Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет63/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
127 
Жылаған Кәмшат екен. Ол қонақтардың оң жағында, бір жаман жыртық 
жаялықтың үстінде бүк түсіп жылап жатыр. Басында жастық та жоқ. Тек бір 
жаман жыртық шапанның жеңі жасталыпты. 
Кәмшат жаңа келген кісілерді танымады. Бірақ үй ішінің қаттылығын осы 
жаңа келген жандарға шаққандай боп кемсеңдеп, дірілдеп, біртүрлі әлсіз үнмен 
тағы жылады. 
Бұрын топ-толық, қызыл шырайлы, қарақат көзді Кәмшат қазір сатқақ 
ұрғандай арықтап, құп-қу шөлмектей боп қалыпты. Қол-аяғы шидей. Бетінде 
ғазап пен сор көлеңкесі бар сияқты. Кірпіктері ұзарған. Екі ұрты кәдімгі қайғы 
шеккен, аштық көрген үлкен адамдардың бетіндей боп, тозығы жетіп, 
жиырылып тұр. 
Үлкейіп, алақандай боп кеткен қап-қара көздерінен кесек-кесек жастар 
тамшылайды. Күтімсіз, қор болған бала шын бишаралық қалпында жатыр. 
Осы жайды көріп, болжай сала, Абай мен Ғабитхан екеуі қатарынан 
Кәмшатқа созылды. 
Бала танымай, теріс бұрылып, тартына берді. 
Ғабитхан мынау көрген күйіне шыдай алмай: 
- Ей, мазлұма! Нилер ғазап көргенсің сен бейгүнаһ мазлұма! - деп, жылап 
жіберді. 
Абай ыза менен азаптан, жанашыр мен қайғыдан қалтырап кеткендей. 
Үйдегі әйелдер мыналардың көзінше сыр бермеймін деген боп, анау-мынау 
жай айтып жатты. 
- Өзге бала сап-сау! Жалғыз осы бала бақырға бір жаман іш ауру тиіп, 
толас таппай қойғаны! - деп, бәйбіше жайма-шуақтаған болды. 
- Ішің ауырса аузың тый дейді! Бала неме біле ме? Өзі кішкентай түзеле 
берсе болды, кешке шейін бар тамақты малшылайды! 
- Сүйтіп отырып қайтып жазылсын!.. Содан... өзінен... ғой! - деп, екі қыз, 
топас түрдегі бір кекселік айтып жатыр. 
Абай бұл үйдің ішімен тілдескен жоқ. Жанашыр мейір жоқ, суық жандар, 
келген жерден-ақ Абай көңіліне түрпідей тиген. 
Бөжейдің қатыны шай қойғызбақ сияқты боп қам істей бастағанда, Абай: 
- Ішпейміз, жүреміз! - деді. 
Кәмшаттың мынадай тұтқында, аямас ғазапта жатқан бишаралығын көріп 
отырғанда тамағынан ас өтер орын жоқ. 
Жұрт кісі өлгенде: «Бауырым, бауырым» деп жылайды. Өлген соң «бауыр» 
деп танығаны не қажет? Абай енді біраз отырса, Кәмшатты құшақтап, баурына 
қысып жатып: 
«Сорлы бауырым, жазықсыз бауырым!» - деп, зар шегер болса да, мынадай 
іші дұшпандықпен қатып қалған көн көнілді жандардың алдында оны істесе, 
адасқаны. Бір есептен жаңағы екі қыздың сөзіне қатты ыза болып, намыстанып, 
талқан қып ұрысып-ұрысып кетер еді. Алғаш бір ойлап, алқымына ашу 
тығылып келген күйі сол еді. Бірақ ол мінезі Кәмшат үшін пайда емес. Қайта 
оның ғазабын арттыра түседі. Амал кұрып отыр. Қатты сенделу үстінде 
бәйбіше берген қымызды да ішпеді. Тіпті ұрттамастан жерге қойды. Кімге 
кектенеді! Кімді кінәлап ұрсады? Жалғыз осылар ма? Бұлар ғана емес! Абай 
осыны ойлап тез қоштасты да, Бөжей үйінен шыға жөнелді. Ерекше бір ыза мен 


 
128 
шер өне бойын кернеп алды. Кеш бата өз ауылдарына қайта жеткен уақытта 
Абай көңілінен осы күй бір сәт арылған жок, бір мысқал кеміген де жоқ еді. 
Үлкен үй мен қонақ үйдің арасына тартылған кермеде Құнанбайдың ер-
тоқымы ерттелген ұзын торы ат тұр екен. Қасында бір-ақ бөтен ат бар. Әкесі 
бұл аулына жаңа келген тәрізді. Оқшау келгені жақсы болды. Абай Кәмшат 
арызын түгел жеткізбекке нық бекініп, үйге кірді. 
Ойлағандай Құнанбай бүгін оңаша келіпті. Қасында жорға Жұмабай ғана 
бар екен. 
. Жігіттер үйге кірген кезде, осы үйге Айғыз да келді. Ана жүрегі бір 
жаманатты сезгендей бұны асықтырып, осылай жетектеп келген. Күндіз 
Абайдың Бөжей аулына кеткенін Айғыз білетін. Ол үйге кірісімен көп бөгелмей, 
Абайға қарап: 
- Не көрдің, не білдің, Абайжан? Білдің бе әлгі сорға туған бейбақ 
баурыңның күйін? - деді. Жалын атып тұрған шер үні. 
Зере мен Ұлжан да Абайға осындай сұраулар беріскен жүзбен бұрыла 
қарасты. 
Абай әкесіне көз салып еді, үндемей, түйіліп Айғызға аса салқын қарап 
қалған екен. 
Өзі күйіп келген Абай әке жүзінен қаймыға алмады. 
- Көріп, біліп келдік. Кәмшат ауру. Әл үстінде. Бізді танымады. Бауры 
суып, аямас қас көргендей барлық жанды... не айтайын? - деп, тоқтап қалды. 
Әкесінің алдында кісі зарын да, өз уайымын да ешуақытта бүйтіп айтып 
көрмеген-ді. 
Құнанбай оқыс бұрылып Абайға суық қарады да, үндемеді. 
Әйелдің бәрі үнсіз жылап, аһ ұрып, күрсініп отыр. Түсіне ашу, көзіне жас 
толған Айғыз, дірілдеген үнменен: 
- Қарашығым, балапаным-ай, сормаңдай жетімегім-ай! Не қарғысқа 
ұшырап туып ең? - дей беріп еді, Құнанбай сол қолын шұғыл көтеріп қап: 
«Доғар!» дегендей ишарат қылды. Қарғыс шарпуынан бетін қорғаған сияқты 
қозғалыс. 
Мұның әмірінен жасқанып өскен Айғыз саябырлап қалды. Бірақ сыбырлап 
сөйлеп, тұншыға жылады. Құнанбай ақырып: 
- Қысқарт енді, басыңа көрінгір, не көрінді, басыңмен кеткір! - деді. 
Айғыз жауап қайырған жоқ. Бірақ Абайдың қасында отырған Ұлжан 
жаулығының ұшымен көзін сүртіп: 
- Өртенсең де, үндемей өртен дегені ме? Кәмшатты ойласа, бүгін емес, 
көптен күңіренеді бұл жандар. Кімге айтады? Қайда айтады? - деді. Құнанбай 
оған да барын айтқызбай тежеп: 
- Жә, бірің бастап, бірің қостамай! Басалқа, басу айтады десе, о несі? -деді. 
Ұлжанға Айғыздай зекірген жоқ, кінәлай сөйледі 
Үй ішінің наразы үнін осылай баспақ. Бірақ онысына Зере болған жоқ. 
-Қорқытпа келіндерімді!.. О несі? - деп қатты зекіп қап, ілгері жылжып кеп, 
екі қолымен жер тіреп отырып, баласының жүзіне аса суық қарады. Абай өз 
әжесінің мұндай қайратты ашуын бұрын көрмеген сияқты. 
Зере Құнанбайға әлі де қадала қарап, түйіліп отыр. Құнанбай шешесінің 
ажарын сезді де, жуаси түсті. Көзі де шеше көзінен тайқып кетті. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   59   60   61   62   63   64   65   66   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет