145
едім!» дегендей болса да, налытып тұрып кіналағандай. Бұл әсіресе ауыр
толқын. Абай үнсіз мүлгіп, зарлы жоқтауды бар жанымен тыңдап тұрып, өзін-
өзі де, бар дұниені де ұмытып кетіпті. Бір сәтте қасында тұрған біреу түртіп қап:
«Жүрейік» дегендей болды. Абай жаңа оянғандай, алаң етіп жалт қарады.
Тәкежан екен. Ол Абайдың түсін көрді де, тыжырынып, кекете күліп:
- Өй, неменеге сораңды ағызып тұрсың, - деп, тіпті зекігендей.
Абай қабағын қатты түйіп, селт етіп, бетін сипады. Жыладым деп ойлаған
жоқ-ты. Көзінен үнсіз ауыр, ыстық тамшылар ағып кеткенін байқамаған екен.
Үлкен көш өтіп кетіпті. Артқы көштермен екі арасында ұзақтау алаң пайда
болған екен. Тәкежанмен бірге барлық топ қозғала берді.
Бағанадан бері тайының жалын құшып тұрған Оспан ыржақтап күлуден әлі
басылмаған.
Енді басын көтеріп ала сала, қасындағы бір баланың тымағын
жұлып алып, теріс киіп жіберіп, сақылдап күліп, ақ тайды тебініп кеп қалды.
Қалжақ пен тентектікке есі-дерті кетіп қалған Оспан ақ тайдың асау екенін
ұмытып кетсе керек. Жайбарақат еркін отырып, тақымын да қыспастан тебініп
қалғанда, ақ тай секіріп мөңкіп кеп кетті. Оспан тізгінін де қымти алмай қалып
еді. Байқаусызда тулаған тай тентек баланы оп-оңай ытқытып, топ ете түсірді.
Бірақ Оспан жығылса да, есінен жаңылған жоқ. Тайының шылбыр-тізгінінен
айырылмай, жабыса түрегелді. Түк көрмегендей ыржақтап күліп, екі беті
нарттай жанып тұр. Ақ тайға ес жиғызбастан қайта карғып мініп алды да,
борбайлай қамшылап, құйғыта жөнелді.
Өзге балалар да шаба жөнелісті. Тәкежан мен Абай жай аяңдап қозғалды.
Тәкежан інісіне жаңағының үстіне тағы да бір үлкендік көрсетпек болды.
- Баламысың, жоқ қатынбысың? Сен ненің ақысы деп жыладың осы? - деді.
Абай Тәкежанға енді ыза болды. Кінәлай сөйлеп, қарсы ұрысты.
- Сенің үлкен боп, ес білгенің со ма? Бауыр емес пе еді? Бөжекеңе өзің неге
жыламайсың?
- Е, жыласатын не қалып еді? Жаназасына да шақырмай қойған жоқ па?
Соны да ұқпаймысың?
Ұққан екенсің, қарқ қыпсың! Шақырмаған тірілер! Сол үшін өлі Бөжей
жазықты ма?
-
Бөжей әкеңмен араз болғандықтан шақыртпады!
- Бәсе араздық... сол араздыққа кім кінәлі? Кім жаулықты көп етті? Соның
бәрінің ақ-қарасын сен айырып, танып болған шығарсың?
- Болайын, болмайын, мен әкемнің жағындамын!
- Бәсе, одан да соныңды айтсаңшы! «Үлкенмін, ақылым бар, кісіге де ақыл
айтам» дейсің! Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ереді дейсің ғой.
- Өй, сен не сандалып келесің осы? Үйдегі алжыған әжеңнің ақылынан
басқа ақыл жоқ деп алғансың ғой өзің тіпті.
- Ал, сен болсаң, сол өзің қостаған әкеден де түк ұғып, түк ақыл алмайсың!
- Е, мені бір жайын өскен жабайы деп пе ең өзің? Енеңді...
- Бар «өстім» дегенде, тапқаның осы боқтығың ғой! Малшы-жалшыны
жазықсыз боқтап, мардамсығаннан басқа түк үлкендігіңді көрсемші!
- Бәлем, тұра тұр, осыныңның бәрін де әкеме айтам!
- Айтсаң айта ғой! Мен де сенің жаңағы «алжыған» деген сөзіңді әжеме
айтайын! - деп, Абай Тәкежанға қайсарлана қарады.