13
шалқи түсіп, кейде лапылдап, жалпылдай жанады. Қырын отырған әкесінің
үлкен кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді.
Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз
өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зіл бар. Қейде Абайға қызық
көрінетін бір мақалдар, мәтелдер айтылып кетеді.
Абай әкесінің сөз желісін, түп мәнісін түсінген жоқ. Кейбір мақалдарын
ғана таңдана шешіп отыр. Осы бар үлкеннің
мұндай жердегі салты бойынша,
әкесі де тұспалдап, орағытып ұқтырмай сөйлейді. Бір сөзімен бір сөзін
жалғастыруға Абай үлгірмей, адасып қап отыр. Өзіне салса, жаңағы көңілді
үйге, шешесінің жанына қазір кетер еді. Бірақ, әкесі шақырған соң енді шығып
болмайды.
Сондықтан бір уақыт ол, әке сөзінің сыртын, ағымын тыңдайды. Кейбір өзі
білмейтін қиын, жаңа сөздерін ұстап қалады. Әлдекімге қаптап, зіркілдеп
сәйлеп отырған әке сөзі кейде бұған бір жортуыл, шабуыл үстіндегі
шұбырынды, ұзақ сарын сияқтанады.
Кейде ұғымсыз сөзден іші пысып, әкесінің пішін тұлғасына қарап, қадалып
қалады.
Тегінде ертекші, өлеңші, не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай
тесіле қарап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді.
Адам пішіні
әрдайым бұған бір тамаша, өзгеше қызық сурет тәрізденетін. Әсіресе, ажымы
мол үлкендер пішіні бір қызық хикая тәрізді. Ол кей адамның айғыз-айғыз
ажымынан, салбыраған ұртынан, қыртыстанған маңдайынан, немесе бояуы
оңған көздерінен, әр алуан сақал-мұртынан - өзінше неше түрлі жанды, сызаты
көп сипаттарын көргендей болатын. Қына басқан, сызаты көп тас па? Я селдір
тоғай ма? Не, көде-кекпек пе? Кейде мал мен аң бейнесі ме?
Бәріне де ұқсап
кетіп отыратын адам мүсіндері болады.
Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз
жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне, ұп-ұзын боп дөңгелей
біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда, Құнанбайдың
жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып,
қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтана-ды.
Қоя беріп, салғырттығы жоқ сергек қатал күзетші.
Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды. Кірпігін де
сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып,
шалқия отырып сөйлеген
Құнанбай, осы үйде әркімге қарамайды. Қарсысына таман отырған Сүйіндікке
ғана қадалып сөйлейді.
Сақал-шашы бір реңдес, қара бурыл Сүйіндік оқта-текте бір қарап қойғаны
болмаса, Құнанбайға тесіле қарамайды. Көзін төмендете береді. Абайға оның
пішіні – көп кездесетін, әңгімесі аз пішін сияқты. Бежей де оншалық өзгеше
емес. Түсі ақ сұр келген, өзі қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бежей - осы
отырғанның бәрінен де сұлу. Бетінде ажымы да аз. Бірақ, Абайдың көзін оған
көп тартатын бір нәрсе - мұның бітікшелеу, кішкене келген көздері.
Құнанбай ұзақ сөйлеп отырған кезде Бежей қыбыр етіп қозғалған жоқ.
Көзін де төмен салған қалпынан бір көтермеді.
Сондықтан оның ұйқтап
отырғаны, я ойланып отырғаны мәлім емес. Қалың етті, салбыраңқы қабағы
кішкене көзін көрсетпей, тасалап алған сияқты.