МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы



бет12/15
Дата05.11.2016
өлшемі3,81 Mb.
#432
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВ - ПУБЛИЦИСТ


Нәзір Төреқұловтың 1920 жылдары жазған очерктері қазақ халқының өмірінде болып жатқан сан қилы оқиғалар, заманның рухани көркі туралы болып келеді.

Н.Төреқұлов публицист ретінде өз кезеңіндегі өмірдің өзекті мәселелеріне үн қосып қана қоймай, журналистиканың күрделі жанрларының бірі – очерк жазуда да өзінің білімділігін, әдеби әзірлігін байқата алған талант иесі.

Нәзір Төреқұловтың көзін көзген Ж.Арыстанов өзінің естелігінде публицистің әр қыры туралы былай дейді: “Нәзір Төреқұлов неше алуан саяси, ғылыми мақалалармен қатар очерктер, памфлеттер, әдеби сын мен фельетондар, әр түрлі маңызды хабарлар оның дарынды қаламынан тынымсыз туындып жатты” [38,57-б]. Саяси қайраткер қыруар қоғамдық жұмыстармен қатар публицистикалық еңбектер жазып қана қоймай редакторлық, баспагерлік жұмыстарды да қоса атқарған.

Нәзір Төреқұловтың журналистік шығармашылығындағы назар аударатын, рухани мұра ретінде қабылдап, қызығып оқитын бір саласы - оның тарихи-әлеуметтік мәселелерге байланысты жазған публицисткалық очерктері дер едік. Нәзірдің публицистикалық очерктерінде алған тақырыбын терең зерттеп, көрген, білген, көкейіне түйгендерін оқушысына ұсынып отырған.

Нәзір Төреқұловтың журналистік шығармашылығына филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Қожакеев былай деп баға баға береді: “...Нәзір негізінен сыни материалдар жазған. Оларын ерекше екпінмен, адуынды арынмен, сын объектісін ықтыра, бұқтыра жазған. Нысанаға алып, діттеген адамдарын сілкілеп, шаңын қаға, есін кетіре, сауырлап-сауырлап тастайтын болған”[39].

Өз кезеңінде автор әрбір тарихи оқиғаларға байланысты жеке көзқарасын білдіріп, қазақ халқының ұлттық мүддесін әр қырына алып, ХХ ғасыр басындағы төңкерістердің шиеленісу, қазақ халқына тигізіп отырған әсерін нақты ғылыми тұрғыдан дәлелдеп береді. 1918 жылы жазған “Екі өзгеріс” деген публицистикалық очеркінде Нәзір Төреқұлов уақытша үкімет, оның қол қойып отырған талаптары, Ресейдегі саяси күштер мен Қазақстандағы саяси ағымдардың құрамы, мақсат-мүддесіне кеңінен тоқталады. Осы публицистикалық очеркі шыққан “Қазақ мұңы” газетінің жауапты редакторы Нәзірдің өзі болған. Газеттің бірінші санында редактордың “Торғай сьезі” атты публицистикалық очеркі басылады. Нәзір Төреқұловтың шығармашылығын зерттеуші ғалым Жолтай Әлмешов бұл мақала туралы пікірін былай түйіндейді: “Бұл материал өзінің тілімен, маңыздылығымен ерекшеленеді. Қазақ еңбекшілерінің мұң-мұқтажын баса сөз еткен бұл мақала ресми мақаладан гөрі толғанысқа көбірек ұқсайды. Әрбір сөйлемнің астарында Нәзірдің ащы тілі, “мақтамен” бауыздайтын тапқыр теңеуі байқалып отырады” [40,40-б]. Біздің ойымызша, Нәзір Төреқұловтың “Торғай сьезі” публицистикалық очеркке жататын сияқты. Себебі, онда әлеуметтік-саяси құбылыстарға, қазақ халқының түйінді мәселелеріне байланысты ой қозғау, пікір айту, қарапайым халықпен сыр шертісу формасын таңдаған. Публицист өз ойы мен сезімі арқылы өз дәуірінің тынысын, сол кездегі өмір картинасын көз алдыңызға елестетеді. “Қазақ не істесең, соны біреу істе деп айтты деп, құр селқос істей салма, осы істі істегенде тұрмысыма пайда бар-ау деп, өз ырқыңмен сүйсініп істе” [40,43-б],- деп оқушымен шын сыр бөлісіп, шүйіркелеседі. Бұл публицистикалық очерктің ерекшелігі автор көкейіндегі ойды өз атынан баяндап, ой-өріс диапазонын, ақыл-парасатын, әр қилы мағлұмат-бағдардың молдығын байқата білген.

“Съезде бір күдікті мәселе – жер мәселесі еді. Осы кәмәсияда жүз елу шақты адам қосылып әр мәселені қырық өлшеп, бір кесте ережесі бойынша іс атқарғандықтан жақсы шықты. Жер кәмәсиясының докладшысы бұрыннан іс басында тұрып ысылған Т.Таврилов болуы кәмәсияға өзгеше бір ажар берді” [40,43-б], - деп сол кездің де, бүгінгі күннің тәртібінен түспей отырған жер мәселесіне өз пікірін білдіреді. Мұнда публицистикалық очерктің компоненттері молынан пайдаланылып, фактілерді іріктеп, шығармашылық електен өткізіп, әлеуметтік мәні бар мәселелерді қозғай білген деуге болады. “Үміт етеміз, Торғай облысындағы қазақ пен орыс тату тұрса, қолда барды әділдікпен бөліп тұтынса, облыстың байлығы екеуіне де жетерлік” [40, 43] деген жолдардан публицист сол кездегі замандастарының рухани көркі мен сыр-сипатын жақсартуға шақырып, уағыздайды. Бұл очеркте әскери өнер, салық, жаңа келген үкімет, сайлау, советтендіру туралы да айта келе, нәтижелі үгіт-насихат жүргізгенін де айқын көруге болады. Сонымен Нәзір Төреқұловтың “Торғай съезі” ХХ ғасыр басындағы қазақ тұрмысындағы оқиғалар мен құбылыстарды батыл, терең талдап, тартымды тілмен жазған тегеурінді публицистикалық очеркі.

Қазақ әдебиетінде публицистикалық очерк туралы келелі пікір айтып, оның өзіндік ерекшелігін Т.Ыдырысов былай түсіндіреді: “Публицистикалық очеркте автор әлдеқайда кеңірек көсіле алады, өз көрген-білгендерін кірістіре алады, оқушының санасы мен сезіміне бірдей әсер етуге тырысады, оқушымен тікелей әңгімелесіп, шүйіркелесуі, өзі суреттеген картина турасында ойласуға шақырады” [41, 91-б].

Нәзір Төреқұлов та өзінің публицистикалық қарымын тіл мәселесіне бұрған тұста оқырмандармен тікелей әңгімелесіп, өзі әңгіме етіп отырған мәселе турасында халықпен ойласуға шақырады. 1925 жылдың 28 қарашасында “Қашан болады?” атты публицистикалық сарындағы, кең философиялық түйіндермен құнды мәселе төңірегінде әңгіме қозғайды. “Қазақ тілінің үкімет тілі, мемлекет тілі жарияланғанына талай уақыт өтті. Сөйтсе де әлі қазақтың “дара әліппесі жоқ”, жазба машинкасы жоқ. Тіл деген кабинетте жасалмайды. Қазақ секілді бұрын езіліп келген ұлттық тілі кеңсесіне кіріп, күн сайын жұмсауда болса ғана, бел, буыны қатады” [40, 62-б]. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған бұл пікір бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе екенінде дау жоқ. Автор ауқымды мәселені жеріне жеткізе жазып, қазақ тілінің зәру проблемаларын публицист көзімен көре білген. Сол кездегі тіл саясатын бағалай отырып, қорытындылары мен тұжырымдарын әрі нанымды, әрі дәлелді бейнелейді.

“Екі өзгеріс” деген публицистикалық очеркінде Нәзір нақты өмір шындығын көркем публицистикалық тұрғыдан ашып көрсетуге бағындырған. Келтірілген фактілердің бәріне дерлік көркем публицистикалық тұрғыда талдау жасауға, өз қабылдауындағы, түйсігіндегі бейнені суреттеуіндегі факті туралы әңгімелейді. Мысалы: өткен жылдардағы өзгерістерге тоқтай келе, төңкеріске дейінгі және одан кейінгі халық жайын әңгімеге өзек ете келе, бұл өзгерістердің соғыс, аштық пен жалаңаштық арқасында келгендігіне оқушының көзін жеткізеді. Уақытша үкіметтің кемшілігін, кеңес үкіметінің артықшылығын түйіндей келе, екі өзгерістің де халық үшін алға басушылыққа алып келе жатқанын көрсетеді.

“Екі өзгеріс” Нәзір Төреқұловтың заман тарихын суреттеген, сол кездегі өмір құбылыстарының шежіресін жасауға қол жеткізген, саяси ұстамдылық таныта отырып, сол кезеңдегі тұрмыс пен мораль мәселелері жөнінде салиқалы ой-толғанысын ортаға салған шығармасы.

Нәзір Төреқұловтың публицистикалық мұрасынан байқайтынымыз қай туындысын алсақ та өз кезеңінің желпінісін, келелі істердің әуенін, дәуір үнін, сол оқиғалардың лебін сезініп отыруға мүмкіндік бар.

Нәзір ұлт мәселесіне арнаған “Ұлт мәселесі 3-ші Интернационалдың 4-ші конгресінде” [40, 47-б] атты публицистикалық мақаласында ұлттық қарым-қатынастардағы бұрын ашып айтылмаған жайларға талдау жасап, ұлттар мүдделерінің тең құқықтығы туралы көп сырлар жатыр.

Бұл мақаладан автордың саяси өресі мен білім көкжиегін көрсете білгеніне куә боламыз. Еуропадағы пролетариат, буржуазия дүниесіне кеңінен түсінік бере келе, күншығыс халықтары мен Еуропа пролетариатының да жауы бар екенін таратып түсіндіреді: “Ұлт мәселесі жайынан” [40, 48-б] мақаласында да Ресейдің отарлау саясатын, бөтен ұлттарды билеп үйреніп қалған әдетін әшкерелей отырып, зардап шегіп отырған ұлттарға іш тартып, ұсақ ұлттардың бөтен ұлттарға сенімсіздігінің түбін ашып көрсетуі публицистің саяси сауаттылығын дәлелдейтін тұсы деуге толық мүмкіндік бар. Публицисттің қай мақаласын алсақ та қарапайым халықтың саяси сауатын ашу, көкірек көзін ояту мақсатын ұстанғанын байқаймыз.

Нәзір Төреқұлов өмір кешкен дәуір мен орта өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Публицистің өз заманында атқарған ісі мен журналистік мұрасы баспасөз тарихындағы тұтас жүйе болып саналады. Ол қазақ елінің ұлт мәселесіне, тіл, әдеби-сын мәселесіне үн қосып, бірнеше дүркін мақалалар жазып, қоғамдық-саяси мәселелер төңірегінде публицистік қарымын танытқан қоғам қайреткері.

Қорыта айтқанда, Нәзір Төреқұлов мемлекет қайраткері, мұсылман халықтары арасынан шыққан тұңғыш елші ғана емес, қаламы қарымды журналист ретінде де қазақ баспасөзі тарихында өзіндік орны бар тұлға демекпіз.


Б.КЕНЖЕБАЕВ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ ТАҒЛЫМЫ

Бейсенбай Кенжебаев қазақ тарихында өзіндік орны бар биік тұғырдан орын алған тұлға. Қазақ әдебиетінің тарихын, әдебиеттану ғылымын, әдебиет сынын Б.Кенжебаевсыз елестету мүмкін емес болса, қазақ журналистикасының тарихын, теориясын, практикасын да Бейсекең есімімен тығыз байланыстыру заңды құбылыс. Б.Кенжебаев әдеби сын, зерттеу мәселелерімен, журналистік өнермен 1920 жылдардан бастап шұғылданып, баспасөз беттерінде әдеби-сын еңбектерімен қатар, үнемі публицистикалық мақалалар, очерктер, деректі әңгімелер жазады. Оның шығармашылық қабілетінің дамуына бір жағынан баспасөз орындарында істегені себеп болса, екінші жағынан қазақ әдебиетінің негізін салушылар Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезовтермен ұзақ жыл жолдас, қызметтес болғандығы да әсерін тигізгендігі заңды құбылыс.

Б.Кенжебаев қазақ журналистикасында негізінен бірнеше бағыттта шығармашылық еңбегімен еленеді. Оның біріншісі, өзі журналист болып, күнделікті туындаған әртүрлі мәселелерге дер кезінде үн қосып, өткір мақалалар жазып, 1920 жылдардан бастап өмірінің соңына дейін атсалысқан. 1923 жылдан бастап «Жас қайрат», «Жас қазақ» журналдары мен «Ақ жол» газеті, «Дархан» (Өзбекстанда шыққан) өзбек тіліндегі газеттерде хабар-ошар жариялаудан бастаған жас журналист, кейіннен «Еңбекші қазақ» газетінің басқармасына кіріп, баспасөз секторының меңгерушісі, «Лениншіл жас» журналының жауапты редакторының орынбасары болған. Қазақ журналистикасына он тоғыз жасында келген Бейсенбай Кенжебаев алғашқы кездерде ел өмірінен қысқа хабарлар жазумен шұғылданса, кейіннен мемлекет, тарих, ұлт, тіл тағдыры тағы басқа күрделі мәселелер төңірегінде жүздеген мақалаларды жазғанда қаламы көсіле түскен. 1929 жылы Павлодар облыстық «Кеңес туы» газетіне, 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан бөлек облыс болып құрылғанда ашылған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің алғашқы редакторы, ұйымдастырушы ретінде де журналистика тарихында өзіндік орын белгіледі және осы басылымдарды ұйымдастырғанда да жан-жағына білікті маман журналистер жинап тәрбиелеуде де үлгі боларлық тұстары тарих бетінде сайрап жатыр. «Кеңес туы» газетінен Алматыға қайта оралған кезде «Еңбекші қазақ» газетінің әдебиет және сын бөліміне меңгеруші болып, білгір журналист ретінде жаңа шыққан басылымдарға, кітаптарға, мақалаларға сын, библиографияны да үзбей жариялап отырған. «Еңбекші қазақ» газетінде істегенде әртүрлі міндеттер атқарып, алғашқыда қатардағы журналист, кейіннен бөлім бастығы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған Бейсенбай Кенжебаев 1920-1930 жылдардағы қалам қайраткерлерінің бәрімен бірге жұмыс істеп, аралас-құралас болған.

Б.Кенжебаев қазақ радиожурналистикасының да бастауында тұрып, радио арқылы тұңғыш хабар-ошар таратқанда да осы бөлімнің редакторлық қызметін атқарған. Ол Алматыда 1931 жылы Қазақстан радиоторабы ашылғанда оның хабар тарату білімі «Социалды Қазақстан» деп аталып, оның басында осы Бейсекең болғаны тағы да тарихтың бетінде қалды. Радиохабар жүйесінің қалыптасып, құрылымдары белгіленіп, іс-қимыл принциптерін, бағдарламаларын үйлестіру принциптерін ашуға, радиохабарлардың қоғамдық функциялары мен әдістерін де айқындауға елеулі үлес қосқандардың бірі.

Қазақ журналистикасының тарихындағы еңбек сіңірген тағы бір бағыты қазақ баспасөзінің тарихын, шежіресін жасауда жатыр. Бұл салада да ол алғашқылардың бірі болып баспасөз тарихына қатысты жекелеген мақалалар жазып, жариялаған. 1925 жылдары «Жеті жыл» атты мақала жазып, онда Ташкент, Орынбор қалаларында сол кезде шығып тұрған «Жас алаш», «Жас қайрат», «Жас қазақ», «Өркен» газет-журналдарының бет-бейнесі, көтеріп жүрген проблемалары, сол кездегі баспасөздің маңызы туралы көп маңызды мәселелерді қозғайды. 1950 жылдарға дейін қазақ баспасөзінің тарихы, теориясы туралы ешбір кітап жарық көрмегені белгілі. Осы туралы алғаш ойланып, 1950 жылы «Қазақ баспасөзінің тарихы» деген тарихи очерктерден тұратын кітапша шығарды. Онда негізінен революцияға дейінгі және революциядан кейінгі, Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы жарық көрген көптеген басылымдардың тарихына, мазмұнына, оны шығарушы журналистердің шығармашылығына шолу жасалып, көптеген мағлұмат, анықтамалар береді. Осы басылымдардың қазақ халқының саяси, шаруашылық және мәдени өмірінде, сондай-ақ қазақтың мерзімді баспасөзінің тууы мен қалыптасуында елеулі рөл атқарғандығын, сол кездің өзінде мақала, фельетон, очерк жанрларының түрлері қалыптасып, дамығандығын алғаш ғылыми тұжырымдаған да осы - Бейсенбей Кенжебаев болатын.

1957 жылы «Қазақ баспасөзінің тарихынан мәліметтер» деген еңбегінде бұрынғы баспасөз туралы пікірлерін толықтырып, кемелдендірді. Дәл осы жылы «Журналист - Мұхаметжан Сералин» еңбегін жазып, кітап етіп шығарады. Онда негізінен М.Сералиннің өмірі мен қоғамдық қызметі, әдеби шығармалары, публицистикалық туындылары алғаш рет толыққанды жинақталып, зерттеліп, ұсынылған. М.Сералин туралы зерттеуі нақты фактілерге, тарихи-мұрағаттық деректерге, терең теориялық тұжырымдарға негізделгендігімен құнды.

1958 жылы Б.Кенжебаев «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» деген монографиясын жазып, онда қазақ әдебиетінің проблемаларын сол кездегі қазақ баспасөзі тарихымен тығыз байланыста қарастыра отырып, ХХ ғасыр басында шыққан публицистикалық шығармалар туралы да тоқталып, «Айқап» журналы туралы құнды мәліметтер бергенін күні бүгінге дейін жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе Бейімбет Майлин шығармашылығы туралы, оның ішінде Бейімбеттің мақала жазудан гөрі журналистика жанрлары фельетон, әңгіме, очерк жазуды оңай санағандығын, Ілияс Жансүгіровтің қаламгерлік қарымы туралы құнды пікірлер айтқан. Осы еңбегінде Бейімбет Майлин, Қадыр Тайшықов, Аманғали Сегізбаев, Ілияс Жансүгіровтердің фельетон жазудағы шеберлікттерін әр қырынан ашып, нақты тұжырымдар жасаған. 1983 жылы профессор Темірбек Қожакеевпен бірігіп жазған «Сөз туралы сөз» атты еңбегі «Өнер алды – қызыл тіл», «Сөз сөзден туады», «Тілмәштік - өнер» деп бірнеше тараулардын құралып, қазақ баспасөзінің кешегі мен бүгінгі кезеңіндегі айырмашылық, өзіне ғана тән бейнелеуіш құралдары, хабар жеткізу пішіндері, жанрларының және әдістерінің бүкіл жетістігін айқындап, жүйелеп берген еңбек деуге болады. Сонымен Бейсенбай Кенжебаев қазақ баспасөзінің танымдық тарихын жасауға да өлшеусіз үлес қосқан қайраткер және жоғарыдағы журналистерге арнап жазған оқулықтары республикамыздың жоғары оқу орындары үшін ресми оқулыққа айналғанын тарих дәлелдеп отыр.

1920 жылдардан бастап Бейсенбай Кенжебаев қазақ баспасөзі беттерінде алғашқылардың бірі болып публицистикалық мақалалар, очерктер, фельетондар жариялаған. Әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған публицистикалық туындылары әрқилы тақырыпты қозғайды. Соның ішінде «Еңбекші қазақ» газетінде «Комсомолдардың саяси мектебі» (25,04,1926), «Сын түзелсін» (1,03,1928), «Салт-сана майданындағы міндеттеріміздің бірі» (14.06. 1928), «Жас қайрат» газетінде «1916 жылғы көтеріліс туралы» (29.07.1923), «Жастар ұйымының мақсаттары» (08.07.1926), «Лениншіл жас» газетінде «Жалпы жиылыс туралы» (10.01.1928), «Жастардың жайсыз істері» (07.01.1928), «Ескеретін екі мәселе» (17.02.0928) сияқты өз кезеңінің көкейкесті мәселелеріне арналған мақалалары кейін де толығып, толастамай отырған. Бұл мақалаларда қазақ жастарының бірлесіп, ел болып дамуына кедергі келтірер жаман әдеттерді әшкерелеп, олардан қалай арылу мәселелері төңірегінде келелі ойлар қозғаған.

Б.Кенжебаевтың әр жылдары жазған публицистикалық еңбектері жүздеп саналады. Оның ішінде С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ж.Жабаев, Ө.Тұрманжанов, т.б. туралы деректі әңгімелер мен очерктер жазып, олардың әдеби қызметі туралы ғылыми, әділ пікір қалыптастыруда беделді сөздерді дер кезінде айта білген ғалым-журналист.

Бейсенбай Кенжебаев қазақ баспасөзінің ардагері, Қазақстан баспасөзінің өрлеуіне, қанаттануына қалам қуатын аямай жұмсаған журналист, қазақ баспасөзінің тарихын шежірелеген ірі ғалым, сан қырлы қаламгер, ақжарқын азамат ғана емес ұлағатты ұстаз мәуелі бәйтерек.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет