МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы



бет8/15
Дата05.11.2016
өлшемі3,81 Mb.
#432
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15

ОСПАН БАТЫРДЫҢ ӨТКЕН БЕЛЕСТЕРІ

Сейітхан Әбілқасымның “Оспан батыр” тарихи романы екі кітаптан тұрады. Романның бірінші кітабы “Жұлдыз” журналының 1994 жылғы № 10-12 сандарында, екінші кітабы “Жұлдыздың” 1996 жылғы № 1 санында жарияланған. Қазақ халқының өмірінде із қалдырған ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы оқиғалар сырына үңілу, ел тіршілігінің ұрымтал тұстарын толымды көрсету, сол кезеңде өмір сүрген адамдар тағдырын сипаттау ілгерішіл тәсілдердің бірі десек, “Оспан батыр” романы да аласапыран заманда атқа қонған ерлер өмірін суреттеуге арналған. Мұндағы кейіпкерлер Оспан, Мәмей, Зуха, Сүлеймен, Ырысхан, Ноғайбай т.б. аса шытырман, қиын сәттерде сыналатын, дәуірлік ақиқаттың бетін ашуға септігін тигізеді.

Оспан батыр – романдағы ең қызықты тұлғалардың бірі. Оның өмірі қызғылықты, шытырман оқиғаларға толы және мінезі мен ісі нақты, ойлы адам ретінде көрінеді. Оспан сөзге сараң болғанмен, ой-өрісі кең, іштей толғанысы орамды, тиянақты, әр нәрсені жіті барлап, жете тұжырымдай білетін, ойын сыртқа шығарарда түйеден түскендей дүңк еткізіп қысқа қайратын, шорт мінезді жан ретінде көрінеді.

Романға арқау болатын оқиғалар қазақтың бір бұтағы Абай Керей рулары ару Алтайдың өрдегі үзілер сілеміндегі қара Ертістің бастау алған тұсында өтеді. Жазушы тарихта болған оқиғаларды, оның қозғаушы күштерін саралап, сол оқиғалардың мәнін жан-жақты ашып көрсетуді нысанаға алғанына куә боламыз.

Романның бесінші тарауында тәуелсіз елміз деген Шығыс Түркістан Сталин жіберген жендеттер мен жансыздардың қолына өткені жайлы, олардың зорлық әрекеттері едәуір орынды көрсетіледі:

“Тарихқа әйгілі жосылтып қанды із қалдырған қара түнекті құйын 1938-1939 жылдары үдей түсіп, әр ұлт халқын тұншықтыра тұқыртты. Сталин билік жүргізген Қызыл жауынгер, азамат өркенінің биігін отап, асылын жойып жасығын қалдырды. Қырғындаумен ырыс жиып, қанымен тояттады. Аш арландай аласұрып жан-жағын жалмап жұтқан ол, қанды қанжарын шекарадан асыра сілтеп әспенсіп, астамдыққа басты. Бодамшыл, өркөкірек өктемдікпен билеп-төстеп Моңғолия мен Шығыс Түркістанды мықтап шеңгелдеп, сығымдап қыса берді. Шығыс Түркістанды торлаған сол қара түнекті құйын күшті екпінмен тебітіп кіріп кеуледі”. Осы қатыгез қастандықтан Шығыс Түркістандағы ұйғыр, қырғыз, моңғол, Тарбағатай мен Баркөл бойындағы қазақтар да аман қалмағаны, керейдің ғұлама ақыны Ақыт, Халел тайжі, оның баласы Рахаттың айдауда кеткені, елдің еркіндігі табанға басылып, зомбылық халықтың кегін қоздырғанын автор нақты және дәлелдер келтіру арқылы жүзеге асырады.

1940 жылдары Ноғайбай бастаған ұлт азаттық көтерілісшілер мен Қытай армиясы арасындағы шайқастар жиілей түсіп, ұзақ жылдар бойында зорлық-зомбылық езгісі, ауыр алман салықтан аттап, ұлтты құрту жолындағы ашылған аран, осындай ерлік күреске байлатқаны суреттеле отырып, сол кезеңде өмір сүрген адамдар мінез-құлқына тарихи нақты, шынайы сипат дарыта баяндалады.

“Оспан батыр” романындағы Оспанның портреттік сипаттамасын бергенде жазушы тек жансыз сыртқы пішінін суреттеумен шектелмей, қаһарманның ішкі дүниесін, дара мінездік тұлғаларын, рухани эволюциясын жинақтап сомдайды.

“Оспанның ерекше бір қасиеті - өте қарапайым, кішіпейіл, өзін жоғары ұстамайды, қаршадайынан қара табан кедей болып өскендігі ме бұлданып, бәлсіну, шендену пиғылы онда болған емес. Соғыс кезінде де қол астындағы сарбаздарға қатал ескертіп әмір бергенімен, өзі солардың алдыңғы қатарында жүреді. Көбінде асқан ерлік көрсетіп, атай салып жападан жалғыз жау шебін бұзатын кездері жиі кезігеді”. Мінезіндегі қарапайымдылық пен батырлығын ұштастыра келіп, жазушы персонаждың пайдасына шешіп бергенін көреміз.

Романның соңында қазақтың дәстүрлі өлшемдері бойынша Оспан батырды ақ биенің саумалына шомылдырып, хан сайлаудағы болжымас ережелер орындалмағаны, жазда Алтай жайлауына барған соң барлығы атқарылатынын айтып алдаусыратқан маршал Чайбалсан бастаған топ өз істерін ат үсті тындырғаны баяндалады. Роман соңында “Уақыттық үкімет” бастығына Оспан, штаб бастығы болып Нұрғожа, Оспанның орынбасары болып Дәлелхан белгіленген.


«ТӨЗІМ ШЕҢБЕРІНДЕГІ» ӘЙЕЛДЕР БЕЙНЕСІ

Сара Рахманқызы Мыңжасарова 1924 жылы 29 қазанда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қара - Шоқат деген жерде туған. Ақтөбедегі мұғалімдер институтында оқыған. Одан кейін оқу – ағарту саласында жауапты қызметтер атқарған. 1954 жылдан бастап Талдықорған, Алматы облыстық газеттерінің редакцияларында қызмет істейді. 1971 – 1983 жылдары Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасының баспасөзге жазылу бөлімін басқарған. 1970 жылы «Қыр қыздары» романы, 1981 жылы «Әйел бақыты», 1984 жылы «Төзім шеңбері» романдары жарық көрген белгілі жазушы – публицист.

Жазушы Сара Мыңжасарованың бұл романы «Осылай ма едің, махаббат», «Ұждан», «Ой үстінде», «Кездесу», «Қанаттану», «Дүние кезек» деген алты бөлімнен тұрады. «Осылай ма едің, махаббат» бөлімінде Ауыл кеңсесіне Сәлкен мен Күнсұлудың ажырасуына қыздары Іңкәрді шақырып, ауыл кеңесі төрағасы Жарқын Рақымов әке -шешесінің ажырасатыны туралы айтады. Мектеп директоры Аржан баланы құшақтап арқасынан қағып, жұбатады.

Әкесі оқуын бітіргеннен кейін, үшеуіміз қалаға көшпейміз бе деп бала әлі де үміттенеді. Бірақ, әке – шешесі бала кімді қаласа сонымен қалады деп шешеді. Әкесі қалаға кетіп, Күнсұлу ауылда қалады.

Бұл бөлімде Сәлкенді Күнсұлудың өзі Мәскеуге оқуға жіберіп, өзі малын бағып, шөбін шауып, отын жинау, мектепті сыпырып, тазалау, колхоз жұмысына көмектесумен жүргенде, бара – бара Сәлкен өз дәрежесіндегі адамды іздер деген қауіпті ойламағаны туралы айтылады.

Күнсұлу нағашысының ауылына қыдырып барғанда Сәлкенді кездестіреді. Күнсұлуды он алты жасында алып, екі жылдан кейін Мәскеуге оқуға кетеді. Он жыл Мәскеуде оқып келген Сәлкен ажырасуды ұйғарған. Сәлкен ағасы Мықтығұлдан көлік сұрап алып, стансаға жеткізіп салуын өтінеді.

Он жыл бөлек тұрып, өскен орта, алған тәрбиедегі айырмашылықтар Сәлкенді ажырасуға бел буғызады. Ауыл адамдарының ой - өрісі, мәдениеті тұрғысынан Күнсұлу жақсы болғанымен, оған Сәлкеннің көңілі толмайды. Москвадағы ғылыми- зерттеу мекемесінде зерттеу жұмысымен айналысып, аяқтағаннан кейін Алматыға келетінін Мықтығұл ағасына айтады.

Сәлкен Инна сияқты білімді, көргені көп, әке – шешесінің көзі ашық адамды өзіне тең деп санайды.

Екінші курстан бастап Иннамен араласып, көңілі ауған Сәлкен соңғы курста әйелі бар екендігін айтып, Күнсұлудан айырылысып, Иннаға үйленетінін айтады. Осы кезде Сәлкенге Күнсұлудан Москваға келемін деген хат келеді. Осы жаңалықты Леван досынан естіген Инна шыдай алмай Валя құрбысын Сәлкеннің әйелін көріп кел деп жібереді.

«Ұждан» бөлімінде Іңкәр үйден қашып барып, интернатқа орналасады. Күнсұлу ауылда туып - өсіп, ауыл психологиясымен бойжеткен, өскен ортасы ауыл болғандықтан оза шабар, адаспай шығар ұрымтал объектісі де ауыл өмірі болады. С.Мыңжасарованың қаһарманы Күнсұлу үшін ашыну да, басылу да, тасыну да, тосылу да таңсық болмай қалды. Күйеуімен ажырасу Күнсұлудың рухани әлемінде бұрын болып көрмеген алай – дүлей боран әкеледі. Өзінің басынан кешкен күйреуге Күнсұлу жайбарақат қарап қала алмайды. Күнсұлу айғайлап ұрысып, жылап ашуын тарқатпайды, керісінше барлық ауыртпалықты еңбекпен үнсіз жеңеді. Құрбылары Ақлима мен Бәтима Күнсұлуға оқу керегін ұқтырады. Күнсұлу аудан орталығында ашылған агрономдық курсқа оқуға жіберіледі. Аудандағы шешесінің үйінде жатып оқып жүргенде, курстың оқытушысы Андрей Күнсұлуды ұнатып, көңіл білдіреді. Екеуі ауылға бірге барып та қайтады. Романда Андрей өз әкесі орыс болғанымен, орысша аз білетін, таза қазақша сөйлейтін, мәдениетті, кейіпкер ретінде суреттеледі.

Күнсұлу бес – алты ай оқып, курсты бітірді. Қазақстанға екі айға командировкаға келген Леван Күнсұлуды іздеп келіп, Сәлкеннің сәлемін жеткізеді. Іңкәрді демалыста Мәскеуге жіберуін сұрайды. Бірақ бала үйде жоқ болып шығады. Күнсұлу ауылына қайтатын уақыт жеткенде Андрейден маза кетіп, бір рет тілдесіп қалады. Бірақ Күнсұлу бір рет өмірлік жолдас болып көргенін, енді ондай қателікті қайталағысы келмейтінін айтады.

«Ой үстінде» бөлімінде Инна мен Сәлкен арасындағы арақатынас әңгіме болады. Сәлкеннің қайнағасы Абрам Моисеевич қазақтардың әдет – ғұрып, салт – сана, әдебиет, мәдениетінің жәйін білуге бағдар қояды. Үш – төрт айға өндіріске барып келгеннен кейін, Сәлкен мен Инна үйленеді. Екеуі жатақханада тұрып, балалы болады. Өмірінде бала қарамаған Сәлкен үй шаруасына араласып, қаншалықты қиын екеніне көзі жетеді. Балаларына Ким деп ат қояды. Бұл – коммунистический интернационал молодежи деген сөз екен. Балаға ұйымның атын қойған жастарға Абрам Моисеевич ренішін білдіреді.

Әкесі үйінен кеткен соң Инна өзіне - өзі қарап, сырт бейнесін қалпына келтіруді ойлайды. Осы күндері Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің он күндігіне Күнсұлу Москваға ән айтуға келіп жатады. Инна мен Сәлкен «Кездесу» бөлімінде Күнсұлудың домбыраға қосып ән салғанын, залда Сәлкенді құшақтап тұрған жас әйелді көргендегі Күнсұлудың ішкі сезімі шебер берілген. «Жас әйел құшақтап тұрған Сәлкенді көргенде денесі тітіркеніп, бойында жүрген көмескі сезім сейіле бастады. Алғаш рет Сәлкенге деген жиреніш сезімі пайда болды. Бұрын оның үйленгенін білсе де, көзі көрмегенсіп біржола жирену, үзілді – кесілді жек көру ойын да, сезімін ойламаған да болатын. Оқта – текте өткенде есіне алып, аңсайтын да. Ал, қазір пір тұтқаны перідей аңсағаны албастыдай көрінеді» [1,171-б.] деген шешім Күнсұлудың болашақ әрекеттерін тұспалдауға мүмкіндік жасайды. Бұл өткір драматизмге құрылған эпизод. Күнсұлудың бойында өзіне бейтаныс бір реніш сезімі түңілумен астасып, қайрылмастай күйге түсуі ашық суреттелген.

«Қанағаттану» бөлімінде аудандық партия комитеті хатшысы Асыл Дидаров, жаңадан келген екінші хатшы Шатқалбай Асаубаевтардың іс-әрекеттері әңгіме болады. Күнсұлу аудан жастары арасында Мәскеу сапары туралы есеп береді. Шатқалбайдың орнына Андрей екінші хатшы болып сайланады. Осы бөлімде Күнсұлудың інісі Ақан әскерге кетіп, шешесі Айбарша жалғыз қалады.

«Дүние кезек» бөлімінде Инна мен Сәлкен ауылына келгенде Күнсұлу аудан орталығына көшкелі жатады. Соңғы рет Сәлкен клуб алдында Күнсұлуды Андреймен кетіп бара жатқанын көріп, іші удай ашиды. Осы тұста Инна өзінің ақылдылығын көрсетіп, Андрейге өмірлік сапарының сәтті болуын тілеп, Сәлкенді ырқына көндіріп алып кетеді. Сәлкен басына қонған бақытын өзі аялай білмегенін түсінеді.

Романның соңғы бөлімінде Күнсұлу мен Андрейдің бір – біріне деген іңкәр, ыстық, мөлдір махаббатты шығармаға романтикалық рух берген тұсы деуге болды. Өз бақыты үшін күрескен қазақ әйелінің аз өмір кезеңі алынса да, романда айналаны қоршаған ортаны, табиғат суреттерін кейіпкерлердің бітім – болмысымен, әрқилы жан толқынысымен қоса қабат суреттеген.

«Түн. Ашық аспан. Шарасына толған ай, жеке дара жарық көрінетін жұлдыздар, қоңыр самал жел жазық даланы маужырата тербетеді. Жадыраған табиғат баланың ойын бірте – бірте сергіте бастады», әке – шешесінің ажырасатынын естіген Іңкәрдің алай – дүлей көңіл күйін табиғат ана өз бауырына басып алғанына куә боламыз.

Бас қаһарман Күнсұлудың «Күнсұлу екі ұдай сезімде жігітке қарап біраз тұрды. Қараған сайын жүрегі шымырлайды, құшақтай алып, құшырлана сүйгісі, тіпті осы жігіттің махаббатына тұншыққысы келеді деген жолдардан Андрейге деген сезімі, тірліктің мәнінің қазығы өз бақытын табуда деген нақты қорытынды шығарады.

Жазушы Сара Мыңжасарованың бұл романында ауыл тіршілігі және ауыл адамдарының бір – біріне деген шынайы қарым – қатынасы, туыстық сезімі біршама тәуір сипатталған. Күнсұлудың басына іс түсіп, қиыншылық көргенде құрбыларының көмекке келуі де нанымды берілген. «Күн батып кетті. Қырманда күзетшіден басқа ешкім жоқ. Күнсұлу әлі бидай суарып тұр. Бұл күндері Күнсұлу қорасында бір – екі ұсақ жандығына, жалғыз сиырына да қарауды қойған. Оларды іздемейді, сиырды саумайды. Көршілес, ағайындас әйелдер ертелі – кеш үнсіз келіп, малын жайғастырып, сүтін пісіріп кетеді»- деп автор сол шақтағы Күнсұлу қайғы – қасіретіне ортақтасқан ауыл адамдарын мәні бар штрихтар беру арқылы көрсетеді.

Қиын қыстау шатқалаңда шыныға түскен Күнсұлу жарық күндерден үмітін үзбей, жігер мен күрес үстінде көрінеді.

«Төзім шеңбері» романының қаһарманының алдағы тағдыры, кейінгі халін топшылауды автор оқырманның үлесіне қалдырады.

Қорыта айтқанда, автор бұл романда қазақ әйелінің еңбекке араласып, өз бақытын тауып, қызғылықты өмір кешетініне оқырманның көзін жеткізе суреттеген.


ТАҒДЫРЛАР САБАҚТАСТЫҒЫ

Оразбек Сәрсенбай 1938 жылдың тамыз айында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының “Жаңа тұрмыс” ауылында дүниеге келген.

1945 жылдың күзінде “Жансейіт” бөлімшесіндегі үш кластық мектепке оқуға түседі. Одан соң “Ақтоған” жеті жылдық мектебін бітіріп, Шиелі ауданы орталығында №45 қазақ орта мектебінде оқуын жалғастырған. 1957 жылы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби атындағы) Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі.

Жоғарғы оқу орынын тәмамдағаннан соң О.Сәрсенбай туған жеріне қайтып оралып, Шиелідегі М.В.Ломоносов атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Ал, 1966 жылы Алматыға, жастар газеті “Лениншіл жасқа” жұмысқа шақырылады. Бұдан соң “Жұлдыз” журналында (1968-1973), “Қазақ әдебиеті” газетінде (1974-1982) бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағында (1982-1986) әдеби кеңесші қызметін атқарған. 1987-1993 жылдардың аралығында “Жазушы” баспасының бас редакторы, “Өнер” баспасының директоры (1993-1995) болады. 1996 жылдан күні бүгінге шейін О.Сәрсенбай – “Қайнар” баспасының директоры.

О.Сәрсенбайдың шығармашылық өмірбаяны орта мектепте, университетте оқып жүрген шәкірттік жылдарда басталады. Елуінші жылдардың екінші жартысында, алпысыншы жылдардың басында аудандық “Стахановшы”, облыстық “Ленин жолы”, республикалық “Қазақстан пионері”, “Лениншіл жас” газеттерінде оның алғашқы өлеңдері мен әңгімелері жарияланады. Кезінде “Лениншіл жас” газетінде басылған “1961 жыл” атты публицистикалық дастаны әдеби, саяси ортада үлкен дау-дамай туғызып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол тұстағы хатшысы Н.Жанділдиннің баяндамасында сынға ұшырайды.

Жазушы О.Сәрсенбай осы уақытқа дейін 20-ға жуық жеке кітаптар бастырған. Оның әдеби сын, көркем публицистика, аударма, поэзия саласындағы жарияланымдары да қалың оқырманға жақсы таныс. Ол әр жылдарда В.Короленко, В.Иванов, Ф.Абрамов, Ф.Искендер т.б. секілді өзге ұлт жазушыларының таңдаулы әңгімелерін қазақша сөйлеткен. О.Сәрсенбай қаламынан туған әңгімелер негізінде “Долана” атты (Қазақфильм, 1981 ж., режиссері – С.Нарымбетов) көркем-суретті фильм түсірілген. Жазушының жеке шығармалары украин, орыс, эстон, якут, марий, тува, венгр, қытай, корей, ағылшын, өзбек, қырғыз, татар тілдеріне аударылған. Оның “Уәде” атты повестер мен әңгімелер жинағына Қазақстан Жазушылар Одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы (1987), ал “Шамшырақ” романына республикалық “Алаш” сыйлығы берілген (1994).

Оразбек Сәрсенбайдың “Шеңбер” романында үстіміздегі ғасырдың 70-ші жылдарындағы қоғамдық тіршілік сөз болады.

Бұл роман көркемдік жанрлық жағынан сипаттағанда әлеуметтік-психологиялық әдісте жазылған шығармалар қатарына жатады. Романда кешегі социализм заманында өмір сүрген естияр жасамыс ұрпақтың тапқандары мен жоғалтқандары, түптің түбінде зор қасіретке айналған бақталастық пен тақталастық, өзімшілдік пен дүниеқорлық сырлары жан-жақты көрініс табады. Осындай сиқырлы шеңбердің ішіне түсіп, ар мен азаматтық жолында арпалысқа шыққан ел ағалары Шерәлі мен Тоқтарбайдың, өзге де иманды адамдардың қилы-қилы тағдыры оқырманды бей-жай қалдырмайды.

“Психологизм – көркем әдебиеттің тұтас болмысынан сарқылмас қасиет. Біз ол жағдайды байқай бермейміз. Сонымен бірге психологизм – көркемдік бейнелеу принципі, ойлау типі, жазушы талантының төл белгісі. Әрі стиль көрінісі”, - деген ғалым Б.Майтановтың түйіндеуі орынды.

О.Сәрсенбайдың “Шеңбер” романы үлкен-үлкен сегіз тараудан тұрады. Бұл әлеуметтік-психологиялық романда автор өмір шындығын айна қатесіз беруді мақсат етіп қана қоймаған, айналадағы әлеуметтік-психологиялық құбылыстарды терең, дұрыс пайыммен қорытып бере алуымен ұтқан секілді. Роман қаһармандары Тоқтарбай Арыстанов, Шерәлі Дүйсенбаев, Мүбәрәк Құсниденов, партизан Аппақов, Ақтай Жаһилов т.б. жадағай күйде еміс, рухани дүниесі тартысқа толы, ойланатын, ақылды, бірақ жаңылыс басатын тұстарын да көрсету арқылы құнарлы дәстүрді жалғастырған.

Уақыт өзгермелі екені даусыз. Дегенмен кешегі мақтаныш болған саясат, идеология бүгінгі күні ерсі болып болып отырғаны да табиғи құбылыс. Сондықтан бұл романда өткен іске топырақ шашады деуден аулақпыз, дегенмен кешегі социализм заманындағы өмір сүрген қарапайым халық, басшы қауым, орта қызметкер т.б. арасындағы талас-тартыс, бақталастық жан-жақты суреттеледі. Осы арқылы жазушы түрлі әлеуметтік топтағы адамдардың түсінік, наным, дағды, өмірге көзқарасын шебер кестелеуге қол жеткізген.

“Отыз жетінші разъезд” атты тарауда облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығы Тоқтарбай Арыстанбековтің орынбасары Шерәлі Дүйсенбаевтың өлігі 37 разъезд маңындағы көпір астынан табылады. Бұл азаматтың өліміне кім себеп болғанын қарапайым халық түгілі, құқық органдары да анық таба алмайды. Айтулы азаматтың оқыстан болған қазасы және оны жерлеу үстіндегі оқшау оқиғалар жайында лақап сөз әдеттегідей үстемеленіп, жан-жаққа тарап, облыс басшыларының басы қататындай оқиғаға айналғанын нақтылы өмірлік деректер арқылы көз алдыңызға елестетеді. Романның алғашқы беттерінде ауыл қазақтарының қалыптағы мінез-құлқын, жікшілдікке бейім тұратындығын тұтастыра қамтиды. “Ел іші қашаннан жікшілдікке, талас-тартысқа, тіпті, жауығуға, өшігуге кенде емес-ті, бұдан қазіргі шен-шекпен, атақ-абырой үшін жандарын сатып, жанығып жүрген басшылар жағы құралақан деуге солардың бел ортасында жүрген отағасының аузы бармайды”, - деп халық пен басшының портреттік белгілерін ашық бағалау сарынын танытады.

Бұл романда сәтті шешімін тапқан негізгі қаһарман Тоқтарбай Арыстанбеков пішіндемесі сәтті шыққан. Тоқтарбай іс-әрекет, адамгершілігімен көзге түсіп, айтылар сөзі орынды, ойы дұрыс, табиғаты обьективті жақсы көрінетін бейне ретінде суреттеледі. Жазушы Тоқтарбай портретін кейіпкердің өз сөзімен суреттейді:

“Айнаға қанша қарағыштағанмен, өз бойынан пәлендей елеулі өзгерістер көре алмады. Азын-аулақ бурыл араласқан қайсар қара шашын шалқасынан қайырған, екі шекесі қисықтау, бірақ дөң, жазық маңдайлы құбақан кісінің бірден сырт көзге түсетін қасты қалың қабағы еді. Көз шарасы үлкен, аздап алалау, көз құйрығынан екі самайына қарай екі-үш сызық терең әжімдер түскен. Дөңес мұрын, кең танау, жұқалау ерін сызығы екі езуіне қарай доғаланып біткен: иегі шығыңқы, бірақ шықшыты білінбейтін дөңгелек жүзді. Егер ұстарамен көгертіп қырып тастамаса сақалы қалың өсетін ыңғайы бар екен”, - деген жолдардан 1970 жылдардағы аға буын өкілдерінің бейнесі ашыла түсіп, сыртқы пішінінде типтік сипат арқылы кейіпкердің ішкі психологиялық сыры к­өрінген. Тоқтарбай қаншама сыртын айбатты ұстауға тырысқанымен, боркеміктеніп бара жатқанын жақсы сезеді. Іш пен сырттың тұтастығы дегенге тіпті сенбейтін, екіжүзділіктің қазақ арасында меңдеп бара жатқанын, үй ішінде бір беті, ел алдында бір беті бар екенін іштей мойындайды. Тоқтарбайдың жан дүниесіндегі өмір, қоғам, адам, тұрмыс жайлы философия қағидалары ақиқат жолына сілтесе де, күресуге, әділетсіздікке қарсы тұруда дәрменсіздік көрсетеді. “Заманның қаталдығын, әйтпесе кеңдігін сылтау етіп, ар-ұждан алдындағы жауапкершіліктен қашып құтылып кеткен замандастары Тоқтарбай көріп те, біліп те келеді. Өзінің уақыттың суық желінен сескеніп, сай-саланы тасалаған кездері аз емес. Қаншама қайрат жинап, қарсы шапқан кездерде беті қайтып, мұқалып, жүдеген күндері. Біраз бір шүкіршілік ететіні – зұлымдықтан жеңілген шақтарда да замана ағымын сылтау етіп, ақталуды білмепті”, - өзінің осалдығын, болымсыздығын мойындаған кейіпкер патша көңіліндегі ойларын оқырманға жайып салады.

Бұл романда 70 жылдардағы облыс, аудан басшылығында отырған адамдардың мінез-дағдыларын шебер кестелеген. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мүбәрәк Құсниденовтің кейіп, кескінімен өзін ұстай білу манерасы нақты өмірлік деректермен ұтымды берілген. “Бүгін Біріншінің қимылы жылдам, жүзі жарқын көрінді. Үстіне ине жіптен жаңа шыққандай тап-таза, келісті тігілген ақ-сұр костюм киген. Мойнына жағылған дөңгелек теңбіл жазбалары бар қызыл күрең галстук пен ақ сұр костюмге ерекше жарасымды реңк береді. Маңдай шашы селдіреп, түсе бастаған, елудің ортасына шыққанмен, бүткіл өн бойында, жүріс-тұрысында әзір еңсерген егделіктің белгісі білінбейтін, недәуір толысқан, екі шекесі бұлтиған, айқабақ, биіктеу қыр мұрынды азаматты нағыз жігіттік дер шағында деп балалауға болар еді.

...Мүбәрәкті қысы-жазы нар інгеннің сүтін ішеді деп естуші еді. Сонысы сірә рас шығар – атаның жасына келсе де, шіркіннің үлкен қара көздері шырақтай жанып, денсаулығы сыртқа тепсініп-ақ тұр екен” [1,60-б]. Жазушы 1970 жылдардағы облыстың бірінші басшысын бейнелеуде оны ой-өрісін, дүниеге көзқарасын да қоса суреттейді. Негізгі геройлардың бірі Мүбәрәктің өзімшілдік, дүниеге көзқарас сырлары жан-жақты ашылады.

Бұл романның негізгі геройлары – Тоқтарбай мен Мүбәрәк. Бұл екеуінің өмір өткелдері бір болғанымен, тағдыр-талаптары әртүрлі жандар. Тоқтарбай әділдікке жақын жүретін иманды жан болып көрінсе, Мүбәрәк одан мүлде бөлек, өмірінің көбіне мақтағанды сүйетін, бақталастықпен өмірін өткізіп келе жатқан адам ретінде көрінеді.

Басты қаһармандардың өмір қақтығыстарынан шынайы шындық ашылып, Мүбәрәк бейнесін көз алдыңа келтіргенде оның құбылмалы, ойнақы мінезін тез аңғара алмайтын айналасындағыларға жұмбақ жандай көрінеді.

Бұл романда 1970 жылдарда өмір сүрген ұрпақтың басында болған бірқатар жайларды аңғартып, сол кездегі тұрмыс-тіршілік, олардың өмірімен қоршаған ортасымен Мүбәрәк Құснидинов тағдырымен сабақтастырыла, тұтастыра отырып суреттелгеніне оқырман көзі жетеді.

Оразбек Сәрсенбайдың “Шеңбер” романындағы көтерілген қазақ қауымы ортасындағы әлеуметтік-психологиялық проблемалары күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелер. Бұл шығарма адамгершілік проблемасын жан-жақты көтерген, сол кезде өмір сүрген Тоқтарбай, Шерәлі, Аппақ, ЖәҺилов, Мүбәрәк т.б. арқылы сол кезеңнің адамгершілік әлемін, рухани қуатын, психологиялық болмысын пәрменді суреттеген шығармалар қатарына жатады десек қателеспеспіз.


ТОЛЫСҚАН ТАЛАНТ ИЕСІ

Бүгінгі таңда қазақ әдебиеті өрлеу, даму процесін басынан кешіріп отыр десек те, 1960-1970 жылдары әдебиетке келген ұрпақ әртүрлі тақырыпқа терең барлау жасап, батыл еніп, ғасырлар бойғы қазақ халқының басынан кешкен санқилы оқиғаларды өз шығармаларына арқау етіп, сол заманалардың қалың қатпарларын ашып, өзі өмір сүріп отырған ортаның шындығын барынша жайып салуға күш жұмсағанына куә боламыз.

Тарихи тақырыппен қатар бүгінгі күн туралы айтуға ұмтылу, кез-келген елдің әдебиетінің талап-тілектерінен туындап отырады. Қазақ әдебиетінде жазушы Қ.Ысқақовтың қаламынан туған әрбір шығармасы барлық уақытта да оқырман қауым назарын аударған елеулі оқиға болып отырды.

Жазушы Қалихан Ысқақовтың шығармаларында көтерген проблемалар мен қоғамдық қомақты мәселелер бір күнде, бір жылда шешіле салмайтын, кешегі арқылы бүгінгі ұрпақты ойландыруға жетелейтін терең философиялық ойларға апаратын тағлымды туындылар. Жазушының әрбір шығармасын оқығанда онда суреттелетін өмір шындығына көңіл аударып қана қоймайсың, адамдардың мұңы мен мұқтажына еріксіз ортақтасып, терең толғанысқа, сағынышты балалық шаққа, басыңнан өткен қимас сезімдерге орала бересің. Бұл жазушының шығармашылығындағы халықтық сипаттың әсері, әдеби кейіпкерінің жақын болуының себебі де өзіміздей қарапайым адамдардың өмірінен алынғандығы, олардың психологиясын өзгеше өрнектеуінен десе болғандай.

1957 жыл Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, 1957-1964 жылдар аралығында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналы редакцияларында жұмыс істеген. 1967-1972 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясында аға редактор болып қызмет атқарған. 1972 жылдан Қазақстан Жазушылар одағында драматургия секциясын басқара жүріп, бірнеше пьесалар жазып, әртүрлі облыстар театрларының сахналарында қойылған. «Сарша тамыз» (1968), «Ұшы қиырсыз жол» (1969), «Қараша қаздар қайтқанда» (1985), «Охрана бастығы» (1976) атты көркем фильмдердің сценарийін де жазған.

«Қоңыр күз еді» атты алғашқы повесі 1963 жылы жарық көреді. Бұл повесінен жазушының шығармашылық бағытындағы оң беталысты сонау ерте кезден аңғарғанына куә боламыз. Мұнда жазушының қарапайым халық арасынан шыққан Қасым атты кейіпкерінің балалық шағы, алғашқы жақсы көру сезімдерінің ұнамды жақтарын баяндауға ден қойғанын, басты бейненің бойындағы жақсы белгілерді көрсетумен бірге автор оның ой-санасындағы шектелушілікті де жасырмайды. Жазушы өз кезеңіндегі өмір шындығына иек арта отырып, Қасым атты кейіпкері арқылы сол кездегі жастардың сүйіспеншілігі, бір-бірімен қарым-қатынасы, мектеп оқушыларының басынан кешкен әрқилы оқиғаларын қиюластыра келе, бір мектепте болған жастар арасындағы қызғылықты жайларды жай ғана баян етпей, олардың шынайы сезімдерін жеріне жеткізе суреттеуінен Қалихан Ысқақовтың реалистік қырын тереңнен танимыз. Бұл повесте адам бойындағы, мінезіндегі мінді мінеу жағы басым шығып та жатқан тұстары бар. Мысалы, мектеп директоры Қалматай – лақап аты Маймұрын, оның әйелінің поддиректор аталуының себептері, интернат завхозының шын аты Зейнолланың - Беликов аталу себептерін тәптіштеп көрсеткен автор бұл кейіпкерлердің моральдық тағдырларын тартымды бейнелейді және астарлы юмаристік жолмен хал-қасиеттерін нанымды ашқан. Жазушының майдақоңыр юморы ара-тұра еріксіз күлкіге үйіреді. Мысалы, повестегі Қыдырханның Бүкір аталу себептері, тәрбиеші, мұғалім, ұстаздарға жағынып жүретін қылықтары өзіне ғана тиесілі сияқты. Қыдырхан сияқты оқушы әр мектепте де кездеседі, бірақ Қ.Ысқақов повесіндегі Қыдырхан әрбір қылығымен жағымпаз оқушылардың жинақты бейнесі есепті. Оны жазушы былай бейнелейді:

«- Сен оның айтқанына көне берме. Әрі-беріден соң төбеңе шығып алады да, ананы өйт, мынаны бүйт деп қу жаныңа қоныс таптырмайды. Есімі Қыдырхан, бүкірі біздің қосқанымыз ғой, - деп бір қойды. – Оның үстіне тәрбиеші, мұғалім, аспаз дегендерге жағынып, бірді-бірге шатыстырып қойып, майға батырған ыстық қасықша жылпылдап сумаң етіп әр жерден сүңгіп шығып жүргені». Бұл Қыдырхан бейнесін автор оның іс-әрекетін реалистік жағдайда суреттеген және кейіпкерінің рухани әлемін, кейінгі тағдырын да жорамалдауы байқалады.

Қасым өз әкесінің туған ағасын «Шалым» деп атайды, шын аты – Ыбырай өз баласы жоқ болғандықтан Қасымға үйірсектей береді және сырттай қамқорлық танытып, тілектес ниетпен көмектесіп, қол ұшын беріп көмектесіп отырады. Повестің жалпы мазмұны достық, адамгершілік жайындағы мектеп ұстаздарының өсиеттеріне, интернат ұлдары мен қыздарының балғын жүректеріндегі сезімге, көңілде тұтанбай қалған оттың қалғанына, адам көңілінің қысы, жазы, көктемі мен шуағы бар екеніне арналған десе болғандай, бір сөзбен айтқанда бұл жайларды жазушы өзінің суреткерлік шеберлігі арқылы ашып бере алған.

Балалық шаққа біршама саяхат жасаған жазушы көңілінде көп сұрақ қалғанын мына жолдардан аңғарамыз: «...Болашақтың жағасы бұлдырап қана елестейді өзіме. Қомшабай мен Алтын ше? Хал-ахуалдары қалай, тіршілігі қалай, осынау жалпақ өмірдегі аяқ алыстары қалай, өмірдегі жаңалықтары қандай, бұл жағынан хабарсызбын. Қомшабай Алтынға деген соңғы бір көңіліндегі түйткілін айта алды ма, айта алмады ма, ол да маған беймәлім»,- деген сауалдармен аяқтаған автор оқушыны ойлануға жетелейді.

Қалихан Ысқақтың «Бұқтырма сарыны» повесінің мазмұны Бұқтырманың әсем табиғатының аясында өмір сүріп жатқан адамдардың тағдырын арқау еткен. Бұл повестің кейіпкерлері де санаулы. Олар: орыс шал Жәгөр, оның немере қызы Дунька, қазақ жігіті Аян төңірегіндегі оқиғаларға негізделген. Бұқтырманың айналасындағы самаладай қалың ағаш, аспаннан түскен күн сәулесі, шапшыған ақ көбікті өзен суы келісті әрі адам характерлерімен орайластырыла суреттелген тұстары нанымды әрі шебер деуге болады.

Айдалада орман ішінде тірлік кешіп жатқан шал мен оның немересі Дуньканың өмірі басқа қарапайым адамдардан өзгеше және қазақ өміріне беймәлім сырлары бар екенін, келіп-кетіп жүрген шопыр жігіт Аянның орыс қызына ұнап қалуын, оған шал тарапынан көрсетілген қарсылықтар, орыс шалының өткен өмірінің суреттері қызғылықты баяндалады. Өзінің фамилиясын жаза алмаймын Дуньканың аңқаулығы, кісікиіктігі, табиғи мінезі нанымды беріледі. Орыс қызының бар арманы бала кезінен арғы жағаға өту. Өлмелі шалдың бакенге байланып қалған несі бар деген сұрақ қызды да мазалайды. Сол өңірдегі өзгермейтін осы бакен мен өзінің атасы екеніне қыз сенімді болып өседі. Ені жалпақ, суы мол Бұқтырманың, міз бақпайтын қалың орманы мен мұздай көкшағыр құздар ертеректе қыз көзіне биік сияқты көрінгенімен кейінгі кезде қыздың көңілі бұзылады. Әсіресе жазушы оқымаған орыс қызының психологиясын терең ашады: «Оның он алты жасына дейін өмірден бар тірнектеп түйгені, білгені – адамдардың үш-ақ сорты: бір сорты – атасы, екінші сорты – мылқаулар, үшінші сорты – бәдіктер. Әрине оның ішінде атасы ақылдылар тобына жатады да, қалған екі сорты – һарам дүниенің «құдайдан безген» пенделері. Ал, бар қиналатыны, Аянды осы екі топтың қайсысына сыйғызарын білмей дал...». Қыздың қазақ жігітіне ғашық болуы, оның ауылына Дуньканың өзі іздеп баруы, екеуінің повесть соңында қосылуы оқушысының көңіліне қонымды әсер етеді.

Повестегі көтерілген үлкен проблема қарапайым адамдардың табиғатқа деген қарым-қатынасының күн санап өзгеріп келе жатқаны, оны қорғау мен аялау адамдардың ғана қолынан келеді деген идеяға бағындырады. Соңғы жылдары орман қоры азайып, адамдардың жұмыс нарқы арзандап, елдің де өмірі тұрақсызданып, бірі бұғы савхоздарына, бірі алтын рудасын қазатын рудниктерге көшіп жатқанына жазушы көңілі алаңдап, өзі өмір сүріп отырған ортадағы өмір шындығына алаңдаушылықпен қарайтынын байқаймыз.

Қалихан Ысқақовтың «Тұйық» романы 1975 жылы жазылған, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ауыл өмірі мен соғыс өмірінен кеңінен мағлұмат беретін, соғыстан кейінгі жылдардағы қарапайым адамдардың басынан кешкен ауыртпалығын арқау етеді. Бұл романның кейіпкерлері Бәтиха кемпір, оның жалғыз ұлы Әлмұрат, Әлмұраттың әкесінің інісі Қажымұрат, Қажымұраттың жақсы көрген әйелі Зылиха, оның соғыстан екі аяғынан айырылып келген, кейіннен қайтыс болған күйеуі Төремұрат, орыс шалы Трофим т.б. Романның басты кейіпкері Қажымұрат туған ауылына ес білгелі екі-үш-ақ дүркін келіп, кейіннен ауылынан тыс жерде өмір сүреді. Жеңгесі Бәтиханың қолына төрт жасынан қарап, қиын-қыстау аш өзек шақ келіп киліккенде қайнысын детдомға тапсырып жіберген де осы жеңгесі Бәтиха болады. Содан бала Қажымұрат 1942 жылдың қысында елін қайта тауып, біраз жылдан соң қайта жоғалып кетеді. Роман оқиғалары басынан-аяғына дейін осы Қажымұрат төңірегінде өрбиді. Оның басынан кешкен қиындықтары, өмірдегі аралас-құралас болған адамдарымен қарым-қатынасы жан-жақты суреттеле отырып, оның характері кескін-тұрпаты, жан дүниесі әсіресе айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы үстінде жан-жақты ашылады. Ол әрқашанда адамдарға көмектескеніне, жақсылық жасағанына риза жан болып көрінеді. Ал, жеңгесі Бәтиханы жалғыз ұлы жұртқа тастап, отау тігіп бөлек кеткен. Осыны білетін Қажымұрат жеңгесі басына қанша қиыншылық әкелгенін есепке алмай, қартайғандағы кемпірдің мүшкіл халін ойлап, ет-бауыры езіліп жаны ашиды.

Бұл шығармадағы айтылған оқиғалар белгілі бір кезеңнің соғысқа дейінгі, соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі уақыттың мөлтек шындығы болып алынады. Болып өткен оқиғалармен қоса бүгінгі өмірдің де көкейкесті проблемаларының тығыз байланысы романның өн бойынан сезіледі. Қаламгер нені насихаттаса да, нені мансұқтаса да оқушыны өзінің сеніміне жүгіндіре алады. «Тұйықтан» түрлі көзқарастағы қазақтың қарапайым адамдарын табамыз, олардың мінезі мен дүниетанымын қалыптастырып отырған ортаның сырына қанығамыз. Мұндағы оқиғалар табиғи дамығаны соншалық кейіпкерлердің дұрыс, бұрыс әрекеттеріне оқырман бірден үкім шығаруға асықпайды, өйткені оның бәрі де обьективті ситуациялар үстінде ашылып отырады. Осы романдағы есте қалатын бір бейне – Зылиха. Бұрын күйеуі әскери болған Зылиха, кейіннен колхоз жұмысына араласып, азабы мен арманы жоқ тоқмейіл өмір кешкеннен гөрі, келер күннің үмітімен өмір сүргенді артық көретін кейіпкер. Зылиха мен Қажымұрат шүйіркелесіп әңгілеспесе де бір-бірін қас-қабағынан түсінеді, тағдыр бұйрығымен бөлек өмір кешіп келе жатқан, екеуінің түтіні тұтанбай жатып сөнген, өмірдің өткелінде жығылған, оған екеуі де өздерін кіналайды. Шығарманың оқиғалық өрісі көбінде «Мұрат» аулында өтеді, адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас сырын аша білген жазушы байланыстар диалектикасының шыншылдығы мен өміршеңдігін кез-келген оқиғаға дарыта білген. Мұнда суреткердің өмірді өзінше тануы мен кейіпкерлердің мінезінің даралық сымбатын сәтті табуы шындық шартымен белгіленген.

Жазушының қаламынан туған “Ақсу – жер жаннаты” (“Қара орманның” жаңа нұсқасы) романы қазақ әдебиетіне қосылған елеулі туынды болып табылады. “Ақсу – жер жаннатын” жазушының шынайы өмірден таңдап алған құбылысы ретінде сенімді баяндалады.

Жазушы Қ.Ысқақовтың “Ақсу – жер жаннаты” романындағы Бекет дүниені, өмірді, адамды танып-білсем деп талпынған азаматтың бірі. Романның кейіпкерлері Бекет, Жанжігіт шал, Ситан, Сарқыт, Әбдіжапар, Лексей Лексевич, Әсем, Бесемпір т.б. Алуан түрлі кейіпкерлер, олардың тіршілігі, қым-қуыт тағдырлары және романның проблема етіп көтеріп тұрған мәселесінің маңыздылығы – бәрі-бәрі шығармаға кең тыныстылық қана беріп тұрған жоқ, сонымен қатар әлі де жалғасын табар, әлі де жазылар сұлбасын танытқандай. Оқырманның жазушы шеберлігіне тәнті болып, одан әлі де болса туынды күтері сөзсіз. Бұл жайды сыншы Т.Тоқбергенов өте ұтымды жеткізген. “Романның соңғы нұсқасы жазылып бітті, көптен ойда жүрген үлкен тірлік талай толқыманы өткеріп, әу баста діттеген жеріне жетті дер болса, онда роман осымен тәмам. Алайда, шығарма, біздіңше, тағы жалғасатын тәрізді. Неге екенін қайдам, Сиғаттың орнын басқан Бекет тағдыры енді ашылатындай. Соған байланысты кейіпкерлер әулиетінің сексенінші жылдардағы ұрпағы өз-өзінен жаңа романға сұранып тұрған сыңайы бар. Бекетпен басталып, Бекетпен аяқталған романның ендігі жалғасы да сол Бекет болатын нобайы көрініп тұрғандай” деп жазады сыншы Т.Тоқбергенов.

Бекет өзін-өзі танып бітті ме? Өзгелерді ше? Әлі ешкім де толықтай танып, біліп, түбіне жетпеген әлемді, дүниені, ондағы адамдарды, сол адамдардың өмір сүрудегі мақсатын, мүддесін таным зердесінен өткізе алды ма?

1960-1980-інші жылдары дүниеге келген қазақ романдары осынау проблемаларға тереңірек үңілді, соның нәтижесінде шығармаларында философиялық сипат пайда болды, ал бұның өзі сол кезеңдегі ерекше бір әдеби ағымды аңғартады дегенді жоғарыда айтып өткенбіз. Сондықтан да “Ақсу – жер жаннаты” романы, мәселеге осы тұрғыдан келсек, әлі де айтары бар, мейлі Бекет болар, мейлі Бекеттің қазіргі кезеңдегі ізбасары болар, әйтеуір жалғасы бар шығарма болып көрінеді де тұрады. Мына бір пікірді келтіре кеткеніміз орынды.

Адам өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тыс тұра алмайды. Мәселе адамның сол қоғамның заңдылығын үнсіз мақұлдап, ессіз орындауында немесе қоғамдағы қарама-қайшылықтарды терең түсініп, оның өміріне үнсіз бас шұлғудың орнына, өз пікірін, өз ойын іркілмей айтып, қайыспай қарсы тұруында болса керек. Тереңірек үңілсек, Қ.Ысқақов романының мазмұны – сұлу Алтайдың әсем табиғатын қалай да болашақ ұрпаққа бүлдірмей, мұра-мирас етіп қалдырамыз деген ниеттен туындап, пішініне адамдардың арасында кездесетін түрлі драмалық жағдайлары, тебіреніс, толғанысын бейнелейтін психологиялық, философиялық сипаттар арқау болған.

Романдағы бірінші бөлімнің бірінші тарауындағы мына сурет жазушының өзіндік жазу машығын ғана әйгілеп тұрған жоқ, сонымен бірге Бекеттің болсын, басқа да қаһармандардың болсын, күрделі өмір жолын көрсетеді, сол арқылы жер басып жүрген барша адамзаттың ғұмырын, тағдыр-талайындағы күнгейі мен көлеңкесін, күндізі мен түнін, ақ-қарасын, қуанышы мен ренішін толы сапарын да байқатады.

“Мұз астында тып-тыныш қыстап шыққан Күлмес өзені әр жерінен үзік-үзік тесіле бастаған екен, жар жағасындағы жалғыз көшенің біркелкі ағаш үйлері бір түннің ішінде шатыры мыжырайып, ескіріп қалыпты. Қыштан соққан екі қабат қос орда қоймен бірге жайылған бозқасқа есектей одырайып көрінген, олардың ауданның ақсүйек мекемелері екенін Бекет штукатурлы кәрі келіншектей сәңқой сырт пошымынан-ақ танып отыр. Ел-жұрттан екі-үш шақырым қашып шығып, ұлтарақтай жазықтың дәл ортасына жалпая кеп қонған аэропорттың қортық тамы да жым-жырт жусап тұр. Енді қайтып ешкімді шығарып салмайтындай, енді қайтып ешкімді қарсы алмайтындай екі арадағы суыртпақ жол уәһәм дүниеден күдерін үзіп бос жатыр. Өзек талдырып, өмір өксіткен уәйімшіл бір тыныштық бар қуатыңды құмарлығымен қоса қақтай сауып тауысқан нәумез шақ. Сен жұртқа, жұрт саған жексұрын көрінетін сияқты”.

Шығармада Бекет араласқан, Бекет қарым-қатынас жасаған барша кейіпкерлердің әрқайсысы бас қаһарман үшін өмірді танытқыш мектеп десе болғандай. Романдағы барлық сюжеттік желі осынау адамдардың мінездерінен, бір қарағанда оғаш, ожар сөздері мен іс-әрекет, пиғыл-пейілдерінен бастау алған. Жанжігіт қарт, Асхат, Сиғат, Жақып, Мешел, Бескемпір т.б. романдағы тұлғалар жеке, дара, дербес сюжеттік желілерге арқау болғандай әсер қалдырады.

Роман сюжетіндегі барлық образдар бет пердесін сыпырып тастап, шынайы пиғылымен көрініп тұрғандай. Боқтау сөз айтсын, ожар қылық көрсетсін, бір қарағанда, оспадар жандардай әсер қалдыратын осынау қаһармандар сюжеттік-композициялық құрылымға ширақтық, өткірлік берген. Көптеген қаһармандардың өткен ғұмырын, әсіресе, жастық шағын елжірей еске алуы, сол бір балауса, кіршіксіз таза кезіндегі сырлы сезіміне бүгінгі уақыттың биігінен көз салуы композицияға айрықша үйлесімділік дарытқан.

Балалық балғын шақ, бәрінен бұрын, адамның табиғат – анамен байланысының ең бір берік кезеңі, ол кезең шындық пен қиял арасына қойылатын шекараның бәлендей байқалмайтын сәтімен ерекшеленеді. Сондықтан да сюжеттік желідегі әр қаһарманның сонау алыста қалған сол бір қимас кезеңіне үн қатуы, сонымен жүздесуі, қиял дүниесіне енуі лирикалық шегіністермен ұтымды берілген. Ал мұның өзі романның пішініне лирикалық сарын енгізген.

Ожар, оспадар, дөрекі көрінетін қаһармандар роман сюжетінде бірте-бірте бар болмысымен көрініп, характерлері ашыла түседі. Сюжетке қатысты нәрсе – тартыс десек, сол тартыс адам-табиғат-қоғам деген ұғымдардың төңірегінен табылады екен. Сондықтан да көп кейіпкердің өмірдегі өз орнын табуға талпынуын оқиға желілерінен қапысыз аңғарасыз.

“Ақсу – жер жаннатындағы” қаһармандарды да бірін Алтай табиғатының жанашырлары деп, бірін табиғатты таптап, ақшаның, табыстың көзіне айналдырғысы келгендер деп қарау керек. Осы жайттан бастау алған тартыс сюжеттік желіге арқау болған.

Қ.Ысқақов романындағы “Бекеттің құлағында: “тігерге тұяқ қалдырмай қырып салды” деген жалғыз сөз ғана. Қадап айтқан жалғыз сөз миына мірдің оғындай қадалып, жар басындағы көгендеулі көп шамнан жаны түршікті де, Жанжігіттен көзін жасырар кең дүниеден алданыш таппады. Қасына жақындай баруға қаймыққан. Он тоғызыншы ғасырдың мұрасынан қалған тірі экспонаттың жалғыз нұсқасының жүзіне қарауға тіксініп еді”, - деген жолдар бүкіл сюжеттік желіге арқау болып тұр. Өзгені білсем екен, өзімді-өзім танысам екен деген жігіт алдымен өзі дүниеге келген жылы ұясын, жақындарын танып білді ме? Осы жайттар үлкен мақсат жолында жүрген бас қаһарманның тартыс сахнасына, күрес жолына шығуына себепкер болып, роман сюжеті барынша өткірлене түскен.

Романның соңындағы “...Төркіндеп келген кәрі кемпірдей ырғалып-жырғалып ақсирақ қоян жылы Алтай өңірінен әлі де қайтқан жоқ еді...” деген сөйлем шығарманың соңғы түйіні, эпилогы сияқты әсер қалдырғанымен, өмірдің еш уақытта тоқтауды білмейтінін, уақыттың кідіруді көтермейтінін, адам бар жерде тіршілік бар, тіршілік бар жерде адамдардың көші бар, күрес бар, тартыс бар деген өмірдің ұлы заңын, ұлы философиясын алға тартқандай болып көрінеді.

Жазушы Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жанаты» романы әрқилы адамдардың тағдырынан сыр шертетін, бүгінгі күні де күн тәртібінен түспей отырған өзекті проблемалардың бірі – экология мәселесін арқау еткен кең тынысты туынды. Бұл романның ең бағалы тұсы – Алтайдың таза табиғаты, табиғат сурттері мен адам тағдыры қатар өрілген, оқиға желісі қызғылықты, оқушысын жетелеп әкететін, композициясы орнықты роман. Алтай өңірін мекендеген бірнеше ұлттардың қатар, тату-тәтті өмір сүріп жатқан жұртшылықтың кешегі, бүгінгі өмірімен қоса болашағы да болжанады, ертеңіне деген жазушы жүрегінің алаңдаушылығы шындыққа қыранша биіктен қарайтын көрегендігіне куә боламыз.

Қалихан Ысқақов әрбір сөзі мен сөйлеміне жауапкершілікпен қарайтын, шындыққа жанасымды шығармаларды өмірге алып келген, жұртшылықтың өскелең талғамынан шығатын туындылар беріп келе жатқан сарабдал қазақ жазушысы десек артық болмас.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет