4
Баладан қорыққанына Жұмабай ұялды да, ыза болды.
- Өй, балам-ау, мына жер - жау жатағы. Бұл ұрының ойнағына кеп алып,
жаман ырым бастағаның не қылғаның? - деді.
Байтас та күлген бойында қайта оралып келеді екен.
Абай өзінен үлкен кісінің қорыққанына қатты ырза еді. Жұмабайдың неге
ашуланғанын ұғып тұр. Қоңыр жүзі қызарып, төмен қарап қысыла күле беріп,
бөркін айналдыра бастады. Қәдімгі «жолбасар» ұрыларша шапан-бөркін
айналдырып киіп, мұрны мен аузын қызыл орамалмен таңып алып, Жұмабайды
қуғанда тағы сол ұрыларша, «даусымды танытпаймын» деп, мыңқылдап сөйлеп
бұйрық берген. Байтас қорықса, қорықпаса да сыр алдырған жок. Сондықтан,
Жұмабайдың ашуын алыстан танып, мәз болып күліп келе жатып:
- Құла бестінің төбелін де жоқ қыпты, қарай гөр өзін! - деді.
Жұмабай да жаңа байқады. Бала бестінің төбелін саз балшықпен
баттастырып тұрып сылап қойыпты. Жұмабай кісілікті кісі. О да күлкі бола
бергісі келмейді. Енді бұ да уақиғаны ойынға айналдырғысы кеп, мысқылдап:
- Өй, ұқсамасаң тумағыр! «Ұры Тобықты, ұры Тобықты!» деп Керей, Уақ
зар қағады. Қаршадай баласына шейін ұры болудың жөнін жете біліп тұр. Зар
қақпай қайтсін Керей, Уақ!.. - деп өзі де күлді.
Жұмабайдың қалаға бұ жолы не жұмыспен барғанын Абай дәлді білмейді.
Бірақ, оның Байтасқа айтқан бір сөзінде Құнанбай тапсырған бір жұмыспен
барып келе жатқаны мәлім боп еді. Абайдың бұрыннан байқауынша, бұл
Құнанбайға қадірі бар кісі. Абайға ашуланып, ренжіп барса, алдымен әкесіне
шағады.
Осыны еске алып кеп, Абай енді күлкіден тыйылып, жаңа қатарласқанда:
- Жол ұзақ. Ұйқы ашар болсын деп ойнап ем, ғайыпқа бұйырмаңыз,
Жұмеке! - деді. Енді тіпті сыпайы. Сызылып тұр.
Жұмабай жас баланың пішініне ырза болып қарады да, үндемеді. Байтас
Абайды құрбысындай қағытып:
- Жарайсың, «ғайыпқа бұйырмаңыз». Сенің мынауың, менің: «Көшкенде
жүк артамын сары атанға, айтамын не бетімді Ойке апама?!» деген өлеңім
сияқты болды-ау! - деді.
Абай жете түсіне алмады.
- Қалай дейсің, Байтас аға? Ойке апа деп кімді айтасың?
- Е, Ойке апаны білмеушімең? О несі екен?!
- Бәсе...
- Бәсе, Ойке апа деген біздің қатын. Былтыр ала жаздай серілік құрып, ел
қыдырып, қыз-келіншекпен сауық-сайран салмадым ба? Содан, аяғы қызық
бітіп, үйге қайтатын да мезгіл жетті. Енді қатынға қалай қарарға да, не деп
барарға да бет жоқ. Сонда әдейі бетінің зәрі қайта берсін деп, «Не бетімді
айтамын Ойке апама...» деген өлеңімді өзім ауылға бармастан бір-екі күн бұрын
айтқызып, жолдастарымды жіберіп жатып ем. Сол осы күні мәтел боп кетіпті, -
деді.
Абай да, Жұмабай да қызығып тыңдасты. Өзі сері, әнші, сұлу Байтасқа
екеуі де - бірі кәрі, бірі жас бала - қызғана да, тамашалай да қараған еді.
Абайдың көз алдына Ойке деген жеңгесі де, Байтастың былтыр жаздағы әншіл,
сауықшыл жолдастары да толық елестеді. Естіген әнгімесінің бәрін еңсесімен
5
ынтыға тыңдайтын бала бұрын Байтаспен сырлас, әңгімелес болмаса да,
жаңағының аяғы немен тынғанын білгісі кеп, қызығып келе жатты. Байтастың
құрбыдай қалжыңдағанын пайдаланып:
- Ал, Ойке апаңа не бетіңді айттың сонымен, Байтас аға?.. - деп жабыса
түсті.
Байтас бұған күліп, енді іріленіп қарап:
- Не бетімді айтушы ем? Сорлы қатын алыстан әнмен арыз айтып жатқанға
шыдасын ба? Келсем, алдымнан өзі шығып, атымды байлап жатыр, - деп,
Жұмабай жаққа қарап, иек қағып қойды.
Абай үндеген жоқ. Ішінен «алдаған екен ғой» деп байлады.
Сол әңгіме жүргіншілердің таңертеңнен бергі қатты жүрісін Найманкөктің
ақырын бүлкегіне әкеп салған еді.
Шәкірт бала ауылға асыққан, лепірген күйіне қайта келіп, тағы да тебіне
жөнелді.
- Уә, қой деймін, бала! Ат зорықтырасың!
- Жапа-жалғыз ұзап кетіп, жауға жем боласың! - деп, екі жолдасы тағы
тежей бергісі келді.
Бірақ қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып, енді үйіне, ауылға
жетуге асыққан шәкірт бала ол сәздерді тыңдайын деп ойысқан жоқ.
Үлкендер қорыққан Есембай да, тіпті ұрылар да Абайға сондайлық жат,
суық боп көріне алмады. Ұры десе, осы елдің өздеріндей қазақтары. Көп болса:
киімдері, ер-тұрманы ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай
ұрылар жайында Абайдың естіген әңгімелері соншалық көп. Кейде, тіпті,
сарытоқым ұры болған - ел ішіндегі үлкендердің өз аузынан естіген әңгімелері
де ұмытылмайтын. Қайта, бір кездесіп, дәл жауға шапқан пішіндерін көрсем
деген, іште жүрген ынтықтығы да болатын.
Ал, «Қарауыл биігі анау, жасырын жырасы мынау» деген Есембай -
Найзатастар болса, ол Абайдың өз аулының аса мәлім қоныстары. Көктем мен
күз уақыттарында, жылында екі рет осы жерлерге Құнанбай ауылдары келіп
қонып, ұзақ уақыт отырып, жайлап та кететін. Анау көрініп тұрған төскейдің
сай-саласы, бие бауы, ауыл қонысы, қой өрісі - барлығы да соншалық таныс,
жақын. Тіпті, былтыр боқырауда, күзем үстінде қалаға оқуға кеткенде дәл осы
қоныстан, Есембайдан кеткен болатын. Сонда тайға шапқан, асық ойнаған
құрбы балаларымен жаяу жарыс жасап, асыр салған ең соңғы бір ыстық қоныс
осы болатын. Қыс бойы ауылды, елді сағынғанда есінен кетпейтін соңғы
күндері дәл осы Есембайда өткен.
Енді кеп: «бұл жерде ұры бар, сұмдық жер, бәле жатқан жер» деген сөздің
қандайы болса да көңілге дарымайды. Жазықсыз сары биік, көкшіл қоныс, ақ
көделі әдемі өлке мұнарланады. Барлық айналадағы кең дүниеге, әсіресе мынау
өзі туған сахара, өлке белдеріне соншалық бір туысқандық ыстық сезіммен,
кешіріммен де қарайды. Жабыса, сағына сүйеді. Үзілмей, қатаймай, бір
қалыппен желпіп соққан әдемі салқын қоңыр жел қандай рақат. Осы желмен
құлпыра, толқып, су бетіндей жыбыр қағып шалқып жатқан алкүрең көде мен
селеу далалары... дала емес - теңіздері қандай! Сол даладан көз алмай, тоя
алмай, үнсіз телміріп, ұзақ-ұзақ қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлерді
құбыжық көру емес, үрке қарау емес, құшағын керіп аймалар еді. Сылап-сипап:
|