Педагогикалық кеңесті өткізуге алдын ала дайындалу. Педагогикалық кеңеске мұқият әзірлену керек, онсыз дұрыс өтпейді. Баяндамашылар белгіленіп, оларға шешім жобасын жасау тапсырылады.
Озық тәжірибеден алынған әдістеме бойынша педагогикалық кеңес былай өткізіледі: мектептің жалпы жоспары бойынша баяндамаға жауап беретін адамдар бөлінеді, басқа дайындық жұмыстары әкімшілік директоры мен оның орынбасарларының басшылығымен жүреді. Әкімшілік 1-2 ай бұрын баяндаманың негізгі мазмұны – теориялық негіз, жиналған нақты материалдардың қандай әдістермен алынғандығы туралы сөйлеседі. Баяндамашыға нені оқу керек, тақырыпқа сай жұмыстармен танысу, тәрбиелік іс-шараларға қатысу, сабақтарға, мәжілістерге қатысу жоспарларын жасау керектігі туралы айтылады.
Педагогикалық кеңесті әзірлеуге мектептің жекелеген қызметкерлері, кей әдістемелік бірлестіктер қатысады. Олар мұғалімдердің жұмысын зерттеп, оқу процесінің күшті және әлсіз жақтарын педагогикалық тұрғыдан талдайды. Шағын көрме ұйымдастырып, әдебиеттердің тізімін ілуге болады.
Сонымен теориялық жағынан негізделген материалдарды уақытында табу, тәжірибеден жақсы мысалдар алу, жақсы үлгілерді тәжірибеге енгізу тәсілдерін ұсыну педагогикалық кеңестің жақсы өтуін қамтамасыз етеді.