Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет3/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 

«Мен сені сағындым, өзгелер жаман жер десе, мен олай демеймін. Тіпті, 
қойныңа тыққан ұры-мұрыңмен де жатсың, бөтенсің демеймін» деп қараған 
сияқты. 
Тағы да шапқылап, қара үзіп, алыстай берді. Болмайтын болды. 
- Артында қалып, майырға ерген лаушыдай қашанғы текіректейміз. Бұл 
қорлықты көргенше кел, Жұмеке, біз де аттың басын қоя берейік, - деп, Байтас 
бурыл атты ағыза жөнелді. Жұмабай да еріксіз шапты. 
Аздан соң Абай бұларды тосып алып, енді үшеуі бірдей ұзақ-үзақ 
жарысуға айналды. 
Қорықтан шыққалы таңертеңнен бері бөгелместен тартқан үш салт атты, 
аттарын қан сорпа қылған қалпында, кешкі екінді кезінде Көлқайнардағы 
Құнанбай аулына, Абайдың өз шешесі Ұлжанның отырған аулына кеп жетіп еді. 
Көлқайнар суы мөлдір мол бұлақ болғанмен, кең коныс емес. Жайлауға 
қарай, Шыңғыс асқалы беттеп келе жатқан елдің үш-төрт ауылы қоныпты. 
Бұның бәрі «Құнанбай ауылы» деп аталады. Өзінің ауылы мен жақын 
туысқандарының ауылдары. 
Көлемі азбұлақтың айналасына жиі қонған ауылдардың үйлері де, 
шұбыртқан малы да, адамдары да кешкі мезгілде ыю-қию арласып жатқан 
сияқты. Жер ошақтардан шыққан түтіндері де біріне бірі қосылып ұласып, 
тұтасқан көкшіл мұнардай тарайды, Үрген иттер, мал қайырған айғайлар, 
маңыраған қой, қозы шулары араласып жатыр. Кешкі суға келе жатқан қалың 
жылқының кісіней шапқан дүбірі, шаң-тозаңы болсын, немесе оқта-текте 
азынай кісінеп, үйірін іздеп шапқан, мінуден босаған жас айғырлар дауыстары 
болсын - барлығы да осы отырған ауылдардың осы кештегі тіршілік тынысын 
білдірген сияқты. Баланың барынша сағынған көрінісі. Қазір жүрегін аттай 
тулатып, соншалық қуантып, еркін алған көрінісі. Жүргіншілер бұлақтың дәл 
қасына ең жақын қонған ауылға келе жатыр. Ортасында бес үлкен ақ үйлер бар, 
көп үйлі ауыл - Абайдың екі шешесі Ұлжан мен Айғыздың ауылы. 
Осы ауылдың шеткі үйлерін сырттап, кешкі жайылымға, батыс жаққа 
қарай жаңа өріп бара жатқан бойдақ қойдың ішін аралап, ортадағы үлкен 
үйлерге қарай беттеп келе жатқан үш аттыны бұл ауыл тез таныды. Әсіресе 
қораның ортасында қосақталған қойды сауып отырған қатындар бұрын көрген 
екен. Етектерін белдеріне қайырып түріп алған, алжапқыш тартқан 
қалыптарымен, қолдарына шелектерін ұстасып, жүргіншілерге қарап: 
- Қалашылар, қалашылар келеді! 
- Анау Абай, Абай ғой, айналайын-ай! Апасына айтайыншы, - деді бір 
қартаң қатын. 
- Бәсе, Телғара ғой... жаным-ау, мынау... Телғара! Әпкеме айтайьшшы, - 
деп, тағы бір жас қатын, жеңге де үлкен үйге қарай ұмтылысқан. 
Сағынған баласының келер мөлшерін Байтас кеткеннен бері шешесі Ұлжан 
да есептеп, осы бүгінге ұйғарып жүр еді. Қырыктың ішіне жаңа кіріп, семіз 
тартып қалған сар-қызыл бәйбіше жаңағы дауыстарды түгел естіді. Өз үйінен 
шығарда, төрде отырған енесі Зерені де хабарландырып, сүйемелдеп ерте 
шықты. 
Құлағы көптен мүкіс тартқан кәрі әжесінің ең бір жақсы көретін немересі 
Абай-ды. Оны есінен шығармай, дұғасына кіргізіп, тілеуін тілеп отыратын. 


 

Аттылар үйдің сыртына келе бергенде алдарында, сол үлкен үй мен 
күншығыс жағына тігілген қонақ үйдің екі арасында бұларды күткен бір топ 
жан тұр екен. Жаңағы шешелерден басқа: жеңгелер, көрші үйлердің қатындары, 
бірен-саран тыста жүрген шал-кемпір, онан соң осы ауылдың барлық үйлерінен 
шығып, жүгірісіп келіп жатқан балалар бар. Бұл топқа қарай ауылдың 
үлкендері де жан-жақтан дабырлап сөйлеп, ағылып келіп жатыр. 
Осы жиынға қараған бетімен, екі жолдасынан озып кеп бұрын түскен 
Абайдың атын біреу алып кете берді. Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің 
шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып: 
- Әй, шырағым балам, әуелі аржағыңда әкең тұр... Сәлем бер! - деді. 
Абай жалт қарап барып жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, 
қасында екі-үш үлкен кісі бар - әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен 
қысылып қалған бала, шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, 
әкесіне қарай тез бұрылды. Байтас пен жорға Жұмабай да анадайдан аттарынан 
түсіп жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай келеді екен. Бірақ өңі сұп-сұр, зор 
денелі, бурылсақалды Құнанбайдың жалғыз көзі бұларда емес. Батыс жақтан 4-
5 атты жолаушы келеді екен. Арты Қыдырдан шыққан жолаушылар тәрізді. 
Өздері өңшең толық денелі, үлкендер сияқты. Құнанбайдың бүгін әдейі тосып 
отырған адамдары болу керек. Ол соларға қарап тұр. 
Байтас пен Жұмабай тақай бергенде Абай да қасына кеп қалып еді. Үшеуі 
бірдей жамырай сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да, қысқа 
ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да 
шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып: 
- Балам, бойың өсіп ержетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай 
боп білімің де өсті ме? - деді. Кекету ме, жоқ күдік пе? Немесе шынымен жай 
білгісі келгені ме? 
Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын 
баққан кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баласының сондай 
сезгіштігін өзге баларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап айтпағанды 
кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен: 
- Шүкірлік, әке, - деп біраз тұрды да: - ат барған соң, дәріс тамам болмаса 
да, хазреттің рұқсатын, фатиқасын алып қайттым, - деді. 
Тіпті ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзірлеген жауабы еді. 
Әкесінің касында тұрған Майбасар мен соның атшабары екен. Майбасар 
Құнанбайдың 
тоқал 
шешесінен 
туған 
інісі. 
«Төрт 
тоқал» 
атанған 
туысқандарының бір тоқалынан осы Майбасар. Бұны биыл Құнанбай өзі аға 
сұлтан болғаннан кейін, осы Тобықтыға болыстық старшын еткен-ді. 
Майбасар Абайдың жауабын ұнатып тұрып: 
- Өзі, тіпті, көшелі кісі боп қапты! - дей беріп еді, Құнанбай оның сөзін 
аяқтатпастан Абайға: 
- Бар, ана шешелерің жаққа бар, амандас, балам! – деді. 
Абайдың күткені де сол еді. Әлі тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, 
әңгіме етіп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда Абай қайтадан өзінің жасына 
лайық қуанышты бала қалпына келе қалды. Арт жағында жорға Жұмабай 
Абайдың бүгін оны қорқытқанын әңгіме қып жатты. Бала енді асығып, өз 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет