МЕҢдігүл бұрханқызы шындалиева уақыт және суреткерлік шеберлік: жанрлар поэтикасы


Ә.КЕКІЛБАЙ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНДАҒЫ ЛИРИКА-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ САРЫН



бет14/15
Дата05.11.2016
өлшемі3,81 Mb.
#432
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

Ә.КЕКІЛБАЙ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНДАҒЫ ЛИРИКА-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ САРЫН


Очерк - негізінен әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерін қозғайтын жанр. Очерктің мақсатының өзі – нақтылы саяси, экономикалық, әлеуметтік, философиялық мәселелерді көтере отырып, өз кезеңіндегі қоғамға ықпал етуге талпынады. Очерк түрлерінің әр қилы мақсатқа орай өзіндік стилі бола отырып, сендіру, ұйымдастыру, иландыру тәсілдерін де пайдаланады. Очерк жанрының лирикаға жақындығы туралы орыс ғалымы Н.И. Глушков: “Говоря о родственности публицистического чувства лирическому, нельзя забывать о том, что в художественном отношении публицистическая лирика – явление более сложное, чем обычная публицистика. Кроме собственно-публицистических средств создания эмоциональной выразительности, здесь вступают в поэтическую работу другие средства: ритмико-звуковая инструментовка стихов, больший диапозон эмоций. То же самое (в необходимой литературно-родовой трансформации) происходит в других формах художественной публицистики (очерке, репортаже, памфлете и.т.д.)” [49,18-б] дейді.

Көркем очерк жанрының негізгі түрлерінің бірі – лирика-философиялық үлгісінің қозғайтын мәселесі - замана тынысы, көзқарас қайшылығы, өзекжарды мәселелерді арқау етеді. Сонымен қатар, лирика-философиялық очерктерде автордың көңіл-күйі, сезім әсері байқалып, ойшылдық сарыны басым келеді. Бұл көркем очерк түрінде лирикалық кейіпкерлердің тебіреніс-толғаныстарына сәйкес очеркші ой-тұжырымдарға елеулі орын беріп, баяндалатын оқиға немесе құбылыс жайында өзінің дүниетанымы, қоғамдық өмірге, болған жайға көзқарасы тұрғысынан баяндайды. Лирика-философиялық көркем очерктерде өмір көріністері лирикалық кейіпкер көзімен суреттеле отырып, көбінде танымдық тұжрымдама, әлем, қоғам заңдылықтары түсіндіріліп, талдауға ұмтылыс жасалады. Лирика-философиялық көркем очерктерде адамдардың әртүрлі қарым-қатынасы, өзі өмір сүрген қоғамдағы қайшылықты жағдайлар, саяси-әлеуметтік өзгерістер бір-бірімен астасып, жалғаса келе, оқиға желісін де құрайды. Бірақ бұл үлкен желілі оқиға, іс-әрекеттер болмаса да тұтас тұлға, көркем бейнені айқын көз алдымызға елестете алады. Лирика-философиялық көркем очерктерде көбінде автордың өз бейнесі тұтас тұлға ретінде көрінуі мүмкін. Бұл тұста очеркші қоғамдық-эстетикалық, мәдени-тарихи мұраттарды, дәуір тынысын, халық тағдырын қалай түйсінсе, солай суреттейді.

Лирика-философиялық көркем очерктерде көбінде қаһарман - автордың өзі болғандықтан, баяндалып келе жатқан оқиға, не құбылыс жайлы әңгімесін кілт тоқтатып, өзі жайлы, не басқа бір мәселе төңірегінде де айтып бере кетуге бел буатын тұстар кездеседі.

Қазақ әдебиетіндегі лирика-философиялық көркем очерктер үлгісі толық қалыптасып болмаса да, жекелеген жазушылар шығармаларында осы очерк түрінің поэтикасына тән, көркемдік ерекшеліктері айқын көрініс тапқан туындылар баршылық. Олардың қатарында Саттар Ерубаев, Әбіш Кекілбай, Оралхан Бөкейдің очерктік туындыларын атауға болады.

Кез келген очеркші қоғамның, өмір сүріп отырған адамдардың рухани өсіп, өркендеп, өзгеруіне қайткенде де нақтылы пайда келтіруді көздейтіні сөзсіз. Очерк жанрының өзі қоғамдық-әлеуметтік қажеттіліктерден туындағанын ескерсек, кез келген очеркші шындықты жазуға ұмтылып, уақыттың рухына сайма-сай мәселелерді көтеретіні де сөзсіз.

Қазақ әдебиетіндегі лирика-философиялық көркем очерктер қатарын интеллектуалдық-философиялық өресімен, логикалық тереңдігімен, интеллект биіктігімен, ойының ұшқырлығымен, фактілер молдығымен, көтерген проблемасының маңыздылығымен ерекшеленетін жазушыларымыздың бірі – Әбіш Кекілбай.

Кез келген шығарманың нақты бір өмірлік объектіні арқау етуі үшін қаламгер құжаттық материалдарды пайдалана отырып жүзеге асырады да, оның қоғамдық-әлеуметтік маңыздылығын арттыратын негізгі нысанасы философиялық мәні уақыт пен дәуірдің шындығын сығымдап көрсете білуінен аңғарылады. Бұл биік деңгейге көтерілу бірегей жазушылардың ғана қолынан келеді және мұнда шынайы ықылас, батырлық, шеберлік қатар жүргенде ғана, жоғарыдағы межеге жетеді. Қазақ әдебиетіндегі көркем очерктің лирика-философиялық түріне қалам сілтеген жазушыларымыздың бірі - Әбіш Кекілбай. Оның көркем очерктерінің негізіне қарапайым қазақ аулының адамдарының тұрмыс-тіршілігі, өмір шындығы, адамдар арасындағы әр алуан қарым-қатынастар, бауырмалдық жарқын қасиеттер, адамгершілік биік парасат, өзгеріске толы өмір суреттері арқау болады.

«Тарих та, бүгінгі күн де – тіршіліктің тартыс аренасы. Мұның өзі суреткер Әбіш туындылары үшін тиек боларлық көркемдік фон, көркемдік декорация ғана.

Ал, шығармаларының басты өзегі – тарих философиясы. Осы призма арқылы суреткер Кекілбайұлы, ең бастысы, тағдырлар философиясын алуан тұрғыдан мейлінше саралап көрсетеді. Сондықтан шығар, тарих пен бүгінгі күннің өзіне тән философиясы әрқашан көркемдік философияға айналып кетеді. Оның үстіне Тағдырлар философиясы – көркемдік философияға, ал Көркем философия – тағдырлар философиясына айналып жатады» [50,148 б],- дейді сыншы Сайлаубек Жұмабек. Расында да, Әбіш Кекілбайұлының қай көркем очеркіне зер салсақ та байқалатыны, өзіне тән философиялық өрнегі мен тарихи өрімі қатар жүреді. «Сайранқұмарлық санаға тұсау» атты философиялық ой-толғамдарға толы көркем очеркінде автор Адам концепциясы, рухани ізденістердің жемістері, қоғам проблемалары, қоғамдық сана, әдебиет пен мәдениетті саясаттандыру, электронды революция мәселелеріне жан-жақты тоқтала отырып, сараптама жасайды. Автордың телевизор экранының қаншалықты зиян әкеліп отырғандығы туралы ой-пікірлері орынды: «Тұтынушы қоғам идеологтары экран арқылы тарайтын «мәдениет» жұрнақтары сол жүйесіз түрінде, үздіксіз қалпында жас жеткіншектің әлі қалыптасып болмаған санасына орасан зор информация мен әр алуан көріністерді боратқан үстіне боратып, оның көкірегінен ата-аналары, жанашыр ағайын-тумалары, ойда жоқта оқып қойған әдеби кітаптары мен мектептегі ұстаздары құлағына құйып баққан «мәдениеттің ежелгі» дәстүрлеріне тән моралистік уағыздардың бәрін қуып шықпақтың аса күрделі стратегиясын жасақтап шығарды» [51,17-б],- деп ой қорытқан қаламгер телевизор экраны, адамзаттың көп ғасырлық әлеуметтік, рухани тәжірибесінің бәрін айырбастай алмайтынын, теледидар экрандарындағы жүйесіздік рухани әлсіреуге әкелетінін болжаған очеркші рухани кемелдік, биік сананың қалыптасуын тежейтін де осы теледидар екенін ашық дәлелдейді.

«А.Кекильбаев – один из интереснейших самобытных писателей современности. Его произведения отличаются неповторимостью художественного рисунка, емкостью содержания. В них удивительным образом сочетаются лирическое и философское начала» [52,326-б]. Биік талғамсыз парасат болмайтынын түйіндеген автор бұл очеркінің философиялық түйінін парасат пен пайымды азаматтық сана мен рухани мәдениет болған жерден ғана іздеу керек екенін баса айтады. «Бағзы мен бақиды жалғастырар сара жол» лирика-философиялық көркем очеркі -көлемді, көтерген проблемасы да ауқымды, тарихи-мәдени мұраның кешегісі мен бүгінгісін салыстыра келе, ертеңін де болжаған үздік шығарма. Бұл очерктің негізгі идеясы – мұрагер болып үйренуге шақыру, күрескерлікке, жасампаздыққа қол жеткізгенде ғана қай халық болсын өз мұратына жететіні жайында.

Қазақ мәдениетінің тарихы, ұлт тарихы, мемлекет, қоғам тарихы екенін очеркші философиялық толғамдарымен түсіндіре отырып, өсімдік, жануарлар дүниесі де адамзаттың бір бөлігі екенін, оны Адамның ұмытпауын тілеген автор бүкіл планета тағдыры мен адамдар тағдыры бірлікте, бір-бірінен бөлуге болмайтынын жан-жақты дәлелдеп, жарыспалы дамыған елдер мәдениетін салыстырған тұстарының танымдық қасиеті мол шыққан. Әр елдердегі мәдениет, тарих, әдебиет дамуын шымыр да шыншыл кескіндеген очеркші жаны рухани таза ұрпақты тәрбиелеудің, адамгершілігі мол азамат өсіру үшін де кешегі, бүгінгі рухани мұрамызды дұрыс жеткізгенде ғана ертеңгі күні бүгінгімізден де күйзелмейтінімізді аңдатқан. «Айналаң – алтын бесігің» атты лирика-философиялық очеркі мынадай лирикалық шегініспен басталады: «Жылдар шіркін құба жонның құланындай зымырап өтіп барады. Арман сабаздың көбейе түспесе, азая түсер түрі жоқ. Абай айтқан «сағаттың шықылдағы» да бұрынғыдан гөрі жиірек соғып, қаттырақ естілетіндей. «Алдағы жолың, арттағы жолыңнан аз болмаса, көп емес», деп үсті-үстіне қайталап тұрғандай» [51,69-б],- дей келе, өзінің байыз таба алмаған көңілін, алаңдаушылығын білдірген автор бақыттың соғыстан кейін де дұшпаны көп болатыны жайлы ой толғайды. Қазақстанның көп қалаларының экологиялық жағдайына шын алаңдаушылық білдірген публицист көп дерек, фактілерге сүйене отырып, күллі ұлттың бүкіл интеллектуалдық потенциалы жиылған, ғылыми-әлеуметтік ортаның шоғырланған астарындағы экологиялық жағдайына алаңдаушылық білдіріп, басқа аймақтардың қарқ болып тұрмағанын да қатты сынап өткен. Республиканың он пайыздай жерінде таулы аймақтар да кен, түсті металлургия, химия өндірістері орналасқаны, суды сұраусыз пайдаланатын қазақтың, жерді де бей-берекетсіз құнарсыздандырып жатқандығын автор философиялық толымды пайымдаулар арқылы жеткізеді.

Экологиялық жайсыздық жайында сөз болса, тек Арал, Балқаш, Дегелең ғана ауызға алынатыны, Шымкент, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының да табиғатына апат төніп, халқының өмірі қысқарып, өлім атаулы жиілеп бара жатқанын ашына жазған публицист адам тағдыры, адамның болмыс, ажал алдындағы шарасыздығына назар аударуды ұсынады. Әбіш Кекілбайдың бұл көркем очеркін: «Ал ендігі жерде өз бауырымыздан шыққан бүлдіршіндерден басталатын болашақ адамзаттың бақыты жолында бел шешіп, білек сыбанып күресуге тұратындай жалғыз майдан осы. Жарастықты өмір, сау-саламат тіршілік жолындағы күрес. Өйткені, айналаң – аялы алтын бесігің. Бесігін ардақ тұтпаған береке қайтып таппақшы?!» [51,79- б],- деп логикалық тиянақтылық табатын соңғы шешіммен аяқтайды.

Ә.Кекілбайдың «Ұйқыдағы арудың оянуы» [53,7-б] деп аталатын нақты деректерге сүйене отырып жазған, аты аңызға айналған өлке Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, келешегі жайында сыр шерткен кітабы бар. Осы кітаптың алғашқы очеркінің басты кейіпкері – жазушының өзі мен анасы. Автордың туған жер, туған топырақ, кіндік қан тамған жер деген ұғымдарға көзқарасы, осы ұлы сезімдерді қалай түсінетінін очеркші әдемі толғайды. Бұл көркем очерк таза автордың нәзік көңіл-күймен жазылып, сезім әсерінен суырылған. Балалық шақтағы сол бір оқиға туралы ойлары лирикалық кейіпкер автордың өз көзімен қаралып суреттелген және бастан кешкен осы бір кішкентай оқиғадан автор көңіл-күй әсерлерінен желі туғызып отырған. Сол жылы жетіге келген кейіпкер сол күннен бастап қара нардай мығым жерге зер сала қарайтынды шығарып, жердің жұмбағын ұғынуға, құпиясын ашуға талпынуды сол күннен бастағанын келісті әңгімелейді. Осы мәселе төңірегінде ғалым Бақытжан Майтановтың мына пікірі орынды: «... көп жағдайда жазушының ішкі сезім толғаныстары туған жер, өскен орта тіршілігімен бетпе-бет ұшырасу сәттерінде қанат жаюында жатса керек. Бұл ыңғаймен келгенде, негізінен ауыл тұрмысы, бір кездегі балалық шағы қалған аяулы мекен жайлы жан-жақты көңіл-күй әуендерін толғайтын қазақ прозаиктерінің де қалыс қалар реті жоқ» [54,190-б].

Әбіш Кекілбайдың лирика-философиялық көркем очерктері өткен шақтың да, осы шақтың да шындығынан құралатынын, жазушының нәзік көңіл-күйімен, сезім әсерлерінен тұратынын аңғардық және бұл очерктердің танымдық концепцияларды, әлем, қоғам, адам заңдылықтарын түсіндіруге ұмтылыс жасайтынын сөзсіз.


ДЕРЕКТІ ТУЫНДЫ ЖАЗУДЫҢ ШЕБЕРІ

Публицистика – жазушыны мен журналистің әлеуметтік пікір айтуы ғана емес, қоғам, өзі өмір сүріп отырған орта, онда болып жатқан құбылыстарға, өзгерістерге үн қосуы және терең ой қозғап, белгілі бір оқиға, өзгерістерге қауымды еліктіре білген жағдайда публицистің шеберлігі танылады. Сонымен публицистика саяси көркем проза ғана емес, қаламгердің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді толғайтын қаруы, ішкі, сыртқы саясатқа өз көзқарасын білдіретін, сол мәселелерді айшықты сөз кестесімен насихаттайтын құралы. Публицистика ақиқат оқиғаларды ғылыми тұрғыда дәйектеуге, жан-жақты ашып көрсетуге де мүмкіндік береді. Публицистика қоғамдағы жағымды-жағымсыз негіздерді сынауға, кемшіліктерді жоюға, көкейкесті проблемалардың шешімін табуға да септегін тигізеді. Ал публицист мақсаты - өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы адамдардың өмірін, ғылым мен мәдениеттегі жаңалықтарды, тұрмыс пен моральдың өзекті мәселелері туралы салиқалы ой-толғаныс айту. Заман тарихын жазу, өмір құбылыстарының шын шежіресін жасау, өмір көшіне ілесе отырып, өз дәуірінің өнегелі жаршысы болу да публицистің еншісінде. Филология ғылымдарының докторы Б.Жақыпов публицистке былай анықтама береді: «Публицистер – осы бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі мазмұндық жағынан байытылып, толығуын, басты, қоғамдық маңызы зор ой, идеяларды күн тәртібіне қоюды жүзеге асыратын адамдар. Бірақ нағыз кәсіби публицист – сонымен бір мезетте танымал журналист болып та қызмет атқара береді» [55,31-32-б].

Публицистика – кең ауқымды ұғым, белгілі бір оқиғалар мен проблемаларды қозғайтын көркем шығармалардың барлық түрінде де публицистика кездеседі. Публицистика сарынында көркемдеу құралдары мен публицистикалық элементтер де астасып жататын, өзіндік функциясы, құрылымы, формалары бар, белгілі жанрлардың жүйесін құрайтын әдебиет пен журналистикаға ортақ түр.

Академик Р.Нұрғали қазақ әдебиеттану ғылымының күрделі міндеттері мен мәселелері төңірегінде сүбелі зерттеу еңбектер жазған, қазақ әдебиетінің қисыны, тарихы, сынына ғылыми салмағы бар, игілікті үлес қосып келе жатқан белгілі ғалымдардың ішіндегі бірегейі. Р.Нұрғали тек әдебиет зерттеушісі ғана емес, көркем шығармалар жазған шебер жазушы, көркем шығармашылығынан әсте бөліп қарауға болмайтын белгілі публицист. Р.Нұрғали публицистикасының идеялық та, бейнелеу, тақырыптық та аясы көркем шығармаларымен астасып жататын, өзекті мәселелерді талдауда, сараптауда дәйектілігімен, фактілерінің шыншылдығымен, көркемдігімен ерекшеленеді. Автор өзінің публицистикасын оқушыға түсінікті етіп, өте қарапайым тілде жатық жазады. Ол тек өршіл, өміршең талдауларымен ғана емес, әділ, сергек, сенімді пікір айтуымен оқушысын тәнті ететін қасиеттерге де ие. «Публицист болашақ шығармасының тақырыбын таңдай білуі керек. Оны дамытып және өңдей білуі тиіс. Публицистиканың қандай жанрында шығарма жазғанда да журналист осы үш заңдылыққа сүйенеді. Шығарманың тақырыбы ұнамды, мазмұны тартымды болуы публицистиканың негізгі міндеті» [56,129-б],- дейді публицистика теориясын зерттеген ғалым Т.С.Амандосов.

1977 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Р. Нұрғалидың «Дән» [57] атты үш циклдан тұратын новеллалар жинағы үлкен идеялық-көркемдік жүк арқалаған туынды. Бұл кітап «Жігер», «Алау», «Серпін» деген тарауларға бөлінген және әр тараудың өзіндік ерекшелігі бар. Бірінші тарауда тың ерлерінің қажыр-қайраты, ой-санасы, болмысы суреттелсе, екінші тарауда өндіріс саласындағы адамдардың басынан кешкен оқиғалар қамтылып, үшінші тарауда екінші тың еңбеккерлерінің ерен еңбегі, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігі, өзіндік характері сәтті ашылған. «Дән» жинағының формалық ізденісі мен композициялық құрылымы ерекше және автор тек фактілер мен цифрларды беруді мақсат етпей, болған оқиғаларды қысқа да әсерлі баяндай білгендігімен ұтқан. Осы кітаптың игілікті тұстарына белгілі журналист Жанболат Аупбаев былай деп баға береді: «Дән» новеллалар жинағын оқып шыққанда көзге ұрып, көкейге ұялайтын нәрсе – оның архитектоникалық құрылымы. Қазіргі очерктер кітабында көп ескеріле бермейтін бір тиянақтылықты оның «Жігер», «Алау», «Серпін» атты тарауларындағы публицистикалық пафосқа толы авторлық ремаркалары одан сайын жандандырылып тұр. Біздіңше осы бір шағын творчестволық әдістің өзі әйтеуір кітап шығару үшін ғана емес, автордың «Дән» новеллалар жинағын керісінше ұзақ уақыт ойда пісіріліп, терең толғанылып, оқырмандаға өзінің жан сыры ретінде ұсынған дүние екендігін аңғартады» [58]. Расында да бұл новеллалар жинағының мазмұны терең, еңбек жолындарғы адамдардың тағдырын көркем суретпен бейнелеген өмір деректерін боямасыз шындық тұрғыдан табиғи баяндау тәсілдерін орынды пайдаланған деуге әбден болады.

Атақты комбайыншы Михаил Довжик туралы үшінші новеллада оқиғалар желісі шымыр, қарапайым еңбеккердің тек еңбегін ғана көрсетіп қоймай, оның ішкі жан-дүниесі, адамдармен қарым-қатынасы, еңбекқор комбайыншы ғана емес жаңалыққа жаны құмар жан ретінде де көрсетеді. Бұл шығармадағы оқиғаның өрілуі мен шиеленістің дамуы шындыққа негізделіп баяндалады. Тың төсіне қара бидай шығару ниетінің дұрыс шешім тауып, өніп-өсіп кетуі, басқалардан жасырып егіс алқабының ортасына қара бидай егіп өз мақсатына жетуі бәрі-бәрі Михаил Довжиктің іс-әрекетттерінің төңірегіне жинақталып, оның психологиясын, характерін толық ашуға мүмкіндік жасайды. «Алғаш кездесу, алғаш туған әсер. Довжиктің көздері тап-таза екен. Жылылық, нұр атаулының ұясы секілді. Жұмыр денесі салмақты қозғалып, балғын қолдарымен қатты қысып амандасты. Бәрінен де көзі, анау тап-таза адал, көздері әсер етеді» [57,43-б],- деген портреттік суреттеуден қарапайым еңбек адамының шын болмысын, азамат дидарының қадыр-қасиетін, сабырлы да толғаулы ақылын көруге болады.

Бұл кітапқа профессор Тұрсын Жұртбай былай баға береді: «Рымғали Нұрғалиевтің публицистикалық новеллалар жинағының мазмұны терең. Жастардың әр жылдардағы даңқты дәстүрі, еңбек жолы көркем суретпен бейнеленген. Жанрлық ізденістері де ерекше назар аудартады. Тек қана диологке, күнделікке, психологиялық шегініске, интервьюге құрылған новеллалардың мазмұны ғана емес, формалық құбылтулары да жүрекке жылы әсер етеді» [59,99-б]. «Дәннің» кейіпкерлерінің басынан кешкен оқиғалар заман, өмір жайлы айқын түсінігі бар азаматтар. Оларды қайнаған өмір ортасынан көре отырып, олардың да қуанып, ашуланатынын көреміз. Бұл жинақтағы новеллалар қысқа-қысқа эпизодтардан тұрады, бірде тың төсіне, бірде өндіріс орындарына, бірде жайлауға алып кететін эпизодтар бірімен-бірі заңды жалғасын тауып, оқыған сайын бір арнадан екінші арнаға жетелеп, қысқа да нұсқа қызықты оқиғаларымен есте қалады. Бұл новеллалардағы кейіпкерлер күнделікті өзіміз көріп жүрген қарапайым еңбек адамдары, автор сол адамдардың іс-әрекеттерін бейнелегенде ойдан ештеңе қосушылыққа бармай өзі көрген, өзі куә болған оқиғаларды ғана арқау етіп алады. Он төртінші новелладағы Қайыркен Байтасов, образы қысқа шрихтермен берілсе де есте қаларлық детальдармен суреттеліп, өзі ісіне мығым, кішіпейіл, еңбек сүйгіш, ойлы жан ретінде танылады. «Қайыркен Байтасов оң аяғын шұңқырға тығып алды: ботинкасының лайын төгіп, шұлығын сығып жатыр: дір-дір етеді.


  • Қырсыққанда қымыран іриді!

Әлдебір ауырлық, әлдебір ашу буғандай қыстығып тұрған

комбайншылардың өңі бригадирдің суықтан тоңып тұрған бақайын көрген мезетте, күлкінің бұлаң жымиысымен қызғылт тартты.



  • Байқа, бақайсыз қалма!

  • Бигадир құлап жатыр, комбайн қалай жүрмек?

  • Өй, сендер де!... – Қолын бірақ сілтеді. – Жоқтан өзгені сөз қылып...

Ырду-дырду жөні ме қазір? Аспанға, анау талағы қарс айырылғалы тұрған аспанға бірдеңе десеңші одан да...» [57,84-б]. Фашистің оғы түк те қыла алмаған бақайға кыркүйектің сүмелек жауыны не істер дейсің деп Қайыркен әзілін айтып қызу жұмысқа кірісіп кеткендігін жазушы өмір қиыншылықтарын көп көрген кейіпкерінің характерін ашу сәтіне жанды өмірдің суретін орынды пайдаланған. Прологтағы комбайыншы Кенжебек Алпысбаевтың бейнесі қысқа-қысқа сұхбат диалогтар арқылы ашылған. Комбайыншының бір сәттегі өмірінің өзінен еңбек ардагерінің ой-өрісін, мінезін сәтті және ықшам бере білген очеркші кейіпкерінің психологиялық құбылыстарын дөп басқан. Мысалы, Кенжебек ақсақал мен кемпірі Зағыпыран екеуінің диалогы былай берілген:

« - Әй, шал! Әй, Кенжебек! Немене қыжың-қыжың? Ит басына іркіт төгіліп, мілиарт деп дүние шулап жатқанда сен неменеге тарыласың-ей? Тәубаңды айтып, қол қусырып,, шүкіршілік етіп отырсаң етті. Мына шайтан арбаңды екі өкпеге тепкілеп, тағы қайда бет түзедің?

Пулеметтен бораған оқ астында қалғандай Кенжебек жасқанып, бұға берді. Машинаның жабуын өзі алып, қораның есігін өзі ашты. Тілден қалған адам секілді. Кешеден бергі тұтанып жүрген ашуы су сепкендей басылды. «Москвичті» от алдырып, жүруге бет бұрғанда кемпірі:


  • Оразаңды ашпайсың ба? – деді, татулыққа шақырған үн бар» [57,8-б].

Осы үзіндіден жетпістен асса да қайраты Кенжебек ақсақалдың қайраты қайта қоймаған, мазасыз шағы сәтті суреттелген. Өмір бойы жұбы жазылмаған кемпір мен шалдың мінездері осы қысқа диалог арқылы әдемі ашылған. Мұнда хабарламалық сипатпен қоса адам көңіл-күйі, мінез-құлқынан да елес бере отырып, жазушы жан-жақты нақышпен сол кезеңнің ортақ ісін қадірлеушілік, қоғамдық борышқа адалдық сияқты идеалдарын да оқушы алдына жайып салады. «Дән» кітабында диалогтарға көп орын берілген, әрбір кейіпкердің ойы мен сезімі, көңіл-күй толқындары осы диалог арқылы сомдалып, әр қаһарманның мінезі нанымды суреттеледі. Бұл туралы белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов былай дейді: «...Еңбек адамдарының тың игерудегі ерлік істерімен қоса олардың арасындағы психологиялық тартыстар, қиыншылықпен бетпе-бет кездескендегі характерлері әр новелланың оқиға өзегіне арқау болған. Бұларда сен өзің жүздесіп, сырласқан, зерттеген адамдарыңның өмірінен үзік сыр шертесің. Сөйтіп, жүректі бір шым еткізіп барып, екінші өмірдің өзегіне қарай көшесің» [60]. Өмір жайлы өзіндік түсінігі бар, еңбек қадірін білетін Р.Нұрғали кейіпкерлері бірде қуаныш, бірде реніш үстінде суреттеліп, адам өмірінің қайшылықты болмысын жан-жақты ашып беруге арналған.

Үш циклдан тұратын бұл новеллалар жинағының қаһармандары Кенжебек ақсақал, Константин Топалов, Ыдырыс Нұрбаев, Владимир Лазерец, Тасболат Сырғабаев, Мереке Аяпбергенов, Өтеубай Шәкеев, Сәкен Ыдырысов т.б. бірін-бірі толықтырып, бір мақсат жолында еңбек етіп жүрген замандастар екенін бір новелладан екінші новеллаға ауысып отырғанда байқаймыз. Бұл кейіпкерлер бірін-бірі толықтырып, өзара үндес, үлкен өмір жолында қатар келе жатқан азаматтар. Бір-біріне ұқсамайтын бұл кейіпкерлер әр новеллада жаңа қырынан танылып отырады, тың игеру кезеңіндегі ірі оқиғалары да тыңғылықты қамтылған бұл кітапта ой мен характерлер ашудағы автордың тіл шеберлігін байқау қиын емес. Бейнелі сөздер мен жеңіл оқылатын оралымдар, образды теңеулер де молынан кездеседі. «Жігердің» бесінші новелласындағы: «Ала көбеде оянған Мұраттың денесі сәл тоңазып, дірілдегендей болып тұрды да, кішкенеден кейін жазылып сала берді. Дала қосының іші ақайранданып, қисық көлеңке құлап жатыр. Танау пысылдайды, сірә, осы дәу де болса батыр ұйқы тракторшы Ғазиат Ақаевтың мұрны болар» [57,52-б]. Жаны бар сурет пен адамның мінезі оның еңбектегі белсенділігі, адам мен табиғаттың байланысы әдемі көмкерілген. Жан-жақты зерттелген деректі материалдар автордың есте қаларлық образдар жасауына мүмкіндік берген. Мысалы, он сегіз жастағы Мереке Аяпбергеновтің іс-әрекеті, оның болашақта бір жақсы басшы бейнесінде автордың көз алдына елестеуі, өсіп, өркештеніп кететіні туралы жорамалдар жас басшының жігері мен еңбекке деген белсенділігінен көрінеді. «...Мерекенің бастықпаған, табанының бұдыры таймаған жас та болса асау жүрегі шын қалауын тапқандай, диқан көңіліне, іс жүлгесіне тура жол іздеп қысқа күнде қырық төңкеріледі» [57,58-б] деген жолдардан жас Мерекенің ой-өрісі мен мінезін, қиялын, мінезін бейнелейтін сәтті дөп басқан, психологиялық құбылыстарды беру арқылы оқырманды еліктіреді.

Қорыта айтқанда Рымғали Нұрғалидің публицистикалық шығармаларының тілі шұрайлы, теңеулері астарлы ойға толы, табиғат пен адам бейнесі қатарластырыла суреттелген, қаламгерлік шеберлігі нақты суреттер арқылы көрінеді. Деректі шығарма жазуда публицистен үйренер жайттар мен үлгі алуға үндейтін тұстар баршылық.
А.СЕЙДІМБЕК ОЧЕРКТЕРІНІҢ ТАНЫМДЫҚ АЯСЫ

Этнография (гректің etnos – тайпа, халық, gphao - жазамын)- қоғамдық ғылымның тайпалар мен халықтарды зерттейтін бір саласы. Этнография қазіргі халықтарды және ертеде өмір сүрген көне этностық топтардың шығу тегін, ру-тайпалық құрамын, қонысын, олардың өзіндік ерекшеліктері мен бәріне бірдей ортақ жайларды, тарихи және мәдени қарым-қатынастарын, күнделікті тұрмысын, кәсібін, қоғамдық және мәдени қарым-қатынастарын, рухани мәдениетін жан-жақты зерттейтін ғылым саласы [61,558-б]. Ал, этнографиялық очерктер белгілі бір халықтарджың материалдық, қоғамдық, рухани мәдениетінің өзгешеліктері мен солардың шығу тегін егжей-тегжейлі көркем тілмен жазатын шағын прозаның бір түрі. Этнографиялық очерктер халық өмірін тікелей бақылаудың нәтижесінде көзбен көріп, қолмен ұстап сан алуан деректер жинап барып, өткен өмір мағлұматтарын қазіргі деректермен салыстыра отырып жазылады. Әр халықтың тұрмысы мен мәдени дамуының тарихи процесінде бақыланған негіздерге сүйенген жағдайда ғана толыққанды этнографиялық очерктер жазылады. Этнографиялық очерктерге тән төмендегідей ерекшеліктерді атауға болады:

- қазақ өмірі мен тіршілігіндегі, мәдениеті мен өнері, тұрмыс-салты,

әдеті мен ішетін асы, қолөнері барлығы келіп этнографияны құраса, этнографиялық очерктер осы туралы көркем тілмен айтуды мақсат етеді;

- қазақтың болмыс-бітіміне, қадыр-қасиетіне ауадай қажетті осы таным мен сенімдерді жазып, зерттеп қоюмен ғана шектелмей, келешекке аманат етіп тастау;

- қазақ халқының материалдық, қоғамдық, рухани мәдениетінің өзгешеліктерін, солардың шығуын зерттеп, зерделеп, келешекке аманат етіп, аман сақтап қалу міндеті де осы очерктер үлесінде көрініс табады. Ұлттық салт-сана мен дәстиүрді анықтайтын факторлар туралы С.Қалиев: “Әр ұлттық өзіне тән тіршілік кәсібі, тарихы мен мәдениеті бар. Ол мәдениет сөйлеу тілінен, ойлау жүйесінен айқын көрініс табады. Сондай-ақ, ұлттық мәдени ерекщелік сол халықтың өмір сүру тәсілінен, діни наным-сенімінен, әдет-ғұрпынан, салт-санасы мен дәстүрінен өзекті орын алады” [62,53-б],-дейді.

Қазақ хылқының салт-сана, дәстүрлерін дәріптеп жазу, тану мүмкіндіктері де тәуелсіздіктің жемістерінің бірі. Тәуелсіз даму дегеніміздің өзі бұрын болған тұрмыс-тіршілік ерекшеліктерін зерделеу мен келешекте ұлттық тұрқымызды сақтауға, ұмыт болып бара жатқан дәстүр көздерінің қадір-қасиетін ашуға өте пайдалы танымдық очерктер жазу да өнер.

“Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы тарихтың толқынында өзінің ұлтттық “Мен” дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет қана мүмкіндік алып отыр... Бірақ, бұл мүмкіндік қана, ол шындық, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет” [63,292-б],- дейді Н.Ә.Назарбаев.

Қазақ халқының салт-сана, әдет-ғұрыптарын жетік білген қаламгерлер қазақтың құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру тағы басқа дәстүрлері жайлы очерктерде кезінде баспасөз беттерінде жиі жариялап, көпшіліктің көңілін тұшынтып отырған. Кейіннен осы танымдық, тәрбиелік мәні зор очерктердің басы қосылып, кітап болып шыққандары да бар.

Этнографиялық зерттеудің ең негізгі қайнар бұлағы – халықтардың өткен, қазіргі өмірін тікелей бақылаудың нәтижесінде жүзеге асады, сан алуан зерттеулер екі тәсіл арқылы, бірі ел ішінде тұрақты немесе ұзақ уақыт бірге тұру арқылы, екіншісі, қысқа мерзімге барып тұру арқылы жүзеге асады. Әсіресе, ХХ ғасырда тарихи-этнографиялық шолу очерктер көптеп жазылып, бірсыпыра кітаптар жарық көрді. Соның бірі Х.А.Арғынбаевтың “Қазақ халқындағы семья мен неке” [64] еңбегінде халқымыздағы семья мен некенің шығу, даму тарихын зерттеуге арналған. Нақтылы деректер негізінде семьяның формаларын, қарым-қатынас, туыстық системаны, әйелдер мен балалар жағдайын, көне неке формаларының сақталуы, әмеңгерлік, балдыз алу, қалың мал мәселелерінің, некелік қатыныстың қоғамға әсері туралы толыққанды зерттеу жүргізген автор ескі мен жаңа дәстүрлерді ғылыми тұрғыда жан-жақты сипаттайды. Садық Қасимановтың “Қазақ халқының қолөнері” [65] еңбегі ұлттық ою-өрнек, киіз басу, ши орау, ер қосу, зергерлік сияқты қолөнер туралы, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, олар туралы қызықты деректер, құнды мағлұматтар, қолөнермен шұғылданушыларға қажетті кеңестер де берілгендігімен құнды. Ж.Бабалықов пен А.Тұрдыбаевтың “Қырандар” [66] еңбегінде саятшылық пен сайыпқырандар жайлы сыр шертеді. Құсбегілер баптап аңға салатын он бір қыран түрінің ерекшеліктері, түр-тұлғасы, мінез-қылығы, қимыл-мәнері, ұшу-қону, аңға түсу т.б. қасиеттері егжей-тегжейлі талданады және қыран ұстау, баптау, үйрету, түлету, аңға салу жолдары да қызықты берілген. Мыңбай Ысқақовтың “Халық календарында” [67] күнтізбенің негізгі қағидалары, даму жолдары, европалық және шығыс халықтарының календарындағы ерекшеліктер, тарихы туралы мәліметтерге толы. Хасен Әбішевтің “Аспан сыры” [68] да халықтың астрономиялық ұғымдарына, оны мәніне, ай, күн, жұлдыздар т.б. түркі халықтарында белгілі рөл атқарғандығын өзіне дейінгі еңбектерге сүйене отырып, жүйелі ғылыми тілмен баяндайды. Садық Қасимановтың “Қазақтың ұлттық тағамдары” [69] мал союдан бастап, оны жіліктеу, табақ жасау, құрт-ірімшік қайнату, сүзбе сүзу, қымыз, шұбат ашыту, айран ұйыту, нан, бауырсақ пісіру т.б. тағамдар жайлы кеңінен сөз болады. Х. Арғынбаевтың “Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк” [70] кітабында қазақтың революцияға дейінгі мал шаруашылығы этнографиялық тұрғыда сипатталып, ел арасынан жинаған деректері мен архив және әдеби мұраларды жан-жақты пайдалану негінде жазылған. Көші-қон, төрт түлікті бағып-қағу, ауа райын бақылау, мал ауруларын емдеудегі халық тәжірбиесі толық қамтылып, сан-қилы әдет-ғұрыптарды баяндауға да жеткілікті көңіл бөлінген.

Ақселеу Сейдімбектің этнографиялық толғаныстарға толы очерктері далалық тарихи танымды арқау етеді. Осы очерк түрлері “Күңгір-күңгір күмбездер” кітабынан бастау алып, “Қазақ әлемі” этномәдени пайымдауларға толы фундаментальды кітабымен тұжырымдалған. Бұл еңбектердің бәрінде де қазақтың тарихи, рухани, мәдени, дәстүр мен салт-сана байлықтары арқау болады.

Ақселеу Сейдімбектің “Ойсылқара” атты этнотанымдық очеркі қазақ халқының мал баптаған, көнекөз қариясы Қожабектің төлтума қасиеті, ата кәсібін ардақтауы, түйе түлігіне деген адалдығы, қазақ халқының бойына туа бітетін асыл қасиеттердің қайнарының осы қария бойында сақталғандығын тілге тиек етеді. Ата кәсібіне адал Қожабек қария түйе түлігіне келгенде жайбарақат қала алмай, күнделікті тіршілікте адам баласына тән сипаттарын көрсетіп отырады: “Ауыл арасында аяғын шаңдағаннан аспаған өңшең шірік! Нарға – ашамай, қоспаққа – жазы салып көрмеген соң, түйеде несі бар деймін-ау бұлардың... Әлгі, кешегі күзеуге көшіп-қонамын деп алып кеткен сары інгеннің өркешінен қанын сорғалатып әкеп тастапты. ... Қап, обал-ай, обал-ай... түйе тіздеп, тізесін бүктіріп көрмеген өңшең тікбақайлар, сол...

“...Нарым қымбат, нарымнан да арым қымбат”, аузын үріп, аяғын сыпырған малымның арқасына батқан қада менің жүрегіме батады деп неге ойламайды бұл жұрт” [71,243-б],- деп жүрегіне батқан зілді қарт ақтарып салады. Расында да қазақ өз тіршілігінде ең асылын түйенің ботасына балаған, аялап өсіретін қызына “Бота”, “Ботакөз” деп ат қойып қадірлеген. Очерктегі Қожабек қарт бойындағы қасиеттер салт-дәстүр, рухани сананың озығын бойына жинақтаған даланың данышпан оқымыстысы сияқты көрінеді. Дала сыры мен қазақ тұрмыс-тіршілігінің білгірі Қожабек қарт төрт түлік малды көнкөрістің негізгі тірегі ғана емес, игілік атаулының басы және қазақ әлемінің рухани қайнары деп түсінеді. Сондықтан да мал жаю мен оны бағу тәсілдерін жете меңгеру, оны қадірлеп күтуді үйрену күн талабынан түспейтін мәселе екенін жастарға меңзеп қана қоймай оны сыр етіп шертеді.

“Түйенің жаңа туған жас төлі бота делінеді. Еркелеткенде ботақан, боташым дейді. Ботадан кейін бір мен екі жас арасында тайлақ болады. Одан әрі түйенің сұлуланған еркегі – құнан атан, дөнен атан, бесті атан, атан делінеді. Төрт жасқа дейінгі бура, жалғыз өркешті болса, үлөк немесе нардың бурасы дейді. Тайлықтан өтіп, бураға қосылар шақтағы ұрғашы түйені бүлдіршін немесе бұзбаша дейді. Тіліміздегі “бұзбаша көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді” деген сөз содан шыққан.

... Боталаған түйені жасына қарамай-ақ айыр өркешті болса інген, жалғыз өркешті болса аруана, мая, нардың інгені деп атай береді. Айыр түйенің асыл жақсысын жампоз десе, нардың тектісін жаспоз нар дейді” ” [71,250-б]. Одан кейін де түйе малында жиі кездесетін ауру түрлері, оны емдеудің жолдары, қолданылатын ем-домы да жан-жақты әңгімеленеді. Очеркші өз кейіпкерін дала академигі дәрежесіне көтере отырып, дала сырының майталман білгірінің бейнесін толық ашып бере алған. Табиғат, адам, онда өмір сүретін жан-жануарлар әлемі жұмбағы мен сыры мол дүние екенін, қазақ әлемінің этномәдени құндылықтары әрбір қазақ баласының жадында жүруі керек екенін әр очеркінде еске салып отырғандай әсерде қаласың. Жазушының “Сәйгүлік” очеркіне де үйір-үйір жылқымен Ұлы даланың төсін билеп келе жатқан қазақ жұртының тіршілігі арқау болған. Бұл очерктен аңғарылатыны сырт қарағанда ат спорты туралы сияқты көрінгенімен, қазақ халқының жылқы малы туралы өзінің қалыптасқан түсінігі, сенімі, таным-талғамы бар екендігін кеңінен баяндайды.

“Техника күші қолқанат болғанға дейін (кейін де) сәйгүлігін сайлап, тарланды таңдап міне алған елдің айы оңынан туып отырған. Орта ғасырға дейін аттың жалын тартып мініп, үзеңгіге табан тіреген елдің айбары астам, мерейі үстем еді. Сонсоң да айшылық алыс жерді жақын етер пырақтың ұшқырлығы мен күшіне, мінезі мен бітіміне адамзат баласы ұдайы көңіл бөліп отырған. Осыдан елу миллион жыл бұрын өмір сүрген тоқтыдай ғана ұсқынсыз эогиппусты жылқының арғы тегі еді дегенге білікті зоологтар болмаса, былайғы жұрттың сене қоюы екіталай. Қолға үйретілген жылқы туралы ең алғашқы дерек біздің жыл санауымызға дейінгі үшінші мыңжылдықта кездеседі. Содан бері адамзат баласының тарихын жылқысыз елестету мүмкін емес” [71,298-б],- деп жылқы малына қатысты арғы бергі тарихтағы деректерді байыпты зерделеген очеркші этнотанымдық құндылығы жоғары тұңғиыққа бойлайды. Расында әрісі көшпелілер берісі қазақтар танымында жылқы түлігіне байланысты өзіндік таным-түсінік қалыптасқан. Осы очеркінің бір кейіпкері Тай Тілегенов атбегілік қасиетімен елге танымал, атақты сыншы, жарысқа қатысатын жүйріктердің жазбай танитын білгірлігі де кеңінен әңгіме болады. Ақселеу Сейдімбек “Сәйгүлік” очеркінде бұрынғы қазақ сыншылары мен атбегілерінің, бапкерлерінің зеректігі қазіргі ат жаттықтырушыларының бойынан табылып жаста деге тілекті байқауға болады және осындай тың толғаныстарын тарихи деректерге сүйене отырып жазған автор қорытындыларын әрі нақты, әрі дәлелді бере білген.

А.Сейдімбектің “Бүркіт” этнотанымдық очеркі аңшылық пен саятшылықтың бір түрі құсбегілікті арқау еткен. Саятшылық қазақ халқының ежелгі өнерінің бір түрі деп бағаланған. Бұл өнер күн көру немесе пайда табу үшін емес табиғатпен қоян-қолтық араласудың, оны жақын сезінудің жолы екені мәлім. “Бүркіт” очеркінде автор құсты баулып, баптаудың егжей-тегжейіне зер салып, оынң жұмбақ сырларын аша отырып, бүркіттің текті құс екенін, бапты-бапсызы, әлдісі мен әлсізі болатынын атқан автор басқа құстарға қарағанда өзіндік ерекшелігін, баптаудың әртүрлі әдісін де әңгімелейді. Соның ішінде шеңгелдестіру әдісі туралы былай дейді: “Шеңгелдестіру үшін қолға үйренген бүркітті түз қыранына салады. Ол үшін балақ бауына түлкінің жон терісін немесе бір санын қызырта байлап қоя береді.Түз құсы жемге қарай құдияды. Мұндай жағдайда қос бүркіт жерге шеңгелдесіп түседі” [71,237-б],- дейді. Қол құсын қолға үйретудің, баптаудың қиындығы көп еңбек екенін, құс үйрететін адамның шыдамды, ерік күші мол болса ғана жетістікке жететін жайлы да ой толғайды. Қазақ этнографиясы туралы көптеген еңбектер жазған Ақселеу Сейдімбек қазақ халқының асыл қасиеттерін жас ұрпақ бойына сіңіруге, әдет-ғұрып, салт-санмызды жетік білуге, бойына дарытуға, өзінің ой-пікірлері, айтылған әңгімелері мен бейнелеген кейіпкерлері арқылы өрелі ой толғағайды.

Сонымен этнографиялық очерктерде ұлттық салт-дәстүрлер, ұлттық өнер түрлері, ұлттық ойындар мен спорттың түрлері, ұлттық тағам түрлері, ұлттық мерекелер, тарихи ескерткіштер т.б. туралы кеңінен жазылады. Бұл очерктерде нақтылы этнографиялық деректерді молынан пайдалана отырып, публицистикалық көркем тілмен жазылса ғана оқушы зердесінде қалады.

Қорыта айтқанда, басқа очерк түрлеріне қарағанда этнографиялық очерктер халық өмірін тікелей бақылаудың нәтижесінде сан алуан деректер жинаған жағдайда, өткен өмір мағлұматтарын қазіргі деректермен салыстыра отырып жазылады және әр халықтың тұрмысы мен мәдени дамуының тарихи процесінде бақыланған негіздерге сүйенген жағдайда ғана толыққанды этнографиялық очерктер туады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет