына қарай толғайтын ақын болған. Ақын өзгермелі дүниенің қыр-сырын ерте ұққан, өмір тауқыметін көп көрген көрнекті ақын дәрежесіне көтерілген адам. Сондықтан да оның шығармалары әдебиетіміздің дамып, байи түсуінің жаңа сатысын көрсетеді.


ОЛЖАБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЗАМАН МЕН УАҚЫТ

Олжабай Нұралыұлы 1881 жылы Ерейментау өңіріндегі Қоржынкөлдің «Шешен» деген аулында дүниеге келген. Әкесі Нұралы жиырма бес жасында болыс болған, ауыл-елге сыйлы адам екен.

Олжабай ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында бүгінгі күні екі ұдай пікір қалыптасып отырғандығы бар. Оны өзінің ұрпақтарының кейбір әбес қадамдарынан деп ұққан жөн. «Олжабай Нұралыұлы шығармалары» деген кітап жарық көрді. Сол кітаптың кіріспе сөзінде ақынның ұрпағы Әлихан Барлыбаев ата намысын қорғаймын деп қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі С.Сейфуллинге орынсыз тиісіп, атын қаралаған тұстары бар. Онда ұлы ақын туралы: «Талай жылдар дәмдес, сыйлы қонағы болып, төрінде отырған, бірге сырласып, жекжат болып жүрсе де Бөгенбай ұрпақтары Олжабай, Барлыбай, Төлебайларды орынсыз балағаттап, таптық жау ретінде суреттеген»,- дейді. Бұл орынсыз айтылған сын. Тарихи оқиғалардың куәгері болған, бәрін өз көзімен көрген адамның жазғанының тарихилық сипаты әрқашан сақталады. Бұған бір жолғы Сәкен мінездемесі де аздық етпейді.

«1916 жылы елдерін қақсатып жылатқан екі болыстың үстінен 120 шамалы арыз келді»[44],- дей келіп, үстінен 120 арыз берілген екі болыс уездік комитеттегілерге өте белгілі адамдар еді. 1916 жылы елді шулатқандары жұрттың құлағынан әлі де кеткен жоқ. Бұларға сот жасамаған соң, Ақмоланың облыстық Қазақ комитетінің өзіне көңіліміз енді мүлде толмайтын болды. Бұл екі жауыз болысқа ештеңе істемеген соң, облыстық комитет «жауыздыққа қарсы болады» деп ойлаудан қалдық. Және облыстық комитеттің мүшесінің бірі, әлгі екі болыстың бір інісі Төлебай еді»[44,59-б],- дейді.

Сонымен қатар, Сәкен Олжабайға нақты мінездеме берген. «Олжабай сөзге шешен, пысық адам болған соң, алғашқы патша түскен кезде Ақмолаға келіп, жиылыстарда сөйлеп, аз уақыт «көсемдік» қылған. Сол қарсаңда Омбыда болған облыстық съезге өз бетімен барып, өзінің ауылдағы інісін облыстық қазақ комитетіне мүше қылып өткізіп кеткен. Елінен, үстінен сексен шамалы арыз келген соң, Олжабай қолға түспей, Ақмоладан қайтып кеткен» дегендерінің шындық екенін біз Омбы архивінде сақталған деректерден көреміз. Сәкен ғұмырнамасын жазған Т.Кәкішев: «Қанжығалы елінің болыстары Олжабай Нұралин мен Әлкей Байменовтер патша ағзамға адал берілгенін айрықша танытты. Өздерінің сөзін екі қылмайтын және олжаға ортақтасатын Тұрсынбай мен Мұқан Ералиндер, Төлеубай Барлыбаев, Махмет Боқтаев, Жәкен Шопалаев, Зілқара Өтеубаев, Шарке Байменов, Рақымжан Кәрібаев, Тәшкей мен Жүніс Төлеповтер, Қайырдан мен Мағрипа Айтмағамбетовтер, Істібай Қарпықбаев, Шабдыр Бекбергеновтер Қоржынкөлдің 2,4,5,8 ауылдарына қамшы үйіріп, шаш алудың орнына бас алып, он тоғызға жеткенді де, жетпегенді де, отыз бірден асқанды да, аспағанды да, 42 жасқа дейінгілердің бәрін тізімге тізіп, көгендеп берді. Жұмысқа бармаймыз деген Сәкен Сейфуллин мен Мақажан Байдильдин мен Ескендір Жақсыкеев сияқты ер-азаматтарды ұстап беріп жатты»[44,259-б],- дейді.

Әрине қиын қыстау кезде әр пенде әрқилы әрекетке барады, бірақ соны уақыт өткеннен соң болмағандай, не бұрмалап айту жараспайды. Тарих ешкімді де бұлтартпайды.

Олжабай ұрпақтарының ата өміріне бірыңғай жаны аши қарауы, елге жасаған қиянаты мен әрекеттерін сынамауы, өткен замандағы теріс әрекеттеріне көз жұмып, тарихи деректерді жоққа шығаруға тырысулары Олжабай мұрасын дұрыс түсінуге кедергі тигізері сөзсіз.

Жаңылмайтын жан жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Олжабай да өз кезінде қателесіп, басына ауыр күн туғанда кінәларын толық мойындаған ақын. Ақын өткендегі қателіктеріне қарап шығармаларына дәл сондай баға берсек, біздікі де ағаттық болар еді.

Олжабай ақынның жоғарыда аталған кітабы туралы жазушы Нәбиден Әуталиповтің «Түркістан» газетінде сын мақаласы шықты. Мұнда да ақын шығармаларына ұрпақтары тарапынан жасалған жанашырлық жайлар қатты сыналады. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірелік: «Сәбит Дөнентаевтың «Қайтып қарғыс алмайсың» деген белгілі өлеңін сол бойынша көшіріп алып, «Жігіт-ақ» деген атпен (68-бетте) осы жинаққа бергеніне таңданып отырмыз. Кітаптағы «Қыз келбеті» (14-бетте), «Мақпал» (15-бетте) атты екі өлеңі де оқырманға едәуір күмән туғызады», дей келіп, бұл екі өлеңнің авторы басқа адам екенін атап айтқанда, қызылжарлық Әмірхан Сүйінұлының (1836-1901) «Ғазиза қызға» (1852), «Жәмила қызға» (1861)» [46] деп шығарған ғашықтық өлеңдері екенін алға тартады. Әрине осындай күдікті жайдың да кездесуі әдебиет тарихына қайтып оралайын деп отырған Олжабайға абырой қоспайтынын кейінгі ұрпақтарының түсінбегені өкінішті.

Өмірінде талай қиын-қыстау кезеңді басынан өткеріп келе жатқан Олжабай ақын 1928 жылы конпескеленіп, алғашында Ақтөбе облысына, кейіннен Атырау облысының Қызылқоға ауданына жер аударылады. Шаңырағымен айдауда жүрген ақын 1932 жылғы аштыққа ұшырап, Омбы өңіріне қайтып оралады.

Олжабай шығармаларының көпшілігі Омбы жерінде сақталған. Біз негізінен оның ел аузындағы шығармалары мен баспа бетін көрген туындыларын сөз етеміз.

Олжабай айрықша назар аударып, зерттеуге тұратын ақын. Оның шығармаларының қолжазбасы үш том болып Қазақстан Ұлттық Академиясының қолжазбалар қорында сақтаулы тұрғанын да айта кету керек.

Ақын 1935 жылы Орынборда оқып жатқан Қазыбек атты баласын алып келе жатқанда, Қызылжар қаласында демікпеден қайтыс болған. 1994 жылы ақын сүйегін Қазыбек ақсақал Ерейментаудағы ата-баба зиратына жеткізіп, үлкен там салған көрінеді.

Ертістің Омбы өңірінде Олжабайдың мына шығармалары сақталған. «Абылай қалай хан болған?» - тарихи дастан, 486 тармақ, 121 шумақтан тұрады; «Сағындым» жыр-толғау, 192 тармақ, 48 шумақ; «Құдайға айтқаным» - өлең, 60 тармақ, 15 шумақ; «Өмір туралы» - өлең, 34 тармақ, 8 шумақ; «Елге сәлем» - өлең, 20 тармақ, 5 шумақ, т.б. толып жатқан ірілі-ұсақты шығармалары бар.

Олжабай Нұралы баласы, Нұралының әкесі – Саққұлақ шешен, Саққұлақ жасы ұлғайған шағында Нұралыдан туған Олжабайды жастайынан шешендікке баулиды. Омбының Ертіс өңірі мен Сарыарқада Олжабай айтты деген сөздер де баршылық. Ол шабытты ақындығымен қатар, суырып салма тапқырлық сөздерімен де елге атақ-даңқы жайылған. Омбы, Түмен, Новосібір облыстарында қазақтар арасында Олжабайдың «Ағаштың түбі бірге, бұтақ басқа» деп аталатын өлеңі кең тараған.
Ағаштың түбі бірге, бұтақ басқа,

Ұқсайды адам ата сол ағашқа.

Қанжығалы Ішпектен есіп жүріп,

Жапардан айрыламыз төрт арыс та.

Жиестен тарайды екен менің атам,

Әлдеуін батыр екен одан туған.

Баласы Әлдеуіннің Ақша батыр,

Ақшадан асып туған Ер Бөгенбай,

Ер қамын Едігедей жер Бөгенбай.

Қалмақты қысқа түнде қырық шапқан,

Тұраналы Бөкеңнің бел баласы,

Бапан би одан туған ел данасы.

Бапаннан Саққұлақтай адам туды,

Қазақтың атын білмес қай баласы.

Сәкеңнен менің әкем Нұралы туды,

О дағы ата-бабам жолын қуды.

Тіреліп ақырғы өмір Олжабайға,

Жегізді ащы тұрмыс заһар уды.

Атандым бақытты Олжабай, сорлы Олжабай,

Болсам да сол заманда Көкшетаудай.


Осы айтылған шумақтардан Олжабай Нұралыұлының тегі туралы нақты деректер аламыз. Негізі Олжабайдың ақын ретінде көзге түсіп, ерекше шығармашылықпен айналысқан кезеңі 1916-1935 жылдар аралығы.

Ақынның шығу тегінен хабар беретін мынадай дерек бар. «Саққұлақ шешеннің жеті баласы болған. Осы жеті баланың ішінде Нұралы, Ерәлі деген екі баласы өзіне ұқсаған шешен болған. Олардың бәрі де ескіше оқыған, сауатты, әрі ақын екен. Ерәлі (1846-1932) суырып термелейтін төкпе ақын деседі. Оның «Жантай» деп аталатын дастанын (Жантай – Абылай ханның бас батыры) С.Сейфуллин «Әдебиет майданына» жариялаған болатын.

Өмірінің соңғы кезеңін қуғында өткізген ақын көңіл-күй лирикасының тәуір үлгілерін туғызған. «Күйініш», «Адасса адам», «Тағдыр сыры», «Алдамшы өмір», «Жалған дос», т.б. жырларынан ақынның қасіретке толы мұңын көреміз. Олжабай ескі шежіреден хабардар, ақын-жыраулар мұрасын да меңгерген, оның озық қасиеттерінен нәр алған ақын екендігін аңғару қиын емес. «Кім білер» өлеңінде:
Қара құрттай қаптаған мал қадірін кім білер?

Қырмызы кәусар толқыған бал қадірін кім білер?

Исі жұпар аңқыған, жер қадірін кім білер?
деген сияқты нақылдар, афористік тебіреністер түрінде Бұқар, Көтеш, Шал ақындарша өмірге, өзін қоршаған ортаға көзқарасын білдірген.

Олжабай ақын басындағы торығушылық оның дүние-мүлкі тәркіленгеннен кейін басталады. «Елім-ай» өлеңінде:


Сені тастап жат боламын, кетемін,

Қош-қош, елім, қош-қош, Арқа белім-ай!

Өлі айрылмай, тірі айрылған күн болды,

Қалған өмір маған қара түн болды,-


деп, рухани күйреуге, дүние, тұрмыстан түңіліп, торығу мен үмітсіздікке түскен сәттері өмірінің соңғы кезіне дейін жалғасқанға ұқсайды.

Адам өмірі, оның ғұмыр жасының өсуін, өзгеруін әдемі жеткізген «Адам жасы» деп аталатын өлеңінде былай дейді:


Жиырма жаста адамзат қасқырға ұқсар,

Отыз жаста жолбарыс күші тасар.

Қырықта арыстандай айбатты боп,

Елу жаста түлкідей айла жасар.

Алпыс жаста адамзат арқандаулы,

Жетпіс-шідер, қол-аяқ бірдей байлаулы.

Сексенде қуат-тамыр, кеуіп-бітіп,

Тоқсанда қу сүйектен қанша аяулы?


Өмір белестерін жырға қосуда оның байырғы ақын-жыраулардан үлгі алғандығын байқаймыз. Академик З.Ахметов: «Бір-біріне жанасымы жоқ сияқты көрінетін екі нәрсенің қандай да бір қасиет-белгілерінен, не қимыл өзгешелігімен ұқсастық, жақындық туып, теңестіруге болатынын атап айта кету жөн»[41-25-б],- деген теңеу туралы. Жоғарыдағы өлеңде де әр жастағы адамның қуаты мен мүмкіндіктері жасының өсіп, ұлғаюына қарай бірде күшейтіп, енді бірде бәсеңсітіп, тұқыртып отыру нақты көрініс алған.

Ақын ағайын арасындағы татулық, ауыз бірлік, адамгершілік қасиеттерді ардақтай білуге көпшілікті шақырған.


Білмеген жақын туыс ата-анасын,

Мал сияқты тойдырған қара басын.

* * *

Жаман бала хайуанның төліне тең.



* * *

Жау дегенің – жақының.

* * *

Досың – күнің, дұшпаның – түнің.


Олжабай ақынның адамгершілік, ағартушылық, ақындық биік мұраттарды айқын көрсеткен шығармалары кезінде мерзімді баспасөз беттеріне де шыққан екен. Соның бірі 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне басылған «Аңшылық» [47]деген өлеңінде:
Тамылжып қарашада ақ қар жауып,

Қансонарда желсіз ауа тыныштанып,-


дейді. Ақын мұнда халықтық үлгідегі бейнелеу тәсілін батыл, орынды пайдалана білген.

Ақын туған жері Ерейментау өңірі табиғатын шеберлікпен жырлаған. «Сарыарқа», «Құсайынның зары», «Елге сәлем» т.б. толғауларында өз мінезіндегі құбылу сезімдерін өмір шындығымен астастыра отырып өнерде шынайы бейнелейді. «Сарыарқа» атты толғауында Арқа жері, табиғаты, салты, өзінің жастық дәурені туралы жырлайды. Қазақ халқының аштыққа ұшырауы, қырылуы, құнарлы жерлерден айрылуын:


Тірі қалған көрерсің,

Мәдени елге кірерсің.

Қонысың болар орыс қаласы,

Қазақ тұрмыс енді жоқ.

Болуға да орны жоқ,

Ағымның солай жорасы.


Халқының болашақ тұрмысын көз алдына елестетеді. Толғаудың өлеңдік қасиеті мықты болмаса да тарихтық, деректік мәні жағынан бағалауға болатын туынды.

Ақын тек өлең, толғау, дастан ғана жазып қоймаған, аудармамен де айналысқан. Толстойдың «Солон сөзі», Жуковскийдің «Туған жерін», Надсонның «Тұқымы бірге ағаш»[48] т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған.




Меңдігүл бұрханқызы шындалиева
Тоқсан жабайұлының мұрасы
Домақтың шешендігі
Оспан батырдың өткен белестері
Дәуір биігінен көрінген сардар

Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу