115
жазып жүрген уақытта Тоғжан жатқан үйді ойша іздеді. Сүйіндіктің үлкен
үйіне жақын тұрған кішілеу ақ үй бар. Асылбектің отауы болу керек. Содан әрі
алты қанат ақ үй тұр. Кіші үй сол болуға лайық. Абай қайта-қайта сонда
қарайды. Бірақ ол үйдің түңлігі жабық, Тоғжан да, шешесі де әлі оянбаған,
тұрмаған сияқты.
Далаға Сүйіндік те шыққан еді. Әкесі тапсырған алық-берік жөніндегі
сәлемді Абай сонда айтып, бұл ауылға келген жұмысын осы таңертеңгі уақытта
бітірді.
Шай уақытында Тоғжан келген жок. Асылбек, Әділбектер де өз үйлерінде
болу керек. Таңертеңгі мәжіліске араласпады.
Шаруа біткен соң Қарабас ертеңгі салқынмен қайтайык деп байлаған.
Сондықтан дастарқан жиылған соң, ол аттарды ерттегелі шығып кетті.
Абайдың бұл ауылдан кеткісі келмеді. Қонағуар, жылы жүз, жақсы мінезді
үлкендердің үйі
аса бір сирек кездесетін, жайлы ұя сияқты екен... «Осы
ауылдың туысы, жақыны болар ма ем? Сұраусыз келіп, санаусыз қонып,
түстеніп кетіп жүрер ме ем?» - дегендей. Бірақ кетпей болмайды.
Үйде Сүйіндік пен Абай және Сүйіндіктің бәйбішесі ғана қалған уақытта
Сүйіндік Абайдан Зере жайын, Ұлжан күйін сұрастырып отырып:
- Аналарыңа сәлем айт, балам! - деді.
Түннен бері үндемеген бәйбіше де Ұлжанға сәлем айта отырып, Айғызды
есіне алды. Содан барып Кәмшат есіне түсіп:
- Шырағым-ау, осы анада Бөжекең аулына жіберген кішкене қыз не жайда?
Айғыз бишара қайтып қиды соны? Жылатып айырып, қайтіп қана жіберді екен?
- деп, бір жағынан наразы боп, сұрастыра бастады.
Абай амалсыздан сөйлеп,
қысқа ғана жауаптар қайырды. Бәйбіше бұл жөнде шешіліңкірей бастап:
- Бөжейдің әйелі қатыбас кісі еді. Өзінен де туған қызы көп, күтеді
деймісің кішкене пақырды? - деп, қынжылып отыр.
- Е, е, Бөжей бар емес пе? Қатыны ойламаса, Бөжей ойлайды ғой! Неге
күтпесін! - деп, Сүйіндік майдаламақ болды.
- Әй, білмеймін! Ауыл-аймағымен тегіс-ақ: «Айыпқа берген қыз ғой.
Малын қимай, жанын қиды ғой айыпқа!» десіп, жаман сөздер сөйледі деп
есіттім ғой. Жас баланы жылатқандары бекерлік болған ғой өзі. Не десе де
іштен шықпап па еді? Айғыз бишарада не сүлдер жүр дейсің? - деп, бәйбіше өз-
өзінен босаңсып барып, жылап жіберді. Екі көзі жасқа толып,
қып-қызыл боп,
үндемей, мұңайып қалды. Анда-санда күрсіне түсіп, тамсанып қояды.
Абайға бұл ананың мейрімі тіпті бір қымбат адамшылық, шын
рақымшылық боп танылды.
Жидебайдағы өз үйінде Кәмшат жайы осындай бір айықпас мұң, уайым
боп алған-ды. Сондағы әжесі мен Айғыз және өз шешесінің осындай-осындай
көзі жасты, көңілі қаяу болған көп шақтарын есіне алды.
Бірақ олар Кәмшатты құр сағынып, құр аяғаны болмаса,
мына кісі айтқан
суық сөздерді есітпеген сияқты. Кеше Құлыншақ та, бүгін мынау ауыл да
Кәмшат жайын ылғи «жетім жандай, күңдікке, қорлыққа кеткен бишара, әлсіз
сорлыдай» сөйлейді. Тегін емес-ау! Жидебайға қайтысымен әжелеріне осы
есіткендерін айтып, Кәмшаттың күйін білдіру керек. Әке не десе о десін, бұны