ДЕРЕКТІ ФИЛЬМНЕН ҮЛКЕН КИНОҒА ДЕЙІН
Республикамызға белгілі журналист, 100-ден астам деректі фильмдердің продюсері, көптеген телевизиялық жобалардың және де онға тарта телефильмнің авторы «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінің Бас директоры Мақат Садықтың 2004 жылы «Фолиант» баспасынан «Деректі фильмнен үлкен киноға дейін» атты көпшілік қауымға арналған кітабы жарыққа шықты.
Бірді-екілі ғана ұлтттық теледидар мәселелеріне арналған оқулықтар болмаса, зерттеу еңбектердің күні бүгінге дейін жоқтығы теледидар саласына мамандануға ниеттенуші жастарға көмекші құралдардың аз болуы көп қиындық туғызып отырғандығын мойындау абзал. Республикамыздың жоғары оқу орындарындағы журналистика мамандығына даярланушы студенттер қауымы мен оқытушылар осы оқулықтар мен оқу құралдарының аздығынан қиналысқа кезігіп жүргендігенен де хабардармыз. Мақаттың «Деректі фильмнен үлкен киноға дейін» атты кітабы осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жазылған және қазақ телевизия саласында істеген көп жылдық тәжірбиесі мен көрген-білгендерін, ой-толғамдарын жинақтаған білікті журналист құпиясы көп көгілдір экранның көп сырын ортаға салған.
Кітап үлкен-үлкен екі бөлімнен тұрады, бірінші бөлімде деректі фильм жасау жолдары, қазіргі заманғы ғаламдық қарым-қатынастардың, идеология иірімдерінің санқилылығы, ұлтттық дүниетанымның деректі фильм жасаудағы рөліне кеңінен тоқталады. Жаппай жұртшылықты жарылқаған деректі сериалдар фабрикасын жасақтаудағы Еуропадаға мықты мемлекеттер тәжірбиесіне кеңінен тоқталған кітап авторы шетелдік сериалдарға мойнымызды бұра берсек, ұлттық өнеріміздің өрісі байланып, өсуіміз кенжелейді деген қорытындысына қосылмасқа шара жоқ. Деректі фильмнің ізгілік идеологиясы екенін еске түсірген автор егер фильм ұлылық нышандарға толы боса ғана халықтың ниетімен сабақтас болып жататынын дөп басқан. Қазіргі кездегі деректі фильмге деген қарапайым халықтың, шағын және орта бизнес өкілдерінің, саясаткерлердің сұранысы туралы саралаған автор деректі фильм жасаушы мамандарын дайындауға ден қоятын уақыттың жеткендігін ашық айтады.
Қазіргі кездегі телевизияның міндеті адамдардың өмірлік ұстанымдары мен тұрмыстағы іс-тәжірбиесін насихаттап қана қоймай, керісінше ұлттық идеяларға баулу, мәңгілік мұраттарға бастайтын арнайы хабарлар, деректі фильмдер арқылы алғашқы қадамдар жасау абзал екені мәлім. Мұнда кейінгі он-он бес жыл ішінде жасалған деректі фильмдерге шолу жасалып, журналистердің қалам қарымы, ізденімпаздық пен жетістіктері де орынды бағасын алған. Бұл бөлімде оқырман телевизия әдебиетті алмастыра ала ма?, оның тақырып зерттеу, жасау жолдары, идеяны игеру, фильм түсіруге дайындық, түсіру тобының міндеттері, монтаж, режиссер міндеті, т.б. толып жатқан деректі фильм түсіру кезіндегі шығармашылық ізденістерге тоқталып, көптеген мәліметтер береді. Бұл еңбекте «Ақиқат бәйтерегі» фильмі сценарийінің соңғы нұсқасы беріліп, теорияны практикаға ұстастыруы тележурналистерге бұл кітапты көмекші құрал ретінде пайдалануға болатынын дәлелдесе керек. Осы фильм портретте М.Садық кейіпкерінің өмірлік тәжірбиесін, оның естеліктерін, өмірде болған өзгерістерді, ол туралы ойларын, адамдар тіршілігіне белгілі оқиғалардың ықпалын әдемі әңгімелеген. Осындай нақты мысалдардың кейін кітап оқырманының деректі фильмдердің пәрменділігін, маңыздылығын дұрыс түсінуіне жол ашады. Осы тұстан деректі фильмнің салмағы сценарийге түсетіндігі, бұл фильмдердің мәтініне қана құлақ түріп қоймай, бейнекөріністердің қыры мен сырына да үңілу қажет екенін ұғамыз.
Республика телевизиясында соңғы кездері көрсетіліп жүрген деректі фильмдердің ішінде көрерменін ойлантып, толғандыратын, болашаққа сенімділікпен қарататын, әсіресе рухани құндылықтарды насихаттайтын дүниелер көптеп көрсетіле бастағанын жақсы үрдіске балаған журналист Сергей Азимовтың «Аралмен қоштасу», Владимир Рерихтың «Полигон», Қайнар Олжайдың «Бірінші» секілді жобаларындағы мұрат-мақсат бірлігі мен көзқарас ортақтастығын қызғылықты баяндайды. Ал Бақыт Қайырбековтің «Қазақтың ұлттық дәстүрлері» атты нақтылы тақырып аясын қазық еткен деректі сериалының мән-маңызын, жастар үшін сабақ боларлық еңбек деп бағалағаны орынды.
Кітаптың екінші бөлімі фильм түсірудегі «Шарт жасасу жолдары» деп аталып, сценарийдің авторымен жасалатын шарт, оның үлгілік мәтіні, басқа мемлекеттердегі осы жөніндегі тәжірибиелер, режиссермен жасалатын шарт, сазгермен жасалатын шарт туралы тоқталып, сипаттама берілген. Мұның да осы журналист мамандығын игеруге ниетті жастарға көмегі мол екендігі сөзсіз.
Қазақстан тәуелсіз ел атанғалы тарих керуеніне ілесіп келе жатқан деректі фильмдеріміз баршылық болса да бүгінгі түсіріліп, жазылып жатқан деректі фильмдер де бай мұрамыз, асыл қасиеттеріміз, ортақ құндылықтарымызды жаңғыртуда барлық телеарналар өз жұмыстарын түрлі бағытта жүргізіп келе жатқаны қуантады. Мақат Садықтың «Деректі фильмнен үлкен киноға дейін» атты кітабы да осы телеарналар жұмысына, журналистің өзіндік іс-тәжірбиесіне, көзқарас біліктілігіне сын көзбен қарап, ғылыми айналымға түсіріп отырған алғашқы еңбектердің бірі. Әсіресе қазақ тіліндегі деректі фильмдердің табиғатына, ондағы жаңа ізденістер мен өзгерістерге, жетістіктер мен алда тұрған міндеттерге алғаш талдау жасалғандығымен құнды. Бұл кітап әсіресе журналист мамандығына даярланып жүрген жастар, тележурналистер, қалың көпшілікке пайдасы мол, деректі фильмдерге жаңаша мән беріліп, теориялық және практикалық талаптар тұрғысынан тың тұжырым жасауға көмектесетін еңбек деп бағалағымыз келеді.
Екінші бөлім әдебиеттері:
Жирмунский В.М. Теория литературыы. Поэтика. Стилистика. –Л.; Наука. 1977.
Нұрғали Р. Телағыс. Әдеби дәстүр мен әдеби даму. – Алматы: Жазушы, 1986.
Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. – Алматы: Ғылым, 1979; Елекенов Ш. Замандас парасаты. Әдеби сын. – Алматы: Жазушы, 1977; Дәдебаев Ж. Өмір шындығы және көркемдік шешім. – Алматы: Жазушы, 1991; Хамзин М. Қазіргі қазақ тарихи прозасындағы өнер адамдарының бейнесі. – Алматы: РБК, 1993; Рақымжанов Т. Қазіргі қазақ романының поэтикасы. Филол.ғыл. д-ры.ғыл. дәреж. алу үшін жаз. дис. – Алматы: 1993; Сыдықоа Т. Қазақ тарихи романы. Әдеби зерттеулер. – Алматы: Ер-Дәулет, 1996.
1. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. – Алматы. Білім. 1999. – 746-б.
Бердібай Р. Ел боламыз десек. – Алматы. 2000. – 396-б.
Бердібай Р. Байқалдан Балқанға дейін. – Алматы. Қазақстан. 1996. – 256-б.
Сүйіншәлиев Х. Гүлстанға саяхат. // Қазақ әдебиеті. 1970 жыл. 21 тамыз.
Бейсенбайұлы Ж. Арғы түрктер ақиқатының ізімен. – Алматы. Қайнар, 2006.
Янковский.Н.К., Боринская С.А. Наша история записания в ДНК // Природа. 2001. №6. Народы мира. 2000.
Пучков П.И. Дивергенция языков и корреляция между языком и расой // Народы и религии мира. Энциклопедия. // www. cbook. ru.
ІІІ БӨЛІМ
ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ БӘЙТЕРЕКТЕРІ
Бұл бөлімде қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары, публицистикалық жанрда жазылған туындылар, ондағы көркемдік элементтерді шебер пайдалану әдістері тәптіштеліп, тілдік, стильдік ерекшеліктері тілге тиек болады.
Публицистика шын мәнінде сөз өнерінің бір парасы. Оның көркем шығармашылықтан бөліп қарауға болмайтын төл сипаты, кең мағынасы бар. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» кітабында публицистиканы «көсем сөз», очерк жанрын «әуезе» деп атап, оған қатысты біраз терминдер мен атаулар қалыптастырған. «Болған уақиғадан бастан-аяқ болған түрінде, ретінше мезгілін, мекенін көрсете мазмұндап, мағлұмат беру әуезе болады. Әуезе ақпар мағынада, оның мысалы, шағын түрде айтқанда мынау болады» [1, 397-398-б],- деп «Еңбекші қазақ» газетінен бір мәтіндік материалды мысалға келтірген. Яғни, әуезе сөз өнерінің ішіндегі жедел де ұшқыр, өтімді жанр. Қазақ әдебиетіндегі әуезе жанрының тәжірибесі мол, қоғамдық пікірге толымды өлшеуіш бола алатын қасиеттерге бай, зор мүмкіндіктерге ие екендігін А.Байтұрсынов дөп басып айтқан. Оның ішінде өмір шежірелерін очерк жанры арқылы жасау баспасөз, радио, теледидар, кино секілді сан-салалы мүмкіншіліктері бар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асады. Шынында очерктің негізгі міндеті – заман тарихын әділ, ақиқат жазу, адамның тіршілік-тынысының қай саласын болсын шыншылдықпен суреттеу.
Уақыт пен әлеуметтік ортаның, адам мен қоғамның «жанды» шежіресі ретінде очерктің рухани мәдениет аясындағы мән-маңызы айрықша зор. Бұл тұрғыдан келгенде очерк жанрына қоғамды шыңдайтын, талғамды жетілдіретін мәдени-рухани ықпалды «құрал» деп қарап, оның эстетикалық және ағартушылық қасиеттеріне ғылыми зердемен ден қойып отыру қажет. Бұған қазақ топырағында туындаған очерктер сандық та, сапалық та өресімен әбден лайық. Бүгінгі таңда қазақ очеркінің 250-300 томдай болатын мәтіндік материалдары бар. Бұл – мәдени-рухани толымды қазына. Қазақ топырағында туындаған очерк жанрының тек-тамыры мен қалыптасу жолдарына ден қоя отырып, очерктің толысқан үлгілерін ғылыми зердемен саралау, зерттеу осы бөлімнің негізгі мақсаты.
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар А.Байтұрсынов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Кенжебаев, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Р.Нұрғали, А.Сейдімбек, Т.Жұртбай, т.б. сөз зергерлерінің өнегелі мектебі очерк жанрының толыса орныққан өресіне жан-жақты айғақ. Бұл авторлардың қай-қайсысының да очерк жазуда өмір құбылыстарын қалай жинақтағанын, көркемдік элементтерді шебер пайдаланудағы әдістерін атап көрсете отырып, шын мәніндегі журналистиканың бәйтеректеріне айналуының себеп-салдарын ашудың мән-маңызы айрықша.
АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚ» ГАЗЕТІ
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан жерінде қазақ тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Бұл газеттердің негізгі мақсаты - жергілікті халықтың мұң-мұқтажы, ел тіршілігіндегі маңызды оқиғалар мен құбылыстарға дереу үн қосу болды. Қай елде болсын әдебиеттің дамуында баспасөздің рөлі зор. Алғаш шыққан газет-журналдарда ауыз әдебиетінің нұсқалары, этнографиялық материалдар, атақты ақын-жазушылардың шығармалары да жарияланып тұрған.
Қазан төңкерісіне дейін шыққан баспасөзде қазақ жеріндегі саяси, экономикалық, шаруашылық, мәдени жағдайлар жан-жақты дәйектермен баяндалады. Бұл газет-журналдардың негізгі мақсаттарының бірі – патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық-жарлықтарын қарапайым халыққа жеткізу.
Қазақ қоғамының өмір-тіршілігінен жан-жақты мағлұмат беріп отыруды нысана еткен келесі бір басылым - “Қазақ ” газеті.
“Қазақ” газетінің 1913-1918 жылдар аралығында 265 нөмірі жарық көріпті. Редакторы – Ахмет Байтұрсынов. “Қазақ” газетінде М.Дулатов пен А.Байтұрсыновтың қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы, экономикасы, әдет-ғұрпы, заңдары туралы еңбектері жиі-жиі жарияланып тұрған.
М.Дулатов Абай Құнанбаевты “қазақ әдебиетін қалыптастырушы” деп Ломоносовпен салыстырады. “Қазақ жайы” деген очеркінде Міржақып қазақ халқының өткені мен бүгінін салыстыра отырып: “Бұрын бізге ғылым да, өнер де қажет емес еді. Кең далада еркін жүріп, еркін тұрып, мал бағып, бар керегіміз малдан табылып, басқа нәрселерді керек қыла қоймаушы едік” [2,31-б] дей келе, ‘‘дүние-бәсеке, жарыс’’, ‘‘дүние – бәйге үлестіруші” деген түйін жасайды’’, ‘‘қайтсек түзелеміз?’’ деген сауалға жауап іздеп, оқырманды ойландырады. Бұл очеркінде автор белгілі бір жайды ортаға салып, сол жағдайдың мәнін ашуға талпынған. Осы орайда ғалым С.Байменшиннің мына пікіріне жүгінуге болады: “Очерктің публицистиканың басқа жанрларынан айырмашылығының өзі, ең алдымен, образдылығында. Екінші жағынан, очерк - әңгіме мен зерттеудің аралығындағы жанр. Үшіншіден, очерк белгілі бір жағдайға негізделіп, сол жағдайды дамытып, соның мәнін ашуға ұмтылып отырады” [3,32-б]. «Қазақ жайының» авторы сол кездегі қазақ өмірін зерттей келіп, тығырықтан шығудың жолын іздейді.
М.Дулатов “Шoқан Шыңғысұлы Уәлихан” деген өмірбаяндық очеркті жазып, ғалымның еңбектерін оқырманға таныстырғысы келген ниетін айтады. Автор Шоқанның туғанынан бастап, ата-бабасы, өскен ортасы, оқыған жерлері, достары туралы нақтылы деректерге сүйене отырып, өмірбаяндық очеркті өмірлік айғақ-мысалдар негізінде жазғандығын байқаймыз. Міржақып очеркте Шоқанның достарының пікірлерінен үзінді келтіріп, өзінің ой-толғамын да түйіндеп, нықтап отырады. Ұлы ғалымның өз халқын риясыз жақсы көргендігінің дәлелі ретінде өз сөзінен үзінді келтірген тұсы, кейіпкердің жан-дүниесін ашқан тұстары еңбекке айқын очерктік сипат дарытқан. “Мен әуелі қазағымды жақсы көремін, онан кейін Сібірді, онан кейін Россияны, онан кейін бүкіл адамзатты жақсы көремін... Орыс қазақты сабап жатса, мен қазаққа болысамын. Егер орысты француз сабап жатса, менің жүрегім - орыс жақта” [2]. Осы тұста очеркші халық рухын көтеретін тұсты дөп басып, бүкіл халықты жігерлендіріп, өз елін, жерін сүюге шақыратынын пайымдауға болады.
«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 212-санында шыққан М.Дулатовтың “Тарихи жыл” [2, 357-б] атты қысқа очеркінің мәні зор. Автор тек көрген-білгенін жалаң баяндап қоймай, очеркке жаңа мазмұн бере білген. Публицистикалық элементтерді жинақтап, құжат, цифрларды орын-орнымен жеткізе отырып, қазақ халқының өткен дәуіріндегі тарихы зор оқиғалар: қазақ-қалмақ соғысы, Ақтабан шұбырынды, Ресейге бағынған шақ, Кенесары кезеңі, қазақ заманы, 1868 жылғы жаңа заңның шығуы - осының бәрінен де 1916 жылғы оқиғаның өзгеше болғанын ашып жазады. Ашынған автор енді өткен жылдардың үлкен сабақ болғанын айта келіп, қазақ ұлтын оянуға шақырады. ‘‘Қазақ’’ газетінің екінші редакторы болған Міржақып Дулатов тек очерк жанрында қалам тартпай, көптеген публицистикалық мақалалар жазып, қазақ баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер.
Міржақып Дулатовтың “Қазақ” газетінде 1913 жылы жарияланған “Қазақ жайы” очеркі қазақ халқының сол кезеңдегі басынан кешіп отырған қиындығын, ұлт дамуындағы кемшін түсіп жатқан тұстарын, келешекте керек ғылым мен өнерді игеру жолдарын сөз етеді. Автор осы очеркінде қазақтың төл мақал-мәтелдерімен өз ойын дәлелді түсіндіруді жөн деп тапқан. Мысалы: “Tіршілік – бәсеке, жарыс”, “Дүние – бәйге үлестіруші”, “Басыңның сауында бер садақасын”, “Ұша алмас салсаң бүркіт томағасын”, “Жығылған күреске тоймас” [2, 31-б], т.б. Бұл очеркінде Міржақып мақал-мәтелдерді көркем құрал ретінде пайдалана отырып, сол кезеңдегі қазақ халқы басынан кешіп отырған күйді жан-жақты көрсетіп, одан шығу жолдарын іздестіреді.
Міржақып “Г.Н.Потанин жанында” деген қысқа очеркінде орыс оқымыстысының бұрыннан атына қанық болып, әдейі іздеп барып кездескендегі әсерін жазады. Қазақ фольклорын жинау керек екендігін орыс ғалымы үйреткендігін айта келіп, автор Петроградта ашылған Сібір қауымы, Омбыда Потанин партиясының құрылғанын, оның қарапайым халыққа қызмет етіп отырғанын егжей-тегжейімен жазады. Бұл очеркінде М.Дулатов Потаниннің өмір жолына тоқталып, оның қоғамдық қызметіне Сібірдегі әлеумет басшысы, білгір саясатшы деп баға береді. “Қазақ” газетінде “Пайғамбар заманы” [2, 213-б] атты сыни очеркінде Міржақып бұл кітаптың тілі сұлу, түсінікті, айқын қазақша жазылған деп баға береді. Сол кездегі қазақ әдебиеті жайына тоқтала келе, газет, журнал, кітап шығаруда қазақ халқы әлі де баяу қимылдап отырғанының себептерін санамалаған очеркші, басылымдарды шығару мен тарату мәселесін қойған.
“Пайғамбар заманы” атты кітабын Мәкен Тұрғанбайұлы жазып, оның жарыққа шығуына Қалжан Қоңыратбайұлының көмектескенін қолдаған автор халық әдебиетінің, қиссаларының қазақ жерінде басылып шыққандығына оң ниетін білдіреді. Қазақта баспахана, кітап бастыру, кітап саудасының жоқтығы кері әсерін тигізіп отырғандығын М.Дулатов таратып айтып, осы жайларға кедергі келтіріп отырған кемшіліктерді мінеп, әлеуметтік, қоғамдық ойларын ортаға салған.
М.Дулатов “Абай” атты очеркін ұлы ақынның дүние салғанына 10 жыл толуына байланысты жазған. Абай Құнанбаевтың шығармалары тірі күнінде басылмау себебіне, Абай өлеңдерінің жазбасымен алғаш қалай танысқандығына тоқталып, ұлы ақынның қадірін қазақ халқы танымай болмайтынына байыпты талдау жасайды. Бұл очеркінде Міржақып қазақтың төл әдебиеті, тарихы төңірегінде өрбіткен ойларын, өзін толғантып жүрген қоғамдық проблемаларға орай іріктеп алып, әлеуметтік кеселден шығу жолдарын сілтейді. Міржақып Дулатов “Қазақ” газетінде жарияланған очерктерінде сол қоғамның өмір шындығы жағдайында қарапайым халықты жақсы өнеге, келелі міндеттерге тәрбиелеуді көздеген. Міржақып очерктерінің негізгі мақсаты – жаңалықты, әділеттілікті, жағымды істерді насихаттау.
Ахмет Байтұрсынов – “Қазақ” газетінің бас редакторы, көрнекті ғалым, дарынды ақын, қоғам қайраткері. Публицистің “Қазақ” газетінде жер туралы, қазақ елінің шет елдермен қарым-қатынасы туралы, соғыстарға қатысқан мемлекеттер туралы, оның қазақ халқына тигізген әсері туралы мақалалары жарыққа шықты. “Қазақ” газетінің 1913 жылғы 40-43 сандарында “Қазақтың бас ақыны” атты очерк рецензиясы басылды. Бұнда Абайдың туғаннан бастап, ақын болып қалыптасқан өмір жолы, өскен ортасы, өлеңдерінің мәні, орыс әдебиетінің Абайға әсері жан-жақты талданған. Абай өлеңдерінің алғаш қолына қалай түскенін қызықты әңгімелеген автор Абайдың өлең сөздің неше түрлі үлгісі мен өнегесін ойлап тапқандығын, aқыннaн өлеңінің жақсы болуына керек шарттардың бәрін білуге болатынын ғибратты фактілермен түйіндей білген.
«Очерктің негізгі арқауы – автордың өмірден түйгендері мен байқағандары» [4, 122-б] - дейді Төлеубай Ыдырысов. А.Байтұрсынов Абай өміріндегі өнегелі мысалдарды тілге тиек ете отырып, Абайдың орыс достары Михайлис, Гросстармен қалай танысқанын, орыс әдебиеті классиктерінен алған өнегесі мен сыншылдығын сенімді баяндай білген. Абайдың жалғыз өлең ғана емес, әр нәрсенің асылын танығанын алғашқылардың бірі болып Ахмет Байтұрсынов көрсетеді. Автор ұлы ақынның өлеңдеріне баға беріп қана қоймай, оның әлеуметтік терең мәнін де ашады. Автордың очерк рецензиясына өзін, Әлихан Бөкейхановты араластыруы фактінің, оқиғаның нақты шындықтан алынғанына, тұп-тура растығына оқушының көзін жеткізеді.
А.Байтұрсынов «Бастауыш мектеп» проблемалық очеркінде қазақ бастауыш мектебі қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздейді. Ауыл мектебінің жайсыз, күйсіз қалыбын ашына жазады. Бастауыш мектептен үйренген білімнің оқимын дегендерге негіз боларлық жағын көздеу керек екендігін дәлелдейді. Автор болыс мектебін, қала мектебін, ауыл мектебін салыстыра отырып, кейбір келеңсіз жайларды нақты фактілермен дәлме-дәл көрсете білген.
“Қазақ” газетінің белсенді авторларының бірі Әлихан Бөкейханов - бұл газеттің негізін қаласып, бағыт-бағдарын анықтаушы. “Қазақ” газетінде Ә.Бөкейхановтың екі жүзге жуық мақаласы жарияланған. Оның очерктері қазақ елінің жері, отырықшы болуы, патша үкіметінің қазақ еліне жүргізіп отырған саясаты, сот, әкімшілік туралы бай мағлұматтар береді.
“Қазақ” Ә.Н.Бөкейханов көздегендей, өз маңына кең сахараға тарыдай шашылған ұлт зиялыларын жинады, оларды бір кісідей қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін қалыптастыру, ұлттың мәдениетін көтеру, ұлттық сана-сезімін ояту ісіне жұмылдырды. Сөйтіп, қазақтың ұлттық тілі мен әдебиетін, мәдениетін сақтап, өркендетуге ұмтылды. Оны газеттің екінші санында жарияланған бас редактор А.Байтұрсыновтың бас мақаласынан [2, 11-б], Түрік баласының жазған “Қазақ тарихы” атты тарихи очеркінен, Ә.Н.Бөкейханның және т.б. қазақ зиялыларының көсемсөз материалдарынан айқын көруге болады [5]. Осы тұста әңгіме болған, қазір белгісіз болып отырған Түрік баласының тарихы туралы очеркі алаш азаматтарын ойландыруға бағытталған. Қазақ халқының тарихы жазылмағандығын тілге тиек ете отырып, Азия картасының төрттен біріне ие халықтың тарихы көмескі қалыптан шығу жолдарын қарастыруды автор ашық ұсынады.
Арабша, түрікше, орысша жазылған қазақ тарихында шындықтан гөрі өтірік басым болып келгендігін очеркші ашына ортаға салған. Тарих жазу үшін қазақ пен қырғызды айырып алуды ұсынады. Автор өз ойын “Қазақ” газетін үзбей оқыған адам қазақ тарихын жете білуге болады деп аяқтайды.
Әлиханның “Бас қосу турасында” деген очеркі “Қазақ” газетінің 1913 жылғы №21 санында жарияланған. Мұнда Еуропа жұрты мен қазақ жұртын салыстыра отырып, жұртқа пайда қылатын жұмыс болса, қазақ баласының басын қосу оңай шаруа емес екенін автор баса айтады. “Біздің бейшара қазақ жер, жер дегенде мұжық алған жерді қолға ала жылайды. Мұжық қазақ жеріне келмей тұрып, жерді тып-тыныш әділдікпен пайдаланып жүргендей! ... Қазақ жұрт болатын болса өз ішіндегі екі қазақ жер дауын құрту керек қой!” [2, 109-б] дей келе, отырықшы болуға ниет білдіріп отырған қазақтарға жағдай жасалмай отырғандығын, орыс патшалығының адам болып отырғаны мұжықтың ғаділдігі деп түйіндейді. Бұл жерде бірінші орынға әлеуметтік-таптық емес, ұлттық, демократиялық мәселелерді елдің алдына тартады.
“Кабинет жеріндегі қазақтар” очеркі “Қазақ” газетінің 1913 жылғы №10 санында басылып, онда Том губерниясы, Алтайск округінде тұратын халықтар өмірі мен тұрмысы әңгіме болады. Абылай хан мен жоңғар ұрысы, Қошқарбай батыр, Тілеуберді батырлардың сол мекендерде ұрпақтары тұрып жатқандығын фактілер арқылы дәлелдейді. Мысалы, Құлынды, Қарасуықта отырған қосайдар қыпшаққа 15 десятинадан ер басына есеп қылып жер береді екен. Томда жер алып, Семей хатында боламыз деу қазақтардың адасушылығы, заңсыз деп түсіндіреді автор. Бұл очеркінде қаламгер Кабинет жеріндегі қазақтардың бәрінің басын біріктіріп, бір болыс қылса деген ниет білдіреді. Ә.Бөкейхановтың пікірі ғылыми негізге сүйенген, халықты психологиялық тұрғыдан даярлап алу мақсатын ұстанған сияқты.
“Екі жол” очеркінде Әлихан әр заманның өз рәсім, салтына тоқтай отырып, қазіргі заманда халықты өз құқын талас-тартыспен қорғауға шақырады. ХVІІІ ғасырда Ертіске қазақ Түркістаннан қайта келгенін тілге тиек ете отырып, қанжығалы, бәсентейін, қыпшық руларының қалай жылжығанын тарихи шежірелерге сүйене отырып дәлелдейді. Осы очеркінде автор қазақтарды Ертістен айырылмауға, көшпеуге үгіттеп, Сібір казак-орысына батыл наразылық білдірген. “Қазақ” газетінің 1915 жылғы 118-інші санында Ә.Бөкейхановтың “Рухани мәдениет қарауылынан” атты проблемалық очеркі басылған. Рухани мәдениеттің бір белгісі жұрт баласына жалпы оқу, газет, кітап оқып, ғылым жолын тану, солар арқылы адам баласына жақсылық жол ашу деп түсіндіреді. Америка, Еуропа, Ресейді салыстыра отырып, қазақ халқының көш кейін қалып келе жатқанын тілге тиек етеді. Автор бастауыш мектептен бастап университеттерге дейінгі білім саласының деңгейін саралай келе, әлі де көп жағынан артта келе жатқандықты әділеттілікпен атап көрсетеді. “Маңғол хан” очерктер циклі газеттің 13, 20, 28-інші сандарында жарияланған. Маңғол елінің ұлы көршілері, жер көлемі, сол кездегі ұстанған саясаты, адам саны, малы туралы нақты мәліметтер келтіре отырып, Қытай шежіресінде маңғолдар туралы, Шыңғыс хан тарихы, Хублай ханның оқымысты, жүйрік ғалым болып, жұлдыз көретін аспаптар ойлап тапқандығы жайында кеңінен жазады. Жүре-жүре қытай маңғолды қалай қаратып алғандығын жүйелеп түсіндіреді. Маңғолдың бөлек патшалық болуға ниеттенгенін орыс патшасы өзіне пайда көріп отырғанының арты жақсылыққа айналмайтынын автор көрегендікпен меңзейді.
«Егер Ә.Бөкейхановтың “Қазақ” газетінде жарияланған публицистикалық мақалаларына зер салсақ, Батыстың, Ресейдің демократиялық дәстүріне жақын болғандығын ажырату қиынға соқпайды» [6, 17-б],- дейді тарихшы М.Қойгелдиев. Шындығында да В.Г.Короленко, Г.Н.Потанин, А.Бебель туралы очерк, мақалаларында автор халық пен халықты жақындастыратын мәдениет және дәстүр екендігін әрдайым оқырманның есіне салып отыруға тырысқан.
“Қазақ” газетінде басылған қазақ халқының саяси өмірі, мәдениет, әдебиет, тарихы туралы очерктерге тоқталу барысында көз жеткені - әртүрлі дерек көздерінің құндылығы. Бұлар ғылыми, тарихи, әдеби зерттеуді талап ететін мол материалдардың тасқыны екені даусыз. Ұлттық әдебиет пен тарихта орны бар авторлардың очерктік шығармаларына тоқтала отырып, қай мәселе төңірегінде әңгіме қозғаса да бай мағлұмат беретін материалдар баршылық. “Қазақ” газетінде жарияланған очерктер ағынының негізгі идеясы қарапaйым халықтың ізгі мұратымен сабақтас болып отыратынын атаған абзал. «Қазақ» газеті - қазақ халқының экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайы, әдебиеті, мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-санасы туралы жан-жақты жазу барысында очерк жанрындағы шығармаларды көптеп жариялаған ХХ ғасыр басындағы бірден-бір басылым. «Қазақ» газеті ірі-ірі әлеуметтік мәселелерді халық алдына өткір қоя білген, сол кезеңдегі қоғамдық пікірді қалыптастыруда үлкен үлесі бар басылым деуге толық болады.
СОҒЫС ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ОЧЕРКТЕРДЕГІ ІЗДЕНІС
Қалыптасқан әрбір жанрдың өзіндік қасиет, сипаттары болатыны белгілі. Осы жанрлық өзгешеліктер көркем очеркте де бар. Ол қашан да нақтылы құжаттарға, статистикалық мәліметтерге, фактілерге сүйеніп отырады. Көркем очеркте өмір шындығы басқа жанрлардағыдай "ойдан шығарылмай" сол қалпында берілетіндігімен ерекшеленеді. Ақын, жазушы көркем шығармаларында өмір құбылысын, адам образын өмірде көрген қалпында бұлжытпай, ешнәрсе қоспай суреттей алмайды. Ойланып, толғанып шығармашылық фантазиясынан өткізіп, өмір шындығын бір идеяға бағындырып барып жазады. Ал көркем очеркте өмір шындығын мүмкіндігінше сол қалпында беріп, автор фактіден ой түйіп екшеп шығаруға тырысады.
Жазушыларымыз баспасөзге белсене араласып, майдан, тыл батырларын көркем публицистиканың арқауы етті. “Социалистік Қазақстан”, “Лениншіл жас” басылымдарында ақын-жазушылардың барлығы дерлік очерктерін жариялап, Отан қорғау ісіне өз үлестерін қосты. Әсіресе әскери очерк жанрының қалыптасуына майдан газеттері елеулі үлес қосып, әскери тілшілер Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Қ.Әбдіқадыров, С.Сейітов, С.Омаров, Д.Әбілов, А.Лекеров, Ж.Жұмақанов, Ә.Нұршайықов, А.Тоқмағамбетов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, Б.Бұлқышев, Қ.Аманжолов т.б. ұрыс шебінде жүріп, көрген-білгендерін реалистік тұрғыда, патриоттық сезімге толы туындылар берді. Олардың очерктері соғыстың шынайы қалпын суреттеп, қазақ жауынгерлерінің қайсарлығын, жау жүректілігін өз көздерімен көріп жазғандықтан қарапайым халықтың жүрегінен бұл очерктер бірден жол тауып, үлкен үгіттік, насихаттық рөл де атқарды.
Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тоқмағамбетов, Ә.Әбішев, Ғ.Сланов, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, М.Иманжановтар әскери публицистикаға ойысып, қан майдандағы жауынгерлердің батырлығы қарапайым халыққа өнеге етіліп, ел-жұртты сын сағатта бірігуге шақырады. Барлық жазушының публицистикасында жеңіске сенім, батыр жауынгерлерді өнеге тұту басым болды. Ұлы Отан соғысының батырлары сериясымен “Жазушы” баспасынан Н.Әбутәлиевтің “Боран Нысанбаев”, Е.Әлімқұловтың “Әбдуәлиев Қарақозы”, Ә.Әбішевтің “Үрмеш Түктібаев”, Қ.Құрманғалиеваның “Қайырғали Смағұлов”, С.Мәуленовтің “Сұлтан Баймағамбетов”, Ә.Нұршайықовтың “Махмет Қайырбаев”, Т.Тобағыловтың “Сағадат Нұрмағамбетов”, т.б. очерктер кітабы “Жазушы” баспасынан шыққан. Бұл батырлар туралы очерктерде соғыс өмірі көрсетіліп, майдан даласындағы қиян-кескі ұрыстар, батырлардың қаһармандық келбеті жинақталып жазылған. Демек, Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ әдебиетінің жанрлары ішінде көркем очерк абыройлы борышын атқаруға, прозаның үлкен жанрларынан гөрі очерктің алға шығуы заңды құбылыс еді. Жоғарыдағы жазушылар қысқа, ерекше қимылдар арқылы көкейде қонымды етіп, Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ішкі жан дүниесінің терең ашып бере білді. Осы қысқа очерктер соғыс кезеңінің шындығын кейініректе ірі шығармалардың арқауына да айналдырды. Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, С.Мұқановтың “Сұлушашы”, Ә.Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” романдары қаһарлы жылдардың қатал шындығын көз алдымызға елестететін үздік шығармалар болып тарихтан өз орындарын алды. Соның ішінде Ғ.Мүсіреповтің “Социалистік Қазақстан” газетінде жарияланған очерктер циклінің маңызы мен көркемдігі жоғары. 28 панфиловшылардың ерлігі туралы “Ел үшін туған ер”, “Нұрсұлтан Есболатов”, “Манастың ұрпағы”, М.Ғабдуллиннің “Шыныменен рас па?”, “Менің майдандас достарым” деген очерктер циклында атақты 8-ші гвардия дивизиясының жорық жолы туралы жазған. Бұл жазушылар очерктеріндегі кейіпкерлер бейбіт өмірде көптің көзіне түсе бермейтін қарапайым адамдар, жау келгенде батырлық, ерлік қасиеттерімен көрінеді. Аты аңызға айналған Василий Клачков, генерал-майор И.В.Панфилов, полковник Б.Момышұлы т.б. жарқын бейнесін жасаған Мәлік Ғабдуллин өзі туралы сараң әңгімелей отырып, майдандас жауынгерлердің жарқын бейнесін сомдаған.
Ұлы Отан соғысы кезінде талантты жас публицист Баубек Бұлқышев өз очерктерін өрнекті сөз кестесімен жазды. Баубек очерктеріне тән қасиеттер. Отанына, туған жеріне деген деген махаббат, жау жендеттеріне деген ашу-ызаға толы болды. Мұнда жас очеркшінің рухани жан дүниесі, биік мәртебелі моральдық бейнесі толық ашылған, яғни оның күнделік, ашық хат формасында жазған туындылары жалпы жастардың атынан айтылып, сол қиын-қыстау кезеңдегі жастардың арман-мұратын білдірді. Б.Бұлқышевтың публицистикалық мұрасы туралы Ғ.Мүсірепов былай дейді: “Жазушының өмірі тым қысқа болған, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Баубек Бұлқышев аз да болса айқын да өткір еңбектерімен прозамыздың публицистикалық саласын едәуір көтеріп кетті” [7,324-б]. Публицист көп очерктерін орыс тілінде жазып, “Комсомольская правда” газетінде жариялаған, оны ана тілімізге аударған Ғабит Мүсірепов еді. “Өмір мен өлім туралы”, “Мен өмір сүргім келеді”, “Жауыздық пен махаббат”, “Тыңда, Кавказ!” [8], атты очерктерінде соғыс жағдайы, ондағы ерлік жайында толғады. Б.Бұлқышевтың “Шығыс ұлына хат”, “Заман біздікі” шығармаларында үлкен философиялық толғаныс, тебіреніс бар. Очеркші өз басынан кешкендерін, қарулас достарының ерлігін, жаумен кескілескен шайқастардағы жас жауынгерлердің бүкіл әлемді таңдандырған идеялық-саяси, моральдық қасиеттерін, Отанына, халқына деген адалдығын, қажыр-қайратын, асқан ерлігін жан-жақты және бар қырымен көрсете алды. Талантты публицист Баубек Бұлқышев туралы Мұқан Иманжанов: “Қош бол, Шығыс ұлы” атты публицистикалық очеркін жазды. Өмір мен өлім арасында, оқ пен бомба арасында жүріп қаза болған аяулы досының өліміне арналған очерк – нағыз адамгершілікке толы, шынайы да шыншыл шығарма еді.
Алдымен ескеретін бір жай соғыс тұсындағы көркем очеркке бір өлшеммен қарауға болмайды. Алғашқы жылдарға қарағанда очерк жанры да іштей түлеп, өзгеріске ұшырап жаңа кезеңдерді басынан кешіріп отырды. 1941 жылғы соғыстың алғашқы айларында жауынгерлердің моральдық рухын көтеруге шақырса, одан кейінгі жылдары майдан мүддесіне, жеңіс мүддесіне қызмет ету мақсатын көздеген сарын байқалады. Әсіресе жауынгер жазушылар оқ астында жүріп, өз шығармаларын жазуы, қалай жазсам деп ойлауға мұршасы келмеген очеркшілер шығармаларында өздерінің бар болмысымен көрінген. Алғашқы кезеңдегі очерктер қалың жұртты соғысқа жұмылдыруға қызмет атқарса, 1943-1944 жылдары әскери очерктер дамуы тағы бір сатыға көтерілді. Бұл кезеңде ұрандық, үгіттік очерктерден гөрі адамды, жауынгерлерді суреттегенде оның ішкі жан-дүниесі, психологиясы, достық, адамгершілік, махаббат турасындағы ойларын ортаға салатын көркем очерктер өрістеді.
Ұлы Отан соғысының батыры Мәлік Ғабдуллин 1941-1945 жылдар аралығында соғыс туралы “Майдан очерктері”, “Алтын жұлдыз” т.б. очерктер жинағын шығарды. Батыр жазушының очерктерін оқыған сайын майдан өмірінің қатал да қытымыр шындығына қанығасың. “Ел намысы – ер намысы” очеркінің басты қаһарманы кіші сержант Черкасов барлаушылар тобында істеп, жау туралы хабар әкелудегі ептілігі мен ерлігі келістіріле суреттеледі. Фашистердің бір офицері мен тоғыз фрицін ұстап алып келген. Ертай Жетеков атты жігіт сауықшыл, үнемі көңілді жүретін, ұрыс шебінде де әзіл-қалжыңы қалмайтын Ертайдың мінез-құлқы, жан дүниесі жан-жақты ашылған. Майдандық журналистердің талай-талай очерктері мерзімді баспасөз беттерінде көптеп жарияланған. Оларға Жұбан Молдағалиевтің “Халық қаһармандары” очеркінде қан майданда туған елінің намысын қорғаған бір топ қазақ жауынгерлерінің ерлігі әңгімеленеді. Мерген Есқайыр Халықов, қобызшы, қазақ филормониясының артисі Ысқақ Уәлиев, зеңбірекші Құттыбай Ерғалиев, дәрігер Роза Момынова туралы көркем очерктері реалистік кең толғанысқа бастайтын шығармалар.
Жекен Жұмақановтың “Қанға қан”, “Қыр қыраны”, “Батыр даңқы”, “Марияның мекені” очерктерінде әртүрлі мамандық иелері тағдыры мен қаһармандық істері көрсетіліп, шын мәніндегі өз елінің патриоттары ретінде көрінген. Сырбай Мәуленовтің “Қанға боялған блокнот” атты очеркі өз жерлесі, соғыс шебінде ерлікпен қаза тапқан аға лейтенант Зейнолла Әбеновке арналған. Қанға боялған блокнот – шығарманың негізгі өзегі. Майдан өткелдерін басынан кешкен Асқар Лекеров “Туысқан”, “Қарапайым қазақ”, “Адамның жүрегі”, “Жалғыз оқ”, “Қарындас”, “Кездесу” деген очерктер жазып, сол кездегі адамзаттың жеңіске деген құштарлығын, жеңімпаздықты аңсаған Кеңес адамдарының ой-ниетін паш еткен бұл шығармаларда оқиғалар қорытылып, өнеге етіп ұсынылған. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Совет Одағының батырлары Сергей Луганский, Леонид Беда, Талғат Бегилдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова ерліктерінің толық картинасы жасалып, сом тұлғасымен етене таныстырған авторлар әскери очерктің дамуына мол үлес қосқан деуге болады. С.Бақбергеновтің “Талғат”, С.Мәуленовтің “Ер Естай”, Ж.Молдағалиевтің “Хасан батыр” көркем очерктерінде де бұл атақты батырлардың ерлік істері, шағын оқиға тізбектерімен баяндалып, көркем де әсерлі бедерленеді. Бұл қаһармандар соғыс кезінде өздерінің өр тұлғасымен, өршіл мінезімен, алдына қойған мақсатын әрдайым орындап шыққандығымен құнды.
Сәбит Мұқановтың “Батыр қыз” очеркі Совет Одағының батыры М.Мәметова туралы 1944 жылы жазылған. Сұрапыл соғыс үстінде туған бұл очерк өз еркімен майданға аттанған қазақ қызының бір-екі күнгі басынан кешкен оқиғасын баяндайды. Жазушы Мәншүктің ұрыс даласындағы үгітшілік міндет атқарып жүрген сәтін, жауынгерлер борышын ұғындыруда үлкен міндетті мойнына алғанын шыншылдықпен сенімді көрсеткен. Ондағы М.Мәметова сөзі былай беріледі: “Өзің өлме, жауыңды өлтір, ал мерт бола қалсаң, дұшпанға кек жібермей, жастығыңды ала кет!” деп, осы сертте өзі тұрған қазақ қызының жарқын бейнесі, айбыны, қажыр-қайраты жан-жақты ашылады. Очерктегі әсіресе Мәншүктің соңғы арпалысы, батырлық өлімі көрсетілген тұстары өте әсерлі, батыр қыздың ақтық демі біткенше жаумен шайқасып кеткен қайсар мінезі шебер ашылған. Ұлы Отан соғысы туралы әскери очерктер өмірдің қатал шындығынан алынған, қиын кезеңнің тарихы, жеңіс жолында қаза болған азаматтарымызға жасалған рухани ескерткіш деуге толық болады. Бұл очерктердің мынадай ерекшеліктерін атау артық болмас: біріншіден, бұл очерктердегі оқиғалар көзбен көріп, бастан кешкен оқиғалардың елесі, екіншіден, соғыста болған ақын-жазушылар өз көргендерін өз бояуы, өз мәнері дәрежесінде суреттеген, үшіншіден, оқ пен оттың арасында асығыс жазылғандықтан суреткерлік шеберлік жағы жетіспей жатқан тұстары да жоқ емес, төртіншіден, бұл әскери очерктер уақыт сынынан өтіп, тәуірлеу дегендері арнаулы жинақтарда (“Ол күндердің өшпес даңқы”, “Майдан”, “Жеңімпаздар”т.б.) жарық көрді. Бұл көркем очерктер соғыстан кейінгі кезеңде адамдарды отансүйгіштікке, ерлік рухында тәрбиелеуге көп септігін тигізгені ақиқат.
Ұлы Отан соғысының батырлары мен олардың қаһармандық ерліктері әлі күнге дейін қаламгерлерімізді қызықтырып, дәстүрлі жалғасын тауып әлі де жазылып келе жатыр және жазыла бермек. Соғыстан кейінгі жылдардағы көркем очерк табиғи шапшаңдығымен, оралымдылығымен өмірге тікелей араласатын белсенділігімен көрінді. Сұрапыл соғыс дауылынан шығып, бейбіт өмірдегі жаңа қарым-қатынастар үздіксіз суретке түсіп, жоғары дәрежеге көтерілді. Соғыстан нығайып, есейіп шыққан ақын-жазышылар көркем очерктің негізгі нысанасы етіп өмір, өмірді алға апарушы адамдар туралы жазды. Ол кездегі көркем очерктердің негізгі тақырыбы еңбек адамдарының қалыптасу процесі, өздерін өмірдің, дүниенің иесі деп таныған идеясы әр саладағы адамдардың образын бейнеледі. Баспасөз беттерінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сол кездегі идеологиялық жұмысқа мәдениет мәселелері, ғылым, бесжылдық жоспарларын орындалу жолындағы істері төл тақырыпқа айналды. Бұл кезеңде көркем очерк едәуір адым жасап, дәстүр тұтуға тұрарлық көркемдік табыстарға қол жеткізді.
Республикалық, облыстық басылымдарда бейбіт өмірдің ардагерлері туралы портрет очерктері жиі көріне бастады. Мысалы, 1946-1950 жылдар аралығында "Әдебиет және искусство" журналында елуге жуық көркем очерктер басылып шыққан. Соғыстан кейінгі кезеңде өздерінің ерен еңбегімен еленген Ыбырай Жақаев, Мұхтар Кітапбаев, Нәйла Базанова, Бәшіп Нұрмағамбетов, Түсіп Күзембаев, Қартабай Атшабаров тағы басқалар туралы очерктер көптеп жазылып, бейбіт өмір, еңбек әуені мадақталды.
Жұмағали Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очеркінің кейіпкері Түсіп Күзембаев Қарағандының әйгілі шахтеры, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған танымал азамат. Екі заманның куәсі болған қаһарманды жазушы өмір тарихының кезеңдерін салыстырулар арқылы бере отырып, кешегі мен бүгінгінің айырмашылығын ажыратып берген тұстары ұтымды шыққан.
Қапан Сатыбалдиннің "Кетпенді адам" очеркі де тәуір, қатардағы күрішшіден колхоз председателіне дейін өскен Қашақбай Пірімовтің еңбек, өсу жолдарын сатылап, сабақтастыра баяндаған. Жазушы Қашақбай бейнесін: "Қашақбай топ жарып сөйлеп үйренген шешендердей көсіліп, құлшынып сөйледі. Бұлардың бәрі де күнде көріп жүрген адамдар. Бәрін де таниды. Әркімнің қылығы да, құлқы да оның алақанында. Қашақбай қара томпақ тілімен мақалдай сөйлеп, әркімнің өз қылығын бетіне былш-былш ұрғанда талай бастар төмен тұқырады, талай көздер жерге қарады" [9,109-б], - деп сомдайды. Осы тұстан Қашақбайдың жан-жақты ұйымдастыру өнерімен танылып, соғыс уақытында тылдағы ауыр еңбек дәмін татқан, талай сәтсіздік, қиыншылықтарды бастан өткізген адам келе-келе барлық жағынан өскен кейіпкер бейнесімен әдемі түйін тапқан. Соғыстан кейінгі кезеңдегі көркем очерктердің идеясы совет адамдарының ержеткен, өзін-өзі өмір, дүниенің иесі деп таныған қаһармандар қарапайым адамдар өздерінің совхоз, колхоз өндіріс орындарына жауапкер, жанашыр ретінде көрсетілді. Қазыбек Сүлейменовтің "Сайрам даласында" атты очерк қаһарманы қарт Шермет әңгімесін, кеңесін "Біз", "Өзімізден" деп сөйлейді. Қарт кешегі мен бүгінгісін, бары мен жоғын салыстыра келе айналасындағы өмірмен тығыз араласып отырады. Шермет қарт жаңа салынып жатқан ауыл үйлеріне өз үлесін қосып, салысып, басы-қасында жүріп, бүкіл ауданның жай-жапсарын біліп, барлық жағдай жақсы болса деген үлкен тілек үстінде көрінеді. Бұл очерктен Сайрам даласындағы әрбір адам өз үйінің маңайынан, өмір ағымынан тыс қалмайды, жаңа өмірді жасауға, үздіксіз өсіп отыруға, ілгері басып келе жатқан ауыл адамдары жан-жақты көрсетіледі. Осы жаңа адамдардың бейнесі соғыстан кейінгі очерктердің көбінен көрініп, дәуір очерктері туған.
Ғали Ормановтың "Бір колхоз өмірінің дастаны" атты очеркінде Ақмола облысындағы "Қызылту" колхозы председателі Әкімжан Назаровтың нақты образы жасалған. Жазушы колхоз председателін аудан орталығында көріп әңгімеге тартады. Назаров автор берген сұрақтарға тек бірге істейтін ауылдастарымен жауап беретінін айтады. Қырман басында, колхоз қонысында, егіншілер арасында, мал ішінде басшымен жазушы еріп жүріп сол колхоздың өміріне қанығады. Колхоз председателі Әкімжан Назаров характерінің өзін-өзі ашуына жағдай жасаған автор бас кейіпкердің өмірге көзқарасы, түсінігін сәтті ашқан. Әңгімеші рөлінде автор болса, баяндаушы – оқиғаларға араласушы қаһарман өз істеріндегі жетістік-кемшіліктерін осы Әкімжан атынан баяндайды.
Ғабиден Мұстафиннің "Жезқазған" очеркі 1946 жылы жазылған, бірнеше бөлімнен тұрады. Жазушы очерктің бірінші бөлімінде ерте кездердегі Жезқазғанға ағылшын Нобель келіп, ақ шатырын құрып, әр жерден бірнеше шахта ашқанын Көшекбай қартты сөйлету арқылы баяндайды. Қылшылдаған жиырма бесінде Көшекбайдың ағылшын алпауыты Нобельдің қарауында өксіген өмір кешкенін, сол өмірдің бір күнін суреттеу арқылы жазады. Қаһарман өмірінің реалдық болмысын былай суреттейді: “- Бауырларым-ау – деп Көшекбай екеуін сүйемелдеп тұрғызды да, қапсыра құшты. Жел өтінде өз үстіндегі қырық жамау шоқпыт шапан әзір құрғақ болса да, панасы аз, бөстегі тоқтышақтың терісі ғана кеудені өкпек желден қорғап тұр. Өзге дене мұздап барады. Сұрапыл өкіре түседі. Көшекбайдың іші жылап сала берді бір кезде” [10,368-б], - деп күнкөріс үшін жанталасқан, аласұрған қазақ жұмысшыларының өлмегеннің күнін көргені барынша әділ сипат тапқан. Очерктің келесі бөлімдері соғыстан кейінгі Жезқазған өңіріндегі шахталардың жайы туралы. Жазушы өзі шахтаға түсіп, Өмірхан сияқты инженерлер, Зейнолла, Балмұқан сияқты кеншілермен танысып, еңбектегі табыстары жайында сыр шертеді. Жезқазған кенінің сол кездегі тынысы, инженер Әнуар мен Өмірхан өмірін жазушы олардың алға ұмтылысы, мыс өндірудің жаңа әдістерін меңгеруге талпыныстарын, өмір, мәдениеттен де хабардар ғана емес, жақсы таныс екендігі туралы былай дейді: “Өмірхан бүгінше шахтаны басқарады. Үйіндегісінен шахтада болуы көп. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, жұмысшылармен көп сырласатын инженер. Әнуардан мұның өзгешелігі – қазақ көркем әдебиетімен жақсы таныс” [10,373-б], - деп кейбір романдардан монологтарды да жатқа соғатынын айтады. Очерктің соңғы тарауын қазақтың көрнекті ғалымы, геолог Қаныш Сәтбаевтың есімімен байланыстырған жазушы Жезқазғанның өткен-кеткен тарихын, жарқын болашағын да осы ғұлама ғалыммен бірге шартарапқа кеткен даңқын, түсті металлургиясын, ұлт кадрларының сол кездегі жетістіктерін терең дәріптейді.
1945-1950 жылдардағы очерктік шығармалар туралы ф.ғ.д., профессор Ш. Сәтбаева былай дейді: "Республиканың өндірістік өмірін көрсетуге арналған әңгіме, очерктер сан жағынан монологымен бірге, идеялық, көркемдік жағынан да жетіле түседі. Ғ. Мұстафиннің "Жезқазған" жайындағы очерктері, С. Омаровтың "Балқашы", И. Шуховтың соғыс жылдарында құрылған болатшылар қаласы - Теміртау туралы очерктері, Ғ. Мүсіреповтің "Тарландары" және басқа да сол сияқты көптеген әңгіме, очерктердің тууы – партияның совет әдебиеті алдына қойған зор міндеттерін, әсіресе, бүгінгі күннің тақырыбын көтеру міндеттерін қазақ прозаиктері терең түсінгенін және бұған өздерінің творчестволық еңбектерімен жауап беруге тырысқанын көрсетеді" [11,106-б], - дейді. Расында да жоғарыдағы очерктер құжаттық нақтылығымен, публицистикалық сипаттарымен ерекшеленеді, сол кездегі кеңес адамдарының соғыстан кейінгі ерлігінің елесі, сол ерлікті насихаттаудағы мәнін қарапайым жұртшылыққа түсіндіруде үлкен рөл атқарады. Соғыстан кейінгі очерктерде суреттелетін оқиға, фактілер, адамдар образдары, олардың сипаттары отызыншы жылдардағы очерктерден мүлдем басқаша. Отызыншы жылдардағы шығармаларда қазақ тұрмысына енген өзгерістер, жаңалықтар, жаңа пайда болған социалистік қарым-қатынастар өткен өмірмен салыстырылып беріледі. Ал соғыстан кейінгі жылдардағы публицистикада сол күнгі шындықты суреттеу, адамдардың рухани және материалдық байлықтарын суреттеу жағы басым.
Жұмысшы табының қараңғы жоқшылықтан өндірістің алдыңғы қатарындағы еңбеккерге айналуы отызыншы жылдардағы кейіпкерлерге жатса, 1945-1950 жылдардағы очерктерде тек қарапайым жұмысшының материалдық тұрмыс-жағдайы ғана емес, рухани жан дүниесі де ашылады. Очерк жанрының көркемдік жағынан бір адым ілгері дамығанын осыдан көруге болады. Соғыстан кейінгі бесжылдықтың алғашқы жылдарында қазақ очеркшілері соғыс кезінде, соғыс уақытында да ерен еңбек көрсеткен теміржолшылардың өмірі мен істері осы шағын жанр шығармалары арқылы суреттелді. Негізінен, Ы. Тныкиннің "Темір жол түлектері", "Жол күзетіндегілер", "Уақыттан озғандар", С. Бегалиннің "Диспетчерлер" очерктері жоғарыдағы мақсатпен жазылған. Ы. Тныкиннің "Темір жол түлектері" очеркі темір жолда істейтін таңдаулы адамдарға арналып, олардың еңбектірінің ерекшеліктерін жан-жақты ашқан. Орденді теміржолшы Ғаббас Смағұловтың басқаруымен үш күн бойы боранға қарамастан поезд жол қозғалысын қамтамасыз еткен теміржолшылар ерлігі мен істеріне тәуір-ақ түсінік береді.
1950-інші жылдардың басында дүниеге келген С. Шәймерденовтің "Қуаныш", Қ. Жармағамбетовтың "Бетпақдала дәптерінен", Ғ. Ормановтың "Жол" атты очерктік туындылады сол кезеңдегі ауыл шаруашылығы адамдарының қажырлы еңбегі мен тұрмысы жайлы. Сафуан Шаймерденовтің "Қуаныш" очеркі Алматы облысы, Ұзынағаш селосында ашылған ауыл шаруашылығы турасында. Очерктің көркемдік бояуы оның идеясының тереңдігіне сай болып шыққан. Ондағы бөлек-бөлек эпизодтар мен кейіпкерлердің іс-әркеттері өзара қабыса байланысқан. Ұзынағаш селосындағы еңбек адамдарының жасампаздығы еңбегі, егіншілік шаруашылығындағы қиыншылықтары шынайы суреттелген. Очерктегі Сәкен Тәнекеев, Николай Чукуров, Бейсекбаев тағы басқа образдар ауыл шаруашылығында кездескен зор қиыншылықтармен күресте өсіп, шынығады. "Осы бір тым сүйкімді, бала кескінінде аздап безеу дағы, бұйра шашы, тез сөйлегіш, ашаң да жас жігітпен біз Алматыда кездескен едік. Таныса келе бірімізді-біріміз білетін де болып шыққанбыз. Ол 1952 жылы – Қазақ университетін көңілдегі жерден бітірген жылы осы Жамбыл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланған екен. Ол бізді ақжарқын да кішіпейілділігімен, қоғамшыл, істің жетістік, кемшілігін тез аңғарып, дұрыс баға бере алатындығымен, жас болса да ысылып іскерленіп қалғандығымен өзіне тартқан еді" [12,12-б], - деп өмірге жаңа араласқан жас басшыға тән ынталық, байқағандарының бәріне тереңдеп үңілуге тырысатын мінезін суреттеген очеркші қайнаған ортада алуан түрлі адамдармен араласуда шынығып, ширыға түсіп, өмірді терең тануға талпынысы дұрыс қорытындылаған. С. Шәймерденов Тәнекеев бейнесінде соғыстан кейінгі кезеңдегі партия қызметкерлеріне тән сипаттарды типтендіруге тырысқан. Партия ісіне адалдық, отанға сүйіспеншілік, берілген қызметке жауапкершілік, моральдық тазалық - Сәкеннің бейнесінде көрініс тапқан және еңбектес жолдастары, жұмысшылардың да бойынан осы сипаттар көрінеді. Сәкен образын жазушы жеткілікті дәрежеде даралай алған, демек оны реалистік образ қатарына жатқызуға болады. Бұл шағын шығармадағы кейіпкерлер еңбек сүйгіштігімен, жайдары мінезімен, парасаттылығымен, үлгілі тұрмысымен тәуір дараланған. Соғыстан кейінгі жылдары тек очерктерден құрастырылған жинақтар, кітаптар шығарылу жолға қойылды. 1950 жылдардың басында С. Мұқановтың "Саяхаттар", Ғ. Слановтың "Бесжылдық өрендері", Ә. Нұршайықовтың "Алыстағы ауданда", М. Иманжановтың "Азамат мақтанышы" кітаптарын атауға болады. Сәбит Мұқановтың "Саяхат" кітабының атынан көрініп тұрғандай жазушы Қазақстанның көп жерлерін аралап, дала, кәсіпорын, колхоз, совхоздардың соғыстан кейінгі тыныс-тіршілігін, жинақтық мазмұнда мағлұмат бере отырып, еңбек адамдарының қол жеткізген табыстарын ортаға салған. Жазушының "Каспийге саяхат", "Арқаға саяхат", "Алатау төңірегінде", "Украинаға саяхат" жол-сапар очерктердің желісі сол жерлердегі көрген-білгендері, шаруашылық, мәдени жетістіктерді тілге тиек етеді.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңдегі шығармалардың қаһармандары соғыстағы еңбек майданында шыныққан адамдар туралы болып келді. Бұл кезең шығармаларындағы негізгі мотив - коммунизм орнату жайындағы бейбіт еңбек шынайы суреттелген. Бұл мотивтің суреттелуі әр очеркте әр түрлі, әрине, мұның негізі материалдық нақтылығы, очерктің оны зерттеу дәрежесі, жазушының көркемдік тәсілдерді пайдалану ерекшеліктеріне де байланысты. Соғыстан кейінгі жылдарда жазылған очерктердің басым көпшілігінде авторлар жұмысшы табының, өндірістің жекелеген озаттарының даңқты істерін көрсету арқылы бейнелейді. Мысалы, Ғ. Слановтың "Бесжылдық өрендері", Қ. Сыздықовтың "Құрметті шахтер", С. Омаровтың "Өмір еркесі", Ж. Саинның "Бірінші рангалы кен директоры" очерктерінде озық жұмысшылар портреттері жасалып беріп, олардың еңбек ету әдістері кеңінен суреттеледі.
Кейінірек жазылған Тұрсын Жұртбайдың «Қос майданның ардагерлері» очеркі соғыс тақырыбына арналған. Соғыста ерлік көрсетіп, еңбекте елдің алды болған үш жауынгер жайындағы бұл очеркінде автор соғыс қана емес еңбек майданында да көзге түскен батырларды жастарға үлгі ретінде танытады. Сталинград, Кишинев, Бухарест, Будапешт, Прага, Кинисберг қалаларын жаудан азат етуге қатысқан, бес жыл оқ пен оттың ортасында жүрген Әділ Қожалымов, Әуесқан ақсақал, Мүшір Тұрысбеков қариялардың қиын-қыстауға толы өмірі әрі тартымды, тағылымды, әрі нанымды суреттелген. Очерктің сюжеттік композициясында тыл өмірі мен майдан өміріндегі қиын-қыстау кезеңдер сипатталған. Т.Жұртбайдың «Қажырлы да қайратты Қабай» очеркіндегі Қабай Ізбасаровтың портреті былай суреттеледі: «Онда ол жас жүрегі асау тайдай тулаған, тұла бойы отты жігерге толы 21 жасар жігіт болатын. Нағыз тепсе темір үзетін шағы-тын. Ақ құрықты білегіне айқара асқан жылқышы еді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін 1939 жылы әскер қатарына алынды. Алғашқы дайындықтан өтіп жатқанда финдер шекараны бұзды. Жас жауынгер сонда аттанып, бес күн бойы шабуылға қатысты» [13,105-б],- дей келе кейіннен Г.К.Жуковтың алғысына ие болғанын, мергендігімен көзге түскенін нанымды әрі көркем баяндап, Қабай қарттың өмірі мен майдандастарының өмірі ерлік пен күреске толы болғанын, талай-талай шайқастарға қатысып қана қоймай, кейіннен бейбіт өмірде де бақташы, жылқышы болып еңбек етуі де қызғылықты жазылады. Бұдан автордың кейіпкер ісімен, тағдырымен жете таныс болып, оны шын түсініп барып тәуір образ шығарғанын көреміз. Очеркші Қабайды өмірдің барлық саласында басқаларға үлгі-өнеге, бұқараға жақын, қиынды жеңуге бастайтын, игі істерді іле қостайтын қасиеттерін жинақтай келіп, абзал адамның бейнесін жасап шыққан. Қабай Ізбасаров өмірдегі өз қалпында, өз іс-әрекетімен көріне отырып, өзінің шынайы сөзін ғана айта алған.
1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ очеркінде халқымыздың асқан ерлігінің шежіресі жасалды. Барлық ұлт өкілдері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, фашист басқыншыларымен шайқасқан заматтағы біздің очеркшілеріміз майдан даласындағы батырлық, табандылық, қайсарлық туралы жазып қана қойған жоқ, өздері де насихаттық, үгіттік жұмыстармен майдан даласында жүріп айналысты. Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ әдебетінің тарихында тұңғыш әскери очерк пайда болды және соғыстан кейінгі кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі очерк жанрының да негізгі тақырыбы соғыс, майдандағы ерлікпен көзге түскен батырлар өмірі, соғыстан кейінгі жаңалықтар мен өндірістегі өзгерістерді өз шығармаларына арқау етті.
Достарыңызбен бөлісу: |