4 Мәшһүр-Жүсіптің лингвистикалық көзқарастары
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығармаларында тіл мәселесі жөнінде көптеген деректер кездеседі. Олар мағыналары жағынан алуан түрлі. Сөздің шығу тегі, мақал-мәтелдердің шығуы, ономастикалық атаулардың пайда болуы, сөз өнері туралы т.б. Ал, байырғы ескіліктер болып табылатын көне этномәдени лексика тіптен көп. Біз бүгінгі мақаламызда Мәшһүр-Жүсіптің лингвистикалық көз- қарасына ғана тоқталамыз. Оның себебі кейбір зерттеушілер Мәшһүр – Жүсіптің шығармаларын бір жақты (діни мистикалық) жағына қарастырады да осы тұрғыдан келіп, ақын туралы діншіл, құдайшыл дегеннен аспай келеді. Оның үстіне Мәшһүр – Жүсіп жөніндегі пікірлері саналарын улап алған байырғы кеңестік дәуірдің елесінен айрыла алмай, ақынның ғұламалығына күмәнмен қараушылық әлі де арамызда ұшырасады. Мәшһүр – Жүсіптің ұлы Абайдан кейінгі шыққан дала кемеңгері екендігін мойындамай келеміз.
Мәшһүр – Жүсіп тек қана түркі тілдері туралы біліп қоймаған дүние жүзі тілдері, діндері жөнінде де мағұлыматы болған. Мысалы, «Дін туралы жер жүзіндегі адамдар дін жағынан екіге бөлінеді. Бірі-Құдайды бір дос (дош), бірі Құдайды бір демеуші , «бір» деушілерге кітабы дейді. «Бір» демеушілерге «Бір» деушілер 3 түрлі. Ғайса, Мұса, Мұхаммед – бір деме – осылар. Будда, Бірахмен, Мәжуси, һубасқа түндей болды. Жер үстінде кітаптан, мішіріктер көп. Тіл туралы жер жүзіндегі болған адамдардың тілдері түрлі – түрлі. Санағандар: «Мың шамалы түрі бар» - дейді. Бұлардың дүниеге ең көп жайылғандары үшке бөлінеді. Бірінші-Һинд һәм Еуропа тілдері. Екінші-күншығыс Азия тілдері. Үшінші: Хам, Сам тілдері дейді. Сол сияқты Мәшһүр – Жүсіп ХIХ ғасырда «мәдениет» деген сөзді бірінші қолданған және мағынасын тура берген адам. «Кейбіреулері шаһарларда жиылып, егінмен ас қылады. Бұларды: «мәдени халық» - дейді, яғни «ғылымды жұрт» - дейді. Мәдениет – араб тіліндегі «мудун» сөзі біздің түсінігіміздегі «қала» мағынасын берсе, «медени» - «қала тұрғыны» деген ұғымды меңзейді (Ә. Нұрмағамбетов, 1990: -Б. 9). Демек, Мәшһүр-Жүсіп бұл – сөздің мағынасын тура қолданған. Қазіргі Республикамыздың Астана қаласына байланысты Мәшһүр-Жүсіп: «Патшалардың тұрған шаһарын: «Астана»; Егер ол су адам күшімен қазып қосылған болса: «Канал» - дейді. Осы жолдағы: Астана п. асетан: өткел, кірер қақпа, сарайға кіру, патша кіретін есік, - Астана – деген ұғымды білдіреді (Л. Рүстемов, 1989: -Б. 34). Канал түбір тұлғасы көне түркі лексемасы қанар, Абакан (үлкен су) құрамындағы қан <> қан. Демек, кан көне түркі тілінде ыдыс деген ұғымды білдірген. Орыс тіліне енген канал (су құятын ыдыс), кэда (көне түркі формасы kedim `киім`), сандал (сандал – ағаш эпостық жырда кездеседі), новый (наурыз), да Москва, давай дегендегі да, давэй – (қытай тілінде - үлкен) қазақ тілінде дамолда (үлкен молда) дегенде қолданылады, ағылшын тіліндегі футбол (бұт - аяқ), шериф (сейіт // шәріп//шериф) т.б. көптеген сөздерді атап өтуге болады.
Мәшһүр-Жүсіп: «Жетпіс екі тіл бар. Сол жетпіс екі тілдің ішінде ғараб тілінен асыл тіл жоқ. ... Онан соңғы тілде қазақ тілінен асыл, қазақ тілінен бай тіл жоқ. Сол ата – бабасының тілі болған қазақ тілін осы күнгі жүрген қазақтың жалғызы білмейді. Егер қазақ тілін білсе еді: дін де осында, ғылым, білім де осында, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін бұрынғы өткен ата – бабаларымыз бәрі жақсы болып, әулие болып өтті. Не үшін ақжүрек болып, ақкөңіл болғандықтан бұған дәлел болуға Мығной, Мышнойдың бір сөзін тәбәрігіне сөйлейік» - дейді (М-Ж. 2007: 11 том. -Б. 73). Мәшһүр – Жүсіптің айтқаны Махмұт Қашқаримен үндестік тапқандай. М.Қашқари: «Ең таза тіл – тек қана бір тілді біліп, парсылармен араласпайтын, жат-жұртқа барып-келіп, қарым-қатынас жасамайтын адамдардың тілі» - деген (МҚ,1993: -Б.11.). Тіл мен дінді, ғылымды бір деп қарастырады.
Мәшһүр-Жүсіп «Заты қазақтан болғаннан: «Әмір Темір көреген» - дейді. ...Жек көргендер: «Темірлан» - дейді» (9 т. –Б. 3). «Лаң» сөзі - сарт тілі. Сарт тілінде «лаң» деп ақсақты айтады. «Бір аяғының шолақтығы бар екен» - деседі (10 т. -Б. 3). Әмір Темірді кейде Ақсақ Темір – дейді. Лаң (ылаң) – түбір тұлғасының негізінде неологизм сөз ылаңкестік пайда болды. «Сүтке сүт қосылса, сүмесін (суымасын), // Сөзге сөз қосылса, демесін!»» - деген мақалдағы сүмесін негізінде дұрыс жазылған ол, суымасын деген сөз емес. С. Мұқанов: Малдың еті мен сүмесі (сүті) болады немесе «Сүме» ертерек кезде «желін, «емшек» мағынасында айтылады. Ет тауып жеуге мүмкіндігі жоқтар «малдың сүмесімен (сүтімен) күнін көрген» - дейді (СМ. ХМ. 1974: –Б. 107-110). Мәшһүр-Жүсіптің «Сары арқа кімдікі екендігі?» (1907: -Б. 4) нұсқасында: Бір шөкті түйені шөкімен алып шығыпты деген жолдағы шөкті – жүкті деп жазылып жүр. Шөк – түркінің көне сөзі. Л.Будагов: дж. шөке, шөк – 1) окружность груди верблюда – деп түсінік берілген (Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. Том. I. Санктпетербургъ. 1869: -С. 497).
Абай: Күн күйеу, жер қалыңдық сағынысты, Екеуінің құмары сондай күшті деп Тәңір мен Ұмайды суреттесе, Мәшһүр-Жүсіп: Аспан көк – байы, Жер – қатыны дейді. Екі ақын да мұсылман дініне дейінгі мәдениетті Күн – Тәңір, Жер – Ұмай деп түсінген түркі жұртының мифтік образдарын жаңғыртып поэзияға арқау қылады.
Мәшһүр-Жүсіп бірде: «қисыр» - фрынжи тілі: қазақша «Жеті пірің» - дейді. Еуропада болған жұрттар: «Мұның «қисыр» аталғаны – толғатып тұрған қатын өлгенде, іште тулап тұрған баланы жарып алып, ол бала тірі болып, жұрт билеп, патша болып, «Қисыр» атанған екен. Қазақшасы: «Жарып алды» - атанған. Сонда ол Қисыр мақтанғанда: - Мен басқалардай а...нан шыққаным жоқ! – деп мақтанады екен» - деп жазады. Кесарево сөзінің түбір тұлғасы кес болып шығады, Киев (Күйеу), Орел (Өржол), Керчъ (Керіс), Каспи (Кеспе), Двина (Диюана), Висла (Ұсылы), Дон (Дөң), Амур (Әмір), Енесей (Енесай) т.б. атауларды қазақшалап жазған. Мәшһүр-Жүсіп: «Қазақта екі сөз шешілмей жүр: бірі – «Ана тілі» - деген, бірі – «Әдебиет» - деген. Шешілмегеннің себебі: «ана тілі» - деген қазақтың бұрынғы қазақ болған күніндегі ескі тілі. Ол ескі тіл кімге қалды?! Жалғыз-ақ қатындарда қалды. Қазақтың ең алғаш көрген молдасы: сарт-сауан, ноғай-нопай. Олар өзі қазақ тілін дұрыстап білмейді. Өтіріктен оқытқан тілі мынау: «Әліп кез біра ләмға сәкін әл хи ғаз бір ха мумға сәкін алхам дәл пайңы ду алхам дү». Бала бұл айтып отырғанының оқуы қайсы, оқу емесі қайсы екенін айыра алмай миқата болды. Құдай онымен қоя ма?! «Менің айтқанымдай айта алмасын» - деп: «Қызыңа сәкей күнет бекем»-деп, тарс еткізіп басқа салып қалады. Ноғай үйреткенде: «Бит әлі алай түгел бит» - бұл бұлай, түгел деп сабайды. Сарттан оқығаны сарт тіліне еліктеді. Ноғайдан оқығаны ноғай тіліне еліктеді. Анан сұратқан орыстан оқығаны орыс тіліне еліктеді. Өзінің жергілікті тілінен айрылып қалды. Қатын ешқандай, ешкімнен оқыған жоқ. Бұрынғы ескі қазақ тілі қатында қалды. Осы қатын тілін дұрыс білетұғын қазақ жоқ демейін, саналамаса, нама қалған шығар. «Ана тілі» - дегеннің мәнісі – осы» - дейді (9 т. 2006: -Б. 317). Ақынның «қатын тілі» - деп отырғаны қазақтың байырғы тілі. Қатын ешқайда шықпайды, үйде отырады. Таза қазақ тілі де қатында сақталған. Былайша, айтқанда «қатын» тіл тасушы (носитель языка) Соған теңеп, қазақ тілі араласпаған таза тіл «қатын тілі» дегенге келтіреді.
Тілдік құбылтудың бір тәсілі табу болып табылады. Эвфемизм – қазақ дәстүріндегі этномәдениеттің көне түрі. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларында да ұшырасады. Тіпті, Мәшһүр-Жүсіптің келіндері атын атамай Әтиім деген. Мысалы, Қазақта «Тас» - деген, «Тастыбай» - деген кісі аттары болған. Олардың келін-кепшіктері: «Тас» - деп, атай алмай, «Қайыршақ» - деп сөйлеп кеткен. Қазақта «Наурыз» деген де кісі аты болған. Келін-кепшіктер атай алмай: «Ұлы күн» - деп, «Ұлыстың ұлы күні!» - деп кеткен. «Ұлыс» - Түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Біздің қазақта «Ұлыстың ұлы күні» - Наурыз ( М-Ж 8 т. Б. 56).
М-Ж. Көпеев шығармасында бітік сөзінің баламасы кітап мағынасында жұмсалған. Мысалы: Кітабы мұсылманның жиған – терген. Ерікті боп цензурасыз басылса деп (1т. 66 бет). Кітапты түйеп алып шанасына, Астына сол көтінің алды басып (болу керек еді тиеп - автор) (Қазақ шешежіресі, 1907, 176 бет); Барқ ітучі, Бедіз йаратығма бітіг таш ітучі Табғач қаған чықаны Чан Сеңүн келті (Ежелгі дәуір әдебиеті, 25 бет); Түркі тілінде бітіг (кітап), бедізчі (жазушы), бедізтім (жаздырдым) сөздерінің қолданылуы рухани мәденитеттің өте жоғары болғандығының көрсетеді. Бітіг туынды түбірі бити – жазу, битиг таш – жазу жазылған тас қабырға, бас битиг – бас құжат, бос битиг - өту құжаты, босату құжаты, кегде битиг – хат, битигши – жазушы .т.б. С. Е. Маловта: бучін: лом бучін `с писанием` - тіркес кездеседі (21 бет). Түркі сөздері бедізші мен бучін тұлғасы жағынан ғана емес мағынасы да жақын. В.В. Бартольд: Битикчі – шығыстүркі сөзі, беретін мағынасы `жазғыш` бітімек етістігінен `жазу` пайда болған. Бұл сөздің түбірін Ширатори шығарған (Übер diе Sрracne der Hiung – nи, S. 16) сол сияқты Радлов жуықта (Alttürkisch Studiеn, IV, S. 319) қытайша (пит) біт `жазуға арналған қылқалам`. Жапондар сияқты корейлер де Орталық Азияның көптеген халқы бірінші рет жазу өнерін қытайлардың ықпалымен білді; осы лингвистикалық дерекке қоса Ширатори венгерлік (мадиарлық - автор) betti сөзімен дәлелдейді. Сол ғалымдардың келтіргеніне қоса, қытай хабаршысы Шығыс Азияда Тоба Вэй (386 - 558) династиясының билеу дәуірінде пи - те – чен сөзінің белгілі болғандығын (расында, бітік `құрастырушы` болар) және бітіг (sіс) `жазба` орхон жазба ескерткішінде дәреже – бітікші (Радловтың пікірі бойынша, Сөздік, IV, 1346, пітікчі) алғаш Қутадғу білік кездесетінін айтады. Бұл әкімшілік қызмет кешірек (ХIII ғ.) монғолдарға ауысқан ал, олардың мұғалімдерінен – ұйғырлар алған; тарихи деректерде және құжаттарда монғол дәуірінде бітікші сөзімен қатар биткючи формасы да ұшырасады (Работа по истории и филологии тюркских и монгольских народов. – Москва. Наука, 1968. 508). Л.З. Будагов: А. Кітап кітабъ, (қыр. Ктапбъ деп айтады) көп мағ. ктап – кітап оқылғанда дауысты дыбыс түсіп қалады – автор) кітап, хат, жарлық, кітапшы деп арабша жазылған – автор. Бұл сөзді Будагов кітап сатушы (книгопродовецъ) деп аударыпты. Кітапхане, кітаптың форматы, кітаптан ілім алғандар Мұхаммет пайғамбарға дейінгі кітаптағы халықтың көкірек көзін ашудағы діни ілімдер, қаз. Кітап шығармық (арабша солай жазылған - автор), түрк. Жазып шығару, кітап шығару, жазылғанды көшіріп жазушы, қабырғаға өлеңмен не қара сөзбен жазу (фронтисписъ здание), монументтегі жазу, тұтқынға бостандық берудегі акті т.б. (Сравнительный словарь турецко – татарских наречий, II том. 1871. 113 бет.). Демек, кітап сөзі түрлі мағынада жұмсалған. Араб тілінен енген «кітап» сөзі «бітіг» сөзінің баламасы екендігін байқаймыз. Көне түркі әдебиеті нақты төрт кезеңді басынан кешірген: бірінші, кітап сөзінің орнына ұғым үшін бітіг сөзін қолданған. Екінші – көне түркі әдебиеті – куин, куининв, куинига, кэнига сөздерін пайдаланған. Бұл әдебиет соғды – ұйғыр жазбасында айтылып келді. Үшінші – түркілер оқу құралын «кітапты» китаб – деп айта бастады. Бұл әдебиетті әл – Фарабиден бастап, Қожа Ахмет Яссауиге дейін пайдаланды. Төртінші кезең – кітап кезеңі. Бұған жататын көне түркілік әдебиет «кітап» деген ұғымды кодекс («Кодекс куманикус»), қыпшақтардың заң кітабы (ХVII – ХVIII ғасыр), (бітікшілер – А.Қ.) петчаки – көшірушілер (бұл туралы Будаговта айтылды) парсы тілінде – кітап (Низами және т.б. қараңыз). Кітап сөзі славяндарға түркі тілі арқылы енген. Кітап книга словен тілінде жұмсақталып книга деп дыбысталса, словактарда книха деп айтылады. Көне славяндарда бірінші екі дауысты дыбыстың аралығына жартылай дауысты енеді – кэнига. Кітап (книга) араб сөзі көнечуваштар да, мордоваларда кездеседі. Оларда бұл сөз тіпті жұмсақталып естіледі. Мысалы, көне чуваштарда – конив, морл.,конов (қағаз). Көне германдарда книга коний деп естілсе, венгер (мажар) конив. Сол уақытта ғана көне түркілік кунив, куин сөздерін еске алады. Ал, еділ бұлғарларымен, жайық бұлғарлары сол түркілік қалпында куинив сақталған. Тағы бір қызық мәселе көне түркілік бітіг «кітап» мағынасында және көне түркілік куин сол ұғымда қолданылады. Бұл сөзді славян зерттеушілері кнея (орман) лес көне Скандинавия кеннинг (познание) сөзінен шыққан дейтін де жорамал жоқ емес (Барманкулов М. Тюркская всленная. – Алматы: Білім, 1996. 230 бет.). Кітаптың қалыптасып даму тарихы жазу өнерінің шығуымен және қажетті материалдардың табылуымен тығыз байланысты. Кітапты ежелгі заманда Мысырда, Шығыс елде, Грецияда, Римде, қыш текшелеріне, тақта тастарға сына жазумен жазатын болған. Б.з.б. 25 ғ-да ежелгі Мысырда қыш текшелерінің орнына қамыс (папирус) қолданыла бастады. Қамысқа жазылған кітаптар оқтауша түрінде шиыршықталып оралған. Мысыр фараондары (патшалары) қамысты өңдейтін, Кітаптарды көптен көшіретін шеберханалар ашқан. Алайда, кітап жазу сыры мен оқу құпиясы көп замандар бойы тек дін басылары, монахтар мен ламалар ғана білген. Сондықтан дүние жүзіндегі тұңғыш кітаптар еврей тіліндегі «Таурат» («Библия»), Б.з.д. 26 ғ) чин (Қытай) тіліндегі «Конфуция» (Б.з.д. 25 ғ), парсы тіліндегі «Авеста» (25 кітаптан тұрады, Б.з.д. 20 ғ), Юнан (грек) тіліндегі «Інжіл» («Евангелие», б.з.д. 18 ғ.), араб тіліндегі «Құран» (Б.з.д. 7 ғ) т.б. жаратушыға құлшылық ету, сыйыну дұғалары сияқты діни мазмұнда болды. Кейін діни кітаптармен қатар түрлі мифтер мен аңыз, хикаялар, патша жылнамалары мен өмір – баяндары, өнегелік мысалдар мен әңімелер, ғақлиялық өсиеттер, әлемтану шығармалары т.б. азаматтық кітаптар жазыла бастады Б.з.д. 7 ғасырда қамысқа кітап жазу ісі Греция мен Римде кең өріс алды. Антикалық мәдениет пен әлемге ғылым өкілдерінің туындылары қолжазба кітап ретінде көптеп тарады. Осыған байланысты кітап көшіріп жазуға машықтанған көшірушілер мен қолжазбаны көркемдеуші суретшілер шығады. Кітап әсем күшхат – каллиграфиялық жазумен көшіріліп, көркем суретпен айшықталады. Қамыстан жасалған оқтайша кітап онша төзімді болмады. Б.з.д. 2 ғасырда қара қамыстың орнына тері жарғақ (пергамент) қолданыла бастады. 105 жылы қарапайым Қытай шебері Цай Лунь қағазды ойлап тапты. Ескі шүберектен жасалған самарқанның сарғыш қағазы әлемге әйгілі болды.
«Тайшы»- қалмақ тілі: бұрынғы замандарында хандарына қойған аттары: Қоңтайшы, Қарақалмақ, Қатысыбанды білген. Оны біздің қазақ «Қоңтайшы»-дейді. Жонғар тайшысы -Қалдан Шерін (Серен). Қазақ оны Құба қалмақтың ханы болған дейді. Аюке деген ханы болған. Бұған қараған қалмақты он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт дейді. Ұса, Серең деген жайсандары болған. «Жаңа қырғыз»- деп сөйленеді. Қырғыз ханының Абылай ханға «ақ үйліге» берген бір та(бы) елі. 1735-те, 1738-де Әбілқайыр хан бас болып, Адайдан басқа Кіші жүз орысқа бағынды.
1750-де Абылай хан мен Өр Жәнібек орыспен сауда араластыру үшін Троицкіден базар аштырды.
1755-інші жылда Төртуыл Қозғаны Құлыке - Бекшенің Құяыкесінің баласы Сүгірәлі мырза Ертістен жылқы өткізу үшін қазақ - орыспен төбелес қылған. Жасаққа келген қазаққа бір өткелдің аузында жүз ат ұхтатып беріп, Сүгірәлі мырза атанған.
Әдеб.: Мәшһүр Жүсіп шығармалары. – Павлодар., ТОО. НПФ «ЭКО», 1 том. 2003. –Б. 222-2266 229-233.
Достарыңызбен бөлісу: |