Мәшһүр-Жүсіп Шығармаларындағы метрологиялық терминдер 4 Том



бет2/10
Дата15.09.2017
өлшемі2,74 Mb.
#33274
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Түйін. М-Ж. Көпеев те Абай мен Шәкәрім басқа да ақын-жыраулар сияқты ортақ рухани қазынадан нәр алып, сусындаған. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің алған білімі, үлгісі оның шығармаларын талдаған да анық байқалады. Біз Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларын талдағанда ауыз әдебиетінен де, көне ақын-жырау шығармаларынан да мысалдар алып нақты дәлелдеуге тырыстық. Төменде Мәшһүр-Жүсіптің қазақ әдебиетінде, қазақ әдеби тілінің дамуындағы орны, қосқан үлесі қандайлық дәрежеде екендігін, этномәдени және поэтикалық кейбір тіл ерекшелігін Дулат, Абай, Шәкәрім тілдерімен салыстыра қарастырылады. Сол арқылы Мәшһүр-Жүсіптің қазақ поэтикасындағы көркем тіл ерекшелігін айқындауға да мүмкіндік туды. М-Ж. Көпеев шығармашылығының беймәлім тұстары әлі де болса көп. Мәшһүр-Жүсіп тілін зерттемес бұрын оның шығармаларының кейбір тарихи тұстарымен кеңінен таныстыруды мақсат тұттық. Сонда ғана М-Ж. Көпеевтің қазақ әдебиеті мен қазақ әдеби тілін дамытудағы рөлі айқындалады. Дулат, Абай, Шәкәріммен қатар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бейнесі олардың көркемдік тіл ерекшеліктері ашылады. Әсіресе, Абай мен Мәшһүр-Жүсіп Көпеев арасындағы шығармашылық байланыстың болғандығы нақты дәлелденеді.

Сондықтан да «Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының қалыптасу арналарын»: Мәшһүр-Жүсіп шығармалары қазақ әдебиеті тарихында; Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының ежелгі шығыс әдебиетімен сабақтастығы; Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы орыс (еуропа) мәдениеті мәселелері – деген тақырыптарға бөліп зерттегенді қолайлы деп таптық.


1.1 Мәшһүр-Жүсіп шығармалары қазақ әдебиеті тарихында
«Мәшһүр-Жүсіп Көпеев дегенді білмейтін қазақ зиялыларында жан жоқ. Әрі ақын, әрі ақылгөй жан, ұлы Абайға ілесе шықты да осы данышпан ұстазының ағартушылық жолын берік ұстанды. Ақындығын да өзіне мұрат етті» – дейді Ә. Тәжібаев (М-Ж. Көпеев таңдамалылары. 1990: 15 б.). Абай туралы М-Ж. Көпеевтің газет бетіндегі ең алғашқы мәліметі «Дала уалаяты» газетінің 1890 жылғы 26 санында жарияланды. Газетте М-Ж. Көпеевтің алдыңғы бір мақаласына жазылған «Фельетон» бар. Оның иесі: Баянауыл маңында тұратын, Шақшақ болысының қазағы Әлібай - Қанжығалы руынан, Сәрсекей Артықбаев. Ол кісінің бірінші рет жазғаны «Фельетон» екен. Мақаланың жазылу стилін сақтап, өзгертпей жазып отырмыз. Мақала «Изь Павлодарского уезда» – деп сол кездегі орысша транскрипциясымен берілген. Арабшасы «Әңгіме» – деп аталады. Газетте арабша және орысша аудармасы қоса берілген. Артықбаевтің айтпағы: М-Ж. Көпеевтің молла туралы айтқанымен келіспейміз, ол өзінің статьясында көп адамды ойы мен ақыл-есінің жетпейтінін көзге шұқиды, өзін жоғары ортадан деп есептейді, жатақтардың өмірін сынайды, кедейлерді-байлардан еңбек ақысын алса да мін тағады, қырғыздар мен орыстар Құнанбайды жақсы білген, ал автор болса оның ұлын (Ибраю-Ибрай – автор) сыный көзбен қарайды» – деп жазған. Біз бұл мақаланы Павлодар қаласындағы «Бұқар жырау» мұражайынан көшіріп алғанбыз, кейіннен Ү. Субханбердина құрастырған «Дала уалаяты» газеттер жиынағына шықты ( «Дала уалаяты» газеті // Құраст: Ү. Субханбердина / (1888-1902) Алматы «Ғылым» баспасы, 1976 жыл, 78-бет). Бұл мақаладан байқағанымыз М-Ж. Көпеевтің жазғандары әркімге ұнай бермеген. Жұртшылық әр жаңалықты жіті қадағалап, зейін қойып оқып отырған. Газетке деген қызығушылықтары өте жоғары болған. Сауатты қыр қазақтары әр уақытта үн қосып, өздерінің ойын айтуға құқылы болған. Газет бүгінгі күнге қарағанда анағұрлым демократты болған. Автордың иесіне газет ұжымы жауап қайтарып, хабарласып тұрған. Бір мақаланың төңірегінде екі-үш рет әңгіме құрып талқылап отырған. Бұл айтыс 1989 жылғы «Дала уалаяты» газетінде (№ 48) жарияланған. М-Ж. Көпеевтің мақаласына орай басылған. Негізінде М-Ж. Көпеевке дейін газет бетінде әдебиет мәселесі көтеріліп, оған «Дала уалаяты» газетінің ұжымы тоқтау айтқан. Газеттің сол жылғы 42-нөмірінде «Ш.Ч» деген псевдониммен жарияланған мақала және 48-нөміріндегі Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мақаласында бұл мәселе қайта көтеріледі. Бұлар негізінен алғашқы мақала авторының пікірін қолдайды. Сонымен қатар осы мақаласында М-Ж. Көпеев Абайдың газет бетінде бұрын жарияланған «Жазды күн шілде болғанда…» – деп басталатын өлеңін «…тек Құнанбайевтардың өмірі мен байлығын суреттеуге арналған, өлең халықтың тұрмысын жақсарту сияқты пайдалы нәрсеге шақырмайды» – деп сынайды. Оның бұлай деуінің себебі, жоғарыда көрсетілгендей, өлеңге «Семей оязы Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінің Көпбейіт деген жерге қонып жатқандағы түрі» деген тақырып берілген. Бұл – бір болса, екіншіден, Абайдың өз нұсқасындағы кедейдің ауыр тұрмысы көрсетілген кейбір жерлер газетте біраз өзгертілген де, кейбір жерлер мүлдем алынып тасталған. Ал, шындығында, Абайдың бұл өлеңінде жазғы табиғат суреті тамаша шебер берілумен қатар, кедейлердің ауыр тұрмысы жол-жөнекей ашыла кеткен ғой. Бір таңғаларлық жай, Абайдың жоғарыдағы өлеңіне газетте Көкбай Жанатаевтың қолы қойылғанына қарамастан, Көпеевтің мына мақаласына қарағанда, өлеңнің Абайдікі екендігі жұртшылыққа сол тұста-ақ мәлім болған сияқты. Осы мақаласында М-Ж. Көпеев Абайды әкесі Құнанбай өлгенде ас бермеді, қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрін бұзды деп те кінәлайды. Шындығында, Абайдың Құнанбай асына деп шығарылған малдарды сатқызып, ақшасын орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларына бергізуі Құнанбайдың өзге балаларына да, көршілес елдерге де ұнамағаны бізге Сәбит Мұқановтың «Жарқын жұлдыздар» кітабынан мәлім. М-Ж. Көпеев осылайша Абайды айыптай отыра оның ақылдылығын, халық алдындағы абыройын жоққа шығармайды. «Біздің естуімізше, – деп жазады ол, – Ыбырай ақылдылығымен әкесі Құнанбайдан озған қайраткер адам. …Алайда қадірменді Ыбырай әрі қауым жұртын билеп тұрған, әрі мал байлығы өлеңге шыққан (бұл арада жоғарыдағы өлеңді айтып отыр – Б.А.) ауқатты адам болған соң, оның іс-әрекеті мен қызметі де өзінің ел ішінде лақабы жайылып, баспа бетінде жария болған абыройы жұрттың пікіріне лайық болса керек…» – дейді ф.ғ.д., профессор Б. Әбілқасымов (Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасы, Алматы – 1971 жыл, 19-бет). Бұдан әрі «Көпеевтің бұл мақаласындағы оның Абай туралы пікірі жұртшылықтың назарын аударды. Газеттің 1890 жылғы 5 январьдағы номерінде Хасен Кәкенов, сол жылғы 29 июньдегі санында Сәрсекей Артықбаев деген кісі деп жазады. Көпеевтің Абай туралы пікірінің жаңсақ екенін көрсетеді. Х. Кәкенов былай деп жазады: «Көпеев онша мақтамаса да, Ыбырайдың өзін байлығымен емес, өзінің ақылымен бір өз төңірегіне емес, бүтін бір ойазға аты шыққан мейлінше құрметті, сүйікті һәм сенімді қазақ деп алыстан естиміз»» – деп жазды (Сонда, 19-бет / Сәрсекей Артықбаев турасында сөз болады).

М-Ж. Көпеев Құнанбай әулетінің үрім-бұтағын өте жақсы білген. Абай турасында жақсы пікірде болып, мысалдар келтіріп отырған. «Қазақ шежіресінде» (М-Ж. Көпеев. Қазақ шежіресі. – Алматы, Жазушы: 1993. 10-11, 38-39 б.). Өзінің «Нүсіпхан» деген поэмасының желісіне Абайды арқау еткен. Қазақ еліне Абай шығармаларын таныстырып, насихаттап отырған. «Нүсіпхан» поэмасында Құнанбай мен Абайды сөйлетіп, елдің ішіндегі шешілмеген дау-дамай, халық тағдыры туралы да сөз болып отырады. Семей өңірінің қазақтарын түгелге жуық сипаттайды. Поэма Құнанбайдың әулеттерін Тобықты руын мақтап, Құнанбайдың қажылығын, асқан ақылдылығын суреттейді. Абай туралы, оның ақылдылығына басын иеді, өнеріне тәнтті болады:


Ыбырай еді жан достым-

Құнанбайдың баласы.

Арғын атасы Өскенбай-

Тобықтының ағасы-


– дейді Мәшһүр-Жүсіп (Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалары. 3 том. – Павлодар, 2003. – 289 б.). Поэманы талдаудан аулақпыз, біздің мақсатымыз осы деректер арқылы Абайды, жалпы Құнанбай әулетін Мәшһүр-Жүсіптің өте жақсы білгенін, аралас-құралас болғанын аңғарту еді. Сөйтіп, Абай және Мәшһүр-Жүсіптің арасында рухани байланыс болған жоқ деген ел ішінде етек алған аздаған күдікті сейілту еді. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев Құнанбай қажыны асыра мақтаған. Мысалы: «Құнанбай қажының қажыға барған жылы 1874-інші жыл. Өзінің өлгені 1888-інші жыл. 81 жасында, тауық жылы өлді. Бұл Меккедегі «тақия» әуел Құнанбай атына жазылған, арғын атында болғандықтан Орманшыдан барған Хасен шейх даулап алған. Онан кейін тоқал арғыннан барған Ешмұхаммед даулап алған. Бұл күнде кіші жүз Досжан халфе атына жазылып қалыпты» – дейді. Хамит Маданов: «Қажыға барған Құнанбай, Мырқы, Досжан хазіреттер 1876 жылы Меккеден алып келген бұл шежірені Табын Қайқының Бекжаны 1945 жылы Жамантық-табын Шоңбай Жұбанұлы деген ақынға өлеңмен жаздыртқан» (Х. Маданов. Кіші жүздің шежіресі. – Алматы: Атамұра-Қазақстан, 1994. – 11 б). Бұл деректе Меккеден қайтқан жыл 1876 деп көрсетіліп, кіші жүзден барған Досжан халфе турасында мәлімет береді. Қалмұқан Исабай., Сапар Байжан-Ата жазған «Қажыға барған қазақтар» Құнанбайдың Меккеге барғаны, 1847 жылы Қарқаралыда мешіт салып, 1851 жылы 11-тамызда құрлысы біткендігі, М-Ж. Көпеевтің Баянаула өңірінде Айдос деген жерде өз қаражатына мешіт салғандығы т.б. М-Ж. Көпеевке байланысты деректер келтіреді (Қалмұқан Исабай., Сапар Байжан-Ата. Қажыға барған қазақтар. – Алматы: Ана тілі, 1996. – 23-119 б.). Құнанбайдың 1974 жылы қажыға барғаны, онда Құнанбай сатып алып тұрған үй «тақия» кейіннен Досжан халфе иеленгені турасындағы деректер түп-түгел Шәкәрім жазбасымен дөп келеді. Ахат Шәкәрімұлы да Құнанбайдың 1874 жылы Меккеге барғанын растайды. Ал кейінгі деректі қараңыз: Құнанбай 1876 жылы Абайдың 31 жасында Меккеге барды делінеді (Сапаралы Б. Құнанбай қажы. – Алматы: Ер-Дәулет, 1995. – 278 б.). Тіпті, Құнанбай қажының дүниеден қайтқан күні де жаңсақ жазылып жүр. М-Ж. Көпеев Құнанбайдың өлгені 1888 жыл деп дұрыс көрсеткен. Бейбіт Сапаралы кітабында Құнанбайдың өлген жылына байланысты бірнеше деректер келтірген екен. Бірақ, өкінішке орай М-Ж. Көпеевтің айтқаны негізге алынбай қалған (Қараңыз: «Құнанбай қажы» 281-бет). Мәшһүр-Жүсіп «Тобықты Құнанбай шыңның басынан шыққан қайнар бұлақ. Қыпшақ Ыбырай (Ыбырай Алтынсарин – А.Қ.) қажымас қара болат, Мұса (Мұса Шорманов – А.Қ.) қабыршағы жоқ қолға тұрмас жылмағай қара балық. Шыңғыс төре мұсылманға суық, орысқа жуық. Тобықты Құнанбай, қыпшақ Ыбырай, төртуыл Мұса осы үшеуі қазақ маңдайына неғып сыйып жүргеніне айран-асырмын» – деп баға берген. Абай, Ыбырай, Шоқанды әр шығармасында атап отырған. Х. Ғаббасов, Ж. Сарсенов, Ә. Бөкейханов, Жақып Ақбаевтарды да мақтан қылып айтып отырған.

М-Ж. Көпеев өзінің «Қожамберді айтты» – деген жазбасында «Қожамберді қырық жігітпен Өскенбайдың ауылына барымтаға барады. Ол қолға түсіп қалады. Сонда айтқан өлеңі: Құнанбайды, Серікбайды айтып өтеді» өлең мазмұнын ұнатып жазып алған «Қалқаман-Мамыр» тарихына да біраз тоқталған. Құнанбай мен Қаракесек Жарылғап Балта ақынмен айтысында жақсы келтіріп, жазып алған. Тобықты руының шығу негізіне тергеу жасаған, Құнанбай мен әкесі Өскенбай туралы да хатқа түсірген. «Шөже мен Балтаның» айтысын да жазып алып, Құнанбай турасында тағы да өте жақсы мәлімет береді (Мәшһүр-Жүсіп Көпеев Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері. – Алматы: Ғылым, 1992. – Б. 49-51, 74, 131-135 б.). Тобықты Құнанбайдай шешен ерім, Сыналған сан жүйрікте кемеңгерім – дейді. Ал, Абайдың шығармашылығы туралы жан-жақты Мәшһүр-Жүсіп «Нүсіпхан» деген дастанында егжей-тегжейлі жазғанын жоғарыда айтылды (Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалары. 3 том. – Павлодар: ТОО НПФ. ЭКО, 2003. – Б. 268-326.

М-Ж. Көпеев Абайдың шығармаларымен өте жақсы таныс болғанын мына деректен байқаймыз:
«Құнанбаев Ыбырай марқұм айтты ғой:

Өмір дүние дегенің ағып жатқан су екен,

Жүрген – тұрған жұмысың ойлап тұрсаң у екен
– деп.

Және бір сөз:


Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,

Өлсең сасық боласың боқтан тағы.

Менімен сен теңбе деп мақтанасың,

Білімсіздік белгісі ол баяғы,


– дейді (Мәшһүр-Жүсіп Көпеев Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері. 1992: – 97 б.). Абай Құнанбаев пен М-Ж. Көпеев кездесті ме, жоқ па, ол жағы әлі мәлім емес. Бірақ, бір-бірімен хат жазысып, хабарласқаны анық сияқты. Бұл туралы М. Әуезов те айтып өткен.

Ақын немересі ф.ғ.д., профессор Қуандық Жүсіп: «Расында да Абай мен Мәшһүр-Жүсіп туындыларын зерттегенде, екі ақында тақырып орайластығы, идея айтудағы төркіндестікпен қатар бейнелеу құралдарын жетілдірудегі сарындастықты т.б. көреміз» – дейді (Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. 1999. – 73 б.). Тарихи дәуірдегі бұл – мәліметтер арқылы Абай мен Мәшһүр-Жүсіп Көпеев бірін-бірі білген, өте жақын таныс болған деген қорытынды шығаруға болады. Абай мен Мәшһүр-Жүсіптің таныстығы олардың шығармаларының өзара үндестігіне, байланысына әкелді. Абай Құнанбаев «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол» – деп, бес дұшпанға: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ; бес асыл іске: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды жатқызады. М-Ж. Көпеев «Төрт асыл, бес берекенің шешуі» деген философиялық өлеңінде төрт асыл іске: жаратқан алла тағаланы бір деп білмек тіліменен, сол тілдің бір дегенін шын деп көңілге алу, он екі мүшесін құдайдың құлшылығында қылу, пайғамбар сенетін орынға келтіру; бес береке: құдайдан қорқып уақытымен оқыған намаз, малайғыны сөзден бой баққаны, зікуат уа қайырхасен, екі аяғының арасына ие болу, құдайға және халыққа қылған аманат уағдасында қалу – дейді. Мәшһүр-Жүсіп Абай негізін салған жазба әдеби тілдің алғы шартын, Шәкәрімнің Абайша тапқан соны дүниесін, Дулаттан қазақтың жазба поэзиясының үлгісін үйреніп, қабылдап алды деп, нық сеніммен айтуға болады. Мысалы, Дулаттан дерексіз затты деректендіру сияқты өлең үлгісін қабылдаған: Әкеңнің айтқан аз сөзін, Құтысына көңіліңнің, Төгіп алма, дәлдеп құй (Дулат Бабатайұлы); Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын, Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін (Абай); Керең саңырау дегенім құлағы жоқ, Таусылмайтын үші жоқ ұзын ойын (Мәшһүр-Жүсіп); Ағыздым мен бір-бір бұлақ көзін тауып, Мес қылып құлағыңды толғанша құй (Мәшһүр-Жүсіп). Абай мен Мәшһүр-Жүсіп шағатай назиралық үлгісін де пайдаланғандары шығармаларынан анық байқалады.

Төртеуінің де орыс отаршылдығымен келген сөздер ортақ: хандық өкімет, құлдық, төре, ақ сүйек, аға сұлтан, жалдама, жалшы, кедей, жарлы, қызметші, малай, жатақ, шаруа, жұрт, қара халық, помещик, дворянин, фабрикант, он басы, мужық, старшина, жандарал, сот, кандидат, болыс, сайлау, поштабай, шабарман, майыр, ұлық, әкім, атқамінер, мөр, медаль, санат, мекеме, ыштат, закон, қазы, судья, ант, айып, дүре, түрме, кісен, дуан, арыз, абақты, тұтқын, арест, Сібірге айдау, тергеу, кәтәләшкі, прошение, расход, базар, книге т.б. Қазақ ескілігіне байланысты сөздер өте жиі кездеседі. Олар көбіне мал шаруашылығына, үй тұрмысына, аң аулауға қатысты, бай мен кедейдің тұрмыс тіршілігіне қатысты болып келеді.



Шәкәрім: ұжмақтың хоры, ой бұзық, ардан күсіп, күндік өмір, қайғымды желге ұшырып, атой беріп, тұзақ құрып, жасыл гүл, қыл көпір т.б. тіркестерін ұтымды пайдаланған. Қазақ ескілігінен: ұршық, ноқта, қақпан, бота, құлын, лақ, қозы, әміркен етік, мәсі, түлкі тымақ, ішік, шапан, бешпент, ер-тұрман, шылбыр, белбау, таспа, бүлдіргі, бұқа, тауықтың айғыры, әтеш, байтал, тұзақ, шүмек, қанжар, ноқта, жүзік т.б. Ортақ этнографиялық мәні бар сөздер бар. Араб-парсы сөздері: ғадалат, ғайбат, әлхилла ассалата жаназа, махрум, насихат, ғарыш, дозақ, құрбан, сәжде, періште т.б. Абайдың «Екінші сөзінің» мән-мағынасымен Мәшһүр-Жүсіптің қазақтың мұңын, орыс империясының отарлау саясатын әшкере етіп, қазақты жалқау деп сынағаны бір-біріне өте ұқсас. Сол сияқты ауылдың атқа мінерлерін сынауы, тұрмыс-салт, әдет ғұрыпқа байланысты, өнер-білімге, ғылымға шақырған өлеңдері, батыстың, шығыстың, орыстың ғылымын, тілін білу керек деген өсиеттері де аз емес. Олардың ұқсас жақтарын бір монография көлемінде сиғызу да мүмкін емес. М-Ж. Көпеев «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» оқиғасын өте жақсы білгендігін «Қазақ шежіресінен» оқи аламыз. Ақын, Шәкәрімді де жақсы білген, шығармасымен таныс болған.

Мәшһүр-Жүсіп:

Өзіне бет берген соң патша құдай,

Ешбір жан дей алмаған: «Мұның былай!»

Ақаев, Шәкәрім мен Нармамбеттер,

Алдына бәрі бірдей келген сұрай – дейді.


М-Ж. Көпеевтің рухани алған білімінің көзі арыдан басталады. Мәшһүр-Жүсіп ақын Сұлтанмахмұттың атасы Торайғыр би туралы жылы-жылы пікір білдіреді. Оның айтқанын өзінше топшылап жастарға үлгі өнеге қылады:

Торайғыр би:


Асың барда ер таны беріп жүріп,

Атың барда жер таны желіп жүріп!

Бұ дүниенің өтерін білген сырбаз,

Малың бер де, сұлуды ал көріп жүріп!


– деген афоризімін келтіреді де мынадай ой түйеді: «Жастықта жүріп, тұрып, не нәрсені болса да көзден көріп, басынан кешіріп, тұрмыс тартысынан таяқ жемеген кісі болмайды. Мұндай болып жетілген жандарды бұрынғы көзі қырағы танушылар «көшпелі алтын» деуші еді. Бұл күнде кісі дерлік кісі жоқ, кісіні кім танысын?» – дейді. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев Бөгенбай батырдың немересі Саққұлақ бимен өте жақсы таныс болып, тығыз қарым-қатынаста болған. Ақан сері мен Қажмұқандармен араласып жүрген. Оларға тәнтті болғаны соншалықты арнайы өлеңдерін, дастандарын арнаған. Мұзафар Әлімбаев М-Ж. Көпеевтің сөзіне қатты мән бере отырып: «Мәшһүр-Жүсіптің Ғылым академиясындағы «Месін» оқып көрші. Өзі қандай болса, сөзі сондай: «Местің» бір жерінде Мәшекең «Құлагер өлген соң, Ақан Серінің де күні біткен деп» – жазып қойыпты» – дейді («Жалын» журналы, №3, 1978 жыл, 149-бет // Мұзафар Әлімбаев «Халқына тартқан қаламгер» Сәбит Мұқанов жөніндегі естеліктер). Мәшһүр-Жүсіп М. Әуезовті өте жақсы білгенін, шығармаларымен де таныс болғанын мына өлең жолдарынан байқаймыз: «Босқа еріп жүрген ылғи соқыр» – деген қанатты сөзін жазып алғанынан-ақ аңғарылады. Мұсабековтің пікіріне тоқталып, өзіндік қорытындысын жасайды: «Мұсабековтің рақмет ғұмұмия дегені» – деп жазбасында келтіреді. Әрине, ақынның қазақ зиялыларынан пікір келтіріп, өз қорытындысын жасап отырған ой-тұжырымдары әр шығармасынан байқалады. Біздің мақсатымыз осындай ақын тоқталған кейбіріне ғана шолу жасап оқырманның көңілін аудару еді. М-Ж. Көпеевтің өмірінде елеулі орын алған інісі Ж. Аймауытов. 1927 жылдары М-Ж. Көпеев пен інісі Ж. Аймауытов хат-хабар алысқан, ол хаттарды С. Дәуітов, З. Ақышев жариялады. Жүсіпбек Аймауытовтың руы «Күлік». Ж. Аймауытовтың М-Ж. Көпеевке: «Күліктен сіздей адам туа бермейді, санамыз болса, сіздің қадіріңізді, бағыңызды білсек керек!» – деп жазған хаты тегін емес-ті. Хатта Л.Н. Толстой, қазақтың ақиық ақыны С. Торайғыровтар кеңінен сөз болады. Хатты оқығанда байқағанымыз екеуі де бірін-бірі қатты қадірлеп, асқан ілтипаттықпен қараған. Күліктің Тілеуімбетінен тарайтын М-Ж. Көпеев пен Күліктің Өтепбердісінен тарайтын Ж. Аймауытов арғы атасы бір. Екеуі аталас туысқан. Хатта Жүсіпбек, М-Ж. Көпеевке ...Сіз 93 жастағы Түрікпен ақыны сияқты, Майлы ақын, Шәңгерей сияқты әр нәрсені жырлаңыз. Сіз шамаңыз келсе осылар сияқты жүрегіңіздің сырын шертіңіз. «Тырна мен қарға», «Бұлбұл мен қаршыға», «Сарт әңгімесі» т.б. шежіре жазып, жинай беріңіз, бізге жіберіңіз деген де ниет бар, – деп жазады. Бұл хатта алты «Алашқа» аты мәлім Мұқаметжан Тынышбаев турасында да әңгіме болады. Хатта өз бастарының күйкі тіршілігінен гөрі ел тағдырын, халық мүддесін бірінші қойғандары көрінеді. М-Ж. Көпеев пен Ж. Аймауытовтың хатында сөз болып отырған бір ғана адамның қысқаша тағдыры осындай. Сол сияқты Міржақып Дулат оның романы «Бақытсыз Жамал» жайында да дерек бар. Ж. Аймауытов С. Торайғыровтың мұраларын жинап, баспаға тапсырғанын, өзінің «Қартқожадан» көлемі екі есе роман жазып бітіргенін сөз қылады. Хатта Алдаберген Зияш деген кісінің М-Ж. Көпеевтің көптеген шығармаларын алғаны да айтылады.
Атақты ақын Нартай Бекежанов:

Ақмолла, Ұзақ ақын, Мәшһүр-Жүсіп,

Заманға жатушы еді үлгі пішіп.

Солардың ағып жатқан теңізінен,

Біз пақыр сөйлеп жүрміз қанып ішіп
– деп, М-Ж. Көпеевтің даңқын одан сайын аспандата түскен. Міржақып Дулат, Мәшһүр-Жүсіпті былай деп өлеңге қосқан:
Оралдан Әбубәкір молла шықты,

Омбыдан Қыпшақпайдай жорға шықты.

Торғайда Ақмола мен Нұржан жатыр,

Шөже, Орынбай, Мәшһүр-Жүсіп о да шықты.


Абайдың «Дұға», «Қасиетті дұға» өлеңдерінің, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы», «Қарасөздері» т.б. Мәшһүр-Жүсіптің «Дұғаның пайдасы туралы», «Қазақ шежіресі», «Бұл қазақ қай уақытта үш жүз атанған»; Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» сияқты қарасөз үлгілерінің де мазмұны үндесіп жатады. Дулаттың «Алладан сұрап иманды», «Пайғамбардың ұлын айтар он бір деп», «Әуелі Алла айталық», «Әуелгі қазақ деген жұрт» т.б. мәні мен идеялық жағы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп шығармаларымен мазмұндасады. «Кәсіп туралы» өлеңінде қазаққа тән біраз этномәдени бірліктер кездеседі.

Абай өлеңдерінің этномәдени лексикасының көзі болып табылатын ескіліктерді молынан қолданған: Тас дулыға болмай ма жатқан үйім – деп жатқан үйді тас дулығаға теңейді. Не халатқа әуілдірді Қайда қандай екені киім халат емес, халатно (немқұрайлы) деген сөзге барыс септігінің жалғауын қосып, әуілдірді сөзіне орай орыс тілінің дерексіз сын есімді сөзінен қазақ тілінің зат есімі сияқты сөз жасап қолданады. Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып, Аязбенен қызарып ажарланды, Ұшпадай теңеуі сын есімді эпитет жасап, бөрік этномәдени лексемасы арқылы аязға ұлттық рең қосқаны байқалады, сөйтіп, қазақ аязы деген соны тіркес құрайды. Ұшпа – шоқ бұлт. Қызыл арай, ақ күміс, алтын бергек: Бергек – шаршының үстінен жабатын сәндік жаулық, сән үшін жамылатын әшекейлі жамылғыш [6, б.69]. Абайдың «Ескілік киімі» деген өлеңі этнографизмдерге толы: Тон қабаттап, кигенім-шидем шекпен; Жейде-дамбал ақ саңнан, жарғақ шалбар; Мықшима аяғымда былғары етік; Киіз байпақ, тоңдырмас ызғар өтіп; Шақпағым, дәндәкуім жарқ-жұрқ етіп; Күләпәра басымда, пұшпақ тымақ; Қалмақы қара үзеңгі, биік қасты ер; Қанжығамда байлаулы жіптен шідер; Жарғақ жастық көпшігім жезді пыстан т.б. «Мықшима» сөзін Абай анықтауыш ретінде қолданған. Мық және шима екі сөзден тұрады. Ы. Алтынсарин «мық» сөзін шеге орнына қолданған, М-Ж. Көпеев шығармасында тура мағынасында «уақ шеге», «мыс шеге» түрінде алынған: Ауызыңды ашпай, қырық жыл сақтағанмен, Болуға жарамайды бір мыс шеге (Мәшһүр-Жүсіп). В. Радлов: Мыk – мых, міх гвоздики, которыми подбивають кабулки – деп түсінік береді [7, б.2136]. Л. Будагов: п. михъ, каз. кир. мыкъ, гвоздь, крючокъ, колъ [8, б.272]. Мық – шеге (Ш. Уәлиханов, 244). М. Әуезов мық сөзін анықтауыш есебінде жұмсайды (мық жусан). Е. Жанпейісов мықши сөзінің түбірі осы мық емес пе екен дейді [6, б.87].

Дулат қайғы толған, сана құйып, көңіл құтысы сияқты дерексіз сөздерді қолға ұстайтын зат орнында қолданады. Ақ қайыңды сауғанда, Жырдан алқа таққаным, Ұйқыны шайдай сұйықтап т.б. Жансыз заттарды жандандырып, адам тіршілігімен тұтастыра қарастырады. Әншейін-ақ әсемге; Әсемің кетіп бойыңнан Дулат әсем сөзін септеп те, II жақта тәуелдеп те пайдаланады. Мәшһүр-Жүсіп әсем сөзінің орнына әлем сөзін қолданады: Шығады әлемденіп айдалаға деген өлең жолындағы әлем сөзін қимыл-сын пысықтауыштың орнына жұмсайды. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев: сейіл етті, көңілі толды, көңілі тойды, хош хабар, күн жайлатып, рауан тәнің, рух, жан тіркестерін жиі қолданады.

Ауыз әдебиетінен бастау алатын кір көйлек параллельдері: Боз үйге кіріп келсем көйлегің кір (ҚКБС), Дулат, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп қолданысында өзгеше сипат алғанын көреміз. Мысалы: Көйлек оның ішінде (боз) ақ көйлек Абай ұғымында ақ кебінмен тең, ол-пәктіктің, адалдықтың символы: Ақ көйлекті бітіріп, Кебінім деп киді, өлді, Көйлегін ақтан тіккіштеп, Күні-түні демалмай (Абай). Ақ көйлек Дулат пен Мәшһүр-Жүсіпте кірсіз сөзімен берілген. Дулат қолданысындағы: Кірсіз көйлек кигізбес, Жанына пайда тигізбесе «кірсіз» сөзін Мәшһүр-Жүсіп халықтың өз ішінен шыққан даналығымен пысықтайды мысалы: «Ай кірсіз» деген сөз бар, Құдай мінсіз!». Бір жеңін көйлегінің жыртып алып (Шәкәрім), Көйлек сөзінің бір баламасы «жидеше» де ауыз әдебиетінде ұшырасады: Алтынды кемзал жидеше (Қыз Жібек); Жидеше мен жейде түбірлес бірдей параллельдер. Академик Р. Сыздық Абай шығармасындағы «жейде» сөзін «көйлек» варианты ығыстыра бастағанын жазады (Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. 2004: 110 б.).



Абай қолданысындағы этномәдени лексемалар қазақ мәдениетіне қатысты қолданыла отырып, өзгеше реңкіде жұмсалады: оқалы тон, шенді-шекпен деген тіркестерде қазақтың ұлттық киіміне орыс империясының пиғылын ашатын оқалы, шенді сөздерін жауып, киім үлгісінен образды ащы сарказм жасайды. Абай қазақтың ұлттық киімі арқылы қазақ мәдениетін жоқтайды, жоғалып бара жатқан небір асыл қасиеттерді, құндылықтарды алдыңа тартады. Ұлттық киімге саяси мән беріп, ХVIII ғасырдың аяғы мен ХIХ ғасырдағы қазақ елінің ауыр халін суреттейді. Қазақ ескілігі арқылы қазақтарға рух, жігер береді. Ұлттық идеяны қолдайды. Шидем мен тонды қабаттап киген, тонын илеп, шекпен тігер қатыны бүрсең қағып тіркестері қазақ өмірінің ауыр халін сипаттауға арналған. Абайдың тоны мен көйлегі қазақтың ұл-қыздары. Ұлттық киімдерді метафоралық дәрежеге дейін көтеріп суреттеу тек қана Абайға тән қасиет екені байқалады. «Ескілік өлеңі» бай мен кедейдің өмірін, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын суреттейді. Қазақтың салт атты жігітін, не болмаса аңшының келбетін көз алдыңа әкеледі. Бұл-өлеңде контрас бары анық байқалады. Абай қазақтың ескілігін «мәдениет» – деп білген, ақындардың алды болып өлеңге қосқан. Абай өлеңдерінде киім ғана емес, қазақтың зергерлік бұйымдары, ат-әбзелдері, тұрмыс-салтына қатысты ескіліктер де сөз болады. Демек, этномәдениеттің негізгі көздері Абай өлеңдері арқылы да жеткен деп қорытынды шығаруға әбден болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет