Ол келесілерді мақсат етіп қойды:
орталықсыздандырудың заңдық негізін жетілдіру;
жергілікті өзін-өзі басқару Кодексін пилоттық негізде 14 провинцияда іске асыру;
жергілікті басқару органдарының мүмкіндіктерін дамыту;
трансферт-гранттар түріндегі ынталандырушы жүйелерді енгізу және т.б.
Осы стратегияға байланысты провинция, муниципалитеттер, барангайлық басқару органдарына бұрын орталықпен орындалатын міндеттер – денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, қоршаған ортаны қорғау қызметтері берілді. Жергілікті салық көлемі 11-ден 40 пайызға дейін өсті, ал жергілікті билік органдары салық салу көлемі бойынша көп өкілеттіліктерге ие болды.
Ал өтпелі экономикалы елдерде орталықсыздандыру процесі әр түрлі өтіп отыр және мұнда түрлі теориялардың дамуын қаржылық және әлеуметтік қамтамасыз ету механизмі толықтай жасалған деп айтуға келмейді.
Қазақстандағы тәуелсізідіктің алғашқы он жылдығында экономикалық дамудың рыноктық жолы және қоғамдағы демократияландыруды қалыптастыру бойынша реформалар жүргізілді. Қазақстан Республикасының егемендігінің алғашқы жылдарында мемлекеттілікті нығайтуға, халықаралық аренада позицияларды анықтау және әлеуметтік-экономикалық салада реформалар жүргізуге басым көңіл бөлінген болатын. Қазіргі жағдайда, егемендіктің жалпыұлттық негіздері қалыптасты және ондағы приоритетті мәселелердің бірі болып жергілікті және мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін реформалау, яғни мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру болып табылады.
Осыдан 17 жыл бұрын, 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан - 2030» ұзақ мерзімді Стратегиялық бағдарламасында: «Біздің еліміз үшін орталықсыздандыру қағидаты министрліктер ішінде, орталықтан өңірге және мемлекеттен жеке секторға жүргізілгені дұрыс» деп нақты белгілеп берді. Президент 2005 жылғы 15 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру стратегиясының қағидаттарының бірі – мемлекеттік атқарымды орталықтан өңірге қарай орталықсыздандыру деді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 10 ақпандағы № 147 қаулысымен «Мемлекеттік басқару деңгейлерінің арасы мен бюджетаралық қатынасты жетілдіру өкілеттіктерін орталықсыздандырудың тұжырымдамасы» бекітілді.
Онда бастапқы сатыда мынадай мақсаттарды жүзеге асыру жоспарланды:
- Қазақстанның мемлекеттілігінің дамуының жалпы стратегиясы аясында жергілікті басқару жүйесін реформалау;
- республикада жергілікті мемлекеттік басқару үлгісін дайындау, оның басқару жүйесіндегі орны мен рөлін анықтау;
- жергілікті өзін-өзі басқаруды заңнамалық қамтамасыз ету;
- мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының арасындағы орталықсыздандыру және өкілеттіктер мен атқарымдарды бөлу;
- жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қалыптасуының қаржылық, материалдық-техникалық және ұйымдық алғышарттарын жасау;
- жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін кадрлар даярлау.
Тұжырымдама қабылданған соң Үкімет нақты шараларға көше бастады. Қазақстан Республикасының Парламенті 2004 жылдың 20 желтоқсанында «Мемлекеттік басқару мен бюджеттік қатынастардың арасындағы өкілеттіктерді бөлу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Бұл заңға сәйкес қолданыстағы 122 заңдарға, оның ішінде 6 кодекске өзгерістер енді.
Бұл заңға сәйкес мемлекеттік басқарудың түрлі салаларына қатысты мынадай заң актілеріне өзгерістер енгізілді:
- әкімшілік мәселелері бойынша – 15;
- білім мен ғылым – 2;
- денсаулық сақтау – 6;
- еңбек, көші-қон, әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік қамтамасыз ету – 11;
- мәдениет және ақпарат – 3;
- туризм мен спорт – 2;
- қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік – 8;
- төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс – 5;
- қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік – 10;
- энергетика және минералдық ресурстар – 7;
- ауыл, орман, су шаруашылықтары мен жер қатынастары – 9;
- қоршаған ортаны қорғау – 4;
- индустрия, архитектура мен құрылыс, сауда, шағын кәсіпкерлік – 7;
- көлік және коммуникация мәселелері бойынша – 7 заң актілеріне өзгерістер енгізіліп, нақты жүзеге асырыла бастады.
Сондай-ақ орталықсыздандыру мәселесі 1996 жылы қабылданған «Бюджет жүйесі туралы» заңда да көрініс тапты.
Бұл заңда қамтылмай қалған кейбір салаларға қатысты Қазақстан Республикасының Парламенті 2004 жылдың 20 желтоқсанында «Мемлекеттік басқару қатынастары арасындағы өкілеттіктерді бөлу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының тағы бір Заңын қабылдады. Онда қолданыстағы 32 заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Осы заңдарға орай орталық билік пен жергілікті басқару органдарының облыстық және аудандық деңгейлерінде орталықсыздандыру жүргізіліп, соның нәтижесінде осы үш деңгейдің міндеттері мен құқықтары, атқаратын қызметтері нақтыланып бөлінді.
«Қазақстан – 2050. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Президент Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсанда жасалған Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы былай деді: «Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек. Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру.
Біз 2013 жылы жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылдауымыз қажет. Жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттіктері қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтылатын болады.
Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек. Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасы ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді.
Бізге қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды.
Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, қажетті заңнамалық актілер әзірлеуді тездетуді, ал Парламентке олардың басымдық тәртібімен қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырамын.
Біз бүкіл әлеммен бірге өркениетті жолмен жүруге және қоғамның одан әрі демократиялануына бағыт ұстауға тиіспіз.
Орталықсыздандыруға тек жергілікті деңгейде белгілі бір өкілеттіктер беруге болатын жаңа билік органдарын құру процесі ретінде қараудың керегі жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |