Мәшһүр-Жүсіп Шығармаларындағы метрологиялық терминдер 4 Том



бет4/10
Дата15.09.2017
өлшемі2,74 Mb.
#33274
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Түйін. Мәшһүр-Жүсіп қазақ әдебиетінде өзінің тарихи орнын алған, қазақ әдеби тілінің де дамуына үлес қосқан, Абай тәлімінен үйренген, Абай мектебінен өткендігін айта аламыз. Дулат, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының идеялық мән-мазмұны жағынынан болсын, діни тақырыпты таңдап жырлауы жағынан болсын, бір-бірімен тығыз сабақтас кейбір жерде тіпті үндес екендігіне көзіміз жетті. Монография тақырыбы этнолингвистикалық зерттеуге құрылғандықтан біз көбіне этномәдени негізі бар лексикаға көңіл бөлдік. Біздің мақсатымыз Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларына арқау болған негізгі-негізгі деген мәселелерге ғана тоқталып, сол арқылы ақындар үндестігін, өзара байланысын анықтау еді. Алдымызға Дулат, Абай, Шәкәрімнің поэтикалық жаңалығы неде, кім қандай үлес қосты деген проблемаларды толықтай зерттеуді мұрат етпедік. Бұл – өз алдына үлкен бір тақырып болып табылады.

1.2 Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының ежелгі шығыс әдебиетімен сабақтастығы
Еліміздің егемендік алуымен байланысты М-Ж. Көпеевтің мифологиясын, діни дастандарын, қисса-әпсенелерін, қарасөз үлгісіндегі жазбаларын кеңінен зерттеуге мүмкіндік туды. Ақынның бұрын еш жерде сөз болмаған: «Жер мен көк», «Хаятбақшы», «Миғраж», «Пайғамбардың дүниеден өтуі», «Яһуда, Патрос әңгімесі», «Екі жігіт пен бір шалдың әңгімесі», «Әдһам диуана мен Ибраһим», «Нүсіпхан», «Шонтыбай қажы», «Жантемір қажы», «Ай мен күндей, Һәммаға бірдей», «Нұх пайғамбар мен кемпір», «Дуаның пайдасы», «Дуаның пайдасы туралы», «Аспан, жер және адам жаратылысы туралы», «Адам мен жұлдыздар арақатынасы», «Шын дәулет пен жын дәулет туралы», «Ібіліс лағын шайтан хикаясы» т.б. мерзімді баспасөздерде аударылып, басылды. Кейін 11 томдық шығармалар жинағына енді. Бұл туралы ақын шөбересі, ф.ғ.д., профессор Н.Қ. Жүсіпов зерттеу еңбегінде жазған болатын (Н.Қ. Жүсіпов. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының фольклоршылық еңбегі. Автореферат: 1998. -12 б.). Аталған шығармаларда әлем жаратылысы, ғарыш пен жер байланысы төңірегінде әңгіме қозғалып, Көне Қытай, Шумер, Египет, Үнді, Грек мифологиясына назар аударылады.

Осы орайда мәшһүртанушы Гүлназ Жүсіпованың пікірі орынды деп санаймыз: М-Ж. Көпеев дастандары сюжетінің бастау көзіне Шығыс аңыздары мен дастандары ғана алынып қоймай, Інжілдің (Библия), Құранның алынуы да ақын ой-өрісінің терең екендігін байқатады. Айталық, жұмақпен байланысты өзендердің пайда болуы Библияда орын алған еді (Г. Жүсіпова. Мәшһүр-Жүсіп қиссаларындағы Мұхаммед бейнесі. – Павлодар, 2000. – Б. 15-45.). Ал, шығармалардағы айтылған топан су аңызының бастау көзін іздесек Інжілден де (Библия) әрі барамыз. В.В. Весюков Библиядан көп бұрын қағазға түскен Көне Шумер аңызындағы топан су дерегіне көңіл бөледі (Г. Жүсіпованы – қараңыз). Сол сияқты М-Ж. Көпеев шығармалары көбіне шығыс аңыздарымен тығыз байланысты екендігіне ақын шөбересі Естай Жүсіпов баса назар аударған. (Естай Жүсіпов. Мәшһүр-Жүсіп және шығыс аңыздары // Тіл таным. – 2002. – № 1. – Б. 130-140).



Жаңа жазба поэзия үлгісіндегі ақындардың ішінде Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің шығармаларының үлкен ерекшелігі бар. Мұсылманша білім алған, Шығыстың классикалық әдебиетімен, тарихымен, философиясымен таныс Машһүр-Жүсіп Көпеев қазақтың ауыз әдебиеті дәстүрлерімен және өз заманындағы жазба әдебиетпен тығыз байланысты болған. М-Ж. Көпеев орта азиялық түркі әдебиетінің ықпалымен немесе, түрік жазба шайырларының нәзиралық үлгісімен келген қисса-хикаяттардың қазақтық үлгісін жасаған десек артық айтпаймыз. Мысалы, шығыс сюжетіне құрылып, қазақ фольклорының дәстүріне ұштасып, төл шығарма сияқты сипат алып кеткен «Мұңлық-Зарлық» осындай шығармаға жатады. Ислам діні тармағының қазаққа лайық идеологиялық үлгісі Қожа Ахмет Иассауиден бастау алатыны белгілі. Міне, осы көне діни-наным үлгілерін М-Ж. Көпеев басты қағида қылып алып, шығармаларына арқау еткен. Діни ұғым-нанымдарды насихаттайтын «Сал-сал», «Зарқұм», «Сейітбаттал» т.б. Көршілес елдер мен басқа шығыс халықтарының ежелгі аңыз-әңгімелері, халық романдары мен поэмалары және классикалық әдебиет өкілдерінің дастандары «Шаһмаран», «Сейфүлмәлік», «Бозжігіт», «Абулхарис», «Шәкір-Шәкірат», араб елінің ертегісі «Мың бір түн», үнді ертегісі «Тоты-наме», Шығыс жұлдыздары Фирдауси, Физули, Науаи, Низами дастан етіп жазған «Шаһнаме», «Ләйлі-Мәжнүн», «Таһир-Зуһра», «Фархат-Шырын», «Ескендір» т.б. шығармаларының желісін алған да қазаққа лайықтап өңдеп, өзінше қайыра жырлаған. М-Ж. Көпеев «Ежелгі дәуір әдебиетіне» де қатты көңіл бөлгендігі шығармаларын оқығанда айқын көрінеді. Қорқыттың «Қорқыт ата кітабы», «Оғыз қаған» туралы аңыздың желісін, әл-Фарабидің дүние түсінігін, таным мәселесін, Махмут Қашқаридің – медицина, астрономия қағидасын, Мәшһүр-Жүсіп Баласағұнның – ақыл, білім, тіл жайындағы ілімін, Қожа Ахмет Иассауиден дінге берік болуды, адалдықпен өмір сүруді, адамды сүю сияқты тәлімдерді үйреніп білім алған. Қожа Ахмет Иассауидің шәкірттері Сүлеймен Бақырғани мен Ахмет Йүгінеки ислам шеңберіндегі түркі еліне жақын сопылық поэзия үлгісін насихаттап, адамгершілік, әдептілік, ынсап, қанағат ұрығын сепкендігін тарихи мәліметтерден білеміз. Бұл бағытта да М-Ж. Көпеев көп жұмыс істеп, еңбектенгені шығармаларынан белгілі. Бұндай тәлім-тәрбие күллі Орта Азия мұсылмандарының рухын көтерді. Рабғұзидің «Нух ‘алайһи с-салам» хикаяларының (Нұхтың кемесі, топан су) желісі, Лұқман Хакимнің әділдік ұлағаты М-Ж. Көпеевтің «Шайтанның саудасы» хикаясын жазуына әсер етсе, «Сүлеймен ‘алайһи с-салам» хикаясының құмырсқамен сөйлескені, жауыздық пен әділеттілік сияқты идеясы, «Хару мен Мару» хикаясындағы-нәпсі құмарлық, қызығушылық, күнә мәселесі, Құтыптың, Әзірбайжан халқының ұлы ақыны Низамидің парсы тілінен жазылған «Хусрау уа Ширин» поэмасы үлгісіндегі шығарманың желісі, Хорезмидің «Махаббатнама» дастаны, Хұсам Кәтибтің «Жұмжұма сұлтан» діни шығармасы, Сәйіф Сарай «Ядгарнама», «Сүһаил уа күлдірсін» дастаны да М-Ж. Көпеевтің діни сенім-нанымға толы шығармаларының желісіне арқау болды. Мәшһүр-Жүсіптің: «Кітабы бізге әперген «Мұхаммедия», Өзі ескі және жыртық далба-далба; «Қиссасу-Әнбияны» бізге алуға, Шарық қайда, шіркін дүние, шама қайда?» – деуі тегіннен-тегін емес еді.

«Шығысым батыс, батысым шығыс боп кетті» деген сөз, Абайдың ішкі дүниесінің барлығы бірдей қопарыла өзгеріп кетті дегенді білдірмейді» – дейді М. Әуезов (М. Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Он бесінші том. – Алматы, Жазушы: 1984, 133 б). Олай болса, дәл осы пікірді Мәшһүр-Жүсіпке де қатысты қолдануға болады деп ойлаймыз. Мәшһүртанушы Ертай Жүсіп ақынның шығармасындағы «нәпсі» тақырыбына бірінші көңіл аударған зерттеуші. Мәшһүр-Жүсіп парсы ақыны Жәлелалдин Румидің (ХIII ғ.) «Жасырын мән туралы дастанында» нәпсінің ақиқатын көруге тосқауыл болатынын суреттеген. Шебер өз шәкіртіне құмыра әкелуге жұмсайды. Ол көзі қыли болғандықтан бір құмыраны екеу есебінде көреді. – Шеберге келіп екі құмыра көрдім қайсысын әкелейін дейді. – Шебер ашуланып, екеуін көрсең біреуін сындыр дейді. Шәкірті біреуін сындырғанда екіншісі де жоқ болып кетеді (Руми Джалаладин. Поэма о скрытом смысле // Избаранные притчи. /Парсыдан орысшаға аударған Н. Гребнева. – Москва: Наука. 1986. – С. 11.) (Қараңыз: Ертай Жүсіпті). Міне, Руми нәпсіні осылай көрсетеді. Бұл – нәпсі тақырыбын әр ақын әр қырынан көрсете білген. Айталық, Сағди – нәпсіні билеу, нәпсіден сақтану, Хафиз – қу нәпсі, Әбдірахман Жәми-ит нәпсі, Жүсіп Баласағұн – тән нәпсі, Азербайжан ақыны Низами – кесел нәпсі – деп нәпсі сөзіне аса мән беріп жырлайды. Оның мәнісі, шығыс ақындарында нәпсіні ауыздықтау ең бірінші мәселе болған. Нәпісінің мұсылмандар үшін өзекті маңызы болған. Өйткені нәпсі Алла жолынан тайдырады, әділдіктен, хақ жолынан аздырады. Нәпсі – біреудің ақысын жеу, жемқорлыққа, қаттыгездікке әкеледі деп түсінген. Нәпсі-күллі зұлымдықтың бастау көзі деп саналған. Философ Ғ. Есімов нәпсіге байланысты ұғымдарды жинақтап былай көрсеткен: «Суфизмде нәпсі тыюға қатысты мынандай ұғымдар бар – олар: тәуба, қанағат, шүкіршілік, ризашылық, құлшылық» – дейді (Ғарифолла Есім. Нәпсі. / ауд. Қазақ әдебиеті. 18 тамыз, 2000. – 11 б.) (Қараңыз – Ертай Жүсіповті).

Ойын одан әрі сабақтаған мәшһүртанушы: «нәпсі» тақырыбы қазақ ақындары ішінде Мәшһүр-Жүсіп өлеңдерінен де өзінің жолын тапқан:
Көп күнә қарап қылды талай ерді,

Шайтан нәпсі дұшпан тіліне ерді;

Дүние күнә істеп жүргендерді,

Шайтанның алдауына ергендерді.

Нәпсінің алдауына кіріп,

«Өзінен дүние өтпес!»


– деп, білгендерді.

Ақын шығыс ақындарының дәстүрін жалғастырып, шайтан нәпсі аясында ғана қалмай одан әрі ілгерлете Нәпсімен болдым даулы, біте алмадым – деп дерексіз затты деректі сияқты құбылтып сөйлетеді. Ақын қазақтың ұлттық писихологиясын ескеріп, белгілі бір құбылысты нақты бейнелеуге ойысады. Мысалы, «Жер мен көк» дастанында Шиш деген баласы туғаннан кейін Адам атаның балаларына ақыл айтуы берілген. Біздіңше, сол ақылдың ең біріншісі дүниеге көңіл бөлмеу еместігі тегін емес: Бірі бұл дүниеге көңіл қойма, Не болдым: құмар болған мені ойла!; Алданба баяны жоқ дүние, малға, Ақшаға алтын, күміс назар салма? дейді. Әділдік, ізгілік, ақиқаттық мәселесі оған қарама-қарсы нәпсі мәселесі Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани шығармаларында да орын алған. Жалпы, батыс немесе шығыс әдебиетінің байланысы мәселелері ақынның шөбересі ф.ғ.к. Ертай Жүсіпов мақаласында кеңінен әңгіме болады (Е.Қ. Жүсіпов. Батыс және шығыс әдебиеті байланысы мәселелері. // «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибешілік конференцияның материалдары. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті. – Павлодар, 1-3 ноябрь, 2001. 48-60 б.).

Бұдан да тереңірек барған мәшһүртанушылар: Омар Һәйам шығармаларында көбінесе шарап ішу жөнінде жазылған деп санау, поэзияда «шарапты» тек қана ішімдік ретінде санау орын алғаны мәлім. Кейінгі зерттеушілер мұндай пікірдің солақай екендігіне көңіл аудара бастады.

Мәселен, Мәшһүр-Жүсіп:


Өзіңді іздеп бұ жолға түстім! – дейді,

Махаббаттың шарабын іштім! – дейді


– деген жолдарда нағыз шарап (арақ) емес, балама түрде ләззәті, қызуы алынғанын бірден байқауға болады. Ал, басқа қырынан қарасақ «махаббаттың шарабы» ретінде яғни махаббат құшағында күй кешкен сияқты, Аллаға мойын сұну, оған бір табан жақын болу, жанасу ұғымы жатқанын байқауға болады. Ақынның «Қаршыға мен бұлбұл» еңбегінде «қызыл гүл», «имани гүл» сияқты тіркестер орын алғаны кездейсоқ болмаса керек.

Мысалы:
Қызыл гүл мен ұйықтамай ашылмайды,

Көзімше аузы ашылып, шашылмайды.

Оянсам, ұйықтап кетіп, ашылады,

Қасыретім, бір көре алмай басылмайды.
Мұндағы «бұлбұл мен гүл» символдық белгілері Шығыс әдебиетінде жиі кездесетін жалпы тіршілік салтанаты, махаббат пен сұлулықтың, ең бастысы бақыттылықтың нышаны. Ендеше Мәшһүр-Жүсіп Шығыс поэзиясын жалғастырушы ғана емес, қазақ ұғымына лайықтап өңдеуші, жаңғыртушысы десек артық айтпаймыз. Немесе ақынның «Жарты нан» хикаясы басынан аяғына дейін шарттылыққа құрылған: жолаушының жол үстінде сандықты жауып ашқаны, алғашқыда алтын болып көрінген жансыз заттың, жанды тіршілік иесі жыланға, сосын айдаһарға айналуы, айдаһардың жолаушыға қауіп төндіріп, орныма қайта сал деуі; т.б. толып жатқан оқиғасы сайып келгенде «сый қылсаң сыпыра қыл» деген сияқты «жарты нанды қайырға беруі» жарты адам бейнесінде ғана жақсылық қылма, жақсылық қылсаң аяғына дейін қыл деген идеяны мансұқ етеді (Н.Қ. Жүсіпов, М.Н. Баратова, Б.Қ. Ақшолақова. Дәстүр тағылымы – Мәшһүр-Жүсіп Көпеевке шығыс әдебиетінің тигізген әсері // Өлкетану С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми-көпшілік журналы. – № 41 2002: – Б. 84-87).

Мәшһүр-Жүсіп дастаны «Жер мен көк» Низамидің «Жеті аруы» жеті жұлдыз, жеті планета сияқты ұғымдарды қамтып, өз ішінде космонимика «жеті» қасиетті сан мағынасымен тығыз байланысты екендігі көрінеді (Р.М. Мүтәлиева. Мәшһүр-Жүсіп және Низами // «III Мәшһүр-Жүсіп оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибешілік конференцияның материалдары. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті. – Павлодар, 2003. – Б. 30-34). Бұл орайда Мәшһүр-Жүсіптің «Гүлшат-Шеризат» дастанының да маңызы зор. Б.У. Әзібаева бес нұсқасын салыстырып Шығыс дастандарында жоқ кейбір желілердің (сюжеттердің) Ә. Найманбайұлының, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының дастандарында кездесетінін, бұл шығарманың қазақ үлгісіне лайықталып жасалған нұсқасының анағұрлым жетілген формасы екендігін өзінің мақаласында жан-жақты талдаған (Б.У. Азибаева. Персидская повесть в казахской степи. Известия НАН. РК. Серия филологическая, 1994. – № 2. – С. 26-32). Бұл мәселе «Шеризат-Гүлшат» дастанында кеңінен көрініс тапқандығын айтуға тиістіміз (Шеризат-Гүлшат. Ғылыми басылым. Құраст. Б. Әзібаева. Алматы: Мари: 2001 жыл.).

Мәшһүр-Жүсіптің «Құдайым жексенбі күн жер жаратты» өлеңінде де шығыстың сарыны басым. Адамға ақыл беру Алла шешімі екені; «Ғылым менен ақылды бердім бұған, Бәрің бұған боласың құлақ кесті» – деп, періштелерге бұйрық бергені тұсында анықталады. Ақыл сөзіне қазақ қаламгерлері де көп мән берген. Соның бір көрінісі «Дала уәлаяты» газетінде жарық көрген материалдар. Газеттің 1889 жылы санында шыққан «Лұқман Хакім» деген әңгімесінде үш рет жүз ділдадан алып, ақыл берсе де, оны ұқпаған бай баласын Лұқман хакімнің қалай құтқарғаны баяндалады да, шығарма мына түйінмен аяқталады: «Ақылсыз құр малдың керегі не? Дәулетіңе ақылың серік болса жарапты» (Дала уәлаяты газеті. 1 том. Алматы: Ғылым, 1989. – 127-129 б.) (Естай Жүсіпов. Мәшһүр-Жүсіп және Шығыс аңыздары // Тіл таным. Языкознание. – № 1. 2002. – Б. 130-140).

Мәшһүр-Жүсіптің «Ібіліс лағын шайтан хикаясы» дастанында «Қисас-ул әнбийадағы» қолына билік тиген Әзәзілдің кейін мастануы, дұға сұрап келгендерге дұрыс дұғасын бермеді, көңілі соқпады деген идеясымен сабақтасады. Ібіліс пен Әзәзілдің мақсаты бір екендігін сөз қылады. Ақынның «Сүлеймен мен байғыз» өлеңінің фабуласына ұқсас әңгіме «Дала уәлаяты» газетінде екі рет орын алған екен. Онда Сүлеймен патша мен байғұс құс туралы әңгіме болады (ДУ: 117 б.). Бұл мәселелер «Құран кәрімде» де орын алғандығын байқаймыз (Пиотровский М.Б. Коранические сказания. М.: Наука, 1991.143 б.); Шидфар Б.Я. Генезис и вопросы стиля арабского народного романа (сиры) // Генезис романа в литературах Азии и Африки. – М., Наука, 1980. 118 б. (Естай Жүсіпов. Мәшһүр-Жүсіп және Шығыс аңыздары. // Тіл таным. Языкознание. – № 1. 2002. – Б. 130-140).

Айталық, Сүлеймен пайғамбарға байланысты хикаялар туралы С. Қасқабасов ел арасында негізінде үш сюжет төңірегінде құрылатынын, тәрбиелік мәнінде екендігіне жете көңіл бөледі [4, б.206-207]. Мәшһүр-Жүсіп шығармасында ұшырасатын: йүзі раушан, көркі жамалды, шәрбат, ләзәт, лулу иек, шәрбат, ләзәт, жұпар көңіл, махаббат сусыны, беті маһмар, жұпар иісті, хош иісті, ай сәлік, ғұнша ерін, пісте мұрын т.б. Қазақ поэзиясындағы: алма мойын, ақша бет, қолаң шашты, мойылдай қара көзді, бұраң бел, қыпша бел, өрімдей жас, албыраған ерін т.б. бірте-бірте ауысқанын көреміз.

Абай шығыс поэзия үлгісінде: «Иузи рәушан, көзі гауһар», «Физули, Шәмси, Сәйхали», «Әлифби» өлеңдерін, «Ескендір», «Мазғұт», «Әзім әңгімесі» сияқты поэмаларын жазды. Осыған ұқсас Мәшһүр-Жүсіп: «Лала гүл және махаббат туралы», «Кәф пен Нон», «Абыраһа мен Мұтылаб» – деген өлеңдері мен дастанын мысалға келтіруге болады. Шәкәрім «Ләйлі Мәжнүн» поэмасының Физули нұсқасын, «Нартайлақ пен Айсұлу» поэмасын, Қожа Хафиздің өлеңдерін: «Көрініске шоқынған», «Кел, аяқшы қымыз құй», «Ей, жарымыз, ай нұры», «Көңіл жібі қолымнан» қазақшаға аударды.

Өзбек әдебиетінің атасы атанған Әлішер Науаи турасында және шығыс шайырларын Абай Құнанбаев:
Физули, Шәмси, Сәйхали,

Новаи, Сагджи, Фирдауси,

Хожа Хафиз – бу Һәммәси

Мәдәт бет я шағри фәрияд


– деп, аттарын атап, шағатайша өлеңдетеді. Бұл өлеңінде Абай Шығыс ақындарынан үлгі ала отырып, олардың шығармаларына тәнтті болады. Ғабит Мүсірепов «...өзбек халқының данышпан ақыны Әлішер Науаидың ғажайып туындыларын оқып, үлгі алмаған ақын кемде-кем. Классикалық әдебиетіміздің шұғылалы шыңы. Абайдың да өзіне ұстаз тұтқан, талантына бас иген ақынның бірі Науаи еді» – деген (Қалдыбек Сейданов. Науаи және Абай // Қазақ әдебиеті. №27 (2205).

Бұл орайда, Сыр сүлейі Майлықожа:


Өзбектен өткен Науаи

Тілдің гауһар гүлі еді,

Фарсыдан өткен Фирдауси,

Заманының дүрі еді

– деуі тегіннен тегін емес еді. «Шығыс ақындарынша» – деген өлеңінде Абай шағатай үлгісінде жазып, еліктейді.

Мысалы:


Иузи-рәушан1, көзі-гәуһар2

Лағилдек3 бет үші әхмәр4,

Тамағи қардан әм биһтар5

Қашың құдрәт6 қоли шигә7.

Өзәң гузәлләра8 раһбар9,

Сәңә ғашиқ болып кәмтар,

Сүләйман, Ямшит, Искәндәр

Ала алмас барша мүлкигә.

Мүбадә олса10 ол бір кәз,

Тамаша қылса йузмә-йуз

Кетіп қуат, йұмылып көз,

Бойың сал-сал бола нигә?11


Бірінші өлеңдегі: 1. Рәушан /парсыша/ – жарық, әдемі. 2. Гәуһәр /парсыша/ – бриллиант. 3. Лағыл /арапша/ – асыл тастың бір түрі. 4. Әхмәр /арапша/ – яқут, рубин. 5. Биһтар /парсыша/– бетер. 6. Құдрәт /арапша/ – күш. 7. Шигә /парсыша/ – нәзік. 8. Гузәл /түрікше/ – сұлу. 9. Раһбар /парсыша/ – бастаушы. 10. Мүбадә олса /түрікше/ – бола қалса. 11. Нигә /татарша/ – неге. Екінші өлеңде: 1. Мәдәт /парсыша/ – жәрдем бер, қазақша – медет бол. 2. Шағир /арапша/ – ақын. 3. Фәрияд /арапша/ – сыйыну.

Қ. Жұбанов Абайдың алдыңғы екі өлеңі турасында: «Міне, бұл Абайдың өлеңдері, осы екі өлең шын мағынасымен шағатайша шыққан» – дейді [12, б.293]. Ал, «Әлифби» өлеңі жөнінде: «Шынында «Әліп дек ай йузіңе ғибрат еттім» (Арабша – үлгі деген мағынаны береді) өлеңі алдыңғы екі өлеңіне қарағанда мағынасы сәл басқаша көрінеді. Бұл – шағатайдан қашықтай бастаған, қазақтық өз үлгісі қайта бейімделе бастаған кезі болу керек» – деген тұжырым айтады [12, б.295]. Ә.Н. Нұрмаханова да Абай шығармаларынан жоғарыдағы мысалдарды келтіре отырып «Бұл шағатай тілінде жазылған әдеби нұсқалар Орта Азия мен Қазақстан халқының ортақ мұрасы болғандығын дәлелдейді» – деген уәж айтады (Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы. 1971: 47 б.). Л.З. Рүстемов «...ескішіл бағыттағы, кітаби ақын Мақыш Қалтаевтың (1869-1916) Қазан баспасынан 1910 жылы басылып шыққан өлеңдер жинағында мынадай жолдар бар:


Сол низамнан уақытынды ғамал қылса,

Жамағаты үйінің болмас һалек.


немесе,
Шейітте суннетлер уажін, фарыз тұрып,

Нәфіл тұтып болады таңда ол.


яки:

Ақыр заман ишанлары

Һәрбір гәптен мәжіліс құрар (7-бет).
Бұл өлең жолдарын қарапайым қазақ оқушысының түсінуі қиын» – дейді (Л.З. Рүстемов, 1982. -50 б). Біздің ойымызша, бұл келтірілген өлең жолдары да Абай өлеңдерінің шағатайша түзілісіне қатты ұқсайды. Сол уақыттардағы қазақ жазба әдеби тілінің түзелу жолына түскен үлгісі бар. Демек, қазақтың жаңа сападағы жазба әдеби тілінің араб-парсы, татар, өзбек тілінен айрылып, бірте-бірте қазақылық жазба әдеби тіліне қарай бейімделуге XIX ғасырдың бірінші, екінші жартысында баяу жүрсе, ХХ ғасырдың басында бұл процесс өте күшті жүрген. Оған күллі ақын-жыраулар, би-шешендер, дала кемеңгерлері, сал-серілер жалпы ауызша болсын, жазбаша болсын әдеби тіл үлгісін алып жүрген (сөз тасушылар) жаппай ат салысқан. Бұндай түзелу процессін Мақыш Қалтаевтан да, М-Ж. Көпеевтен де ХХ ғасыр басындағы «кітаби» – деп атын атап, айдар таққандардың бәрінен де көруге болады. Изу-рәушан, көзі гаһар, Лағилдек бет үші әхмәр (Абай); Сөз айттым «әзірет Әлі, айдаһар» сыз, Мұнда жоқ «алтын иек, Сары-ала қыз» (Абай); Кел ай сәлік көзің ғибрат билан аш, Махаббатсыз кісіден қош болып қаш (Мәшһүр-Жүсіп.); Ғашықлық бір мырза дүр қатты, Құшақтасып ебіспек дүр ғылажы (Мәшһүр-Жүсіп). Ғұнша ерін, пісте мұрын, лулу иек, Дүниеде неше түрлі бас асыл тас; Тісі маржан жақұт жақ лулу иек, Қиспсыз шашбауына таққан теңге (Мәшһүр-Жүсіп).

М. Әуезов Абайдың «Көзімнің қарасы» туралы: ...Шығыстан келіп тұрған леп. Тақырып махаббат болғанмен не қазақ, не Европа үлгісіндегі махаббат жыры емес – дейді (М. Әуезов. 15 том. – Алматы, Жазушы: 1984. 130 б.). Шағатайлық сын есім тудыратын жұрнақ -дай//-дек жаңа сөз жасауға қолданылған. Абай қолданысындағы қабыса байланысқан алтын иек тіркесі, Мәшһүр-Жүсіпте лулу иек шығыс поэзиясының үлгісіне қарай ойысқан. Дүр тұлғасы есім сөзбен де, етістікпен де тіркесте қолданылған. Шығыс поэзиясындағы айдаһар демонологиясы Абай өлеңдерінде кездеседі. Шығыстың сөздері өзінің нәзіктігімен де құнды.

Махаббат тақырыбы да М-Ж. Көпеевтің қаламынан тыс өтпеген. Әсіресе, элегия жанрына ХІХ ғасырдың ішінде бірінші барған да М-Ж. Көпеев деп білеміз. Және өзіндік тың ойларымен жазған жыр екендігін байқаймыз. М-Ж. Көпеевтің «Лала гүл және махаббат» элегиялық шығармасында:
Ғашықлық бір мырза дүр қатты,

Құшақтасып ебіспек дүр ғылажы


– деп бір қайырып барып тоқтайды да:
Кел ай сәлік көзің ғибрат билан аш,

Махаббатсыз кісіден қош болып қаш


– деп бір түйіндейді. Шағатайлық үлгі қатарында келетін бұндай өлең өрісі Абай шығармасында ұшырасады:
Изу- рәушан, көзі гауһар

Лағилдек бет үші әхмәр (58)
үндестік табылып жатса, онда Абай мен М-Ж. Көпеевтің рухани жақындығы болып жатқандығы. Осы өлең жолындағы Лағилдек (Лағыл дай шағатайлық тұлға. // Әлиф дек ай йузіңе ғибрат еттім (Абай) -дай, -дек жұрнағы жұмсалады (Р. Сыздықова, 1968: 291 б.).

М-Ж. Көпеев:


Ғұнша ерін, пісте мұрын, лулу иек,

Дүниеде неше түрлі бас асыл тас.


немесе,
Тісі маржан жақұт жақ лулу иек,

Киспсыз шашбауына таққан теңге.


Шәкәрімнің:
Науаи, Сағди, Шәмси, Фзули бар,

Сайқали, Қожа Хафиз, Фердаусилар...

Бәйітші, елден асқан шешен болып,

Әлемге сөздің нұрын жайған солар

Абай мен Мәшһүр-Жүсіп өлеңдерінің табиғаты өте жуық келеді. Күрделі ғасыр тоғысындағы дәуірде өмір сүрген М-Ж. Көпеевтің шығармашылығы аса ыждахаттылықпен, жауапкершілікпен зерттеуді қажет етеді. Себебі, М-Ж. Көпеев ислам мәдениеті мен қазақ мәдениетін мейлінше білген ғұлама адам. Оның үстіне шығыс әдебиеті мен қазақ әдебиетін бес саусағындай білген – мәшһүр ғалым. «Мәдениет» жеке адамның басына тән қасиеттен басталып, бүкіл ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдық байлықтың бәрін түгел қамтитын өте күрделі ұғым [13, б.13]. Демек, Мәшһүр-Жүсіп те ұлттық мәдениетті жасынан бойына сіңіріп өсті. М-Ж. Көпеев өзінің алдындағы Ислам дәуір әдебиетінің өкілдерінен көп үйренді дедік. Атап айтқанда: Әбунәсір әл-Фарабиден «Дүниедегі қозғалыстардың тұрақтылығы», Махмуд Қашқариден «Түркі тілдерінің жинағы» («Диуани лұғат ит-түрік») ауызша әдебиет үлгілерін жинауды үйренсе, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасын оқып, адам мүмкіндігінің шексіздік жолдарын меңгеруді үйренді, Қожа Ахмет Иассауи шығармасы М-Ж. Көпеевтің ең бір сүйіп оқитын туындысына айналды:
Қирқ биримда ихлас қилдим йул топай деб,

Эранларди хар сир курсам мен епай деб,

Пиру муғон изин олиб мен унай деб,

Зоти улуғ Хожам, сиғниб келдим санго


– деп өзінің атынан ғақила айтады (Ахмад Яссавий хикматлар. –Тошкент: 1990. – 64 б.). М-Ж. Көпеев «Мәшһүрдің қырық алты жасында сөйлеген сөзі» – деген ұзақ өлеңінде:
Жер кезіп, салдым ғой шар мен қояндай,

Жанымды бір араға тыныш қоя алмай.

45. Басына жастады да дию тақтайын,

Не болды саған, бақытым, мұнша оянбай?


– деп ойға ой қосады (М-Ж. Көпеев).

Ахмет Йүгінекиден «Ақиқат сыйын» оқып, тәлім-тәрбие, моральдік нормалардың не бір дидактикалық үлгісін үйренеді. Сүлеймен Бақырғани сопылық дәстүрді дамыта отырып, діни мазмұндағы адамгершілік, ғашықтық сарындағы өлеңдерін жазып, М-Ж. Көпеевке әсіресе, сопылық жағы қатты ұнайды. Сопылық-тақуалық қуу яғни дүниелік көзқарас пен діни көзқарасты қатар ұштастыру. Істің бәрі бір Алланың құдіретімен жүзеге асады дегенді насихаттау. Өзін өзі белгілі бір дәрежеде елден ерекше жағдайда ұстау. Тазалық, шындық, адалдық, бетке айту басты қағидаға айналған. Оның кейбір қағидалары ислам діні шеңберінде қазақи ұғыммен үндестік тауып кірігіп кетті. Алтын Орда дәуірінен «Кодекс Куман» әсер етсе, Насраддин Рабғузидің «Рабғузи қиссалары» М-Ж. Көпеевті өлеңнен дастан, қисса жазуға әкеледі. Рабғузидің «Нух ’алайһи с-салам хикаялары», «Лұқман Хаким хикаялары» М-Ж. Көпеевтің көптеген қиссаларына арқау болды. Құтыптың «Хұсырау-Шырыны», Хұсам Кәтиптің «Жұмжұма сұлтаны» имандылық қасиеттің биік шыңы бола білді. Сейф Сарайдың «Ядгарнама», «Сүһаил уа күлдірсіні» таптырмайтын дүниеге айналды.

Шығармаларында қос мәдениеттің кірігіп, бір тұтастанып кететін тұстары да жоқ емес. Сондықтан ғасырлар бойы кірігіп кеткен екі мәдениеттің ара-жігін айырып зерттеу келешектің ісі. Ал, біз мұсылман діні арқылы өткен көне түркі ескілігі мен қазақ ескілігіне ғана тоқталатын боламыз. Неге десек? Олар – қазақтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпында сақталған. Көрші түркі еліндегі кейбір аты бар да заты жоқ тілдік деректердің заттық айғағы да біздің мәдениетімізде қаймағы бұзылмай жақсы жеткен. Демек, Шығыс әдебиетінен Мәшһүр-Жүсіп үлгі алған, шығыс дәстүрін өз шығармасына арқау еткен қайнар көзінің бірі болып табылады. Жалпы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығыс сөздерін кеңінен қолдануды алдына мақсат қылып қоймағаны байқалады. Кейбір қазақтың ұғымына ауыр сөздерді ғана шығыс сөздерімен бергенге ұқсайды. Оның өзінде діни шығармаларында ғана қолданыс тапқан. Бұл жағынан әсіресе Шәкәрім шығармаларының тілімен үндесіп келеді.

Академик Р. Сыздық: «Қазақтың жалпы халықтық тіліне ертеректе енген араб-парсы сөздері қазақ фонетикасына сәйкестелініп, дыбыстық тұлғасы едәуір өзгеріп қалыптасқаны мәлім» – дейді (Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы: Арыс, 2004. – 84 б). Қазақ дәстүріне сіңіп кеткен дайын тілдік қолданыстар. Расында да, Дулат, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп қолданысындағы араб, парсы сөздері сол тілді жақсы білгендіктен жұмсалған сөздер, қазақ ұғымындағы айтылар оймен тұспа-тұс келетін ұғым болғандықтан сол ойдың дәлелі ретінде қазақша айтылатын сөздерді тіпті, сөйлемдерді арабшалап, парсышалап жіберетіндігі тағы қайталап айтамыз сол тілді жетік меңгергендігінің жарқын көрінісі деп бағалау керек сияқты.

Мәшһүр-Жүсіп Көпеев: «Ай мен күндей; Һәммаға бірдей», – демегінің мағынасы деген қара сөзбен жазылған шығармасында: Араб, парсы сөздерін төл сөз есебінде және автор сөздерінің ортасында да жұмсайды: Аллатағала қалам мешітінде: «ла алшмыс ниғби лһа анттүркі алқым», – дейді деп қазақшалап екінші қайтара өз түсінігін береді «Күн айға қалай қылса да, иіле салмайды, жете алмайды дейді» Үстімізде қазір тұрған дүние жоқ болып, қиямет қайымның болуы растылығын және Күн өзі Күн болып тұрған жоқ екен, оны Күн қылып жарқыратып қойған ар жағында құдіреті күшті құдай барлығын, соның үшін (сондықтан – А.Қ.) хазірет Ибраһим: «хәлил1 алла лә2 әхәббә3 лә2 флин», – дейді. Түсінігі: Батқан нәрсе де, жоғалған нәрсе де күштілік қуат-құдірет болмаса, мұнша ғаламды жаратқышы батпаса, жоғалмаса керек деп, Ай, Күн, жұлдыздардың батқандығынан заласы қайтып, мен бұларды сүймеймін, батпайтұн, жоғалмайтұн, жоқ болмайтұғынды сүйемін дейді. 1. Хәлил – араб сөзі: «сүйіктісі; дос»; 22. Лә-араб сөзі: «емес, -ма, -ме (болымсыз етістік жасаушы шылау); -сыз, -сіз, қарсы»; 3. Әхәббә – араб сөзі: «сүю, қашық болу, ұнату»; Сөйлем ішінде болды етістігі мен тағылымы сияқты дерексіз заттық мағыналы сөзді қайталап, сөйлем ортасында тағы бір айтқанын пысықтап, мақұлдатып отыру нәтижесін көрсету тәсілі қолданылады: Бұл хұсуситтен1 бір жыл, он екі ай, үш жүз алпыс бес күнге хысәб2 болды, тағылымы: ғәддә3 дәллісінін4 уа5 хысәб. 1. Хұсуси – араб сөзі: «жеке, өзіндік, әдейі, қасақана»; 2. Хысәб-араб сөзі: «санақ, есеп – қисап»; 3. Ғәддә (әддә) – араб сөзі: «сынау, есептеу»; 4. Дәлл – араб сөзі: «көрсетуші, көрсеткіш»; 5. Уа – араб сөзі: «және, мен, бен, да, де, та, те (шылаулар)»;

Мәшһүр-Жүсіп айтылар ойдың себебін айтады да, тағы бір рет дәлелдейді, мұндай сөйлемдер қадалтып қойды, деп қойды нақты ойды білдіретін етістіктер арқылы беріліп, мақұлдау керек сияқты ой керек етістігі арқылы дәлелденеді де себебін білгісі келетін ой санасу үшін, не үшін сияқты сұраулы мағыналық мәнде қолданылады ал, білу керек, ойласақ керек, білсек керек, болса керек етістіктерден болған баяндауыштар себептің салдарын түсіндіреді: Пенделер мұныменен өткен ғұмырын жасаған жасын санасу үшін. Құдай тағаланың құдіреті Күнді шақшитып, жап-жарық қылып, қақ маңдайымыздан қадалтып қойды. Оны не үшін қойды: білу керек. Менің құдіретімнің күштілігіне даярлығына ғақыл, зіһн1 жетпегендер мұнан көріп ғибрат алсын, сабақ алсын деп қойды. Ойласақ керек: үлкендігі де бір дөңгелек нандай Күн, күллі дүние жүзіне сәулесі бірдей. Құдай тағаланың құдайлық сәулесі мұнан зор, мұнан да жарық, мұнан да жақын деп білсек керек. Екінші Күн, төртінші фәләк да жақын болғанда төрт мың жылдық жолда болса керек. Сонан келіп түндігімізден түсіп, үстімізде орнап тұруы мұнан да жақын, айтқан ғарқымыз, қылған мінәжатымыз, аузымыздан шыққан заман бір дем алыстың орнында дәррәға һүнә ғайан болса керек. Аллатағаланың мақлұққатына ырзық беруі баршаға бірдейлік, мұнан мағлұм болса керек. 1. Зіһн – араб сөзі: «ақыл, парасат, ес, зейін»; Ұзақ-шұбыртпалы сөйлемдерден тұрып, бірыңғай мүшелі кірме сөздерден, антротопонимдерден, матаса байланысқан тіркестерден де құралады: Ақылдан айрылып қалып, шаруа малынан береке қашып, оның үстіне алым-шағым, земіскі, ізбор деген қымбаттап, ел аралаған начальник, шиноликлардың жалдап мінген аттарының майын төлей алмай қаңғып кетіп, Питербор, Мәскеу барсаң, орыстың малайы қазақ, Бұхар, Ташкент барсаң сарттың малайы қазақ. Сол малайлықта жалғыз-жалғыз болып қаңғып кеткен ауырса, кім сусын беріп, кім басына жастық қойып, оған иман айтуға кім даяр тұрады? (Мәшһүр-Жүсіп).



Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларында арабша, парсыша ішін-ара шағатайшалап келетін төл сөз кездесетінін жоғарыда айтылды. Мұнда да айтар ойға қазақша түсінік беріліп отырады. Мұнан мағлұм болды. Анығында мүңкірт1 қылу Һәм хадис құдыс екенлігі алла тәбәрік отғылы хазіретлері айтқан: «Кімде-кімнің көңілі сынық болса, мен соның қасындамын», – деп. Хазірет сұлтан Алғарфин құдыс сүре сөзді айттым: Әркім болса дидар талап, Жанда-жанға пионд қылып, рүкні2 улап ғариб3 пақыр жетімлеріні басын силап, көңілі бүтін халайықтың қоштым. Түсінігі: Мына кісінің ыңғайында жүріп, икеміне көнбейтұғын нәрселер адам баласының білемін деп талап қылса, білмейтұғын нәрсесі болмайды. 1. Мүңкірт – араб сөзі: «жаман»; 2. Рүкні – араб сөзі: «тіреуіш, бағана, негіз»; 3. Ғариб (ариб) – араб сөзі: «жат, бөтен»; айтқан, айттым, етістіктері сол сөйлем ішіндегі -деп, -деді көмекшілерімен мағыналары қайталанған мәнді ұғымды құрайды. Фольклор үлгісіндегі төл сөзден бұрын айтылар ойды күні бұрын айтатын етістіктің бұрын келуі Мәшһүр-Жүсіп кезеңіндегі сөйлемдердің әлі де болса, тиянақты нормаланбаған дәрежесін көрсетеді.

Бірақ, Мәшһүр-Жүсіп барлық сөйлемдерін осы ыңғайда құрмағанын да байқаймыз. Морфологиялық тұлғасы жағынан көне жазбаларда кездесетін мысалы, табыс жалғауының -ны, -ні вариантының қолданылуы; тәуелдік жалғауының III жағынан соң -н түрінде келсе, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жазбасында -ны, -ні табыс жалғауының көне түрі жалғанады. Заманы қарайлас «Қисса Қожа Ғаффан Уәһәм Сәдуақас» – деген кітаптың тілімен салыстырайық: Біреуге мал менен ферзент берур барабар, біреуге ферзент берсе малұн алор, біреуні бай, біреуні яри қылар, кей адамның басына қайғы салұрғ қожаға теріс қарар көрген адам. Қолғаи тілеп қайыр берген адам. Құдай салса көрмайтүн халың бар ма? Еркі барны қылса да ол құдайым (Әдеби мұра – 160); Мәшһүр-Жүсіптің шығармаларында: Бұл уаһымның күштілігі: ғалияаллағынаны білген екен; Ғарышны жаратпаққа бұйрық қылды; Сөз дәлел бейхабар-дүр. Санамыныз: жан-анайы; Ғарышны сол көтерген дарияны; Тариқат, хақиқатны жары еткен (Исабек ишан); Мәшһүр-Жүсіп қолданысындағы -тұрған, -тұғын, -тұн есімшенің көне формасы «Қисса Қожа Ғаффан Уәһәм Сәдуақас» кітабында -түн, осы шақ, келер шақ есімше Мәшһүр-Жүсіп те: -ур, -ұр -үр, -ор, -өр т.б. алғашқы тұлғасы әртүрлі дыбыстық өзгеріске түскен варианттары қолданылады. (Бұл орайда С. Исаев, 1998; 112; М. Томанов, 2002: 447-448-қараңыз).



Тағы бір көңіл аударатын мәселе матаса байланысқан халайықтың қоштым тіркесі. Әдеттегі көңіл қошы тіркесінде жұмсалатын қош дерексіз зат есімді сөз құштым мағынасындағы етістіктің орнына қолданылады. Әдеби нормадағы ...көңілі бүтін халайықты құшақтадым не құштым деп жазылар еді. Олай болса, қоштым// құшақтадым сөзінің ықшамдалған үлгісі деп танимыз. Қоштым сөзі әртүрлі формада қолданылады: хошылық ләзәттықты ғәм уалімге айырбастаған; Кунгли қаттиқ халойиқдин қочдим мано (Қожа Ахмет Иассауи); Қоштым сөзінің синонимі ынтым//ытық ықшамдалған варианты ұшырасады: Әкем деп құрып ынтым өліп едім, Ойланып түн ұйқымды бөліп едім; Көре алмай соған ытық едім; қош сөзінің хош//хуш вариантымен қоса оның түрлі морфологиялық тұлғасы да қолданылады: Махаббатсыз кісіден қош болып қаш; Екі жаман дос болмас, Дос болғанмен хош болмас (Бұқар); Хуш ғойнбдин етшиди яхши сузим табаррук (Қожа Ахмет Иассауи); Сүйікті қылдық және жүзін хошрой (Мәшһүр-Жүсіп); Сөзім жоқ татымды, Хошылықпен көріспек (Абай);

Семірді ісім ақтымды оқыр екен (Мәшһүр-Жүсіп) өлең жолындағы ақтымды//ақтығымды сөзінің ықшамдалған түрі деп есептейміз. Қара сөз үлгісіндегі жалғаулықтар мен сөз тіркестері: Соның үшін тіркесінің қазіргі күндегі синонимі себеп-салдар мағынасын білдіретін жалғаулықтар өйткені, сондықтан, себебі болып табылады: Соның үшін айтқан: Ғашықлық бір мырза дүр қатты, ащы, Құшақтасып ебіспек дүр ғылажы (Мәшһүр-Жүсіп); III жақтағы бұйрық рай тұлғасының үшін шылауымен тіркесі: Күндіз бен түннің парқы білінсін үшін, хазірет жебірейіл Ғәлия Үсләмға бұйрық қылады: «Айдың нұрын азайт!» – деп (Мәшһүр-Жүсіп); Көне шылаулар: Һәм, уә, билан ұшырасады: Алла тағала әр қиыныптасып ғашық уа махаббаттан махрум қылмасын һәм алла қасында ғашық уа махаббат аса сүйкімді кереклі жұмыс (Мәшһүр-Жүсіп); Кел ай сәлік көзің ғибрат билан аш. Махаббатсыз кісіден қош болып қаш (Мәшһүр-Жүсіп);


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет