Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет55/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
112 
көл жағасындағы қалың қамысқа қашып кіреді екен. Құнекең қамысты өртетіп 
жібереді. Сонда өрттен қорқып, қашып шыққан елді қуғызып жүріп сабатып, 
Қонайға жеңгізіп берген еді. Осыны айтып ем! - деп, әңгімесін бітірді. 
Абай осыдан соң өзге әңгіме сұраған жоқ. 
Аздан кейін ет пісіп, жұрт асқа отырды. Абай мен Қарабасты үй іші бөгде 
қонаққа санаған жоқ. Сол себепті күндегі дағды бойынша дастарқан 
айналасына Сүйіндіктің барлық балалары да, бәйбішесі де отырған-ды. 
Әкесінің төменгі жағынан шешесімен екі ортадан отырған Тоғжан Абайға қазір 
бұрынғыдан да жақындай түсті. Абай бағанадан бері Тоғжанға бет алдынан 
қараса, қазір көбінесе қырынан көріп отыр. 
Орташа келген қырлы мұрыны енді анық көрінді. Қырынан қарағанда 
біртүрлі сүйкімді екен. Жұмсақ жұмыр иегінің астында жұқа ғана бір 
толқындай боп, нәзік бұғағы білінеді. Жылтырап таралған шашы қап-қара 
қалың өріммен, ерекше аппақ, нәзік мойнына қарай құлап түсіпті. Үлкен де, 
кіші де емес, әшекей сырғасы діріл қағып, дамыл алмай сілкіне түсіп тұр. 
Әлденеден, белгісіз себептен Тоғжан пішіні қызара түсіп, қайта сұрланады. 
Толқып қайтып тұрған ұяңдық па, басқа ма? Әйтеуір өзінше, өзгеше тыныс 
алып, лүпіл қағып тұрған бір сезім бар. 
Қонақасыға әрқашан аса мырза аталған Сүйіндік үйі бүгін де етті келістіріп 
асқан екен. Қарабастың өткір сары пышағы қыстан қалған семіз жаяны да, 
алтындай сары уілдірікті де льш-лып сызып, жапырақтап жатыр. Жалғыз сүр 
емес, сары ала қып асқан екен. Қыс бойы бордаққа байлаған, жаңада сойылған 
қойдың жас сүбелері де бар екен. Бапты қып жемек болған семіз қойды жай 
сойғызбай, үйіткізіп алыпты. Жас ет, үйіткен қойдың еті болғанда, мына 
табаққа тағы да өзгеше дәм бітіріп, нәр берді. 
Бірақ ас осындай бапты боп, үй іші тегіс ерекше көңілденіп жеуге кіріссе 
де, Абай жөнді жемеді. Тоғжан да білезікке толы аппақ жұмыр білегін табаққа 
қарай сирек созады. Сүйіндік пен Асылбек Абайды қайта-қайта: 
- Же, шырағым. 
- Жесеңші, Абай! Алмадың ғой! - деп, әлденеше қозғап көріп еді, Абай жей 
алған жоқ. 
Ет артынан Сүйіндіктің көптен сауғызып отырған қысырларының сары 
қымызы да келді. Оны да жақсы әңгімелесіп, ұзақ отырып ішісті. 
Бұл кештің соңғы кезінде Абай алғашқыдай емес, тартынып қалғандай, 
баяу еді. 
Үй иелері: «Жас қонақтың ұйқысы келді» деп, соған жорыған. Ақыры, 
төсек салынатын боп барлық еркектер тысқа шықты. Абай көңілі бұл кеште 
өзгеше бір күшті сезімнің әсеріне толы. 
Бұрын «ғашық жар» көп оқыған хикаяларда, көп-көп естілген ауызша 
әңгімелерде болса, бүгін Абайға ең алғаш рет кітап емес, әңгіме емес, өзінің 
анық, аппақ мүсінімен, күлкісі, қозғалысы, тынысымен: «Сол мен едім», «мен 
мұндамын» деп келгендей. 
Сүйіндік әңгімелерінің артынан, әуел кезде көңіліндегі тұнып жүрген бір 
ауыр сезім ренжіткендей, бірер төңкеріліп түсті де, қайта шегіп қалды. 
Ол емес, тысқа шығып өз-өзімен қалғанда, жұлдызды аспанға аса бір рақат 
қуанышпен қарап тұрып, кең тыныс алды. 


 
113 
Орталап қалған ай батысқа таман сызылып барады. Биік те алысқа тартып 
барады. Жүректі де реніштен, лайдан құтқарып, сондайлық биікке, қазіргі 
бұлтсыз ас пандай алысқа, тазалық рақатқа шақырып, жырақка мегзейді. 
Түйеөркештен Шыңғыстың жақын биіктері жартылап қана көрінеді екен. 
Қарақошқыл таулар ай астында көкшіл мұнараға оранып, жым-жырт қалғып 
тұр. Тау жақтан ақырын ғана жел желпінеді. 
Қалың қой қыбыр етпей тыныштық алып, үнсіз ғана тына алады. Асылбек, 
Әділбектер жатуға кетті. Көгал сайда отырған бес-алты үйлі ақ ауылдың түнлігі 
тегіс жабық. Ай астында ақ үйлер де мызғып, қалғып тұр. Сүйіндік пен Қарабас 
аттардың маңында жүр. Абай мынадай көктем түнінен соншалық бір тазалық 
сезіп, таң лебін танығандай. 
Бұның жүрегі әдейі арналған таң лебін ерекше ұғынып сезінгендей. 
«Махаббат па? Осы ма? Осы болса, мынау дүние мынау маужыраған 
тынысты нәзік түн... бесігі ғой. Сол сұлу саздың құлақ күйі ғой». 
Сүттей жарық, айлы түн. Таң әлі жоқ. Бірақ жоқ екенін білсе де, Абай 
әлдеқандай өзгеше «таңды» сезеді. Күйік те, үміт те, қуаныш та, азап та бар, - 
жүрек таңы. Кеуде толған өзгеше ыстық, өзгеше жұмбақ, мол сезім. Соның 
шалқи түсіп шарықтауы көп. Лыпыл қаққан қанаттай тоқтаусыз құбылып, 
тыныштық ала алмай лепіреді. 
«Нені айтады? Не деп түсінеді? Не сипатты бұл сезім? Не боп барам? Тағат, 
сабырым қайда?» 
Бойына тоңазығандай бір діріл пайда болды. Себепсіз дірілдейді. Жүрегі де 
тулап кеп, өз-өзінен қысылып, шаншып кеткендей. 
«Таң... жүрек таңы... Сол таңым сенсің бс? Жарығымбысың, кімсің?» 
Көз алдында Тоғжанның аппақ жұмыр білегі, жас баланың етіндей, ақ 
торғындай мойыны!.. Таң осы да... өзі ғой! 
...Ақ етің аппақ екен атқан таңдай! 
Шынымен бар жайымен құлай табынған сұлуға қарап, бар сезіммен үнсіз 
жырлап тұрған тәрізді. Тоғжанға арналған, ең алғашқы «ғашығым» деген 
жарына арналған жай жырының тұнғыш жолы осы еді. 
Ойша екі-үш ауыз махаббат сәлем айтып шықты. Біртурлі оңай, рахат боп, 
өз-өзінен құйылып тұрған тәрізді. Бірақ сол кезде Қарабас үйге қарай шақырды. 
Екеуі тыста жалғыз қапты. Абай үйге таман келе жатып, жаңағы өлеңін қайта 
есіне түсірейін деп еді, «Ақ етің аппақ екен атқан тандай!» дегеннен басқасы 
есіне әзір қайта түспеді. 
Қарабас пен Абай үйге кіргенде Сүйіндік пен бәйбішесі биік төсекке 
жатып қалған екен. Сарғыш шегірен шымылдық үлкендердің жататын орнын 
қоршап тұр. Кең үйдің төріне екі қонаққа арналып төсек салынып жатыр. Одан 
басқа өзге кісі жататын жай сезілмейді. 
Тоғжанның өз үйі басқа ғой. Ол Сүйіндіктің кіші әйелі Қантжанның қызы 
екен. Жаңа үйге кірерде Қарабас айтқан. Тоғжан, әрине, өз үйіне кеткен болу 
керек. Үйге кірген жерде Абайдың ойлағаны осы. Үйткені төсек салып жүрген - 
бағанағы шай құйған сары келіншек. 
Абай төрге қарай қозғала беріп еді. Бір уақытта шегірен шымылдық 
толқып барып қозғалды да, есік жақтағы шетінен шолпы сылдыры естіліп, 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет