109
Сүйіндік Абай сөзін қатты ықыласпен тыңдады. Алдындағы шайы ішілмей,
кесесі суып қап еді. Тоғжан әкесінің соншалық тыңдағанын енді байқады. Ол
Абайға таңдана қарап, бірталайға дейін көз алмады...
Үй іші Абай айтқан жаңалықтарды қызыға тыңдап, көңілденіп қап еді.
Асылбек, Қарабастар:
- Қисынды-ақ екен, - десті.
Шыңғысты былай қойып, тақ осы Сүйіндік қыстауы Түйеөркештің қасында
тұрған «Хан» биігін, онан соң Мамай қыстайтын анау «Орда» деген таудың
бәрін де шешті. Соны осы күнге шейін неліктен аталғанын білмей жүру,
мұндағы үлкеннің бәріне енді ғана орасан көрініп еді.
Сүйіндік Абайдың шынысын өзі әперіп:
- Жеп іш, Абай! - деп, енді қонағының алдына жент пен майды да,
бауырсақты да молырақ ысырып қойды. Әкесінің жас қонаққа жасаған осындай
бейілін де Тоғжан сезіп отыр.
Бірер мезгіл Абай өзіне қараған Тоғжанның әдемі қара көзін байқады.
Солғын қарау емес, Абайды анықтап, түстеп, барлай қараған сияқты.
Абайдың да әйелге анықтап қызыға қараған жолы осы сияқты. Тоғжан
ұзағырақ қадалып, көз алмай отырып ақырын қызғылт тартқандай болды да,
көзін тайдырды.
- Көп жасаған білмейді, көп тоқыған біледі.
Осылайша ұққаның,
тоқығаның жақсы, балам! - деп, Сүйіндік бір тоқтады. Абай осы сөзге
жалғастырып:
- Өзіңіздей кісіден есіткен сөздер ғой, Сүйіндік аға! – деп аз отырып, -
рұқсат етсеңіз, осы өзіңіз айтқан кейбір сөздерді де өз аузыңыздан ұғынайын
деп ем! - деп Сүйіндікке қарады. Тұрпайы емес, сыпайы бастап, орамды келді.
Сүйіндік:
- Е, сұра, айт, балам! Не сұрамақ ең? - дегенде:
- Ендеше, осы жаңағы кіші Орданың тұсында Көжекбай, Құлжабайдың жер
дауына билік айтқаң екенсіз. Сонда: «Мен қойдың бөлігін бөлмеймін, құдайдың
бөлігін бөлемін!» депсіз. Осының мағынасы қалай? Соны сұрайын деп ем! -
деді.
Бұл
сұраққа Қарабас, Әділбек, Асылбек те күліп жіберді. Тегі, Абайдан
басқаларына жөні мәлім болу керек. Сүйіндік Абай сұрағына аз тіксініп, қалта
қарап, ойланып қап еді.
- Шырағым, бұл сөзді әкеңнен ұғынсаң етті.
- Менің әкем баламен ашылып сөйлей бермейді ғой. Білесіз ғой.
- Бірақ жаңағы іске әкеңнің қатысы бар ғой! Оны білуші ме едің? - Қарабас,
Асылбектер әлі күліп отыр. Олар Сүйіндіктің қашқалақтағаны мен сыпайылық
сақтағанына және Абайдың жансыз әңгімені қадала сұрағанына күледі.
- Әкемнің қатысы барын білемін.
- Ендеше, әкең аты араласқан сөзді ең әуелі
әкеңнін өзінен ұғынғаның
мақұл!
- Бәрекелді! Сүйіндік аға, оныңыз жақсы ақыл! Бірақ... сол билік тұсы, сіз
бен менің әкем екі араңыздың суысқан тұсы болды, дейді. Ол рас қой?
- Рас!