Әуезов Абаймен кездесті ме?
Әуезов Абай елінде, Абай жерінде, Абай топырағында дүниеге келді. Көзін ашқаннан естігені – Абай әні, тыңдағаны – Абай сөзі, жаттағаны Абай өлеңдері болды. Оның атасы Әуез айналасы құрметтеп «Әу қожа» деп атайтын, Құнанбаймен аралас-құраластығы бар дана қария еді. Оқу-білім дегенде ықыласы бөлек әрі шариғат білгірі Әуезге Құнанбай қажылықтан қайтқан сапарында таза асыл тастан таспиық, жайнамаз және Құран кітап әкеліп сыйлаған екен. Кез келген адамға ықылас-пейілі түсе бермейтін Құнанбайдың сонау Меккеден сыйлық әкелгенінің өзі Әу қожаның тегін адам еместігін көрсетсе керек. Оның Құнанбаймен өзара сыйластығы кейін Абаймен жалғасын тапты. 15 жас кішілігі бар Абай оны «Әукеш аға» деп еркелей атайды екен.
Әуез қожаның шаңырағында өмірге келген Мұхтар Абай дүниеден өткенде небәрі 7 жаста болатын. Алайда, сол жеті жасқа дейін-ақ ұлы ақынды бірнеше рет көрсе керек. Естеліктер соған меңзейді.
Жазушы Абайды көрген күнін ерекше тебіреніспен, үлкен қуанышпен әңгімелейтін көрінеді. Кейде тапсырма орындамай, ұстазын ренжітіп алған шәкірттері Мұхаңның ашулы кезінде «Ағай, Абайды өз көзіңізбен көрдіңіз бе?» – деп тұтқиылдан сұрақ қойып, әңгімені басқа арнаға бұра қояды екен. Бұл туралы шәкірттерінің бірі, абыз жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп жазады: «Мұхаңның жүзі жылып қоя берді. Қалтасынан көлдей шәйі орамал суырып, ұлан-ғайыр маңдайын бір сипап өтті. «Көргенім бар... Төрттемін ғой деймін. Бөріліде отыратынбыз. Анам мені алып Жидебайға барды. Сыйласатын шаңырақтардың бір-біріне сыбаға апаратыны бар. Біз де сөйттік. Бөтен ауылды жатырқадым білем, үйге қайтқым келді. Анама қайта-қайта қыңқылдай бердім. Төр жағымыздағы құндыз сақалы омырауына төгілген, көзі нұрлы, тақиялы кісі маған бұрылып: «Ауылыңа барасың ғой, балам, анаңның мазасын ала берме!» дегені. Дауысы жұмсақ. Шырайы жылы. Бірақ мен анамның бауырына бұрынғыдан бетер тығыла түстім. Сөйтсем, әлгі кісі Абай екен». Бұл Мұхаңның өз есінде қалғаны.
Ал аталас інісі, жазушы туралы естелік кітап жазған Ахмет Әуезов мынандай естелік айтады: «Ералы жайлауы, Ойқұдық. Мұхтар, Біләл үшеуміз атаммен бірге Әйгерім апамның үйіне талай-талай барғанбыз. Сонда алты қанат ақ үйдің қақ төрінде жатқан жазық маңдай, шұнақ құлақ, өңі қара торы, кеуделі, қапсағай келген, үлкен мейірімді көзді ақсақал бізді үнемі құшағын жайып қарсы алатын. Ол үшеуміздің де маңдайымыздан сүйетін».
Осындай кездесулерден бөлек әуезовтанушылар жазушының Абайдан бата алғаны туралы да дерек келтіреді. Немересінің тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген Әуез қожаның бұл әрекеті туралы ғалым Тұрсын Жұртбай: «1903 жылы мамырда «Абайға сәлем беріп, Тұрағұлдан туған немересі Ақилияны бауырына салғанын естіген, соған құтты болсын айта барып, Мұхтарға батасын алмаққа ниеттенеді. «Батасыз ұл – жарымас» деген. Оқымысты ата наурыздан бастап мықтап кіріседі. Мұхтар ойын қызығымен қоштасады», – деп жазады. Осы деректердің өзі Мұхаңның кішкентайынан Абай ықпал еткен ортада тәрбиеленгенін, тіпті көзін көргенін, батасын алғанын, оған деген махаббатты бойына сіңіріп өскенін көрсетсе керек.
Абайдай дананың өлімі де Мұхтар өскен ауылға, оның ішінде Әуез ақсақалға оңай тимеген еді. 1904 жылдың дәл сол қаралы күні туралы Ахмет Әуезов: «Жеті жасқа толдық. Ел – бауырда. Біздің ауыл болса Бөрілі жанында отыр. Өткен күні ғана Әйгерім апамның ауылынан оралған атамның қабағы қатулы, ренжулі. Толғаныс үстінде «уһ» десе, қайғы мен жалын атады лапылдап. Атам ауылға келген бетінде бізді жиып алды, тез-тез тапсырма берді. Байқаймыз, көңілі әлденеге алаң. Тағаты жоқ. Сабақ оқытуға келгенде өте қатал кісінің мұнша жұмсақ бола қалғанына бір жағы іштей сүйсініп, бір жағы әлдебір өзіміз бейхабар нәрсеге алаң болып отырмыз. «Шырақтарым, күндегі әдеттеріңше оқып, сабақтарыңа жақсы дайындала беріңдер», – деді атам. Көзінен еріксіз жас саулады. Тыя алмады. «Абай әл үстінде жатыр. Соған барайын мен». Атам сонау Қарақұдықтан шыққан қарадан көз алмай тұр. Кемсеңдейді. «Ау, Дінәсіл, атымды алдыршы. Әне бір келе жатқан аттылының жүрісі жайсыз ғой. Шауып келе ме, қалай өзі?!» «Абайдан айрылдық», - деп әлгі аттылы кісі аңырап келді ауылға», – деп жазады.
Абай дүниеден өткеннен кейін Әуез қожа немерелеріне ақын мұрасын тіпті сіңіре түседі. Өлеңдерін жаттатады, қарасөздерін оқытады, Абай туралы естеліктер айтады. Кішкентай Мұхтардың Абай әлемін танып өсуіне ерекше ықпал етеді. Кейін үлкен қала – Семейге оқуға аттанарында да сүйікті немересіне Абай аманатын арқалатып жібереді. Атасынан алған бұл аманат Мұхтардың жазушылық ғұмырының шамшырағына айналды. Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов Әуезовтің Абайды емес, Абылайханды жазбақ ойы болғанын, сол кездегі саясатқа байланысты жаза алмай, Абайды таңдағанын айтады. Бұл сөз сәл қисынға келіңкіремейтіндей. Әуезов о бастан кімді жазатынын білді және сол жолда аянбай қызмет етті. Өйткені оған атасы таныған, ауылы таныған, сол арқылы өзі таныған Абайды қазаққа таныту міндеті тұр еді.
Достарыңызбен бөлісу: |