МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы


«ПИОНЕР» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАЛАЛАР БАСПАСӨЗІНДЕГІ ОРНЫ



бет11/15
Дата05.11.2016
өлшемі3,81 Mb.
#432
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

«ПИОНЕР» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАЛАЛАР БАСПАСӨЗІНДЕГІ ОРНЫ

Бүгінгі таңдағы дамыған балалар баспасөзі бірден пайда бола қойған жоқ. Жалпы балалар баспасөзінің тууының өзі көне дәуірлердегі адамдардың бір-бірімен ақпарат алмасуынан бастау алады. Қазіргі балалар баспасөзі қазақ публицистикасының бір бөлшегі. Қазақ зерттеушілерінің ішінде публицистикаға тұңғыш анықтаманы Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде берді. «Көсем сөз шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатымен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырылатын жері – шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазумен айтылады. Көсем сөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып істеу ыждахатымен айтылады» [14, 223-224-б]. Шын мәнінде публицистика әлеуметтік, қоғамдық, саяси мәні бар бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін көтеретін, көпшілікке сол кезеңдегі басты міндеттерді аңғартып, саяси-әлеуметтік оқиғалардың сыр-сипатын ашып береді. Публицистика белгілі бір күннің, белгілі бір дәуірдің тарихын сол күннің, сол дәуірдің саясатымен, философиялық көзқарасымен байланыстыра отырып жасайды. Ол қоғамдық мәселелерді сырттай емес, өмірмен, тәжірбиемен ұштастыра отырып баяндайды. «Көсем сөз – мерзімді баспасөз бетіндегі көптеген жанрларға бірдей қатысты ұғым. Сондықтан көсемсөзшілер (публицистер) айтпақ ойы, оны жеткізу ыңғайына қарай кейде памфлет, кейде эссе, мақала, ашық хат, кейде фельетон жазып, жариялайды» [15,122-б]. Нағыз публицистикада әлеуметтік-тәрбиелік ықпал жасаудың орасан зор күші бар. Өйткені ол оқырманға, көрерменге, тыңдаушыға дұрыс бағыт сілтейді. Адамдардың ақыл-ойы мен сөздеріне әсер етудің маңызды рөлін атқарады. Публицистикалық құбылыстарға ғылыми тұрғыдан баға беру, дәлелдеудің айқындығы, өткірлік, барынша ықпал етуге ұмтылушылық тән.

Қазақ зерттеушілерінің ой-тұжырымдары публицистика туралы білім көкжиегін кеңейте түседі. Т.С.Амандосов: «Публицистика - өмірдің сырлы суреті. Публицистика арқауы – шындық. Публицистика адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастардың көрінісі деген сөз, яғни өмірдің әлеуметтік, саяси-экономикалық, өндірістік, ғылыми және рухани, тағы басқа құбылыстарын, өмір фактілерін байыптап түсіндіріп береді» [16,128-б],- деп ой түйеді. Ал Т.Қожакеев: «Публицистика нақты өмірден орын алып отырған мәнді оқиға-фактілер төңірегіндегі пікірді қозғап, сол туралы дұрыс ұғым қалыптастыруға ықпал жасайды. Яғни, публицистика – фактінің, нақты оқиғаның жанры» [17,127-б],- дейді. Зерттеуші Т.Ыдырысов публицистика жайлы мынадай пікір білдіреді: «Публицистика – жазушы мен журналистің әлеуметтік пікір айтуы, күнделікті өмірге, әрқилы қоғамдық шабытпен терең ой топтап, жұртшылықты белгілі бір оқиғаға, құбылысқа ерте, еліктіре білуі» [18,71-б]. Сонымен қорыта айтқанда, публицистика дегеніміз – публицистикалық шығармалардың жиынтығы. Яғни, очерктер мен фельетондар, мақалалар мен ашық хаттар, эсселер мен репортаждар, жиынтығы.

Журналистика – белгілі бір қызмет саласы және әсер ету сферасы, түрлі бұқаралық ақпарат құралдарын, ұйымдар мен мекемелердің басын құрайтын белгілі бір аппарат, әлеуметтік институт. Ал, публицистика – белгілі бір нысаны, орны, функциясы, мазмұны мен құрылымы, пішіні бар, белгілі бір жанрлар жүйесі бар, қоғам мүшелеріне әсер ету тәсілдері бар тұтас шығармашылықтың түрі. Соның ішінде қазақ публицистикасының бір бөлшегі – балалар баспасөзі. Оның пайда болуы, өзіндік даму тарихы туралы зерттеу бүгінгі күннің маңызды мәселелелердің бірі. Осы тақырыпты таңдаудың сәті түсіп, зерттеу нысанына айналдыру барысында көп маңызды мәселелерді кезіктіріп, тілге тиек етпекпіз. Бұл мақалада кешегі мен бүгінгі балалар бапасөзінің ішінде өзіндік орны бар, негізі болып табылатын «Пионер» журналының тарихы мен дамуы, қалыптасуы кеңінен сөз болады. ХХ ғасыр басынан басталатын қазақ балалар баспасөзі мен бүгінгі таңдағы балалар баспасөзінің даму арналарын ашып, анықтау, соның барысында тақырыптық, проблемалық, жанрлық, пішіндік өзгерістерді біртұтас бірлікте пайымдау болып табылады. Үшінші мыңжылдықтың басында әлем адам өмірінің барлық қырларын өркениетті жаһандандыру үдерісіне негізделген жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Ол тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасы оның жетістіктеі мен кемшін тұстарын бастан кеше отырып, үдеріске нақты қатысушы болып отыр. Қазақстандық БАҚ-тардың жаһандану дәуірінде адамның дамуына тиімді әсер ете алатын мүмкіншіліктері жеткілікті. Бүгінгі күні елімізде ақпараттық рыноктың негізі қалыптасып, аса қажетті элементтері пайда болды десе де болғандай. Елімізде 2116 БАҚ жұмыс істейтінін ескерсек, соның ішінде балаларға арналған БАҚ-тың саны елуге жуық оның ішінде мемлекеттік және мемлекеттік еместері де бар. Ақпараттар кеңістігі өзгеріп, дамып, әлемдік медиа-компаниялар құрылып, әлемдік медиа қауымдастыққа шығып келеміз.

1925 жылғы қаңтар айында Орынбор қаласының Троицк көшесіндегі 37-үйде қазақ балаларына арналған тұңғыш журнал шықты. Бақытты өмірге түбегейлі бет бұрған халықтың тарихында қалуға тиіс бұл игі іске басшылықты жас республикамыздың толып жатқан ұйымдары жалынды публицист Ерғали Алдоңғарұлына тапсырған болатын. Зерек қаламгер жаңа журналдың жұмысына құлшына кіріскен. «Бұл 1920-жылдар – Қазақстанның түкпір-түкпірінде пионер қозғалысының белең ала бастаған кезі еді. Мойнына қызыл галстук таққан жас жеткіншектер жер жүзі пролетариатының ұлы көсемі – В.И.Ленин ісіне адал болуға серт беріп, революция жеңістерін түбегейлі баянды етуге жұмылған» [19,4-б ]. Сол кезеңдегі «Пионердің» жарыққа шығуы жас ұрпақтың ойлау мәдениетіне жаңаша бетбұрыс әкелген, балалардың кеңестік өмірдің негізгі қағидаларын бойына тез әрі терең сіңіріп, өздері таптық күреске жұмылған ірі саяси күшке айнала басталуына куәгер. Тұңғыш сандағы «Балалар ұйымы туралы», «Жас пионер басшысы қандай қалып сақтау керек?», «Екібастұз кеніндегі пионерлер жайы» [19,4-б] секілді мақалалар бір қолдан шыққанына қарамастан, қазақ халқының жас буынына биік мақсат, айқын бағытқа жол сілтеуге жасалған ірі қадамдар еді.

Мұрағат қойнауындағы сарғайған парақтарды ақтарып отырсақ, онан бүгінде есімі жұртшылыққа танымал Шолпан Иманбаева, Жүсіпбек Арыстанов секілді ақын, журналистің, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов секілді туған әдебиетіміздің іргетасын қалаған ірі қаламгерлердің шығармалары жарияланғанын көреміз. «Пионер» 1931 жылы Қызылорда қаласында «Екпінді жас» деген атпен шыға бастады. «Екпінді жас» «Пионердің» әуелгі міндетін толығымен атқарып, республика пионерлері мен қызметкерлерінің өмірінен өз оқушыларын ұдайы хабардар етіп отырды. Оның шығуына С.Мұқанов, Б.Майлиндей көрнекті жазушылар үнемі жәрдемдесіп отырды. Ал, Әмина Мәметова (Мәншүктің анасы) журналға бас редактор болып қол қойған. «Пионер» журналы 1937-1939 жылдары «Вожатыйға көмекші», «Вожатый» деген атпен де шығып тұрды. Бұл – Қазақстандағы пионер қозғалысының терең қалыптасып, социалистік қоғамның ірі міндеттеріне түбегейлі бет алған кезеңі еді.

1939 жылы журнал қайтадан өзінің әуелгі «Пионер» деген атымен жарық көріп, лениншіл жас жеткіншектердің қолына тиді. Бұл кезде негізінен әдеби басылым болған журнал балалардың еңбекке араласуын, Отанымыздың экономикасы мен қорғаныс қуатын барынша нығайтуға тікелей атсалысып, әскери-патриоттық тәрбиені негізгі міндет санағанына куә боламыз. Жамбыл Жабаевтың жас ұрпақты ынтымақшыл бірлікке, отыншылдыққа тәрбиелеген өлеңдері «Пионер» арқылы қалың жас оқырмандардың көкейіне қонды. Журнал халық батыры Аманкелді Имановтың әскери жорық жолдарымен өзінің тұңғыш тарихи-этнографиялық экспедициясын ұйымдастырды. Кремльде тұңғыш рет жоғары үкімет наградасын алған 12 жасар пионер, қазақ қызы Роза Шамжанованы республика жеткіншектеріне таныстырған осы «Пионер» журналы.

Фашизм тұтқиылдан тап берген кезде журнал қызметкерлері де қару алып майданға аттанды. 1946 жылы «Пионер» қайта шыға бастады. Оның алғашқы санына М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, С.Мұқанов алғысөз жазды. «Менің пәлендей ғылым адамы болуыма, менің пәлендей өнер адамы болуыма ең алғаш қозғау салып, ой талабымды оятқанның бірі «Пионер» журналы болып еді, дейтін болсын» [20,11-б],- деп жазды заманымыздың ұлы жазушысы М.Әуезов. Журнал соғыстан соң 1960 жылға дейін үзбей шығып тұрды. Осы уақыт аралығында «Пионер» өзінің мыңдаған оқырмандарын шаруашылықты қайта қалпына келтіруге, тың далаларды бірге көтеруге үндеп, оларды ғылым мен техника үйірмелеріне тартып, білімін тереңдетті.

Сол кезеңдегі өскелең ұрпаққа деген зор қамқорлығының нәтижесінде 1978 жылдың январь айында «Пионер» қайтадан жарыққа шықты. «Пионер» журналы алдағы ғасырға бет алған жас жеткіншектердің рухани шежіресін жазған үстіне жаза түсуде. Журналдың бүгінгі бет-бейнесінен Қазақстан жас ұрпағының жарқын келбетін көре аламыз.

«Пионердің» тарихы дегенде тоқталмай өтуге болмайтын бір нәрсе – оның үлкен жауапкершілігін азаматқа тән алып жүріп, редакция жұмысының ыстық-суығын көтеріскен, журналға игі еңбегін сіңірген жандардың қастерлі есімдері. Соның ішінде екі бірдей талантты журналист, ақын-жазушының есімі ерекше. Олар Хасен Сейілханов пен Секен Дайырбеков. Хасен Сейілханов 1939-1941 жылдар аралығында «Пионерге» басшылық етті. Таланты енді ғана гүлін жайып келе жатқан жас жазушы, ақын журналдың ұйымдастырылуына, қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді, жас қазақ ұландарына тәрбие беру жұмысына ерекше үлес қосты. «1941 жылы Москва түбіндегі сұрапылда ерлікпен қаза тапқан «Пионердің» редакторы бүгіндері сарғайған суреттен сол жап-жас, жігерлі күйінде қарайды...» [21,8-б].

Секен Дайырбеков – «Пионердің» әуелі жауапты секретары, ал 1941 жылы бас редакторы болып істеді. Ол да жас, талантты ақын, журналист еді. Соғыс жылдары ауыр науқасқа шалдыққан ол 1945 жылы дүниеден кетіпті. «Ізгілік жаны игіден шығады»,- дейді дана халық. «Пионердің» шығармашылық ұжымының өзара үлкен достығының куәсіндей кішкентай ғана кітап бар. Ол - өмірден ерте кеткен жас ақын Секен Дайырбековтың «Арман» [22] атты жыр жинағы. 1950 жылы жарық көрген кітаптың алғы сөзін жазып, әріптес досының аз ғана мұрасын құрастырған «Пионердің» 1946-1952 жылдардағы редакторы Төкен Әбдірахманов. Ал осы жинақта Хасен Сейілхановқа арналған автордың сағынышты өлеңі де жүр.

1942 жылы жазылған осы өлең мен 1950 жылы дос қамқорлығымен жарық көрген жинақтың қастерлілігі – бұлардың үлкен достықтың, мақсаты бір, бір ыстық ұяның балапанындай болған үш азаматтың риясыз достығының, жан жылуының айқын белгісі екендігінде.

1946 жылдың шілде айынан бастап «Пионер» журналы қайтадан шыға бастады. Сол жылдары журналдың редколлегия мүшесі болып, аз уақыт үш номеріне редактор ретінде қол қойғандардың бірі – Нұрхан Ахметова. Қазақ балаларын білімге ынталандыру, өнерді сүюге құштарландыру, биік жан-жақты жақсы өнегесі бар азамат етіп қалыптастыру міндетін «Пионер» журналы сол алғашқы номерлерінен бастап өзіне жүктепті. «Журналдың әрбір санының жоспарын құру үстінде қандай тақырыпта қандай нәрселер береміз деген мәселенің төңірегінде қызу талқылау жасаймыз. Әйтеуір, журнал қайткенде де оқушы қолына рухани қазына боп тиюі керек деген ой әрқайсымызды тыншытпайды. Қазір сол жылдардағы журнал беттеріне көз жүгіртіп отырып, соғыстан кейінгі мезгілдегі пионерлердің өмірін, балалар әдебиетінің өсу жолындағы бет-бедерін танығандай боламын» [23,3-б]. Сол кезде журналға автор болуға жазушыларымыз үлкен құлшыныс білдіріп отырғаны байқалады. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев тағы да басқа қазақтың ірі жазушылары балаларға өздерінің талантты сөздерін арнады, шығармалар жазды.

Журнал бетінде бұрын астанамыз болған Алматының өсу, сәулеттену бейнесін оқушыларға үнемі таныстырылып отырған. Республиканың Ғылым Академиясының ашылуы жөнінде академик Қаныш Сәтбаевтың балаларға арнап жазған мақаласы жарияланған. «Пионер» республиканың сол кездегі өмірін дәйекті түрде жаза білген басылымдардың бірі болды десек артық емес. Уақыт өте келе, өмір өзгереді. Журнал да мезгілмен бірге қозғалып, тақырып ауқымын кеңейте берді. «Пионерді» елуінші жылдардың пионерлері де оқыды. Енді, міне, жаңарған, жасарған үлкен тарихы бар «Пионер» бүгінгі оқушының қолында. Өткенге шегініс жасасақ, бүгіннің бастауларын, артқа тастаған белестерін еске түсіреміз.

Мұхтар Әуезов: «Пионер» журналының қайта шыға бастауына шын қуанамыз. Қазақтың жас жеткіншек, талапкер, үміткер гүлдері өз тілінде, ана тілінде көркем тәрбие алмағы аса қымбат. «Пионер» әдебиеттен, көркем өнерден, ғылым-білімнен, әлеумет, саясат тірлігінен – баршасынан да өз оқушысына дән-дерек, нәр-қорек беріп тұрмақ» [24,11-б]. Ақындық, артистікке, күйшілік, суретшілікке кішкентайдан баули берсе, нұр үстіне нұр екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ тек бұл салалар емес, ғылымға да жас жеткіншек өзін-өзі ерте күннен ұқыпты, ынталы етіп әзірлеп бейімдей бере алады. Сол аса қымбат, қажет те. «Пионер» журналы өзінің оқушыларын осы айтқандай келешектерге, ұлы Отанының көрнекті азаматы ететін келешектерге әзірлеуші, дос, көмекші болып келеді. Журналдың оқушылары мен жас жазушылары арасынан сегіз қырлы, гүл-гүл жанған жас өнерпаздар көп шыққанын тарих дәлелдеп отыр. «Кейін солар атақты асыл азамат боп пісіп, толған шақтарында өздерінің естегісін шолғанда: «Менің пәлендей ғылым адамы болуыма, менің пәлендей өнер адамы болуыма ең алғаш қозғау салып, ой талабымды оятқанның бірі «Пионер» журналы болып еді»[24,11-б],- дейтін болсын. Журналдың осындай сапасы болсын. «Пионердің» шығуына қуаныш білдірумен қатар, сондайлық талап қойып сенім артамыз.

«Пионер» тарихы туған халқымыздың ұлы перзенттері Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов есімдерімен тығыз байланысты. Олар ел қамын, болашағын ойлайтын өздеріне тән үлкендікпен «Пионерге» қуана тілектес болды, журналдың қалыптасуына тікелей ықпал етіп отырды. 1925 жылы «Пионердің» № 2-3 сандарында «Нық» деген бүркеншік атпен Бейімбет Майлиннің «Жолаушы Мырқымбай» атты қысқа әңгімесі жарияланыпты. Ал 1946 жылы «Пионер» қайта шыға бастағанда Мұхтар, Қаныш, Сәбит ағалар ізгі тілектерін білдірді. «Пионер» журналының 1925 жылғы №2-3 сандарында шыққан Б.Майлиннің «Жолаушы Мырқымбай» әңгімесі төмендегідей:

Мырқымбай жол жүріп бір мешіті бар ауылға кез болып түсе қалған. Уақыт дәл бесін. Түскен үйінің қожалары мешітке намазға кеткен екен. Мырқымбай бұрын намаз оқып мешітке барып сопылық қылған адам емес. Сонда да түскен үйінің, келген ауылының мешіті бар сопы ауыл екенін біліп, жалма-жан құман алып, дәрет алған болып, жүгіріп мешітке келді.

Мешіттің төр жағында ақ сәлделі молда: қолында көк асасы бар, сақалы беліне түскен, құтырып-ақ отыр. Мырқымбайдың жұрттың алдына шыққандай сықыны жоқ: үсті-басы жыртық-жыртық...

Келіп бір шалдың жанына отыра қалды. Көп ұзамай-ақ жанындағы шалына қараса көзінен жасы бұлаудай болып аққан. Еңкілдеп жылап отыр. Молда құтбаны жылмитып жатыр. Жұрт тым-тырыс. Мырқымбай не қылса да жанындағы шалдың неге жылағанын білгісі келіп ақырын шалдан: «Сіз неге жылайсыз? Молданың оқып тұрған құтпасының мағынасына түсініп отырсың ба? Түсінсең маған да айтшы, не деп тұр?» - деді. Шал қозғала беріп: «Ойбай, неменесіне түсінейін. Жылағанымның мәнісі мынау: былтыр мал дегенде жалғыз көк тоқал ешкім бар еді. Сол ешкім жоғалып кетіп еді. Шөп жегенде сол ешкімнің сақалы ана молданың сақалындай шошаңдап тұрушы еді. Молданың сақалының селкілдегенінен жоғалған ешкімнің сақалы есіме түсіп, сонан көңілім бұзылып жылап отырмын» [25,13-б],- деген қысқа ғана әңгімесі басылған.

«Балалар, бұл Академия – болашақтағы ғылым иесі сендердің академияларың. Сендер ғылымға жан-тәндеріңмен беріліп, өздеріңді ғылым адамы болуға бейімдей беруге тиіссіңдер. Өлке байлығын тексерудегі, ауа райын бақылаудағы, түрлі модельдер жасаудағы, ән-күй үйренудегі сендердің ұшқыр ақылдарың ғылымға көп пайда келтіреді. Адам қандай ғылым, қандай өнердің болса да қайраткері болуы үшін, оған жастайынан бой ұрып, машықтануы тиіс» [26,12-б],- дейді академик Қ.Сәтбаев.

«Ұлы Отан соғысының салдарынан жабылып қалған «Пионер» журналының қайтадан шыға бастауы аса қуанышты оқиға. Олай дейтін себебім, расын айту керек, қазақ тілінде балалар әдебиеті жоқтың қасы. Соғыстан бұрын қазақ тілінде балаларға арналып «Октябрь балалары» газеті мен «Пионер» журналы шығатын еді де, балалардың білімін көтеруге, көркем сезімін өркендетуге көп көмек беретін еді. Соғыс кезінде бұл екі баспасөздің тоқталуы, балалардың рухани өсуіне көп кедергі жасады. Енді, сол газет пен журнал қайтадан шығып отыр. Бұл – бір қуаныш болса, екіншіден – соғыс жылдары балалар қызығып оқитын көп ерліктер туғызды; соғыстан кейін халқымыз жаңа қарқынмен, сталиндік жаңа бесжылдықты орындауға кірісті. Осының бәрі, егер жазып бере алсақ, балаларға аса қажетті азық. Журнал, сөз жоқ, алдына мұны программа етіп қояды. Журналдың шығуына қуанумен қатар, мен өзім, осы журналға үзбей жазып тұруды өзімнің борышым деп санаймын [27,12-б],- деген жазушы С.Мұқанов сөзінің жаны бар.

«Пионерде» жұмыс істеген жылдар ерекше бір нұрлы сәулесімен есімде қалды. Мұның екі басты себебі бар. Біріншісі – біздің шағын ғана творчестволық коллектив үлкен мұрат үшін жұмыс істеді. Олай дейтінім елдің, халықтың ертеңгі асқақ еңсесін, болмыс-бітімін өздерінің азаматтық келбетімен танытуға тиіс балғын ұрпаққа қызмет етуден, оның бүгінгі «Пионердің» басты мақсаты қай кезде де осы болып келді» [28, 6-б]. Елуінші жылдардың алғашқы жартысындағы журнал тігінділерін ашып, парақтағанда оның бүгінгі «Пионердің» заңды түрде өткен жолы екенін айқын аңғаруға болады. Редакция ұжымы ең алдымен республика пионерлері мен мектеп оқушылары өміріндегі жаңалықтарды, олардың білім алу мен еңбекке араласудағы, пионерлік істердегі жетістіктерін мүмкіндігінше кеңінен көрсетіп отыруға көңіл бөліп келген. Мектептерден, дружиналар мен отрядтардан келіп жататын хаттар, осы тақырыптағы мақалалар мен очерктер журнал беттерінде жиі көрініп отырған. Балалардың танымдық шеңберін кеңейту, олардың мүмкіндігінше көп нәрседен хабардар болуына жағдай жасау – журналдың ерекше назар аударып отыратын мәселесі болғанына көзіміз жетті.

Ғылым мен техника жаңалықтары, табиғаттың сан алуан сыры, өмірге уақыт енгізіп жатқан жаңалықтар, ұлан байтақ Отанымыздың қайнаған өміріндегі жасампаздық өзгерістер, әлемдегі оқиғалар... қысқасы, бұл журналда барлық тақырыптар сөз болған. Негізінен әдеби басылым болып есептелетін «Пионердің» беттерінде жарық көрген әдеби шығармалар осы мақсатты – балалардың өнегелі тәрбие алуын, олардың азаматтық болмысын қалыптастыруды көздейтін.

Ерекше айтатын бір жай – «Пионер» туған әдебиетіміздің қалыптасуына үлкен көмегі тиген, талантты ақын-жазушыларымыздың көбінің қаламгер ретінде төселуіне әсер еткен басылым болды. «Пионерді» соншалық ыстық көрсететін екінші себебі – оның жұмысына атсалысқан азаматтар – редакция қызметкерлері мен авторлардың үлкен тобы. 1952-1955 жылдар аралығында редактор болған С.Қирабаевпен бірге белгілі аудармашы Мұқамбет Нұртазин (жауапты хатшы), талантты жазушы Мұқан Иманжанов пен ақын Мұзафар Әлімбаев (бөлім меңгерушілері), суретші Николай Лебедев және техникалық редактор Израиль Наумович Соскинд жұмыс істеген. Осы шағын ғана ұжым журнал жұмысына үлкен еңбек сіңіргенін көреміз.

Әсіресе, көкірегі сәулелі, жаны ізгі азамат Мұқан Иманжановтың орны журнал тарихында да, төл әдебиетіміз тарихында да ерекше еді. Мұқан Иманжановтың басшылығы, Мұзафар Әлімбаевтың көмегімен редакцияға шетінен талантты бір топ жастар топтастырылды. Бүгінгі белгілі ақын-жазушыларымыз Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Еркеш Ибраһим, Сәкен Жүнісов, Әбіш Кекілбаев сияқты сол кезгі талапты жастардың көптеген өлең, әңгіме, повестері «Пионердің» бетінде жиі жарық көріп отырды. Өмірден ерте кеткен талантты ақын Қосжан Мүсірепов те шығармашылық жолын «Пионерден» бастаған-ды. Аға ұрпақ өкілдері С.Бегалин, С.Омаров, Х.Ерғалиев, С.Бақбергеновтердің шығармалары журналда жиі жарияланып тұрғанына көзіміз жетті. «Пионерге» өз шығармаларымен, мақалаларымен қатысып отырмаған ақын-жазушы кем де кем десе де болғандай. Сол авторлардың үлкен тобы қазақ балаларының журналына әрқайсы өз үлесін қосты. Бүгіндері ойласақ, соның бәрі бір үлкен, мұратты іске саналы азаматтардың қуана қосқан үлесі екен.

Жас ұрпақтың сүйікті журналы «Пионер» де Ұлы Отан соғысы жылдарының қиыншылық кезеңдерінде уақытша жұмысын тоқтатты. Мерзімдік баспасөз ұйымдарының ішінде «Социалистік Қазақстан» мен облыстық газеттер ғана шағын көлеммен шығып тұрды. Журналистер мен жазушылар бейбіт күндері қаламдарын серік етсе, енді қолдарына қару ұстап, неміс бақыншыларына қарсы бетпе-бет шайқасқа кірді.

«Пионер» журналы 1945 жылдың екінші жартысында, шілде айынан бастап қайта ашылды. Бұл қазақ балалары үшін, мектеп оқушылары мен пионерлер үшін зор қуаныш еді. Бұл кезеңдегі оның редакторы - Төкен Әбдірахманов болды.

Журналдың игі мақсаттарының бірі соғыс алдында жаңа қалыптасып қалған балаң да жас қанат балалар әдебиетін есейту, өркендету болды. Соғыс жылдарында мектепте оқып, одан кейін жоғары оқу орындарында білім алған білімді жастар легі балалар тақырыбына шығармалар жазып, «Пионер» журналының төңірегінде өздерінің шығармашылық қанаттарын қатайтты. 1946 жылдың аяқ шенінде журнал редакциясына жазушы Мұқан Иманжанов келгеннен кейін балалар тақырыбына жазушылар легі барған сайын көбейе берді. Мұқан Иманжанов әдебиетке, өзі ұзақ жылдар қызмет еткен «Пионер» журналына қатты жаны ашитын. Ол зейнеткерлікке біржола шыққан кезде: «Кадр алу редактордың ісі ғой. Сенің ішкі жұмысыңа қол сұққандық емес. Менің бұл жеке пікірім. Көкшетауда Сәкен Жүнісов деген бір жас қаламгер бар. Бірді-екілі әңгімесін жарияладық. Түбі осыдан жақсы жазушы шығады»,- деді. Біз көп ұзамай Көкшетаудың Қызылту ауданында мұғалім болып жүрген Сәкенді қызметке шақыртып алдық. Мұзафар Әлімбаев «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысқандықтан, орнына Тұманбай Молдағалиевті қызметке алдық. Кейін Сәкен Жүнісов Москваға оқуға кеткенде Қызылордадан Нәсіретдин Сералиевті шақыртып алдық. Нәсіретдин ол кезде бойдақ еді, үйсіз-күйсіз бабы келмегендіктен, ол Қызылордаға қайтып кетті. Орнына Зейнолла Серікқалиев келді. Тұманбай «Жазушы» баспасына ауысқандықтан, ол орынға Жәнібек Кәрбозин келді. Ал Мұхамбет Нұртазин журналдың жауапты секретары, Николай Иванович Лебедев көркемдеуші редактор болып, журналдың соңғы кезеңдеріне дейін қызмет етті» [29, 21-б]. Бұлардың бәрі де іскер журналистер, әдебиетті шын сүйетін қаламгерлер болған. Олардың ұйымдастырушылығы арқасында журналдың төңірегіне балалар тақырыбына жазатын ақын-жазушылардың үлкен бір тобы шоғырланды. Бір кезде іргесін Қалмақан Әбдіқадыров, Өтебай Тұрманжанов, Сапарғали Бегалин, Сейітжан Омаров, Зияш Қалауова, Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжанов, Секен Дайырбеков қалаған балалар әдебиеті күмбезінің шаңырағын Б.Соқпақбаев, Н.Ғабдуллин, С.Сарғасқаев, Қ.Ыдырысов, Ә.Дүйсенбиев, Н.Сералиев, Е.Мырзахметов, Ш.Смаханұлы, С.Баязитов, Ж.Кәрбозин, тағы басқалары жоғары көтерді. Балалар әдебиеті, оның ішінде балалар баспасөзі үлкен, өскелең, қазақ әдебиетінің жауқазын бір бұтағы болды. Журнал редакциясы қызметкерлері мен авторлары елімізде, республикамызда болып жатқан маңызды оқиғалардың бәріне де ат салысты. Тың көтеруге байланысты шағын әңгімелер де, өлеңдер де журнал бетінде жарияланып отырды.

1960 жылдан бастап республика жастарын техникаға баулу мақсатымен, «Пионер» журналының орнына «Білім және еңбек» журналы ашылды. «Пионер» журналы он сегіз жылдан кейін қайта ашылды. Ол өзінің алғашқы санынан бастап, балалар әдебиетінің тізгінін берік ұстап келеді. Журналдың бұрынғы жақсы дәстүрлері мен авторларын, оқырман қауымын оның 70 жылдан асқан шығармашылық еңбектеріне үлкен құрметпен қарау әрбір қазақ азаматының парызы деп білеміз.
КӨСЕМСӨЗ ЗЕРГЕРІ

Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов шығармашылығының бет-пердесі көсемсөзден басталады. Әсіресе 1930 жылдары жазған көсемсөздерінде ұлт қамын жеген, ел болашағына алаңдаған ойлары мен байламдарының мәні ерекше. Жазушы кейініректе әлемге әйгілі роман-эпопея туғызып, суреткерліктің шеберлік шыңына жеткен шағында да өз заманының тарихын, өзі өмір сүрген кезеңнің қарапайым еңбекшілері мен қаһармандарын суреттеу үшін көсемсөзге қайта-қайта айналып соғып отырды. Өзінің болашақ романдарына апаратын жолды да осы көсемсөз арқылы дайындық жасап барып, тауып отырды десек қателеспеспіз.

Мұхтар Әуезов публицистикалық мұрасының ішінде очерктері - қаламгер шығармашылығының жеткілікті дәрежеде зерттелмей, назардан тыс қалып келе жатқан қыры. Жазушы очерктерінің күрделі эвоюциясы, публицистік шеберлігінің шыңдалу кезеңдері арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. Публицист ойынан туған әрбір очеркі өз заманының толғағын толғап, қазақ елінің көкейкесті проблемаларын алға тартуға арналып отырған.

М.Әуезов очерктің барлық түріне қалам тартқан, соның ішінде жолсапар, проблемалық, портретті, оқиғалы очерктерінің шоқтығы биік және мәні терең шығармалары деуге болады.

Очерк жанрының ең көне түрі – жолсапар очерктері туралы Н. Чернышевский «Саяхат очерктері – бұл өзі ішінара саяхат, ішінара жаратылыстану»[30,222-б],- деп тұжырымдайды.

1950 жылдардың екінші жартысынан бастап Кеңес елінің шет мемлекеттермен байланысы қаурыт нығайды. Кеңес делегацияларының шет елдерге жиі баруы нәтижесінде қазақ баспасөзінде де көптеген жолсапар очерктері өмірге келді. М.Әуезовтің «Индия очерктері» 1955 жылғы Үндістанға сапарының жемісі. Очерктің алғашқы жолдарында саяхаттың басталуы туралы айтылса, одан әрі бейтаныс елдің белгісіз келбетімен таныстыру процесі оқырманды қызықтыра отырып, жаңа деректер, тың оқиғаларды жүйелі баяндайды. «Индия очерктеріндегі» жаңалық, сонылық атаулының барлығы жазушының дүниетанымынан, шығармашылық даралығынан, қалыптасқан шеберлігінен туындағанына куә боласың. Мысалы «Тәжмахал» сарайын оқырманға таныстырғанда автордың дүниетаным шеңберінің кеңдігі бірден байқалады: «Сиқыр сарай - мазар «Тәжмахал » 18 жыл бойына 20 мың жұмысшының қолымен Шахжиһан патшаның бұйрығы бойынша 1632 жылдан басталып, 1650 жылға дейін салынған. Бұл ғажайып жайды салушы ұста Иса деп аталады. :«Тәжмахал» тек аппақ мрамордан ғана салынған. Іші ою нақыштарымен көп безелген, тас кестелі кейбір әсем бөлімдерін безендіруге ақ мрамордан басқа 18 түрлі тастар қолданылған...»[31,344-345-б],-деген автордың баяндауынан оқырманның қаншалықты кең мағлұмат алатындығы көрініп тұр. Очерктің енді бір тұсында түркі тектес халықтардың ортақ рухани қазынасы «Бабырнама» туралы қызықты деректер келтіреді. Очеркист қай оқиғаны баян етсе де оқырманға Үндістанның тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен салт-санасы жайынан тосын жаңалық жеткізуге тырысады. Жолсапар очеркінің ерекшелігі де осында. Жазушы бәрін бұрыннан білетін жеткізуші болып көрінбей, қайта өзі білуге ынтазар ретінде танылады. «Урду» тіліндегі ақындардың «мүшәйрасы» туралы қызықты әңгімелей отырып, автор үнді еліндегі ақындар мүшейрасын біздің ақындардың мүшәйрасымен салыстыра отырып сөз қозғайды. Бұл М.Әуезовтің 1950-ші жылдардағы қазақ публицистикасындағы алғашқы сапарнама очеркі болатын. Сапарнама очеркі күнделікті жазба формасында да жазылады, ал бүкіл суреттеудің, баяндаудың дәл ортасында саяхатшының өзі болады. Бұл үшін жазушының жеке басы оқырманды қызықтыратындай танымал адам болса очерк тартымды оқылады.

1960 жылы жазылып, аяқталмай қалған тағы бір очеркі - «Америка әсерлері». Бұл туынды М.Әуезов қайтыс болғаннан кейін 1964 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген. Автор бұл очеркінде Америка қалаларына сөзбен саяхат жасай отырып, сол елдің көрікті жерлерімен, мәдениетімен кеңінен оқырман қауымды таныстырады. Очеркистің қызықты әңгімелейтіні соншалық – Вашингтон, Нью-Йорк қалаларын көзбен көріп, аралағандай әсер қалады. Мұхтар Омарханұлының жолсапар очерктері қазақ әдебиетіндегі тілі шұрайлы, баяндалуы көркем, саяхат жазбаларын қағазға түсірудегі шеберлік қырлары қатпарлы, үйренерлік жайттары мол мұра.

Жазушы 1933 жылы Түлкібас пен Жуалы аудандарына сапар шегіп, осы аудандар өмірімен етене танысып, еңбек адамдарымен тікелей жүзбе-жүз кездесіп, сырласу, әңгімелесу арқылы көрген-білгендерін, сезген-түйгендерін сұрыптап, осы шығармашылық сапарының нәтижесінде «Жуалы колхозшысы», «Сөз алған – тау сағыз бен көк сағыз», «Біз әткөшнекпіз», «Істер сөйлейді» атты очерктер жазған. Бұлар жанрлық жағынан жолсапар очерктері екендігіне дәлел – сапар кезінде көрген оқиғаларына, кездескен адамдарына көркемдік реңк бере отырып суреттейді. «Жуалы колхозшысы» очеркінде бірнеше еңбек адамдарының бейнелері сомдалып, публицист сол арқылы ауданның шаруашылық жетістіктеріне кеңінен тоқталады. Күздің бұлыңғыр күнінде аудан орталығы Ванновка жанындағы көпірді қалыпқа келтіруге аттанған үш жұмысшыны оқырманға өзара әдемі диолог арқылы таныстыра келе, бірден портреттерін сомдаған очеркист олардың мінез-құлқын, отбасы жағдайын, тұрмыс-тіршілігін, жұмыс істеп жүрген колхоздың еңбек ырғағын да шебер суреттеген.

«... Мәметпен қатар отырған Ырысбек торы дөненге иегін нұсқап:


  • Мынау тартады ! Мынау,- деп көрсетіп,- тек заты әлсіз бе дейім, әрдайым тартпайт жүдә! Ия, а, а, һ !- деп нағыз дауыспен көкті тықсырыңқырап қойды.

Ырысбек – қызыл күрең, еңбекке піскен, ірі денелі, сом етті. Өзі де көңілді. Даусы қатаң. Әрбір қозғалыс қимылында иелік, өз-өзіне сенімділік екпіні бар. Әңгімеде ақ тістерін ақсита жиі-жиі керіп қояды. «Шұқырбұлақ» колхозындағы екпіндінің бірі. Жақында бір бұзаулайтын сиыр алыпты.

Үшінші Қалдыбай. Ұзын бойлы, ол да ажарлы, денелі» [31,6-б].

Мұхтар Омарханұлының шоқтығы биік очерктерінің бірі - «Ақын елінде» деп аталады. Бұл шығармасын 1943 жылы «Абай жолы» романының екінші кітабын жазуға деректер іздеу мақсатымен барған ғылыми экспедиция сапарынан жазған. Әдеби-мемориалдық музейде сақталған түпнұсқасының бастапқы аталуы «Романға деректер іздеу жолында» делінсе, кейіннен «Ақын елінде» деп тақырып қойылып, іркес-тіркес үш оқиғаны суреттеген жолсапар очеркін «Ақын елінде», «Жер әңгімеші», «Колхоз әнші» деген тақырыпшалармен айдарлаған. Бұл очерктің өн бойынан байқайтынымыз – жазушы үлкен романға дерек іздеу жолында Абай өмір сүрген орта, ұлы ақын ауасын жұтқан елдің жері мен суы, адамдарын көзбен көріп, көңілге түйіп, көптеген деректер жинағанын байқаймыз. Автор Абай туралы мол танымдық деректерді ұсына отырып, кейбір проблемаларды да орынды көтерген. Мәселен: «Рас, әлі ауданда Абайдың қорасы, үйі қалпына келтірілген жоқ. Аудан Абай зиратын күткен, қолынан келген ісін істеп күмбез тұрғызған. Бірақ, суретті, салтанат белгілерін, ескерткіштерін алсақ, оның бірде-бірі орнамаған. Бұл істер аудан күшімен істелетін де іс емес, ол республика көлеміндегі міндет»[31,90-б],- деп очерктің соңында Абай заманының ғана емес, одан бұрынғы да қазақ тарихының қатпарларын ішіне бүгіп жатқан «Қоңыр әулие» үңгіріне ғалымдар, зиялылар назарын аударады.

1935 жылы жазылған «Баймұқаметұлы жолдас» атты очеркі Алтайдағы «Ақжал» алтын қазу кеніндегі партия өкілі Жанай Баймұқаметұлының ұйымдастыру, адами қызметін көрсетуге арналады. Жазушы бұл мақсатын сәтті орындай отырып, очерк кейіпкерінің бейнесін толық ашқан. «Жанай өз өмірі, өз басы туралы өте сараң сөйлейді. Ол, өз еңбегі, өз табысы дегеннің барлығы, көптің табысы, көптің еңбегінің жемісі дейді. Өзім сөйттім деудің орнына ылғи өзі өсірген адамның пәлендей ісі еткенін көңілдене, шаттана айтады»[31,46-б],- деген суреттеуден очерк кейіпкерінің іскерлігі, жұмысшылар арасындағы асқан сыйлылығы, ерекше беделі танылады.

«Баймұқаметұлы жолдас» жанрлық жағынан портреттік очеркке жататындықтан шығарманың композициялық құрылысына, сюжеттік желісіне үңілген кезде байқалатыны әрбір эпизод, деталь, шртрихтар басты кейіпкердің образын ашуға жұмсалған. Мысалы, Жанайды жұмысшылардың үлкені де кішісі де «Жәке» немесе «Бәке» деп атауының өзі сыйлағандықтың белгісі болып табылады. Кейіпкердің басшылығы арқасында кен орнының қол жеткен табыстары, материалдық жағынан табысқа жеткен жұмысшылардың жай-күйі, Жанайдың өзі тәрбиелеген жұмысшыларының шерткен сыры, басшыны толғандырып жүрген ірі проблемалардың кейіпкер аузынан шығуы және Жанайдың мәдени сауаттылығы очерк арқауы болғандықтан кейіпкер қызметінің сан алуан қырлары ашылады. Очеркші суреттеуінде кейіпкер тек өз ісінің үздігі ғана емес, жұмысшыларды бір мақсатқа жұмылдыра білетін үлкен ұйымдастырушы іскер басшы , қазақ өнері мен әдебиетін білетін мәдениетті азамат екенін суреткер образ сомдау шеберлігі арқылы айқындайды.

Соғыстан кейінгі жылдары М.Әуезов қаламынан туған шоқтығы биік публицистік шығармасы - «Түркістан солай туған» очеркі. Жазушының аталмыш очеркі тың туралы және 1955 жылы «Әдебиет және искусство» журналының 12-ші санында жарияланып, кейіннен жеке кітап болып шыққан.

Қазір тың игеру туралы екі ұшты пікірлер айтылып жүргенімен, очерк заман ағымы ыңғайында жазылғандықтан, біз оның көркемдік белгілеріне назар аударамыз. М.Әуезовтің бұл шығармасына өз уақытында лайықты баға берілген. Сәбит Мұқанов М.Әуезовтің 60 жылдығына арналған баяндамасында: «Мұхтар очерктер де жазды. Солардың ішінде көпшіліктен жақсы баға алғаны - тың және тыңайған жерлерді игеру тақырыбына арналып 1955 жылы жазылған «Түркістан солай туған» деген очеркі»[32,14-б], - деп атап көрсетіпті. Публицист тың совхозының тыныс-тіршілігіне байланысты ұтымды сюжет желісін тауып, бір-бірімен жалғасып жатқан оқиғалармен әдемі өрбітеді. Сабақтас алты тарауда бірнеше адамдардың бейнесі сомдалады. Сол адамдардың кескін-келбетін табиғат көріністерімен астастырып суреттеу де қаламгер шеберлігін көрсетеді.

«Түпсіз кең, мөлдір көк аспанда шырқау бір биікте салқар-салқар топтарымен ақ қанаттары күнге шағылыса соншалық мол аққулар өтіп жатты. Сұңқыл-сұңқыл әдемі бір үндері кейде тына қалып, тыңдаған жанға ақ қанаттардың сытырлаған үндерімен ілісе жетеді»[31,37-б], - деген сөйлемдердегі табиғат суреттері арқылы егіс даласында жүрген Нина Петровнаның жайдары көңіл-күйі әдемі астастырылады. Бұл психологиялық параллелизм де – очеркистің шеберлігін айғақтайтын бір мысал. Академик З.Қабдоловтың: «Осының бәрі жан тебірентер ғажап, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар тұтас бір образ, адам мекені, халық мекені – дала образы» [33,92-б]- деген тұжырымы осындайда айтылса керек. Очеркте келелі проблемалар, көкейкесті мәселелер қозғалып, әлеуметтік мәні бар қорытындылар жасалады. Бұның бәрі шығармада кейіпкерлер характері, лирикалық шегіністер арқылы ашылып, пейзаж, диалог, психологиялық детальдардың шебер қиыстырылуынан туындайды.

Очерктің басынан аяғына дейін бірнеше оқиғалардың куәгері боласыз. Ол оқиғалар кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы, әңгімелесуі, еңбек етуі негізінде қалыптасады. Бұл очерктің жанрлық жағын айқындайды. Сондықтан да болар, профессор Т.Қожакеев «Түркістан солай туған» очеркін «оқиғалы очерк» санатына қосады [34,20-б].

Осы тәрізді «Ер серігі - сергек ой» (Жауынгер полковник Б.Момышұлының басынан кешкен бір хал баяны), «Оның аты – екінші », т.б. очерктерін де оқиғалы очерк жанрына жатқызуға болады.

М.Әуезов очерктерін зерттеу барысында жазушы шеберлігінің негізгі үш қырына тоқталуды жөн көрдік. Олар: деректерге тіл бітіру өнері кез келген публицистік шығарманың жүрегі – факті десек, фактілерді «сөйлетуге» келгенде ұлы суреткер М.Әуезов ұтымды тәсілдерді тыңнан тауып қолданады. Бұл тұжырымға дәлел ретінде оның - «Жуалы колхозшысы» очеркін алсақ та жеткілікті. Очеркте автор кеңшар жетістіктерін айғақтайтын нақтылы деректерді тізбектеп жеткізбестен, оны кейіпкерлердің аузына салуды жөн көреді.

«Мәмет көселеу сары жүзін артта отырған бізге бұрып қарап, колхоз жайын айтады.

- Еңбектен біз қорықпаймыз. Біздің «Шұқырбұлақ» Жуалыдағы қазақ колхозының алды. 750 га астық ектік. Өкіметке жаңадан 17 мың пұттан аса бидай бердік. Астық жинауға өзіміздікін бітіріп тастап, жанымыздағы «Азаттық» колхозы - өзбек колхозының да 100 га бидайын орып бердік»[31,7-б]. Осы үзіндіде келтірілген деректер үстірт айтыла салғанда, оқырман назарын аудара алмайтындығы өз-өзінен түсінікті. Шаруашылықтың жаңағыдай табыстарға жетуі сонда еңбек ететін азаматтар арқасында емес пе? Әуезовтің колхоз жетістіктерін баяндайтын әңгімені қарапайым колхозшының аузына салуының кілті осында. Фактілерді сөйлете білуі жайына тоқтағанда, айта кетер жайт, осы очеркті жазу үшін автордың қалай факті жинақтап, қалай ізденгені жайында да дәлелді деректер бар. Мәселен, М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейінде сақталған «Жолдан» деп тақырып қойылған қойын дәптерінен бір мысал келтіре кетейік:

«Сапар Телеуімбетұлы:

«Красная звезда» колхозы 104 үй едік, соның 24 үйі қазақ, әр рудан. Былтыр бір сиыр алдық. 10 пұттан жүгері, 15 пұттан тары алдық. Еңбек күнім 335 күн, әр күнге 1 кг алдым. Ақшалай 180 сом алдым. Мен ертеден орысқа жақын жүруші ем. Әкем Ақтөбеге алып кетіп еді, шешем қайта әкелді. Көкірекпен екі арада жаяу жүрдім. 1928 жылы қазақ колхозына кірдім. Кейін орыс колхозында болдым. Шошқа баққанды кім жемейді. Енді қоян асырайын деп жүрмін. Пошта істеуші еді ғой, онда Масат еді, енді Көкірек (Ванновка) аралас. Егісте, қырманда премия алдым. Балам бар, он жаста... заем оқып біле алады. Өзім оқымадым» [35,1-44-б]. Бұл кейіпкерлермен әңгіме барысында алынған жалаң фактілер ғана. Ал очерктің газеттік нұсқасындағы осы деректердің қалай пайдаланылғанына назар аударсақ, автордың фактілерді іріктеп-сұрыптауындағы, оны шығармашылықпен жандандыру-дағы публицистік шеберлігінің куәсі боламыз.

Екіншіден, жазушы образ сомдауға шебер. «Жуалы колхозшысы» шығармасының кейіпкерлері Мәмет, Ырысбек, Қалдыбай, Сапар - өмірде болған адамдар. Мұның өзі очеркке тән белгілердің бірі. Автор олардың әрқайсысының жекелеген кейіптерін келтіре отырып, сол кездегі қазақ колхозшыларының типтік бейнесін жасауды мақсат тұтады. Очерк тақырыбының «Жуалы колхозшысы» аталуы да тегіннен-тегін емес. Бұл айтқан ойларымыздың дұрыстығын дәлелдеу үшін мына бір жолдарға жүгініп көрейік: «...Осы үшеуі жалғыз өз күйлерін көрсетіп қоймайды. Бүгінгі аудан Жуалының күйінен елес береді... Жоталы, ірі, тұтас денелі... Мәмет сол Мәметтің өзі ғана емес. Ол оңтүстік облыс беретін астықтың 40%-ке жақынын беріп отырған Жуалы ауданының колхозшылары. Соның тұтасқан мүсіні. Сом етті, қызыл күрең түсті Ырысбек – үй басы 1 сиыр, 5-6 қой , 40-50 пұттан алып отырған «Правда», «Путь Ленина», «Калининдегі» талай мың еңбегі жанған қалың колхозшының көптен бірі»[31,9-б].

Типтендіру желісі төртінші кейіпкер - Сапар бейнесін жасаумен әрі қарай жалғасады. Автор бұл образды кейіпкердің өзі айтқан әңгімесінің негізінде сомдайды. Очерктің басынан-аяғына дейін бейне жасауға қызмет ететін диалог арқылы Сапардың өмір жолымен таныстыра отырып, мынадай түйін түйеді. «Осы айтылған жалғыз Сапардың ғана тарихы емес. Осы аудандағы кешегі қалың бұқара, бүгінгі қалың колхозшының да тарихы» [31,12-б].

Әуезов туындыларындағы қаһарман характері жан-жақты ашылған, тұтас сомдалған типтік бейнелердің бірі- «Үшқоңыр жайлауында» очеркіндегі қарт шопан Тұрекең бейнесі. Очеркист бейнелеуінде Тұрекең малдың жай-күйін білетін тәжірибелі шопан да, ерінбей тер төгетін еңбекқор да, аң аулап, құс салатын саятшы да, әңгімеші, шежіреші шешен де. Мұның бәрін жинақтап келгенде Тұрекең-Әуезов бейнелеуіндегі қазақтың қарапайым қарттарының тұлғасы. Тұрекең асылдандырылған қой туралы: «Баяғыда айтпаушы ма еді, «баланы жастан, келінді бастан» деп. Бұл қозының енесі қыс бойы кезіп, өз аяғымен тебінмен күн көреді. Сонда бұл қозы ене құрсағында бір шынықты. Туғанда да көктемнің қара суығында, құм-шұқырда туып ауызданады. Тәрбие мен тәжірибе дегеніңді ғылым бастағанда, мал сапасы болады екен ғой. Шынығып, шымырлап, енді міне асыл қой, ақ қойдың өзі де өзгеден озады. Бізге де береке таптырып отырған жоқ па»[31,119-б], - деген пікірінен қарт шопанның мал сырын жақсы білетіндігі, мәтелдете сөйлейтін шешендігі көрінеді. Тұрекең монологы мал тұқымын асылдандырудың қазақ даласындағы тәжірбиелерін де жеткізіп тұр. Іс нәтижесін қарапайым еңбек адамының атынан айту - Әуезовтің көптеген публицистикалық шығармаларында көрініс табады. Очерктің өне-бойынан оқшау сөз, оралымсыз сөйлем, артық деталь таппайсыз. Шығармадағы қыран құс туралы Тұрекең әңгімесі бір қарағанда очерктің негізгі тақырыбы (мал асылдандыру тәжірибесі) шеңберінен шығып кететін тәрізді. Бірақ бұл детальды кіріктіру де публицист шеберлігін тағы да дәлелдейді. Біріншіден, қарт шопанның бүркіт туралы әңгімесі – Тұрекең бейнесінің саятшылық қырын ашып береді. Ал, екіншіден бүркіттің қыста жұмыртқалап, көктемде балапан басып шығаруы мен ақ қойдың ене құрсағында, қиын суық жағдайда шынығып барып дүниеге келуінің ұқсастығын жеткізетін ғылым-тәжірибе институты директоры Хасеннің қорытындысы жаңағы детальді басты тақырыпқа қызмет етуге алып келеді. Тұрекең бейнесінің әңгімеші, шешендік қырын да кейіпкердің өз монологы арқылы көрсетеді. Ол үшін очеркист ауыз әдебиетінің үлгілеріне жүгінеді, сөз арасында мақал-мәтелдер қолданады. Тойға шақырып келген жас шопан Әсембекке қарап, қарияның жұрт алдында айтқан:

«- Жиренше шешен айтқан екен: азаматтың жақсысы бір жан емес, бір өзі емес, төртеу, төрт сыпатты болады, - депті.“О қалай? ” – деп сұрағанға айтқаны: біреуі - өзіңсің, екінші - ақылың, үшінші - досың, төртінші - халқың, - депті. Міне, біз де солай «халқыңмен азаматсың, азаматыңмен халықсың дейміз» [31,121-122-б]. Бұл - сөздерден қазақ шешендік өнерінің үлгісі көрінсе, екіншіден ел аузында айтылып жүрген сөзді жалғастырып, өзі түйіндей сөйлейтін шешен қарт тұлғасы сомдала түседі.

«Қарғалы совхозында өткізген төрт күн» очеркінің сюжеті совхоз шопандарының бейнелерін сомдаумен, олардың характер тарихын айқындаумен (выражающий историю характера) [36,14-б] әрі қарай өрбіп отырады. Қасымбек Арғымбайұлы, Ақымбай, Қалтабай, Мырзабай, Захаренко, Нұрқан және Жәмила Жантақбаева секілді шаруашылық озаттарының еңбек нәтижелеріне тоқталмас бұрын очеркист былай деп ескертеді:

«Бұлардың әрқайсысының өмірі мен еңбегі жырдай қызық, шын үлгі қыларлық, саналы дастан. Қысқа әңгімеде амалсыздан қалқып қана өтеміз. Толық айтуға әзірше газет мақаласының орны тар»[31,28-б]. Мұның өзінен жиналған фактілердің барлығын пайдаланбастан, мәтінде оқырман ойын баурап алатын қызықты жайттарды іріктеп кіріктіру мәнісі келіп шығады. Мәселен Мырзабайдың өз отарымен құм ішінде бес-алты күн адасып кетіп, бар болғаны бір қойды өлтіріп алғаны үшін балаша жылап жібергені жайлы детальдан жас қойшының қажырлы, намысқой, еңбекке берілген тұлғасы танылады.

Осы қыруар қиын істі қолға алған шопандар өмірі жайында жазылмай келе жатқанын Мұхтар Омарханұлы очерк түйінінде өкіне айтады:

«... Көңілмен бүгінгі әдебиетіміздің беттерін кезіп, Қасымбек, Ақымбайлардың қатарына қоятын тұлғалар іздедім. Ол жоқтың қасы. Әдебиеттің өмірді жетелегендей боп алда жүретіні қайда...» [2,29-б]. Бұл пікірден Әуезовтің тың тақырыптарға дер кезінде барып, бейтаныс кейіпкерлермен уақыт оздырмай жүздесу үшін очерк жанрын медеу тұтқандығының куәсі боламыз.

М.Әуезов очерктері көркемдігінің тағы бір қыры – табиғаттың әсем де сырлы суретін сала білуінде.

«Көркем-публицистикалық жанрлар тобына жататын очерктің басты ерекшеліктерінің бірі – онда публицистік фактілермен бірге көркемдік белгілердің болуы да шарт» [37,30-б],-дейді ғалым Т.Амандосов. Табиғат тұлғасын сомдауға, табиғат көріністерін суреттеуге келгенде М.Әуезов таланты жаңа қырынан көрініп, сұлу сөздерден салынған әсем көріністер шығармаға жан бітіріп қоя береді.

«Әуезов пейзажы – бай палитраның түрлі-түсті бояуларымен келістіре салынған сурет қана емес, шынында да құдды жанды адам: дем алады, қозғалады, жадырайды, күледі, жылайды - дәл адамша әрекет етеді»[33,92-б],-деген академик З.Қабдоловтың тұжырымы осындайдан туындаса керек. Шындығында да Әуезов пейзажы оның қай шығармасының шырайын енгізетін көркемдік компонент. М.Әуезов табиғат көріністерін суреттеуге келгенде көсіліп сала береді және жай ғана суреттеп қоймайды, табиғаттың келбеті, реңі, бояуы арқылы адам бейнесін аша түседі. Мысалы «Түркістан солай туған» очеркінде: «Аспан ылаңы әлі айықпаған. Жақын заманда айығардай түрі де жоқ. Жұмырланған қою сұр бұлт қана қаптаған. Жотадан айналаға көз жіберсе, көз тоқтатарлық бірде-бір қарауытқан бұдыр жоқ. Тек қана ақ көрпесін қалың жамылған, дүңкиген қалың-қалың жоталар жатыр. Кей жақта көкжиекке шейін созылып жатқан ұшан-теңіз ақсұр дала, суық дала жүргіншілерге әлі соншалық жат, жұмбақ. Бірде-бір жерде адам жайы білінбейтін» [31,8-9-б]. Осы эпизодтан қақаған қыста иесіз далада келе жатқан жолаушылардың кейпін, ойын, көңіл-күйін, іс-әрекетін аңғарғандай боласыз. Публицист табиғат суреттері арқылы адам тұлғасын сомдайды. Бұған мысал «Көктемнен бері» очеркінің пердесін ашатын табиғат көрінісін суреттеген алғашқы сөйлемдер сөз зергерінің шын шеберлігін байқатады.

«... Кешелер қара жатқан бергі беттегі балапан Алатаулар бүгін ала-құла боп қарауытқан шал бас тау бопты. Күн ұзын бөктер ойымен арғы төмен ойқыл далаларда қалың сұр тұман қалықтап жүр...

... Алатаудың ең бөктерінде биікте тұрған бізге осы қалың бұлт-тұманның үстінен аспанға асылғандай боп, Құландының қарлы басы, Қаратаудың жотасы, Киіктінің де төбесі көрінеді. Әншейіндегі аласа адырларды төмендеп орнаған қалың бұлттар арқаларына міндіріп, аспандатып әкеткен сияқты» [31,13-б]. Оңтүстік өңірінің табиғатын бұлтартпай көз алдыңа әкелетін осы суреттер оқырманды бірден баурап алады да, әрі қарай оқуға жетелейді. Әуезов пейзажында теңеу, эпитет, метафора, метанимия, синекдоха сияқты көркемдік компоненттердің барлығы да кездесіп отырады.

«Қарғалы совхозында өткізген төрт күн» очеркінің әр жерінде кездесетін табиғат суреттері қойлы ауыл көріністері жазушының жан тебіреністерінен, жүрек түкпірінен қайнап шығып жатады. Мәселен, даланың таңғажайып табиғаты жайлы жол үстіндегі мына бір толғаныс оқырманды сол далаға, сол табиғат құшағына жетелейтіндей.

«... Жолдың екі жағы қалың көк, бойлап шыққан жусан, ақ-қызыл гүл атқан қалың шытыр. Ара-арасында бала күнде «қан қызы» деп қуалайтын қызыл қанат, қара оюлы үлкен көбелек болушы еді, дәл сол сияқтанып жаңадан басын жарған қызғалдақтың үлкен қызыл гүлдері көрінеді. Жусан басын изелткен салқын самал бұның да сабағын дірілдетіп, дірілдеген сайын қанатын жалт-жұлт қағып отырған орнынан көтеріліп, ұшып жөнелетін көбелекке ұқсай түседі. Кейде әлде қандай ұзақ жоталарға көзің түссе тұп-тұтас толқынды қызыл торғын жамылғандай боп құлпыра қалады. Бұл - тұтасып қалың біткен қызғалдақ жоталары. Анда-санда жалғыз-жалғыз боп шашыраған үкі көзіндей сап-сары бәйшешек жарық беріп қалады...» [31,34-35-б]. Осындағы тіл байлығы, тамаша теңеулер қызылды-жасылды бояуымен көз алдыңа табиғаттың өзін алып келеді. Тіпті, сол әсемдіктің құшағынан шыға алмай шырмаласың да қаласың. Бала кезінен ауыл табиғатымен бетпе-бет тілдесіп, әр тал гүлімен сырласып, ұшқан көбелекпен бірге қанат қаққан жанның жазысындай әсер қалдырады. Шығарманың шырайын енгізіп, әр жерінде әрлендіріп отыратын мұндай пейзаждар Мұхтар Әуезов очерктерінде көп-ақ.

Очеркист шеберлігі қойлардың сыртқы бітімін суреттейтін мынау штрихтардан да көрінеді: «Мынау – орақ бас, биік бойлы, тегене құйрық, үлкен қойлар – сол Еділбай»; «Аттай керілген имек денелі, үлкен бас, орақ тұмсық Еділбайлар кейде таң құйрық, кейде салпы құйрық болып өзгереді екен»; «Өздері мықынды, бүйірлі, бөшке бейнелес». Келтірілген мысалдардағы бейнелеу элементтері шығарманың көркемдік деңгейін көтеріп, айтар ойын айшықтай түседі.

«Ақын елінде» очеркіндегі Әуезов қаламынан ғана туатындай әдемі табиғат суреті бірден баурап алады. Автор: «Қазіргі Құндызды, Мұқыр ауылдары отырған Шет, Құндызды, Сарықорық, Мұқыр-Тақыр дейтұғын өзен, өлкелер ол күндерде Сыбан, Тобықты, Мырза-Жөкен, Мамай, Көкше деген сыбайлас елдердің мекені болған... Абай айтты деген сөз, істеді деген іс, көрді деген хал, Абай болды деген той, ас, сияз, құс салған Арқат, Байжандай тастары, Қан мен Қарақойтас сияқты шат-шатқалдары - бәрі-бәрі де ақын асып өткен бел-белестей аңыз сияқты әңгіме шертіп тұр», [31,88-б]- деген тұсында жағрапиялық дәлдікпен аталған жер-су аттарын қиял көзімен тарих қойнауына қайта сүңгітіп сыр шертсе, енді бірде: «Түс ауа бастағанда Есболаттың Қарасуына жеттік. Бұл ұзын өзен, шалғын Оразбай қонысы... Сондай- сондай Абай тұсында болған көп-көп оқиғалардың куәлары Бұғылы, Бестамақ, Мәйімбет сияқты биік тау, қалың адыр, көп қырқалар жатыр...» [31,93-б],-деп оймен өткенге оралады. Көнекөз қариялардан естіген әңгімелер Абай заманының сан-сан оқиғаларын жазушы көзіне елестетеді. Қасиетті мекеннің әр нүктесі, тау-тасы қаламгер санасында тірі шежіредей сөйлеп береді. Жолда көрген аңшылық оқиғаларын да Мұхаң әдемі суреттерге ұластырады. Қазақ әдебиетін шырқау биікке көтерген «Абай жолы» роман-эпопеясында жоғарыда көрсетілген жер-су, тау-тас түгелдей кездеседі. Әуезовтің бұл очеркі үлкен шығарманың кішкене баспалдағы тәрізді.

Осы тұста жалпы шығармашылық қызметін публицистикадан бастаған М.Әуезовтің өзіне тән жазу мәнерінің бет-пердесі ашылады. Жазушының қашан да көлемді деректі әдеби шығармаға барар жолда сол тақырып төңірегінде бірнеше көркем очерктер мен мақалалар жазатындығы. Публицистиканы кесек әдеби дүниелерге бастайтын баспалдақ тұту - Әуезов шығарма-шылығының ерекшеліктерінің бірі деуге әбден болады. Бұл тұжырымды жоғарыда айтылған «Абай жолы», аяқталмаған «Өскен өркен» романдарына деректер жинақтау барысында мерзімдік басылым беттерінде әр қилы жанрда жазылған публицистік шығармалары айғақтай түседі.


Каталог: bitstream -> handle -> data
data -> Шындалиева М. Б
data -> Бейсенбай Кенжебаев алаш туы астында (мақалалар мен зерттеулер)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор
data -> Олжабай Нұралыұлының шығармашылық мұрасы хаһында
data -> Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
data -> Қазақ очеркі
data -> Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия
data -> -
data -> МЕҢдігүл шындалиева қазақ очеркінің поэтикасы (монография)
data -> М. Б. Шындалиева Филология ғылымдарының докторы, профессор


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет